Ббк 84 (5 Қаз)-4 б 20 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет15/19
Дата20.01.2017
өлшемі14,45 Mb.
#2314
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Ханшайым Қарабаева, 
Филология ғылымдарының докторы
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ 
МИССИЯСЫ – ҰЛТҚА ҮЛГІ
Қазақтың Ахметі – ұлттық идеологияның майталманы, 
көреген саясаткер. Оқу-ағарту ісінің үздігі, дарынды пе-
дагог. Тыңнан түрен тартып, қазақ əдебиеті мен тіл білімі 
ғылымдарының негізін қалаған зерделі зерттеуші, ғалым. 
Қазақтың жоғын жоқтап, санасын оятқан жалынды публицист. 
Кəсіби қазақ журналистикасының іргесін қалаған көсемсөз 
шебері. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын 
қаруының бірі»,
23
 – деп айтудан жалықпаған бұл ұлы адам, бар 
күшін ана тілінің қадір-қасиетін паш етуге жұмсады. Бұл жол-
да өзге тілдердің өзін де басты қару, маңызды құрал ретінде 
пайдаланды, аудармашылықпен айналысты. Қазақтың мұң-
мұқтажына қатысты ойын орыс тілінде еркін жеткізді. Араб 
сөзін қазақтың төл сөзіндей түрлендіріп, пəн сөздерін жасады. 
Əліппесін қазақтың пайдасына балап, əдіптеп əжетіне жаратты. 
Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр тақтасына жазылған 
өзінің ұлы миссиясын абыроймен атқарып, есімі ұлтының жа-
дында мəңгіге жатталды. 
А.Байтұрсынұлының ұлттық мүддеге бағытталған ерен 
еңбегі кеңес идеологтары тарапынан қоғам өміріне қайшы 
дұшпандық əрекет деп танылғанымен, озық ойлы замандаста-
ры А.Байтұрсынұлының халық үшін жасалған игі істерін үлгі 
тұтып, жоғары бағалай білді. Соның бір дəлелі – кеңестік тіл 
білімінде «Байтурсуновский алфавит»
24
 эпонимінің қалып-
тасып, лингвистикалық терминге айналуы. 
Байтұрсынұлы жазуы халық арасында «төте жазу» деп 
аталып, 1929 жылға дейін ресми түрде қолданыста болғаны 
тарихтан белгілі. Алайда ХХ ғасырдың басында қазақтың 
саяси-əлеуметтік өмірінде орын алған өзгерістер салда-
рынан қазақ əліпбиі бастапқыда латын, кейін кириллица 
23
 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992.
24 
Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы, 1998.

300
негізінде жасалған əліпбимен алмастырылды. Осы себепті 
А.Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланыста қалыптасқан 
қазақ тіл біліміндегі бірден-бір эпонимнің лингвистикалық 
терминдер қатарынан ығыстырылып, пəрменсіз терминдер 
қабатына өтті. Соған қарамастан, А. Байтұрсынұлы негіздеген 
қазақ жазуы бүгінгі таңға дейін Қытай Халық Республи-
касын мекендейтін қандастарымыздың əліпбиі болып келе 
жатқандығы «Байтұрсынұлы жазуының» өміршеңдігін, демек 
сапалы жасалғандығын айғақтайды. 
Бодан халқының жадау күйін, жүдеу тіршілігін көріп 
күйінген А.Байтұрсынұлы: «қазақтың шаруасына бір жақтан 
надандығынан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін 
көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті 
сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік 
іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізіп, 
əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі 
өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың 
аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт 
екендігімізді білдірер едік», – деп, қазақ балаларын оқытуды 
басты мақсат тұтты. Сондықтан «Оқу құралының ең ұлығы – 
бала оқытатұғын кітап; оның жақсы болып, балалардың жанын 
қинамасына жазудың тəртібі болуы шарт. Тəртіпті жазу деп 
айтамыз: тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі 
(харфі) бар болса» деп, Ахмет Байтұрсынұлы «дəйекші қойып 
қарып белгісін азайту арқылы» араб əліпбиінің негізінде 
жасалған қазақ əліпбиімен 1912 жылы Орынбор қаласында 
«Каримов. Хусаинов и К°» баспаханасынан «Оқу құралы» деп 
аталатын балаларға арналған əліппесін басып шығарғанына 
2012 жылы 100 жыл, демек, Байтұрсынұлы əліпбиіне де 100 
жыл толды. 
Аталған əліппеде тұңғыш қазақ жазуы үшін Ахмет Бай-
тұрсынұлы 
қазақша алифба, кейінгі еңбектерінде араб сөзін 
қазақ тілінің ерекшелігіне икемдеп, 
қазақша əліпби терминін 
қолданған. Сонымен қатар қазақ тіл білімінде тұңғыш рет 
əліпби ұғымының терминдік мəнін айқындап, «Əліп-би деген 
– тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» 
деген анықтама берді. Осылайша қазақ тілінің дыбыстарынан 

301
бастап, оны таңбалайтын əріптер, оларды жазу, оқу емлесі, 
үйрету əдістері, сөз бен сөйлем жүйесі, оларға тəн атаулар 
қарапайым күйімен, тұнық тілімен үлкен ғылыми арнаға бет 
бұрды. 
Ахмет Байтұрсынұлы: «Кей жұрттар жазу үшін əріп 
алмаған, таңба алған деп, жазудың түрлерін 
таңба негізді жəне 
əріп негізді деп 2 топқа жіктеді. Сонымен қатар əріп негізді 
жазулардың емле жүйелерін 
таңбаша емле, дағдыша емле, ту-
ысша емле, дыбысша емле деп топтап, əрқайсысына анықтама 
беріп, мысалдармен дəйектеді. «Кей жұрттар жазу үшін əріп 
алғанмен, əріптері тілі өзгергендіктен ... тіліндегі дыбыстары-
на сəйкес келмейтін болған. Кей жұрттардың əуелде дыбыста-
рына əріп арнауында шатақтық бар болғандықтан, сөздерінің 
жазылуы мен айтылуы екі басқа, кей жұрттардың тілінің шар-
тына қарай дыбысына сəйкестеп, əріп белгілеуге болмайды». 
Немесе «...ережелері бойынша бір əріп түрлі орында түрлі 
айтылмақшы. Кей əріптер ... жазылғанымен, тіпті оқылмай да 
қалмақшы. Кей əріптер басқа дыбыстармен қатар келген жер-
де тіпті дыбысынан айрылып қалмақшы», – деп өзге тілдердің 
мысалы негізінде ойын сабақтап, «дыбысқа сəйкестеп əріп 
алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала ал-
майды деп, дыбыстар мен əріптер арасында сəйкестік күшті 
болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасындағы 
сəйкестіктің күшті болатындығына дейін назар аударып, 
қазақша əліпби түзу барысында бұл қағидаларды басты на-
зарда ұстаған. Ең əуелі қазақ тіліндегі дыбыстар санын 
анықтап, оларды таңбалайтын əріптерді белгілеген. Бұл рет-
те жуан жəне жіңішке айтылатын дыбыстардың бас-басына 
əріп белгілеп, олардың санын тым көбейтіп алмау мақсатында, 
дəйекші белгісін қою арқылы, қазақ тілінің 43 дыбысы үшін 
28 əріп таңба түзіп алды. Бұл амал Байтұрсынұлы əліпбиін 
үздік əліпбилер санатына қосты. Себебі, мамандардың айтуы-
на қарағанда, жазу теориясының қағидалары бойынша тілдегі 
фонемаларды таңбалайтын əріптер саны не ғұрлым аз болса, 
əліпби жүйесі соғұрлым жақсы жасалған деп танылады. 
Ахмет Байтұрсынұлы əліпби үшін өзіндік өлшем белгілей-
ді. Атап айтқанда əліпби құрамына енген əріп таңбалар: 

302
тіл дыбыстарын таңбалауға жеткілікті; 
оқу үшін оңай; 
жазуға жəне жазылғанды тануға жеңіл;
баспа жұмыстары үшін қолайлы;
үйретуге (сауат ашуға ) оңтайлы 
көз тартарлық көркем 
болуы керек. 
Осы тұрғыдан алғанда, «сөз ішінде сап түзеген солдат 
сияқты сымға тартқан солдаттай, екі сызық арасында қысылып 
тұрған əліп те болмайтын; жолы бір сызық бойымен тарты-
лып, жалғыз сызықтан жоғары да, төмен де ылғи асып шығып 
отыратын; оның үстіне қойылатын қосымша асты, үстінде 
белгілері, нүктелері болатын; бірдейлік, бір өңкейлік, бір 
беткейлігі жоқ; əріптерінің бірі биік, бірі аласа, бірі ұзын, бірі 
қысқа келіп, сөз əлпіне айрың-үйрің ашық сүгірет беретін; 
екінші жағынан қойылатын қосымша белгілері сеп болып, 
сөз сүгіретін көзге елеулі етіп, тез танытатын, тез оқытатын» 
«жақсыдан жақсыны іздеп» «түріктің тұнық тілі, түзу емлесі» 
бар қазаққа арабтан «дыбыс басына əріп белгілеп», «жаз-
уын бір жөнге салсын», «заманымыз – жазу заманы: жазумен 
сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дəрежеге жеткен заман ..., 
сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан 
да артық, ... сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай 
керек боса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай 
керек» деп ұлтын ұлықтап, əліпби тарту етті. 
А. Байтұрсынұлы неміс ғалымы Гедике, француз əдіскері Жа-
кото тəжірибелерін талдап, артық-кем тұстарын өзара салысты-
рып, жалқылау жəне жалпылау əдістері негізінде сауаттылыққа 
қол жеткізудің оңтайлы жолдарын ұсынды. 
Жакотоша үйрету 
деп аталатын эпонимнің қолданысына жол ашты. 
Сауаттылық негізі жазу екендігіне ерекше мəн берді. 
Сондықтан сауаттылыққа қол жеткізу мақсатында қолда-
нылатын əдістердің 
дыбысты əдіс, тұтас сөзді əдіс деп өзі атау 
белгілеген түрлері мен олардың қызметіне мысалдар арқылы 
талдау жасап, маңызын түсіндірді. 
Сауаттау əдісі, жазу, оқу 
ұғымдарының терминдік мəн-мағынасын ашу мақсатында 
олардың əрқайсысына анықтама береді.

303
1930 жылы Байтұрсынұлы əліпбиін латын əліпбиіне негіз-
делген жазу алмастырды. Бұл туралы профессор Қ.Жұбанов 
«Проект казахского языка» деп аталатын мақаласында Бай-
тұрсынұлы жазуына қатысты: «...особенность казахских зву-
ков дает возможность обозначать обе разновидности одного 
и того же звука одной буквой, а для различения мягкости или 
твердости звуков, вошедших в состав слова, достаточно поста-
вить смягчающий знак перед словом. С 1912 года, когда впер-
вые выработана эта система и произошла реформа арабского 
алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительствен-
ным декретом был изъят, т.е. в течение 18 лет казахские сло-
ва писались по этой системе, причем никаких недостатков ... 
не ощушалось. Надо заметить, что отказ от этой системы при 
принятии латинского алфавита произошел, собственно гово-
ря, по нажиму Ученого Совета ВЦКНА, а не по инициативе 
Казахстана»,
25
 – деп жазған пікірі, Байтұрсынұлы жазуының 
қазақ тіл білімі үшін аса құнды болғандығын айғақтайды. 
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ əліпбиі қазақ тілінің 
тазалығын сақтауға, өзге тілдердің ықпалымен танымастай 
өзгеріп кетуінен қорғады. Міне, осы айтылғандардың бəрі А. 
Байтұрсынұлының: «Араб əрпінен жасап алған əліпбиімізге 
жер жүзінде əліп-би баласы жетпейді» деп ағынан жары-
ла аңқылдап мақтануына лайық еді. Байтұрсынұлы əліпбиі 
сауатсыздық жайлаған ұлтты тозақы өмірден құтқарып, жұмақ 
жолына, яғни ғылым, білім жолына бастаған еді. 
25
 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 2010

304
Орынай Жұбаева, 
филология ғылымының докторы 
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ 
Ағартушы ғалымның оқулықтары негізінен мектеп оқушы-
ларына арналып, 1912-1929-жылдар аралығында бірнеше рет
басылып шығып отырғаны белгілі. Академик Р.Сыздық А.Бай-
тұрсынұлы еңбектері негізінен мектеп оқушыларына арна-
луына байланысты тілінің мейлінше түсінікті болғанын жа-
зады.
26
 Ғалымның еңбектері мен кейінгі оқулықтарды өзара 
салыстыра отырып, көптеген категориялардың Ағартушы 
еңбектерінде басқаша сипатталғанын, бірқатар өзгешеліктер 
барын байқаймыз. Оның сыры неде? Не себепті тілдік кате-
горияларды сипаттауда елеулі алшақтықтар орын алған? де-
ген сұраққа жауап іздеу барысында ғалымның бірқатар мəсе-
лелерге функционалды тұрғыдан сипаттама бергенін байқай-
мыз. Ғалымның пікірін қуаттай отырып, бүгінгі таңда қазақ 
тіл білімінде қолға алынып, зерттеліп келе жатқан жаңа 
бағыттардың бірі – функционалды грамматика мəселелері 
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де сөз болғанын байқаймыз. 
Ғалым функционалды грамматика атауын, оған қатысты тер-
миндерді қолданбаса да, осы мəселенің нышандары еңбек-
терінде айқын көрініс тапқан. 
Функционалды грамматика ұстанымдары бойынша, зертте-
улер мағынадан тұлғаға қарай бағытталады. Яғни белгілі бір 
ұғымның қандай тұлғалар арқылы берілетіні тілдің бірнеше 
деңгейлері бойынша сараланады. Тілдегі грамматикалық 
бірліктердің қолданылу ерекшелігіне ерекше мəн беріліп, 
ұғымдардың өзара қатынасына, олардың тілдегі қолданысына 
басты назар аударылады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде жəне 
ғалымды өзіне ұстаз тұтқан Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, 
Қ.Жұбанов т.с.с. ізбасарларының еңбектерінде функционал-
ды грамматиканың нышандары байқалады. Кейін ғалымдар-
дың репрессиялануына байланысты еңбектеріне тыйым салы-
26
 Сыздық Р. Термин жасау – А.Байтұрсынұлы көтерген жүктің бірі // Ұлттық рухтың 
ұлы тіні. –Алматы: Ғылым‚ 1999. -250-262 б. 

305
нып, ғылымда көптеген бұрмалаулар, еуропоцентристік бағыт 
үстемдік алғаны мəлім. 
Мəселен, бүгінгі таңда етістіктің арнайы бір түрі ретінде 
қарастырылып жүрген салт, сабақты етістіктер А.Байтұрсынұлы 
еңбектерінде етіс құрамында сөз болады.
27
 Ғалым -т‚ -қыз‚ 
-тыр‚ -р жұрнақтары салт етіске жалғанса, сабақты етіс жа-
салатынын айтады. А.Байтұрсынұлы өзгелік етіс болу үшін 
тура толықтауышпен қатар жанама толықтауыштың да болуы 
шарт екенін ескертеді. Мəселен, қазіргі оқулықтарда сындыр, 
ағарт, жүргіз сияқты етістіктер тұлғасына, яғни -дыр, -ғыз, 
-т қосымшаларының жалғануына байланысты өзгелік етіс 
ретінде түсіндіріледі. Алайда өзгелік етістің өзіндік мəніне 
байланысты, іс-əрекетті субъект өзі іске асырмай, басқа 
біреуге істетуі керек. Өзгелік етісті сөйлемде қимылды екі 
субъект іске асыруы керек: біреуі – қимылды орындатушы да, 
екіншісі – қимылды тікелей орындаушы болады.
28
 Алайда бұл 
етістіктерде (ойыншықты сындырды, үйді ағартты, мəшинені 
жүргізді т.с.с.) іс-əрекетті басқа біреу емес, тікелей субъектінің 
өзі атқарып тұр. Сол себепті мұндай етістіктер өзгелік етіс 
бола алмайды. А.Байтұрсынұлы -дыр, -ғыз, -т қосымшалары 
салт етіске қосылған жағдайда сабақты етіске жасалатынын 
көрсете келіп, сол қосымшалар сабақты етіске (түбір не ту-
ынды) жалғанса ғана басқа етіс түрлері жасалатынын айтады. 
Жоғарыда келтірілген етістіктерді өзгелік етіске айналдыру 
үшін оларға əрі қарай да сол тұлғалар үстемелене жалғануы 
керек. Сонда, А.Байтұрсынұлының түсіндіруінше, тура толық-
тауышты ғана қажет ететін, салт етістерге -т, -тыр, -қыз, -р 
жұрнақтары жалғану арқылы жасалған етіс түрі – сабақты 
етіс те, сабақты етіске (негізгі, туынды) аталған қосымшалар 
үстеліп, сөйлемде тура толықтауышпен қатар барыс септікті 
жанама толықтауыштың да болуын қажет еткен кезде ғана 
басқа етіс түріне (өзгелік, шағыс, беделді) ауысады (ғалым 
қазақ тіліндегі етістерді 10 түрге жіктейді). А.Байтұрсынұлы 
етіске тəн өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері бо-
луына байланысты сабақты етісті етіс категориясына қосқан. 
27 
Байтұрсынұлы А. Тіл - құрал. Сөздің жүйесі мен түрлері. -Семей‚ 1927. –27-32 б.
28 
Исаев С., Назарғалиева К., Дəулетбекова Ж. Қазақ тілі. Жалпы білім беретін мектептің 
6-сыныбына арналған оқулық Алматы, «Атамұра», 2006 122-б. 

306
Сонымен қатар сабақты етіспен оппозиция құрайтын, яғни 
тура толықтауышты (объектіні) керек етпейтін салт етісті де 
осы категория шеңберінде қарастырған. Өз тарапымыздан 
түркологияда талас тудырып жүрген негізгі етістің орны-
на А.Байтұрсынұлы жіктеуіндегі салт, сабақты етістерді етіс 
қатарында тануға əбден болады деп ойлаймыз. 
Кейінгі еңбектерде тұлғаға ғана мəн беріліп, мағыналық 
ерекшелігі назардан тыс қалса, А.Байтұрсынұлы оқулықтарында 
кейбір тұлғалардың өзіндік мағыналық ерекшеліктері бола-
тыны ескеріліп, соған байланысты жіктеліп отырған. Осын-
дай ұстаным ғалымның сан есімдерді топтастыруынан да 
анық байқалады. Бүгінгі таңдағы оқулықтарда сан есімнің 
алты түрі көрсетіліп жүр. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде сан 
есімнің төрт түрі ғана берілген. Яғни қазіргі оқулықтардағы 
топтау сан есімдері мен болжалдық сан есімдер ғалымның 
еңбектерінде аталмайды. Топтау сан есімдері мен болжалды 
сан есімдер сан есімге көптік жалғауы шығыс септік жалғауы, 
-лап/-леп тұлғаларының қосылуы арқылы жасалған. Алайда 
аталған тұлғалардан басқа сан есімге -нікі, -дағы/-дегі, -дай/-
дей, -сыз/-сіз, -лы/-лі, -лық/-лік т.с.с. қосымшалар да жалғана 
береді. Алайда ол қосымшалар жалғанған сөздің бəрін сан 
есімнің мағыналық топтарына қоса беруге болмайды. Кейінгі 
оқулықтарда топтау сан есімдері деп танылған екеулеп, он-
оннан, бір-бірлеп т.с. с. сөздер үстеу ішінде де сөз болып, 
топтау (я саралау) үстеулері, кейде мөлшер үстеуі ретінде 
беріліп жүр. Яғни бір форма екі түрлі сөз табының аясында 
қарастырылуда. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде болжалды сан 
есім мен топтау сан есімдері сан есімнің мағыналық топта-
ры ретінде қарастырылмай, сан есімнен жасалатын басқа сөз 
таптарының қатарында, үстеу ретінде берілген. Яғни ғалымның 
оқулықтарында қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері, нақты 
табиғаты берілген. Қазақ тіл білімінде өзіндік із қалдырған 
ғалым – Ы.Маманов көлемдік-мекендік септіктер мен көптік 
форманың контекске немесе түбір сөздің мағынасына байла-
нысты əртүрлі мағыналық қырлары болатынын айта келіп, 
сан есімнің шығыс септік формасы (бестен, бес-бестен) мен 
көптік формасын (ондар, жүздер) мағынаға бағындырып, сан 

307
есімнің лексика-семантикалық топтарына жатқызудың ғылыми 
тұрғыдан негізсіз екендігін айтады.
29
Функционалды грамматикада арнайы зерттеліп жүрген 
категориялардың бірі – белгілілік/белгісіздік функционалды-
семантикалық категориясы. Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде 
белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық катего-
риясы арнайы зерттеу нысанына алынып, Н.Сəрсенбаева, 
А.Тураева сияқты зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінде сөз 
болып келеді. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семанти-
калық категориясы атауды арнайы қолданбағанмен, А.Байтұр-
сынұлы есімдіктерді топтастырғанда, осы категорияның өзін-
дік белгілерін, ерекшеліктерін толық түсінгені анық байқа-
лады. Қазіргі оқулықтарда есімдіктер жеті топқа жіктеліп 
жүр: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, жалпылау, болымсыздық, 
белгісіздік. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде есімдіктің бес 
түрі ғана көрсетілген. Ғалымның есімдіктерді жіктеуінен 
белгілілік/белгісіздік категориясының өзіндік ерекшеліктерін 
терең түсінгені байқалады. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді 
жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтық деп жіктейді. Шектеу 
есімдігі деп аталатын есімдік түрін ғалым: «Нəрсенің шегін 
айта сөйлегенде айтылатын сөздер, мəселен, бəрі, барша», – 
деп сипаттаса, танықтық есімдігі деп аталатын есімдік түрін: 
«Нəрсенің жоқтығын, яки анық белгілі еместігін, яки түгел 
еместігін көрсеткенде айтылатын сөздер. Мəселен, ешкім, еш-
теме, дəнеме, ешбір. Бұлар жоқтықты көрсетеді; кей, қайсыбір 
– бұлар түгел еместігін көрсетеді; біреу, əлдекім, əлдене – анық 
белгілі еместігін көрсетеді», – деп айқындайды. Ғалымның 
шектеу есімдіктер деп отырғаны – белгілілік мəнді білдіру 
үшін қолданылатын есімдіктер де, танықтық есімдік деп атала-
тын есімдіктер – белгісіздік мəнді білдіру үшін қолданылатын 
есімдіктер. Яғни А.Байтұрсынұлы қазіргі кезде оқулықтарда 
өздік есімдігі, жалпылау есімдігі ретінде танылып жүрген 
есімдіктерді – шектеу есімдігі деп, болымсыздық, белгісіздік 
есімдіктері ретінде беріліп жүрген есімдіктерді танықтық 
есімдіктері деп біріктірген. Есімдіктерді топтастыруда ғалым 
мағыналық реңктеріне ерекше назар аударған. Яғни белгілілік/
29
 Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі (лекциялардың текстері). -Алматы‚ 1973. -90 б.

308
белгісіздік мəндерін негізге ала отырып, аталған есімдіктердің 
басын біріктірген.
Функционалды грамматика ұстанымдары бойынша, белгі-
лілік белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы
сөз болып отырған нəрсенің, адамның т.с.с. сөйлеуші мен тың-
даушыға қаншалық белгілі/белгісіз болуына, таныс/бейтаныс
болуына негізделеді. Бұл жерде А.Байтұрсынұлы есімдік-
терді жіктеуде осы ерекшелікке ерекше мəн берген. Ғалымның 
шектеу жəне танықтық есімдіктерін белгілілік/белгісіздік 
мəндерін білдіруіне байланысты өзіндік оппозиция құрай ала-
тынын ескергені байқалады. Бұлайша жіктеу кейін Қ.Кемең-
герұлы еңбектерінде де (определительные, неопределитель-
ные местоимения) сабақтастық тапқанмен,
30
 кейінгі ғалым-
дардың еңбектерінде назардан тыс қалған. Ғалымдар ара-
сында жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктерін тануда алшақтық 
болмағанмен, кейінгі зерттеушілер анықтау, танықтау есім-
діктерін ұсақ бөлшектерге жіктеуге тырысқан. Яғни А.Бай-
тұрсынұлы еңбектерінде танықтық есімдігі нəрсенің жоқ-
тығын (ешкім, ештеңе, ешбір)‚ анық белгілі еместігін (əлдекім, 
əлдене) немесе түгел еместігін (кейбір, қайсыбір) білдіретіні 
сөз болса, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев 
еңбектерінде нəрсенің жоқтығын білдіретін сөздер – болым-
сыздық есімдіктері, анық белгілі еместігін білдіретін сөздер – 
белгісіздік есімдіктері, түгел еместігін білдіретін сөздер – ала-
лау есімдіктері деп аталып, танықтау есімдігінің мағыналық 
ерекшеліктеріне сəйкес өз ішінен одан əрі таратыла түскен. 
Сол сияқты шектеу есімдіктері өздік есімдігі жəне жалпы-
лау есімдігіне жіктелген. Бұлайша жіктеу бүгінгі таңдағы 
оқулықтарда да үрдіс алып келеді. Яғни‚ кейінгі оқулықтардағы 
есімдіктердің берілуі С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев 
жіктеулеріне ұқсас екенін көреміз. «Тəуелдеу есімдігі» де-
ген атаудың орнына «өздік есімдігі» деп аталғаны болмаса, 
басқа өзгешелік жоқ. Бұл оқулықтардың бəрінде де белгісіздік 
есімдіктері бір, əр, əлде сөздерінің ұйтқы болуымен жасала-
тыны сөз болады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде əр сөзі шек-
30
 Кемеңгерұлы Қ. Оқу құралы. І кітап – Ташкент‚ 1928. –134 б.; ІІ кітап - Қызылорда‚ 
1929. –194 б.

309
теу есімдігі ретінде танылады. Дұрысында‚ кейбір, қайсыбір, 
əлдекім, əлдене т.с.с есімдіктермен салыстырғанда, əр есімді-
гімен бірігу арқылы жасалған əркім, əрбір, əрқайсысы сияқты 
есімдіктерде белгісіздік мəннен гөрі нақтылық, белгілілік 
басым. Бұл ерекшелік əр сөзінің зат есіммен тіркесуінен 
айқын көрінеді: əр адам, əр оқушы, əр ай, əр зат т.б. Енде-
ше, əр сөзінің қатысуымен жасалған есімдіктерді белгісіздік 
есімдігінің қатарына қосуға келмейтін тəрізді. Оның үстіне 
болымсыздық есімдігі ретінде танылып жүрген ешкім, 
ешқайсы, ешбір, ештеңе т.с.с еш сөзінің ұйтқы болуы арқылы 
жасалған есімдіктердің орнына белгісіздік есімдіктері де жүре 
алады: ешкім келмеді – біреуі де келмеді, ешқайсысы да айтпа-
ды – бірі де айтпады, ештеңе қалмады – бірдеңе қалмады т.б. 
Сол сияқты «мағыналары жағынан заттар мен құбылыстарды 
нақтылы түрде білдірмей, белгісіз мəнде айтылатын сөздерге»
31
 
белгісіздік есімдіктерін де, болымсыздық есімдіктерін де жат-
қызуға болады. Ендеше, өзара мəндес, шектес мұндай есім-
діктерді жіктемей-ақ, топтастырып берген дұрыс сияқты.
Сонымен қатар кейінгі грамматикаларда есімдіктің жеке 
бір түрі ретінде танылып жүрген өздік есімдігінің жекеше түрі 
əркім, əрқайсы т.с.с. есімдіктермен, көпше түрі бəрі, барлығы, 
барша т.б. жалпылау есімдіктерімен мəні жағынан да, түрленуі 
жағынан да сəйкес келетін сияқты. Өздік есімдіктеріне: 
«сөйлеушіні не сөйлемдегі субъектіні өзге субстанциялар мен 
құбылыстардан бөліп алып көрсетуші сөздер» түрінде берілген 
анықтамаға
32
 жіктеу есімдіктері де, əркім, əрқайсысы, əрбір 
т.б. есімдіктер де толық жауап бере алады. Ендеше, парадигма 
құрай алмайтын өздік есімдігін сыртқы тұлғасына байланысты 
жеке топ ретінде танығаннан гөрі өзара мағыналас есімдіктер 
қатарына қосқан жөн тəрізді. Мектеп оқулықтарында əлде, əр 
сөздерінің қатысуымен жасалған əрқалай, əрқашан, əлденеше, 
əлдеқайда, əлдеқалай, əлдеқашан т.с.с. сөздер əрі есімдік, əрі 
үстеу қатарында аталып бір сөздің екі түрлі категория аясын-
да сөз болып келеді. Яғни А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі 
жіктеулердің өзіндік уəжділігі бар. 
31 
Ысқақов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: Мектеп‚ 1974. -408 б.
32 
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан‚ 
1998. -304 б.

310
Функционалды грамматика мəселелері орыс тіл білімінде 
ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынып, ар-
найы зерттеу нысаны болды. Алайда А.Байтұрсынұлы еңбек-
терінде, яғни ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімі қалып-
таса бастаған кездің өзінде-ақ ғалымның функционалды грам-
матиканың көптеген мəселелерін терең зерделеп, түсінгені 
байқалады. Ғалым функционалды грамматикаға қатысты қазір-
гі кезде қолданылып жүрген атауларды қолданбағанымен, 
функционалды грамматиканың негізгі ұстанымдарын, функ-
ционалды-семантикалық категория, өріс, семантикалық инва-
риант, ұғымдық категориялардың өзіндік ерекшеліктерін терең 
түсінген. 
Қазақ тіл білімінің негіздеушісі Ахмет Байтұрсынұлы 
тұжырымдарының бүгінгі таңдағы ғылым жетістіктерімен 
сəйкес келуі‚ бір жағынан‚ ХХ ғасырдың басында ұлттық 
тіл білімінің қаншалықты құлаштап алға басқанын көрсетсе‚ 
екінші жағынан‚ репрессия зардабының ке-сірінен ғылым 
дамуының қаншалықты тежелгенін де танытса керек. 
 

311

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет