11-тапсырма. Келтірілген үзіндіден көркем стильге тән
тілдік белгілерді тауып, талдау жасаңыз. Сол мазмұнды
ауызекі сөйлеу тілі арқылы айтып көріңіз де, көркем әде-
биет стилінің өзіндік ерекшеліктерін айқындап көрсетіңіз.
Ал енді әкесінің Қызыл Жебе мініп отырғандағы келбетін
көріп, Тұрардың төбесі көкке жеткендей, аспандағы жұлдызды
қолымен ұстап тұрғандай болды. Қызыл тұлпардың үстіне құ-
рыш қыран қонғандай әдемі сурет жас баланың жанын әлди-
лейді. Рысқұл садақпен атылған қызыл жебенің құрыш ұшындай
болып барып, айтулы палуан Мақаштың тастай тақымын тал-
қандап, көкпарды тартып алғанда Тұрар бұл өмірдің додалы
көкпар екенін, күреспесе, алыспаса адам өз сыбағасынан, бәлкім
бақытынан адасып қалатынын бала көңілмен, көмескілеу болса
да аңлады. Егер әлгіде Рысқұл көп көрерменнің бірі болып,
бұғып тұра берсе, мақтанышқа мастықтан Мақаштың екі көзінің
еті өсіп, есіріп кетер еді» (Ш.Мұртаза).
12-тапсырма. Келтірілген көркем мәтіннен автордың
стильдік мәнерін айқындайтын ерекшеліктерді тауып, тал-
дау жасаңыз.
Мені бұлар қарақшы, адам өлтіруші, қанішер дейді. Тым
болмаса Тұрар білсін шындықты. Қарақшы кім? Қанішер кім?
Жер бетінде қарақшы аз ба? Әне, соның қайсы бірін
Түркістанның генерал-губернаторы өзі қадағалап, тергеу
барысын дүрбімен қарап отыр? Ол ол ма, Приходько мырзаның
бір «көңілі түсіп» айтып кеткеніне қарағанда, «Жылқайдаров
Рысқұлдың ісі» туралы Түркістан генерал-губернаторы сонау
Петербургтегі патшаның соғыс министріне ақпар айтып, ақыл-
дасуға мәжбүр болыпты. Көрдің бе, Тұрар, қай қазақтың ісін
патша-ағзамның министрі тікелей өзі қарап еді? «Барып кел,
шауып келмен» күн кешкен кәдімгі барымташы, қарақшы болса,
онымен құдыретті өкімет өстіп тәжікелесіп жатар ма?
(Ш.Мұртаза).
13-тапсырма. Мәтінді оқып, қандай стильде жазылға-
нын анықтаңыз. Стильдік талдау жасаңыз.
Елорданы Алматыдан Сарыарқаның сайын даласында
орналасқан ежелгі Ақмола жеріне көшіру жөніндегі талай-талай
керағар пікірлерге қарсы тұрған мемлекет басшысының ел
ертеңін аса кемеңгерлікпен ойлағанын бүгінде нұр жайнаған
әсем Астанаға, келбетті кербез шаһарға айналған қазіргі бас
қалаға қарап бағалауға болады. Оның сыртқы тұлғасы күн
сайын өзгеріп, түрленіп келеді. Аз уақыттың ішінде бой көтер-
ген өнер, ғылым және білім ошақтары бұл күндері халық игілі-
гіне қалтқысыз қызмет көрсетіп, еліміздің өркениетті дамуына
өз үлестерін қосуда.
Расында, қазірде бас қаланың дамуына әлем көз тігіп
отыр. ЮНЕСКО-ның 1999 жылғы 16 шілдедегі шешімімен
«Бейбітшілік қаласы» деген атқа ие болған Астана осындағы
татулық пен ұлттар арасындағы достықтың арқасында айдай
әлемге танылды. Жаңаша қарқынмен қарыштай бой көтерген
құрылыс нысандарымен ғана емес, соңғы технологиялар не-
гізінде салынып жатқан әсем гүлзарларымен, аллеяларымен, кең
де көрікті көшелерімен, таза аулаларымен сырттан келушілердің
назарларына ілініп, шетелдіктерді таң қалдырған бас қалада
өмір сүріп, еңбек етудің өзі – бақыт (Газеттен).
14-тапсырма. Төменде берілген мәтінді негізге ала оты-
рып, көркем әдебиет стилі – көпстильділік құбылыс дегенге
түсінік беріңіз.
Сөйлеу кезегі менікі еді, мен неден бастарымды таба
алмай тұрғанда уақыт өте берсе керек, сөзді естиярлау Ержан
бастап кетті. Мен оған алғыс көзіммен бір қарадым да шегіне
бердім. Мен бұл кезімде сондай болатынмын...
- Шешей! - деп бастады Ержан. Өзі қартаң басқан әйелге
шешей деп қартайта сөйлемей, апай деп жасарта сөйлеу керек
еді деп ойладым мен. Ең болмаса, жеңеше демес пе!
- Шешей,
біз арнаулы мемлекеттік жұмыстармен
Орынбордан Керекуге келе жатқан студенттер едік. Ең
алдымен...
Әйел оның сөзін бөліп жіберді:
- Бұл – қонақ түсетін үй емес,- деді үзілді-кесілді.
Ержан да бөгелген жоқ.
- Ең алдымен, сіздің үйге кездескенімізге қуанып тұрмыз.
Өйткені...
Оның қуанғанына әйелдің іші жібімеген екен:
- Қуанып тұрғандай, бұл үйде не нағашың, не жиеніңді
көріп тұрған жоқ шығарсыңдар! Көз барда сол нағашыларыңды
тауып алғандарың дұрыс болар! - деп, өзі шыққан есікті қат-
тырақ жауып жіберді.
Ержанның батылдығы әлі мойрылған жоқ екен. Тағы
сөйлеп кетті:
- Өйткені, шешей, Қазақстан қызыл тулы ел болып, өзінің
экономикалық байлығын, ұлттық, рухани байлықтарын жаңа
жинап жатқан дәуірінде, - дей берді де, тілі байланғандай оқыс
тоқталып қалды... (Ғ.Мүсірепов).
15-тапсырма.
Көркем мәтіннен стилистикалық нор-
маға тән белгілерді тауып, талдау жүргізіңіз. Сол мазмұнды
ауызекі сөйлеу тілі арқылы айтып көріңіз де, көркем
әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктерін айқындап көрсе-
тіңіз.
Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлы таудың бөктерінде кеш-
тің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып ба-
рады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт
тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай
бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен
үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті – қалың таудың іші.
Күнбатыста алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп
жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр.
Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қарабарқын тартып қараң-
ғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген
иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бір сөніп,
бір жанып өтіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай
жарығымен күңгірт даланы әлденеге үміттендіріп тұрған сияқ-
ты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, сал-
быраған шерлі күйді қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте
болса да, сұлу тілді сүйгендей, іздегендей еді. Мәңгі мұңлы-
шермен үзіліп-үзіліп соққан желмен бірге жүректі ақырын-
ақырын шымшығандай еді. Сол кезде иесіздікте жүдеу тартып,
ұйқыға батып бара жатқан даланы әнші жігіттің зар-мұңлы
даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән сал-
қын түсті табиғат ортасында желікті қызықты еске түсірмей,
ұлы бір сабырды еске түсіргендей. Ән салған жігіттер таби-
ғатпен жалғасатын тіл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлат-
қан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кіріп келе
жатты... (М.Әуезов).
III ЛЕКСИКА-ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ СТИЛИСТИКА
1-тапсырма. Мәтіннен эмоционалды-экспрессивті мән
туғызудағы сөздер мен тіркестерді тауып, бейнелілік сипа-
тына талдау жасаңыз.
Туған баласының алдында беделі жоқ әке сорлы.
Рысқұлдың бағы бар. Тұрар оны пайғамбардай сыйлайды. Жер
бауырлаған жеті жасар бала не біледі дейтіндердің соры қалың.
«Әке көрген оқ жонар» болса, сол жеті жастағы жеткіншек
Тұрар туған әкесінің турашылдығын, күштіден күбіжіктемейтін,
мықтыдан ықпайтын тәкаппарлығын, жарлымын деп жасымай-
тын жігерін көріп өсті. Тұрар үшін Рысқұл ер біткеннің ішіндегі
одағай оқ жетпесі...
Аспандағы ай мен жұлдыздар төбеден төніп, бәрін
көріп, бәрін байқап тұрған сияқты. Рысқұлға кінәлай қарайтын
тәрізді. Рысқұл білмейтін алдағы сұмдықты ай мен жұлдыздар
сезіп, секем алып: – Әттеген-ай, бекер болды-ау, – деп үндері
жоқ, тек іштен тынып қалғандай. Талғардың мұз дулыға киген
жеті шыңы қабағына қырау қатқан батырлардай сұсты. Айнала
төңіректің жауығуынан Рысқұл жабыққан. «Осым не далбаса?»
– деп налыған. Жүйрікті қолға түсіру әу баста қызық та сияқты
еді. Қиын әрекеттің өз қызығы, желігі бар. Соған қол жеткен
соң, ақыл кіріп, желік қайтып, көңілдің құлазыған кезі еді бұл
(Ш.Мұртаза).
2-тапсырма. Мағыналық-стильдік бояуына қарай лек-
сикалық сөздерді (кітаби, бейтарап, эмоционалды-экспрес-
сивті) топқа бөліп, әрқайсысына мысалдар тауып жазыңыз.
3-тапсырма. Сөйлемдерден синонимдерді тауып, кон-
текстегі стильдік бояуына, қолданысына талдау жасаңыз.
Үнсіз далада жинала берген ойлар, әсіресе өз тірлік-
теріне байланысты туып, өсіп-өрбіп жататын ойлар айты-
луды керек ететін сияқты; Бұл кездегі жиналыстың бір де
бірі айқайсыз, шусыз өткен емес; Манағы ұрыс-керістің у-
шуы басылған соң, шешесінің іргесіне келіп жата қойып
еді, таң атқанша ұйықтай алмады; Қаланы қапталдай орап,
мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман. Астан-кестен;
Өңінде емес, түсінде әлденеменеге малтығып, қозғалыс-қи-
мылың өнімсіз, ділгір бір халге түскендейсің; Ашу, азап,
қайғы, мұң, қорқу-қобалжу, мою дегендер есіме де келген
емес (Ғ.Мүсірепов). Ғазизаның ұяң, жұмсақ қарайтын қара
көзінде және ылғи шытынған, кірбеңдеген қабағында қалың
уайымның салған ізі бар; Мұңлы кемпірдің шер-уайыммен
сарғайған жүзі анық көрінеді; Өзен кейде тура ағып, кейде
иіріліп, бұраң-шимай жасайды (М.Әуезов). Сондықтан аталас
ағайын іргелерін тым алшақ ұстамай, қанаттас, қатарлас қон-
ғаны мақұл (Қ.Жұмаділов). Көзіме жас бер, жылайын, Сабыр
бер, шыдам қылайын. Адам баласы жылап туады, кейіп өледі
(Абай). Бұлар орыстарға жаны ашып, бүйрегі бұрып, бауыры
езіліп бара жатқан жоқ (К.Смайылов).
4-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдердегі көп нүктенің
орнына қажетті компоненттерін тауып, жалғастырып жазы-
ңыз. Көркемдік құрал ретіндегі антонимдердің қолданы-
сына назар аударыңыз.
1.Ер бір рет өледі, ... 2. Көз қорқақ, ... 3. Аздың азаншысы
болғанша, ... 4. Ұрыстың арты – реніш, ... 5. Ашу – дұшпан, ...
6. Қайғы қартайтады, ... 7. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер,
...8. Аз сөйле, ...9. Ердің жақсысы елімен ойласады, ...10.Тәтті
өтіріктен.... артық. 11. Мал аласы сыртында, ... 12. Қорлық
өмірден ... 13. Тоқтығында жараспаған ... .
5-тапсырма.
Мысалдардан антоним сөздер мен
оксюморондарды ажыратып тауып, олардың қолданылу
мәнін түсіндіріңіз.
1.Босағасы кең еді, төрде орын тар. Төрде жалғыз отырмақ
ойында бар (Абай). 2.Жақсы даудан жаман бітім артық(Мақал).
3.Өлі-тірісін берген соң өлі күйеу жата ма? – деп өзің қалайсың?
(М.Әуезов). 4.Ойланса – артын ойламай, алдын ойлауы көбейді
(М.Әуезов). 5.Барактағы тірі өліктермен тез қоштасып, шұба-
тылып шықтық (С.Сейфуллин). 6.Тәтті өтіріктен ащы шындық
артық (Мақал).
6-тапсырма. Мына сөйлемдерден каламбур тудыру-
дағы омонимдердің стилистикалық қызметіне талдау
жасаңыз.
1.Жандай сүйген Ақсаусақ, Жалғыз ба, қазір байлы ма?
Жаманатын жат елге, Жайды ойламай жайды ма? ( Б.Майлин.)
2.Қалқам,
жаным,
қарағым,
Бетіңе
келмес
қарағым
(С.Торайғыров). 3.Махаббаттың соңғы жыры – үйлену, Күйеу
болып, келін болып үйге ену (Қ.Мырза Әлі). 4.Аяғыңа қарамай,
Басып алдың қара май (М.Әлімбаев). 5.Тамақтан өткеннің бәрі
тамақ (Мақал). 6....Диплом алып жұрттан бұрын, Елге қайтты
Сырттан біздің. Аты да Сырттан, емтиханы да сырттан, Айыр-
машылығы сол жұрттан (А.Тоқмағамбетов).
7-тапсырма. Төмендегі вариант сөздерден сөйлем құ-
растырып, олардың қолданыстағы стильдік реңк-бояула-
рына назар аударыңыз.
Дабыр – дабыра, заман – замана, еңбеккер – еңбекші, егін-
ші – диқан, жазушы – қаламгер, суреткер, конституция – Ата
заң, президент – Елбасы.
8-тапсырма. Мәтін үзінділерінен көнерген сөздердің
жұмсалу ерекшеліктеріне талдау жүргізіңіз.
…1588 жылы наурыз туып, қар сөгіле бастағанда Шығыс
Дешті қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, шұғыл
шақыруымен киіз туырлықты қазақ ұлына хүкім жүргізуші
қасқа жайсаң атаулы Қаратаудың терістігіндегі Созақ қаласына
құрылтайға жиналды. Бұл — төңіректің төрт бұрышына түгел
қылыш сермеген Хақ-Назар хан шахид болғалы өткізілмек ең
үлкен кеңес еді, ұлыстарды ұстап отырған ақсүйек атаулы —
сұлтан мен оғлан түгел келді. Бұлардың ішінде өз ұлысына хан
болғысы келген қырыс төрелер де бар еді.
...Отыз мың аламан өлген ойранды ұрысты ұмыттыңдар
ма? Елу мың аламан өлген сойқанды соғысты ұмыттыңдар ма?
Жиырма жылда оңалдың, қырық жылда қайтадан қара нор қол
құрадың. Өшкенің жанды, бірақ өлгенің – тірілгені, кәне... (сон-
дықтан) соғыстан басқа амалын қараңдар. Ойлаңдар, табыңдар!
– деді (М.Мағауин).
Әйтеке би:
– Тегің сұлтан. Басың жас. Көрерің алда. Жігіттің есі
кіретін тұсқа енді жеттің. Алаштың алмағайып заманы таусыл-
мас. Төренің бағы – қарашының қайраты. Қарымдыдан құрдас
жиғаның жөн екен...(Ә.Кекілбаев).
9-тапсырма. Көркем мәтіннен кейіпкер тіліндегі диа-
лектілік бірліктердің қолданысына назар аударыңыз, стиль-
дік қызметін ашып көрсетіңіз.
Дәт ақсақал:
– Бөтен жақтың аты-жөніңді білмес, ажарыңды танымас
адамымен кәйтіп саудаласып, қол соғысып жүресін, Мағаш
шырақ. Жасың кіші інім екен екенсің, Абайдың баласына ба-
зардан ат іздетіп жүрмей-ақ қоялық. Бұ яқтағы ел де Абайдың
елі. Жатын емес, жақының. Аттың орайын Әбсәметтің үйіне ба-
рып табамыз. Жүрелі!
Жамбыл Мағаш бәйгіге қосқан Торжорғаға сүйсініп:
– Табанынан жарылған жануар-ай! – деп екі қолын жұ-
дырығын түйе созып көрсетіп. – Айызыңды қандырды-ау!
Алматының төресі мен қарасы, шоқы мен шорасы сүйсінгеннен
таңдай қақты. Шұлғып қалды ғой мүлдем. Атама, әкем тегі.
Әмісе жолың боғай-ақ та. Жақсы ағаның баласы екесің. Атаң да
жақсы, атың да жақсы босын десем, десемдей екесің, Мағаш
мырза! (М.Әуезов).
10-тапсырма. Сөйлемдерден дәстүрлі фразеологизм-
дердің стильдік мақсатпен ауыстырылған нұсқаларын та-
уып, себебін түсіндіріңіз.
Қабақ қаққандай бір оқыс әрекет ішінде сол уақиғаны өзі
де көргендей болды (М.Ә.). Олай болса кірпік қағымда өте
шығатын қысқа өмірде жан сезімін, ар-ұятты адал сақтай
білгенге не жетсін! (С.Ә.). Жылаған Байдалы, Байсалдарды көр-
генде, Абайдың сай сүйегі босап кетті. Аттан түсе бере шын
аяныш жасын төгіп еңіреп жіберді (М.Ә.). – «Жолы болар жі-
гіттің жолдасы алдынан шықсын» деген, Тілешжан, жақсы кел-
дің, төрлет. Осы тойды өткеріп қайт...(С.Ә.). Оның мынадай мі-
незі менің балақтағы жынымды басыма шығарды (Ғ.М.). Татар
жазушылары бізге төбесімен жүріп қызмет қылды (Т.Ахт.).
Кешелі бері мұнда ТМД мемлекеттерінің басшылары ат басын
тіреп, үзеңгі суытып үлгерді (ЕҚ).
11-тапсырма. Төмендегі үзінділерден фразеологиялық
тіркестердің стильдік жұмсалу ерекшеліктерін ашып көр-
сетіңіз.
..Айналасы тай шаптырым базардың шетіндегі ұзыннан
ұзақ мама ағашқа базаршылардың аттары байланады. Әуелі
Тұрар солардың арасынан Қырғызбай атасының тобылғы торы,
жырық құлақ атын іздеді. Қойдан жуас, шабысқа жоқ, бірақ
жүрісі жайлы жануар. Мал иесіне тартады деген рас шығар,
мимырт жүрісі Қырғызбайдың алқын-жұлқынсыз, шықпа жа-
ным шықпа тіршілігіне ұқсайды.
Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң деп
мейірім білдірді, Баяғыдай ақиланбай, байсал танытады. Жат
жарылқамас, өзің өлтірмес, басқаңды былай қойғанда, алдыма
айыптымын деп келсе, Рысқұлды да кешер едім. Есіл ер ақыры
түрмеде шіритін болған екен (Ш.Мұртаза).
IV. ГРАММАТИКАЛЫҚ СТИЛИСТИКА
1-тапсырма. Мәтіннен қандай морфологиялық тұлға-
лардың (сөз таптарының) стильдік мақсатта қолданылып
тұрғанын анықтап, қайталаудағы мәнін ашып түсіндіріңіз.
Қап-қараңғы айсыз түн түсті. Бұлттарды қызғылтым нұрға
малынған күннің ақырғы сәулесі әдемі түстен ада болды. Жан-
жақтан таулар түксиді.
Тек шеткі қара күркеден бір кезде:
-Арманда кеткен асылым-ау! Кімге де барып айтамын-ау,
ойбай! – деп булыға шыққан үн естілді.
Бердіқұлдың жесірі. Кісісі өлген үйде бір жеті бойы от
жағылмас, түтін түтетілмес. Ол үйдің қаралы жандарына
жақындары, ағайын-ауылдастары ас пісіріп апарар. Ал, бүгін бір
ғана Бердіқұлдың үйінде емес, бүкіл Алсайдың жиырма түтіні
бірдей тұтанбады. Мына тымырайған түн кең дүниені тарылтып,
жер-жиһанды жұтып жіберіп, көгілдір көлді, қызыл маржан
толқыған егін жайды, тәкаппар тауларды, жасыл аймақтарды
көзден тасалады. Қараңғы түн. Түнде жорыққа қорқаулар шы-
ғады. Ал, қараңғы түнде қара күркеден жас жесірдің жоқтау ай-
тып жылаған үні естілгенде қанша қорқау болса да, бұл қаралы
ауылға ешкім шаба қоймас-ау! (Ш.Мұртаза).
2-тапсырма. Морфологиялық тұлғалардың жеке стиль
түрлеріне қатысын, бейімділігін бірқатар мысалдар келтіре
отырып анықтаңыз.
3-тапсырма. Мәтіндегі зат есімдердің, оның тұлғала-
рының стильдік қолданысына, кейбір сөздердің қайталанып
жұмсалуына назар аударып, талдау жасаңыз.
Қасқыр затын адамдар жек көреді. Көбі қорқады, тіптен
бәрі қорқады. Малын жеп қояды, содан өштеседі, Ал адам мал
жемей ме? Жейді. Оны ешкім күстаналамайды. Қасқырдың
адамнан өзгешелігі адам бәрін жей береді. Шөп-шаламды да
азық қылады. Тіпті бақа-шаян жейтін де ел бар. Ал қасқыр шөп
жей алмайды. Тек емдік үшін өте сирек дәру шөптерді қажағаны
болмаса, шөп атаулыны аузына алмайды. Ал әлдеқалай ауырса -
тек асыл тамырды ғана татады. Өзін-өзі емдемесе, қасқырды кім
емдейді. Табиғат солай жаратқан. Қасқыр тек етпен ғана қорек-
тенеді. Су ішеді. Арақ ішпейді. Ол құдайдан шекер мен бал
сұрап жатқан жоқ. Ананас пен банан талап етпейді. Оның бәрі
адамдардың ермегі. Қасқыр адамдар сияқты тойымсыз, тауфиқ-
сыз емес. Бөрі баласын жұрт «қорқау, қомағай» деп ғайбат-
тайды. Қомағайлық, қорқаулық алдымен адамға тән. ...Дүние-
нің жаратылысында жазық жоқ, мүкісі жоқ, Дүниені бүлдіретін
– өзіміз. Ең ақылды жаратылған адам баласына мүмкіндікті мо-
лынан береді. Өз санасын өзі улап, ойын былғап, ақылын ай-
уандық іске жұмсап, құрдымға жол ашқан пенденің өзі емес пе?!
(Ш.Мұртаза).
4-тапсырма. Төменде берілген сөйлемдерден көптік
тұлғалы сөздерді тауып, қолданыстағы стильдік бояуына
назар аударыңыз.
ТМД елдерінің басшылары ашық сулар жөніндегі уағ-
даластыққа қол қойды (Газеттен). Ышқынған қабақтар шыты-
нап қалып, олар қараған көздер өңменіңнен өтердей жарқ етіп
қалады (Ғ.Мүсірепов). Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кісісі.
Кешелер ол да Құнанбаймен араз кісінің бірі еді (М.Әуезов).
Ерінің оңашалық шағын бұзбас үшін Әйгерім бүгіндер көп
бөгде кісіні бұл үйге кіргізбеген (М.Әуезов). ...Парсы, түркі ті-
ліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-
ды (М.Әуезов). Барлық сүюлердің ішіндегі бұның іздеген ши-
пасы осы екен (М.Әуезов). Егеменді елдің ілгерілеулеріне, даму-
ларына зор үлес қоса алатын жас ұрпақты тәрбиелеп өсіру –
біздің парызымыз (Егемен Қазақстан). Ұстаздар емтихан ал-
дында өз шәкірттерімен әңгімелесулер өткізеді (Жас алаш).
Қазір әлем жұртшылығы Астанадағы және Мәскеудегі кездесу-
лерге өз бағасын беріп отыр (Егемен Қазақстан). Өткен ғасыр-
дың басында Абайынан айырылып, ақылынан жаңылып, аб-
дырап қалған қазақ халқына осындағы баяғыдан айдынды шалқар
көлдерді жағалап, қарағайы мен қайыңы көп қалың тоғай-
ларды саялап, айқаста бағын асырып, айтыста ойын асырып, ән
мен жырда бәсеке мен бәйгенің алдын бермей үйренген арынды
да дарынды қауым үш бірдей сөз дүлдүлін, үш бірдей рух
сардарын сыйлапты (Ә.Кекілбаев).
5-тапсырма. Мәтіннен сын есімдерді тауып, олардың
контекстегі қайталанып жұмсалу ерекшеліктерін ашып көр-
сетіңіз.
Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл.
Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұр-
ланып, қызыл торғынның түсіндей болып тұр. Күнге жақын
тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған
темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлттар-
дың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұрдың
буын ғана жалатқандай. Қызғылт сәулесін дүниеге жайып
тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. Берірек
тұрған аз ғана ала шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне перде
болған жоқ. Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауы-
рында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу бо-
расындатып тұр. Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз
өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн ас-
тынан қызғылттанып көрінеді(М.Әуезов).
6-тапсырма. Төменде берілген синонимдес сын есім-
дердің стильдік бояуын анықтап, қандай сөздермен тіркесіп,
қалай қолданылатынына тілдік деректер келтіре отырып
дәлелдеңіз.
1. Атақты, даңқты, айтулы, әйгілі, көрнекті, танымал,
мәшһүр, мақтаулы.
2. Үлкен, зор, ірі, орасан, дәу, дырау, дөкей, ұлы, әйдік,
нән, шоң.
3. Қадірлі, құрметті, қымбатты, қадірменді, әзіз, қастерлі,
қалаулы, сүйікті, ғазиз, әспетті.
4. Көлемді, қомақты, ауқымды, аумақты, өрелі.
5. Мықты, берік, бекем, мызғымас, мелжемді.
6. Парасатты, ұлағатты, салауатты, көшелі, парықты,
ойлы.
|