Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан
Батырым, ондай жанға көңіл берме.
169
Осы бір ғана штрихта тылсым сыр жатқандай, “биік қабақ, сұрлау
қыз” өзіне ынтықтырып, үнемі тартып тұрады. Еңліктің портреті
оқиғаның өрбуіне орай, біртіндеп айқындала түседі. Оның сыртқы
тұлғасы, бітімі ауыз əдебиеті жырлары үлгісіндегі əсірелеулерден
аулақ. Ақын оның сырт сымбатын тəптіштеп суреттеуге де бармай-
ды. Өйткені, ақын ұғымынша Еңлік Кебекті сыртқы сұлулығымен
емес, ақыл-ойының кемелдігімен, ерге тəн батылдығымен, өз
құрбыларынан өзгеше болмыс-бітімімен сүйіндіреді.
Танысқанның ертесінде-ақ Кебек өз тағдырын Еңлік жолына
арнауға берік байлам жасайды. Бұл – тереңнен толғап шешкен ба-
тыл шешім. Кебектің өжеттігінің, қайсарлығының, батырлығының
алғашқы танылар тұсы да осы. Шəкəрім оны қайта-қайта тəптіштеп,
сан қайталап айтып жатпайды, Кебектің бірауыз сөзбен берілер
шешімімен бекітіп тастайды.
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде,
Өлім көрмей тұра ма туған пенде,
Қарап жүріп, қаңғырып басқа өлгенше,
Еңлік үшін өлгеннің қапысы не!…
Кебек сынды Еңлік те оқырманды өзіне сыртқы пішінімен емес,
ішкі жан дүниесімен тартады. Оның бар істің бастауында тұруы, ба-
тыл іс-əрекеті, бір шешімді жан екендігі осы ішкі жан-дүниені ашу
арқылы дəлелденеді.
Шəкəрім “Еңлік-Кебек” арқылы қазақ поэзиясындағы психоло-
гиялық поэманың негізін қалады. Бұл, əсіресе, Еңлік бейнесі арқылы
өз иірімін тауып жатады.
Өз тағдырының таңдауын таба алмай жүрген Еңлік Кебек-
пен кездескен сəтте-ақ берік байлам жасап, нақты шешімге
келеді. Ақылды қыз өз бақыты да, қасіреті де құдай айдап кез
келтірген осы батыр жігіттің қолында екенін көкірек көзімен
көріп, жүрек пернесімен сезінеді. Сондықтан да тағдыр тартқан
сыйдан айырылмауға ұмтылады. Қазақ салтында жоқ əрекетке
барып, жігітке өзі сөз салады. Бұл батыл əрекет Кебекті жеңіл
ойға жетелегенмен, Еңлік өз шешімінің шын астарын жай-
ып салғанда, аңқау батырдың асау сезімін ноқталап тастайды.
Еңліктің алғашқыда өрескел көрінер қадамының психологиялық
дəлелдеулері өте нанымды.
170
– Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай,
Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.
Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,
Əдепсіз қыз дейсің ғой əлде қандай.
Өз əлімше сынадым мен де сені,
Сен қалай деп ойладың, айтшы мені?
Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда,
Кез болмаса өзінің сүйер теңі?
Еңлікті əлгіндей əрекетке итермелеген “көрсеқызарлық” емес,
өзінің бостандығын, азаттығын, адами еркіндігін қорғау жолында
қандай қиындық болса да, қарсы тұру ниетінен туған түпкілікті
тұжырым. Себебі:
Рас, құдай жазбаса бітпес жұмыс,
Сүйтсе де бізге міндет талап пен іс.
Əрекетсіз отырмақ дұрыс болса,
Неге берген аяқ-қол, тіл менен тіс?
...Талап қылмай бола ма құтылуға,
Оттан қашып, кірсем де терең суға.
Пəледен машайық та қашқан жоқ па,
Қайтіп разы болайын берген уға?
Міне, Еңлік бойындағы күресшілдік рухтың психологиялық
дəлелі осында жатыр. Еңлік – тағдырдың ағысына қарсы жүзген
жан. Ол – Кебек батырдың алғашқы сəттегі шолақ ойдан туған ар-
зан ойынының құлы емес, керісінше кеудесіне нан піскен, кердең
жігіттің өмірді өзгеше түсініп, сезімнің ұлы күшін мойындатуға бет
бұруына жөн сілтеуші. Яғни ақылына жолбасшы, сезіміне көшбасшы.
Осы түннен екі жастың тағдыры өзгеше бір арнаға бет бұрады. Бұл
поэмадағы Еңлік жасар ерліктің алғашқысы еді. Бойындағы қыз балаға
тəн ұяңдықты еркіндігі үшін жеңдіріп, батыл қадам жасаған Еңлік енді
ештеңеден жасқанбасы анық. Міне осыдан бастап рет-ретімен Еңлік
табиғаты ашыла береді. Оқиға өрбуінің əрбір жаңа өріске бет бұруы
Еңлік бейнесін толықтырып, жаңа қырларын ашып отырады. Екі
ғашықтың елсіз тауға қашуы да осы Еңліктің бастауымен іске асады.
Бұл Еңлік бойындағы қайсарлықтың екінші көрінісі еді.
171
Түнеугі айтқан уағда қайда,
Кел кетелік, кідірмей осындайда.
Азық-түлік, киерлік киімдерім,
Дайындап əкеп қойдым, мына сайда.
Шəкəрім сомдаған Еңлік бейнесіне тəн күрескерлік қасиеттің
көрініс табар үшінші бір тұсы – қолға түскен сəттегі жаулары-
нан саспай, өлімді қаймықпай, қасқайып қарсы алуы. Тағдырдың
салғанына көнбей, бас азаттығы жолындағы күреске бет қойған
Еңлік езбен өткізген өмірден, сүйгенімен қатар жатар өлімді артық
санайды. Сондықтан да қорқу, жауына жалбарынып, жалыну
секілді сезімдер Еңлік бойынан табылмайды. Ол “өлердегі тілек бар
еді еді ғой, құдай үшін, берсеңдер мен сұрайын” деп, өзін өлімге
қиған қаныпезерлер үкімін жасқанбай да жасымай қабыл алады.
Осы соңғы эпизод Еңлік бейнесін сомдауда Шəкəрімдей ақынның
кейіпкерінің ішкі бітімін ашу арқылы тұтас тұлғасын жасауға
ұмтылатындығының бір көрінісі.
Кебекпен мені азғана араздастыр,
Өлген соң бірге қосып таспен бастыр.
Мына бала – Тобықты баласы ғой,
Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр.
Осынау үш тілекте Еңлік бейнесіне тəн бүкіл болмыс көрініс
тапқан. Діні қатты надан жұрттың алдында сүйгенімен қоштасуға
рұқсат сұрау – ғашықтар қасіретінің қоғамдағы қасіретпен
ұштастығын, істеліп жатқан істің əділетсіздігін, ерлік пен сезімді
серік еткен екі жастың биік махаббатын көре алмайтын қоғамдық
көрсоқырлықты танытады. Ақын үшін “Қоштасу” аяныш сезімін
туғызу əрекеті емес, кейіпкерлері бойындағы ұлы сезімнің тобырдың
тоң боп қатқан топастығынан жоғары екендігін дəлелдеу. Таразының
бір басында түсініксіз жұрт, екіншісінде өз бақыты жолындағы күрес
өлімге əкелген қос мұңлық. Көз алдыңызға бейне бір тастан қашап
салғандай қасіретке толы сурет келеді. Екінші тілек – Еңлік айтқан
таспен бастыру өздеріне өздері ескерткіш қоюдың белгісі еді. Мұны
да Шəкəрім Еңлік аузымен айтқызады. Сол таспен бастырудың
арқасында “Еңлік-Кебек моласы бүгінде бар, Таймақ пен Ералының
арасында”. Егер Еңлік айтпаса надан жұрт қос ғашықтың белгісін
қалдырар ма еді, жоқпа, кім білген?!
172
Yшінші тілек – Еңліктің аналық борышты терең түсінген,
өзінің емес, ұрпақ қамын ойлайтын ұлы тілектің адамы екенінің
белгісі. Ғашығымен бірге өлуге мақұл болса да, ізінің жоғалмауын,
ұрпағының аман болуын, өмірінің жалғасы үзіліп қалмауын тілеген
Еңліктің аналық сезімі асқақ та биік. Махаббат еркіндігін аңсап,
қайғылы халге ұшыраған ғашықтар трагедиясын арқау етіп поэма
жазған Шəкəрімнің ой түйер түйіні де осы үш тілектен өріс тауып
жатады. Поэманы тұтастырып тұрған үш таған – өз бақыты жо-
лында күрескен жастардың ерлігін жырлау, кіршіксіз таза махаббат
иелерін ел есінде мəңгі қалдыру, ертеңгі ұрпақтың қамын ойлау.
Бір сөзбен айтқанда, “Еңлік-Кебек” поэмасы өткен тарихи
оқиғаға өзіндік көзқарасымен, кейіпкерлерін жаңаша сомдауымен,
көркем тілімен қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, поэма жан-
рын дамытудағы Шəкəрім ақынның ең үлкен табысының бірі болып
табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |