2.3 Абай дəстүрі жəне жаңашылдық
ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының бүкіл
шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Сондықтан
ХХ ғасыр басындағы əдебиетті сөз еткенде, Шəкəрім, Ахмет,
Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы
Абай салған дəстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен
жалғастырғанын атап өту лəзім. Онсыз сол кездегі поэзияның даму
барысын, көтерілген биігін аша алмаймыз.
“Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының,
əдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты
жəне сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын жəне сыршыл
лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды
ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен ақынның өмір құбылыстарын
терең толғау жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, соны-
мен қатар өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері,
47
дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-
философ ақын деген мағынада айтамыз” – деп, З. Ахметов ұлы
дарынға үлкен баға береді де: “Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса,
ықпалы соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да
мол болатыны анық”, – деген тұжырым жасайды.
Абай өзінен кейінгі ақындардың барлығына “Жарығын түсірді”
десек, өсіріп айтқанымыз емес. Өйткені “Абай – қазақтағы суретті,
сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің ата-
сы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан
– Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан”. Ұлы Мұхтар Əуезовтің
бұл ойларынан артық Абай болмысын тап басып тану қиын. Абай
дəстүрін жалғастырушылар оның осы “оқушылары” еді. Олар –
ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын əлемдік деңгейге көтерген
Шəкəрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды біртуар
дарындар еді. Бұлардың бəрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға
ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда
Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаула-
ры да əрі қызық, əрі ой саларлық. Ең жақын шəкірті Шəкəрім “Ұлы
ұстаз” тұтса, Ахмет “Қазақтың бас ақыны” деп біледі, Мағжан үшін
“Ақындар хакімі” болса, Сұлтанмахмұт “Ақындар пайғамбары”
көреді.
Абай ұлылығын тани біліп, ақындығына табынған осы-
нау “оқушылар” ұлы ақын дəстүрінің əр қырын, əр бағытын өз
шығармашылық мүмкіндігіне, ұстанған мақсатына орай дамытып,
жаңғыртып əкетті.
Шəкəрім Абайдың қоғам туралы толғамын, адам болмысын
танудағы ізденісін, адамның адам болып қалу жолындағы иман ды-
лықты, ар-ұятты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, білім мен өнер
шашпақ үлгісін, теңіздей терең ойшылдығын ұлы ұстаз дəс түрін
сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты.
Ахмет бас ақынға қоғамның ең көкейкесті мəселелерін қозғаған
ой-толғаныс, отарлық уысындағы ұлттың қамын ойлаған тұстан
үндесіп, азаматтық ұстанымнан туындаған азаттық сарынды алға
тартуымен жаңаша жол тапты.
Міржақып өлең өнерінің Абай таныған құдіретін мойындау
арқылы оны ұлттың санасын азаттық күреске оятудың күшті құралы
деп біліп, өз поэзиясына азатшылдықты арқау етуі негізінде Абай-
мен іштей үндесіп, өлең өлкесіне өзіндік өршіл рух септі.
Мағжан “ақынның ақыны” ретінде “Хакім Абайдың” сыр мен
48
сезімге толы көңіл-күй лирикасын, адамның ішкі болмысына терең
бойлаған сыршылдығын, жан тебіренткен сезімнің терең иірімдерін
жүрекке дөп жеткізер сезімшілдігін, жансызға жан бітірер
суреткерлігін шебер игеріп, оны “европалық əшекеймен” үлбіретіп,
өзіндік үлгі тауып, өзгеше өріспен ұштастырды.
Сұлтанмахмұт əлеуметтік өмірдегі теңсіздік көрінісін шын-
шылдықпен суреттей біліп, қоғамдық қайшылықтың негізін “кө-
кірек көзімен” көріп, нақты танып-біліп, ащы шындықты ақын-
дар пайғамбары санаған Абайша айта алып, шыншылдық пен
сыршылдықтың өрісін кеңейтті.
Қарап отырсақ, ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар Абай
ақындығынан үлгі, өнеге ала отырып, ұлы тұлғаның сан қырлы,
мол сырлы поэзиясының жандарына жақын, рухына үйлес, өз ой-
пікірімен үндес келер тұсын үйіріп əкетіп, жаңғырта да жаңаша
дамытқанын байқаймыз.
Жалпы Абайдың ақындық дəстүрін дамытушылар туралы
30-жылдардан бергі кезеңде əр түрлі сипатта болса да сөз бо лып
келеді. М. Əуезовтің, С. Мұқановтың, Е. Ысмайловтың, Ы. Дүй-
сенбаевтың, А. Нұрқатовтың, Қ. Мұхаметхановтың, Ə. Жи рен шиннің,
З. Ахметовтің, З. Қабдоловтың, Т. Кəкішевтің, Р. Нұрғалиевтің,
Ж. Ысмағұловтың, Б. Əбдіғазиевтің, К. Бейбітованың əр кезде
шыққан зерттеу еңбектері осының айғағы. Осынау əдебиеттанудың
алыптары мен əдебиет ғылымында азды-көпті еңбек етіп жүрген
ғалымдардың барлығы да Абай шығармашылығының ХХ ғасыр
басындағы əдебиет өкілдеріне тигізген игі əсері жайлы нақты мы-
салдар келтіріп, тұжырымды ойларын айтқан.
Абай дəстүрін шеберлікпен үйреніп, батыс пен шығыс клас-
сикалық əдебиетінен сусындаған Ахмет, Шəкəрім, Мағжан, Сұлтан-
махмұт, Міржақып сынды сөз өнерінің шеберлері ХХ ғасырдың ба-
сында ұлттық поэзиямыздың əлемдік деңгейге көтеріліп, қоғамның
шындығын шынайы ашып, оны эстетикалық қуатпен бейнелеудің
көркемдік үлгісіне айналуы жолында аянбай еңбек етті.
ХХ ғасырдың басында көзі ашық, көңілі ояу қазақ азаматтарын
ойлан дырған барлық мəселе – поэзияда айқын көрініс тауып отыр-
ды. Азаттықтың, тəуелсіздіктің биік идеясымен қатар қазақтың өз
ішін дегі өзекті мəселелері – ел бірлігі, əйел теңдігі, надандық, қара
ха лықтың жағдайы поэзияның өзекті тақырыбына айналды. Қандай
бағыт өкілі болмасын қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Сон-
дықтан олардың шығармалары сарындас, желілес болып отырды.
49
ХХ ғасырда қазақ поэзиясын əлемдік деңгейге көтерген біртуар
ақындар дүниеге келіп, олардың əрқайсысы соны үнімен, тың тыны-
сымен қазақ поэзиясы айдынында емін-еркін жүзді.
Поэзиясы аз да болса саздығымен, қазақ өлеңінің төл табиғатынан
туған тазалығымен, бір естігенде-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялай
қалатын əрі бейнелі, əрі мағыналы сөз үлгісімен ерекшеленетін
Ахмет Байтұрсынов, жеке басының, əлеуметтік топтың неме-
се белгілі бір таптың мүддесі емес, ел мұңы, ел шері, ел зары, ел
кегін жырлаған Міржақып Дулатов, заманымыздың атақты жа-
зушысы Мұхтар Əуезов айтқандай “жарқыраған əшекейімен,
Европалығымен” тамсандырған жыры сұлу, сезімі сыршыл Мағжан,
терең танымдық өлеңдерімен, асқақ романтикалық эпикасымен
толғандырған Шəкəрім, қазақ ой-санасының аспанына жарық “күн”
сəулесінің нұрын шашуды, өлең өнерінің “толған айы” болуды
аңсап, ұлтының ұлы мұратын алға асыруға ұмтылып, поэзия көгінде
жарық жұлдыздай жарқырап өткен Сұлтанмахмұт қазақ əдебиетінің
“алтын кезеңінде” өмір сүріп, туған əдебиетімізге қайталанбас ту-
ындылар сыйлады.
Достарыңызбен бөлісу: |