М.Қанабекова


  Стилистиканың тіл мәдениеті ғылымымен



Pdf көрінісі
бет3/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

1.3.  Стилистиканың тіл мәдениеті ғылымымен 
арақатынасы 
 
Стилистика мен тіл мәдениетінің арақатынасын сөз етудің 
де  өзіндік  мәні  бар.  Мұндай  жағдайда  әдеби  норма  және  сти-
листикалық  норманың  өзіне  тән  ерекшеліктері  айқындала 
түседі.  Стилистика  мен  тіл  мәдениетінің  арақатынасы  жөнінде 
ғылымда  әлі  күнге  дейін  түбегейлі  шешім  болған  жоқ,  әрқилы 
пікір-көзқарастар бар. Бірқатар авторлар сөз мәдениетін стилис-
тикадан  кең  мағынада  ұғындырады  да,  «шын  мәніндегі  қол-
даныс  тілі  мәдениеті  қарым-қатынастың  мақсат-міндеттеріне 
сәйкес қазіргі әдеби тілдің стильдері мен формаларын меңгеруді 
мақсат  етіп  қояды»
8
    деп  көрсетеді.  Бұл  екі  ғылым  саласының 
өзіндік  өзгешелік-ерекшеліктері  бар  екендігін,  екеуі  бір  ғылым 
еместігін  кезінде  академик  В.Виноградов  айтқан  болатын
9
.  Ал 
профессор  Б.Н.Головин  стилистика  мен  тіл  мәдениетінің  ара-
сында  ұқсастықтың  көп  екенін  айта  отырып,  олардың  айыр-
машылықтарын  да  баса  көрсетеді:  «Стилистиканың  нысандары  
                                                           
8
  Скворцов  Л.И.  Норма.  Литературный  язык.  Культура  речи  //  Актуальные 
проблемы культуры речи. М., 1972, с.97 
9
Виноградов  В.В.  Проблемы  культуры  речи  и  некоторые  задачи  русского 
языкознания // Вопросы языкознания. М., 1964, с.133 

–  тіл  мен  қолданыс  тілінің  стильдері,  олардың  ұқсастықтары, 
айырмашылықтары.  Қолданыс  тілі  мәдениетінің  нысандары  – 
қолданыс  тілінің  қатысымдық  (коммуникативтік)  сапалары,  ол 
сапалардың  даму  жағдайлары,  ал    ол  жағдайлардың  ішіне  тіл 
және қолданыс тілі стильдері кіреді»
10

Демек,  стилистика  –  тіл  құралдарын  (тұлға-бірліктерді) 
талғап,  орнымен  дұрыс  қолданудың  заңдылықтарын  үйрететін-
діктен,  тіл  мәдениеті  ғылымымен  өте  тығыз  байланысты  екен-
дігі байқалды. Сондықтан қай тұрғыдан болса да сөз болатын тіл 
мәселесі  тілдік  нормаға  барып  тіреледі.  Әдеби  тілде  сөйлеуші 
адам  ойын  дұрыс  жеткізуді  ғана  емес,  қалай  айтып  жеткізуді 
көздейді,  тілдегі  дұрыстықты  ұстауға  тырысады,  демек,  әдеби 
тілдік  нормада  екі  мақсат  қатар  көзделуі  керек:  ойды  білдіру 
және  оны  мәдениетті  түрде,  яғни  белгілі  дұрыстық,  көркемдік 
нормаларын сақтап білдіру. 
Қазіргі  қазақ  әдеби  тілінің  нормаларына  келгенде,  олар-
дың  жалпыға  ортақтығын,  міндеттілігін  айтумен  қатар,  функ-
ционалды стильдерге бөліп қарау керектігі де назар аударады. 
Тілдік норманы міндетті түрде қолдану бар да, ыңғайына 
қарай  қолдану  бар.  Айталық,  орыс  тілі  мамандарының 
(Б.Н.Головин т.б.) тануынша, грамматикалық, орфоэпиялық, ор-
фографиялық, пунктуациялық нормаларды қатаң, міндетті түрде 
сақтау  керек,  ал  стилистикаға  келгенде  ыңғайына  қарай  босаң 
нормаларға  да  иек  артуға  болады  дейді.  Тілдің  функционалды 
стильдерге  қарай  ажыратылатын  нормалары  стилистикалық 
нормалар  болып  табылады,  яғни  сөз  қолдану  нормалары,  олар 
әдеби  тіл  нормасына  сәйкес  қалыптасады.  Әсіресе,  функцио-
налды  стилистикаға  байланысты  сөз  қолданудың  тұрақтылығы 
бар. Атап айтқанда, ауызекі сөйлеу стилінде қарапайым сөздер, 
диалектизмдер,  жаргондар,  бөтен  тілдік  элементтер,  «барға-
сын,  кеп,  боп»  т.б.  тәрізді  морфологиялық  тұлғалардың  қолда-
нылуы мүмкін болса, жазба стильдерде олар нормадан тыс деп 
есептелінеді.  Тілдің  стильдік  айшықтаулары,  көркемдік  құрал-
дары көркем әдебиет стиліне тән, олар іс қағаздары мен ғылыми 
стильдерде  қолданылмайды.  Бұдан  шығатын  қорытынды:  сти-
листикалық  нормалар  да  тілде  қалыптасады,  олар  әр  стиль 
                                                           
10
 Головин Б.Н.Основы культуры речи. М., 980, c 323 

түрлеріне  сай  келуі  қажет.  Мәселен,  өткен  шақ  есімшенің 
жұрнағы -тын (-тін) және тұғын болып екі вариантта кездеседі. 
Мұның алдыңғысы қатаң норма, яғни функционалды стильдер-
дің  барлығында  қолданылады,  ал  -тұғын  нұсқасы,  негізінен, 
көркем  әдебиет,  оның  ішінде  поэзия  үшін  норма.  Тағы  да  бір 
мысал,  ресми  хабарларда,  құжаттарда  президент  деген  сөз  ел-
басы  деген  суреттеме  сыңарымен  ауыстырылмайды.  Соңғы 
нұсқа  көтеріңкі  (пафостық)  тонмен  жазылған  газет-журналдар 
тілінде,  көркем  әдебиетте,  оның  ішінде  поэзияда  қолданыла 
береді. 
Жоғарыда айтылған ауызекі сөйлеудің элементтері (қара-
пайым, диалект, дөрекі сөздер…) әдеби тілдің лексикалық нор-
масынан  тыс  тұрады.  Бірақ  көркем  әдебиет  тілінде,  көбінесе 
кейіпкерлер  тілінде,  шығарманың  жанрлық  сипатына  қарай 
автордың  өз  баяндауында  да  қолданылуы  норма  болып  табы-
лады.  Соңғысы  –  стилистикалық  нормалар  ретінде  танылады. 
Сондай-ақ  қолданыс  тілінің  шарттары  (дұрыстық,  дәлдік,  эсте-
тикалық) тұрғысынан әр функционалды стильдің өзіне тән сти-
листикалық  нормалары  айқындалады.  Айталық,  «ресми  стиль-
дегі дұрыстық – стандартты сақтау, дәлдігі – лексикалық бірлік-
тер  мен  фразеологизмдерді  тура  мағынасында  жұмсау,  эсте-
тикасы –  оның нақтылығында (обьективтілігінде). Сол сияқты, 
ғылыми  стильдің  дұрыстығы  –  баяндаудың  логикалылығы  мен 
жүйелілігінен  көрінсе,  дәлдігі  –  ойды  білдіру  түрінің  ғылыми 
ұғымдар  мен  терминологияның  айқындығына  сәйкес  келуінен 
байқалады,  ал  эстетикалылығы  –  терең  мазмұнның  түсінікті 
және қарапайым берілуінде жатыр. Публицистикалық стиль мен 
көркем  әдебиет  стильдеріндегі  дұрыстық  деп  отырғанымыз, 
оқырман  мен  тыңдарманның  назарын  тез  аудару  үшін  қажетті, 
бейнелегіш мәні бар сөздерді таңдап, сұрыптауға тікелей байла-
нысты болады. Дәлдік көпшіліктің тез қабылдап, қанатты сөзге 
айналып кететіндей  сөздерді  тауып,  нақтылы  бейне  жасау  мақ-
сатында  туындайды.  Тыңдарман  мен  оқырмандарды  тебірен-
терлік  сөздер  мен  сөз  оралымдарын  қолдану  бұл  стильдердің 
эстетикалық қуатын арттыра түседі. Бұларға қарағанда, ауызекі 
сөйлеу  тілінің  өзіндік  ерекшеліктері  бар.  Әдеби  тіл  норма-
сының, саналы түрде болсын, кездейсоқ болсын стилистикалық 
норманың  көрсеткіші  бола  береді.  Әсіресе  эстетикалық  тікелей 

қарым-қатынас  кезіндегі  интонациядан,  эмоционалдылықтан, 
бет-пішіннің  құбылуынан  айқын  аңғарылады.  Әрине,  жазба 
тілдегі авторлардың шеберлігі сияқты, ауызекі сөйлеу тілінде де 
тілдік  қарым-қатынасқа  түскен  адамдардың  сөйлеу  шешендігі 
мен  шеберлігінің  мәні  өте  зор»
11
.    Олай  болса,  стилистикалық 
норма – қарым-қатынас аясындағы қолданыс тілінің мақсат-мін-
деттеріне  сәйкес  тілдік  бірліктердің  стильдік  ұстаныммен  жү-
зеге асуы болып табылады. 
Демек,  стилистика  мен  тіл  мәдениетінің  арақатынасын 
айқындау  маңызды  мәселеге  жатады.  Стилистиканың  қарасты-
ратын  негізгі  мәселелері  ілгеріде  айтылған  жайлар  болса,  тіл 
мәдениетінің  арқауы  –  тілдік  құрылымның  жарасымдылығы. 
Проф.  Б.Н.Головинның  дәл  танып,  атап  көрсеткеніндей,  тіл 
мәдениетінің  өзіне  тән  дәлдік,  дұрыстық,  тазалық,  байлық, 
мәнерлегіштік, қисындылық, әдептілік тәрізді сапалары болады, 
өзіндік  категорияларға  ие.  Ал  зерттелу  хронологиясы  жағынан 
стилистика  мәселелерінің  тіл  мәдениеті  мәселелерінен  әлде-
қайда  ерте  қолға  алынғаны  белгілі.  Айталық,  стилистиканың 
алғашқы  элементтері  ертедегі  Грекия  мен  Римнен,  одан  кейін 
Еуропа  елдерінен  бастау  алғаны  тіл  тарихынан  мәлім,  ал  тіл 
мәдениеті  мәселелерінің  қарастырылуы  кейінгі  ондаған  жыл-
дардың жемісі. 
Қысқасы,  өзіндік  теориялық  ұғым-категориялары  бар  тіл 
мәдениеті ғылымы стилистикамен тығыз байланыста ғана дами 
алатын,  стилистиканың  жетістіктерін  пайдалану  нәтижесінде 
өркендейтін  ғылым  саласы.  Тілдік  тұлға-бірліктерді  стильдік 
мақсатқа сай орынды жұмсай білу – сөз мәдениетінің қатысым-
дық сапаларын арттыратыны сөзсіз. 
 
1.4. Стилистиканың теориялық ұғым-категориялары 
 
Стилистика  ғылымының  мазмұнын  құрайтын,  өзіндік 
ерекшілігін  айқындайтын  басты  ұғымдары  мен  категориялары 
болады.  Мысалы,  стиль,  функционалды  стиль,  стильдік  белгі, 
стилистикалық  бояу,  стилистикалық  құралдар,  стиль  жүйе-
                                                           
11
 Стилистика руского языка. Л., 1989, c 38 

лілігі,  стилистикалық  мағына,  стилистикалық  коннотация, 
стилистикалық  норма,  стилистикалық  қате,  стиль  құраушы 
факторлар  (лингвистикалық  және  экстралингвистикалық)  т.б. 
Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, 
стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. 
Стиль  –  стилистиканың  негізгі  категориясы.  Стиль  – 
латынша  stylos  –  жазу  құралы.  Ертеде  Римде,  Грекияда  стиль 
осы  жазу  құралының  атауы  ретінде  танылған.  Одан  бергіде 
Еуропа  елдерінде  шешендік  өнер  ұғымының  синонимі  ретінде 
жұмсалған. 
Шешендік  өнердің  атауы  қызметінде  риторика  сөзі  қол-
данысқа  түскеннен  кейін,  стиль  басқа  мағыналарға  ие  болған. 
Дәлірек  айтқанда,  стиль  сөзі  даралықты,  өзіндік  ерекшелікті 
танытады. «Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне бай-
ланысты  жіктелетін  әдеби  тілдің  функционалдық  түрі»
12
.  Таза 
лингвистикалық  мағынасындағы  стиль  дегеніміз  –  белгілі  бір 
қарым-қатынас аясына, мақсатына орай, ойдың мазмұнына бай-
ланысты іріктелетін, тарихи жағынан қалыптасқан тілдік құрал-
дардың жиынтығы. 
Бүгінгі таңда стилистика ғылымының теориялық әрі прак-
тикалық  маңыздылығы  артып,  функционалды  стильдерінің  қо-
ғамдық қызметінің сан салалы екендігі белгілі, сондықтан тілдің 
стильдік  табиғатын  жан-жақты  тану,  тереңнен  зерттеу  міндеті 
қойылып отыр. Ғалым М.Серғалиев стильдің төмендегідей ерек-
шеліктерін көрсетіп, былайша тұжырымдайды: 
1)  Әдеби  тілдің  бір  түрі;  демек  сол  тілде  сөйлейтін  бар-
шаға түсінікті сөздер мен конструкциялар;   
2) Стиль – тарихи категория; 
3) Стиль – қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады; 
4)  Тілдік  кұралдардың  қалай  болса  солай  тіркескен  тобы 
емес, шартты тұйықталған тобы.  
Бұл тұжырым стиль жөнінде айтылған «белгілі бір тілдегі 
лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қол-
дану  принциптері»  деген  анықтамалардың  кеңейген,  қазіргі 
                                                           
12
  Серғалиев  М.  Cтилистикалық  ұғымдар  мен  категориялар  //  ҚазМУ 
хабаршысы. Филология сериясы. 1977. № 8 

стиль  мәселесіне  терең  үңіліп,  әртүрлі  қасиетін  танудан  туған 
түсінік деп ұғынуға болады. 
Стиль терминінің кең мағынасы – сөйлеу мәнерін білдіріп 
келсе,  тар  мағынасы  –  жеке  шығарманың  немесе  жазушы  шы-
ғармашылығының  тілдік  ерекшелігі  (көркем  әдебиет  стилис-
тикасы  тұрғысынан  алғанда)  дегенді  білдіреді.  Соңғы  мағына-
сында  «стиль»  термині  әдебиеттік  стилистикада  да  қолданы-
лады. 
Барлық  жағдайда  да  «стиль»  термині  тілдің  белгілі  бір 
қарым-қатынас  аясына  байланысты  жұмсалады.  Стильді  тілдің 
стилистикалық бояуға ие құралдарының жиынтығы ретінде тану 
тілдік  құрылымның  стилистикалық  белгілеріне  арнайы  назар 
аударудан туған түсінік деп ойлаймыз. 
Ғылымда  «тіл  стилі»,  «сөйлеу  стилі»  ұғымдары  қатар 
жұмсалып,  қолданыста  жиі  көрінеді.  Тіл  стильдері  мен  сөйлеу 
стильдерінің  ерекшеліктері  тіл  мен  сөйлеудің  ерекшеліктеріне 
сәйкес келеді. Тіл – қатынас құралы, сөйлеу – сол құралдың іске 
асуы,  яғни  белгілі  бір  қызметтегі  көрінісі.  Сондықтан  сөйлеу 
стильдері  дегенді  тіл  стильдерінің  іске  асуының  нәтижесі,  іс 
жүзіндегі  көрінісі  деп  қарауға  болады.  Сөйлеу  стильдері  әр 
уақытта жанрлармен байланысты болып келеді. 
Лингвистикалық  ұғым  ретінде  стильдің  көп  мағыналы-
лығын байқауға болады. Айталық, жеке тілдік құралдардың қол-
данысы  да  стильдік  ерекшелікті  танытады,  сол  сияқты,  белгілі 
бір  мәтін  немесе  мәтін  үзіндісі  де  стиль  туралы  сөз  етуге  ма-
териал  болады.  Мәселен,  біріншіден,  екіншіден  …  тәрізді  сөз-
дердің  тұлғаларына  қарап,  ғылыми  стильдегі  санамалау  түрін 
ұғынуға болады, ал деп аталады, біздің ойымызша, жүргізілген 
тәжірибенің нәтижесінде … дегендей тіркестер ғылыми стиль-
ді  тіпті  айқындай  түседі.  Ал  жанр  тұрғысынан  келгенде,  айта-
лық,  қаулы-қарардың  үзіндісі  болса,  ресми  стиль  екендігі,  ша-
ғын  өлең  не  прозалық  шығармалардың  үзіндісі  болса,  көркем 
әдебиет  стилі  болатындығы,  баспасөз  материалы  немесе  саяси 
әдебиеттен  алынған  дәйексөз  (цитата)  болса,  публицистикалық 
стиль  ретінде  танылатындығы  белгілі.  Сөйтіп,  қызмет  ету  ба-
рысында  қоғамдық  қатынастың  белгілі  бір  саласында  тұрақты 
қолданылған  тілдік  құралдар  белгілі  бір  стильдік  бояуларға  ие 
бола  бастайды.  Басқаша  айтқанда,  тілдік  құралдар  жүйесінен 

табиғаты  жағынан  белгілі  салада  қатынас  жасауға  икемділері 
таңдалып  алынады.  Сөйтіп,  функционалды  стильдердің  әрқай-
сысы мағынасы мен реңі жағынан сол стильдерге тән тілдік құ-
ралдарды  қолдану  негізінде  қалыптасады.  Бұл  тілдің  қоғамдық 
қатынастың  белгілі  бір  саласында  қызмет  ету  әрекеті  нәти-
жесінде  жүзеге  асады.  Сондықтан  функционалды  стильдерді 
жүйелеудің негізіне экстралингвистикалық ұстаным жатады. 
Орыс  тіл  білімі  стилистикасын  зерттеуші  А.Ефимов
13
 
стильдің төмендегідей ерекшеліктерін атап көрсетеді:  
а)  тілдік  құралдардың  қолданылу  нормасына  сай  таңдап 
құралуы;  
ә) шектелген және арнаулы лексикалық құрамы;  
б)  өзіне  тән  сөздердің  мағыналық  реңктері  мен  сөзжасам 
элементтері;  
в) өзіне тән фразеологиясы;  
г) өзіндік синтаксистік конструкциялары; 
ғ)  әр  стильге  тән  мәнерлегіш  құралдардың  құрамы  мен 
қызметі  жатады. 
Функционалды  стильдерді  ажыратудың  (бөлудің)  негізі 
тілдік  (лингвистикалық)  және  тілдік  емес  (экстралингвистика-
лық) жағдаяттарға (факторларға) байланысты қаралады. Бұлар 
–  стилистиканың  негізгі  ұғымдарының  бірі.  Функционалды 
стильдерді  сипаттауда,  олардың  өзіндік  белгілерін  айқындап 
көрсетуде екі фактор да ескеріледі. 
Лингвистикалық  факторлардың  негізін  тілдік  құрал-
дардың  мәтін  ішіндегі  көрінісі,  тілдік-стилистикалық  белгілер 
құрайды.  Яғни  интонация,  жеке  дыбыстардан  бастап,  лексика-
лық  бірліктер  (сөздер)  мен  грамматикалық  тұлғалардың,  көрік-
теуіш  құралдары  мен  түрлі  синтаксистік  конструкциялардың 
қолданыстағы ерекшеліктері негізге алынады.   
Тілден тысқары стиль құраушы факторларға қарым-қаты-
нас  аясы,  қоғамдық  қызмет  түрлері  (тілдесу,  хабарлау,  ықпал 
ету),  қоғамдық  сана  формасы,  сөздің  ауызша  не  жазбаша  көрі-
нісі, сөздің жанрлық ерекшелігі, баяндау түрі (әңгімелеу, сурет-
теу,  ойталқы),  жағдаяттық-қоғамдық  факторлар  (сөздің  тоны, 
                                                           
13
 Ефимов А.И. Стилистика русского языка, М., 1969. с.62 

сөйлеу актісінің түрі, тыңдаушы ерекшелігі) т.б. жатады. Бұлар 
объективті  факторларды  құраса,  автор  ұстанымы,  оның  дара-
лығы  сияқты  субъективті  факторлар  да  болады.  Бұл  фактор-
лардың барлығы да сөз сипатына тікелей әсер етеді, бірақ олар-
дың стиль құраушылық дәрежелері бірдей емес. 
Функционалды стильдерді таптастыру тілдің табиғатынан 
туындайды,  яғни  таза  тілдік  факторлар  негіз  болады.  Алайда, 
соңғы кездегі зерттеулерде стильдік құбылыстарды, әдеби тілдің 
стильдік  тармақтарға  бөлінуін  қарым-қатынастың  мақсаты  мен 
міндетіне, тілдесудің қандай салада жүзеге асатындығына, яғни 
тілдік  емес  (экстралингвистикалық)  факторларға  тәуелді  екені 
айқындала  түсті.  Тілдің  өзге  деңгейлеріне  қарағанда,  әсіресе, 
лексика-фразеологиялық қабаты  экстралингвистикалық  фактор-
лармен  тығыз  байланысты.  Стиль  сыртқы  жағдаяттармен  мей-
лінше  тығыз,  тереңірек  байланыста  болып  келеді.  Өйткені, 
стильтүзім  сыртқы  факторлардың  нәтижесінде  нақты  сөйлеу 
үрдісінде  пайда  болады.  Қарым-қатынастың  қай  жерде,  кіммен 
өткені  сөздің  сипатына,  тілдік  элементтердің  реңдеріне  әсер 
етпей қоймайды.   
Функционалды  стиль  ұғымы  –  қазіргі  стилистикадағы 
негізгі  категория.  Функционалды  стильдер  тілдің  қолданысы-
мен,  қызмет  ету  ерекшеліктерімен  тікелей  байланысты,  яғни 
шынайы  қарым-қатынаста,  сөйлеу  актісінде,  мәтінде  көрінеді. 
В.В.Виноградов  жоғарыда  көрсетілген  еңбектерінде  функцио-
налды  стиль  жөніндегі  өзіндік  ой-пікірін  былайша  тұжырым-
дайды: «Стиль – бұл жалпыхалықтық, жалпыұлттық тілдің бел-
гілі  бір  саласында  тілдік  қарым-қатынас  құралдарының  сұрып-
талып тіркесу, қолдану тәсілдерінің қоғамдық тұрғыдан қабыл-
данған,  функционалдық  тұрғыдан  шартталған,  іштей  біріккен 
жиынтығы.  Ол  басқа  мақсатқа  қызмет  ететін,  басқалай  қызмет 
атқаратын  өзі  сияқты  бейнелеу  тәсілдерімен  бір  қатарда  тұ-
рады». 
Функционалды стиль, функционалды стилистика термин-
дері – орыс тіл білімі зерттеушілерінің танымынан туындап, қа-
лыптасып  орныққан  атаулар.  Тіл    білімінде    функционалды  
стиль    мәселелерімен  айналысқан  ғалымдар  В.Виноградов, 
Г.Винокур, Л.Щерба, Б.Ларин, Р.Будагов, М.Кожина «функцио-
налды  стильді  –  тарихи  және  әлеуметтік  категория»  ретінде 

түсіндіреді.    Функционалды  стиль  тілдің  әр  түрлі  қызметімен 
(функциясымен)  тікелей  байланысты  болатындығын  атап  көр-
сетеді, яғни стиль тілдің қандай мақсатта, кімге арналып жұмса-
латындығына  қатысты  құбылыс  болғандықтан,  оның  қызметтік 
сипатын  ескерудің  мәні  зор.  Ол  қызметтің  түрлерін  зерттеу-
шілер  былайша  көрсетеді:  А.А.Леонтьевтің  пікірі  бойынша,                 
1)  қарым-қатынас  жасау  қызметі  (коммуникативтік),  2)  ойлау 
құралы  ретіндегі  қызметі,  3)  адамзаттың  әлеуметтік  тарихи 
тәжірибесін меңгеру құралы ретіндегі қызметі, 4) ұлттық мәдени 
саладағы  қызметі,  5)  таным  құралы  қызметі  деп  бөледі; 
В.А.Аврорин тіл: 1) қатынас құралы (коммуникативтік), 2) ойды 
білдіру (экспрессивтік), 3) ойды қалыптастыру (конструктивтік), 
4)  тәжірибе  мен  білім  жинау  (аккумулятивтік)  қызметтерін 
атқарады  деп  есептейді.  Ал  В.В.Виноградов  тілдің  қызмет  ету 
сипатын  қарым-қатынас  қызметі,  хабарлау  қызметі,  әсер  ету 
қызметі деп үшке бөледі. Зерттеушілердің қай-қайсысы да тілдің 
әлеуметтік  қызметіне  функционалды  стильдердің  қатысты 
екендігін  жоққа  шығармайды.  Демек,  функционалды  стильдер-
дің  пайда  болып  қалыптасуына  тілдің  әлеуметтік  қызмет  өрісі, 
яғни  экстралингвистикалық  факторлар  тікелей  ықпалын  тигі-
зеді.  Қазақ  тіл  білімінде  функционалды  стиль  терминінің  мән-
маңызын  айқындап,  өзіндік ерекшеліктерін талдап-таразылауда  
көрнекті  ғалымдар  М.Балақаев,  М.Томанов,  Б.Манасбаев, 
С.Исаев, Р.Сыздық, М.Серғалиевтардың  ой-пікірлерінің маңыз-
дылығы зор. Академик Р.Сыздық «функционалды стиль» терми-
ніне қазақша атау ұсынып, өзіндік пайымдауларын тілдік дерек-
тер  негізінде  орынды  дәлелдейді,  яғни  «мақсаттық»  не  «қыз-
меттік  стиль»  деп  атағанды  жөн  көреді
14
.  Ғалым  қалың  оқыр-
манға  түсінікті,  жатық болуын  көздеп,  ана  тіліміздің ішкі  мүм-
кіншіліктерін  пайдаланып  жасалынған  балама  атаулардың  ғы-
лым саласы үшін аса қажеттілігін баса айтады. 
Сөйтіп,  функционалды  стилистика  қоғамның  түрлі  сала-
сында  жұмсалатын  тілдік  құралдардың  қызмет  ету  ерекшелік-
терін  қарастырады.  Тілдің  әлеуметтік-қоғамдық  қызметі  қоғам-
дық  санамен  тығыз  байланысты.  Ал  қоғамдық  сананың  түрле-
                                                           
14
 
 
Сыздық Р. Сөз құдіреті. А., 2005.- 158 б. 

ріне: ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық 
ақпарат  құралдары,  әдебиет  т.  б.  жатады.  Қоғамдық  сана  деге-
німіз – объективті дүниені танып білудің формалары. Сөйлеуші 
қоғамдық  сананың  қай  саласында  тілдік  амал-тәсілдердің  қай 
түрін қолдану керектігін біледі. Яғни қарым-қатынастың құқық-
тық саласы, ғылыми және эстетикалық саласы, бұқаралық ақпа-
рат  саласы,  тұрмыстық  салаларына  қарай  функционалдық-
стильдік  белгісі  бар  амал-тәсілдерді  таңдап  қолданады.  Тілдік 
құралдардың  стильдік-функционалдық  белгісіне,  реңктеріне 
қарап,  адресат  (қабылдаушы)  сөздің  қай  стиль  түріне  жататы-
нын ажыратады. 
Стильдік  белгі  ұғымын  тілімізде  стилистикалық  сапа, 
қолданыс тілінің белгісі, стильдік сипаты деп жұмсау фактілері 
жиі кездеседі. Солай бола тұра белгілі бір стильдің басқа стиль-
дерден өзгешелік-айырмашылықтарын танытатын ерекшеліктері 
болатындығы  даусыз.  Стильдік  белгі  қандай  да  бір  тұлға-бір-
ліктердің, тілдік тәсілдердің жиынтығымен, сол стильдің қолда-
ныстағы  өзіндік  тіл  жүйелілігімен  айқындалады.  Демек,  стиль-
дік  белгі  – белгілі  бір функционалды  стильдің  даралығын,  өзге 
стильдерден  өзгешелік  сипатын,  сөз-қолданыстағы  мәнерін  та-
нытатын қасиеті. Әр стильдің таза лингвистикалық және экстра-
лингвистикалық  жағдаяттарына  қарай  өзіне  ғана  тән  белгілері 
болатыны  табиғи  құбылыс.  Мәселен,  сөз  бедерінің  бейнелілігі, 
көрнекілігі  көркем  әдебиет  стиліне  тән  белгі  болса,  дәлдік  пен 
нақтылық, жүйелілік ғылыми стильдің белгісі болып табылады, 
ал эмоционалдық бояуы басым бірліктердің, бағалауыштық мән-
дегі  сөздердің  жиі  қолданылуы  ауызекі  сөйлеу  стилінен  бірден 
аңғарылады.  Олай  болса,  әр  функционалды  стильдің  белгілері 
нақты қолданыс аясында, тілдік қатынастың белгілі бір түрінде 
айқындала  түседі.  Айталық, ауызекі  сөйлеу  стилі  тікелей  ауыз-
ша тілдік қарым-қатынас жасауда көрінеді. Әңгімелесу, тілдесу 
емін-еркін бейресми жағдайда өтеді. Сондықтан бұл стильге тән 
белгілер:  әдеби  тіл  нормасы  қатаң  сақталынбайды,  ой  жүйелі 
берілмейді,  нормадан  тыс  тілдік  элементтер  қолданыла  береді. 
Ал жазба стильдер қатынастың жазбаша формасында жиі жұм-
салатындықтан,  тілдік  құралдар  екшеліп,  сұрыпталып  қолда-
нылады. Ортақ белгілері: логикалық жүйелілік сақталады, жал-

пыхалықтық тілдің қолданысы әдеби нормаға сай болуы керек, 
ой нақты, дәл, түсінікті берілуі қажет.  
Әр  функционалды  стильдің  түрлері,  ең  бастысы,  бір-
бірінен  таза  лингвистикалық  белгілерімен  ерекшеленеді.  Бұл 
жерде әр функционалды стильге тән белгілерді анықтауда олар-
ға қатысты тілдік нормалармен бірде байланыстыра, бірде ажы-
рата қарау керек сияқты. Мысалы, біріншіден, екіншіден, әрине, 
сонымен, біздіңше, пәленшенің айтуынша, ал сияқты қыстырма 
сөздер  басқа  стильдерге  қарағанда  ғылыми  стильде,  публицис-
тикада жиі қолданылатыны – осы стильдерге тән белгілер. Бірақ 
өзге  стильдерде  қолданылмайды  деуге  болмайды,  әсіресе,  көр-
кем әдебиет стилінде көрсетілген қыстырмалар орын алуы мүм-
кін.  Немесе  заң,  сот  материалдарында,  ресми  құжаттар  тілінде 
сөздер  негізінен  тура  мағынасында  жұмсалады,  бұл  үлгілерде 
сөздердің  көріктеуші,  сипаттаушы  қатарлары  қолданылмауға 
тиіс. 
Ғылыми  стильде  ғылыми  терминдердің  мол  қолданыла-
тындығы,  сөйлемдердің  анық,  түсінікті  болуы  ғылыми  жазба-
лардың стильдік белгілері әрі нормалары болып келеді. 
Ал  көркем  әдебиет  стилінде  нормадан  тыс  бірқатар  лек-
сикалық,  грамматикалық  тұлға-бірліктер  эстетикалық  мәнде 
жұмсалып, көркемдік қызмет атқарады. Мәселен, диалектизмдер 
мен  көнерген  сөздерді,  қарапайым  бірліктер  мен  жаргондарды, 
сирек  қолданыстағы  элементтерді,  өзге  стильдің  элементтерін 
еркін  жұмсай  алады,  өйткені  көркем  әдебиет  тек  коммуни-
кативтік  емес,  эстетикалық  функцияны  да  қоса  атқаратын-
дықтан, өзге стильдерден оқшау тұрады. Осы ерекшеліктерінен 
болар,  кейбір  зерттеушілер  көркем  әдебиетті  функционалды 
стильдер қатарына қоспайтын-ды. 
Қазақ тілінің функционалды стильдерінің бір-бірінен айы-
рым белгілері көрсетіліп, ғылымда біршама айқындалып келеді. 
Ол белгілерді қазақ тілін зерттеушілер орыс тіл білімінің таным-
түсініктеріне  сүйене  отырып  атап  көрсетеді.  Бұған,  біріншіден, 
тіл-тілдегі  функционалды  стильдер  табиғатының,  қызметінің 
ұқсас,  ортақ  құбылыс  екендігі  негіз  болса,  екіншіден,  ресми  іс 
қағаздарының,  ресми  ақпарат  материалдарының,  ғылыми  әде-
биеттердің, көптеген мектеп оқулықтарының күні кешеге дейін 

көбінесе  орыс  тілінен  аударылып,  ұсынылып  келгені  себепкер 
болды. 
Кеңсе іс қағаздарының стильдік белгілері өзгелерден мүл-
дем ажыратылып көрінеді, мұнда шаблон құрылымдар мен стан-
дарт тілдік бірліктер орын алады, лексикалық норма  қатаң сақ-
талады,  көріктеу  тәсілдерінің  жұмсалуына,  сөздің  ауыс  мағы-
нада  келуіне  жол  берілмейді.  Әсіресе  заң-қаулы,  ереже  сияқты 
ресми  құжаттардың  тілдік  белгілері  берік  әрі  тұрақты  болуы 
шарт.  Әрине,  бұл  айтылғандардың  барлығы  –  функционалды 
стильдердің  әрқайсысының  тілдік  белгілері  және  соларға  орай 
қалыптасатын  стилистикалық  нормалары  туралы  қысқаша 
түсінікті  білдіреді.  Ал  әрбір  стильдің  өз  ішінен  мазмұндық-
жанрлық  бөліністеріне  қарай  және  функционалдық  сипатына 
орай түрлерін саралап, әрбіреуіне тән шағын белгілерін көрсету 
– алдағы ғылыми ізденістердің нысаны болмақ. 
Тілдің  стилистикалық  бояуы,  стилистикалық  мағына, 
стилистикалық  құралдар,  стильдік  амал-тәсілдер  деген  ұғым-
дар функционалды стилистикада бір-бірімен тығыз байланысты. 
Бірақ  бұл  ұғымдарды  айқындау  қажет.  Қоғамдық  санамен  бай-
ланысты қызмет ететін тілдік амал-тәсілдердің стильдік реңдері 
де  әртүрлі  болатындығын  аңғарамыз.  Деңгейлік  құрылымдар-
дағы тілдік бірліктердің, әсіресе лексикалық бірліктердің ұғым-
дық мазмұнынан басқа түрлі мағыналық-стильдік реңдері нақты 
қолданыста  айқындалады.  Осымен  байланысты  тілдік  бірлік-
терді екі топқа бөліп қарастырамыз: 
1. Стильдік реңі бейтарап бірліктер (стильдік реңі жоқ); 
2.  Стильдік  реңі  әртарап  бірліктер  (стильдік  реңі  бар 
тұлғалар). 
Стильдік  реңі  бейтарап  құралдар  дегеніміз  –  қарым-қа-
тынастың  әр  түрлі  саласы  мен  әркелкі  жағдайында  қолданыла-
тын  сөздер.  Олардың  ерекше  стилистикалық  белгісі  болмайды. 
Мысалы, көк, ақ, ауыр, жеңіл, оқы, жаз т. т. Міне, осындай сөз-
дермен салыстыру арқылы стильдік реңге ие тұлғаларды айқын-
дауға болады. Стильдік реңі бар сөздерді: эмоционалды-экспрес-
сивті  реңдегі  сөздер  және  функционалды  реңдегі  сөздер  деп 
ажыратамыз. 
Эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер: ұстаз – оқыту-
шы, мұғалім, шопан –  қойшы, шәкірт – оқушы, еңбеккер – жұ-

мысшы,  паш  ету  –  мәлімдеу  –  хабарлау  –  жариялау  т.б.  Осы 
реңдегі  сөздердің  стильдік  мағынасы  өз  ішінен  жағымды  және 
жағымсыз деп сипатталады. 
Жағымды  реңдегі  сөздердің  мазмұны  көтеріңкі  сипатта: 
қаламгер – суреткер – жазушы; ал жағымсыз реңдегі сөздердің 
мәні төмен болады: міңгірлеу, күмілжу, сөйлеу
Ал  функционалды  реңдегі  сөздерге  келетін  болсақ,  қо-
ғамдық өмірдің белгілі бір саласында қолданылуы мен жұмсалу 
сипатына  байланысты  тілдік  бірліктер  функционалды  реңге  ие 
болады.  Мысалы,  кіріс-шығыс,  жолдаухат,  түсініктеме,  жөн-
деу  жұмысы  жүргізілді,  іске  қосылды,  сүтқоректілер,  ондық 
бөлшек, теңдеу, сірке қышқылы, фразеологиялық тіркес, жеңіс-
ке жетті, өзекті мәселе, көгілдір экран т. б. 
Ілгеріде  аталған  реңдік  мәндегі  сөздердің  айырмасы 
мынада:  белгілі  бір  функционалды  реңі  бар  сөздердің  эмоцио-
налды-экспрессивтік  бояуы  жоққа  тән  болады.  Мысалы,  түсі-
ніктеме,  іске  қосылды  т.т.  жағымды-жағымсыз  реңктері  бол-
майды. 
Сөйтіп,  стилистикалық  реңнің  (бояудың)  екі  түрі  айқын-
далады:  эмоционалды-экспрессивті  және  функционалды.  Бұл 
жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің 
негізгі  атауыштық,  заттық-логикалық,  грамматикалық  мағына-
ларына  үстемелей,  белгілі  бір  экспрессивті  немесе  функцио-
налды  мағыналарды  қоса  білдіретін  тілдік  құралдар  жатады. 
Тілдің осындай қосымша сапа-қасиеттері белгілі бір  құралдар-
дың  қолданылу  өрісін  шектеп,  қарым-қатынастың  нақты  бір 
саласында  ғана  жұмсауға  мәжбүр  етеді.  Мысалы,  жалмауыз, 
сүмелек,  шүйке  бас,  дызықтау,  селтию,  сөлектеу,  желкебай, 
тыраштану,  т.б.  бірліктер  тұрмыстық  салада  жиі  жұмсалады. 
Бұлар  эмоционалды-экпрессивті  бояуға  ие  тілдік  құралдарға 
жатады. 
Функционалды  бояуға  ие  тілдік  құралдардың  стильдік 
мәні,  олардың  ара-жігі  эмоционалды-экспрессивті  бояуға  қара-
ғанда соншалықты айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу 
тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік 
тұлға-бірліктерді  қарым-қатынас  жасаудың  белгілі  бір  сала-
сында  жиі  қолданудан  барып  пайда  болды.  Соңғы  жағдайда 
тілдік  дәстүрдің  де  рөлі  бар.  Тілдің  тұлға-бірліктерінің  мағы-

налық-стилистикалық  жағы  мен  оларды  белгілі  салада  көбірек 
қолдану  дәстүрі  арасында  қатаң  тәуелділік  бар.  Белгілі  салада 
тұрақты  қолданудың  нәтижесінде  тілдік  құралдың  мағынасы 
белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін 
орнығып  бекітіледі.  Мысалы,  ресми  іскери  стильде  қалыпта-
сатын стандарт тілдік бірліктер («өзгерістер енгізілсін», «қаулы 
қабылдады», «дауыс берді», «белгіленген тәртіпте»,т.б.) осын-
дай қолданыстың нәтижесі. 
Қазақ  тілінің  стилистикалық  құралдары  деген  ұғымға 
тілдің  стилистикалық  бояуға  ие  тұлға-бірліктерінің  жиынтығы 
негізге  алынады.  Бірақ  стиль  тілдің  стилистикалық  бояуға  ие 
емес,  бейтарап  элементтері  арқылы  да  жасалатынын  ескерсек, 
бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екендігін түсінеміз. Сондықтан 
кез  келген  тілдік  тұлға-бірлік  (әсіресе,  көп  мағыналы  түрлері) 
қолданыс аясында стилистикалық құрал болуы мүмкін. 
Стилистикалық  мағына  –  стилистиканың  негізгі  ұғым-
дарының  бірі.  Сөздің  мағынасы  оның  тек  заттық  ұғымын  не 
болмаса  сол  зат-құбылыстың  сын-сапасын  ғана  белгілеп  қой-
майды.  Сонымен  қатар  сөздің  стилистикалық  қызметіне  қатыс-
ты мағыналық реңктері де болады. 
Стилистикалық мағына – тілдік тұлға-бірліктердің мағы-
налық  құрылымындағы  оның  лексикалық,  заттық,  граммати-
калық  мағыналарынан  тысқары  қосымша  мағынасы.  Бұл  қо-
сымша мағына тұрақты болып, тілдік қолданыстың белгілі жағ-
дайларында туындап отырады. Сөздің стилистикалық мағынасы 
оның ұғымдық мағынасына әсер етіп, сөз мағынасын белгілі бір 
бояуларымен қоса қабылдауға көмектеседі. 
Сөйтіп,  стилистикалық  мағына  тілдік  тұлға-бірліктің  ма-
ғыналық  құрылымының  белгілі  бір  бөлігін  құрайды.  Бірақ  ол 
тілдік  тұлға-бірліктердің  әрқайсысында  әртүрлі  дәрежеде  көрі-
неді.  Экспрессивті  бояуға  ие  құралдарда  айқын  байқалса,  кей-
біреулерінде тек белгілі контекстік жағдайда ғана анық көрінеді. 
Стилистикалық  мағына  мен  стилистикалық  бояу  ұғым-
дары  бір-біріне  жақын.  Стилистикалық  мағына  стилистикалық 
бояуға қарағанда тұрақты да жалпы. Стилистикалық мағына мен 
стилистикалық  бояу  тілдік  қолданыста  стилистикалық  конно-
тация деген ортақ терминмен аталып жүр. 

Стилистикалық  коннотация  стилистикалық  мән-мағына, 
бояу  ұғымдарын  бере  отырып,  тілдік  бірліктердің  қосымша 
мағына  берушілік  қасиетін  ашып  көрсетеді,  яғни  экспрессивті-
эмоционалдық және функционалды-баға берушілік мағыналары 
қарым-қатынастың  нақтылы  қолданыс  аясы  мен  шарттарына 
байланысты туындайды. Әсіресе функционалды стильдің белгілі 
бір  түрінде  стилистикалық  коннотацияның  тұрақты  белгілері 
пайда болады: прагматика,  инерция, молекула (ғылыми стиль), 
заңды  тұлға,  келісімшарт,  өкім,  мәлімдеме  (ресми  стиль),  ре-
портаж,  бас  мақала,  хабарлама  (публицистикалық  стиль), 
жанр, стиль, идея, сөз-образ (көркем стиль) т.б. 
Стилистикалық  коннотация  белгі-қасиеті  тілдік  бірлік-
тердің  барлық  түрінде  (лексикалық  сөздерде,  тұрақты  сөз 
тіркестерінде,  сөзжасамдық  тұлға-бірліктерде,  синтаксистік  құ-
рылымдарда)  көрініп,  стилистикалық  әсер  тудыруға  көмек-
теседі.  Заман  мен  замана,  тату  мен  тонның  ішкі  бауындай, 
тыңдамау мен сөзін құлаққа ілмеу, пысық пен пысықай, оқыды 
мен  оқып  тастады,  айта  бастады  мен  айта  жөнелді  сөзде-
рінің соңғы сыңарларының экспрессивті-эмоционалдық қасиеті, 
стилистикалық мәні оларға жалғанған қосымшалар не тіркескен 
көмекші етістіктер, фразеологиялық байлаулы тіркестер арқылы 
айқынырақ  көрінеді.  Стилистикалық  мәнде  жұмсалатын  тіл 
бірліктері, бояулы сөз өрнектері коннотация ұғымын қалыптас-
тыра түседі. Сөйтіп, коннотация – стилистикалық экспрессивтік-
бағалауыштық  категория  ретінде  танылып,  «стилистикалық 
норманы  құрудың  негізгі  тәсілі»  болып  саналады.  Қазіргі  тіл 
ғылымында  стилистикалық  коннотацияның  негізгі  арқауы 
болатын  мынадай  түрлері  (аспектілері)  көрсетіліп  жүр:  стилис-
тикалық тапсырма, стилистикалық мағына, стилистикалық әсер. 
Стилистикалық  тапсырма  тікелей  авторға  тәуелді,  автор  таны-
мынан  туындайды,  ал  стилистикалық  әсер  адресатқа  (қабыл-
даушыға)  бағытталып,  оның  ақпаратты  қабылдау  реакциясын, 
ой-сезімін тудыруға негіз болады. Бұлар сөйлеушілердің қарым-
қатынасында  көбінесе  сұрақ-жауап  формасы  арқылы  жүзеге 
асады. Сонымен стилистикалық коннотация – заттық-логикалық 
және грамматикалық мағыналарға қосымша жүктелетін экспрес-
сивтік және стилистикалық қасиеттер.   

Негізгі  стиль  құраушы  факторлар  функционалды  стиль-
дердің жүйелілігін  қамтамасыз етеді.  Стиль  жүйелілігінің  негі-
зіне оны құрайтын тілдік бірліктердің бір мақсат негізінде өзара 
тығыз  байланысып  бірігуі  жатады.  Мысалы,  ғылыми  стильде 
жалпылама,  дерексіз  мәнге  ие  бірліктер  белсенді  рөл  атқарса, 
көркем стильде керісінше, көркем-бейнелі тілдік нақтылыққа ие 
бірліктер маңызды болады. 
Стилистикалық  қате  көп  жағдайда  тілдік  талғамның, 
сөйлеу мәдениетінің төмендігінен болады. Тілдік талғам – тілді 
үйрену,  жаттығу  арқылы  қалыптасатын  қасиет.  Стилистикалық 
қатенің  өзге  қате  түрлерінен  басты  ерекшелігі  де  осында  – 
тілдегі  сауаттылықтың  төмендігі  мен  стильдік  дағдының  қа-
лыптаспауында.  Сол  себептен  де  стилистикалық  қатенің  бол-
мауын  қадағалайтын  стилистикалық  норма  тілдің  қатысымдық 
сапаларының қатарына жатады. 
Тіл  ғылымында  стилистикалық  сауаттылықтың  сатылары 
мен  соған  байланысты  болатын  стилистикалық  қатенің  түрлері 
шартты түрде былайша топтастырылады: 
1)  қазақ  тілінің  ішкі  заңдылықтарын,  стилистикалық  ре-
сурстарын  толық  меңгермеудің  салдарынан  болатын  стилисти-
калық қателер; 
2)  тілдік-стилистикалық талғамның  төмендігінен  болатын 
стилистикалық қателер; 
3) функционалды стиль нормаларының сақталмауынан не 
жете меңгермеуден болатын стилистикалық қателер. 
Мәселен,  функционалды  стиль  нормаларынан  ауытқыған 
жайттар, яғни әр стильдің өзіндік белгісін, стильдік бояуын жете 
танымаудан кететін қателер: ...синтаксистік қайталамалар да –  
мәтіннің көркемдік жүгін «бір кісідей» көтеретін тәсіл; рито-
рикалық  сұрақтардың  да  шығарманың  «құлақ  күйін  келтіріп» 
тұратыны  белгілі,  оны  еркіне  жіберіп  қарап  отыруға  бол-
майды;  Немесе  тіл  заңдылығы  бойынша  арнаулы,  арнайы  бір-
ліктерінің сөз қолданыста өзіндік айырмашылық, өзгешеліктері 
бар екендігі  белгілі.    Арнайы  сөзі  негізінен,  сөйлем  құрамында 
баяндауыш  қызметіндегі  етістік  сөздермен  ғана  тіркеседі,  ал 
арнаулы  сөзі  зат  есімдермен  қатынасқа  түсіп,  тіркеске  енеді: 
арнайы  жабдықталды;  арнаулы  жабдықтармен  қамтамасыз 
етілді. Мысалы:  Қарағандыдан арнайы ұшақпен Ислам-Абадқа 

жеткізілуі  тиіс  жүк  тиісті  орнына  тапсыру  жұмыстарын 
Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді, дұрысы: Қарағандыдан 
арнаулы ұшақпен Ислам-Абадқа жеткізілуі тиіс жүкті тиісті 
орнына  тапсыру  жұмыстарын  Сыртқы  істер  министрлігі 
үйлестіреді.  
Қазақ  тілінің  заңдылығы  бойынша  тұйық  етістік  тұлғалы 
сөзге  жатыс  септігі  жалғанғанда,  қимыл,  іс-әрекеттің  созың-
қылығын, жалғасып жатқандығын білдіреді: өркендеуде, жина-
луда, тәжірибе жүргізілуде, ақпараттар таратуда, зерттелу-
де,  жариялануда,  т.б.  және  ол  жалғау  болымды  етістікке  ғана 
қосылады,  ал  оның  болымсыз  етістікке  жалғануы  –  тіл  заң-
дылығына  қайшы,  себебі  мұндайда  істің  әрі  қозғалуы  немесе 
жылжуы,  созылуы  байқалмайды.  Публицистикалық  стильдің 
теледидар тілінде бұл құбылыс жиі ұшырасады: ...бұл іс процесі 
толық  ашылмауда;  ұйым    мекемелерінде  тиісті  шаралар  қол-
данылмауда;  әлі  жанармай  тиісті  орынға  жеткізілмеуде; 
қосалқы бөлшектер табылмауда, т.т.; 
 Журналистерге мақала жазуда оның қандай да бір ақпа-
ратты  алу  не  беру  еркіндігін  шектеу  кездеседі  десе  де, 
қазақстандық  журналистердің  айтуынша,  Қырғызстан  мен 
Қазақстанда либералды журналистика дамуда, дұрысы:  Жур-
налистерге мақала жазуда оның қандай бір ақпаратты алу не 
беру еркіндігін шектеу кездеседі дегенмен, қазақстандық жур-
налистердің  айтуынша,  Қырғызстан  мен  Қазақстанда  либе-
ралды  журналистика  дамып  келеді.  Келтірілген  деректерден 
көбінесе  тіл  заңдылығын  теориялық  тұрғыдан  терең  меңгермеу 
салдарынан  кеткен  стилистикалық  қателер  екендігі  байқалады. 
Сондықтан да қарым-қатынастың қандай аясында болмасын, тіл 
бірліктерін  жұмсауда  лингвостилистикалық  сауаттылықтың 
болуы  шарт,  тілдік  заңдылықтардың,  норма  табиғатының  ерек-
шеліктері бұзылмауы қажет. Демек, стилистика ғылымының да 
өзіндік  табиғатын  айқындайтын,  өзіне  тән    ерекшеліктерін  та-
нытатын ұғымдары мен категориялары орнығып қалыптасқан. 
                 
 
 
 
 

 Сұрақтар: 
1.
 
Стилистика – күрделі ғылым саласы дегенге түсінік беріңіз. 
2.
 
Стилистиканың  зерттейтін мәселелері. 
3.
 
Стилистиканың  жалпы  тіл  білімінде,  оның  ішінде  қазақ 
тілінде зерттелу дәрежесі. 
4.
 
Стилистиканы оқытудың әдістері. 
5.
 
Стилистиканың дәстүрлі салалары. 
6.
 
Стилистиканың қазіргі даму бағыттары. 
7.
 
Прагмастилистиканың қарастыратын мәселелері. 
8.
 
Дискурс және мәтін, өзіндік ерекшеліктері. 
9.
 
Стилистиканың негізгі ұғымдары мен категориялары. 
10.
 
 Стиль дегеніміз не? Бұл ұғымға қатысты тіл мамандарының 
ой-пікірлері. 
11.
 
Стильдің негізгі қызмет түрлері. 
12.
 
«Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде түсін-
дірілу үрдісі, ғалымдардың оны қазақша беру әрекеттері. 
13.
 
Стиль  түзуші  экстралингвистикалық  және  прагматикалық 
факторлар, олардың арақатынасы.  
14.
 
Стилистикалық  норма  мен  тілдік  норма,  коммуникативтік 
норма, өзіндік белгілері, арақатынасы. 
15.
 
Стилистикалық  қате  мен  лингвистикалық  қате,  өзіндік  айы-
рым ерекшеліктері. 
16.
 
Тілдік құралдардың стильдік бояуы, оның түрлері. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет