56
Жас жүрек, қайда сенің ыстық қаның,
Тап мұндай мұздауыңның айтшы мəнін,
Тəтті үміттің қиялы сəуле беріп,
Ұйықтатпайтын толқынның жойдың бəрін…
Жиіркеніп, көргің келмей өзіңді өзің,
Қамығып неге осынша құрыды əлің?
деген жолдар аяулы ақынның биік романтикалық шабытының
бет-бедерін айқындап тұр.
ХХ ғасыр басындағы əдебиетіміздің дүниежүзілік əдебиетпен бай-
ланысын айтқанда, Мағжан поэзиясындағы сентиментализм, симво-
лизм сарындарының сол байланыс арқылы енгенін атауымыз қажет.
Аударма жасау барысында Мағжан орыс символистерінен өзіне жаңа
өрнек, үлгі іздеген. Жаңашылдыққа, əсемдікке жаны құмар ақын өзі
аударған шығармалардан қазақ құлағына тосын естілетін жаңа та-
раптарды, сөз тіркестерін, ішкі мағынаны іздеп табады. Оны əрлеп,
жаңғыртып, жандандырып оқырманына жатсынбастай етіп ұсынады.
“Қазақ əдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес,
орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді
күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, жаңа
өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тіпті ұстартты”, – деп,
Жүсіпбек Аймауытов бағалағандай, Мағжанның төл шығармалары,
аудармалары əдебиетімізде бұрыннан бар əдістер мен тəсілдерге
символизм, сентиментализм ағымдарының элементтерін енгізіп,
европалық əшекейімен безендіре түсті.
Сонымен тəржімалар арқылы қаламгерлеріміз орыс жəне əлем
əдебиетінің озық үлгілерімен қазақ оқырманын таныстыра оты-
рып, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін де ашуға тырысты. ХХ ғасыр
басында жасалған тəржімалар əдебиетті кең өріске шығарып, өз
бетімен ізденуге жол ашты. Прозадағы сан-салалық тереңдік пен
кеңдікке, бейнелілік пен суреткерлікке баса мəн беріліп, өлеңдегі
əуезділік, ырғақ, ұйқас, айшықтау, құбылту, бейнелеу тəрізді
поэзияның көркемдік құралдары жетілдіріліп, сөз өнерінің құдіретін
айқындайтын əдіс-тəсілдердің əлем əдебиеті жеткен өресіне бағыт
ұстау қазақ əдебиетін жаңа бір белеске шығарғандай еді.
Достарыңызбен бөлісу: