М.Қанабекова



Pdf көрінісі
бет7/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21

Сұрақтар: 
1.
 
«Тіл  қоғамдық  сананың  дамуына,  ал  қоғамдық  сана  стиль-
дердің қалыптасуына ықпал етеді» дегенді қалай түсінесіз? 
2.
 
Функционалды стильдерді түзуші факторлар. 
3.
 
Экстралингвистикалық факторларға нелер жатады? 

4.
 
Қазақ тілі функционалды стильдерінің жіктелу критерийлері 
ғылымда айқындалған ба? 
5.
 
Стильдерді,  оның  стилішілік  түрлерін  топтастырудағы  ғы-
лыми көзқарастар. 
6.
 
Ауызша тіл мен жазба тіл стильдеріне тән белгілер. 
7.
 
Қазақ  әдеби  тілінің  функционалды  стиль  түрлері,  оның  қа-
зіргі зерттелу дәрежесі. 
8.
 
Ауызекі сөйлеу стилінің тілдік-стильдік ерекшеліктері. 
9.
 
Паралингвистиканың зерттеу нысаны. 
10.
 
Ресми стильдің шағын түрлері мен тілдік-стильдік сипаты. 
11.  Ғылыми  стильдің  жанрлық  түрлері  мен  лингвистикалық 
белгілері. 
12.
 
Көркем әдебиет стилінің  өзіндік ерекшеліктері. 
13.
 
Көркем  әдебиет  стилінің    cтильдер  жүйесінде  алатын  орны, 
ол жайындағы ғылыми көзқарастар. 
14.
 
Көркем әдебиет тілін зерттеудің өзекті мәселелері.  
15.
 
Автор  бейнесі,  тілдік  бейне,  тілдік  тұлға  деген  ұғымдарды 
қалай түсінесіз? 
16.
 
Публицистикалық  стильдің    жанрлық  түрлері  мен  тілдік-
стильдік ерекшеліктері. 
17.
 
Шешендік сөйлеу стилі, оған қойылатын талаптар. 
18.
 
Радио-теледидар тілінің қазіргі даму аспектілері. 
 
 
Әдебиеттер: 
1.
 
Балақаев М. Әдеби тілдің стильдер жүйесі // Қазақ әдеби тілі. 
Алматы, 1987. 
2.
 
Балақаев  М.,  Жанпейісов  Е.,  Томанов  М.,  Манасбаев  Б.  
Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1966, 1974, 2005. 
3.
 
Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1996. 
4.
 
Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы, 2005. 
5.
 
Жапбаров  А.  Қазақ  тілі  стилистикасын  оқыту  методикасы-
ның негіздері. Алматы, 1991. 
6.
 
Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері.  
Алматы, 1977. 
7.
 
Ерназарова  З.  Қазақ  сөйлеу  тілі  синтаксистік  бірліктерінің 
прагматикалық негіздері: Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 2002. 

8.
 
Алдашева  А.,  Ахметжанова  З.,  т.б.  Ресми  қарым-қатынас,  іс 
қағаздар тілі. Алматы, 2000. 
9.
 
Дүйсембекова Л. Қазақ тілі: іс қағаздарын жүргізу. 2010. 
10.
 
Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі: Фил. 
ғыл. канд. дисс...  Алматы, 1996. 
11.
 
Момынова  Б.  Газет  лексикасы  (жүйесі  мен  құрылымы). 
Алматы: Арыс, 1999. 
12.
 
Құрманбаева  Ж.  Қазақ  тіліндегі  ғылыми-көпшілік  әдебиет 
стилінің қалыптасуы: Фил. ғыл. канд. дисс... Алматы, 2003. 
13.
 
Мажитаева  Ш.,  Рапишева  Ж.  Қазақ  тіліндегі  ғылыми 
стильдің қалыптасу тарихы. Бішкек, 2006. 
14.
 
Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. Алматы, 1968. 
15.
 
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995. 
16.
 
Шалабай  Б.  Қазақ  көркем  прозасының  тілін  зерттеудің  ғы-
лыми-теориялық негіздері: Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 1997. 
17.
 
Уәлиұлы  Н.  Қазақ  сөз  мәдениетінің  ғылыми-теориялық  не-
гіздері:  Фил. ғыл. док...дисс. Алматы, 2007. 
18.
 
Қосымова  Г.  Қазақ  шешендік  өнерінің  негіздері.  Алматы, 
2003. 
19.
 
Стиль  научной  речи  (сб.  статей).  Под.  ред.  Троянской  Е.С.   
М., 1978. 
20.
 
Троянская  Е.С.  Обучение  чтению  научной  литературы.  М: 
Наука, 1989. 
21.
 
Миронова  В.Г.  и  др.  Обучение  научному  стилю  речи. 
Алматы: Рауан, 1992. 
22.
 
Будагов  Р.  А.  Литературные  языки  и  языковые  стили.  М., 
1967. 
23.
 
Кожина  М.  Н.  Очерки  по  стилистике  русского  языка.  М: 
Просвещение, 1983. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

ЛЕКСИКА-ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ СТИЛИСТИКА 
 
3.1. Тіл құралдары стилистикасының жалпы сипаты 
 
Тіл  құралдары  (құрылымдық)  стилистикасы  –  тілдің  бар-
лық  деңгейлеріндегі  құралдардың  стилистикалық  қызметін  қа-
растырады. Өйткені, әр түрлі стильдік мағына-бояу, стильдік өң, 
көркемдік-мәнерлілік  сипат  тілдік  өлшемдердің  (единицалар-
дың) барлық түрінде болады. Сондықтан тіл құралдары стилис-
тикасының  зерттеу  нысаны  –  лексика-фразеология,  грамматика 
және  фонетика  қарастыратын  тілдік  тұлға-бірліктер.  Алайда, 
әрқайсысының  зерттеу  нысаны,  қарастыратын  мәселелері  бар. 
Мәселен, фонетикада – фонетикалық элементтердің (дыбыстар-
дың,  интонацияның,  екпіннің  т.б.)  стильдік  өңі,  ассонанс,  ал-
литерацияның  стильдік  қызметі,  лексика  мен  фразеологияда  – 
жеке сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің стильдік қолданысы, 
грамматикада – септік, жіктік тұлғалардың синонимдік мағына-
лары,  сын  есім  шырайларының  жұмсалу  ерекшеліктері,  сөз 
таптарының  стилистикалық  қолданысы,  сөйлем  түрлерінің 
қызметі,  сөздердің  инверсиялануы,  синтаксистік  құрылымдар-
дың  мәнерлегіштік  қасиеттері,  парцелляция  құбылысының 
стильдік мәні  т.б. мәселелер стилистикалық тұрғыдан қарасты-
рылады. 
Стилистика  фонетиканы  нысанаға  алады.  Фонетика  тіл 
дыбыстарының жүйеленуін, жасалуын зерттесе, фоностилистика 
сан  алуан  дыбыстық  қайталауларды,  ассонанс,  аллитерациялық 
құбылыстарды, әуезді мәнерін, дұрыс дыбыстау мәдениетін т. б. 
қарастырады. 
Алатауды айналсам, 
Алғадайым табам ба? 
Сарыарқаны сандалсам, 
Саңлағымды табам ба? (Ж. Ж.) – әке зарын күшейтудегі 
стильдік  тәсіл  –  ассонанстық,  аллитерациялық  құбылыстар. 
Әдетте,  дыбыстық  қайталаулар  фразалық  тіркестер  жасауда, 
мақал-мәтелдерде,  жыр-толғау,  батырлар  жырында,  поэзиялық 
туындыларда  кездесетіні  белгілі.  Фоностилистика  мәселелерін 
қарастырған ғалым Ж.Исаева дыбыстық қайталаулардың стиль-
дік  қызметі  жөнінде  былай  дейді:  «Дыбыстық  сәйкестікке  құ-

рылмаған мақал-мәтелдерден мұндай конструкциялардың айыр-
машылығы  –  ішкі  бай  мазмұнның  сырлы  сөзбен  өрнектелуінде 
болса  керек»  -  дей  келе,  «қарғайын  десем  жалғызым,  қарға-
майын  десем,  жалмауызым»,  «бара  жатқанның  балтасын,  келе 
жатқанның  кетпенін  қағады»  секілденіп  келетін  түйдек  тіркес-
тердің  өміршеңдігі  басы  артық  сөз  не  дыбыс  қоспай,  сом-сом 
ойларды  ұқсас  дыбыстар  қатарымен  тізу  халық  санасының 
саралығы  мен  кемел  ойының,  шеберліктің биік деңгейіне көте-
рілгенін  аңғартады»
1
  деген  байлам  жасайды.  Осындай  дыбыс-
тық  қайталауларды  барлық  ақын-жазушылар  да  ерекше  шебер-
лікпен  көркем  шығармада    жиі  қолданады.  Айталық,  «Тарғыл 
тастың  тасасынан  тауешкі  аңдып  тұрған  мергендей»  тірке-
сінде  Ш.Мұртаза «т» дыбысынан басталатын сөздерді қайталау 
арқылы  бейнелі  сөздің,  теңеудің    экспрессивті-эмоциялық  қыз-
метін  күшейте  түседі.  Сондай-ақ автор  «Қызыл Жебе» рома-
нында  Рысқұлдың  Қызыл  Жебеге  мініп  отырғандағы  келбетін 
суреттегенде де атты Қызыл тұлпар деп атап, «қызыл» сөзіндегі 
«қ»  дыбысын  қайталау  арқылы  «құрыш  қыран  қонғандай» 
тіркесін  орынды  қолданады.  Осындағы  «қыран  қонды»  тіркесі 
тілде бар, қалыптасқан тіркес. Ал қыранды «құрыш» анықтауы-
шымен  беру  соны  оккзионал  қолданыс  деуге  болады.  Демек, 
жоғарыдағы  тіркестердегі  дыбыстық  қайталау  ойдың  ішкі  маз-
мұнын  арттыра  түсіп,  сыртқы  бедер  айшықтарын  нақтылай  тү-
сетін стильдік құрал болып табылады. 
Жо-о-оқ! Қазақы дәстүр, ұяттан аттап кете алмай жүр 
(Ғ.Мұстафин)  –  сөйлемінде  ойдың  эмоциялы-экспрессивтілігін 
күшейтуге  қызмет  етіп  тұрған  фонетикалық  амал  –  эмфативті 
екпіннің қажетті интонациямен айтылуы екендігі белгілі. 
Фоностилистикада  интонацияның,  яғни  дауыс  қарқыны-
ның стильдік мәнерде жұмсалу ерекшеліктері де, орфоэпия мә-
селелері  де  қарастырылады.  Мәселен,  әдеби  сөйлеу  тіліне  не-
гізделген теледидар хабарлары мазмұнға сай түрліше дауыс қар-
қынымен  жеткізіледі.  Егер  берілетін  жаңалықтардан  тележүр-
гізуші ресми ақпаратты оқыса, онда оның сөйлеу мәнері, дауыс 
                                                           
1
Исаева Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы: 
Филол. ғыл. канд. дисс...А., 2000, 67-б. 

қарқыны салмақтылау, салқынқанды дауыспен бір сарынды ай-
тылады, ал  маңызды, ресми хабарламаларды (құттықтау рәсім-
дері, қызмет бабындағы орын тағайындаулар) көтеріңкі не сал-
танатты дауыс ырғағымен жеткізеді. 
Лексикалық  стилистика  –  ұлттық  әдеби  нормадағы  сөз-
дердің  де,  бейнормалық  элементтердің  де  стильдік  қызметін 
қарастырады,  яғни  әрбір  сөзге  стильдік  реңк  беріп,  бейнелеп, 
әрбір  сөздің  эмоционалдық  бояуын  түрлендіріп  жұмсау  жолда-
рын көрсетеді. Сөздің ауыс, контекстік мағыналарының, мәндес, 
қарама-қарсы мағынадағы сөздердің жұмсалу ерекшеліктерін де 
қарастырады.  Айталық,  әр  сөз  стильдік  бояу,  сипатына  қарай 
белгілі  бір  стиль  түріне  бейім  қолданылады.  Мысалы,  суайт, 
ынжық, сүмелек, кеңкелес, су аяқ — экспрессивті бояуы қалың 
сөздер, олар қарапайым ауызекі сөйлеу стиліне тән болса, долы 
жүрек, кірлеген жүрек, ызалы жүрек, көңіл кірі, қоңыр тіршілік 
т.  б.  ауыс,  контекстік  мағыналарда  жұмсалып,  көркем  стильді 
белгілейді.  Немесе  Ә.Кекілбаевтың  «Құс  қанаты»  повесіндегі 
қарапайым,  тұрпайы  сөздер,  диалектизмдер  –  (телпек  –  тақия, 
ұшпақ  (жұмақ),  шұқыншақ  –  еңбеккер,  қағаз  күйелеу  –  сурет 
салу,  дызықтау,  жырқылдау,  қақшаңдау  т.  б.)  –  стильдік  мақ-
сатта жұмсалған лексикалық бірліктер. 
Стилистикадағы  тіл  құралдарына  фразеологиялық  сөз 
орамдары да жатады. Өйткені, ойды тартымды, бейнелі, әсерлі, 
көркемдеп  жеткізуде  тұрақты  тіркестердің  де  қызметі  ерекше, 
идиома мен фразаның, мақал-мәтел мен қанатты сөздердің қол-
данылуында  көптеген  стильдік  ерекшеліктер  байқалады.  Сөз 
зергерлері дайын сөз тіркестерін стильдік мақсатына орай ешбір 
өзгеріссіз  пайдаланса,  енді  бірде  өзгертіп,  өзгеше  мәнерде 
ауыстырып қолданады. 
Тұтылып шелек жалап тамам нашар, 
Әлділер құтылысты айран ішкен  (С.Торайғыров.) 
Ақын бұл жолдарды оның мақал екенін ажыратып көрсет-
пей, екі қарама-қарсы ұғымды ажыратып түсіндіруде бұл мақал-
ды  өте  әсерлі  қиыстыра  білген.  Академик  І.Кеңесбаев
2
:  «… 
                                                           
2
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі, А., 1977, 602-б. 
 

стиль  –  өлгенді  тірілтіп,  өшкенді  жандандыратын  дүние,  –  дей 
келіп,  кейбір  фразеологизмдердің  (Қу  бастан  қуырдақтық  ет 
алған  (кекесіннің)),  аузын  айға  білеген  (әсірелеудің),  атау-
кереңді  іш  (қарғыстың)  сыр-сипаты  оның  стильдік  функция-
сында  жатыр»  –  дейді.  Ал  профессор  М.Балақаев
3
  грамматика 
мәселелерін екі ыңғайда қарастырады: 
1)
 
тілдің  грамматикалық  ережелері  мен  заңдылықтарын 
айқындау мақсаты тұрғысынан; 
2)
 
грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдерді 
қалай  пайдаланғанда,  ойымыз  дұрыс,  әсерлі  шығады  деген 
тұрғыдан. 
Бұл  екеуі  өзара  тығыз  байланысты  болғанымен,  алдың-
ғысы – грамматика, соңғысы – стилистика ғылымының үлесіне 
тиеді.  Яғни  грамматикалық  стилистика  грамматикалық  кате-
гориялар  мен  олардың  мағыналық  түрлерінің  қолданылу  жүйе-
сін зерттейді. Мәселен, морфологиялық тұлғалардың, оның нұс-
қаларының  ойды  дәл,  әсерлі,  көркем  жеткізудегі  қолданылу 
ерекшеліктерін, принциптерін қарастырады. Мысалы: 
Бір ақын бір ақыннан ақынырақ, 
Өйткені ол жүрекке жақынырақ. 
Қашанда мықты ақындар Махамбеттеу, 
Кемеңгер ойлы ақындар Абайырақ  (К. Салықов). 
Мұнда  бір  шумақ  өлеңге  стильдік  рең  беріп  тұрған  мор-
фологиялық тұлға  – шырай жұрнақтарының қызметі екені анық. 
Немесе  «…бір  сағаттан  кейін  ілгері  басқан  аяғы  кейін  кетіп, 
Нұрәлі  Өріктің  жатақханасына  келді»  сөйлемінде  діңкесі 
құрыған,  шаршаған  Нұрәлі  демей,  ілгері,  кейін  деген  қарама-
қарсы  мәндегі  үстеу  сөздерді  әдейі  қолданып,  «ілгері  басқан 
аяғы  кейін  кеткен  Нұрәлі»  деп  жұмсау    –  Нұрәлінің  әлсіздігін 
күшейтіп тұрған стильдік амал ретінде танылады. 
Синтаксистік  стилистика  –  сөйлеуде  не  жазуда  болсын, 
сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің құрылысы арқылы 
берілетін  әртүрлі  стильдік  рең,  мағына-бояуларды,  оны  дұрыс 
пайдалану  тәсілін  зерттейді.  Сонымен  қатар  синтаксистік 
                                                           
3
Қазақ тілінің мәдениеті, А., 1971, 136-б. 
 

қайталаулардың, авторлық баяндау мен кейіпкер сөздерінің құ-
рылымдық  ұйымдасу  ерекшеліктерін  де  нысанаға  алады.  Мы-
салы, «Есебім былғанған да жоқ, былғанбайды да»,– деп жауап 
қайырды (Ғ. Мүсірепов). Бұл сөйлемде синтетикалық және ана-
литикалық  формадағы  болымсыз  баяндауыштардың  қатарласа 
қолданылуы  болымсыз  мағынаға  стильдік  мән  берудегі  тәсіл 
болып саналады. 
Абай  «Байлар  жүр  жиған  малын  қорғалатып…»  18  жол-
дағы қорғалатып, құдай атып, бұтып-шатып, есіріп, ісіп-кеуіп, 
ырылдатып, қалжыратып…– образды етістіктің өткен шақ -ып, 
-іп  көсемше  тұлғасы  поэтикалық-көркемдік  міндетті  өтейтін 
стильдік құрал ретінде қолданылған. 
Қорыта  айтқанда,  тіл  құралдарының  стилистикасы  тілдік 
өлшемдердің  (дыбыс,  сөз,  сөз  тіркесі,  сөйлемнің) жұмсалу  заң-
дылықтарын  зерттейді,  тілдік  тәсілдердің  дұрыс  жұмсалу  нор-
масын белгілейді. 
 
 
3.2. Лексикалық стилистика 
 
Лексика  –  белгілі  бір  тілдегі  сөздердің  жиынтығы,  оның 
сөздік  қоры.  Қоғам  өмірінде  болып  жатқан  жаңа  үрдістермен 
байланысты  көптеген  жаңа  сөздер  пайда  болып  жатады.  Тілде 
мұндай сөздер неологизмдер деп аталады. Қай тілде болмасын, 
лексика  стильдік  сипатына  (бояуына)  қарай  да  ерекшеленеді. 
Бұл тұрғыдан үш салаға бөлінеді: сөйлеу тілі лексикасы, бейта-
рап лексика және кітаби лексика. 
Стиль түрлерінің барлығында қолданылатын тілдік құбы-
лыстарды  (сөздерді)  бейтарап  немесе  стильаралық  лексика 
дейді: жер, су, өзен, ауа т.б. 
Таза  ауа,  ауа  атмосферасы,  ауадай  қажет  (әр  стиль  түр-
лерінде жұмсалады). 
Дерексіз  мағыналы  сөздер  де  барлық  стильдерде  қолда-
ныла береді (жігер, арман, қасиет т.т.) 
Сонымен  қатар,  стиль  түрлерінің  кейбірінде  ғана    қолда-
нылатын  сөздер  де    бар.  Мұндай    сөздер  талғаммен  екшеліп 
жұмсалады. Кейбірі – ауызекі сөйлеу тілінің лексикасын құраса, 
ал  кейбір  сөздер  тек  жазба  әдебиет  үлгілерінде  қолданылады. 

Соған  орай  сөйлеу  тілінің  лексикасы  және  кітаби    лексика  деп 
ажыратылады. 
Қолданылу  аясына  байланысты  сөйлеу  тілі  лексикасына: 
қарапайым  сөздер,  диалект  сөздер  және  кәсіби  сөздер,  табу, 
эвфемизмдер  жатады.  Мұндай  сөздер  тек  сөйлеу  стилінде  ғана 
емес,  көркем  туындылар  тілінде  стильдік-көркемдік  мақсатпен, 
әр  түрлі  образ-бейнелер  жасауда  қолданылады  (кейінгі  тақы-
рыпта арнайы сөз етіледі). 
Бір  жағдайды,  хабарды  тура  айтпай  тұспалдап  жеткізетін 
сөздер  табу  (эвфемизм)  делінеді.  Стильдік  тұрғыдан  ұтымды 
тәсіл болып танылады: 
-
 
Бұларың кім? – деді Ұлпан. 
-
 
Төрттен  астам  аулының  жігіттері  ғой  «Алтыбақан» 
құрып жатқан. 
-
 
Төрттен астам?..  
Төрттен астам – Бесбай аулы дегенді білдірер   (Ғ.Мүсірепов). 
Кітаби лексика – ойды нақты, дәл, анық беру үшін жазба 
әдебиеттерде  қалыптасқан  сөздер  мен  сөз  оралымдары.  Кітаби 
лексикаға  көбіне  саяси-әлеуметтік  терминдер,  әр  алуан  техни-
калық,  экономикалық,  іскерлік  атаулар  т.б.  жатады.  Белгілі  бір 
стиль  түрлерінде  қолданылу  аясына  қарай  ерекшеленеді.  Мә-
селен, әр түрлі салалық терминдер ғылыми еңбектерде, әр түрлі 
оқулықтар  тілінде  көбірек  ұшырасады.  Ал  көркем  әдебиетте, 
ресми іс қағаздары тілінде, публицистикалық  стильдерде сирек 
ұшырасады. 
Байырғы  сөздер,  сирек  қолданылатын  сөздер  көркем 
әдебиет  стилінде  көбірек  жұмсалады.  Көркем  әдебиет,  ғылыми 
шығарма, публицистика т.б. түрлерінде кітаби лексика элемент-
тері қолданылады. 
Шайтан  –  сайтан  нұсқалы  сөздердің  алғашқысы  –  бей-
тарап лексика, стиль түрлерінің бәрінде қолданылады, ал сайтан 
«сиқырлы»  деген  ауыс  мәндегі  сөз  көбінесе  көркем  әдебиет 
стилінде, ауызекі сөйлеуде жұмсалады. 
Елбасы – Президент жарыспалы қатарларының ресми құ-
жаттарда  Президент  сөзі,  газет-журналдар  тілінде,  яғни  пуб-
лицистикада,  көркем  әдебиетте  суреттеме  нұсқасы  Елбасы  сөзі 
қолданыла береді. 
 

3.2.1. Сөз мағыналарының стильдік қызметі 
 
 Сөздің о баста бір ғана мағынада жұмсалатынын білеміз. 
Ал  адамның  күнделікті  іс-тәжірибесінің,  ойлау  қабілетінің 
дамуы  нәтижесінде  жеке  сөздерге  үстеме  мағына  жүктеледі. 
«Қалғып  жатқан  толқын  ем,  дауыл  тербеп  оятты»  (Баян) 
кейіпкердің  бейнесі  толқын  зат  есімімен  ауыстырылып,  ауыс-
палы мағынада әсерлі жеткізілген, ой-сезімге бірден әсер етеді. 
Қосымша  мағынаның  аз-көп  болуы  сөздің  негізгі  лексикалық 
мағынасымен тығыз байланысты. 
Мысалы: «Сүбелі мал (семіз). Бура найман – сүбелі елдің 
бірі; Бұл – жинақтағы сүбелі де көркем туынды». Тіл білімінде 
бұларды сөздің ауыспалы мағынасы дейді. 
«Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой, шамданбай-
ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» (Абай). 
Сөздің  ауыспалы  мағынасы  әуелі  шешендік  сарындағы 
стильдерден, өсиет сөздерден, мақал-мәтелдер мен түрлі айтыс, 
қисса, жырлардан, жұмбақтан және ауыз әдебиетінің басқа үлгі-
лерінен көріне бастайды да, біртіндеп әдеби тілге енеді. 
«Бірақ  қалайда  мынадай  өлім  үстінде  ат  мініп,  аспан 
асынып жұлқысу жоқ болатын» (Абай). 
«Сыртым  бүтін,  ішім түтін бақытсыз адаммын, – деді 
Ақтамақ» (Ғ. Мұстафин). «Шүленнен шөл туғызған мен деп пе 
едің? – деп, кейіспен бір кекетті» (М. Әуезов). 
Бұл  келтірілген  мысалдағы  ауыспалы  мағынадағы  тіркес-
тер  бір-бірімен  қосарлана  жұмсалып,  мағыналық  топ  жасап, 
сөйлемге өзгеше стильдік өң беріп тұр. 
Ауыспалы  мағынадағы  сөздер  өздерінің  жасалу,  қалып-
тасу  орнына  қарай  түрліше  болып  келеді.  Кейбір  сөздер  ауыс-
палы мағынада кішіпейілділікті, қарапайымдылықты білдіреді. 
Білмеймін май төбесі – қай төбесі, 
Мен үшін шын еді ақын мәртебесі. 
Ауылына Алатаудай ақсақалдың, 
Келдім мен бір кішкентай жыр иесі (Қ. Аманжолов). 
Ауыспалы  мәндегі  сөздердің  біразы  ауызекі  сөйлеу  ті-
лінде жұмсалады да, жұртқа молынан тарайды, енді біразы шы-
ғарма  стилінде  пайда  болады.  Кейде  мұндай  ауыспалы  мағы-
налы  сөздер  жазушы  стилінде  қалып  қоймай,  жалпы-халықтық 

сипат алып кетеді. Мұндай ауыспалы мағыналы сөздерге түспен 
байланысты  айтылған  сын  есімдер  жатады.  Мыс.:  ақ  жарқын, 
қара қазақ іші, қызыл көз. Осы сияқты түспен байланысты кей-
бір сын есімді сөздердің ауыспалы мағынасы жеке өлең жолда-
рынан,  прозалық  суреттеулерден  жиі  байқалады:  Қап-қараңғы 
айсыз түн түсті. Бұлттарды қызғылтым нұрға малынған күн-
нің ақырғы сәулесі әдемі түстей ада болды. Жан-жақтан тау-
лар түксиді. 
Тек шеткі қара күркеден бір кезде: 
- Арманда кеткен асылым-ау
-  Кімге  де  барып  айтамын-ау,  ойбай!  —  деп  булыға 
шыққан үн естілді. 
Бердіқұлдың  жесірі.  Кісісі  өлген  үйде  бір  жеті  бойы  от 
жағылмас,  түтін  түтетілмес.  Ол  үйдің  қаралы  жандарына 
жақындары,  ағайын-ауылдастары  ас  пісіріп  апарар.  Ал,  бүгін 
бір ғана Бердіқұлдың үйінде емес, бүкіл Алсайдың жиырма тү-
тіні  бірдей  тұтанбады...  Қараңғы  түн.  Түнде  жорыққа  қор-
қаулар шығады. Ал, қараңғы түнде қара күркеден жас жесірдің 
жоқтау айтып жылаған үні естілгенде қанша қорқау болса да, 
бұл  қаралы  ауылға  ешкім  шаба  қоймас-ау?!.    Жазушы 
Ш.Мұртаза қара сөзін қайғылы өмір, жесір қалған әйел, қаралы 
қаза  сияқты  мағыналық  реңктерді  беруде  шебер  қолданған. 
Мәтінде  берілген  қараңғы,  қаралы  сөздерінің  түбірі  қара  сын 
есімі  екендігі  белгілі.  Автор  қайғылы  үй,  қайғылы  ауылды  қа-
раңғы түн, қаралы ауыл,  қара лашық тіркестері арқылы шебер  
суреттейді. Қайғы мен қаза қаламгер туындысында қара сөзінің 
мағыналық  аясында  тілден  ерекше  көрініс  табады.  Демек, 
суреткерден  сөз  кестесін,  сөз  айшығын  білгірлікпен  қолдана 
білу  керектігі,  ауыспалы  мағынада  жұмсалғанда  тілдің  заңды-
лығын естен шығармау қажеттігі талап етіледі. 
Жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы сөз 
мағынасын  ауыстыру  негізінде  пайда  болған  бейнелі  тіркес-
тердің сөз қолданысына назар аударалық:  
«Қара  сұр  бұлт  жыртылып,  жыртығынан  жарқ  етіп 
күн көрінгенде сонау батыста Асаудың арғы бетінен Айша-би-
бінің  күмбезі жарқырайды.  Бұлттың  жыртығы  қайта  жама-
лып,  күн  көрінбей  қалады.  Күннің  өзі  әлгі  жыртықтан  құлап 
түсіп, Айша -бибі күмбезіне айнала салған сияқты. 

Ұлы  Таластың  інісі  Асау  өзені  ғашықтардың  киесі  Айша 
бибі  Асаудың  арғы  бетінде,  Айша  бибінің  сүйген  жігіті 
Таластың бергі бетінде: екеуін айырып тұрған - екі өзен, екеуі 
бір-біріне жете алмастан, ынтазар көңілдер көнши алмастан, 
бір-біріне  күмбез  болып қол  бұлғасқан дауылды дүние.  Өзендер 
толқыны солардың арманындай, ешбір өксігі басылмай, таусы-
лып болмай, жүз-жүз жылдар жылап жатқаны таңқаларлық». 
Бұл  қысқаша  мәтінде  автор  қаламынан  сөзбен  сурет  са-
лынғандай  әсерде  қаламыз:  қара  сұр  бұлт  жыртылып,  жыр-
тығынан жарқ  етіп  күн  көрінгенде,  бұлттың жыртығы,  күн-
нің  өзі  әлгі  жыртықтан  құлап  түсіп,  ғашықтардың  киесі,  да-
уылды  дүние,  өксігі  басылмаған  өзен,  өксігі  басылмай,  таусы-
лып  болмай,  жүз-жүз  жылдар  жылап  жатқан  өзен  сияқты 
тіркестер  тек  Ш.Мұртаза  қаламынан  ғана  туындаған  ауыспалы 
мәнде жұмсалған тіркестер болып табылады. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет