Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



Pdf көрінісі
бет14/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Фантазия 
      Жеті қат жерің мына төңкерілген
Жеті қат аспанменен көмкерілген. 
Адамзат оның бәрін ерте білген, 
Ертегіде табысқан ертеңімен, 
Ғаламаттар туылған ертегіден. 
Ғаламаттар жасалған ертегіден, 
Ертегілер қиялын ерте жүрген. 
Ғаламдық ақиқатты бұл адамзат, 
Галилей, Коперниктен ерте білген. 
Ертегіден жаңарып, қала тұрған, 
Ертегіден ғұлама дана туған. 
Бұл күнгі ғаламаттар, алдыменен, 
Адамның қиялында жаратылған. 
Барлығын да адамзат қиялдаған, 
Қиялдап жер бетіне сыя алмаған. 
Ойлап-ойлап, отырып кілеміне, 
Аспанға ұшудан да ұялмаған. 
Қиялдап, менің дана, байғұс бабам, 
Алайда, атқа мініп, Айға ұшпаған. 
Бабамның қиялымен қанаттанып, 
Бүгін мен Айға қонып, жайды ұстағам. 
 
Фаризаға 

     Фариза! 
Фаризажан, Фариза-қыз, 
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз. 
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, 
Бірімізден біріміз арылармыз. 
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, 
Шаң басқан архивтерден табылармыз. 
Сен мені білесің бе, білесің бе? 
Жаралмаған жан екем күресуге. 
Жылай жүріп, өтірік күлесің де, 
Жүресің де қоясың, жүресің де. 
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып, 
Тастағысы келеді күресінге. 
Фаризажан, сен соны білесің бе?... 
Жанарымды тұманмен тұмшаладым, 
...Серіппесі үзіліп тұр садағым. 
Жігітінен қазақтың дос таба алмай, 
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын. 
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім... 
Ақын болып несіне жаратылдым, 
Арасында қап қоймай қара түннің. 
Қасиетін сезем деп Ана тілдің, 
Қауырсыны қалмады қанатымның. 
Қу тірлікке құл болып, аяң басып, 
Құлашымды жая алмай баратырмын. 
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім, 
Аттап өттім олардың қия белін. 
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды, 
Жия бергім келеді, жия бергім. 
Маңдайымнан сипаған бір жан болса, 
Енді қалған өмірімді қияр едім. 
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?! 
Кеп тұрады тілегім мұңды-мұңға. 
Енді қалған өмірдің құрдымында, 
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға! 
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын, 
Көбейтсең де қаншама мынды-мыңға... 
Айналаға қарайық анық барлап, 
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ), 
He туралы жырласақ, Фариза-қыз, 
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап. 
Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз, 

Бірімізден біріміз арылармыз. 
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та, 
Подвалдағы архивтен табылармыз... 
 
Хал мүшкіл, қалқам 
      Керемет кезде тусақ та, 
Керемет шақта тұрсақ та, 
Білдірмей іштен тынсақ та, 
Біздің хал мүшкіл бұл шақта. 
Зауық жоқ сауық-сайранға, 
Қона алмай жүрміз жайлауға. 
Бәйгені бермес көк қасқа
Бұл күні, қалқам, байлауда. 
Ой менен қырға ап қашқан, 
Шоқ шайнап жүріп, от басқан, 
Бәйгені бермес көк қасқа, 
Бізбенен бүгін қоштасқан. 
Өткізген күндер дүрмекпен, 
Өткен шақтармен бір кеткен. 
He таптық арзан құрметтен? 
Арзан сауықты гулеткен. 
Хал мүшкіл, қалқам, бұл шақта. 
Өткенге мойын бұрсақ та, 
Барсақ деп айла қылсақ та, 
Жеткізбес енді қусақ та... 
 
Хал сұрама, жыр сұра 
     Бас қатырып, несіне күн кешемін 
Бәрі өтеді... 
Ешкім де білмес емін. 
Бәрібір табиғатпен бірге есемін, 
Бәрібір табиғатпен тілдесемін, 
Несіне бас қатырып, күн кешемін. 
Сен менен хал сұрама, жырды сұра! 
Ырзамын өміріме, тұрмысыма. 
Жырды сұра! 
Ілесіп кетем бір күн, 
Қайтадан оралмайтын жыл құсына. 
Айдын көлден ажырар сағатында, 
Арман кетер аққудың қанатында. 
Арман қалсын, алайда жыр қалмасын, 

Жердің мына жетіқат қабатында. 
Бас қатырып несіне күн кешемін, 
Бәрі де өтер... 
Ешкім де білмес емін 
Күнім батпай, алдымен жырым батса, 
Бір сағат та жер басып жүрмес едім. 
 
Халыққа хат 
      Туған халқым! 
Қатемді кешір менің? 
Сенің арқаң сескенбей, есіргенім. 
Егерде жырың болмай, ұрың болсам, 
Алақанға саласың, несін мені 
Жоқ! 
Менің жүрек емес төсімдегі 
Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі 
Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің 
Әзірге тастаған жоқ есім мені, 
Уа, жұртым! 
Кешір мені? 
Кешір мені? 
Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген, 
Жасудамын жаныммен көрсем деп ем. 
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем, 
Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем. 
Жамандық көре алмайсың сенсең менен 
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем, 
Аманат бір өзіңе өлсем денем. 
Аманат бір өзіңе жырым - сырым, 
Аманат Асан - жүрек жырым-жырым, 
Жолсызбен жортамын деп, 
Орта жолда 
Жете алмай жетеріне жығылды ұлың
О, менің 
Желпілдеген туырлығым! 
Желбіреп, жетіле бер Туың бүгін! 
Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген, 
Шөлдер менен  тауларға, көлдерменен. 
Құмда отырған қойшының қараша үйін, 
Қайсыбір сарайлардан кем көрмеп ем. 
Жетім қалған қозыға жем берген ем... 
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен, 

Кешір менің жанымды емделмеген?! 
Самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін, 
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің. 
Бастап кетті басқаға шуақ-сезім, 
Шуақ-сезім - секірген лақ кезім. 
Менде өзіңдей болмады тұрақ-төзім. 
Heгe бұлай? 
.Білесің бірақ та өзің. 
Несін білдім емірдің, несін көрдім? 
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім. 
Туған ел, көз-жасы үшін кешір мені, 
Кешегі жетімдер мен жесірлердің? 
Ортасында өшу мен өсулердің 
Таяғын тарттым талай кесірлердің, 
Туған ел, сол үшін де кешір мені! 
Жаманың да болса егер жатсынбадым, 
Мен жақсы көрдім, мені жатсынғанын. 
Мен сеземін жаманың, жақсың барын, 
Барлығы үшін, бәрібір, ақсын қаным. 
Барымды ойымдағы тапсырмадым. 
Бәрін де бір өзіңе аманаттап, 
Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным 
Туған халқым! 
Қатемді кешіре гөр? 
Кешіре гөр? 
Кеш қылмай несібе бер? 
Ақынды ая? 
Өмірге ақын бергін? 
Көрікті болсын десең кешір егер 
Ал мені... Кешіре гөр? 
Кешіре гөр!.. 
Жыл келді, 
Жақсылықпен өтсе игі еді. 
Жоғалып жамандықтар кетсе игі еді. 
Аңсап жүрген, жете алмай шаршап жүрген, 
Ақ қанат қуанышым 
Жетсе игі еді!!! 
 
Халқым барда 
       Шыныменен дос жоқ-ау дос жоқ менде. 
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?! 
Осылай бір байламға келдім бүгін, 

Қарадым да сүйіскен қос кептерге. 
Менде арамдық жоқ еді алабөтен, 
Доссыз өмір жалғанда қараң екен. 
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек, 
Қашан ғана қаңырап қалар екен?! 
Сәл сабыр ет, ей досым, жасымағын, 
Доссызбын деп мен неге ашынамын?! 
Дос кеп менде, қашаннан досым - халқым, 
Қараймын да мен соған басыламын. 
Доссызбын деп айта алман халқым барда, 
Саясында халқым бар салқындауға. 
Қарғамаса болғаны халқым мені, 
Айналмаса болғаны нарқым дауға... 
Қалт-қүлт етіп, мейлі, мен күн кешейін, 
Күн кешейін, еліммен бірге өсейін. 
Мені әзірге, ей, тағдыр, мазалама? 
Емін-еркін жұртыммен тілдесейін! 
 
Хан тәңірі 
         Шыңның мен танымаймын аласасын, 
Төбе де аласамен таласасың. 
Тянь-Шаньның шашақтаулы найзасындай 
Қайсың Хан тәңірімен жанасасың? 
Шыңның мен ұнатамын биіктігін, 
Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн. 
Түндігін түртіп тұрған көк аспанның
Қанеки, Хан тәңірінен иықты кім?! 
Егерде құдірет болса, бөлшегіндей 
(Алдында құдіреттің көр шегінбей.) 
Шаншылып әнеу тұрған Хан тәңірі - 
Шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей. 
Күн де оның баурайында дөңгелеген, 
Буалдыр, бозғыл шәйі перделеген. 
Бойында Хантәңірінің бұғып жатқан, 
Алапат аяныш бар жерге деген. 
Тік тұр ол.Қырын қарап сай-салаға, 
Күн көркі, Көк - мекені, Ай - шағала. 
Қалғымай қанша жылды өткерді екен 
Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға? 
Таудың мен ұнатпаймын тапалдығын, 
Тапалдан талайлар-ақ татар жұғын. 
Сүйем мен табиғаттың ұлылығын, 

Сүйем мен табиғаттың қаталдығын! 
 
Хат 
          Саған таныс адыр, қырқа, беттегі, 
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді. 
Рақатта іші-сырты ауылдың, 
Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені. 
Сағынышым - тек өзіңсің бір ғана, 
Ұшып жетті, қарлығаш та, тырна да, 
Саралақаз жұмыртқалап үлгірді, 
Кеше екеуміз асыр салған жылғаға. 
Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп, 
Әлдеқашан гүлге қонды көбелек. 
Байлық, бақыт - бәрі де бар ауылда, 
Әттең, сәулем, тек сен жоқсың не керек?! 
 
Чили - шуағым менің 
      Пабло Нерудаға ескерткіш. 
     1 
     Барлық ақын - баласы бір ананың. 
Ақын келсе өмірге, қуанамын, 
Ақын өтсе өмірден - жылағаным. 
Барлық ақын - баласы бір ананың. 
Барлық ақын - бауыры тірі адамның! 
Тұтандырсам бірінен жыр алауын, 
Бірінен қасиетті сыр аламын. 
Тәңір деген жоқ қой, 
Жоқ! 
Бар болса егер, 
Ақындарға тиме деп сұранамын. 
Ақын - халық перзенті қашаннан да! 
Халқыменен қартайған, жасарған да. 
Болашағын халқымен қоса армандап, 
Ақын туған, дүние жасалғанда. 
Момын өтпес ақыннан қашаннан да. 
Өмірге нұр, қаһарын шашар жауға. 
Өткен, сірә, ақыннан асау бар ма?! 
Жазмыш деген жоқ қой, 
Жоқ! Бар болса егер, 
Тиме дер ем ақынға, асау жанға! 
Бұйырар ем жендетке бас алмауға 

Өлді ақындар... 
Ақындар туар тағы, 
Талай-талай ұрпақты қуантады. 
Қаза болар ғасырлар, замандар да, 
Адамдарға жырымен тұмар тағып, 
Тірі Байрон, Пушкиндер тұрар тағы! 
Тарих па? 
Тарих қуаң тартып, 
Қуаң тартып, алыстан мұнартады. 
Ал ұрпақтар шындыққа құмартады. 
Ақиқатты іздейді, табады олар - 
Паблоны, Хосені, Лорканы... 
Біледі олар бір кезде таң да атқанын, 
Атқан таңның азапты зардаптарын, 
Кешіп жүріп ғасырдың қан-батпағын, 
Азаптанып жаңа өмір орнатқанын - 
Құрбан болған Бостандық солдаттарын 
Мен сеземін ұрпақтар ардақтарын!!! 
О, Бостандық! 
Мен сені құдай көрем. 
Құла десең, алдыңа құлай берем. 
...Чили! Чили! 
Ақынын аза тұтып, 
Күңіреніп күй, күйзеліп жылайды өлең. 
Жоқ қой.Жоқ!Жоқ! 
Бар болса құдай деген, 
Тура қарап жүзіне былай дер ем: 
Тағы да қан, 
Тағы ойран танымалы. 
Тағы да дар... 
Тағы кім таңылады?! 
Тағы түрме... 
Тағы кім жабылады?! 
Кандыбалақ қарақшы қару алып, 
Аңырады адамдар, аңырады. 
Бостандығын халқының қайтарып бер, 
ЬІрза болсын ақынның аруағы!!! 
Топырақтан, тозаңнан теріп келген, 
Бостандығын бер оның өліп көрген! 
Қара күшке сенбісің желік берген? 
Вольпарамса ілесіп бара жатыр, 
Бостандықтың құрбаны - өліктермен. 

Өліп көрген айрылған ерікті елден, 
Паблоға, бар болсаң, бостандық бер, 
Отанымен қоштассын келіп көрден. 
Соқтығыс басталғанда сойқаңдаған, 
Сорлы ақын соңғы сөзін айта алмаған. 
О Тәңірі! 
Жоқсың ғой, болсаң егер, 
ГІаблоны - бауырымды қайтар маған! 
О, Чили! 
Топырағыңда жатқан кұрбан, 
Ақын еді дүние мақтан қылған. 
Ол сені сақтандырған, 
Сақтандырған! 
...Саулығын Паблоның біліп қайт деп, 
Ақындық рухымды аттандырғам, 
Сол кезде жауың саған қақпан құрған... 
Белгісіз, 
Таң ба?! 
Түн бе?! 
Белгісіз түн де өтуде, 
Күн де өтуде. 
Шынымен мынау менің суретім бе?! 
Жап-жасыл көбелектей гүл бетінде. 
Әлсіз жүрек әлсіреп, 
-Сенсің,- дейді 
Соқсын жүрек, ауру жеңсін мейлі. 
Соны жыр - соңғы жыры жазылса екен, 
Сонан соң, өлсін мейлі, 
Көмсін мейлі. 
...Қаз қатар дәрігердің шипасы тұр, 
Ішпепті. 
Қаз қалпында, менсінбейді. 
Көптен бері дәрігер жүр өкпелеп, 
-Бергенді іш, жүрегіңді жүдетпе,- деп. 
Қабылдамай жатыр ғой, қайтпек енді, 
Дәріні ішуге де жүрек керек. 
Ақын күнде қоштасар өмірменен, 
Ақын үшін, белгілі өлім деген. 
Ақын, әсте, өлем деп қорықпайды, 
Кете ме деп қорқады көңілде өлең, 
Аяқасты ажалмен, өлімменен. 
Әр өлеңі - ақынның соңғы өлеңі, 

Соңғы рет жөндегені, өңдегені. 
Өзі тірі кезінде жыры өлсе егер
Намыс үшін шын ақын сонда өледі. 
Шын ақынның көңілін сол бөледі. 
Әлде түн бе, ақ таңның кезі ме еді, 
Бір сәт ақын әлсіреп көз іледі. 
Көзін ілсе, Мадрид көшесінде, 
Баяғы жас шағындай сезінеді. 
Но пасоран! 
Фашизм... 
Бала қаны... 
Бала қаны - кәдімгі бала қаны. 
Бала қанын теңемей жыр жазады, 
Бала қаны дей салып баламаны. 
Көмір дүлей фашизм, темір дүлей, 
Испан жерін таптайды тебінгідей. 
Бір сәт оны биікке шақырады, 
Эренбург, Лорка, Хемингуэй... 
Баяғыдай өртеніп, қала жанған, 
Жанған оттың ішінде ана қалған. 
Баяғыдай тебіреніп жыр ойлайды, 
Көзін алмай панасыз балалардан. 
Әлде түн бе? 
Ақ таңның кезі ме еді?! 
Талып барып, әзерге көз іледі. 
Көзі ілінсе, селк етіп оянады, 
Мәңгі ұйықтап кететіндей сезінеді. 
Есіл ақын өзіне тұр өкпелеп, 
Тұнған ойы тірілер түнекке кеп. 
Әрбір жыры - ақынның соңғы жыры, 
Соңғы жырды жазуға жүрек керек. 
Ақау түсті ақынның жүрегіне, 
(Алдақашан халқы оны біледі де.) 
Қараң қалған столда, қараң қалған, 
Қаламына қарайды, тірегіне... 
Сапар шегіп кетеді жыр еліне. 
Ақын тағы жазбақшы соңғы жырын, 
Соңғы сырын айтпақшы, соңғы мұңын. 
Сақтандырып халқына және айтпақшы 
Қара күштің қаталдық сорлылығын. 
Отанына шақпақшы ооңғы мұңын. 
Көктемгі аспан секілді күркіреген, 

Тастадың ба ақынды, шіркін өлең?! 
Құлпыланып қалған ба қайран жүрек?! 
Аурудың ашылмас кілтіменен?! 
Қайда нөсер баяғы сіркіреген? 
Қайда шабыт ақынмен бір түнеген? 
Қаламына әлсіз қол қарманады, 
Соңғы жырын халқына арнағалы. 
«Жалпыға ортақ жыр» жазған жалын жүрек, 
Жалқы басып жырлауға арламады. 
  
Басталуың қиын-ау шіркін өлең, 
Шіркін өлең, басталсаң, дүркірер ең. 
...Қайран ақын тағы да қалғып кетті, 
Адамзатқа шуақты күн тілеген. 
Күзетіп жүр періште шіркін өлең. 
...Тағы да түс... 
...Тағы да сандырақтар. 
Сандырақтар - суалған сан бұлақтар. 
Тағы да Испания аспанында. 
Жанды оттар, 
Жан-жақтан жауды хаттар. 
Жауды хаттар, жазалап жауды даттар. 
Құлағанша өртеніп бара жатты, 
Қырандар - қызыл тулы арғымақтар. 
Өрт қаптады, 
Өршітіп желікті жел, 
Көк түтінге көмілді көрікті жер. 
Салтанатпен caп түзеп бара жатты, 
Жер шарынан жиналған Еріктілер. 
Испания халқына ерікті бер!!! 
Тағы да бала қаны... 
Кәдімгі бала қаны. 
Алақаны - баланың алақаны... 
Аштықта Испания балапаны! 
Испания, шыдай түс, таң атады! 
(Ақынның үнін естіп бүкіл әлем, 
Бар сыйын балапанға таратады.) 
Тағы да сандырақтар, сандырақтар... 
Түсіне енді теңіздер. тау, қыраттар, 
Ормандар, гүлдер, көлдер, бал құрақтар 
Соңғы жырын жаза алмай ақын жатыр, 
Ақын жатыр... 

Жауапсыз қалды хаттар. 
...Ол оянды зеңбірек дүрсілінен, 
Тозаң ұшты гүлдердің бүршігінен. 
Аласапыран не деген тіршілік ең! 
Қала бойын жазбады күрсінуден. 
Түсім бе деп ойлады, 
Өңім бе деп. 
Кереметтер ойнады, 
Көңілге кеп. 
Соңғы жырды жазуға қамдан ақын, 
Соңғы күрес басталды. 
Өмір керек! 
He болар түн белгісіз, не болар күн. 
Білесің ғой, Парижден неге оралдың. 
Үнін өшір, 
Бас көтер поэзия! 
Үнін өшір үрейлі генералдың! 
Естисің бе, қара күш долданады, 
Көресің бе еліңді қорлағанын? 
Кері айналып танктің доңғалағы, 
Кері айналтпақ тарих доңғалағын. 
Қаламыңды қалайда қолға ал, ақын. 
Түсіңде емес, өңіңде мынау ойран, 
Отаныңа, арыңа кінә қойған. 
Азаттықты аңсаған азаматтың 
Жүрегінен жұлдызша тұмар ойған. 
Түсіңде емес, өңіңде мынау ойран. 
Есіңде ме Мадрид? 
Бала қаны. 
(Баламасын сен тапқан бала қаны). 
Ақыл сұрап Чили тұр ақын сенен, 
Шие-шие қан болып алақаны. 
Өмір бойғы арманың, тілегіңнің, 
Бағы өртеніп барады гүл еліңнің. 
Майданында азаттық ақау шалған, 
Қалғанын бер халқыңа жүрегіңнің. 
Түсінемін сені мен, бауырласым, 
Сен ауырсаң, ел үшін ауырғасың. 
Айтар сөзін айтсын да, өлсін ақын, 
Ақындардың Отаны ауырмасын! 
Соңғы жыры ақынның жазылғасын, 
Дамылдасын, қара жер қабылдасын, 

Отан! 
Отан! 
Отаны ауырмасын! 
Ойран болса егер де жер бетінде
Ол - алдымен ақынның келбетінде. 
Жер жарасын болар-ау жөндетуге, 
Ақын жанын болмайды емдетуге! 
Есіл ақын күйзелдің сен де, түнде, 
Сызат алған жүрегің, 
Дәрменің жоқ, 
Соңғы жырмен халқыңды тербетуге. 
...Әлсіз жүрек. 
Әйнектен қарайды ақын. 
Өмір... 
Өлім... 
Арасы қалай жақын! 
Терезенің алдында Чили тұрды. 
- Қалай халің, Пабло, қалай халің? 
Қалайда біз жеңеміз, қарайла ақын?! 
Қауқарсыз қол қаламға қарманады, 
Қайран жүрек қайтеді, 
Қалмады әлі. 
О, Чили! - деді-дағы, соңғы жырын, 
Әлсіреп, 
Әзер-әзер жалғады әрі. 
О, Чили! 
Чили... 
Чили... 
Күн шуағы... 
Соңғы жырын жазбақ боп тыншымады, 
Қайран жүрек қапаста тұншығады. 
Чили! 
Шуақ... 
Шуағым! - деді-дағы, 
Бір сәтте кетті сөніп жыр шуағы. 
Сапарын соныменен тамамдады, 
Ұлы ақын мынау ұлы замандағы. 
Күйзеліп, күңіреніп тұрып алды, 
Көшесі, Сантьяго алаңдары. 
Табытының үстінен оқ борады, 
Ақынның тіршіліктен жоқ хабары. 
Әйтеуір әйнегінен от жанады, 

Жүр ме екен өлі ақынды соттағалы?!.. 
Әлі де үйін тору тоқтамады... 
 
Шаршадым білем 
     Шаршадым білем, 
Жантая кеткім келеді. 
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі! 
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой, 
Аузымнан түссе адыра қала береді. 
Өлеңі құрсын, 
Таппадым одан ұятты, 
Жазбай-ақ қойдым, 
Жазғаным енді ұят-ты. 
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние, 
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты. 
Өткізіп жылдар, 
Өткізіп айлар, 
Бекер күн, 
Болғансып ақын, 
Мұрнымды несін көтердім?! 
Өлмей-ақ жүр ғой, 
Өлең жазбаған адамдар, 
Өлеңсіз мен де, 
Өмірді бірдеңе етермін. 
Жанды да жансыз, 
Көрінген заттан сыр бағып, 
Өлетін болдым, 
Өзімнен-өзім ұрланып. 
Шаршадым білем, 
Жатпасам енді болмас-ты. 
Жұрт кетіп жатқан 
Қара теңізге бір барып... 
 
Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт! 
          Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт! 
Жүруші ең кейбір жерде ойран салып, 
Жүруші ең кейбір жерде сайран салып, 
Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт! 
Секектеп желетін де сен емес ең, 
Тепектеп келетін де сен емес ең, 
Ақ бұлт пен қара бұлттың арасында, 

Алапат айқұш-ұйқыш төбелес ең! 
Сен солай болмағанда елемес ем, 
Сені мен найзағайға теңемес ем. 
Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым, 
Тояттап әлде жемге қарықпысың? 
Бар, ұшшы! 
Босатайын тұғырыңнан, 
Шау тартпа! 
Шынымен сен шабытпысың!? 
 
Шеше, сен бақыттысың 
       Шеше, 
Сен бақыттысың! 
Жыламағын. 
Жай түсіп жатқанда да құламадың. 
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның, 
Сондықтан жыламағын, жыламағын! 
Бармын ғой, 
Тірімін ғой, 
Қасыңдамын. 
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын! 
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын, 
Байырғы берекеңді қашырмағын! 
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа, 
Өзім кепіл тот басып тозбасыма. 
Екі жыр жазсам саған бірін арнап, 
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына. 
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.) 
Аспанға жазам сенің есіміңді!!! 
Шеше! 
Сен бақыттысың, тербете бер, 
Құба талдаи иілген бесігімді... 
 
Шыда, шыда 
      Шыда, шыда 
Шыдай түс, шыда тағы 
Шыдамдыны мына өмір ұнатады 
Үміттің Кұлан иек қула таңы, 
Әйтеуір бір атады, бір атады... 
Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе, 
Өмір, өмір! 

Болмайды түңілуге, 
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, 
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге 
Түсінемін жаныңның ауырғанын, 
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын. 
Иогтардың тәсілін қабылдағын, 
Басқасына бас ұрып, табынбағын. 
Шыда, шыда! 
Шыдай түс, тағы шыда! 
Тау құлатқан тасқынның ағысына, 
Кір жуытпай, кіршіксіз намысыңа, 
Қарысуға болады, алысуға... 
 
Шындық туралы 
       Шындық көзге шұқиды қашаннан да, 
Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба. 
Ар-ақиқат үкімі жасалғанда, 
Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да. 
Қолға тұрар қулар да, зұлымдар да, 
Ат жалынан мал тапқан жылымдар да. 
Арамзаны, ұрыны жұлып түспей, 
Ақиқаттың алмасы суынған ба! 
Шындық деген - шымылдық біреулерге
Қалқа қылып шындықты жүрер пенде. 
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса, 
Шыбыны ұшып, бишара кірер жерге. 
 
Шұбат пен бота 
      Ac артынан,алдыға шұбат келді, 
Біреу татып,біреулер сынап көрді. 
«Қызылқұмның» қиылып қыз-келіні, 
Шұбат емес, бір шара шуақ берді. 
Ақбоз үйдің есігі айқара ашық, 
Гулесуде жігіттер тайғаласып, 
Бота сонда боздаса байлаудағы, 
Шұбат ішіп, қалайша жәй табасың?! 
Бір ботаның сондағы боздауын-ай! 
He басына күн туды, боздағым-ай, 
¥мыт болған уайым, мұңды өкеліп, 
Алпыс екі тамырды қозғауын-ай! 
Елестеді ел ауып баратқандай, 

Жетім бе, әлде жесір ме, зар атқандай 
Қайтқан қаздай қазақтар ертедегі, 
Сардалаға сағыныш таратқандай. 
Осы екен ғой ботадай боздау деген, 
Естімеп ем,естідім... 
Қозды-ау денем. 
Боталардың боздауы тозбапты әлі, 
Адамдардың  боздауы тозғанменен. 
 
Шәмілге жазған хаттардан 
     1 
     Шәміл-ау! 
Хал-жайымды білсең еді, 
Білмеймін қайтерімді... 
Кім сенеді? 
Ой жетімде өшіріп алған отым, 
Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені? 
Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен 
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен. 
Жүрегім жерік болған жағдайы бар 
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген. 
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен 
Жеткізіп айту қиын құр тілменен, 
Бүгін маған жиырма керек боп жүр, 
Алдында хор қызының іркілмеген. 
Белгілі саған менің маубастығым, 
Сабырсыз аузы күйген албастымын. 
Кесемді алдыменен үрлеп алам, 
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын. 
Ойласам, талай-талай қыр басыгіпын, 
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын 
...Шәміл-ау! 
Қалың достан қалған сен ең, 
Қайтемін? 
Ғашықпын мен, 
Шын ғашықпын!!! 
Ғашықпын! 
Ғашықпын деп білдірмедім, 
(Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім). 
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда, 
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім... 
    2 

    «Достардың» ортасына түсіп қалдым... 
(Шәміл-ау! 
Осы мені ұшықтар кім?) 
Желдеріне желігіп пысықтардың, 
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым. 
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап, 
Ол да отыр. 
Түрі жоқ хал сұрамақ. 
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да, 
Тайып тұрдым. 
Қашанғы әл шыдамақ. 
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім 
Білмеймін білгенін де, білмегенін. 
...Мен деген - саудам біткен саудагермін, 
Керегім бола қойсын кімге менің?! 
О, шіркін! 
Қайран күндер. 
Сайран күндер! 
Қанатын бақыг құсы жайған күндер. 
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағайда, 
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер. 
Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны, 
Соған шөлдеп, айызым тамсанады. 
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па? 
Өз-өзінен жүрегім ән салады. 
Әнсіз өмір емір ме, қаңсымай ма, 
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма. 
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын
Шәміл-ау! 
Шәмші кайда? 
Шәмші қайда? 
Шәмшіге айт, 
Тағы да бір таңдандырсын, 
Жындандырсын жүректі, жандандырсын! 
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер, 
Мәңгілік өлмей туғын ән қалдырсын! 
    3 
    Махаббат бүгін және қарамады, 
Қарамады... 
Жанымды жаралады. 
Шәміл-оу! 
Білесің бе? 

Шын махаббат - 
Осылай қарамаудан жаралады! 
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін, 
Осылай асқақ болсын, кішірмесін. 
Бастан ауып баратқан тал түсіме, 
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін. 
Ескермесін, білмесін, 
Кете берсін. 
Бұл фәниден алаңсыз өте керсін' 
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым, 
Сірә да, өміріммен өтелерсің... 
 4 
    Шәміл-оу! 
Күндер өтті, 
Айлар өтті. 
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті? 
Махаббат сәулесіне ұрындым мен, 
Махаббат өмірімді ойран етті. 
Қазір түн. 
Көктем түні маужырап тұр. 
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап қүр. 
Алдында тереземнің - кәрі қайың, 
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр. 
Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін ашылар, 
Кәрі қайың көктер бір күн. 
Махаббат мені, сірә, дауалар ма, 
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін. 
Көшелердің көзінен қан атылып 
Қала жатыр, 
Қазір түн. 
Дала тұнық. 
Махаббатты күзетіп, кіршік ілмей, 
Бүгін жөне отырмын таң атырып. 
    5 
    Шәміл, Шәміл! 
Айналдым жазылмасқа. 
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам. 
Қазір менен сауық пен сайран қалған, 
Жайына жыр да қалған жазылмастан. 
Ойға өріс таппаған, тілге - дерек, 
Ойнақы жырым менің кімге керек? 
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей, 

Шығыршықты айналып шыр көбелек. 
Жоқ, Шәміл, 
Менің ойым бөлек еді, 
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді... 
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ, 
Еріксіз өмір маған не береді?! 
Махаббат түсінбеді, аулақтады, 
Арманым кетті мені алдап тағы. 
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын, 
Табыныпнын сағымға ар жақтағы. 
...Қазір түн. 
Сыртта нөсер. 
Сәуір айы. 
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың. 
Сәлден кейін тағы да таң атады, 
Тағы да... 
Сары уайым... 
Сары уайым... 
    6 
    Шәміл, 
Шәміл! 
Шаршадым, қалжырадым. 
Ет жүрегім езілді, қан жылады. 
Жырым менің - науқастың сандырағы, 
Құным менің - тазының қарғыбауы. 
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой, 
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой! 
Шәміл-оу 
Тұңғиыққа қамалдым ғой! 
Қайтермін?! 
Қайда барып жазармын бой?! 
Тағы түн. 
Тағы менен ұйқы қашты. 
Қайтемін қаңыраған күйкі басты? 
...Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш
Шығарып тілін маған, сиқы ашты. 
Махаббат менен кеткен, 
Бөлекте жүр. 
Мен де бір - жасын түскен терек те бір. 
Тіршілік махаббаттан таралған ғой, 
Шәміл-оу! 
Енді маған керек пе өмір?! 

 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет