2.3.4. Публицистикалық стиль
Қазақ тіл білімінде публицистикалық стиль (бұқаралық
ақпарат құралдарының тілі) функциональды стильдердің бірі
ретінде әбден қалыптасып, жан-жақты зерттелуде. Публицисти-
калық стильдің негізгісі әрі алғашқысы газет тілі болып есеп-
теледі. Бұл тұрғыдан тұңғыш қазақ газеттерінің тілін
Б.Әбілқасымов, 1920 жылдардағы мерзімді баспасөз тілін
С.Исаев, қоғамдық публицистикалық стильді О.Бүркітов т.б.
ғалымдар зерттеген. Қазіргі қоғамдық әлеуметтік шындыққа
байланысты коммуникативтік қызметі ерекше публицистикалық
стильдің жан-жақты қырлары түрліше бағытта зерттелуде.
Мысалы, газет лексикасына байланысты А.Алдашеваның,
Б.Момынованың, сол сияқты публицистика, газет тілінің праг-
матикасы туралы Б.Жұмағұлованың, Ф.Жақсыбаеваның т.б.
зерттеу еңбектері бар. Ал теледидар тіліне байланысты зерт-
теулер енді жүргізіле бастады. Мәселен, теледидар хабарлары
тілін
лингвопрагматикалық
аспектіде
зерттеген
ғалым
Г.Машинбаева, сондай-ақ теледидардан берілетін хабарлардың
тілін cөз мәдениеті тұрғысынан Д.Бисмильдина талдап қарас-
тырған. Белгілі ғалым Н.Уәли «Қазақ сөз мәдениетінің теория-
лық негіздері» атты диссертациялық жұмысында «публицисти-
калық дискурс және сөз мәдениетi» мәселелеріне назар аударып,
жаңа бағыт-бағдарлар тұрғысынан публицистикалық стильдің
сөз мәдениетімен арақатынасын тиянақты зерттеген.
Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихат-
тық әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, деректі
фильмдерде қолданылатын функционалды стильдердің бірі.
Публика – латын сөзі, «көпшілік» мәнін білдіреді. ХІХ ғ. ІІ жар-
тысында негізі қаланған стиль түрі – бүгінде қоғамға аса қа-
жетті, маңызды мәселелерді насихаттап, көпшілікке кеңінен
қызмет етіп отырған қазіргі әдеби тілдің ең жүгі ауыр, елеулі
саласы.
Публицистикалық стильдің шағын түрлері жайында қа-
зіргі ғылым саласында әрқилы пікірлер кездеседі. Бірқатар зерт-
теушілер публицистиканың жанрлық түрлерімен (газет тілі,
радио тілі, теледидар тілі, кино тілі, т.т.) байланыстырып, олар-
ды жеке-жеке стилішілік түрлері деп есептейді. Негізінде атал-
ған стильдің шағын түрлерін шартты түрде былайша жіктеуге
болады: үгіттік публицистикалық шағын стиль; саяси-идеоло-
гиялық публицистикалық шағын стиль; саяси-бұқаралық публи-
цистикалық шағын стиль. Әрқайсысының бір-бірінен ерекшеле-
нетін сөз қолдану белгілері болады, кейде тілдік-стилистикалық
тұрғыдан ортақ тұстары да ұшырасады. Мына үзіндіге назар
аударалық:
Еліміздің абыройын асыратын игі істердің тағы бірі –
дінаралық татулық. Егемендігіміздің елең-алаңында аяқ алы-
сымыздың аңысын аңдыған талайлардың Қазақстанды іштен
ірітетін осал тұстарының бірі оның көпдінділігі деп жаман-
дық шақырып баққанын біз ұмыта қойған жоқпыз. Президент
Нұрсұлтан Назарбаев ол мәселенің де шешімін тапты. Елдің өз
ішінде шешіп қана қоймады ол мәселені, осыдан он жыл бұрын
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін
шақырып, оны дәстүрге айналдырып, Қазақстанды дүние
дидарындағы дінаралық татулық мекені ретінде танытты,
әртүрлі діндердің бір елде келісімге келіп, жарасымды дами
алатынын нақты дәлелдеп берді, осы арқылы бүкіл әлемдегі
дінаралық шиеленісті бәсеңдетуге, яғни бейбітшілікті нығай-
туға үлкен үлес қосты («Егемен Қазақстан», 2013 жыл). Кел-
тірілген мысалдың саяси-идеологиялық публицистикалық
шағын стилінде жазылғанын бірден аңғаруға болады. Саяси
мазмұндағы дін тақырыбына арналған өткір мәселелердің сөз
болып отырғаны түсінікті, қалың бұқараға етер әсері де ерекше,
идеологиялық іс-шаралардың дұрыс жолға қойылғандығы,
Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің сарабдал
даму жолы жайында саяси мәселелерден толыққанды ақпарат
ала аламыз.
Публицистикалық стильдегі шығарма қандай та-
қырыпқа жазылса да, логикалық жағынан дәлелді, көңілге
қонымды болып, бұқараға ықпал ету сипаты басым келеді.
Қоғамдық өмірдегі жаңалықтар, өзгерістер туралы жұртшы-
лықты құлағдар етіп, қоғамдық пікір қалыптастырады.
Публицистикалық стильдің барлық жанрларына ортақ
мынадай қызметтері айқындалған:
- ақпараттық (түрлі деректер мен хабарларды жеткізу);
- түсініктеме-баға берушілік (берілетін деректер көбінесе
түсіндірумен, талдаумен немесе баға берушілікпен жеткізіліп
отырады);
- танымдық-ағартушылық (мәдени-тарихи және ғылыми
материалдарды жариялай отырып, БАҚ тыңдармандардың,
оқырмандардың, көрермендердің білім қорын толықтырып оты-
рады);
- ықпал ету қызметі (көпшіліктің саяси-әлеуметтік көз-
қарасына, санасына әсер етушілік);
- гедонистикалық (әдетте, мұндай қызмет көңілді ха-
барларды жеткізу кезінде байқалады, әсіресе, радио мен теле-
визия арқылы кез келген хабардың тыңдарман мен көрермен-
дердің көңіл-күйін көтеретіндей, эстетикалық қажетін өтейтін-
дей тартымды, әсерлі жүргізілуі).
Публицистикалық стильдің экстралингвистикалық сипаты
төмендегідей:
-
ақпараттың жедел қабылдануы;
-
хабардың толыққанды жеткізілуі;
-
баяндаудың:
а) нақтылығы;
ә) фактографиялылығы;
б) логикалылығы;
в) ықшамдылығы;
г) экспрессивті-эмоционалдылығы;
ғ) қимыл-әрекетке итермелеуі.
Публицистикалық стильдің (бұқаралық ақпарат құралда-
рының) жазбаша түріне мерзімді баспасөз (визуалдық), ауызша
түріне радио (аудиалдық), теледидар хабарлары, деректі кино
(аудиовизуалдық) жататыны белгілі. Ал жанрлық түрлері: бас
мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық шолу, памфлет
және сұхбат, т.т. Әрқайсысының өзіндік сөз қолдану ерекшелігі,
экстралингвистикалық, тілдік-стильдік сипаты (белгілері) ай-
қындалады. Басты стильдік сипаты: мұнда қолданылатын сөз
үндеу мәнінде жұмсалады. Сөз эмоционалды-экспрессивті си-
патта болады (еңбек ардагері, дем беруші, көшбасшы, нық қа-
даммен, т. б.). Тілдің осындай эмоционалды-экспрессивтілігі
жағынан көркем стильге жақын, ал фактіні толық және жүйелі
баяндау тәсілі жағынан ғылыми стильге жақын екендігі көрі-
неді.
Публицистикалық стильдің әдеби ауызша түріне радио-
теледидардан берілетін хабарлар жатады дедік. Зерттеушілер
телехабарлардың құрылымы тетрададан (төрттіктен) тұратын-
дығын атап көрсетеді:
- сөйлеу тілінен;
- табиғи дыбыстан;
- музыкадан;
- көріністен (М.Серғалиев).
Олай болса, аудиовизуалдық хабарлардың адресаттары
көрермен, тыңдарман, кей реттерде бұған қоса оқырман болып
келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының осындай ерекшелік-
теріне байланысты ол хабарлардың тілдік сипаты да әр түрлі
дәрежеде көрінеді.
Публицистикалық стильдің барлық түрлеріне ортақ линг-
вистикалық ерекшеліктер төмендегідей: лексика мен фразео-
логияда – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздер (хабар, репор-
таж, ереуіл, парламент, демократия, сұхбат, диктор), баға-
лауыш лексикалық бірліктер (ұлтжандылық, көшбасшысы, бә-
секеге қабілетті, ұрпақтар сабақтастығы, ақпараттар ағыны
т.т.), ілгеріде келтірілген эмоционалды-экспрессивті сөз орам-
дары, перифразалар (көгілдір экран, ақ халатты абзал жан,
қара алтын, дала кемесі т. б.), стандарт тілдік бірліктер (ар-
найы тілші репортажы, жаһан жаңалықтары, тілшіміз әңгі-
мелейді, т.т.); грамматикада – қосарлы сөздер (бұқаралық-
саяси, үгіт-насихаттық т.б.), бұйрық рай тұлғалы сөздер (жүзеге
асырайық, оңды нәтижеге жетеміз, іске жұмылдырылсын),
сөздердің инверсиялануы, қаратпа сөздердің, риторикалық сұ-
рақтардың, әртүрлі қайталамалардың, көркемдік құралдардың
қолданысқа түсуі, ықшамдалған сөйлемдер мен түрлі синтак-
систік құрылымдардың пайдаланылуы, өзге де стиль түрлеріне
тән белгілердің кездесуі жиі байқалады. Мәселен, ақпараттың
толық әрі нақты жеткізілуін қамтитын синтаксистік құрылым-
дарға негізделген баспасөз тіліне қарағанда, теледидардан көр-
сетілетін жаңалықтар мен ақпараттар легі қысқа әрі нұсқа
үлгісіндегі сөйлемдермен жеткізіледі, онда стандарт тілдік бір-
ліктер, дәстүрлі қалыптасқан сөз үлгілері жиі жұмсалады:
Бүгінгі көретіндеріңіз; Арнайы тілші репортажы; Назарлары-
ңызға ұлттық арнаның қорытынды жаңалықтары; Тікелей
эфирде «Хабар» арнасының қорытынды жаңалықтары; Хаба-
рымызды жалғастырамыз; Тілшіміз әңгімелейді; Ендігі кезек
спорт жаңалықтарында; Жаһан жаңалықтары; Бүгін сіздер-
мен Айзада Жақсыбек, Медетжан Ызғұтты, т.б. Мұндай құ-
былыс – теледидар хабарлары тілінің табиғатына тән ерекшелік.
Публицистикалық стильдің ауызша әдеби түрі – өзінің
атқаратын қызметі, тілдік-стильдік элементтерді пайдалану
принциптері, кімдерге қаратыла айтылатындығы жағынан жазба
тілден де, ауызекі сөйлеу тілінен де бөлек танылатын құбылыс.
Бұл түрі шаршы топ алдында сөйленетін, ресмилік сипаты бар
тіл тәжірибесіне негізделеді. Демек, ана тіліміздің сөздік қорын
байытып, әдеби тілімізді дамытып кеңейтетін, сөйлеу мәде-
ниетін көтеруге пайдасын тигізетін теледидар тілін ғылыми
тұрғыдан зерттеп-зерделеу мәселесі аса маңызды болып отыр.
Осы бағыттағы түбегейлі ғылыми зерттеу жұмыстары бірінші
кезекте радио-теледидар тілі дейтін мәселелердің жете сөз
етілмей, қарастырылмай келе жатқандығын алғаш рет таныған
ғалым М.Серғалиевтың
16
бірқатар мақалалары мен ой-тұжы-
рымдарынан басталады. Ғалым телехабарлардың тіл тазалығы
жөнінде, ондағы тележүргізушілер мен дикторлардың тілінде
ұшырасатын бейнормалық элементтердің орынсыз қолдану мә-
селелерін сынай отырып, тіл мәдениетінің көрсеткіші – газет-
журналдар мен радио, теледидар тілі екенін пайымдай келіп:
«Солай бола тұра, радио тілі, телевизия тілі дейтін мәселелер
тасада қалып келе жатыр. Саусақпен санарлық газет мақалалары
бұл олқылықты тіптен толтыра алмайды. Әлі бұл тұрғыдан тео-
риялық та, практикалық та мәні бар жайлар толып жатыр. Он-
дағы жылдар бойы жинақталған материалдар негізінде радио
тілінің де, телевизия тілінің де теориясын жасайтын мезгіл
жетті» – дейді. Бұл пікірдің айтылғанына біраз уақыт өтті. Бұл
бағытта жоғарыда айтылғандай, теледидар тілін зерттеу ісі қолға
алынып, теориялық мәселелері біршама ғылыми тұрғыдан иге-
ріле бастады.
Радио-теледидар хабарларының тілі қандай дәрежеде
дегенде, жинақтап айтар болсақ, жаңалықтарды дер кезінде
жеткізу қызметінің қалыптасқандығы; материалдардың нақтылы
тақырыппен, жүйемен топтастырылуы; диалогке қатынасушы-
лардың сөйлеуге әзірлену дәстүрі; хабар жүргізушінің еркін түр-
де, қысылмай сөйлеуі; хабардың берілу тәртібіне сәйкес тех-
никалық құралдардың пайдаланылу реті т.б. біршама тартымды
сипатта көрінеді.
Радио-теледидар тілі ауызекі сөйлеу тілімен тең емес,
арақатынасын ажырату керек. Осындай шарттары сақталмайды
(ұйым-мекеменің атаулары толық айтылмайды, орыс сөздерінің
орынсыз қолданылуы, бір сөздердің жөнсіз қайталанулары т.б.).
Әрине, сөздерді сұрыптап, керегінше пайдалану хабардың жанр-
лық ерекшелігіне қарай жүзеге асады. Ауызша сөйлеу түрі бол-
ған соң, әдеби тілде, оның норма-заңдылықтарын мүмкіндігінше
16
Серғалиев М. Синтаксис және стилистика. А., 1997, 134-б.
сақтап жеткізуі қажет. Әсіресе, орфоэпиялық норма, оны құ-
райтын заңдылықтарды меңгеру, тыңдарман дұрыс түсініп қана
қоймай, әсерлі қабылдауы үшін дауыс, интонация, екпінді дұ-
рыс қою, кідіріс жасау, дауыстың сазы, қарқыны, сарыны,
биіктігі тәрізді сапалық ерекшеліктерін жетік игеру маңызды
болып есептеледі. Осы талаптар тұрғысынан кездесетін кемшін
тұстар, жайттар баршылық (техникалық құралдар жеткізіл-
меуде…, юристік заңды білетін адамдар, орыс тіліндегі көрім-
дерді көріңіздер) т. б.
Сондай-ақ публицистикалық стильдің ауызша түріне
бұрыннан қалыптасқан шешендік сөз жатқызылады.
«Шешендік сөз (ораторство) – Ежелгі Грекия мен Рим
заманынан бері қарай көптеген халықтардың мәдени-рухани
өміріндегі өнердің бір түрі. Шешендік өнер мен шешендік сөз
өзара тығыз байланысты болғанымен, екеуі екі басқа түсінік
атаулары: шешендік өнер актінің, яғни іс-әрекеттің атауы, ол
әлеуметтік қызмет атқарады. Шешендік өнер (риторика)— өзі-
нің нысанасы, теориясы, категориялары, тарихы бар жеке сала
болып табылады. Ал шешендік сөз шешендік өнер иелерінің
шаршы топ алдында сөйлейтін сөзі. Бірақ көпшілік алдында
айтылатын сөздің бәрі шешендік емес. Шешендік сөз мынадай
талаптарға жауап беру керек:
1)
белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыпты қозғайтын
және шаршы топ алдында айтылатын сөз болуы керек;
2)
әңгіме өзегінің дәлелі (аргументі) болуы тиіс, соның
арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан
соң ойлантып, ақырында бір харекетке ұмтылдыруды көздеуі
қажет;
3)
тыңдаушыларға жақсы әсер етіп, сүйсіндіретін эсте-
тикалық қасиеті болуы тиіс.
Қазіргі шешендік сөздердің түрлері былайша ажыра-
тылады:
1)
әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік сөздер – ми-
тинг, конференция, съезд, сессиялардағы сөздер, баяндамалар,
хабарламалар, радио-теледидардан берілетін саяси, әлеуметтік
шолулар т.б.;
2)
академиялық шешендік – жоғары оқу орындарындағы
дәрістер, ғылыми баяндама, хабарлама т.б.;
3)
сот ісіндегі шешендікке прокурордың айыптау сөзі,
адвокат-қорғаушының сөзі, айыпкердің сөзі;
4)
әлеуметтік тұрмыстағы шешендік;
5)
діни қызметте қолданылатын шешендік (құран оқу,
қазақша иман сөздері). Барлығына қойылатын басты талап –
оның көркем, әсерлі болуы...» (Р.Сыздық).
Демек, публицистикалық стиль – саясат пен идеология-
ның құралы ретінде қызмет етеді, әртүрлі саяси ақпараттар ағы-
ны мен жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп, оған баға беріп, бұ-
қараға ықпал ету тәрізді маңызды міндеттер атқарады. Қоғам-
дық мәні бар мәселеге көпшілік назарын аударту мақсатында ой
мен сезімге қатар әсер етерліктей экспрессивті-эмоционалды
мәндегі тіл бірліктері жиі қолданылады. Мұндай ерекшелікті
төмендегі үзінділерден аңғаруға болады:
Абайы жоқ, Жамбылы жоқ, Мұхтары жоқ ел шын
бақытсыз болар еді. Не деген әділетсіздік: тұлпарды тұсап
қояды да, «ал, шап!» дейді. Депутаттар орысшаға жүйрік
дейді, қазақшаға күйбіктейді. Мемлекет басшыларынан бас-
тап, жергілікті әкімтайға дейін қазақша сөйлемесе, бұл тілде
ресми құжаттар жүргізілмесе - оның несі мемлекеттік
тіл?! («Егемен Қазақстан»). Адамзат баласының жан дү-
ниесін тебірентерлік өткір мәселелердің көтеріліп отырғандығы
анық байқалады. Ол мәселе – бүгінгі ана тіліміздің тағдыры.
Депутаттар орысшаға жүйрік дейді, қазақшаға күйбіктейді
деген сөйлемдегі қарама-қарсы мағынадағы екі баяндауыш
(жүйрік дейді, күйбіктейді) арқылы автор мемлекет орган-
дарындағы азаматтардың сол мемлекеттік заңға бағынбай отыр-
ғандығын, заң тізгінінде отырып-ақ оны мойындамайтынын
ащы мысқылдайды, адам характеріндегі қарама-қайшылықты
антонимдік сөздермен орынды көрсетеді.
Оқырман көңіліне жылы сезім ұялататын жағымды мәндегі
эмоционалды сөздер де, риторикалы сұраулы сөйлемдер де пуб-
лицистикалық стиль үлгілерінде жиі жұмсалады: Өз халқын
әлемге танытатын, ұлттық өнер иелері аз ба бізде? Сонау
Әміре салған жол жалғасып барады. Танылған тарлан
шеберлердің аттарын қайталамай-ақ, соңғы кезде суырылып
шығып, басқа дүниеге белгілі болған бірегей дарындарымыз
баршылық (К.Смайлов).
Публицистикалық стильдегі туындыларда автордың (пуб-
лицистің) басты нысанасы – идеялық көзқарасы мен саяси,
адамгершілік бағытының айқындығын таныту, әлеуметтік жүгі
бар мәселені көтеруге және оны шешуге ат салысуға қатынасын
көрсету. Газеттен алынған төмендегі тағы бір үзіндіге назар
аударалық:
Қазақстан жеріне қашаннан да көз алартушылар аз
емес еді ғой. Қазақтың дүркін-дүркін қырылып, өспей қалға-
нының бір қырсығы – осыншама жерге өзгелердің өзеурей
қарағандығынан емес пе еді ( Ш.Мұртаза).
Бұл үзіндіде экспрессивті, бағалауыштық сөздер арқылы
автордың қоғамдық-саяси жағдайға қатысы, оған баға беруі,
өзіндік көзқарасының әлеуметтік сипаты анық көрінеді.
Автордың «көз аларту» деп отырғаны жай көз аларту ғана емес,
өзгеге үстемдік жасап, қоқан-лоққы көрсету деген сөздің «сы-
пайы» қолданысы болса, «қырылып, өспей қалу» – шындықты
жалпылай жеткізіп тұрған тура мағыналы сөз. Ал «өзеурей
қарау» – суық қолын салғысы келіп, қомағайлана, құныға қарау
деген мағынада қолданылған деп түсінуге болады.
Публицистикалық стильдің басты ерекшелігі: ол ұлттық
әдеби тілдің жетілуіне, сөздік қазынасының толығуына зор ық-
пал етеді, сол арқылы әдеби тілдің лексикалық-грамматикалық
жүйесіндегі даму сипатын, жаңа бірліктердің нормалану үдерісін
көрсете алады.
Публицистикалық стильдің қысқаша талдау үлгісі:
1.Қарым-қатынас аясы (қолданылатын орны): газетте,
саяси-қоғамдық журналдарда (жазбаша түрі), ал жиналыстар
мен митингілерде
, радио-теледидар хабарларында (ауызша түрі).
2.Қарым-қатынас мақсаты: заттар мен құбылыстардың
мәнін ашу, оған көпшіліктің назарын аудару; жұртшылықты
белгілі іске жұмылдыру, белгілі бір мақсатқа үндеу, иландыру;
сондай-ақ белгілі бір құбылысқа оң не теріс баға беріп, қо-
ғамдық пікір туғызу.
3.Стильдік сипаты: сөз үндеу, жұршылықты иландыру,
үгіттік-насихаттық мәнінде жұмсалады. Сөз ой мен сезімге
қатар әсер етерліктей болып келеді.
4.Тілдік ерекшеліктері:
а) лексика-фразеологиялық: зат пен құбылысқа оқырман
назарын аудару үшін экспрессивті-эмоционалды реңктегі сөздер
және бағалауыш лексика (ХХI ғасыр көшбасшысы, ұлтжанды-
лық, жарыс жүлдегері, еңбек майданы, ерлік мектебі, бәсекеге
қабілетті, жасампаз ел, тұлға, перзент, сыбайлас жемқорлық,
ұрпақтар сабақтастығы, егемендік, Тәуелсіздік, бостандық
т.б); ,
– жалпы саяси лексика, халықаралық терминдер, күрделі
тіркестер (егемендік, өркениет, бағдарлама, демеуші, халықара-
лық олимпиада, ұлттық театр, қаржы дағдарысы, Ата заң,
тәуелсіздік туы, саяси тұрақтылық, теңге бағамы, ақылы оқу,
қолжетімді баспана, т.б);
– тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, афоризмдер мен
перифразалар (Жауапкершілігі ұлан-асыр істе заңғар шыңнан
көріну – баршамызға парыз. Алдыңғы кезекте саналы болашақ-
қа ұмтылу керек. «Жалғыз ағаш орман болмайтындай» алған
білімің де өз басыңнан артылмаса несі пайда? Үш бәйтерек.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Үшеуінің де жөргегі – ұланғайыр бір да-
ланың топырағы. Үшеуінің туысы қандай бір болса, тұрысы
қандай әр бөлек... (Газеттен)
ә) морфологиялық: көптік тұлғалы зат есімдер, күрделі,
қысқарған, жалқы, деректі, дерексіз зат атаулары, сан есім, сын
есім, етістік тұлғалары, үстеулер (оқиғаның, т.б. қайда, қашан
өткені жайлы...) шетелдік жұлдыздар, ең басты бәсекелестер,
жиырма бірінші ғасыр, жоғары палата – сенат, т.б.
б) синтаксистік: бұйрықты, лепті, риторикалық сұраулы
сөйлемдер, сөз қайталаулар (Мен – тәуелсіз елдің ұрпағы! Бізге
қандай қаламгер қажет? т.б.)
2.3.5. Көркем әдебиет стилі
Әдеби тілдің кемелденіп, даму, жетілу үдерісінде көркем
әдебиет стилінің орны айрықша. Көркем әдебиет стилінде айты-
латын ой мен сезім әртүрлі образдар арқылы беріледі. Жазушы,
сөйлеуші оқырманға ойын жай баяндай салмай, әсерлі, көркем
көріністер, бейнелер арқылы әсер етеді. Сондықтан тілдің эсте-
тикалық қызметі басты рөл атқарады, бұл – өзге функционалды
стильдерден көркем стильдің өзіндік даралық ерекшелігін көр-
сетеді. Қазіргі таңда халықтың рухани дамуына өз туынды-
лары арқылы үлес қосқан сөз шеберлерінің тілін зерттеу,
стильдік дәстүрлерін саралау арқылы көркем әдебиет стилінің
қаншалықты дәрежеде дамып, байып отырғандығын анықтай
аламыз.
Орыс тіл білімінде көркем әдебиет стилі, әдеби шығар-
маның тілі, сөз қолданысына байланысты алғашқы ғылыми-тео-
риялық тұжырымдардың негізі В.В. Виноградов, А.А.Потебня,
Г.О.Винокур, Б.В. Томашевский, В. Гумбольдт, В.А.Маслова,
Ю.С.Степанов зерттеулерінде қаланғаны белгілі. Көркем әде-
биет тілі мен стилінің теориялық зерттеудің жеке саласы ретінде
қарастырылып, оның ғылыми негізделуі аталған ғалымдардың
еңбектерімен тығыз байланысты. Көркем әдебиет тілін зерт-
теудің күрделілігін кезінде В.В.Виноградов орынды ескеріп,
көркем әдебиет тілін зерттеуді әдебиеттану мен тіл ғылым-
дарының аралығындағы, екеуімен де тығыз байланысты, бірақ
өз алдына жеке ғылым саласы ретінде қарастыруды ұсынған
болатын. Ғалым көркем әдебиет тілін ең кем дегенде екі ас-
пектіде зерттеу қажеттігін айтады: 1) әдеби тілдің тарихын білу
тұрғысынан; 2) көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігін, өзіндік
болмыс, табиғатын түсіну тұрғысынан; ол әсіресе, көркем әде-
биет тілін осы екінші тұрғыдан қарастырудың міндетін айқын-
дайды.
Сондай-ақ көркем әдебиет стиліне ерекше көңіл бөлген
орыс ғалымдары В.Г.Белинский, А.А.Потебня, Г.О.Винокур
көркем шығарманың поэтикасын қарастырып, оның түрлі
құрылымдық сипатын танудың әр түрлі бағыттарын ұсынған.
А.А.Потебняның
17
пікірінше, поэтикалық шығармада сөз өзінің
ішкі формасы арқылы символдық мәнге ие болады, сол арқылы
адам санасында поэтикалық образ қалыптастырады.
Қазақ тіл ғылымында көркем әдебиет тілі мәселелері,
оның теориялық негіздері А.Байтұрсынұлынан бастау алып, 50-
жылдары М.Балақаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. ғалымдар
тарапынан негізі қаланған бұл сала алғашқыда жекелеген
17
Потебня А.А. Эстетика и поэтика. М., 1976, с. 28
жазушылардың тіл ерекшеліктерін анықтау, сараптау тұрғысы-
нан қолға алынса, кейін жалпы теориялық және нақты тәжіри-
белік ізденістерге ұласты. Р.Сыздық, З.Қабдолов, З.Ахметов,
Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Р.Бердібай т.б. ғалым-
дардың еңбектері арқылы зерттеулер ауқымы кеңейіп, бірқатар
ғылыми бағыттағы тың тұжырымдармен толықтырылып, дамы-
тыла түсті. Қазіргі таңда көркем әдебиет стиліне қатысты ой-
пікірлер мен теориялық мәселелердің сипатталуы тіл ғылымын-
дағы
Н.Уәли, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова
, С.Сатенова, И.Айбарша,
Г.Мұратова, Г.Әзімжанова, т.б. зерттеушілердің іргелі зерттеу-
лері арқылы жаңаша игеріліп, жан-жақты қарастырылуда.
Демек, қазақ тіл білімінде де көркем стильдің табиғатын терең
тану үшін соны ғылыми бағдарлар мен жаңа бағыттағы зерттеу
жұмыстары негізгі ұстанымға айналып, тілді тұтынушы көркем
сөз зергерлерінің тілдік тұлғасын когнитивтік, прагматикалық
лингвомәдениеттану тәрізді деңгейлік құрылымдарда айқындау
белсенді сипат иеленіп отыр. Көркем әдебиет стиліне қатысты
«автор бейнесі», «тілдік бейне», «тілдік тұлға», «ғаламның тіл-
дік бейнесі», «тілдік дискурс» сияқты мәселелерді зерттеуде
қазақ тіл ғылымында біршама үрдіс қалыптасып, тәжірибе жи-
нақталуда.
Кезінде А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов сияқты ғалымдар
көркем әдебиет тілі туралы арнайы зерттеу жасамағанымен, сөз
өнерінің көркем тілдік материалы туралы құнды ой-пікірлер
білдірген. А.Байтұрсынұлы: «Тіл қисыны дегеніміз – асыл сөз-
дің болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым, лебіз ғы-
лымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын біл-
діріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шы-
ғарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден ше-
берлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету»
деп
18
, «тіл қисыны» мен «лебіз ғылымын» бірлікте алу арқылы
ғана көркем шығарма табиғатын терең тануға болатындығын
орынды пайымдайды.
Көркем әдебиет стилистикасын зерттеуші ғалымдар
Р.Сыздық, М.Серғалиев көркем әдебиет стилінің өзіндік ерек-
18
Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. А., 1992. –156 б.
шеліктері, стильдер жүйесінде алатын орны жайында өз ойла-
рын айтып, тың теориялық ізденістерге барады. Бұл салаға қа-
тысты жалпы тіл ғылымында әрқилы пікірлердің болғандығын
баса айтады: «Стилистердің бір тобы (Л.Н.Максимов,
Н.М.Шанский, Н.А.Мещерский т.б.) көркем әдебиет тілін
функционалды стильдерден тыс, мүлдем бөлек тілдік құралдар
жүйесі деп қараса, енді бір тобы Л.Х.Будагов, А.И.Ефимов,
Д.Э.Розенталь, А.Н.Гвоздев т.б. ғалымдар көркем әдебиет стилін
басқа стильдермен «терезесі тең», себебі көркем әдебиет те тіл
қолданудың аясы болып табылады әрі әлеуметтік қызмет ат-
қаруға қатынасады, ал эстетикалық қызметі сол әлеуметтік қыз-
меттің бірі деп санайды»
19
.
Көркем әдебиет стилі – тарихи тұрғыдан ерте қалыптас-
қан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына
ықпал еткен негізгі арналары: XV-ХІХ ғғ. аралығындағы ақын-
жыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лири-
калық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан бас-
талған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза,
поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығарма-
лардың тілі. Стильдің бұл түрінде сөздер екшеліп, сараланып
қолданылады. Өмір фактілері шынайы образдар арқылы сурет-
телетіндіктен, ондағы дәстүрлі де төлтума сөздер, көркемдегіш,
бейнелегіш құралдар стильдік мақсатта жұмсалады. Зерттеу
еңбектерде айқындалғандай, көркем әдебиет стилінің өзіне тән
ерекшеліктері бар. Соның ең бастысы – тіл байлығы, сөздік құ-
рамының молдығы. Авторлық баяндаудың құрылымына қарай,
кейіпкерлердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы
қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, этнографизмдер, қара-
пайым сөздер мен жаргондар, сирек қолданылатын сөздер, та-
рихи, көнерген сөздер, окказионализмдер т.т. Мысалы:
- Шал мен кемпірді өстіп анда-санда болса да жіберіп
алып тұрмайсың ба? Бас қосу, бастаңғы жасау дегенді ұмыт-
тық қой мүлде, – деп лекіте күліп Қайыржан көрінді.
19
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі, А., 1995, 7-б.
- Олай болса, «Ауған хан мен Қалған хан» ойнайық,- деп
салдым (С.Шаймерденов).
Келтірілген үзіндіде бүгінде ұмыт болған және сирек
айтылатын ұлттық түрдегі жастардың бас қосуы және ойын
атауларын білдіретін «бастаңғы», «Ауған хан мен Қалған хан»
этнографизмдері қолданылған.
Ал мына үзіндіде Тәуеккел ханның тұсындағы тарихи
кезеңді суреттеуде сол дәуірдің тілдік көрсеткіштерін – тарихи,
көнерген сөздерді, варваризмдерді жазушының орынды қолдан-
ғанын көреміз, біріншіден, тарихи шындықтан ауытқымай, сол
кезгі тарихи болмысты (заттарды, нәрселерді) дұрыс көрсетіп,
екіншіден, бұндай сөздердің бүгінгі оқырманға түсінікті болуын
көздеп жұмсаған:
Тоқсан мың әскер орыс дәстүрімен бес қосынға бөлінген
еді. Негізгі күш – бел орта – Большой полк аталатын... Соны-
мен қатар, полк правой руки аталатын оң жанақта да, полк
левой руки аталатын маңдай, сторожевой аталатын тұт-
қауыл – әрқайсысында жеке қолбасы бар еді... мың қаралы
атты стрелецтен құрылған шолғыншы – ертауыл... қару-
жарақ қоры артылған арқұқ – обоз өз алдына... (М.Мағауин).
Жазушының өзіндік қолтаңбасын танытатын окказионал-
дық бірліктер де көркем стильде жиі қолданылады: Сонда қар-
қарадай хан ауылын тасырлатып шауып кетердей ол не қылған
жүрегіне жүн байлаған қазақ. (Ә.Кекілбаев). Бұл мәнмәтінде
автор кейіпкердің (қазақтың) бейнесін ашу мақсатында өзінше
өңдеп, окказионалдық құбылыс жасаған. Мәтіндегі авторлық
қолданыстың мағынасы – батыл, ержүрек қазақты бейнелеуі
болып табылады.
Көркем әдебиет стилінің екінші бір ерекшелігі – оның көп
стильділігі. Мұның мәнісі – көркем әдебиет тілінде өзге функ-
ционалды стильдердің элементтері стильдік уәжбен қолданысқа
енеді, мұнда тілдік құралдардың барлық түрі пайдаланылады.
Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Болашаққа аманат» тарихи драма-
сынан үзінді келтірелік:
Хан: тегі, бала жасынан би атанған Сырым қырыққа
жете бере қартаяйын деген-ау, сірә! Ханмен жауласпаймын,
хандығымен жауласамын деген сөз бола ма екен? Ханы бар,
хандығы жоқ ел болғанын қайдан естіп жүрсің?
Сырым: тегінде, екінің бірі дұрыс болар: мен қырыққа
жетпей қартайған болармын, не кейбіреулер қырыққа жет-
кенше қырқынан шыға алмай қойған болар… Бұдан ары шешен
сөйлейтін Сырымның сөз желiсi өзге мәнерге ауысып отырады:
« Жер-су мәселесі әділетпен шешілмеген болса, халық кеңесі өз
міндетін атқара алмаған болар еді… Халық кеңесінің кезекті
жиналысын ашық деп жариялаймын…». Өзге стильдiк эле-
менттердi (ресми сипаттағы жер-су мәселесі, мәселе шешу,
халық кеңесі, ашық деп жариялау, т.т. ) эстетикалық мәнде
жұмсай отырып, ерекше бір көркемдік тiл кестесiн құрайды.
Бөгде стильдік қолданыстар көркем әдебиет стилiнiң ерекше-
лiгiне бағынып, жазушы идеясына тәуелдi болады.
Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – нақты
эстетикалық қызметте жұмсалуы, сөздің эстетикалық қуаты,
сөздің бейнелілігі негізгі орын алады, яғни бейнелі ойлау жүйе-
сімен ерекшеленеді, сондықтан троптар мен стилистикалық ай-
шықтаулардың барлық түрі жиі ұшырасады. Деректер кел-
тірелік: Анадайдан оны көріп бүлкілдеп,
Жорытады атың.
Көзіңе де жылтың кеп,
Қуаныштың домбырасы кеудеңе
Майда қоңыр күй тартады шіңкілдеп (Ә.Кекілбаев).
Келтірілген үзіндідегі ұлттық мәдени ерекшеліктерден
хабар
беретін
қуаныштың
домбырасы
метафорасы
Ә.Кекілбаевтың өзіндік таным ерекшелігінен туған. Негізінде
қуаныштың символы ретінде алынып, мәнмәтінде қуанып тұр-
ған адам бейнесін көз алдыңа елестетеді.
Кең шалғай, иір-қиыр құм дала, дүние талаурап кеткен,
ауа көгілдір тартады, Сонау көкжиекке қарасаң, көк сілемік
буалдыр ішінде таңғажайып бір таулар көшіп-қонып жат-
қандай болады. Бұйра-бұйра сырғыма төбелердің үстінде кә-
дімгі оттың салқыны шарпыған секілденеді. Көктем шағында
аз күнге болса да құлпыра көктеген көк, жасыл, қызыл, жолақ,
ақ таңдақ сан алуан гүлдер енді қара-күрең күйік тартып қурап
қалған. Аяқ бассаң, қаудырлап үгітіліп түседі. Осы бір ұлан-
қайыр жапан даланың бетіне болмашы бір көк жолақ ирелең
сызық тастап шағын өзен ағып жатыр (С.Шаймерденов).
Мәтін үзіндісінде жазушы эпитет, теңеу арқылы табиғат құ-
былыстарын әсерлі етіп суреттеген. Табиғат ананың ғажайып
суреттерін көз алдыңа сол әсем қалпында жеткізуге тырысқан
қаламгер тілдік бояуларды аса дәлдікпен жұмсаған. Немесе
мына үзіндіде: «Қызыл Жебеге қонған Рысқұлдың сирек жыл-
житын қаһарлы қарасұр өңінен нұр төгіліп, көздері шоқ ша-
шып, әруақ қуып арқасы қозған бақсыдай, айбыны асқақтап
шыға келді. Астындағы жүйрік те буырқанған бұла күшті
сезгендей, ауыздықты қарш-қарш шайнап, тізгінді сүзе шірене
тартылған садақтың адырнасынан ұшатын жебедей лыпып
тұр еді» - автор кейіпкердің бет-пішінін, сыртқы көрінісін,
портретін жасау үшін теңеуді тиімді пайдаланған.
Сөйтіп, көркем әдебиет стилінің басты белгісі – тілдің
лексикалық қабаттарының барлық түрлері (экспрессиялы-
эмоциялық бояуға бай тұрақты сөз тіркестері, фразеологизмдер,
синонимдер, ауыспалы мағыналы, көп мағыналы сөздер, анто-
нимдер, антитезалық құбылыстар, мақал-мәтел, қанатты сөздер,
көріктеу тәсілдері) қолданылады. Деректер келтірелік: «Сондық-
тан аталас ағайын іргелерін тым алшақ ұстамай, қанаттас,
қатарлас қонғаны мақұл; Күнде көріп араласып жүрген соң,
ағайын арасында ырың-жырың, дау-жанжал да болмай тұр-
майды» (С.Шаймерденов). Мысалдағы синонимдердің қосарла-
нып жұмсалуы арқылы ойдың мағыналық реңкі, экспрессиялық
қуаты арта түседі. Бірінші сөйлемде қанаттас сөзінің көркемдік
реңкі басым, әдетте, қатарлас сөзінің мағынасымен дәл келетін
іргелес сөзі тілімізде жиі қолданылады. Көркем әдебиет стилінде
тұрақты тіркестер де стильдік мақсатпен жиі қолданылады:
«Ұмсындықтың қара көзі от шашып, жалт етті; Ендеше ана
малды жинап алыңдар. Боқтарыңды теріп жүре алмаймын
сендердің, - деп, тебіне жөнелді; Амал бар ма, тасыған көңіл
судай басылды; Көктен тілегенім жерден табылғандай
(С.Шаймерденов). Берілген сөйлемдердегі көзінен от шашу,
көңілі судай басылу, көктен тілегені жерден табылу тіркестері
кейіпкердің әр түрлі психологиялық жай-күйін суреттеуде жұм-
салған стильдік амалдар болып танылады.
«Өзекті жанға өлім бар – хандарың тура келген ажал
оғынан қаза тапса, көлденең жабысқан кеселден көз жұмса,
елге кім иелік етеді? Күні кеше ғана Хақ Назар хан шейіт бол-
ған сәтте қырық тарапқа тарадыңдар, ақыры немен тынды?
Басыңа сол зобалаң қайта тумасын ойла. Әкесі ер деме - өзі ез
шығар. Жасы кіші деме – қара қанжар шығар. Ата салтыңда
алтын тақ – ағадан ініге мұра...» (М.Мағауин). Бұл үзіндіде
Тәуекел ханның жұртына қарата айтылған осы сөзінде жазушы
мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді орнын тауып, қиыстыра
шебер қолданған. Сол арқылы кейіпкердің шешендігі анық
танылады.
Демек, эстетикалық қызметтегі тілдің бар болмысын
ашатын ерекше қолданыс түрі – көркем әдебиет стилі. Оның
лексика-фразеологиялық, грамматикалық, фонетикалық тәсіл-
дерді пайдаланудағы, мәтіннің құрылымдық ұйымдасу прин-
циптеріндегі түрлі ерекшеліктері болатындығы белгілі.
Көркем әдебиет стилінің қысқаша талдау үлгісі:
1.Қарым-қатынас аясы (қолданылатын орны): көркем шы-
ғармаларда жазбаша түрі), көпшілік алдында, сахнада айты-
латын әңгіме, өлең, т.б. жанрларда.
2.Қарым-қатынас мақсаты: ақиқат шындықты, өмірдегі
зат, құбылыстарды суреттеу, бейнелеу арқылы оқырман сезіміне
әсер ету.
3.Стильдік сипаты: сөз деректі, образды эмоционалды-
экспрессивті мәнде, т.б.
4.Тілдік ерекшеліктері:
а) лексика-фразеологиялық: ауыспалы мағынадағы сөз-
дер, суреттемелік, көркемдеуіш құралдар (теңеу, метафора, эпи-
тет, антитеза...), бейәдеби бірліктер, синонимдер мен антоним-
дер, бейнелі сөз орамдары, т.б.
ә) морфологиялық: одағай, шылаулар, қыстырма, қаратпа
сөздер,...
б) синтаксистік: риторикалық сұраулы сөйлемдер, қайта-
ламалар, парцелляцияланған құрылымдар, инверсия, ...
Достарыңызбен бөлісу: |