Унитарлық мемлекеттің белгілері:
- мемлекет ішінде автономия құрылымы болмайды;
- орталық саяси билік біртұтас болады;
- бір конституцияға негізделген.
Унитарлық мемлекеттерге, мысалы Жапония, Франция, Италия,
Грекия, Польша, Финляндия, Қазақстан т.б. жатады. Бірақ Қазақстан
көпэтносты мемлекет болғандықтан «не себепті ол унитарлы мемлекет
болады?» - деген сұрақ туындайды. Бұның нақты жауабы: Қазақстанның
территориясында барлығы бір аумақта тұратын, бір жерде шоғырланған ұлт
өкілдері жоқ, мемлекеттің негізін құрайтын жергілікті Қазақ халқы болып
табылады. Мемлекетімізде барлық этнос өкілдері бір-бірімен аралас өмір сүріп
жатыр, сондықтан Қазақстанда ұлттық автономия құруға ешқандай негіз жоқ.
62
Федерация (федеративтік мемлекет) деп автономиялары бар
мемлекетті атайды.
Федерацияның негізгі белгілері:
-мемлект территориясында ұлттық немесе территориялық автономияның
болуы;
-мемлекеттегі саяси билік және басқа да өкімет органдары екі деңгейде
-қалыптасады;
- мемлекеттің конституциясы екі деңгейлі болады.
Мысалы, Ресей, Қытай, Үндістан және т.б. Ресейде жиырмаға жуық
республика бар (Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Тува
т.с.с.) Саяси билік екі деңгейлі, яғни жалпы мемлекеттік президент, парламент
және әрбір республиканың өз алдына президенттері мен парламенттері бар.
Конституциясы екі жүйелі: бүкілресейлік және әрбір республиканың өз
конституциясы бар.
Федерация тек ғана ұлттық ерекшеліктер негізінде қалыптаспайды.
Дүние жүзіндегі федарацияның көп бөлігі жер (территория) арқылы орныққан.
Мысалы, АҚШ, ГФР, Австрия және т.б. АҚШ-да штаттар, Германияда
«жерлер». Ал федерациялық құрылым негізі—ұлт немесе жер аймағы ғана
емес; федерацияның негізгі белгісі – егемендік дәрежесі. Егер автономияның,
федерация субъектісінің белгілі мөлшерде (Конституция арқылы белгіленген)
егемендігі болмаса, онда мемлекттің федерация аталуы да жалған болып
шығады.
Конфедерация дегеніміз - тәуеліз мемлекеттер одағы.
Конфедерацияның негізгі белгілері:
- конфедерацияда бәріне ортақ мемлекеттік билік болмайды;
- одаққа қосылған мемлекттер ортақ мақсаттарын бірігіп жүзеге асырады;
-конфедерация құрамындағы барлық мемлекеттеге ортақ мекемелері болады;
-конфедерация құрамындағы мемлекеттердің өз әскері, ұлттық валютасы
болады.
Конфедерация құрамындағы тәуелсіз мемлекеттер өздеріне ортақ
мүдделерін бірігіп шешуі үшін арнаулы мекемелер құрады. Мысалы, қорғаныс,
сауда, транспорт салаларындағы және т.с.с.ортақ мекемелері.
Қәзіргі кезде конфедерация таза күйінде кездеспейді. Өткен уақыттарда
конфедерация мемлекеттер арасында көбірек орын алды. Мысалы, 1847 жылға
дейін Швейцария конфедерациясы, ал 1815-1867 жылдары конфедерация
Германияда болды.
Кәзіргі кезеңде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД)
конфедерацияға айналу мүмкіндігі болған еді, бірақ бұл мемлекеттер арасында
осы күнге дейін бәріне ортақ мекеме құрылған жоқ.
Еуропалық Одақты конфедерация қатарына жатқызуға болар еді, бірақ
бұл одақтағы мемлекеттердің өзара қатынасы федерацияға ұқсап келеді
(еуропалық ортақ саяси билігі парламенті бар, мемлекеттер бірлестігінде ортақ
валюта (евро) пайда болды).
Әйтсе де Еуропалық Одақты толығымен федерацияға жатқызуға
болмайды. Бұл Одақтың құрамындағы мемлекеттердің мәртебесі (статусы)
63
автономиялық дәрежеде емес, олар тәуелсіз мемлекеттер болып табылады.
Қорыта келгенде, Жалпыевропалық Одақты адамзат тарихының жаңа заманғы
мемлекеттік құрылыстың бастауы деп есептеуге болады. Мемлекеттердің
дамуына саяси өмірдің жалпы бағыты тұрғысынан қарағанда, мемлекеттік
басқаруда мәңгі өзгеріссіз ешнәрсе жоқ екенін дүниежүзілік саяси практика
дәлелдеп отыр.
Мемлекеттік басқару түрі дегеніміз –саяси билік кімнің, қандай
ұйымның, қандай субъектінің құзырында екендігін көрсететін ұғым. Қазіргі
кезеңде мемлекеттік басқарудың үш түрі бар: монархия, конституциялық
монархия және республика. Мемлекеттік басқарудың осы түрлеріне жоғарыда
талдау жасалынып, мысалдар арқылы көрсетілді.
Қазіргі кезеңдегі дүниежүзіндегі мемлекеттік басқарудың негізгі бағыты—
республикалық мемлекет түріне өту.Сол себептен мемлекеттік басарудың
осы түріне кеңінен тоқталамыз. Республиканың өзінің бірнеше түрлері бар.
Қазіргі кезеңде дүниежүзінде көп қолдау тапқан және ең көп орын алатыны
демократиялық республикалар. Олардың өзі үлкен үш топқа бөлінеді:
президенттік республика, президенттік-парламенттік республика және
парламенттік республика.
Президенттік республиканың белгілері:
1. Екі жүйелі сайлау. Президенттік және парламенттік сайлаулар әрқайсысы өз
алдына бөлек өткізіледі.
2. Үкімет президентке тәуелді.
3. Атқарушы биліктің және мемлекеттің басшысы президент. Үкімет те
президенттің қарамағында болады.
Президенттік республикаға жататын мемлекеттер, мысалы, АҚШ, Ресей,
Қазақстан, Португалия, Мексика және т.б.
Президенттік-парламенттік республиканың белгілері:
1. Екі жүйелі сайлау: президенттік және парламенттік сайлаулар әрқайсысы өз
алдына бөлек өткізіледі.
2. Парламент парламенттік сайлауда жеңіп шыққан саяси партиялардың
уәкілдерінен қалыптасады.
3. Президент – мемлекеттің басшысы. Үкімет Президенттің алдында жауапты.
Үкімет мүшелері Парламент палаталарына есепті.
Президенттік-парламенттік республикаға жататын мемлекеттер, мысалы,
Франция, Австрия, Ирландия, Польша, Финляндия және т.б.
Парламенттік республиканың белгілері:
1. Сайлау бір жүйелі. Тек парламент сайланады.
2. Парламентте ең көп орын алған саяси партияның жетекшісіне премьер-
министрлік (атқарушы билік) және мемлекет басшысы міндеті жүктеледі.
3. Үкімет парламентке тәуелді.
Парламенттік республикаға, мыселы, Германия, Италия, Индия, Түркия,
Израиль және т.б. жатады.
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде мемлекеттік басқару түрлерінің, жалпы
демократияның дамуына байланысты шын мәніндегі демократиялық
64
республиканың жаңа деңгейлері қалыптаса бастады. Олар - азаматтық қоғам
және құқықтық мемлекет.
Азаматтық қоғамның негізгі белгісі--әрбір азаматтың, яғни жеке
тұлғаның еркін дамуы. Бұндай қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне
араласуына шек қойылады. Азаматтар өз еркімен (мемлекетке қатыссыз)
күнделікті өміріне қажетті қоғамдық ұйымдар,бірлестіктер қалыптастырады.
Мысалы, жанұялар бірлестігі, кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық
ұйымдар, кәсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық және басқа да
бірлестіктер.
Азаматтық қоғам мәселесінің мазмұнды және ұзақ уақыт бойы
қалыптасқан өз теориясы бар. Саясаттану тарихында бұл мәәселені зерттеген
және осы теорияға елеулі үлес қосқан ойшылдар мен ғалымдар Аристотель,
Т.Гоббс, Ш.Монтескье, Ж.ЖРуссо және т.б. Олардың ішінде азаматтық қоғам
тақырыбына ғылыми талдау жасаған немістің атақты ойшылы Г.Гегель болды.
Ол азаматтық қоғам жалпы халық пен мемлекет арасындағы «байланыс жүргізу
түрі» деп атады. Яғни, азаматтар мен мемлекет арасындағы біріктірушілік пен
реттеушіліктің болуы. Гегельдің ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен
тәуелсіз
нарықтық
экономиканы,
әлеуметтік
топтарды,
таптарды,
корпорацияларды, бірлестіктерді қамтиды.
Азаматтық қоғам жағдайында жанұя мен мемлекеттің арасындағы әртүрлі
қоғамдық бірлестіктер мемлекеттің үстемдігімен, билігімен емес, тек ғана
азаматтардың
өз
еркімен,
олардың
сұраныстарына
байланысты
ұйымдастырылады. Бірақ мемлекеттік тұрғыдан ол ұйымдардың барлығы
заңдастырылған болады, ал мемлекет олардың іс-қимылдарына үстемдік жасап
араласпайды.
Азаматтық қоғамның өте маңызды демократиялық белгісі – мемлекет
азаматтардың бақылауынан тыс іс - әрекет жасай алмауы. Азаматтар мемлекет
атқаратын міндеттерді өз еріктерімен мемлекетке тапсырады және оның
орындалуына бақылау жасайды.
Азаматтық қоғам тек ғана демократиялық мемлекетте және нарықтық
экономика қарым-қатынасы жағдайында ғана қалыптасуы мүмкін. Егер қоғам
өмірі барынша мемлекеттендірілген болса (мысалы, Кеңес Одағы), онда
азаматтық қоғамның қалыптасуы мүмкін емес. Себебі, азаматтық қоғамның
негізі - әртүрлі меншіктік. Демократиялық саяси тәртіпте ғана жеке адамдардың
экономикалық, саяси және рухани өмір түрлерін еркін таңдауына және жүзеге
асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Сондықтан азаматтық қоғам
жағдайында іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол
ашылады.Негізінде, тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, азаматтық қоғам жеке
тұлғаның, азаматтардың өздері құратын ұйымдар. Қазақстанда қазіргі кезде
азаматтық қоғам қалыптастырудың берік негізі қаланды.Тоталитарлық кезеңде
қоғам өмірі барынша мемлекеттендірілген болатын, осыған сәйкес халықтың
саяси сана-сезімі азаматтық қоғам орнату деңгейіне көтеріле алған жоқ еді.Сол
себептен демократиялық, азаматтық қоғам орнатуға мемлекеттік биліктің өзі
ұйытқы болды.
65
Біріншіден, еліміздің 1995 жылғы Конституциясы Қазақстанда нарықтық
экономика мен жеке адамның бостандығын қамтамасыз етуге мүмкіндік
жасады. Осы Конституциядағы қойылған талаптарға сәйкес елдегі азаматтық
қоғам мен оның институттарын белгілі бір дәрежеде дамытуға мемлекеттің
атқарған тиісті саяси, құқықтық және өзге де қызметтері үлкен жәрдем етті.
Қазақстанда мемлекеттік емес ұйымдардың дамуына да зор көңіл бөлінді.
Мысалы, 2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заң қабылданды.
2003 жылдың қазан айында еліміздің алғашқы Азаматтық форумы өтті, 2005
жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң қабылданды. 2006
жылдан бастап Үкіметтік емес Ұйымдары (ҮЕҰ) қызметін қолдау үшін
мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі
Жарлығымен бекітілген Қазақстанда азаматтық қоғам дамытудың 2006-2011
жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осыған орай, 2003-2005
жылдары бірін-бірі жалғастыра отырып, қоғамды демократияландыру одан әрі
азаматтық қоғам орнату жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін Кеңес пен Қазақстан
Республикасы Президенті жанындағы Демократия мен азаматтық қоғам
мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия қызмет атқарды.
Мемлекет тарапынан жағдай туғызылуы нәтижесінде Қазақстанда
азаматтық қоғам институттары - саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар,
ұлттық-мәдени бірлестіктер, мемлекеттік емес БАҚ мейлінше тез дами бастады.
Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға арналған заңдар,тұжырымдамалар
негізінде азаматтық қоғамның белгілері бүгінгі күннің өзінде қоғам өмірінің
әртүрлі салаларынан көрніс тапты. Мысалы, экономикадағы - меншіктің
әртүрлілігі, әлеуметтік саладағы – орта таптың қалыптасуы, саяси саладағы
демократиялық институттардың дамуы, құқықтық саладағы - азаматтардың
бостандықтары мен құқықтарын қорғайтын жүйенің қалыптасуы, басқару
саласындағы - «үшінші сектор» деп аталатын үкіметтік емес ұйымдардың
орнығуы, идеология саласындағы -либералды құндылықтар, әлеуметтік
экономика мен толеранттық теориясының жасалуы. Сонымен, Қазақстанда
азаматтық қоғам қалыптастыруға зор мүмкіндік туып отыр.Мемлекет бірте-
бірте білім беру, тұрғын үйлер,қалалық көлік және зейнет ақы төлеу
саласындағы ұйымдастыру мәселелерін азаматтардың өз қолына бере бастады.
Сайып келгенде, «азаматтық қоғам дегеніміз не?» - деген сұраққажауап
беретін болсақ - мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-
экономиялық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастар жүйесі. Азаматтық
қоғам демократиялық, саяси-мәдени, экономикалық деңгейі жоғары дамыған
кезде, ол құқықтық мемлектке айналады.
Құқықтық мемлекет деген ұғымдағы “құқықтық” деген сөздің
болуында үлкен мән бар. Ол қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде, оның барлық
саласында құқық жоғары орында тұруы керек дегенді меңзейді. Бұл әрбір
құқықтық мемлекеттің басты ұстанымы болуы керек, яғни құқық әрбір елдің
Конституциялық негізгі заңында бекітіліп, басқа да заңдары мен жарлықтарына
нұсқау болуы тиіс. Заң үстемдігі болмаған жерде құқықтық мемлекет те
болмайды. Тіпті ежелгі дүние адамдары да еркіндікті аңсағанда заңның
66
үстемдігі арқылы ғана бостандыққа жетуге болады деп санаған. Осы тұрғыдан
алғанда
Қазақстан
егеменді
мемлекет
болғаннан
кейін
өзінің
Конституциясында қоғамдағы құқықтық заңның үстем болуын басты принцип
етіп жариялап, бірінші бабында - ақ: “Қазақстан Республикасы өзін
демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде
орнықтырады”- деп атап көрсеткен.
Құқықтық мемлекеттің құқықтық еместен мемлекеттен ерекшелігі –
заңдарының сапасында. Құқықты мемлекеттің заңдары әділ, ізгілікті болуы
керек. Онда адамдардың өмір сүру, өзіне лайықты күн көру, т.б. сол сияқты
ажырамас құқықтары бекітілуі қажет. Құқық – мемлекеттің адамға берген
сыйлығы емес, бұлай түсіну аңғалдық және түбірімен зиянды. Құқық адамның
табиғатымен бірге жаралған. Мемлекет құқықты тек іске асыруға жағдай
жасаушы ғана. Жоғарыда аталған “Адам құқықтарының жалпыға бірдей
Декларациясында”: “Барлық адам жаратылысынан еркін, бойындағы қасиеттері
мен құқықтары тең болып туады. Оларда ақыл, ар-ұждан болғандықтан бір-
біріне туысқандық рухта ықылас білдіруге тиіс” - деп көрсетілген. Осы
тұжырымды айқындай келіп, Декларацияның 3 бабы: “Әрбір адам өмір сүруге,
еркін болуға және жеке басының өміріне ешкімнің қол сұқпауына құқылы” -
деп бүкіл әлемге паш етті. Бүкіл адамзат мойындап отырған осы аса маңызды
халықаралық құжаттың аталып өткен қағидалары Қазақстан Конституциясында
толығымен енгізіліп: “... дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды
тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары
жауапкершілігімізді сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз”- деп
атап көрсетілген.
Еркіндік, бостандық деген ұғымды шексіз (абсолюттік) деп түсінбеу
керек. Әрбір адам қоғамда өмір сүргендіктен белгілі жағдайда сол қоғамдық
ортаға тәуелді болады. Бірақ оның да белгілі шегі, өлшемі бар. Қоғам өміріндегі
бостандық өлшемі құқылық формада анықталады. Ал ол өлшем жұрттың бәріне
бірдей болу керек. Мәселен, Конституцияның 15-бабында көрсетілгендей,
«Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға
хақысы жоқ» деп жарияланған. Өзі өмір сүруге құқығы бола тұрып, бір адам
екінші бір адамның өміріне қауіп төндіруге, қастандық жасауға ерікті емес.
Осылай болмаған күнде бір кісінің құқықтығы екіншісінің құқықтылығын
жоққа шығарып, біреулердің ғана игілігіне айналған болар еді. Адам құқығы
қоғамдық өмірдің әр саласында: экономикалық, саяси, мәдени, әлеуметтік және
жеке басының әрекет жасауынан көрінеді. Құқық неғұрлым міндетті, неғұрлым
кепілденген болса, соғұрлым кісі еркін болады.
Құқықтық мемлекет адам бостандығы мен теңдігін тұлғаның туа біткен
қасиеті деп жариялады. Адам еркін барынша қастерлеп, оның автономиялы
екендігін танып, мемлекет меншігі деп қарамайды, қайта өзінің ажырамас
бөлігі деп есептейді.
Сөйтіп, мемлекет барлық құқықтық жүйенің өзегі болып есептелетін адам
құқығын қорғап отырады. Сондықтан да оның заңдары мен жарлықтары адам
құқығына сай келетін, оның ешбір бұзылмайтын принциптеріне бағынатын
болуы керек. Сонымен, адам құқығының мәні - оның ар -ұжданының,
67
адамгершілігінің, абыройының, мүддесінің мызғымастығы және оларды қорғау
кепілдігін қамтамасыз ету. Құқықты мемлекеттің тағы бір ерекшелігі –
мемлекет пен жеке адам арасындағы өзара жауапкершілік принципінің
қалыптасуы. Бұны біз жеке кісінің еркін белгілі бір мөлшерде шектеуге барып,
мемлекеттің нұсқауларына бағынуға міндеттеуінен және мемлекет тарапынан
жеке тұлғаның құқығын қорғауға жауапты болып, оның өмірлік қызметіне
кепіл болуынан көреміз. Осыған байланысты құқықтық мемлекет өз
азаматтарының мүддесіне сай келетін әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға
міндетті. Сондықтан да қазіргі кезде құқықты, әлеуметтік мемлекет туралы жиі
айтылатын болды. Құқықты мемлекеттің тағы бір ерекшелігі билік жүргізуді
бұйрық немесе жеке шешімдер арқылы емес, заң арқылы іске асыратындығы.
Бұл заңдар әділ болып, әділетті шаралар арқылы іске асырылуы керек. Міне,
осы мақсатта өкімет билігін бөліп жүргізу принципі әрекет етеді. Бұл ұстаным
бойынша бірде-бір мемлекеттік органға толық өкімет билігі берілмейді,
әрқайсысы өз міндеттерін өз билігі көлемінде заңға сәйкес атқарады және
ешқайсысы бірінің қызметін бірі қайталамайды. Бұл шенеуніктердің өз қызмет
бабын пайдаланып, басқа адамға қиянат жасаушылыққа жол бермеу үшін
қажет. Ал енді саяси биліктің үш тармағында үстемдік үшін таласқа түсуді
болдырмау үшін құқықтық мемлекетте олардың біріне жоғары мәртебе берілуі
қажет. Ондай мәртебе заң шығарушы билікке берілген. Өйткені, сол ғана ішкі
және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына заңдық негіздегі күш беріп,
қоғамдағы заңның үстем болуын қамтамасыз етіп отырады. Барлық құқықтық
мемлекеттерде заңдық өкіметке парламенттер (формалары әртүрлі болғанымен)
ие болады. Өйткені, парламент қоғамдағы саяси, әлеуметтік қарым-
қатынастарды заң арқылы реттеп отырады, ал оған заң шығаруға өкілеттілік
беретін халық.
Барлық құқықты мемлекеттерде заңдардың конституциялығын бақылап
отыратын мемлекеттік биліктің тармағы – сот билігі.
Сонымен, сайып келгенде, демократиялық республиканың саяси сапасы
жағынан жетілген түрі – құқықтық мемлекет, яғни демократиялық жолмен
қабылданған заң үстемдік ететін, заңның алдында бәрі де тең саналатын, жеке
адамның құқығын жан-жақты қамтамасыз ететін мемлекеттік басқару.
Қорыта келгенде, мемлекеттің ең басты міндеті—қоғамда тұрақтылық
орнатып, азаматтарының қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау. Мемлекет
туралы тақырыпты талдаған кездегі жиі кездесетін сұрақтың бірі: «қоғамның
мақсаты қандай мемлекет орнату, яғни қандай мемлекет халық үшін тиімді
болып табылады?» деген сұрақ. Бұған саясаттанушы ғылымдардың қысқаша
жауабы: «Ең жақсы мемлекет—ол өзімізді өзіміз басқаруға жәрдем ететін
мемлекет» - деген қағида.
68
Бақылау сұрақтары
1. Платон мен Аристотельдің мемлекет құрылысы туралы ой-пікірлері
2. Т.Гоббс. “Левиафан”
3. Этатизм деген түсініктің мағынасы
4. Азаматтық қоғамның негізгі белгілері
5. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері
6. Мемлекеттік басқарудың негізгі түрлері
7. Мемлекет құрылымының түрлері
8. Мемлекеттің пайда болуы туралы теориялар
9. Унитарлық (біртұтас) мемлекет дегеніміз не?
10.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қандай?
69
Y тарау
САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН ҚОЗҒАЛЫСТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ
1. Саяси партия – билік пен қоғам арасындағы байланыс құралы
Партия дегеніміз не? Партия әдетте бағдарламалық құжаттарда
көрсетілген ортақ саяси бағытты, көзқарастарды ұстанған азаматтардың белгілі
бір тобын біріктіретін ұйым. Нақты әлеуметтік-таптық мүддені білдіретін
идеология мен саяси бағытты басшылыққа ала отырып оны іске асыру үшін
партиялар мемлекеттік билікке келуге ұмтылады.
Мысалы, жеке адам қоғамдық немесе жергілікті көлемдегі белгілі бір
саяси әлеуметтік мәселені нәтижелі шешу жолдарын қарастырады. Бұл туралы
оның тұрақты көзқарасы қалыптасады. Ол көзқарас, яғни, идеясы кейін
мақсатқа айналады. Ал енді оны қалай іске асыру керек? Мүмкін ол адам
бұқаралық ақпарат арқылы өзінің мақалаларын шығарар немесе әртүрлі
жиындарда, ғылыми конференцияларда өз пікірін білдірер. Бірақ бұның бәрі де
сол азаматтың идеясының іске асырылуына толық кепілдеме бермейді. Идеяны,
пікірді іске асырудың айқын бір жолы – билікке келіп билік арқылы іске асыру.
Билікке келу деген түсінік ол билікті өз қолына тартып алу емес, қалыптасқан
билік қатарынан орын алу. Мысалы, белгілі бір саяси ұйымның өкілдері
депутаттыққа өтіп парламенттің бірнеше орындарына ие болса, олардың жаңа
заң шығаруға әсер ету мүмкіншілігі пайда болады. Осы арқылы ол өзінің
көзқарасын заң жолымен іске асыруға мүмкіндік алады.
Бірақ бұндай жүйе демократиялық жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан
партияның билікке өтуін немесе өтпеуін шешетіндер тек ғана сайлаушылар
болуға тиісті. Ол үшін сайлаушылардың, жалпы қоғамның демократиялық
саяси мәдениеті жоғары деңгейде болуы керек.
Ал демократия орнықпаған режимдерде кейбір саяси партиялар өз
көзқарасын іске асыру үшін билікке төңкерістер, революциялар арқылы келді.
Мысалы, ХІХ ғасырдағы Еуропа елдеріндегі революциялар, Ресейдегі 1917
жылғы Қазан революциясы және т.с.с.
Жалпы алғанда, партия қоғамдағы бұқаралық, әлеуметтік күштердің
мүддесін білдіруге, мемлекеттік билік орындары арқылы сол мүдделерді жүзеге
асыру үшін қызмет етеді. Саяси партия мемлекет пен қоғамды бірлестіретін
буын, саяси билік пен қоғамның арасындағы байланыс құралы.
Сонымен, партия деп - қоғамдағы әлеуметтік-саяси мүдделерді шешу
үшін өздеріне ортақ көзқарастарды іске асыру жолында мемлекеттік билікке
келуге ұмтылатын азаматтардың ерікті ұйымын айтады.
“Партия” деген сөз латын тілінен шыққан, “бөлу”, “бөлшек” деген
мағынаны білдіреді. “Мен бүтіннің бөлшегімін”, “мен осы топтың пікірін
қолдаймын”, “мен біреулермен пікірлеспін” деген түсініктері.
Тарихта XVIII-XIX ғасырларда саяси партиялар клуб, әдебиеттік
бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар түрінде пайда бола бастады.
70
Бірақ сол кездегі шексіз мемлекеттік билік (монархия, патшалық)
жағдайында партиялардың айтарлықтай маңызы болмады. Ол уақытта әр түрлі
мемлекет басшылары қоғамдық ұйымдарға, саяси қозғалыстарға қарсы болды,
тіпті дұшпандықпен, қастықпен қараған жағдайлар да болған. Мысалы,
Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның өзі
де 1787 ж. “саяси бірлестіктер”, яғни, саяси партиялар – олар тыныштықты
бұзушылар, олар халықтың ішінде іріткі салып, билікке таласушылар” – деп
түсінді.
Ал 1825 жылғы Ресейдегі декабристер қозғалысының қалай аяқталғаны
тарихтан жақсы белгілі. Ресей патшалығы оларға қарсы күш қолданып, біразын
өлім жазасына тартып, қуғынға ұшыратқан болатын.
Ресейдегі ең бірінші партия – Ресей социал-демократиялық жұмысшылар
партиясы (РСДЖП) 1898 жылы астыртын түрде ұйымдастырылды.
Дегенмен, кейінгі кезеңде жалпы азаматтық, оның ішінде демократия
принциптерінің дамуына байланысты саяси партиялар кеңінен дами бастады.
Қазіргі кезеңдегі саяси партияларға ұқсас біздің уақытымыздағы
партиялар Еуропада, Америкада XVIII ғасырда пайда болды.
Не себептен XVIII ғасырда? Не себептен олар XVII, XVI ғасырларда
немесе одан бұрын қалыптасқан жоқ?
Оның себебі XVIII ғасырда ғана мемлекеттік билікті сайлауға мүмкіндік
туып, кейбір мемлекеттерде шексіз монархия жойылды. Мысалы, Францияда
Ұлы француз революциясынан кейін (1789 ж.) республика орнатылды. Дәл осы
кезде АҚШ өзінің конституциясын қабылдап, бірінші президент сайлады.
Қоғам мүшелері, әртүрлі әлеуметтік топтар саяси билікке өздерінің
уәкілдерін сайлауға мүмкіншілік ала бастады. Мемлекеттік билікке араласушы
үміткерлерді бұқараның қолдауы, сүйемелдеуі қажет болды. Осындай
азаматтарды дайындау үшін, оларды саяси билікке өткізу үшін саяси партиялар
құрыла бастады. Сонымен қатар, сайлау органдары мен сайлау жүйелері
қалыптасты.
Яғни, саяси партиялардың пайда болуы - демократияның дамуымен
байланысты. XVIII ғасырға дейін билік сайланбайтын патша, король, шах,
хандардың қолдарында тұрған кезде саяси партияларды ұйымдастыруға ешбір
мүмкіндік болған жоқ, себебі оны құруға билік рұқсат берген жоқ.
Саяси партиялардың ұйымдастырылуы XVIII ғасырдан басталып, XIX
ғасырда дүние жүзінде көптеген ірі, беделді партиялар өмір сүре бастады.
Мысалы, 1828 жылы АҚШ-та демократиялық партия өмірге келсе, 1867
жылы Англияда Консервативтік партия, ал 1869 жылы Германияда социал-
демократиялық жұмысшылар партиясы пайда болды. Сол жылы Францияда
Республикалық радикалдар партиясы дүниеге келді.
XIX ғасырдың 80-шы жылдары дүние жүзінің 100-дей елдерінде 500-ден
астам саяси партиялар қалыптасты.
Қазіргі кезеңде дүние жүзінде қанша саяси партия бар? Бұл сұраққа
нақтылы жауап берудің өзі қиын. Себебі саяси партиялардың өмірінде тұрақты,
ешбір өзгеріссіз қалатын жағдай болмайды және болуы да мүмкін емес.
Адамзаттың саяси өмірі қандай құбылмалы, әрдайым өзгерісте болып тұратын
71
құбылыс болса, саяси партиялардың өмірі де дәл сондай. Сондықтан бір
жағынан жаңа партиялар қалыптасып жатса, екінші жағынан кейбір партиялар
ыдырап, қызметін тоқтатып жатады.
Бірақ тарихи ұзақ уақыт, XIX ғасырда пайда болып, осы күнге дейін
өзінің мүдделестеріне адал қызмет жасап, саяси мол тәжірибе жинап, халыққа
дәстүрлі партия болып танылғандары да бар. Олар: АҚШ-тың демократиялық
партиясы (1828 ж. құрылған), Канаданың прогрессивтік-консервативтік
партиясы (1854 ж. құрылған), АҚШ-тың республикалық партиясы (1854 ж.
құрылған), Ұлыбританияның консервативтік партиясы (1867 ж. құрылған),
Германияның социал-демократиялық партиясы (1869 ж. құрылған) және тағы
да басқа партиялар.
Алғашқы кезеңдерде әрбір саяси партия үлкен әлеуметтік топтардың,
көбіне таптардың жетекшісі болды. Мысалы, жұмысшылар партиясы, шаруалар
партиясы, буржуазия партиясы, христиандар партиясы т.с.с. Ал ХХ ғасырдың
ортасынан бастап жағдай басқаша өзгерді. Енді партияның мүшелігіне әртүрлі
әлеуметтік топтар мен таптардың өкілдері кіре алады. Бұл саяси құбылыс
демократияның дамуымен байланысты шықты. Себебі биліктің сапасын
қамтамасыз ету ол тек ғана бір топтың, әлеуметті таптың мүддесі емес, ол бүкіл
халықтың мүддесі. Ал қандай да болмасын қоғамдағы әлеуметтік мәселе
барлық жағдайда мемлекеттік билік арқылы шешілетіні белгілі.
Әйтсе де, әрбір саяси партияның өзіне ғана тән міндеті мен өз қызметіне
байланысты ерекшелігі болады. Олар сан алуан, оларды жүйелеу оңай емес,
себебі бұл ерекшеліктер көбіне тарихи жағдайға байланысты қалыптасқан.
Партия саяси құрылым ретінде Еуропалық елдерде пайда болғаны белгілі.
Сондықтан да партияның табиғатын, қоғам өміріндегі маңызы мен мәнін,
қызметін анықтауға осы елдердің ғалымдары көбірек көңіл бөлді. Бұл ретте,
әсіресе, француз ғалымы М.Дюверженің “Саяси партиялар” деген еңбегінде
партия ұйымдарының түрлері, құрылымы, типтері, партия басшылығының
тәсілдері, партия мен мемлекеттік қарым-қатынасы кең көлемде зерттелген.
Француз саясаттанушылары Ф.Борелл, Ж.Бюрдо, Ж.Шарло еңбектерінде
де партияның қазіргі кезеңдегі ролі нақты көрсетілген. Саяси партиялардың
мемлекеттегі алатын орнына қарай жүйелеген немістің мемлекет жөніндегі
ілімді дамытушы ғалымы Г.Еллинек болды. Бұл мәселелермен бірқатар Ресей
ғалымдары да айналысты. Мысалы, М.Острогорский “Демократия және саяси
партияларды құру” деген еңбегінде Еуропа елдеріндегі партиялардың құрылуы
мен дамуы туралы мәселелерді зерттей келіп, АҚШ пен Англияда партиялар
сайлау өткізу және сол сайлаулардың негізінде пайда табу үшін құрылған ұйым
екенін айтады. Әрине, саяси партиялардың қызметтері әртүрлі болғанымен де,
оларға жалпы ортақ белгілерді талдауға болады.
Саяси партиялардың ортақ белгілері:
1. Әлеуметтік бірлестік. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарға басшылық
жасап, олардың саяси-әлеуметтік мүдделерін шешу үшін бірігіп іс-қимылдар
жасауға басшы болу.
2. Азаматтардың саяси санасын жоғарылату.
3. Саяси билікке келу үшін күрес жүргізу.
72
4. Саяси мамандар, саясатшылар дайындау мәселесін шешу.
5. Қоғам дамуына бағытталған саяси бағдарламалар дайындап оны іске асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |