4. Саяси тәртіп (саяси режимдер)
“Саяси режим” ұғымы саяси билік проблемаларымен тікелей байланысты.
Саяси режим (тәртіп) дегеніміз – мемлекеттік билікті жүзеге асырудың тәсілі,
қоғамдағы азаматтардың еріктері мен құқықтарының деңгейі. «Саяси режим»
деген түсінікті «мемлекетті басқару түрлерімен» шатыстырмаған жөн, себебі
демократиялық мемлекет жағдайындағы саяси тәртіптің де әртүрлі сипаттары
бар. Бұл ұғым мемлекет басқарудың түрін емес, оның сапасын айқындайды,
қоғамның саяси өміріне сипаттама береді. Саяси тәртіп түсінігінің шеңберіне
мемлекеттік билікті қалыптастыратын тәсілдер, сол үшін қолданылатын
құралдар, саяси биліктің іс-қимылдарының түрлері және т.б. жатады.
Саяси тәртіп ұғымымен танысу барысындағы ерекше байқалатыны -
мемлекеттегі билік жүйесін қалыптастыру мәселесі. Билік сайлау арқылы
қалыптасады ма, әлде өзара сыбайластықпен тағайындала ма? – деген сұрақ.
Мысалы, кейбір жағдайда сөз жүзінде мемлекет жүйесіндегі барлық басшылар
сайланады деп айтылғанмен, іс жүзінде оларды жоғарғы органдағылар бекітеді
немесе жариясыз түрде тағайындап отырады. Бұл
шенеуніктердің іс жүзінде билікке қатысты мәселені бір-бірімен келісіп өз
мақсатына сәйкес шешуіне ықпал етеді. Бұндай іс-әрекет көп жағдайда
қоғамдағы азаматтардың еріктері мен құқықтарына қайшы келіп мемлекеттік
биліктің заңдылығына (легитимдігіне) нұсқан келтіреді, демократияға кедергі
жасайды. Қоғамның саяси өмірінде сыбайластық, жағымпаздық қаншалықты
орын алса, мемлекет соншалықты ескірген саяси тәртіпке айнала бастайды.
Саяси білімдер әдебиетінде саяси тәртіптерді демократиялық және
демократияға қарсы (антидемократиялық) деп үлкен екі топқа бөледі.
Демократиялық немесе саяси әртүрлілік (плюрализм) тәртібі дегеніміз –саяси
билік органдарының халықтың бақылауында болуын қолдайтын қоғамның
саяси және экономикалық құрылысының түрі. Саяси әртүрлілік коғам
мүшелерінің құқығы мен бостандығын жоғары бағалаушы саяси тәртіп. Бұл
режимде мемлекеттік биліктің көзі толығымен халық болып саналады.
Саяси әртүрлілік тәртібінің негізгі белгілері:
-заңсыз үстемдік етуші биліктің қоғам өмірінен аластатылуы;
-қоғамның саяси жүйесінің жалпыадамзаттық құндылықтар жолын
ұстануы;
-экономикадағы демократиялық принциптердің орнығуы;
-азматтарды әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы;
-қоғам мүшелерінің мәдени-рухани дамуына толық жағдай жасау.
Адамзат тарихында орын алатын монархиялық, тоталитарлық билік
тұсында және авторитаризм кезеңінде демократиялық тәртіптің орнатылуына
мүмкіндік болған жоқ. Әлем халықтары демократияға соңғы кезеңдерде ғана
жете бастады.Сол себептен қазіргі кездегі саяси тәртіпке сипаттама жасау үшін
55
демократиялық емес саяси тәртіптердің тарихи түрлерін білудің маңызы зор.
Адамзат тарихында саяси тәртіп бірнеше түрлерден және кезеңдерден
өтті.Саяси тәртіп көп жағдайда бір қалыпта емес, аралас түрде
кездеседі.Солардың ішіндегі негізгі үш түрін атауға болады. Олар империя,
тоталитарлық және авторитарлық режим.
Империяның негізгі белгілері:
-жер көлемінің орасан зор болуы;
-құрамындағы халықты күшпен бір орталыққа бағындырып отыратын биліктің
орнығуы;
-әрдайым өз жерін кеңейтуге бағытталған саясат ұстануы;
-саяси орталық пен шет аймақтардың өзара шиеленісте болуы;
-орталық саяси биліктің қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделері
мен сұраныстарын ескермеуі;
-мемлекеттің әртүрлі мәдени және этностық құрамнан тұруы.
Империялар ерте заманнан бастап қалыптасты, ал қазіргі уақытта олар
таза күйінде кездеспейді. Тарихтан белгілері: Рим империясы, Қытай, Латын,
Осман империялары, Араб халифаты, Британ, Ресей империялары, КСРО.
Империялардың ең ұзақ өмір сүргені Рим империясы(б.з.д.27жылдан
б.з.1453жылға дейін). Империялар тарихын терең зерттеген ойшыл, ғалым—
Цицерон болды. Империя жөнінде ол былай деген: «Империяның ыдырауы
айқын, себебі империя барлық уақытта орталық билік пен бағынышты
халықтардың арасындағы қайшылыққа негізделеді». Цицеронның осы пікірінің
ақиқат екенін тарих дәлелдеп отыр. Бүгін әлемде таза күйінде кездесетін
империя жоқ және адамзаттың интелектуалдық сана-сезімінің жоғары дамуына
байланысты ол тарихқа қайта оралмауы тиіс.
Тоталитарлық тәртіп дегеніміз –қоғамның барлық саласындағы әрбір
адамның өмірі мемлекет тарапынан толық бақылауға алынған мемлекеттік-
саяси құрылым түрі. Экономика саласында жеке меншікке шек қою; саяси
салада қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар қалыптастыруға тиым салу; бір
ғана басқарушы партияға мүше болуға мәжбүр ету; рухани салада бір
идеологияға бейімделу т.с.с.
Тоталитарлық тәртіптің негізгі белгілері:
- қоғамдағы саяси-әлеуметтік тәртіптің күшпен орнатылуы;
- әлеуметтік топтардың бостандығының шектелуі;
- мемлекеттік немесе жалғыз басқарушы партияның идеологиясының
жүргізілуі;
- бейімделушіліктің (конформизм) қалыптасуы: іштей келіспесе де, билік
басындағы адамдардың ығына жығылып, бейімделу.
Авторитарлық тәртіп дегеніміз - қоғамдағы толық жетілмеген
демократияға негізделген жеке адамның немесе саяси биліктің бір тармағына
сүйенетін мемлекеттік-саяси құрылым.
Авторитарлық тәртіп көбінесе өтпелі кезеңде қалыптасады, әсіресе қоғам
тоталитарлық тәртіптен демократиялық тәртіпке ауыса бастаған жағдайда
қалыптасады. Себебі осындай кезеңде алда тұрған мақсаттарды демократиялық
тәсілдермен (сайланбалы органдармен) ғана іске асыру қиындыққа түседі.
56
Мысалы, ТМД елдерінің көбінде орын алған авторитарлық тәртіп, жеке
тұлғаның билігі немесе атқарушы биліктің күшеюі осы әлеуметтік-
экономикалық қиындықтарға тікелей байланысты.
Авторитарлық тәртіптің негізгі белгілері:
- жеке адам билігінің немесе саяси биліктің бір тармағының күшеюі;
- қоғамдық саяси ұйымдардың құқықтары мен еркіндіктерінің шектелуі;
- мемлекеттік жүйедегі қызметкерлердің билікпен мүдделес саяси
партиялармен бірігуі;
- парламент ролінің шектелуі немесе кейбір жағдайда жойылуы.
Мемлекеттің саяси өмірінде авторитарлық тәртіп көбінесе монархияға,
бір адамның шексіз билігіне ұқсас болады. Қазіргі кезеңде негізінен бұл
көптеген дамушы мемлекеттер үшін объективті процесс, өтпелі кезеңге қажет
саяси тәртіп болып саналады.
* * *
Сонымен, саяси тәртіп саяси биліктің және саяси жүйенің сапасын
анықтап, қоғамның саяси өміріне сипаттама береді.
Қорыта келгенде, әлемдік тарихи тәжірибе – демократиялық билік
негізінде қоғам құру, қоғамдық өмір салаларына демократиялық ұстаным енгізу
ең дұрыс шешім болып табылатынын көрсетеді. Демократиялық билік орнату
үшін төмендегідей негізгі міндеттер атқарылуы қажет, олар:
- билікті бөлу және бөлісу (заң,атқару, сот билігіне ажырату), олардың
бір-біріне үстемдік етпеуі және бір-бірімен сыбайластыққа бармауы;
- меншік түрлерінің теңдігі мен еркіндігін қамтамасыз ету;
- азаматтардың заң алдындағы теңдігін қалыптастыру, азаматтық қоғам
орнату.
Бақылау сұрақтары
1. Мемлекеттік саяси биліктің қоғамның ерекшеліктерімен байланысы.
2. Саяси билікті бөлу туралы теорияның қалыптасуы
3. Н.Макиавеллидің саяси билік туралы ой-пікірлері
4. Ш.Монтескье, оның саяси билікті бөлу туралы теориясы
5. Саяси тәртіптің(режимнің) типтері
6. Тоталитарлық тәртіптің белгілері
7. “Шексіз билік бостандыққа шексіз қысым орнатады” деген тұжырымдаманы
қалай түсінесіз?
8. “Заңдардың рухы” деген еңбектің негізгі мазмұны
9. Саяси билік пен мемлекеттік биліктің айырмашылығы
10. Қазір Қазақстандағы саяси билік легитимдігінің түрі қандай?
57
ІY тарау
МЕМЛЕКЕТ – ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ САЯСИ ИНСТИТУТЫ РЕТІНДЕ
1. Мемлекет туралы идеялар тарихы мен мемлекет туралы ілімнің
қалыптасуы
«Мемлекет» ұғымы жалпы көпшілікке жақсы белгілі. Мемлекет
алғашқы, қауымдық қоғамда құрылған жоқ. Саяси ғылым мемлекеттің пайда
болуын адамзат қоғамы дамуының белгілі бір тарихи кезеңімен, яғни
әлеуметтік топтар мен таптардың пайда болып, қоғамда саяси-әлеуметтік
теңсіздіктердің орнығуымен байланыстырады. Экономика саласындағы
үстемдік етуші таптың саяси үстемдігін қамтамасыз ету және басқа таптардың
қарсылығын болдырмау қажеттілігінен мемлекет пайда болды деген пікір саяси
ғылымдардағы негізгі көзқарас. Мемлекет құл иеленуші дәуірде де қазіргідей
дәрежеге жетті. Бірақ тарихи ұзақ мерзім бойы “мемлекет” деген түсінік
“қоғам”, “ел” деген түсініктен ажыратылған жоқ. «Мемлекет» деген атауды
рулық, тайпалық қауымнан ажырату, яғни, алғашқы «қауымдық емес» деген
ұғымды белгілеу үшін пайдаланды. Мысалы, патшалық, қаған, хандық,
князьдік, халифат, Алтын орда, Ақ орда, Ноғай ордасы, Сібір ордасы деген
сөздер екі түсініктің орнына (біріншісі мемлекет, екіншісі қоғам) пайдалана
берілді. Алайда, мемлекеттің пайда болуы әртүрлі әлеуметтік пікірлердің
қалыптасуына негіз болды. Саяси өмірдің дамуына байланысты қоғамда
мемлекеттің ролі күшейе түсті. Ойшылдар, ғалымдар мемлекетке - “ел”,
“қоғам” түсінігі тұрғысынан емес, “өкімет”, билік тұрғысынан қарайтын болды.
Сөйтіп, нәтижесінде мемлекет пен өкімет туралы ойлар, қағидалар бірте-бірте
біздің заманымыздан бұрынғы VI-V ғасырларда теориялық деңгейге жетті.
Мемлекет пен қоғам мәселелері адамзат өмірінде әрбір тарихи кезеңге сай
өзгерістерге ұшырап отыратыны және оларды адамзаттың шама-шарқынша
сәтті түрде шешуге ұдайы ықыластық танытатыны белгілі. Егер өткенімізді
ойша шолар болсақ, адамзат тарихы мемлекет жөнінде сан түрлі саяси ой
тізбегі мен даналыққа толы екендігін байқаймыз. Солардың ішіндегі ең мәндісі
де, өзіндік ерекшеліктерімен айқындалатыны да ғұлама ойшыл Конфуцийдің
идеялары.
Бұл ойшылды негізінен мемлекетті басқару мәселелері көп
толғандырғанын атап өткен жөн. Конфуцийдің осынау күрделі мемлекет
мәселелерін қатаң тәртіп пен бір тәрбиелік ұстанымдардың көмегімен жүзеге
асырмақ ниеті және оған қоса шектен шыққан қызулыққа берілмей, көбіне-көп
“тепе-теңдік” пен “орталық” принциптерді ұстанғаны белгілі. Түрлі ұсақ
иеліктерге бөлініп, бір-бірімен қырқысып жатқан Қытайдағы патшалықтарды
бір орталыққа бағынған мемлекетке біріктіруді басты мақсатқа айналдырған ол,
сонымен бірге, халықтың тәлім-тәрбиелік күш-қуатын жоғары деңгейге көтеру
мен оны “бақытты” ету үшін бар күш-жігерін сарп етті.
Конфуцийдің ойынша, б.з.д. VI ғасырда Қытайдағы әлеуметтік тәртіптің
негізі - қоғамдық тәртіп пен тұрақтылыққа сүйенуге тиіс болатын. Және мұндай
58
қоғамда әркім өз құқығы мен мемлекет алдындағы міндеттерін терең сезінуі
тиіс. Яғни, әр адам өзінің орнында болуы керек: патша-патша, бағынышты-
бағынышты, әке-әке, ұл-ұл болуға тиіс. Мемлекетті басқарушы құдай
дәрежесіндегі «Аспан ұлы»– адамдар әлемінің өкілі. Ол әулие, император бола
отырып Аспан алдында ғана жауапты. Өйткені ол тақ пен билікті тек осы
аспаннан алады. Билеуші әділ болып, барша халыққа мейірім төгуі міндетті, ал
олай болмай ел аштық пен қайыршылыққа ұшырап жатса, халықтың бүлік
шығарып, билеушіні тәубесіне келтіруі құдайшылыққа жатады.
Конфуцийлік әлеуметтік саяси ілім – халықтың ой-арманымен, бақытты
болашақты көксеген қиялдарымен терең ұштасып жатыр деуге толық сенім бар.
Мемлекет – халықтың талап тілегін іске асыратын құрал. Халықтың шынайы
сенімінсіз мемлекет те болмақ емес. Демек, оның сеніміне тек адамдарға
жасалынған қамқорлық арқылы ғана қол жетпек. Ел басқарушысы алдымен
халықты ішер аспен қамтамасыз етіп, содан соң жоғары мақсаттарға шақыруға
міндетті.
Ежелгі Грекиядағы мемлекет туралы саяси ойдың ерте кезде дамуы (б.з.д.
IX – VI ғғ) көне мемлекеттердің қалыптасуымен байланысты болды. Бұл ойлар
Гомер, Гесиод поэмаларында кездеседі. Пифагор (б.з.д. 580-500 жж.) мен
Гераклиттің (б.з.д. 544-483 жж.) мемлекет пен құқық мәселелеріне әлеуметтік-
саяси тұрғыдан талдау жасауы да осы тұста қалыптасты. Гераклит: «өз отбасың
үшін қалай күрессең, мемлекет белгілеген тәртіпті іске асыру үшін де солай
күресу керек» - деген пікір айтып мемлекеттік билікке үлкен құрметпен қарады.
Ежелгі Грекия мемлекетінің нығайып – дамуы мемлекет туралы ілімнің
қарқынды дамуына жағдай жасады. Бұған үлкен үлес қосқан даңқты ойшылдар
Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель, Полибий болды.
Мемлекет туралы саяси ойдың қалыптасуындағы айрықша кезең
саналатыны –жалпыға бірдей бостандық идеясының өзекті орын алу тұсы.
Нәтижесінде Ежелгі Рим мемлекетінде бұл ілім жедел қарқынмен дамыды.
Оның тарихы: патшалық (б.з.д. 754-510 жж.), республикалық (б.з.д. 509-28 жж.)
және императорлық (б.з.д. 27 – б.з. 476 жж.) болып үш дәуірге бөлінеді. Осы
кезеңде саясат, өкімет және мемлекет туралы ілімге елеулі үлес қосқан Тит
Лукреций Кардың (б.з.д. 99-55 жж.) шығармалары, әсіресе оның “Табиғат
заттары туралы” поэмасы. Сол сияқты мемлекет пен құқық туралы Цицеронның
ілімі жарық көрді. Ол ежелгі грек дәстүріне сүйене отырып “Мемлекет туралы”
және “Заңдар туралы” деген еңбектер жазды. Ол мемлекеттік құрылыстың әр
түрін талдай отырып, мемлекет қызметіндегі монархиялық, аристократиялық
және демократиялық бастауларды біріктіру керек деген тұжырымға келді. Ол өз
ойына, талаптарына сол кездегі Рим конституциясы сәйкес келеді деп есептеді.
Цицеронның мемлекет туралы негізгі тұжырымдамасы – заңның
үстемдігі. Оның “Біз заңның құлы болғанда ғана еркін бола аламыз”, - деген
қанатты сөзі қазір де өзекті пікір болып саналады.
Мемлекет туралы мәселедегі Әл-Фарабидің ой-пікірлерінің маңызы өте
жоғары. Ол “Рахымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы” деген
еңбегінде осы мәселені теориялық тұрғыдан тереңінен зерделейді. “Мемлекет, -
59
деп көрсетеді ойшыл, - адамдардың өз қажетін бірлесіп қоғамдық жолмен
толық қанаттандыруға арналған ұйым”.
Сол сияқты Әл-Фарабидің мемлекет туралы айтқан мына сөздері ерекше
көңіл аударады: “Адамдарды бір-біріне көмектестіріп, халықтың жақсы тұрмыс
құруына жағдай туғызып, қамқорлық жасаған мемлекет - өз міндетін атқара
алады”. Ойшылдың осы пікірі «қоғамдағы мемлекеттің орны мен қызметі
қазіргі нарықтық жағдайда қандай болуы керек» деген сұраққа берген нақтылы
жауапқа ұқсайды.
Кейін саяси өмірдің күрделенуіне, дамуына байланысты мемлекетті
қоғамдық, әлеуметтік тұрғыдан емес, өкілеттік, билік ретінде зерттеу
қалыптасты, көзқарас жетіле түсті. Мемлекет халықты басқарушы ұйым деген
түсінік кең орын алды. «Мемлекет» және «қоғам» деген түсініктерді ажырата
білуде әсіресе Н.Макиавеллидің орны ерекше. Ол мемлекет деген түсінікті
бөлек ұғымға айналдыру үшін “stato” деген термин енгізді. Стато – қазіргі
түсінік бойынша, автономия, дербес, өз алдына деген мағынаны білдіреді.
Макиавелли мемлекетті тек ғана қоғамды басқаратын ұйым ретінде
түсінумен шектелмей, оның дамыуы, халықтың мұқтаж-мүдделеріне сәйкес
қызмет атқаруы туралы тұжырымдамалар жасады.
Кейінгі ғасырларда қоғам мен мемлекетті дербес, өзара ажыратып,
мемлекетті қоғамның басқарушы ұйымы ретінде дамыту мәселесі саяси
ғылымда айрықша орын алды. Саясаттануда осы мәселе жөнінде әртүрлі, құнды
тұжырымдамалар жасаған Гоббс, Локк, Руссо, Гегель, Кант, Мэдисон және т.б.
болды.
Мемлекет қоғам өмірінің дербес саласы ретінде танылғаннан кейін
ғалымдар мемлекет пен адамның өзара қатынасын зерттей бастады. Оның
негізгі себебі – мемлекет шеңберіндегі адамның орны, ролі жөніндегі
мәселелердің туындауы. Қоғамда, мемлекетте адам жалпы дамуға ешбір әсер
ете алмайтын тіршілік иесі ғана ма, әлде ол (адам) қоғам, мемлекет өміріндегі
шешуші күш пе?
Осы мәселе бойынша бірнеше ғасырға созылған ғылыми пікірталастың
нәтижесінде саясаттануда этатизм деген бағыт пайда болды.
Этатизм дегеніміз - мемлекетке табыну, кейбір жағдайдағы қоғам мен
жеке адам бостандығына әкелетін қиянатына, зорлық-зомбылығына төзіп
шексіз билікті мойындау.
Әсіресе XVI ғасырдан бастап ғалымдар арасында этатизмге қарсы
пікірлер күшейді. Мақсат – қоғам мен мемлекеттегі адам ролін көтеру,
мемлекет жағынан адамның еркіне қарсы тұратын кедергілерді жою.
Саясаттануда бұл мәселені зерттеудегі ағылшын ғалымы Томас Гоббстың үлесі
ерекше. Ол “Левиафан” деген еңбегінде мемлекетке дейінгі қоғам өмірін
суреттейді. Оның ойынша, әрбір адамның жаратылысынан өмір сүруге “табиғи
құқығы” бар. Олардың құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан
берілген. Бірақ табиғи заңдылықтар ешкімді де қауіпсіздіктен құтқармайды,
ешкімнің өміріне кепілдік бермейді. Мемлекетсіз дәуір – ол барлық адамдардың
«барлық адамдарға қарсы соғысы». Сол себептен табиғи, қатал өзара қарым-
қатынас жағдайында адамдардың өмірін қорғауға кепілдік беретін ұйым іздеу
60
керек деген қорытындыға келді. Мемлекеттің пайда болуы – ол адамдардың
келісім-шарты. Адам сыртқы қатерден сақтануы үшін өз құқықтарын
мемлекетке тәуелді етті.
Т.Гоббс қоғамдық тәртіпті табанды, қатал ұстайтын мемлекетті
жақтайды. Сондықтан ғалым өз теориясын Англиядағы монархияны қайта
құруға, жаңғыртуға бағыттағаны белгілі.
Сонымен қатар, Гоббстың ойынша: «Мемлекеттік билік – жоғарғы заң
шығарушы және оған бағыну. Басшы өзіне бағыныңқы адамдардың арасында
теңдік болуы қажет екенін қадағалап отыруы тиіс және оларды сотта қорғай
білуі қажет».
“Левиафан” - библия мифологиясы бойынша ғажайып, барып тұрған
жауыз, рақымсыз, жан түршігерлік аң. Оған қарсы тұратын ешбір нәрсе де жоқ.
Ал ғалым “Левиафанмен” – мемлекетті теңестіріп сипаттайды, себебі мемлекет
адамдарға зорлық жасайды, күш көрсетеді, ал адамдар соған төзеді. Дегенмен,
Гоббстың ойынша, мемлекет қандай мықты болса да – ол “ажалды құдай”,
себебі ол жасанды. Мемлекет адамдардың ақылы мен қолынан туындайды, ал
адам – табиғаттан жаратылған. Сол себепті қоғамда адам бірінші орында, ал
мемлекет – екінші орында тұруы тиіс.
Адам мен мемлекеттің арақатынасын сараптай келе, Т.Гоббс: “Адамға
құқықты үлестіріп беретін мемлекет емес, мемлекеттің өзі жеке адамдардың
құқықтарынан жинақталады» - деген қорытынды жасайды.
Яғни, адамның қоғамдағы орны ең жоғарғы сатыда, әрбір адамның
“табиғи құқығы” бар, “мемлекет оны заң арқылы қорғауға тиісті”.
Сөйтіп, ұлы ойшылдың тұжырымдамалары қазіргі замандағы адамның
“табиғи құқығы” идеясына негіз болып халықаралық деңгейде қолдау тапты.
1948 жылы БҰҰ қабылдаған “Адам құқықтарының жалпыға бірдей
Декларациясында” «адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан
берілген, бұл ұстамды әрбір мемлекет өз заңдарына енгізуге тиісті» - деп
жариялады.
Қазақстан Конституциясында осы принципті іске асыру көзделген. Оның
12-бабында: “Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан
жазылған, олар абсолютті деп табылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар
мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған
қарай анықталады” - деп жазылған.
Сөйтіп, ғасырлар бойы ойшылдар мен ғалымдардың адам мәртебелілігін
мемлекеттен де жоғары көтеру талабы дүниежүзілік қоғамдастыққа кірген
Қазақстанда да қабылданды. Оның басты, негізі себебі - Қазақстан
Республикасының құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнықтыру мақсаты
болып табылады.
61
2. Қазіргі кезеңдегі мемлекет: құрылымы және қызметі
Қазіргі кезеңде мемлекет ел басқару міндетін атққаратын қоғамның
негізгі саяси ұйымы ретінде танылады. Қандай да болмасын мемлекеттің үш
құрамды элементтері болады: ел территориясы, халқы және саяси билігі.
Мемлекеттің негізгі белгісі – егемендік. Мемлекеттің егемендігін,
тәуелсіздігін басқа мемлекеттер де ресми түрде мойындауға тиісті.
Мемлекеттің негізгі ұстанымдары:
1. Заңдар мен нұсқаулар қабылдау құқығының болуы.
2. Мемлекеттің өз азаматтарын қорғауы үшін ашық және бірден-бір күш
қолдану құқығының болуы. Себебі қоғамда күш қолдануға мемлекеттің ғана
құқығы бар. Мысалы, қылмыс жасаушыларды өз еркінен айыру құқығы. Оны
орындауға қажетті мемлекеттің арнаулы қарулы күштері болады. Бірақ күш
қолдану тек заң арқылы жүргізілуі тиіс.
3. Жалпылық. Мемлекет өз аумағындағы (территориясындағы) адамдардың
барлығын қамтиды. Осы мемлекеттің азаматы болмаса да (мысалы, әртүрлі
себептермен басқа мемлекеттерден келгендер) мемлекеттің шекаралық
шеңберінде болғаннан кейін оларға қамқорлық жасалуы тиіс. Бұл жөнінде 1930
жылы Гаагада (Нидерланды) мемлекетсіздікке (апатридизмге) қарсы
халықаралық заң қабылданды. Бұл заңға сәйкес мемлекет территориясындағы
жеке адам мемлекет қамқорлығынан тыс қалмауы тиіс.
4. Салық - қоғамды басқару жұмысына жұмсалатын қор (бюджет)
қалыптастыру үшін қажет қаржы.
Территориясы мен этникалық (ұлттық) құрамына байланысты мемлекет
әртүрлі құрылымға бөлінеді. « Мемлекет құрылымы» дегеніміз мемлекеттің
ұлттық-территориялық ұйымдастырылуын көрсететін ұғым. Көп жағдайда,
орталық билік пен жергілікті әкімдіктің өзара қатынасын белгілейді.Мысалы,
мемлекет территорясының ұлттық-автономиялық бөліктерін белгілеу (округ,
республика, штат), әкімдік-басқару аймақтарын бекіту (аудан, облыс,
департамент, өлке).
Мемлекттік құрылымның негізгі үш түрі кездеседі: унитарлық (біртұтас),
федерация және конфедерация.
Достарыңызбен бөлісу: |