“Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер
Моллалардан естідім əлдеқашан”.
Қалқаман мұны айтқан жоқ, қазақ қызына 190 жыл бұрын түгілі,
осы күні еркімен ерге тию болған жоқ. Шариғатта бұл болғанмен
мұны ол уақыт сөйлеген жоқ. Бұл ақынның Қалқаманмен, өтірік
айтып, рəсімнің ыңғайына жығылатын моллаға жапқан жаласы”.
Сыншы бұндай ауытқушылықтың шығарма көркемдігіне нұқсан
келтірерін орынды көрсетеді. Бірін-бірі сүйген екі жастың серт
байласар тұстағы тіл қатысуының оқиға өрбуіне қабыспай жатуын
үлкен кемшілік санайды. Мамырдың қарсылығына Қалқаманның
молла сөзін, шариғатты алға тартуын сезімге оранған жастар үшін
қажетсіз деп табады. “Дүниеде адам баласы айналып өтпес екі-ақ
дүние бар, бірі – өлім, бірі – махаббат, Қалқаман мен Мамырдың
жалынғаны махаббат емес пе еді. Сүйіскен екі ғашық молла айт-
ты, шариғатта солай деп махаббат бола ма? Махаббат адамды
байлағанда шариғат пен моллаға уақыт қала ма? Бұл жерде Шəкəрім
ақындық жолынан, шыға шабылып, Пушкин, Лермонтов, Шекспир,
Толстой қарауларына салсаң зор күнəға батып тұр”.
Əлихан Шəкəрім жырына тек сын айтуды міндет санамаған.
Сыншы шығарманың шырайлы да көрікті, уақыт қасіретін
шыншылдықпен жырлаған жерлерін үлгі ретінде көрсетеді.
Көкенайдың Мамырды өлтірер сəттегі қатыгездігін суреттейтін
тұсты жеке алып, көркемдік шешім тарихи шындықпен
айқындалып, өмір шындығын көркемдік шындықпен ұштастырған
ақын шеберлігін таниды.
Ести сала садағын қолына алды,
Мамырдан аулақ жүр деп айқай салды.
Ұялмай жүзіқараның жүргенін деп,
Аямай дəл жүректен атып қалды.
69
Міне, бұрынғы заман тобықты мінезіне дəл жақсы айтылған
өлең. Көкенайдың атып тастағаны Мамыр. Жазасы – ғашығымен
қашқан”.
Автор кейіпкер психологиясы, кейіпкер характерін ашудағы сезім
мен іс-əрекеттің байланысын əл-қадырынша түсіндіруге тырысып,
Шəкəрім жырын өз ойына өзек етеді. “Ай, жұртым, мен өлемін;
сендер қалдың” деп басталатын Қалқаманның қоштасу сөзінен ұзақ
үзінді келтіре отырып, соңғы жолдарына ерекше назар аударады.
“Аямай елім оққа байланған соң,
Кетер ме өлгенімше ойдан зарым”.
Қалқаманның садақпен атылуға байлағанында қоштасқаны: Бұл
өлең соны, сұлу болса да, ішінен ақаулығы көрінеді. Қоштасқан
зарлы адам көңілге жалынушы еді. Мұнда ақыл жағы жығып тұр.
“Деймісің қалмақ, сені тентіретпесті” айтуға ол жерде Қалқаманның
əлі не келе қойсын”.
Əлихан Бөкейханов “Сынында” белгілі шығарманы сынға салу-
мен қатар, өзге де əдебиетке қатысты үш мəселе тілге тиек болады.
Біріншіден, өлең деген айрықша жанрға сын жазу мен сыншылыққа
деген талап. “Өлеңді ақын сынаған жөн. Оқушы жазушы, ақын бол-
маса да ақын сөзінде болар сынға салатындай мүшелер болатын.
Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға салып, жұртқа жайған Белин-
ский сөзге ақын емес, ойға ақын еді”. Əлихан сыншыға тəн ең басты
қасиетті тап басып таниды. “Ойға ақындық” – терең білім, биік па-
расат көрсеткіші болса керек. Екіншіден, қазақ оқырманының күрт
өсіп келе жатқандығын “Қобыландыны” аз уақытта талап алған
біздің жұртта оқушылар бар көрінеді” деп, мақтанышпен хабар-
лайды. Бұл – ендігі жерде “тасқа басылған” жырға деген талап та
өзгеше болуы тиіс деген сөз. Үшіншіден, оқырманға шығарманы
неғұрлым ұғынықты тілмен, жеңіл оқылар емлемен жеткізуді
құлаққағыс етеді. Сондықтан да “Қалқаман-Мамырды” келесі ба-
сылымда “Ахметтің “Масасы” порымына салып, “Қазақ” емлесімен
басса жақсы боларын” еске салады.
“Қазақтағы” Əлихан “Сыны” – өз уақытына сай айтар ойы, берер
ғибраты мол мақала. Бұл – жалғыз “Қалқаман-Мамыр” ғана емес,
жалпы өлеңмен жазылған көркемсөз өнеріне деген өскелең талап
белгісі.
“Қазақта” жарияланған əдеби-сын мақалалардың ішіндегі
70
көріктісінің бірі – Міржақыптың “Манап” драмасы (“Қазақ”, 1914,
№82). Мақалада əдеби шығармаға қатысты екі мəселе қозғалып,
орынды пікір айтылады. Екеуі де өте керекті мəселелер, бірі –
шығармадағы шындық, екіншісі – аударманың тілі хақында. Ав-
тор “Айқап” журналында жарияланған Лихановтың “Манап” атты
драмасының (1913, №14-21) аудармасын (аударған Мұхамедғали
Есенгелдин) талдау арқылы, осы екі мəселеге өзінің көзқарасын
білдіреді. Осы мақалада көзге түсетін тағы бір құндылық – автордың
газет-журналдың əдеби шығармаларды насихаттаудағы рөлі жай-
лы түйінді ойы. Міржақып газет-журнал тек көркемдігі жоғары
шығармаларға ғана орын беруі керек деп санайды. Өйткені олар –
қалың оқырманның талғамын қалыптастыратын бірден-бір жалпыға
ортақ басылымдар. “Манап” драмасы туралы пікір айтуда Міржақып
журнал басылымына осы талап тұрғысынан қарайды. “Манап” дра-
масын тəржіме қылушы мырза, əрі оны басушы “Айқап” журналы
жақсы-жаманына қарамай, тек қазақ жайынан нəрсе болғанға, аты-
на қызықтана, болмаса шынымен қазақ əдебиетіне өрнек боларлық,
нағыз тұрмысынан алынған, ғибратты оқиға деп түсінді ме, бізге
əуелі осы арасын айыруға керек. Əуелі оймен басылған болса, тек-
ке уақытын бөліп тəржіма қылу да һəм оны басып журналды но-
мер сайын пайдасыз нəрсемен толықтыруда мəн жоқ болса керек.
Егер екінші оймен басылған болса, тəржіма қылушы да, “Айқап”
басқармасы да адасқан деп білеміз”.
Əрбір көркем шығармаға тəн артық қасиет оның өмір шындығын
көркемдік шындық ретінде бере алуы десек, Міржақып “Манап”
драмасына талапты осы тұрғыдан қоя білген. Шығарма жазушының
өзі жеткілікті білмейтін, өзіне таныс емес халық туралы терең зерт-
теп, əбден танып-біліп алмай, шығарма жазуын Міржақып қатты
айыптайды. Халық дəстүрін, əдет-ғұрпын қалауынша құбылтқан
жазушысымақ өз шығармасында бүтіндей бір ұлттың бар дəстүрін
мазақ қылғандай. Мұндай “туындыны” дəріптеп отырған “Айқап”
шығарушыларына деген ренішін Міржақып ашық жазады.
Мақала авторы жалпы жазушылық шеберлік туралы да орнықты
ой, орынды пікір айтады. Шығарманың шырайын келтірер хас ше-
берге тəн екі қасиет болуы керек дейді ол. Алдымен, “…бір жұрттың
жайынан… жазу үшін жазушы …ол жұрттың жайын білуінде
зəредей кемшілік болмауы шарт”, екіншіден, “…көрген-білген һəм
сезгенін оқушының көз алдына елестететкендей суреттеп жаза
білерлік туа шебер, жүйрік талант болуы шарт”. Жазушыға тəн осы
71
қасиеттерден шығара отырып, мақала авторы “Манап” жазушысы-
на кесімді бағасын береді: “…Лихановтың жазушылық қуаты қанша
екенін қоя тұралық, бірақ қазақ жайынан да еш нəрсе білмейтіндігін
жаңылмай айтуға болады”. Сөйтіп “Манап” басынан аяғына дейін
жеке сөздері болсын, айырым-бөлімдері болсын, һəм ғұрып-ғадетіне
мыңнан бір нұсқасы жанаспайды” деп қорытындылайды.
Міржақып өз ойын “Манаптан” көп мысалдар келтіре оты-
рып дəлелдейді. “Манап күнəсін жүз жылқыға сатпақшы болады.
Жиылған жұрт теріге таласқандай саудаласады. Қай қазақ өлерінде
күнəсін сатады, оны кім саудаласып алады?”. Немесе: “Манаптың
күнəсін саудаласып бір жорғаға түсірген біреу құдық суымен ант
еткен. Бұл ғадет қай қазақта бар?” Осы сияқты халықтың салт-
дəстүрлерінде жоқ нəрселерді тізбектеген жазушыны сынай оты-
рып, Міржақып “Манапты” марапаттаған “Айқап” туралы бы-
лай дейді: “Көрсеқызарлықпен мұндай нəрсені журналға басу …
таратудың лайығы болмаса керек. …Қазақта болмайтын ұятты, ерсі
істерді бізге тапсырғаны үшін намыстанатын жөніміз бар емес пе?”
Мақала авторы көркем шығарма мен жазушыға қояр сапалық
шеберлік талаптары арқылы жазба əдебиетінде драма жанры жаңа
қалыптаса бастаған қазақтың сөз өнерін игере бастаған жазушы-
ларына нақты кеңестер беріп, жөн сілтейді. Автор “Манапты”
аударушының тіліндегі түйткілдерді шеней отырып, жалпы аудар-
ма мəселесіне қатысты ойларын да ортаға салады: “Тəржіма көп
орында қата етілген. Орысша сөздер қазақша сөзге тура тəржіма
етілгендіктен, түсініксіз келетіндіктен бұрды десек, орысшасын
өзгертпей тəржіма қыламын деп, күлкіге айналдырған жері көп…”
Міржақып осы мақаласында сынды дамытуды да сөз етіп, “Ма-
наптай” шығармаларды кітап етіп бастыруға асықпастан, олар-
ды білікті кісілердің сынынан өткізіп, керекті болғанда ғана,
көркемдігіне көңіл толарлық жағдайда ғана шығаруды ұсынады. Бір
сөзбен айтқанда, Міржақыптың “Манап драмасы” мақаласы – қазақ
əдебиетінің көкейтесті көп мəселесін көтерген, оның шешуін табуға
ұмтылған көрнекті мақалалардың бірі.
“Манап драмасы” туралы жас Сəкен Сейфуллин де сын жазып:
“ Манап” оқиғасы рас, қаһармандары осы күні тірі деп жазғанымен
қазақтың тұрмыс қалпына мүлде келмейді. Қаһармандарының
сөйлеген сөздері, істеген істері қазақ болғалы сөйлемеген іс”, – деп
ащы шындықты айтқан. “Қазақта” жарияланған Міржақып сыны-
мен “Айқапта” жарияланған Сəкен сынындағы (1914, №23) бұл
72
драма жайлы ой-пікірлердің үндес, орайлас шығып жатуы қазақ
əдебиетіндегі сын жанрының қалыптаса бастағанын танытса керек.
“Қазақ” газеті мен “Айқап” журналы ел арасында жаңадан өріс та-
уып келе жатқан əдеби кештер өткізу тəрізді игі дəстүрлерді қолдап,
үнемі насихаттап отырды. Яғни, əдебиеттің кеңге қанат жайып,
бұқаралық сипат алуына септігін тигізуге тырысты. Осынау озық
дəстүр жайлы қос басылымда басылған “Семейдегі əдебиет кеші”,
“Қазақ əдебиеті кеші”, “Торғайдағы əдебиет кеші” мақалалар осын-
дай мақсаттармен бағалы. Бұларда əдебиет кешін ұйымдастырып, ел
үшін игілікті іс атқарып жүрген азаматтардың аты аталып, еңбектері
бағаланды. Семей кештерінің негізгі тұлғасы Нəзипа ханым мен
Нұрғали Құлжановтар болса, Торғайдағы кештің ұйтқысы Ғұмар
Алмасов, Қосмұхамед Жабағин сынды азаматтар болатын.
Əдебиет кештерінде қазақ əдебиеті туралы баяндамалар жаса-
лып, салт-дəстүрге бейімделген ойын-сауық көрсетіліп отырды. Га-
зет сонымен қатар мұндай игі істің екі жақты пайдасы бар екендігіне
де назар аударады. Бірі – елге рухани азық болса, екіншісі – нақты
қаржылық пайдасы. Жиналған қаржының орнына қарай жұмсалуын
ұйымдастырушылар үнемі жазып тұрды.
Студент Мұхтар Саматовтың “Ардақты Нəзипа ханум” хаты
– осыған дəлел. “Былтыр Семейде мұқтаж оқушылар пайдасына
деп сіз басшылық қып жасаған əдебиет кешінен маған да 18 сом
ұйғарылды дегенді “Қазақтың” бір нөмірінде шығарып еді. Оның
артынан сіз маған хабар бердіңіз… Енді ол ақшаға мұқтаждығым
жоқ. Биыл маған стипендия шықты. Егер де областной правлени-
еден ол ақшаны қайтарып қайта алсаңыз басқа бір пайдалы жеріне
жаратар едіңіз”.
Осы кештердің бірі туралы жазған мақаласында Міржақып Ду-
латов: “Кеш басталғанда сағат 8 жарымда Райымжан Марсеков
шығып, қазақ əдебиеті турасында біраз сөйледі”, – деп жазды. Рай-
ымжан Марсеков сөзі “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 15 жəне 19
марттағы сандарында “Қазақ əдебиеті жайынан” деген атпен ба-
сылды. Мақала жалпы қазақ əдебиетінің тарихына шолу іспетті.
Яғни қазақ əдебиетінің өткен жолы мен бүгінгісін саралай, сарап-
тай көрсетуді мақсат тұтқан. Мақаланың басты құндылығы да қазақ
əдебиетін дəуірлеуге алғаш қадам жасауы.
Марсеков қазақ əдебиетін үш дəуірге жіктеп алып, əр дəуір
ерекшелігін тануға тырысады. “Бірінші дəуір ескі замандағы қазақ
арасына жазу тарамай тұрғандағы кез; ол заманда қазақ өз алды-
73
на тұрып, кең далада еркін дəурен сүріп, …ойлауға уақыт кең, сөз
сөйлеуге тіл еркін болған заман”. Осынау кезеңге тəн еркіндік ауыз
əдебиетінің дамуына игі əсерін тигізгенін, сондықтан да ол кезеңде
шешендік пен суырып салмалық дəстүрдің берік орын тепкенін
автор көкейге қонымды да сенімді сараптайды. Оралымды тіл,
орнықты ойдың жемісі – ақындықтың кең өріс алғанына көптеген
мысалдар келтіреді. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Қаражігіт
би айтқан, халық жадында сақталып келген шешендік сөздер,
ескі хиссалардағы, Шəкəрімнің “Қалқаман-Мамыр” жырындағы
қарапайым сөз қағысуларды ақындық ұшқын ретінде байыптайды.
Бір сөзбен ел тағдырын шешкен сұңғыла шешендер сөздерінің қуат
күші халықтың өз бойында жатқандығын тілге тиек етеді. “Атағы
алты алашқа шыққан” Орынбай, Кеншімбай, Болық ауызға алы-
нып, Орынбай ерекшелігіне жеке тоқталады. Сол арқылы суырып
салмалық (импровизация) өнердің өзіндік қасиеттерін айқындауға
ұмтылады.
Автор өнер байланысына, олардың бірін-бірі толықтырар, бірін-
бірі байытар сипатына назар салады. “Боз інген”, “Сары бел”, “Қос
келіншек”, “Еркетай” күйлерінің өміршеңдігі – əуез арқылы өмірді
бейнелер асыл қасиетінде жатқандығын танып, “Бұл қазақтың
сөзді қандай қымбат көрсе, домбыраны һəм сондай көретіндігінің
белгісі”, – деп жазады.
Екінші дəуір белгісі – “жазудың халық арасына көбірек таралған
заманы”. Жазба əдебиеттің берік орын тебуі көп талас-тартыс
кезінде жүзеге асқанын автор байыпты зерделейді. Дін шырмауы,
өзге ұлттардың араласуы ұлттық əдебиеттің мансұқталуына дейін
жеткізгенін өкіне еске алып, Абай “құтқарушыны” табады. “Абай
марқұмнан бері қарай қазақ əдебиетінің үшінші дəуірі басталады”.
Автордың Абайды қазақ əдебиетінің жаңа дəуірінің басы ретінде
қарастыруы – əдебиетке деген жаңа көзқарастың бел ала бастауын
танытса керек. Сөйтіп ол əдебиетке жаңа өрнек əкеліп, “Сөз дана-
сын” жасаған кемеңгердің көшбасшылық сипатын айқындайды.
“Абайдан бері, һəм одан үлгі алған кейінгі жастарымыздың
ыждағатымен əдебиетіміз түзу жолға түсті. Енді мұнан былай сөз
қадірі ұлғайып, өлең керектігі байқалып, өзге жұрттарда қандай
болса, біздерде де сондай болар”, – деп аяқтайды Р. Марсеков “Қазақ
əдебиеті жайынан” сөзін.
Қазақ əдебиетіндегі драмалық шығармаға жазылған алғашқы
сынның бірі – Міржақыптың “Надандық құрбаны” (“Қазақ”,
74
1916, №177). М. Дулатовтың пікірлері орындылығымен, Көлбай
Тоғысовтың драмасының осал соғар тұстарын көрсете алумен
құнды. “Жазушы да – суретші. Жақсы суретші адамның сыртқы түрін
айнытпай берсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін,
əдетін бұлжытпай көрсете біледі… “Надандық құрбанында” мұның
бір нұсқасы жоқ, байлаусыз-матаусыз құр сөз, біріне-бірі қалаф
уақиғалар көресің”.
Сонымен бірге автор Көлбай драмасының негізгі кемшілігі
оқиғалар сенімсіздігінде деп біледі. Бұған бірнеше дəлелдер
келтіргенмен, осы дəлелдер кейде орнын таппай жатады. “Бұл күнде
болыс басы пəлен бала бер дейтін бұйрықта қойылған, кедей балала-
рын жалдап беру де қалған. Мұндай іс Көлбайдың бала күнінде бо-
лып өткені рас”. К. Тоғысовтың бұл драманы өмірден алынған оқиға
негізінде жазғаны талассыз. Ал өмір шындығы қаншалықты наным-
ды шықты, ол – өз алдына басқа əңгіме. Міржақыптың бұл мақаласы
– “Қазақ” газетінде кей-кейде сыңаржақ пікірлі сындардың болып
тұратынының көрінісі. Қазақ драматургиясының туу шағында
дүниеге келген “Надандық құрбаны” өз уақытында əлеуметтік жүк
көтерген кітап болғаны шындық. Ендеше, 1916 жылғы 24-ақпандағы
170-санында “Надандық құрбаны” – шығарушы Көлбай Тоғысов”
деп жарнама берген “Қазақ” артынша оны түкке алғысыз етуі
топтық тартыстың салқыны. Жалпы Көлбай Тоғысов пен “Қазақ”
төңірегіндегілер көбіне саяси бірлікке келе алмағаны белгілі. Соның
салқыны осы сынға тигенін байқау қиын емес. Міржақып “Біреудің
кітабын сынағанда, шығарушының кім екенінде жұмысы болмауға
тиіс” деп алып, Көлбайдың жеке басына көбірек шүйлігіп, шығарма
назардан тыс қалып қояды.
Əдебиет жайлы таным-талғамның қалыптасуына бастау бо-
латын құнарлы мақаланың бірі – Арысұлының “Роман не нəрсе?”
атты мақаласы (“Қазақ”, 1914, №48). Бұл – қазақ əдебиеттану
ғылымындағы Шоқан Уəлихановтың қазақ өлеңдерінің түрін
қарастырған ізденісінен кейінгі қазақ əдебиетіндегі жанр жайын сөз
еткен мақала.
Мұнда автор роман жанрының ерекшелігіне, оның жанр
табиғатынан туындайтын көркемдік шарттарына тоқталады. Осы-
нау жанрдың өзге, озық кеткен елдердегі дамуына көз салып,
осы саладағы үлкен жетістіктерге жеткен атақты жазушыларды,
олардың шығармаларын мысалға келтіреді. Автордың роман жанры
жайлы ойларының өз кезеңіне сай сүбелі екенін көреміз. “Романның
75
ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һəм күңгірт жағын бейне өзіндей
етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман – адамзаттың өмірін,
дəуірін бұлжытпастай көрсетуші айна. Романның асыл мақсаты:
адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты
адамзаттан қумақ. Мұнан мұрат, адам баласына үйретінді үлгі,
тəрбие бермек”.
Европа, орыс жазушыларының шығармаларымен жақсы та-
ныс автор Вальтер Скотт, Чарльз Диккенс, Теккерей, Пушкин, Го-
голь есімдерін атап қана қоймай, олардың шығармаларын сөз ете
отырып, роман жанрының қалыптасу тарихын саралайды. Соны-
мен қатар, бұл жанрдың қазақ топырағында туа бастағанын қуана
құптайды. Бұл туралы: “Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің ара-
мызда бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов бол-
ды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып
жарыққа шықты”, – деп жазады. Сонымен қатар, автордың бұл
шығарманы толыққанды, жанр табиғатының бар талабына жауап
беретін туынды деп қарауға болмайтынын, бірақ “…өз бойымызға
лайықтап, мұны қазақ əдебиетінде тəуір қызметке санаймыз”, – деп
ескертуі, жанр табиғатын терең түсінетіндігін аңғартса керек.
Арысұлы жалпы романның ауқымды шығарма екендігін, “…
тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап, əңгімелеп, түгел түрде су-
реттеп көрсететін” болғандықтан түсіну, игеру қиын тиетінін айта
келіп, оның үшін…” өнер-білім керек, одан да керегі – тəрбие.
Қанша оқысақ та, тəрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз”, – деп
қорытындылайды. Қазір бүркеншік есіммен жазылған мақала
кімдікі екендігі туралы əрқилы пікірлер болғанымен, біз мақала ав-
торы қазақ əдебиетінің білгірі Ахмет Байтұрсынов деп білеміз.
ХХ ғасырдың бас кезінде ауыз əдебиетінің асыл мұраларын
жинап бастыру ісі де күрт жандана бастады. Соның алғашқы
қарлығаштарының бірі – Махмұтсұлтан Тұяқбаев шығарған “Қара
қыпшақ Қобыланды” жыры. Кітаптың жарық көргенін “Қазақ”
газеті қуана хабарлайды. Содан соң осы кітапқа арналған Əлихан
Бөкейхановтың сын мақаласын жариялады.
“Қазақтың” 1915 жылғы 126-129 сандарында жарияланған “Қара
қыпшақ Қобыланды” атты көлемді мақала қазақ ауыз əдебиетіне
қатысты көп мəселелерді қамтыған. Сондықтан да бұл – белгілі
шығарма сынынан гөрі зерттеушілігі басым мақала. Мұнда
автордың алдына қойған мақсатынан туындайтын төрт мəселенің
екшелгенін аңғарамыз. Бірінші – “Қобыланды” жырының қазақ
76
тарихымен сабақтастығына ой жіберіп, жырдың тарихи негізіне
назар аудару. Екінші – мұндай жырдың асыл арналарының кейінгі
айтушылардың кемшілігімен бұрмаланбауы, яғни атадан балаға
мұра жауһар жырдың тұнықтығын көздің қарашығындай сақтау
мəселесі. Үшінші – кітап шығару мəдениетіне зер салу. Төртінші
– “Қобыланды” жыры сынды кітаптардың ғылыми сипаттамамен,
түсіндірме, сілтемелермен басылу қажеттігін қадағалау. Əлихан
Қобыландыны тарихи кейіпкер, ал жырдың өзін тарихи жəдігер деп
санайды. Сондықтан да Шəкəрім шежіресіне, Шоқан кітабына сүйене
отырып, “Қобыландының ісі ХҮІ ғасыр ортасы болуға лайық” деп
түйіндейді. Жəне өзге де тарихи жырлармен (“Едіге”, Қырғыздың
“Манас” жырымен) салыстыра талдап, “Қобыландының” тарихи-
жəдігерлік құндылығын бекіте түседі. Осы тұрғыдан қарай отыра
жырдағы кейінгі айтушылар қосқан “тарихқа тура келмейтін көп
қосымшаны” анықтайды. “Солдат, сухар, түйме, медаль, бал, шай,
алтыатар – Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нəрселер.
Мұның бəрін бейшара жыршы өзінен қосып, жырдың көркем түрін
бұзған”.
Мақала авторы “тасқа басылған” жырды негізсіз даттаудан
аулақ. Ол “Қобыландының” көркем тұстарын жырдың қазақ өмірі
мен тұрмыс салтының айнасы іспетті көркем суретті жолдары
арқылы көрсете білген. “Бұрынғы қазақ тұрмыс-салтының, рухани
мəдениетінің исі бар өлеңдер “Қобыландының” 47, 48, 52, 53, 54,
55, 60, 64, 70 һəм 80-беттерінде бар. Осы сөздер жырды ең алғаш
шығарған ақынның сөздері болар. …Қазақтар: “Қобыландыны”
шығарған кісі тегінде жақсы ақын екен” деген сөз осы өлеңдерге
қарап айтылған болар”.
Əлиханның осы мақалада кітап бастыру ісін арнайы көңіл
бөліп қарастыруы, өркениеттікке қадам басқандық белгісін таны-
тады. Ол осы кітап сыртындағы ат үстіндегі Қобыланды суретінің
кітаптың ішкі мазмұнымен қабыспай жатуын үлкен кемшілік деп
біледі. “Өзі – Тайбурыл, өзі – қазан ат сымдай созылатын, кітаптың
басындағы сүгіретте тіпті көрінбейді, кітаптағы ат – орыстың “тя-
желовоз” дейтін жүк аты”. Əлихан кітап бастырушылардың орыс
кітаптарындағы суретті көшіріп басуын үлкен ұят, мəдениеттілік
жетіспеуінен жіберілген кемшілік санайды. Сондықтан да кітапты
қайта басқанда “Қобыланды батырдың өзінің сүгіретін де, атының
сүгіретін де жырдағы жазуға дəл қылып басу керек. Тайбурылды
тяжеловоз боз айғырға айырбастағанда қазақ көзі ұялады”, – деп,
77
өз ойын əдемі жеткізеді. Жалпы кітаптың неғұрлым əсем, көрікті
болып шығуына, оның сапалылығына назар аударудың өзі – қазақ
зиялыларының өзге елде бар озық үлгіні бағалай бастағанының
куəсі. Ə. Бөкейханов өзінің əдеби сын мақалаларының қай-
қайсысында болмасын белгілі бір шығарманың қайта басылуында
ескерер мəселелерді ерекше бөліп айтып отырған. Бұл – Европа
мəдениетінің жақсы белгілерін жаны сүйіп өскен көшелі азаматтың
биік парасатының белгісі.
Осы тұрғыдан қарасақ, Əлиханның баспадан шыққан кітап-
тардың, əсіресе ел-жер тарихымен тығыз байланысты дүниелердің
ғылыми сипаттамамен шығуын ең бір қажетті нəрсе ретінде
қарастыруы, кітап шығаруды жүйелі арна ретінде қалыптастыруды
көздеуден туған. “Қайта басқанда мұндағы жер, су һəм кісі аттарын
əліпби тəртібімен кітаптың аяғына басса, һəм шыққанда кітаптың
қайсы бетінде сөз бар екені көрсетілсе, бірінші – кітап тəрбиелі бо-
лар еді. Екінші – бұл жырдан қазақ тарихына жем іздеген адамдарға
оңай болар еді”.
Ə. Бөкейханов қозғаған мəселелер – осы жырға ғана қатысты
емес, кейінгі басылар сан кітапқа бағыт-бағдар сілтеп, жөн-жоба
ұсынған нақты бағдарлама іспеттес.
“Қазақ” газетіндегі əдеби-сыни материалдарды жинақтай келе,
бір мақалаға айырықша көңіл аудару қажет-ақ. Ол – “Əдебиетімізге
көз салу” атты мақала (“Қазақ”, 1916, №164). Мақала авторы “Н”
деген бүркеншік есіммен қол қойған.
“Əдебиетімізге көз салу” кең көлемдегі мақала деуге бо-
лады. Мұнда əдебиеттер байланысы, бір-біріне əсері, үйрену,
тəжірибе мектебі, дəстүр мен жаңашылдық жан-жақты сөз бо-
лып, қазақ əдебиетінің бағыты қандай болуы керек деген өткір
сұрақ төңірегінде ой қозғалады. Қазақтың жазба əдебиеті жаңа
қалыптасып келе жатқан жас əдебиет, ендеше ол кімнен үйрену
керек, кімге қарап түзелу керек деген мəселеде автор ойы айқын.
Ол алдыңғы қатарлы Европа əдебиетінен үйрену керек деп, кесімді
пікірін айтады. Бірақ автор көзсіз еліктеуге қарсы. “Еліктеу сондай
нəрсе, оны мүмкін қадар есімізге кем түсірелік, бірақ басқаларға
бас бүтін ермеу біз секілділер үшін қиын іс… Еліктеу дəуірін ба-
сымыздан кешірмей кете алмаймыз”. Көзсіз еліктеу неге апа-
рып соғарын бірнеше əдебиеттерді барлай отырып көз жеткізеді.
Шағатай əдебиетінің араб, парсы əдебиетінің əсерімен дəуірлегенін,
бұл əдебиеттің Науаи сияқты ірі өкілдерінің Ширази, Сағди, Хаям
78
сияқты парсы əдебиеті классиктерінен көп үйренгеніне зер сала-
ды. Бірақ бұндай еліктеудің үнемі жемісті бола бермесіне, Осман-
түрік əдебиетінен мысал келтіреді. “Басқалардан үлгі алып еліктеу
ғатманларда (осман-түрік. Ө.Ə.) күшейгені сонша, бір сыншының
айтуынша, ескі Бизанис (Византия. Ө.Ə.) бағында серуендеп жүрген
Иран қызына ұқсап қалды”.
Неліктен Европа əдебиетінен үлгі алу керек екендігіне мақала
авторы мынандай дəлел ұсынады: “Өйткені Европа мəдениетінің
бар асылы – рух сыны – дух критицизма; Бұл бізді жүре алмай-
тын түйыққа, шыға алмайтын шыңырауға алып кетпес. Еліктеуіміз
өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны бізді жана көзімізді ашып,
қатамызды көрсетер. Абай əдебиетіміздің атасы бұл жолдың
қорқынышсыз, біздің үшін пайдалы екендігін сезіп, сол жолға
бұрылды. Əйтпесе, Абай үшін ғараб, ғажам /парсы. – Ө.Ə./ жолы да
ашық еді”.
Автор өзге əдебиетке еліктей отырып, өзіндік негізді сақтау керек-
тігін, ол үшін ұлт əдебиетіне нендей нəрселер қажеттігін айқындайды.
“Ұлт əдебиетін майданға шығармақ үшін ең əуелі өз тұрмысымызды
білмегіміз, үйренбегіміз, һəм халық аузындағы əдебиетімізді жиып,
бір тəртіпке, белгілі сарынға салмағымыз, өз жұртымызды һəр жақтан
білмегіміз керек”, – деп, халық өмірін жетік білуге шақырады. Со-
нымен қатар бұнда əдебиеттің теориялық мəселелері де сөз бола-
ды. Автор əдеби шығарманың шындықты өмірді көрсетуін, сонда
ғана оның ұлттық сипаты айқынырақ таныларын тұжырымдай ай-
тады: “…əдебиет əр қашан тұрмыспен айрылмай қол ұстасып бірге
кетсін. Тұрмыстың һəрбір сазына əдебиет жаңғырық-саз қайтарсын,
халықтың һəрбір қайғысын əдебиет айнадай көрсетсін. Сөздің
қысқасы əдебиет тұрмыспен берік байлаулы болсын”.
“Əдебиетімізге көз салу” қазақ əдебиетінің келешекте жүрер жо-
лын саралай келіп, əдебиет турасындағы “Қазақ” газетінің ұстанған
бағытын көрсетуге тырысқан мақала болғандықтан, бағдарламалық
міндет атқарып, əдебиеттің өрлеу, өсу, даму жолын айқындап,
ұлттық дəстүрін сақтап, жаңашылдығын арттыруға жөн сілтегендей
мақсатта жазылған.
Жалпы алғанда, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті бетіндегі
əдебиетке қатысты материалдар қазақ əдебиетін қай қырынан сөз
етпесін, төл əдебиетіміздің ұлттық табиғатын жоғалтпай, өзіндік
болмысын сақтауын көздегені, əдеби шығармаларды бостандық пен
азаттықтың шамшырағына айналдыруға талаптанғаны сөзсіз.
79
Көркем туынды мен оқырман арасын жалғастырушы болған
“Айқап” пен “Қазақ” əрбір жаңадан жарияланған шығармалар
мен кітаптарға үнемі ой-пікірін білдіріп отырды. Жекелеген жанр
ерекшелігін қалың оқырманға түсіндіруге асықты. Əдеби танымның,
əдебиеттанудың іргетасы осы мақалаларда қаланғаны шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |