Өмірзақ айтбайұлы


тикасының  бастауында  тұрған  басты  тұлға



Pdf көрінісі
бет2/27
Дата20.01.2017
өлшемі1,46 Mb.
#2304
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

тикасының  бастауында  тұрған  басты  тұлға  деп  есеп-
тейміз.
А. Байтұрсынұлы – қазақ тілінің ғана емес, әдебиеттану 
ғылымының да негізін салушы. Ол әуелгі кезде жоғарыда 
сөз болған оқулықтардағы анықтамаларды мейлінше дәлелді, 
ұғынықты  мысалдармен  жабдықтауға  тырысып  отырған. 
Шынында, бұларда берілген қосымша материалдардың қай-
қайсысы  да  негізгі  ұғымды,  ойды  соншалықты  дәлме-дәл 
түсіндіріп,  тиянақтай  түседі.  Осыдан-ақ  оның  халықтың 
бай ауыз әдебиетін, ертегі-аңыздарын, эпостық жырларын, 
шешендік  сөздерін,  мақал-мәтелдерін,  нақылдарын  да  игі 
мақсатпен  үнемі  жинап-теріп,  соны  бастырып  шығарумен 
шұғылданғанын  көреміз.  Ол  бұл  жұмысты  ертеден,  1895 
жылдан  бастаған.  Бұған  «Тургайская  газетаның»  бетінде 
бастырған «Киргизкие приметы и пословицы» деген мате-
риалы куә.

22
1923  жылы  А.  Байтұрсынұлы  қазақтың  айтулы  эпос-
тық  жырының  бірі  –  «Ер  Сайынды»  Мәскеуде  бастырады.  
1926  жылы  Ахаң  қазақ  халқының  басында  болған  қай-
ғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі – 23 
жоқтаудың  басын  құрастырып,  жариялайды.  Бұл  өзі  хал-
қымыздың  ауыз  әдебиетінде  жанрлық  сипаты  басқашалау 
туынды қатарына жатады. Мұны жинағанда да ғалымның ең 
алдымен назар аударатыны – жоқтау жырының тіл шеберлігі 
мен  көркемсөз  қоры.  Әдебиеттің  осындай  сан  түрлі  нұс-
қаларын  жинап,  зерттеп,  бастыра  келе,  А.  Байтұрсынұлы 
енді оның тарихына үңіліп, теориясын түзуге кіріседі. 1929 
жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» осындай жүйелі 
ізденістер мен барлаудың әрі жалғасы, әрі жиынтығы іспет-
ті.  Аталмыш  еңбек  Ахаңды  нағыз  теоретик  ғалым  ретінде 
танытты.
Бұл кітап әлденеше жылдар бойы әдебиет сүйер қауым-
ның  қолынан  түспейтін  құрал  болды.  Өйткені  мұнда  ол 
әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына, қа-
лыптаса бастаған еуропалық дәстүрден кетіп, таза қазақша, 
мүлде соны, жаңа анықтама беріп, бәріне терминдік балама 
телиді. Қараңыз: арнау: зарлай арнау, жырлай арнау, ауыс-
тыру,  әсірелеу,  бүкпелеу,  бейнелеу,  дамыту,  қайталақтау, 
көрнектеу, кекесіндеу, мегзеу, теңеу, түйдектеу, теңдестіру, 
үдету тәрізді жеке сөздерді, өлең айшықтары, шумақ түр-
лері, тармақ толғаулары, тармақ кезеңдері, заман хат, та-
рихи әңгіме, саясат, шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет 
шешен  сөз,  көсем  сөз,  айтыс  өлең,  үгіт  өлең,  үміт  өлең  
тәрізді тіркесімдер Ахаң қолдануында тұңғыш рет термин-
дік мәнге ие болған. Ғалымның атылып кетуіне байланыс-
ты  еленбей  қалған  ғұрыптама,  зауықтама,  қалыптама, 
сарындама, сауықтама сияқты қолданыстар терминденуге  
өзі сұранып тұрғандай. «Әдебиет танытқышта» өзінің тер- 
миндік  өрісін  табуға  тиісті  мұндай  сөз  үйірлері  молы-
нан  кездеседі.  Оны  игеріп,  ел  игілігіне  жарату,  термин-
дер  қатарына  қосу  –  ендігі  ұрпақтың  міндеті.  Сонымен, 
осы  қысқаша  шолудың  өзінен-ақ  А.  Байтұрсынұлының 

23
әдебиеттану ғылымының да негізін салған, тұңғыш әдебиет 
теориясын жазған үлкен ғалым екенін танимыз.
Туған  халқын  сауаттандырып,  мәдениетке  жетектеу  
идеясы Ахмет Байтұрсынұлын  ақындық әлеміне де алып  
шығады. Қалдырған мұрасын қарап отырсаңыз, көркемдік-
пен көмкеріліп ой арқалаған сөз орамдарына тәнті боласыз. 
Бір қарағанда, бұл кісінің ақындығынан гөрі, қайраткерлігі 
мен ғалымдығы басымырақ боп көрінуі де ықтимал. Кезінде 
солай  деп  те  бағаланған  (С.  Сәдуақасов).  «Қырық  мысал» 
мен  «Маса»  жинақтарын  сүзіп  шыққанда,  Ахаңның  тек 
қана  ғалым,  тек  қана  қоғам  қайраткері  немесе  ағартушы 
емес,  керемет  ақын,  шебер  аудармашы  екеніне  де  көзіңіз 
жетеді. Тіпті, керек десеңіз, барлығы да қазақтың поэзиялық 
мұрағаттарына тереңірек үңілуден туған тәрізді.
Жалпы,  оның  ағартушылық,  ғалымдық,  қайраткер-
лік,  ақындық,  аудармашылық  қасиетін  саралай  түскен- 
де, еріксіз мынадай ой жетегіне еруге тура келді: Ахаңның 
алдында қазақ халқы үшін, оның болашағы үшін өлшеусіз 
мол  қазына  тастап  кеткен  үш  алыптың  –  Абай,  Ыбырай, 
Шоқанның  болғанын  білеміз.  Бір  ғажабы,  осылардың 
мұрасын терең зерттей отырып, олар көтерген мәселелерді 
бар  жанымен  ұға  отырып,  ол  осы  үшеуінен  тартыла-
тын  үш  арналы  жолды  бір  өзі  таңдап  алғандай.  Шынын-
да,  қараңыз,  Шоқанның  ғалымдығы,  Ыбырайдың  ағарту-
шылығы, Абайдың ақындығы мен аудармашылығы А. Бай-
тұрсынұлының  өмірлік  мұратына  айналған.  Және  бұларды 
заманаға  лайықты  нақты  істерімен  жалғастыра,  дамыта 
түседі. Сондай-ақ, тыңдаушысы мен оқушысы аз болған үш 
алыптан гөрі, ол азын-аулақ болса да, өз еңбегінің нәтиже-
сін көрген адам. Ал бірақ оның көрген тауқыметі мен шек-
кен азабын ешкіммен салыстыруға келмейді, адамгершілік 
өлшеміне сыя да бермейтін еді.
Сөйтіп,  Ахаңның  ақындығы  мен  аудармашылығы  өне-
рінің орны мүлде бөлек. Ол – өз алдына ғибрат алар ерек-
ше бір мектеп. Бұл жолда да Ахаңның белгілі мақсат көздеп 
отыратынын  байқаймыз.  Өлеңін  Абайша  түрлеп,  адам  бо-

24
йындағы  надандықты  шенейді,  саналылыққа,  ел  болып  бі-
рігуге  шақырады.  «Сауатың  ашылмай,  басың  бірікпейді, 
ал  басың  бірікпесе,  ел  болып  оңбайсың»  деген  мұратты 
уағыздаудан  жалықпайды.  Қалғып-мүлгіп  күн  кешкен  қай- 
ран қазақты қайтсем оятамын, қалай ел қатарына қосамын 
деп,  сары  маса  боп  ызыңдауы  да  содан.  Төл  туынды-
сы  болсын,  аударма  дүниесі  болсын,  ол  осы  бағытынан 
жаңылмайды:
Бұ неткен жұрт ұйқышыл?! 
Болсын кедей, болсын бай, 
Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
    
          («Жиған -терген»).
Қазекеңнің ұйқыдан бас көтерген кезінде бітірері – өзді-
өзі шен-шекпенге таласып, өзгелерге жем болып жататыны-
на күйінеді. Мұндай күйге:
...Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз, 
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
Немесе:
...Жат жақты жаратқанға көз еттіреп, 
Жақынмен араздастық, иттей үрдік, –
деуінде  ащы  шындық  жатыр.  Бұл  қазіргі  біздерді  де  тол-
ғандырып,  үлкен  міндет  жүктеп  тұрған  жолдар.  Абайша 
күңіреніс, Абайша толғаныс. Абай шыншылдығы, Абай сын-
шылдығы оның әрбір өлеңінде осылайша жалғасын тауып, 
өзіндік жаңаша өрнектермен өзекжарды мәселелерді қозғап 
жатады.
Абайдың  бірде-бір  өлеңін  өткен  уақыттың  жайын  ғана 
жырлайтын, кезеңдік дүние деп қарай алмайтынымыз сияқ-
ты, Ахмет туындыларының да шеңбері бір ғана сәттің, бір 
ғана  кезеңнің  ауқымымен  шектеліп  қала  алмайды.  Оның 
әрбір  сөзі  дәл  бүгінгі  біздер  үшін  де  әсерін  жоймаған,  ба-
рынша көркем, мейлінше мағыналы. Тіпті, көп өлеңі бүгін- 
гі тіршілігіміздің айнасындай боп көрінеді. Мысалы:

25
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған. 
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп, 
Киіздей шала басып, қарпылмаған, –
деген шумақ бүгінгі біздерді айтып тұрғандай емес пе?! Бас 
пайдасынан  басқа  уайымы  жоқ,  жақын-жуық,  халық  мүд-
десі деген ұғымға миығынан күліп қарайтындар аз ба қазір? 
Мына бір-екі жол соларды нұсқап, дәл басып көрсеткендей:
Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма, 
Жаны – мал, жақыны – мал, малдың құлы?
Ал «Жұртыма» деген өлеңінде қазақтың тағы бір тиімсіз 
мінезіне қадалады:
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді. 
Сықылды сынық бұтақ төмендесең, 
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!
Ахмет  Байтұрсынұлының  аудармашылық  қызметінде 
мысал  жанры  өзгеше  орын  алады.  Басқа  емес,  дәл  осы 
жанрға баруының өзінде үлкен мән жатыр. Қазақ бойында- 
ғы  ежелден  қалмай  келе  жатқан  әлгіндей  ездік  пен  бой-
күйездік,  намыссыздық  пен  жігерсіздік,  алаяқтық  пен  ала-
уыздық,  жалқаулық  пен  жағымпаздық,  т.б.  толып  жатқан 
ес  жиғызбас  дертті  әдеттерді  сынау,  шенеуге  келгенде, 
ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, 
сыршылдығы  да  осы  мысал  өлеңдерінде  барынша  ашыла 
түседі.  Әсіресе  шымшыма  әзілмен  әспеттелетін  пәлсапа- 
лық  түйін  мен  тағылым-тәрбиелік  мәні  зор  тұжырымдары 
естен  кетпей,  көңілде  жатталып  қалады.  Мұның  бәрі,  біз-
діңше,  өлеңдегі  ой  мен  сөздің,  мазмұн  мен  түрдің  өзара 
жымдасып, қабысып жатуынан.
Сонау Эзоп пен Лафантеннен бастау алатын, И.А. Кры-
ловтан баян табатын бұл мысал әңгімелерге Абай да, Ыбы-
рай да қызыққан. Бұларды қазақша сөйлетудің олар да кере-
мет жолын тапқан. Ол – әлі игеріліп бітпеген, тағылымдық 
өнегесі  таусылмайтын  өз  алдына  бір  мектеп.  Ахмет  бұл 

26
дәстүрді  де  әдемі  жалғастырып,  көркем  аударманың  да-
муына зор үлесін қосып кеткен.
Әрбір  тәржіме  өлеңі,  бір  қарағанда,  аударма  екендігі 
күдік  шақырмайды.  Екінші  жағынан,  тереңірек  үңіле  қа-
рағанда,  төл-тумалығын  мойындауға  тура  келеді.  Аудар-
ма  екенін  кейде  байқамай  қалатыныңыз  –  өлеңдегі  бүкіл 
айтылмыш  ой,  мазмұнның  қазақы  ұғымға  ешбір  жаттығы 
жоқтығынан.  Ал  олай  болу  себебі  Ахаңның  қазақ  сөзінің 
парқын  мейлінше  терең  түсініп,  оны  орнымен  қолдана 
білуінде. Өлең сөзге осыншама шеберлікпен балама табу кез 
келген  ақынның  қолынан  келе  бермесе  керек.  Мысалдың,  
ең  алдымен,  мазмұн-мағынасын  ашып  және  оның  көркем- 
дік  сапасын  төмендетпей,  шебер  қаланған  әсем  ғимарат 
өсіріп  шығарады.  Қайсыбір  тұстарда  Ахаң  өз  тарапынан 
өнегелік  түйін  жасап,  түсіндіріп  те  кетіп  отырады.  Бұл  да 
өзіндік ерекшеліктерінің бірі.
Мәселен, «Арыстан, киік һәм түлкі» деген мысал өлең- 
ді ол былай тұжырымдайды:
Кісіге таза жолдас табу қиын, 
Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым. 
Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,
Басыңда, сірә, Ахмет, болса миың.
Ойлама шын достарың мол екен деп,
Сөзіне ере берме жөн екен деп. 
Досыңды қиын іске қайрап тұрған –
Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп.
Немесе «Қара бұлттағы» қаңсып жатқан далаға жауудың 
орнына,  онсыз  да  кемерінен  асып-төгіліп  жатқан  теңізге  
барып  құя  салған  бұлтты,  мүмкіндігі  болса  да,  еліне  еш  
пайдасы  жоқ  кейбір  адамдарға  ұқсатады.  «Дала  –  бейғам 
жатқан қазақ», – дейді.
Бұлттай жерге жаумай, суға жауған,
Қазақта іс ететін көп адамдар. 
Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін, 
Біреулер жүреді, оған не амал бар? 

27
Мысалы, қазақ – дала, орыс – теңіз, 
Даланы, шама келсе, көгертіңіз.
Жалпы, Ахаң қандай мысалды аударса да, аяғын қалай  
да қазаққа әкеп тірейді.
Оянар ма екен, сабақ алар ма екен, серпілер ме екен деу- 
мен  болады.  Әйтеуір,  қазақтың  бар  қылығына  теңеу  таба-
ды.  «Баласын  аяған  адам  оны  сүймейді»  деген  мазмұнда 
жапонның  бір  мақалы  бар  екен.  Ахаңның  қазақты  қанша-
лықты сүйетініне, сондықтан да оны бар жаман қылықтар-
дан  арылтып,  адал  адамгершілік  жолына  алып  шығумен 
әуре болатынына қайран қалып отырасыз.
Қаршадайынан  ел  деп  езіліп,  халқым  деп  қайғы  жеп, 
азап  пен  тозақтың  бәрін  бастан  кешіріп,  ақыры  қаратүнек 
надандықтың  құрбаны  болған  аяулы  да  ардагер  Ахаң  мен 
сол  сияқты  кемеңгерлер  жүріп  өткен  жолды  аузың  барып 
қалайша жайбарақат әңгімелей аласың! Сол бір бәйгеге ба-
сын  тіккен  есіл  ерлердің  шер  мен  сырға  толы  еңбек  жолы 
жаныңды қалай күйзелтпесін! Неге бұлай болды, қаншама 
халықты  саналы  жолға  салып,  болашаққа  жетелеген  ел 
көсемдерін  зәбірлеген,  олардың  тұқым-тұяғымен  жер  бе-
тінен  жойылып  кетуіне  себепші  болған  кімдер?  Жалғыз  
Сталин  бе,  болмаса  жалғыз  Голощекин  бе?  Бұл  жауыздар- 
дың сұрқия саясатын алақайлай үдетіп, дамытып, «құлпыр-
та» орындағандар болды емес пе ортамызда? Олардың аты 
неге аталып, ардың, адамгершіліктің сотына неге салынбай-
ды?! Адам баласы тарихында бұрын-соңды болмаған осы-
нау теңдесі жоқ жауыздықтың авторлары мен орындаушы-
ларын халық талқысына салмай, санада шөгіп қалған, бұғып 
жатқан арсыздық пен сатқындықтан, сірә, арыла алмаспыз.
Ойлап қаралықшы, ағайын. Біздің халқымыздың басына 
төнген қатер тек осы ғана ма? Тең жартымыздан айырылдық 
деп күңіренеміз. Ол рас, әрине. Бүкіл бір әлемге, бір халыққа 
аз қайғы емес. Бұл орны өмірі толмас, өлшеусіз қасірет! Бірақ 
қазақтың  көрген  тозағы  осы  ғана  ма,  ол  құрбандығымен 
тазарып,  адалданып  бітіп  пе  еді?  Жоқ,  ағайын,  бақсақ,  біз 

28
ұлттық  тәуелсіздік,  ұлттық  тұтастық  үшін  күрес  алдында 
өз жүрегіміз бен санамызға өшпес қара дақ түсірген халық- 
тың  бірі  екенбіз.  Елдің  тең  жартысы  аштықтан  қырылып, 
ширегі шетелге қашып құтылды дейміз. Рас, ал елде, атаме-
кенде аман-есен, халық, ұлт атына ие болып қалғандардың 
бәрінің бірдей ары, жаны таза деп айта аламыз ба? Халқы-
мызды  қырғынға  ұшыратқандар,  барсакелмеске  айдатқан-
дар, жауыздар, сатқындар әлі де жүрген жоқ па екен арамыз-
да алшаң басып, ойланалықшы!
Әшейінде әділеттің ақ жолын ұстаған боп, кезеңі, реті, 
сәті  келгенде  аянбай  қимылдайтын  бұлар  кеше  де,  яғни  
1986 жылғы Желтоқсанда да көрсетпеп пе еді көресіні? Ен-
деше, олар әлі тірі, сақ. Тек бой тасалап, жауыздығын жасы-
рып, арамызда әлі жүр. Бар бәлені, дертті, ендеше, өз бойы-
мыздан іздесек еді.
Халқымыздың жан саулығына өлшеусіз зор зиян келті- 
рер  осынау  көрмінез  бен  арам  пиғылдан  арылмай,  тәуел-
сіздігіміздің іргесі нық болмай ма деп күйзелесің. Ол неше 
алуан түрге еніп құбылады. Ол біресе қоғамшыл, біресе пар-
тияшыл,  біресе  ұлтшыл,  біресе  халықшыл  боп  түрленеді, 
өрекпиді.
Міне,  Ахаң  жайында  әңгіме  қозғағанда  осындай  ойлар 
мазалайды кісіні. Жалпы, Байтұрсынұлы оқуы енді ғана бас-
талды деп білеміз. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның 
сауатты  да  білікті  ел  қатарына  қосылуы  үшін  ақтық  демі 
біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде 
мәңгі  сақталатыны  сөзсіз.  Ахметтануға  тереңдеген  сайын 
рухымыз биіктеп, арымыз тазара түспек!
қазақ термИНОлОГИЯСыНыҢ атаСы
Қазақ  әдебиеті  тарихында  ұлы  Абайдың  орны  қандай 
болса,  қазақ  тіл  білімі  мен  мәдениеті  тарихында  Ахмет 
Байтұрсынұлының орны сондай. Елу жылдан астам уақыт-
тан кейін ел қолы әрең жетіп отырған А. Байтұрсынұлының 

29
бай мұрасын жай санамалап өткеннің өзінде, осынау адам-
ның  өмірдегі  ғажайып  ерлігі  мен  табандылығына,  туған 
халқына  деген  шексіз  перзенттік  сүйіспеншілігіне,  асқан 
білімдарлығына тәнті болмай тұра алмаймыз.
Оның  өмірбаяны,  бар  тірлік-тынысы,  ой-арманы  туған 
халқына  деген  қалтқысыз  қызметтен  тұрады.  Оның  өмірін 
сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп 
қарауға болмайды. Ол – халықпен біртұтас, қалың бұқара-
мен  тамырлас,  ел  жүгін  белі  қайыспай  көтерген  нағыз  ха-
лық перзенті. 
Ахмет  Байтұрсынұлының  сан-салалы  мұрасын  иге-
ру  ісі  енді  ғана  басталды.  Оның  ағартушылық  қызметі, 
ғылыми ізденістері, жазушылық жалыны, ақындық дарыны, 
аудармашылық өнері және қоғам қайраткері ретінде ісі, т.т. 
толып  жатқан  қоғамдық  қызметтердің  қай-қайсысында  да  
ол  өзінің  өшпес  ізін  қалдырды.  Бұл  салалар  бойынша  әлі  
талай ізденістер, зерттеу еңбектер жазылары хақ.
А.  Байтұрсынұлының  артына  қалдырған  мазмұнды  да 
бай мұрасына қарағанда, оны әлденеше университет бітір-
ген, әмбебап білімдар адам деп ойлауға болады. Ал, шынын-
да, ол өз өмірінде екі-ақ оқу орнын көрген: бірі – Торғайдағы 
екі  сыныптық  (кластық)  орыс-қазақ  училищесі  де,  екінші- 
сі – Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын қазақ (қырғыз) 
мектебі. М. Әуезовтің сөзімен айтқанда, «Ахаңның тәртіпті 
мектептен  алған  барлық  оқуы  осы»  болса  керек.  Ал  оның 
өз бетінше оқып, өмірден әлденеше университетке татитын 
білім алғанын артында қалған мол мұрасы айқын танытады. 
Табиғат  берген  зерде  оны  өз  бетінше  іздендіріп,  көптеген 
өнер, білімді игеруге итермелейді. Сондай толассыз ізденіс 
арқасында  ол  әрбір  көзі  ашық,  сауатты  азаматтың  басына 
ертелі-кеш  бір  келер  үлкен  ойға  қалады.  Ол  туған  халқым 
үшін не істей аламын, не беремін, қолымнан не келеді деген 
ой еді.
Сол бір кездегі халқының мүшкіл халін көріп күйзеліп, 
оны  өзге  жұрттармен  салыстырып,  қараңғылықтан,  надан-
дықтан шығудың бірден-бір жолы – оқу, білім деп табады да, 
өзінің бар күш-жігерін осы жолға жұмсайды.

30
Еңбек жолын ең әуелі ауыл мектебінің бірінде мұғалім 
болып бастауында осындай сыр бар. Ақтөбе уезі, Батпақты 
болысында  басталған  ағартушылық  жолы  Қостанай  өлке-
сінде жалғасады. Ол әр жерге орын ауыстыра жүріп, қазақ 
ауылының жағдайымен түбегейлі танысады. Омбыға да ба-
рады. Ол болған жердің бәрінде де қазақ халқының ауыр халі 
оның нәзік жанын күйзелтпей қоймайды. Омбы, Ақмола, Се-
мей өлкелеріндегі мектептерді басқарып тұрған А.Е. Алек-
торовпен  кездескеннен  кейін,  оның  көзі  көп  нәрсеге  жет- 
кендей.  Патша  саясатының  шын  мәнін  сезіп,  жүрегі  мұз-
даған ол қараңғылық қапасында жатқан туған халқын оятып, 
дүниеге көзін ашқысы келеді. Сол жолда әлденеше әрекет-
тер жасайды.
Ол 1896 жыл мен 1907 жылдар аралығында Қарқаралы-
да  мұғалімдік  қызмет  атқара  жүріп,  қалада  оқып,  көздері 
ашыла  бастаған  жастарды  және  жергілікті  жердегі  бірен-
саран  саналы  ойлы  азаматтарды  төңірегіне  жинайды. 
Олардың  арасына  ағартушылық  рухын  тарата  бастайды. 
Осының  көрінісі  ретінде  ол  Россия  Империялық  Минис-
трлер  Советі  председателінің  атына  петиция  (арыз-тілек)  
жазып, жолдайды. Бұл өзінің кезеңінде айрықша батыл қа-
дам болатын. Онда негізінен қазақ халқының жағдайлы өмір 
сүруіне  қажетті  деген  басты-басты  мәселелерді  тізіп  жаз- 
ған:  жер  мәселесі,  қазаққа  земство  беру,  қазақты  мүфтиге 
қарату  туралы  және  ең  бастысы  –  «Қазақ  даласында  оқу-
ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектепте-
рінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде 
жүргізілсін» деген жолдар бар еді.
Мектептерде  оқу  ана  тілінде  жүргізілуі  үшін  бұрын 
болмаған  тың  жол  салынуы  керек  екенін  Ахаң  өте  жақсы 
түсінеді. Сондай үлкен жауапкершілікті өзіне сенгендіктен 
де мойнына алып, әлгіндей хат жазған болатын. Ол хат жа-
зумен ғана тынбай, енді сол қазақ балаларының өз тілінде 
сауат  ашуына  арнап,  тұңғыш  әліппені  жазады.  Оны  «Оқу 
құралы»  деген  атпен  1912  жылы  Орынбор  қаласында  бас-
тырып шығарады.

31
Бұған  дейінгі  қолданылып  келген  «Букварь»,  «Само-
учитель» (кейде оны «Жазуға үйрететін кінеге» деп те атап 
келген)  дегендер  қазақ  балаларының  сауатын  орыс  графи-
касы негізінде орысша ашатын құрал болатын. 1892 жылы 
Қазанда  басылған  «Букварь  для  киргизов»  деген  осындай 
құралға А.Е. Алекторов «Әрпі орысша, сөздері, текстері таза 
қазақша» («Букварь русские, фразы, тексты на чисто казах-
ском языке») деп анықтама беріпті.
Сонымен, А. Байтұрсынұлының 1925 жылға дейін 7 рет 
басылған бұл «Оқу құралы» – қазақ халқын төте оқу жолы-
мен жаппай сауаттандыруға арналған тұңғыш әліппе болып 
табылады.
Осыдан  көп  ұзамай,  ол  енді  қазақ  тілін  мектепте  пән 
ретінде  оқытуды  жоспарлап,  оқулық  жазуға  кіріседі.  «Тіл-
құрал»  деп  аталатын  бұл  оқулықтың  фонетикаға  (дыбыс  
жүйесі) арналған І бөлімі 1912 жылы тұңғыш рет жарық кө-
реді. Мұның 1927 жылы Қызылордадан шыққан нұсқасын-
да  7-ші  деп  көрсетілуіне  қарағанда,  бұл  оқулық  осы  екі 
аралықта осыншама рет жарық көргенге ұқсайды.
«Тіл-құралдың»  морфологияға  (сөз  жүйесі)  арналған  
ІІ  бөлімі  1914  жылы  баспадан  шыққан.  Ол  да  1927  жылға 
дейін 6 рет басылып үлгерген.
«Тіл-құралдың»  синтаксиске  (сөйлем  жүйесі)  арналған 
ІІІ  бөлімі  де  көп  ұзамай  жұртшылық  қолына  тиеді.  Бұл 
еңбек те бірнеше рет басылым көрген. Мысалы, Қызылорда-
Ташкенттегі «Казгосиздаттан» 1928 жылы басылып шыққан 
кітапта 6-шы басылым деп көрсетілген.
Ғалым  тіл  үйретуде  бұл  еңбектермен  ғана  шектеліп 
қалмай, енді қолданбалы грамматиканы жазады. Оны «Тіл 
жұмсар» деген атпен 1928 жылы Қызылордадан шығарады. 
Сондай-ақ тіл үйретудің таза методикалық әдісін үйрететін 
«Баяншы» деген кітабын да жұртшылыққа ұсынады.
Байқап  отырсақ,  бұл  тұңғыш  қазақ  лингвисі  өзінің  ал-
дына жүйелі мақсат, айқын программа қойып, сол бойынша 
өз  бетімен  жұмыс  істеген  тәрізді.  Мәселен,  оның  бірінші 
мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, осыдан ба-

32
рып  «Оқу  қуралы»  пайда  болды,  содан  кейін  қазақ  тілінің 
грамматикалық  құрамын  ана  тілінде  талдап  беруді  мақсат 
етеді  де,  «Тіл-құралды»  жазады.  Тілді  дұрыс  жұмсай  білу 
тәртібіне  байланысты  ойға  қалады  да,  «Тіл  жұмсарды» 
ұсынады. Оқытудың методикасын жасау мақсатында «Баян-
шыны» береді. Кезінде әлденеше қайталанып басылуының 
өзі  бұл  еңбектердің  зәрулігі  мен  бағасының  қаншалықты 
дәрежеде болғанын аңғартса көрек.
Осы  еңбектерді  жазып,  жарыққа  шығармас  бұрын  ға-
лымға қазақ жазуымен түбегейлі айналысуына тура келеді. 
Неге десеңіз, ол кезде пайдаланып жүрген араб жазуының 
көптеген дыбыстық жүйесі қазақ тілінің дыбыстық жүйесі-
не сәйкестендірілмеген болатын. Соның нәтижесінде араб- 
ша хат таныған адамның көбі сауаты шамалы болып шыға-
тын. Міне, сондықтан А. Байтұрсынұлы «Айқап» журналы 
мен «Қазақ» газеттерінің беттерінде араб емлесіне лайықтап 
икемделген  жаңа  нұсқа  туралы  жұртшылыққа  түсіндіріп, 
мақалалар жазады. Ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел көңіліне 
бірден жетеді де, қабылданады.
Міне,  осы  тұста  ғалым  әрбір  пәннің,  әрбір  ғылым  са-
ласының өз жүйесі, сол жүйесіне лайықты ұғым, түсініктері 
болуы  тиіс  екеніне  көзі  жетеді  де,  қазақ  тілінің  терминдік 
атауларын  тыңнан  жасауға  кіріседі.  Онсыз  елдің  сауатын 
ашарлық,  білімін  көтерерлік  оқу  құралының  қандайын 
болса  да  жасаудың  қиынға  түсерін  ұққан  жанның  тек  осы 
саладағы  еңбегінің  өзі-ақ  ол  туралы  мақтанышпен  әңгіме 
қозғауға  негіз  болар  еді.  Олай  дейтініміз  оның  орасан  зор 
еңбегі  –  қазақ  тіл  грамматикасының  орын-орнына  барып 
тұра  қалған,  басқа  көршілес  туыс  тілдер  мамандарының  
күні бүгінге дейін таңдайын қақтырып жүрген, тамаша тер-
миндік жүйесі еді.
Жоғарыда  айтылған  «Айқап»  журналы  мен  «Қазақ» 
газетінде  қазақ  жазуы  жайында  жазған  мақалаларында  
А.  Байтұрсынұлы  қазақ  ұғымына  әлі  жат,  бірақ  тіліміздің 
ішкі  жүйесін  түсіндіруге  қажет  кейбір  сөздерді  жаңаша 
қолдана бастайды. Олар дыбыс, әріп, емле, ноқат (нүкте), 

33
үтір, буын, әліппе, сөз аяғы, белгі, сөз басы, дауысты ды-
быстар, сүйеніш, дәйекші деген сөздер. Бұлар қазақ тілінде 
бұрыннан бар болғанмен, белгілі бір ғылыми ұғым есебінде 
нақты атауға иелік жасап отыруы тұңғыш рет.
Қазақ  тілі  терминдерін  жасауды  осындай  алғашқы  ма-
қала  пікірлерінде  бастаған  А.  Байтұрсынұлы  өзінің  үш 
бөліктен  тұратын  айтулы  еңбегі  «Тіл-құралда»  мейлінше  
дамытып, ұластырып алып кетеді.
Оның  бұл  еңбектерде  пайдаланған  терминдері  жайын-
да әңгіме қозғамас бұрын мына бір тұсқа назар аударғымыз 
келеді.  «Тіл-құралдың»  дыбыс  жүйесін  талдайтын  бірінші 
бөліміне  ол  алдымен  алғы  сөз  (сөз  басы)  жазып,  кітаптың 
мәнін, мақсатын түсіндіреді. Тұңғыш рет ауызша сөйлеуден 
жазып  сөйлеудің  маңызын  ғылыми  тілмен  баяндай  келе:  
«Әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-
сызуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, 
балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастай-
ды.  Біз  де  тіліміз  бұзылмай  сақталуын  тілесек,  өзгелерше 
әуелі өз тілімізбен өтініп, сонан соң басқаша оқытуға тиіс-
піз»,  –  деп  болжауы  қазіргі  кезеңде  де  мәнді  пікір  болып 
тұрған жоқ па?
Ол  қазақ  тілінің  бұдан  былайғы  жерде  негізгі  жұмыс 
құралына  айналуға  тиісті  сөз,  сөйлеу,  сөйлем,  буын,  ды-
быс, таңба, әріп, тұлға, түбір, жалғау, жұрнақ, қосымша, 
тасымал  тәрізді  толып  жатқан  атауларды  тауып,  орын-ор-
нына қойып, қалыптастырады, әрқайсысына нақты қызмет 
береді.  Дыбыстардың  не  екенін,  оның  құрамын,  түрлерін 
анықтай  отырып,  олардың,  ең  алдымен,  дауысты,  дауыс-
сыз делініп, одан әрі қарай жарты дауысты дыбыстар, қатаң 
дыбыстар,  ұяң  дыбыстар,  ымыралы  дыбыстар,  ымырасыз 
дыбыстар  деп  түр-түрге  бөлінгенін  айтып,  әрі  қысқа,  әрі 
нұсқа  түсіндіреді.  Әрбір  дыбыстың  айтылу  ерекшелігіне, 
сөз  материалы  есебіндегі  ішкі,  тысқы  ажарына  соншама 
зергерлікпен үңіліп, әрқайсысына өзіне лайықты ат тауып, 
шатастырмай саралап шығуы нағыз білімдарлықтың, тілдің 
небір  нәзік  тініне  дейін  үңгіп  ене  алатын  қабілет-дарыны 

34
зерек  лингвистік  болмысынан  еді.  Қазақ  тілінің  дыбыстық 
жүйесін  саралауға  байланысты  туған  бұл  терминдік  ұғым-
ның  бәрі  дерлік  тұрақты  қалыптасты,  тек  ымыралы,  ымы-
расыз деген тәрізді сөздердің қолданысы ғана онша өрістей 
алмады. Оның есесіне жеті септік – атау, ілік, барыс, та-
быс,  жатыс,  шығыс,  көмектес  деген  терминдер  өзінің 
дәлдігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді.
Жалпы термин жасау дағдысында А. Байтұрсынұлы ұс- 
танған  ең  басты  екі  принципті  анық  аңғарамыз.  Оның  бі- 
рі  және  ең  негізгісі  –  термин  жасауда  қазақ  тілінің  өз 
мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. Ана тілі материалын 
жетік білген және оның барлық қыр-сырын, өріс-өзгерісін, 
дамығалы,  дараланғалы  тұрған  қауызын  аршып  алатын 
ерекше  қабілеті  бар  Ахаң  мүмкіндіктен  ескерусіз  ештеңе 
қалдырмағандай.  Жаңадан  жасалған  қай  сөз,  қай  терминді 
салмақтап көрсеңіз де осыдан өзге атау болар-ау деген нәрсе 
ойымызға да келмейді. Термин жасау принципінде ана тіл- 
дің  ішкі  қарымынан  қатты  пайдаланды  дегенде  де,  біз  
А.  Байтұрсынұлының  өзге  озық  ел  тілдерінің  грамматика-
лық  категориялар  түзудеп  тәжірибесін  жете  меңгергенін 
байқамай тұра алмаймыз. Әсіресе, тілді фонетика, морфоло-
гия, синтаксис деген дәстүрлі жүйеге бөліп қарауынан бас- 
тап,  соның  әрқайсының  өзіндік  құрылымын  саралауда, 
әрине,  ең  алдымен  орыс  тілі  грамматикасының  әсері  жоқ 
емес.
Мәселен,  сөздерді  түбір  сөз,  сөз,  қос  сөз,  қосалқы  сөз 
деп,  тұлғасына  қарай  беске  бөліп,  зат  есім,  сын  есім,  сан 
есім, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай деп мағынасына 
қарай  тоғызға  бөліп  саралау  –  бәрі  сол  қалпында  тілімізге 
сіңіп, қалыптасып кетті.
Бұл  келтіріліп  отырған  мысалдар  «Тіл-құралдың»  фо-
нетика  және  морфология  бөлімдерінен  алынып  отыр.  Ал 
1924 жылы Орынборда басылған «Тіл-құралының» сөйлем 
жүйесін  (синтаксиске)  талдауға  арналған  бөлімінде  орын 
берілген  терминдердің  өзін  өз  алдына  жеке-дара  зертте-
уге  тұрарлық.  Мұнда  ол  сөйлем  мүшелерін  соншама  бір 

35
көрегендікпен  саралайды.  Алдымен  оны  тұрлаулы  және 
тұрлаусыз деп екіге бөліп алады да, олардың әрқайсысына 
жеке-жеке тоқталады.
Жоғарыда әңгіме болғандай, оның термин жасау ісінде 
ең алдымен қазақ тілінің өз мүмкіндігіне көбірек сүйенгенін 
байқаймыз. Ол жасаған терминдердің бәрі дерлік ана тілдің 
өз  байлығы,  өз  сөздері.  Ал  соны  іске  жарату  барысында 
әртүрлі  амалдар  қолданылған.  Ол  әуелі  заттық,  атаулық 
ұғымын берерлік сөздерді іріктейді. Әріп, сөз, сөйлем деп, 
оларға терминдік қызмет жүктейді. Кейде сөздерді тіркесті-
ре  қолдану  арқылы  терминдер  жасайды  (түбір  сөз,  туын-
ды  сөз,  сұраулы  сөйлем,  тұрлаулы  мүше),  сондай-ақ  түрлі 
қосымшалар көмегін пайдалана отырып, сан алуан термин-
дер жасайды (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, болымды, 
болымсыз,  жалаң,  жайылма,  үстеу,  одағай,  шылау,  есімдік, 
етістік, т.т.).
Бұл  терминдердің  біразы  орыс  тілінің  ықпалымен  жа-
салған  деген  сылтаумен  өзгерткісі,  қолданыстан  шығарып 
тастағысы  келгендердің  болғанын  да  білеміз.  Бірақ  бұл 
әрекеттен ештеңе шықпады. Қайта бұдан артық үлгіні қанша 
әрекет еткенмен жасай алмайтындарына көздері жетіп, елдің 
бәрі А. Байтұрсынұлы терминдерін негізге алды. Күні бүгін-
ге  дейін  мектеп  пен  жоғары  оқу  орындарында  пайдаланы-
лып келе жатқан оқулықтардағы терминдік жүйе түгелімен 
Ахаң есімімен байланысты.
Сонымен бірге өзінің ертелі-кеш жазған мақалалары мен 
«Тіл-құрал»,  «Тіл  жұмсар»  тәрізді  еңбектерінде  кездесетін 
программа, фонетика, морфология, синтаксис, синод, дума,  
школа,  председатель,  министерство,  петиция  сияқты  сөз-
дерге қарағанда, ол реті келген жерде (әсіресе, орыс тілінің) 
сөз қорындағы керекті сөздерді пайдаланудан да қашпаған 
тәрізді.  Сондай-ақ  ана  тілімізде  сөздік  құрамына  баяғыда 
еніп, байырғылардың қатарына қосылған оқу, білім, мектеп, 
кітап,  өнер  т.б.  толып  жатқан  араб  сөздерін  де  терминдік  
материал есебінде жиі пайдаланып отырады.
Сайып келгенде, оның термин жасаудағы өнегелік үлгісі 
күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе тілдің бар 

қатпар-қыртысын, бар амал-тәсілін сарқа пайдалана білуде  
А.  Байтұрсынұлы  үлгісі  таптырмайтын  өнеге.  Осы  қыс- 
қаша әңгіменің өзінен-ақ қазақ тіл білімі терминологиясы-
ның  негізін  салған  А.  Байтұрсынұлы  деп  түйін  жасауға 
әбден болады.
Оның сан қырлы талантының біз бүгін бір ғана саласын 
баяндауға  тырыстық.  Ахаңның  ақындық,  аудармашылық, 
қайраткерлік  қызметі,  журналистік  таланты,  әсіресе  әде-
биеттану  ғылымы  терминдерін  жасаушы  ірі  маман  есебін-
дегі еңбектерін зерттеп, баяндап беру – келесі кезекте тұр-
ған міндет.

37

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет