Саят Қамшыгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі. бАқЫТ Бақытты шақ — балалық кезім екен,
Өмір деген — мұңдарға төзу ме екен?
Жүрегіңе иманды ұялатып,
Бақыт деген — бір Хақты сезу екен.
Алланы сүй, саған сый қайтарады,
Сонда ғана көңілің жай табады.
Көркем мінез танытсаң — бақыттысың,
Өмірің де гүл болып жайқалады.
Иманыңмен түсірсең санаға шам,
Байқалады нығметтер арада сан.
Адамзатты сүйе біл жүрегіңмен,
Бақытыңды егер шын бағаласаң.
Тұнық сақта жүректің бұлағын сен,
Басқа тебу бақытты — күнә, білсең.
Жаратқанның нәсібі бұйырады,
Желкеніңді Аллаға бұра білсең.
Адамзатқа ойланар уақыт бүгін,
Екі дүние бақытын татыпты кім?
«Тәубә» деген адамдар шын бақытты,
Мұсылманның әр күні — бақытты күн!