М.Қанабекова


 Күрделі синтаксистік тұтастықтың қолданысы



Pdf көрінісі
бет14/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21

 
4.2.3. Күрделі синтаксистік тұтастықтың қолданысы 
 
Күрделі  синтаксистік  тұтастық  –    стильдік  тәсіл  ретінде 
көркем  шығармалар  жүйесінде  жиі  орын  алады.  Синтаксистік 
тұтастық –  бірнеше сөйлемдер тізбегінен жасалып, мағыналық 
және  құрылымдық  жағынан  тұйықталған,  белгілі  бір  күрделі 
ойдың төңірегінде топтасып тұратын синтаксистік бірлік. Яғни, 
бірнеше  сөйлемдердің  тіркесуі  арқылы  тиянақты  ойды  білдіре-
тін  синтаксистік-стильдік  категория.  Күрделі  синтаксистік  тұ-
тастықтың  құрамында  келген  әрбір  сөйлемнің  мән-мағынасы, 

экспрессивтік бояуы, ырғақтық-интонациялық құрылымы мәтін 
ішінде айқындала түседі. Ғалым М.Серғалиев
3
    күрделі  синтак-
систік  тұтастық  категориясына  тән  негізгі  үш  белгілерді  атап 
көрсетеді: мағыналық бірлік (бұл бірлікке ие болған сөйлемдер 
негізгі  бір  ой  төңірегінде  топталады),  синтаксистік  бірлік  (құ-
рамындағы  сөйлемдердің  өзара  тығыз  байланысқан  бірлігі,  құ-
рамды  бөліктерін  байланыстыратын  жалғаулықтар,  есімдіктер, 
үстеу сөздер, модаль сөздер, сөздердің орын тәртібі,  қайталан-
ған  сөздер,  етістік  баяндауыштардың  жақтық,  шақтық  біркел-
кілігі  т.б.  арнайы  тәсілдер  болады), біртұтас  интонациялық-ыр-
ғақтық  бірлік  (бірігуші  сөйлемдердің  біркелкі,  кейде  өзгеше 
дауыс  ырғағымен,  кідіріспен  ерекшеленуі).  Және  күрделі  син-
таксистік  тұтастықтың  төмендегідей  құрылымы  болатынын  ға-
лым аталған еңбегінде саралап көрсетеді: 
а)  күрделі  синтаксистік  тұтастықтың  барлық  мағынасын 
өзіне  қысқаша  түрде  жинақтап  тұратын  алғашқы  (басқы)  сөй-
лем; 
ә)  ойдың,  тақырыптың    дамуын,  динамикасын  таратып 
көрсететін ортаңғы сөйлем
б)  кішкене  тақырыптың,  ойдың  мағыналық  және  синтак-
систік  жағынан  аяқталғанын  білдіретін  қорытушы  сөйлем.  Ес-
керетін  бір  жайт,  күрделі  синтаксистік  тұтастықтың  бәрінің 
осындай бөліктерден тұруы міндетті емес, ол автордың стильдік 
мәнеріне, шығарманың жанрлық сипатына байланысты болады. 
Көркем  әдебиет  стилінен  алынған  мына  үзіндіге  назар 
аударалық: 
Кең маңдайлы, келте мұрынды, адырақ көзділеу, қою қара 
кірпіктері сәл қайқиып тұратын, шалқақтау біткен денесі кеп-
кесек  қара  бала  тым  тентек  болды.  Таңның  атысы,  күннің 
батысы  дамылы  жоқ,  сирақтары  жарылған,  қап-қара,  қашан 
көрсең де көйлегінің не бір жеңі жоқ, не омырауы даладай, бой-
бой  боп,  өмірі  алыс-жұлыс,  жүгіріспен  өтеді.  Ол  өш  балала-
рымен кездесе кеткенде-ақ кимелеп жақындай беріп, жұдыры-
ғын  түйіп,  оң  қолын  оңтайлай  бастайды.  Бірақ  шап  етіп  тө-
белесе  кетпейді,  төбелесетін  баласын  әбден  қыздырып, 
                                                           
3
Серғалиев М. Стилистика негіздері. Астана, 2006, 213 б. 

төбелесе қалса, қаша-жөнелетіндей етіп алады. Өйткені оның 
тіп-тік  қараған  көзіне  өзінен  үлкен  балалар  да  шыдай  алмай, 
тая беретін еді. Ал, төбелеске бір қол қойса, төбелесті нашына 
келтірмей  аяқтаған  емес:  өмірде  бір  баланы  түйіп  қалып,  не 
итеріп  қалып  қаша  жөнелген  емес,  төбелеске  асықпай-саспай 
кіріседі де,  не  дымы  құрып  жеңіліп, не қызыл жон  қып жеңіп, 
ендігәрі  беттеместей  қылып,  ұрып-жығып  тынады.  Киіктің 
асығындай шымыр, намысқор, ойын құмар, дос жанды, сенгіш, 
жайдары  бала,  аты  –  Аманкелді  (Ғ.Мүсірепов).  Бұл  күрделі 
синтаксистік  тұтастықтағы  алғашқы  екі  сөйлем  –  ой  қазығын 
білдіруші  басқы  бөлік  болып  табылады.  Онда  қара  баланың 
тентектігі  туралы  айтылған.  Одан  кейінгі  сөйлемдерде  негізгі 
ойдың дамуын көрсетіп, сол баланың жүріс-тұрысы, тентек қы-
лықтары,  айла-әрекеттері  нақты  түсіндіріліп,  сипатталып  бе-
ріледі.  Бұл  ортаңғы  бөліктің  алғашқы  сөйлемдермен  ол,  бірақ
өйткені,  ал  сөздерінің  әр  сөйлемнің  басында  келуі  арқылы 
тығыз  байланысқа  түсіп  тұрғандығы  байқалады.  Соңғы  сөй-
лемде ол қара баланың Аманкелді екені анықталып, ойдың аяқ-
талғандығын білдіреді, бұл – қорытушы бөлік болып табылады.    
О.Бөкеевтің «Қар қызы» повесінде үш кейіпкердің әрқай-
сысының  ойлары  жеке-жеке  күрделі  синтаксистік  тұтастықпен 
берілген:  Қасаттанған  қардың  үстінде  де,  шикі  таулардың 
ішінде,  қар  астында  жатып,  өткен  шақтарын  елестете  ой-
лаған ойлары…» осындай синтаксистік құрылымдардан тұратын 
мәтінде жүзеге асады. Күрделі синтаксистік тұтастықтың тілдің 
синтаксистік  құрылымын  түрлендіруде,  авторлық  баяндаудың 
типтерін жетілдіруде, мәтіннің ұйымдасу ерекшеліктерін айқын-
дауда қызметі зор.  
 
 
4.2.4.  Сөйлем мүшелерінің инверсиялануы 
 
Стилистика  ғылымының  басты  талабы  –  сөйлем  дұрыс, 
жатық  етіп  құрылуы  үшін,  ондағы  сөздерді,  сөйлем  мүшелерін 
дұрыс  байланыстырып,  тіркестіріп,  тиісті  синтаксистік  қарым-
қатынаста жұмсай білу керек. Сөйлем құрауға негіз болатын бас 
мүшелер, әсіресе баяндауыш ойды дұрыс құрастыруға негіз бо-
лады.  Сөйлемнің  тұрлаулы  мүшелерінің  айналасында  басқа 

сөйлем мүшелері топтасып, ойды нақтылай, толықтыра, пысық-
тай түседі. Әрине, диалогті сөйлемдерде тұрлаусыз мүшелердің 
бірі ғана бір сөйлемнің орнына жүруі мүмкін. Мысалы: 
-
 
Атын өзі ағытты ма, әйтеуір! 
-
 
Өзі  ағытты.  Шауып  барып  көлден  бір  шелек  су  да 
әкелді. 
-
 
Атпен бе? 
-
 
Иә.  (Ғ.Мүсірепов).  
Осы  мысалдағы  атпен  бе?,  Иә  сөздері  екі  сөйлемнің 
орнына жұмсалған. 
Әрбір сөйлем мүшелерінің қызметін дұрыс танып, ойдың 
мазмұнын  әсерлі,  экспрессиялы  түрде  жеткізуде  орынды  қол-
дану қажет. Сонымен қатар, ойды аз сөзбен үнемдеу, қатар сөй-
лемдерде  бір  сөзді  қайталай  бермеу  шарттары  қамтылады.  Ол 
үшін сөйлемде басы артық сөзді қайталай бермей (тавтология), 
бірде оның синонимін, бірде оның орнына есімдік сөздерді пай-
даланып,  кейде  бір  сөзді  бірнеше  сөйлемге  ортақ  етіп  жеткізу 
қажет  болады.  Мұндай  талаптар  көркем  әдебиет  стилінде  кө-
бірек  жүзеге  асады.  Бұл  шарттар  кейде  ескерілмей,  орынсыз 
қайталауларға әкеп соқтырады. Бірде диктор: ... енді орыс тілін-
дегі көрсетілімдерді көріңіздер  немесе істі ұйымдастыра біле-
тін іскер басшы – мұнда іскер, көру сөздері мүлдем артық. 
Сөйлемді  ықшам  етіп  құрастыру  үшін  қолданылатын 
амалдың  бірі  –  сын  есім,  сан  есім,  есімшелерді  бастауыш,  то-
лықтауыш, ілік жалғаулы анықтауыш қызметінде жұмсау. Әдет-
те, өздеріне қатысты сөздердің орнына жүріп, әрі зат, әрі сапа-
сын білдіреді: Білгенге маржан, білмеске арзан, Надандар бәһра 
ала алмас (Абай). – білгенге – білген адамға, надандар – надан 
адамдар деген ұғымның орнына жұмсалып тұр. 
Мұндай  тұлғалардың  субстантивтеніп,  басқа  сөйлем  мү-
шелерінің қызметінде жұмсалуы – мақал-мәтел, нақыл, даналық 
сөздердің синтаксисіне тән ерекшелік. Ол аз сөзбен көп мағына 
білдіруді, сөйлем құрылысы ықшам болуды қажет етеді. 
Изафеттік  тіркестегі  сөздердің  де  мағыналық,  стильдік 
айырмашылықтарын  дұрыс  танып,  талғап  жұмсай  білу  керек: 
ана бақыты, жер байлығы, институттың факультет мәжілі-
сінің қаулысы. 

Табыс септігіндегі толықтауыштардың жалғаулы, жалғау-
сыз  жұмсалу  ерекшеліктерін  де  түсіну  қажет:  Пароход  теңізді 
тіліп келеді – қауын тілді – қауынды тілді. 
Дегенмен де, сөйлем мүшелерінің қазақ тілінде қалыптас-
қан  дағдылы  орын  тәртібі  бар,  белгілі  бір  синтаксистік  жүйеде 
өзіндік  норма-заңдылықтары  айқындалған.  Жазба  стильдердің 
барлық  түрінде  бұл  шарт  сақталынады.  Ал  ауызекі  сөйлеуде, 
көркем әдебиет стилінде сөйлем мүшелері жиі инверсияланады. 
Мұндай синтаксистік бірліктердің стильдік мақсатта жұмсалуы-
ның мәні ерекше: ойдың бір бөлігі екпін түсіру, назар аударту, 
сөзді мәнерлеу, модальдік реңк үстеу т.т. сияқты бірнеше мақсат 
жүзеге асырылады. Тегінде, прозадан гөрі поэзия жанрында ин-
версиялық  құбылыс  басым.  Сөйлем  мағынасын  осылайша  түр-
лендіріп, ондағы жеке сөйлем мүшесіне ерекше стильдік қызмет 
арту үшін, оны басқа сөзбен орнын ауыстырып айту тәсілін ин-
версия  дейді.  Мәселен,  бастауыштың  қалыпты  орны  диалогті 
сөйлемдерде, өлең жолдарының соңында стильдік уәжбен ауыс-
тырылып  жұмсалынады.  Қынжыла,  күйіне  айтылған  көңіл-күй-
мен  байланысты  лепті,  сұраулы  сөйлемдерде  бастауышты 
соңында  пайдалануға  болады,  көбіне  оған  ой  екпіні  түсіріліп 
айтылады, ол бастауыш көбінесе есімдік сөздерден де тұрады:  
Зарланарсың, ойланарсың, 
Не болам деп енді мен.  
                                         (Абай). 
Туырлығың тілер ол, 
Тіліп тоқым қылар ол! (Ауыз әдебиеті).  
Соңғы  жолдарда  ой  екпіні  ол  деп  көрсетілген  адамда 
(батырда)  болып  тұр,  туырлықты  тілетін,    тіліп  тоқым  қы-
латын  өзге  емес,  сол  ғана  батыр  деген  мағынаны  берудің 
бірден-бір  амалы  орын  тәртібі  арқылы  жүзеге  асып  тұр.  Егер  
«ол туырлығыңды тілер, ол тіліп тоқым қылар» деген тәртіппен 
берілсе,  мұнда  белгілі  бір  батырды  атап,  сескендіру  мәні  бол-
май, жай ғана хабарлау болып шығар еді. 
Поэзиялық  туындыларда  инверсиялық  құбылыс  өлеңнің 
ұйқас,  ырғағын  сақтау  үшін  көркемдік  тәсіл  ретінде  жиі  жұм-
салады: 
Ескі бише отырман бос мақалдап
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап; 

Таулардан өзен ағар сарқыраған (Абай). 
Төксе, шіркін, нөсерлетіп көк селді, 
Бәйтеректей көтеріп мен еңсемді. 
Жазамын да тұлабойды құрысқан,  
Көңілімді көтеремін жыр қысқан (Қ.Бекхожин).  
Баяндауыштың  да  дағдылы  орын  тәртібі  –  сөйлемнің 
соңы.  Белгілі  бір  ойдың  мазмұнына  оқырман  назарын  аударту 
мақсатында  авторлар  көбінесе  баяндауыш  сөйлем  мүшесін  де 
инверсиялық құбылыстың амалы ретінде жиі пайдаланады. Бұл 
құбылыс лепті сөйлемдердің қолданысынан анық аңғарылады: 
-
 
Жасасын жақсы өмір! 
-
 
Айтпа оны маған! 
-
 
Оқы, айналайын, мен үшін де оқы (О.Бөкеев). 
 Инверсиялануға  бейім  –  мезгіл  мәнді,  көсемше  тұлғалы 
пысықтауыштар,  анықтауыштар  мен  толықтауыштар.  Бұл  син-
таксистік бірліктер көркем әдебиет тілінде көбінесе кейіпкердің 
ауызша сөйлеу бедерін айшықтауда жұмсалынады:   
Үндемей ол кіріп келді. Кетерде маған жолыққан жоқ ол. 
Осындай  да  табан  бола  ма  екен  қырық  тесік  (Ғ.  Мүсірепов). 
Айтып отырмын ғой, жұрттан озып жүлде алу деген ой менде 
болған  емес  (Қ.Жұмаділов).  Демек,  сөйлем  мүшелерінің  дағ-
дылы  орын  тәртібінің    стильдік  мақсатпен  ауыстырылу  құбы-
лысы  –  инверсия  тәсілі  ауызекі  сөйлеу  тілінде,  көркем  әдебиет 
стилінде жиі ұшырасады.  
  
 
4.2.5. Қайталама мен бірыңғай мүшелердің                   
стильдік қолданысы 
 
Сөйлемнің  стилін  әрлендіріп,  түрлендіруде  қайталама 
сөздердің  де қызметі  әр түрлі.  Олар  –  қайталап  сұрау,  бір  жағ-
дайға назар аудартуға, көңіл бөлгізуге, динамикалық жай-күйді 
суреттеуге, т. б. бағытталады. 
Ұлпан!  –  деді  Мүсреп,  Ұлпанның  көзіне  тура  қарап   
Ұлпан, сен, мен қазір не айтсам да түгел тыңда, ойлана тыңда. 
Жақсын,  жақпасын,  түгел  тыңдап  ал!  Бір  ауыз  сөз  қоспай 
тыңда! (Ғ.Мүсірепов, «Ұлпан»). Үзіндіде Мүсрептің тыңда де-
ген  сөзі  төрт  рет  қайталанып  келіп  тұр.  Бұл  сөзді  қайталау 

арқылы  Ұлпанның  бар  зейінін  өзіне  аудартып,  айтар  сөзіне 
құлақ  түруін  және  ол  сөзінің  Ұлпан  үшін  өте  маңызды  екенін 
сездіріп тұрғандай әсер қалдырады. 
Жеке  сөздер  мен  тіркестерді  қайталап  отыру  –  көптеген 
қаламгерлердің сүйіп қолданған тәсілдерінің бірі. Мысалы,  Түн 
баласында  Бұқтырманың  сарыны  әлдеқайда  қатты  естіледі. 
Маңайды  момақан  тыныштық  басты.  Тек  Бұқтырманың  са-
рыны…  тек  сол  ғана  асығыс  ағыспен  жөңкіле  қашып  барады. 
Тек  сол  ғана,  Бұқтырма  ғана  мәңгі  өлмейтіндей,  мәңгі  суал-
майтындай  долдана  ағады…  Тек  сол  …  Тек  Бұқтырма  ғана… 
еркелей  бұлаңдайды  (О.Бөкеев).  Мұнда  тек  Бұқтырманың 
сарыны,  тек  сол  ғана  деген  тіркестердің  сөйлем  сайын  қайта-
лануы  арқылы  автор  ойының  экспрессивтілік  мәні  күшейтіліп 
жеткізіліп  тұр:  осы  қайталаулар  тыныштықты  бұзып  тұрған, 
яғни өзінің барлығын, мәңгілігін көрсетіп жатқан Бұқтырманың 
«рөлін»  арттыра  түседі,  тыныштық  (кішкентай  ауылдағы 
Нұрлан  баланың  тірлігі)  пен  беймазалық  (махаббатын,  өмірін 
ойлап,  аласұрған  жігіт  арманы  –  болашағы)  беттесіп,  қарама-
қарсы образ жасалған. 
Өлең  сөздегі  анафора,  эпифора,  рефрен  тәрізді  қайталау-
лар  тек  жеке  сөздер  мен  сөз  тіркестерінің  аясында  ғана  емес, 
сөйлем компоненттері саласында да орын алады. Мысалы    Ақ-
сақалдар  айтады:  Биыл  астықтың  шығымы  жақсы.    Ақса-
қалдар  айтады:  Өліара  ашық  қой  әзірше,  қазан  айы  биыл 
тыныш  өтер.  Тағы  да  ақсақалдар  айтады:    Құдайдың  құді-
реті...    (О.Бөкей. Қайдасың, қасқа құлыным). 
Бұл  үзіндіде  ақсақалдардың  сөзін  бір-ақ  жерде  біріктіріп 
беруге болар еді, олай етпей «ақсақалдар айтады» деген сөйлем-
ді  үш-төрт  рет  анафора  етіп  ұсыну  арқылы  автор  ақсақалдар 
сөзінің әрбіреуін даралап көрсетуді көздеп тұр. Прозадағы қай-
талаулар  поэзиядағыдан  өзгешелеу  түседі.  Өлеңде  олар  тар-
мақтар мен шумақтардың әрқайсысында қайталанып келсе, про-
зада авторлық баяндаудың біртектес үзіктерінің соңында қайта-
ланатын тұтас сөйлем не шағын мәтін болуы мүмкін. 
Сөйлемге  эмоциялық  әр  берудің  көп  тәсілінің  бірі  –  бір 
сөзді әдейі қайталау, кейде бір сөйлем мүшесін түрлі-түрлі сөз-
дермен бірыңғай етіп жұмсай білу. Мысалы: 

Мұғалім  баланың  соншама  мөлдір,  соншама  қайсар  көз-
дерінен  бәрін  ұқты:  егер  бүкпесі  болса,  сәл-пәл  жымысқысы 
болса  анандай,  айнадай  ашық  көзден  көрінбей  қалуы  мүмкін 
емес.  Түбіндегі  түймедей  тасқа  дейін  көрініп  жататын  киелі 
көл көрінісі осында болар (Ш.М.). 
Ш.Мұртаза  осы  қысқа  мәтінде  соншама  сөзін  қайталап 
қолдану  арқылы  автор  сөз  саптауының  стильдік  жағына  назар 
аударады.  «Қызыл  жебе»  романының  басты  кейіпкері  Тұрар 
көзінің  киелі  тазалығын,  мөлдірлігі  мен  қайсарлығын  сипат-
тауда  осы қайталау  тәсілін  орынды қолданған.  Әрі  жазушы  қа-
зақ сөзінің мәйегін ұтымды жұмсай білген: түбіндегі түймедей 
тасқа дейін көрініп жататын киелі көл тіркесі де жазушы қала-
мынан  туындаған  соны  тіркес,  окказионалдық  қолданыстағы 
бірліктер болып табылады. 
Бірыңғай  мүшелі  сөйлемдердің  мағыналары  кеңейіп,  ой-
мазмұны айқындала, саралана түседі. «Осылай ету, бір жағынан, 
бірнеше сөйлемдерді бір сөйлем ішіне сыйыстыру амалы болса, 
екінші жағынан, көп сөздерді бір сөйлем ішіне тізбектеу арқылы 
оның іргесін кеңейтіп жайылма ету амалы болады»
4
. Ойды жи-
нақы ету үшін бір-біріне қарайлас, синтаксистік қызметі бірдей 
бірыңғай  мүшелерді  бір  сөзге  бағындырып,  бір  сөйлем  құра-
мында айту көзделеді. Оның мағыналары да, тұлғалары да бір-
келкі болады. 
Қорықпаймын енді мен, 
Аңыздан, желден, бораннан (Т.Жароков). 
Бірыңғай  мүшелер  синонимдер  тізбегінен  де  тұрады:  әр 
әйел  өзінше  сұлу  болуы  керек.  Көркем  дейміз,  сұлу  дейміз, 
ажарлы  дейміз,  сүйкімді  дейміз,  әдемі  дейміз,  сымбатты 
дейміз («Ұлпан»). 
Бірыңғай  мүшелерді  саралап,  әрқайсысына  ерекше  мән 
бере, екпін түсіре айту үшін бірнеше амалдар бар екендігі бел-
гілі.  Бірыңғай  мүшелердің  әрқайсысына  жалғаулықтардың  (да, 
де, мен, бен, я, не…) қосылуы, бірыңғай мүшелердің тізбектеліп 
берілгенде, ең соңғысына көптік жалғауының жалғануы, жалпы-
лауыш  сөздің  қойылуы  тәрізді  амалдары  көбінесе  көркем 
                                                           
4
Балақаев, т.б. Қазақ тілі стилистикасы, А. 1974, 179-б 

әдебиет  стилінде  жиі  қолданылады.    Өлеңді  сөйлемдерде  ойды 
әсерлі,  ерекше  ырғақпен  жеткізуде  бірыңғай  тұлғалы  сөздерді 
таңдай білу де қажет. Мысалы: Абайдың, «Болыс болдым, міне-
кей» өлеңіндегі -ып көсемше тұлғалы бірыңғай сөздердің стиль-
дік қолданысы айрықша әсерлі көрінеді. 
 
 
 
4.2.6. Автор сөзі, төл сөз және қосүнді сөздің 
жұмсалуындағы стильдік ерекшеліктер 
 
Көркем шығармадағы  баяндау  стилінде  автордың  тікелей 
өз  атынан  оқиғаны  баяндауы,  кейіпкерлерге  мінездеме  беруі, 
олардың  іс-әрекеттерін  бағалауы,  портретті,  күйініш-сүйінішті, 
табиғат  құбылыстарын,  оқиғаны  суреттеуі  –  осының  бәрін 
автордың өзі құрастырып, шығарманың құрылымын белгілейді. 
Сондықтан автор сөзінің маңызы зор. 
Әдеби шығармадағы кейіпкерлермен бірге үнемі бой көр-
сетіп  отыратын,  баяндауға  ерекше  тереңдік  сипат  беретін,  шы-
ғарма  идеясын  оның  түсінуіне  көмектесетін  образ  бар.  Ол  – 
автор  образы  (автор  бейнесі).  Оның  әртүрлі  формада  болуы, 
алуан  түрлі  тілдік  амалдар  арқылы  көрінуі  мүмкін.  Шығарма 
тілінің  эстетикалық  заңдылықтарына  бағынып,  көркем  тілдік 
жүйе құрап, оны туғызып жасайтын – қаламгер. Осыдан «автор 
бейнесі»  мәселесі  туындайды.  Автор  бейнесі  жазушының  жеке 
танымына,  субьективтік  көзқарасына,  әлемді  бейнелеу  ерекше-
лігіне  негізделеді.  Бұған  дейінгі  іргелі  зерттеулерде  белгілі  бір 
суреткер тілінің жалпы сипаты мен шығармашылық ерекшелігі, 
сөз  байлығы,  көріктеу  амал-тәсілдерін  қолданудың  тілдік  көрі-
ністері  (метафора,  теңеу,  эпитет  т.б.),  стильдік  қолданыс  ерек-
шеліктері  шығарма  тілінің  құрылымдылық  жүйесіне  сүйеніп 
жасалған  еді.  Ал,  осы  дәстүрлі  лингвистика  негізінде  одан  әрі 
даму  үстіндегі  қазіргі  тіл  білімінің  антропоцентристік  бағыты 
негізгі назарды сол шығарманы жазушының тұлғасына, таным-
дық (шығармашылық) болмысына аударады да, тілді соның нә-
тижесі, көрінісі деп түсіндіреді. Демек, қазіргі лингвостилисти-
калық еңбектерде де өз нысанын «адаммен», жеке тұлғамен бай-
ланыстыра отырып зерттеулер жүргізіле бастады. Осы себептен 

тұлғаны оның тілінен тыс зерттеу мүмкін еместігі жөнінде орыс 
тіл білімі ғалымдары айтқан болатын (Ю.Н.Караулов). 
В.В.  Виноградовтың  пікірінше,  «шығарманың  идеялық 
мәні, суреткердің көзқарасы… бәрі шығарманың стильдік бірлі-
гін  белгілейтін  автор  бейнесінің  тілдік  құрылымында  көрініс 
табады»
5
.  «Автор  бейнесі»  –  құрылымдық-көркемдік,  көркем 
тілдік категория. «Автор бейнесі» дегенде байланысты екі ұғым-
ды түсінеміз: 
1)  шығарманың  субьектісі,  яғни  шығарманың  белгілі  бір 
идеялық  көркемдік  көзқарастармен  ұласқан,  өзіндік  көркемдік 
әлемін туғызушы субъект; 
2)  көркем  шығарманың  ұйымдастырушылық  орталығы 
болып табылатын тілдік құрылымы. 
Шығарманың  баяндау  құрылымы  автор  сөзінен  және 
кейіпкер сөздерінен көрінеді. 
 Негізінен,  автор  шығармасында  өзі  баяндаушы  болады. 
Баяндаудың қырлары (автордың өз атынан, не кейіпкерлер аты-
нан баяндауы) автордың баяндау перспективасын таңдауға бай-
ланысты. Кең ауқымды баяндауларда баяншы 3 топқа бөлінеді: 
1.
 
III – жақтағы жеке тұлғадағы баяншы. 
2.
 
II – жақтағы («мен» тұлғасындағы) баяншы. 
3.
 
Арнайы баяншы – автор ойлап тапқан баяншы. 
3-жақтағы баяншы – бейнелеуші субьект, сондықтан оның 
тілі бейнелеудің құралы болады да, баяндау жазба әдеби тіл үл-
гісінде құрылады.  
1-жақтағы  «мен»  тұлғасындағы  баяншының  объективті, 
субъективті  түрі  бар.  Әсіресе,  субъективті  түріндегі  баяншы 
өмірбаяндық  шығармаларда  орын  алады.  Оның  тілі  тұтас  ал-
ғанда төл сөзден (кейіпкер сөзінен) құралады да, осыған байла-
нысты  ауызекі  сөйлеу  тіліне  жақын  тұрады,  әсерлі  болып,  экс-
прессивті  мәні  арта  түседі.  Мысалы,  «Қайдасың,  қасқа  құлы-
ным» атты туындысында жазушы О.Бөкей өзінің субъективті ой 
ағымын
 
бас кейіпкердің атынан 1-жақтан баяндайды:  
                                                           
5
Виноградов В.В.  О языке художественной прозы.  М., 1967, c. 83 
 

Мен    ақынмын!  Ақылшым    туған  жер,  ұстазым    тә-
каппар да қатал Алтай!...   
 Автор  бейнесі  жазушының  даралық  стилін  айқындайды. 
Авторлық даралықтың, өзіндік қолтаңбасын танытатын стильдік 
амалдардың бірі – кейіпкерлерді сөйлету, ойлату амал-тәсілдері. 
Төл  сөзді  беру  тәсілдерін  автор-жазушылар  ажыратып 
жұмсауға тырысады: ең алдымен, ол төл сөз диалог па, монолог 
па – осыған қарай синтаксистік конструкция құрайды, екінші – 
төл сөз айтылған сөз бе, кейіпкердің ойы ма – бұл да өз құры-
лымымен,  тіпті,  өз  тыныс  белгілерімен  келеді.  Үшіншіден,  төл 
сөзді  ұйымдастыруда  (компонентерін  орналастыру  тәртібінде) 
ол сөздің айтылу мезгілі есепке алынады. 
 Бірінші  тәсілге  мысал  (диалогте  берілген  төл  сөздің 
стильдік  ерекшелігі  бір  үзіндімен  талданады).  Екіншіге  –  «үш 
кейіпкердің ойлары». Нұржанның ойынан: ой дегенің сол аспан, 
сол көкжиек сияқты түпсіз де шетсіз емес пе, ендеше, бір рет 
қарағаным ғанибет емес пе… (О.Бөкей). 
Төл  сөзді  құрастырудың  үшінші  түріне  ертеректе  айтыл-
ған  немесе  жол-жөнекей  келтірілген  диалогтер  мен  монолог-
терді  беруде  жазушы  әуелі  пәленше  айтты  (айтқан,  ойлайтын) 
деген авторлық ремарканы беріп алады да, төл сөзді одан кейін 
келтіреді:  Анна апасы Нұрланның кіндігін кесіпті. Кейде анасы 
айтып  отыратын:  дүңк  еткізіп  турасын  айтатын  орыс  мі-
незді болып барады балам. Аннаға кіндігін бекер кестірген екен-
мін (О.Бөкей). Әрине, төл сөзді жұмсау ерекшеліктерін осындай 
амалдармен  шектеуге  болмайды.  Әр  жазушыда  әр  түрлі  жол-
дармен, әр түрлі мақсатта беріледі. 
Авторлық  баяндаудың  кейбір  тұстарында  кейіпкердің үні 
сезіліп  жатады.  Осындай  ерекшелігі  бар  көркем  мәтінді  таза 
авторлық  баяндау  немесе  мәтінді  таза  автор  сөзінен  ажыратып 
қарастыру  қажеттігіне  орыс  тіл  білімінде  В.В.Виноградов, 
Г.О.Винокур т.б. ғалымдар көптен  бері  назар  аударып  келеді. 
Қазақ тіл білімінде осы ерекшелік енді ескеріліп, синтаксистік-
стильдік  мазмұны  сипатталып,  терминдік  мәні  айқындалып, 
зерттеу нысанына алынды
6

                                                           
6
Кәрімов Х. Қанатты тіл, А., 1995 
 

Әдеби  шығарма,  оның  тілі,  стилі  жайында  сөз  болғанда, 
әдетте  кейіпкерлер  сөзінен  басқаның  бәрін  автор  сөзі  деп  тану 
жиі  кездеседі.  Ал,  шындығында,  шығарманың  композициялық 
құрылымында болсын, оның тілін түрлендіріп, тартымды етуде 
болсын,  мейлі  образ  жасауда  болсын,  қосүнді  сөздің  айрықша 
рөлі бар. Бұл терминді алғаш ұсынған – көркем әдебиет тілінің 
өзекті  мәселелерін  зерттеуші  ғалым  Х.Кәрімов  екендігі  мәлім. 
Демек,  стилистикалық  зерттеу  еңбектерде  бұл  құбылыс  таза 
авторлық  баяндаудан  ажыратылып,  өз  алдына  жеке  синтак-
систік-стильдік  категория  ретінде  қарастырылып  келеді.  Қазақ 
тіл  білімінде  аталмыш  категория  осы  уақытқа  дейін  шартты 
түрде «ортақ төл сөз»  деп танылып келді.  
Қосүнді  сөз  ұғымының  тілдік-стильдік  табиғаты,  оның 
қолданыс жүйесіндегі ерекшеліктері Х.Кәрімовтің аталған еңбе-
гінде  тілдік  деректермен  көрсетіліп,  талданып  беріледі: 
«Қосүнді  сөз  –  автор  мен  кейіпкердің  субъективтік  көзқарас-
тарын  бірге  салыстырып,  үйлестіруге  мүмкіндігі  бар  стильдік 
тәсіл. Оның маңызды белгісі – баяндаудың объективті бағытына 
кейіпкердің  субъективтік  бағытының  қосылуында,  баяндалған 
жайға  кейіпкердің  ортақтығында».
  Ғалым  жазушы  Б.Майлинның 
көркем шығармаларында алғаш рет қосүнді сөзді стильдік амал 
ретінде  шебер  пайдаланғандығын  айтады.  Мәселен,  «Баянсыз 
бақ»  әңгімесінде  кейіпкер  Нұрлыбайдың  арыз  жазбақ  болған 
күйін,  мінез-құлқын,  психологиялық  жайын  суреттеуде  осы  тә-
сілді  орынды  қолданады:  Нұрлыбайымыз  судья  еді,  бүгін  ор-
нынан  алынды!  Енді  қайту  керек?  Губсотқа  арыз  жазу  керек, 
іздену керек, өзін сендіре, таныта білу керек!.. Ал қаламды қо-
лына алды… Бірақ Нұрлыбайға бір қырсық кездесті. Арыз ала-
тын жер жоғарғының бәрін ашып білгісі келді… Осыны істеп 
отырған басқа адам болса екен-ау, өзінің жақын көріп жүрген 
адамының  бірі,  талай  бірге  қонақта  болып,  ең  арғысы 
Нұрлыбай арқылы үстелге де қолы жеткен кісі… 
… Жоғары көтергенде көзіне айнадағы суреті түсе кет-
ті. Бұл сияқты болам деп кім ойлаған? Нұрлыбай өмірі осылай 
басталды. Мұны Нұрлыбай іркілмей-ақ жазып бергендей. Жал-
ғыз осы ғана болса, осы өмірдің  ішінен талай таптық маңызы 
бар жұмысты да шығарып берер еді, оған Нұрлыбайдың қала-

мы  жетеді  де.  Бірақ  бөгет  беретін  нәрсе  өмірдің  бергі  жағы 
ғой  (Б.Майлин). 
Бұл  әңгімеде  Нұрлыбайдың  өткен  өмірі,  кім  болғаны,  не 
істегені  автор  атынан  баяндау  арқылы  беріледі.  Ал  авторлық 
баяндау  ішіндегі  қосүнді  сөздер  арыз  жазбақ  болған 
Нұрлыбайдың  қолын  бөгей  беретін  себептерді,  оның  абыр-
жуының себептерін кейіпкердің өз атынан сездіргендей болады.   
Жазушы  кейіпкердің  ішкі  сезімін,  түсінік-түйсігін  сөзбе-
сөз беріп тұрғанға ұқсайды. Ойды кейіпкердің аузынан айтқыз-
бай, өз танымы тұрғысынан баяндайды, өз көкейіндегі ойларды 
жеткізеді. Мысалы: 
«Қызыл  Жебе»,  -  деп  күбірледі  Рысқұл,  осыдан  жолы 
болып,  Қызыл  Жебе  тақымына  бір  тисе,  атасына  нәлет,  тас 
басып,  тау  асып  Ақсу-Жабағылыға  бір-ақ  тартып  кеткісі  де 
келді.  Ақсу-Жабағылы  есіне  түскенде,  ілуде  бір  жігері  құм 
болып, көзіне жас келіп қалатын ауруы тағы ұстады. 
Бірақ  Түлкібастан  өзі  бастап  алып  келген  арық-тұрақ 
ағайынды  қайтеді?  Байлығына  емес,  батырлығына  қызығып, 
қыздай  қосылған  Ізбайшаны  қайтіп  қалдырады?  Мен  Қызыл 
Жебемін! – деп анда-санда саңқ ететін Тұрарды қайда қалды-
рады?  (Ш.Мұртаза).  Мұнда  автордың  субьективтік  көзқарасы 
мен  кейіпкер  ойы  қатар  жарысып  отырады.  Кейіпкер  ойы  – 
автордың да пікірі. Қосүнді сөз араласқан баяндау экспрессивті, 
әсерлі  әрі  тартымды  келеді,  лепті,  сұраулы  сөйлемдер  арқылы 
құрылады.  Өйткені,  ол  сөйлемдер  түрлі  сезімдерді  бейнелеп, 
ерекше эмоциялы бояумен жеткізіледі. Ал баяндау стилі (автор-
дың),  негізінен,  хабарлы  сөйлем  құрылымында  келеді.  Төмен-
дегі  мәтінде  Ахат  шалдың  ішкі  сөзі  (ойлауы)  берілген.  Автор 
кейіпкердің көңіл-күйіне ортақтасады. Автордың ішкі сезімі, те-
біренісі, жан күйзелісі кейіпкердің ойы арқылы берілген: Мына 
батырды болысы түскір тағы да жылқыға жұмсады-ау. Тағы 
бір лаңға қалмасақ нетті. Төңірек біткеннің қыл құйрығын бо-
лыстың  қорқау  көмейіне  тыға-тыға  бұл  Рысқұл  бұрын  не 
береке тапты? Әрең қойдырып едік, өзі де «енді жылқы алуға 
бармаспын»  деп  серт  беріп  еді.  Содан  да  болыспен  екеуінің 
арасында  сырқатты  сызат  түсіп  еді.  Мынау  не  жорық,  қақ-
панға  қайта  түсті-ау,  арланым,  -  деп  Ахат  іштен  тынып  бір 
күрсініп,  Рысқұлды  жұтып  жіберген  сайдың  түбіндегі  үрейлі 

қараңғылыққа үңіле қарады...  (Ш.Мұртаза). Демек, мұндай син-
таксистік  бірліктердің  жұмсалуындағы  көркемдік-стилистика-
лық ерекшеліктер сан алуан. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет