Саясаттану


Демократиялық үрдістердің даму тарихы



Pdf көрінісі
бет4/21
Дата31.01.2017
өлшемі15,5 Mb.
#3091
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

2. Демократиялық үрдістердің даму тарихы
Демократия туралы ой-пікірлер ерте замандарда ежелгі шығыс елдерінде:
Мысырда, Вавилонда, Үндістанда, Парсыда, Қытайда пайда болды. Бұл елдерде 
демократиялық  идеялардың  шарықтап  дамып,  сонымен  қатар,  құлдырап 
төмендеген де кезеңдері болды. 
Мысалы,  ежелгі  Қытай  ойшылы  Конфуцийдің   б.з.  дейінгі  VI-V
ғасырларда  “Ардақты,  киелі  билік  ол  біреудің  тәуелдігі  немесе  біреудің 
тәуелсіздігі  емес,  шынайы  билік  - ол  өкімет  пен  жеке  адам  арасындағы  өзара 
тәуелділік”  – деп айтқан  пікірі  демократияның  қазіргі  ұстанымына  сәйкес 
келеді. 
Ежелгі  Шығыс  елдерімен  бірге  Қазақ  даласында  да  демократияның 
көптеген  белгілері  орын  алды.  Мысалы,  сақтар  қауымында  патшалар  болды, 
бірақ монархия болған жоқ. 
Егер  бұл  жағдайға  ғылыми  көзқараспен  қарайтын  болсақ  –  бұл 
меритократия  деп  аталады.  (Meritus  –  лат.  дарынды,  kratos  -  билік). 

29
Меритократия – шығыстағы демократия ұстанымының ең алғашқы түрі болды. 
Қазақ даласында осы демократиялық ұстаным ғасырлар бойы жалғасып келді. 
Кейінгі кездерде қазақ дәстүрінде әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, 
болмысымен билікке жеткен, яғни, ел басқарушы ханның ұлы емес, халықтың 
ұлы  ретінде  танылған  ел  ағаларының  бірі  көпшіліктің  қалауы  бойынша  хан 
болып сайланған. 
Қазақ  жерінің  мемлекеттік  құрылымындағы  мұндай  ерекшелікті  өткен 
ғасырлардағы  орыс  демократтары  мен  шенеуніктері  де  байқапты.  Мысалы, 
XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында Ресей мен Қазақстан арасында қызмет еткен 
елші  А.И.Тевкелев:  “Қырғыз-қайсақта…  мұрагерлік  жолмен  хан  болмайды, 
сайлау арқылы ғана хан болады”, - деп атап көрсетеді. 
Сол сияқты Орынбор губернаторы И.Неплюев 1748 ж. 26 тамызда Ресей 
сыртқы  істер  коллегиясына  жасаған  ресми  хабарламасында:  “Бұл  қырғыз-
қайсақта  қалыптасқан  салт  бойынша  ежелгі  хан-сұлтан  әулетінің  өкілдері 
мұрагерлік  жолымен  емес,  халықтың  сайлауы  бойынша  ғана  хандыққа  жете 
алады”, - дейді. 
Қазақ  тарихында  Жәнібек-Керей  хандардан  Абылай  ханға  дейінгі 
аралықта  бізге  аттары  мағлұм  көптеген  хандар  өтті.  Солардың  барлығы  да 
ашық  сайлау  жолымен,  халықтың  қалауы  бойынша  ақ  киізге  көтеріп  хан 
сайланған. 
Қазақ жеріндегі меритократиялық демократияның көптеген ұстанымдары 
қазақ  даласында  кейінде  де  кең  өріс  алған.  Бұл  жөнінде  көптеген  мәліметтер 
Әбіш  Кекілбаевтың  "Үркер"  атты  романында  кеңінен  баяндалған.  Онда  билер 
бір  аймақтың  халқымен  бірге  жиналып,  шиеленісті  мәселелерді  көпшіліктің 
пікірін есепке ала отырып шешкен. 
Бұл  процестің  маңыздылығы  –  халықтың  пікірімен  санасушылық 
болғандығында.
Шығыс  елдерімен,  соның  ішінде  ежелгі  Қазақ  елімен  қатар  демократия 
Еуропа  елдерінде  де  кеңінен  дамиды.  Демократияның  әртүрлі  құрамдары, 
жүйелері,  сайланған  орындары,  жалпы  мемлекеттік  биліктің  демократиялық 
түрі алғаш рет  Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римде пайда болды. 
Демократиялық  мемлекеттің  ең  бірінші  түріне  Афины  полисы  жатады. 
Полис - өз алдына мемлекет, біздің заманға дейінгі V ғасырда өмір сүрді. Онда 
жоғарғы  билік  ұдайы  шақырылып  тұратын  халық  кеңесінің  қолында  болды. 
Азаматтарға қатысты барлық әлеуметтік мәселелерді, ең аяғы, сыртқы саясатқа 
дейін осы халық кеңесінде шешілді. 
Полис  халқы  бірігіп  әртүрлі  демократиялық  органдарды  сайлау  арқылы 
қалыптастырып тұрды. Әділеттілік ұстанымдарын өте жоғары ұстанған орган –
ол  халық  соты.  Халық  соты  он  бөлімнен  тұратын  орган  болды.  Істің  қандай 
бөлімде  қаралатындығы  сот  болатын  күні  жеребе  салу  арқылы  құпия  түрде 
шешілетін.  Бұл  заңсыздыққа  жол  бермей,  сотты  әділ  жүргізуге  кепілдік 
болатын. 
Афинылық  демократия  әсіресе  Периклдің  басшылық  еткен  дәуірінде 
(б.з.д.  490-429  жж.)  гүлденіп  өркендеді.  Бұл  кез  афинылық  демократияның 
«алтын  ғасыры»  деп  саналды.  Периклдің  басшылығымен  билік  жағынан 

30
зорлық-зомбылыққа тыйым салынды, азаматтар қызмет орындарына тек сайлау
арқылы тағайындалатын болды, мүлік цензісінің қолдануы тоқтатылды. 
Афиныдағы  сияқты  демократиялық  мемлекет  Ежелгі  Римде  де  пайда 
болды.  Билікке  төменгі  таптың  өкілдерін  қатыстыру  үшін  халық  трибунаты 
қалыптасты.  Бұл  халық  билігін  білдіретін  жаңа  мемлекеттік  орган  болып 
есептелді. 
Бірақ  Ежелгі  Грекиядағы,  Ежелгі  Римдегі  демократияға  қазіргі 
көзқараспен қарайтын болсақ, бұл елдердегі демократия ешқашан толық болған 
жоқ. Себебі сайлауға дауыс беруге, шешім қабылдауға қатысатын адамдар тек 
толық  құқықты  азаматтар  ғана  болды.  Ал  мыңдаған  құлдар,  кедейлер,  тіпті, 
қолөнершілер, әйелдер – толық азаматтар санатына қосылған жоқ. Кейін саяси 
ғылымда демократияның бұл түрі «аристократия»  деп аталатын болды. (aristo –
таңдаулы,  kratos - билік). 
Аристократия  дегеніміз  –  билік  ақсүйектер  өкілдерінің  қолында 
болатын  мемлекеттік  басқару  түрі.  Аристократиялық  және  меритократиялық 
басқарудың шынайы демократияның негізін қалауына тарихи мүмкіндік болған 
еді.  Бірақ  тарихта  билік  басқаша  жолмен  орнықты.  Құл  иеленуші  құрылыс 
ыдырағаннан  кейін,  (әсіресе  Еуропа  мемлекеттерінде)  меншіктік  қатынастар 
шиеленісе  бастады,  әлеуметтік  топтар  мен  таптардың  өзара  қайшылығы 
күшейді,  мемлекет  билеушілер  әулеті  қалыптасты.  Саяси  билік  құрып, 
мемлекет  басқарып,  оның  өздері,  әулеті  үшін  пайдалылығын,  ұтымдылығын 
байқаған  патшалар  билікті  мұра  ретінде  өз  ұрпақтарына  бере  бастайды. 
Мысалы,  Ежелгі  Грекияда  Іскендір  Македон  империясы  пайда  болды,  Ежелгі 
Рим империясы орнықты. 
Бұл  мемлекет  басқару  түрін  саяси  ғылымда  монархия  деп  атайды. 
Монархия –  мемлекеттің  жоғарғы  өкімет  билігінің  жеке  дара  билеушінің 
қолында  болып,  мұра  ретінде  кейінгі  ұрпақтарына  қалатын  билік  түрі.  Бүкіл 
дүние жүзінде ғасырлар бойы осы монархия орнатылды. 
Сөйтіп, халықтың мемлекетті басқаруға қатысу мәселелері қиындай түсті. 
Әрине,  бұған  қарсы  күресте  көптеген  ғалымдар  мен  әр  елдің  жаңашыл 
әлеуметтік топтары өз үлесін қосып келді. 
1265  жылы  ғана  демократиялық  ұстаным  енгізу  жолында  адамзат 
тарихында  үлкен  қадам  жасалды.  Осы  жылы  Англияның  королі  Генрих  ІІІ 
ағылшын  серілерінің  (рыцарьларының)  қысымы  бойынша  корольдің  билігін 
шектейтін  мемлекеттік  орган  – парламент құрылды.  Парламент  ол  өкілетті 
орган.  Ел  азаматтарының  әрқайсысы  өздерінің  топтарынан  осы  органға 
уәкілдер  жіберетін  болды.  Нәтижесінде  корольдің,  яғни  монархтың  билігі 
шектеліп, король өз билігін халық өкілдерімен бөлісуге мәжбүр болды. 
«Парламент» деген сөздің негізі  ағылшынша  parlament –“кеңесу” деген, 
французша -- parler “сөйлеу’ деген түсініктерді білдіреді.  Парламент жоғарғы 
сайланбалы өкілдік және  заң шығаратын мемлекеттік билік органы. Сонымен, 
тарихта  корольдің  бұрынғыдай  жеке  өзі  шешім  қабылдай  алмайтын, 
парламенттің пікірімен санасуға тиіс болатын кезең туды. 
Парламенттің пайда болуының демократияның даму тарихында басты екі 
маңызы  болды.  Біріншіден,  осыған  дейін  дүние  жүзіндегі  барлық  елдерде 

31
мемлекет  басқарудың  тек  бір  ғана  түрі  -  монархия  болған  болса,  енді  екінші 
түрі пайда болды – ол конституциялық монархия. Мемлекет басқарудың бұл 
түрі Англияда осы күнге дейін сақталып кейін басқа мемлекеттерге де тарады. 
Мысалы, Швеция, Дания, Испания, Жапония және т.б. 
Парламенттің  пайда  болуының  екінші  маңызы,  ол  демократия  туралы 
идеяны іске асырудың құралының, тәсілінің шығуы. Идеяны іске асыратын әдіс 
болмаса,  ол  идея  күйінде  қала  беруі  де  мүмкін.  Парламент  дегеніміз  -  тек 
жоғарғы саяси биліктің түрі ғана емес, ол жалпы сайланбалы органдар жүйесі. 
Мысалы, жергілікті сайлау органдары, мәслихат та парламенттік жүйе. 
Демократияның  дамуындағы  келесі  үлкен  қадам  527  жылдан  кейін 
жасалып,  1792 жылы Францияда республика қалыптасты. 
Республика  дегеніміз  -  саяси  биліктің  негізгі  жоғары  органдары  сайлау 
арқылы  ұйымдастырылатын  мемлекет  құрылысы.  Мұнда  монарх  (патша, 
король) жоқ. Биліктің негізгі органдары сайлау арқылы қалыптасады. 
Францияда  республиканың  пайда  болуы  1789  жылғы  Ұлы  Француз 
революциясымен байланысты. 
Мемлекет  басқарудың  республикалық  түрі  бұрын  да  тарихта  болған. 
Мысалы,  көне  Афины,  немесе,  орта  ғасырлардағы  Италияның  көптеген 
полистері республика болып аталды. Бірақ оларды басқаруға қоғамның барлық 
мүшелері  қатысқан  жоқ,  мемлекеттік  билік  тек  ғана  ақсүйектердің  қолында 
болды.  Ал  Франциядағы  республика  –  тарихта  алғаш  рет  қоғамның  барлық 
әлеуметтік топтарын, таптарын қамтитын мемлекет басқарудың түрі болатын. 
Франция республика деген атаққа өз мағынасына, мәніне лайық ие болып 
отыр.  Бұл  елде  республика  талай  рет  құлатылды,  бірақ  оны  француз  халқы 
бірігіп  қайтадан  қалыптастырып,  дамытып  келе  жатыр.  Францияның  қазіргі 
конституциясы осыны көрсетеді, бұл «Бесінші республиканың конституциясы» 
деп аталды. 
Сонымен,  парламенттің  отаны  –  Англия  болатын  болса,  республиканың 
отаны  –  Франция.  Ал  дүниежүзіндегі  қазіргі  басты  бағыт  -  республикалық 
мемлекет қалыптастыру болып отыр. 
Бүгінгі күні дүние жүзінде 150-ден астам республикалар бар, 30-ға жуығы 
конституциялық  монархия,  шексіз  монархия,  теократтық  діни  республикалар 
болып қалыптасқан. ХХ ғасырдың басынан бастап республикаға өту кең орын 
алса,  республикадан  керісінше  монархияға  ауысушылық  болған  жоқ.  Соңғы 
кездегі  монархиядан  және  тоталитаризмнен  республикаға  өткен  мемлекеттер 
Ливия  (1969  ж.),  бұрынғы  КСРО-ның  республикалары  мен  Шығыс  Еуропа 
елдері (1989-1991жж) және Непал (2008 ж.) болды. 
Ал  қазір  дүние  жүзіндегі  мемлекеттердің  қаншасын  демократиялық 
мемлекет деп  есептеуге  болады?  Ол 70  мемлекеттей ғана,  үштің  бірі.  Бұл көп 
пе, аз ба? 
Егер мемлекеттердің барлық саны арқылы есептейтін болсақ, бұл, әрине, 
аз,  үштің  бірі  ғана,  ал  тарихи  тұрғыдан  қарайтын  болсақ,  бұл  көп,  себебі 
тарихта ешбір кезде 70 мемлекет демократиялық болып көрген жоқ. 
Сонымен,  демократиялық  даму  жолының  қазіргі  кезеңдегі  басты 
нәтижесі, дүниежүзі мемлекеттерінің үштен бірінің демократиялық болуы. 

32
Бұл  біздің  дәуіріміз  демократия  дамуының  алғашқы  ғана  кезеңі  екенін 
білдіреді.  Сол  себептен  Қазақстанның  саяси  өміріндегі  демократияға 
байланысты  кейбір  келіспейтіндердің  неге  демократияның  даму  деңгейі  бізде 
ойдағыдай  емес  деген  пікірі,  біздің  ойымызша,  асығыс  айтылған  пікірлер 
қатарына жатады.
Сөйтіп,  демократияның  даму  тарихына  қорытынды  жасайтын  болсақ, 
бүгінгі  күні  ол  негізгі  екі  жетістікке  жетті:  біріншісі,  әлемдегі  барлық 
мемлекеттердің үштен бірінің демократиялық болуы, екіншісі – 150-ден астам 
мемлекеттерде республиканың орнығуы.
3. Қазақстан Республикасындағы демократиялық үрдістердің
қалыптасуындағы парламенттіліктің орны.
               Қандай  да  болмасын  мемлекеттегі  демократияның  дамуын  
парламентаризмнен  (парламенттіліктен)  тыс  талдау  мүмкін  емес.  Тарихи 
тұрғыдан  алғанда  парламент—қоғамның  әлеуметтік  топтары  уәкілдерінің 
біріккен  органы.  Қоғамдағы  демократияның  деңгейі  әрбір  уәкілдің  билік  пен 
қоғам арасында өз тобының мүдделерін қорғау мүмкіндігімен анықталады.Осы 
тұрғыдан  қарағанда  Қазақ  елі  тарихындағы  парламенттіліктің  алғашқы 
қарапайым көрністері әскери демократия, ру басшылары жиналысы,ағамандар 
кеңесі,  ақсақалдар  кеңесі,  хандық  және  билер  кеңесі  болып  табылады.Қазақ 
халқының  тарихында  Х1Х  ғасырдың  өзінде  хандық  кеңестер  мен  билер 
кеңестері орын алып келді.
ХХ  ғасырдағы  Қазақстан  парламентаризмі  өзінің  нақты  бастауын 
мемлекеттік  биліктің  жоғарғы  тармағы  және  бірден-бір  заң  шығарушы  орган 
деп  жарияланған  1937  жылғы  Кеңестердің  төтенше  Х  сьезінде  қабылданған 
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясынан алады.                
Қазақ  КСР-ның  Жоғары  Кеңесінің  алғашқы  құрамы  1938  жылғы  24 
маусымда  округтер  бойынша  өткен  сайлауы  4  жылдық  мерзімге  сайланды. 
Депутаттыққа  кандидаттарды  ұсыну  құқығы  қоғамдық  ұйымдар  мен  еңбекші 
халыққа берілді. Сайлау жасырын дауыс беру, жалпыға бірдей тең және тікелей 
сайлау  құқығы  негізінде  өткізілді.  Алайда,  сайлау  сырттан  қарағанда 
демократиялық  сипатта  болғанымен,  барлық  деңгейдегі  депутаттық  корпусты 
сайлау  билік  иесі  Коммунистік  партияның  қатаң  бақылауымен  баламасыз 
негізде  жүргізілді.  Депутаттыққа  кандидаттар  коммунистік  партия  ұйымдары 
белгілеген  таптық,  партиялық,  ұлттық,  жыныстық  және  жас  ерекшеліктері 
бойынша іріктеліп алынды.
Жоғарғы  Кеңестің  сессиясы  жылына  екі  рет  шақырылды,  бұнда  бір-екі 
күннің  ішінде  жоғары  өкілді  органның  құзырына  жататын  заңдар  мен 
шешімдер бірауыздан(әдеттегідей 99,99 пайыздық көпшілікпен) қабылданатын 
еді.  Сессияда  шешілуі  тиіс  мәселелер  Қазақстан  Компартиясы  Орталық 
Комитетінің тарапынан алдын ала мақұлданып отырылды.Бұндай билік жүргізу 
әдісі Кеңестер Одағы құлағанға дейін жалғасты.
Кеңестік  кезеңдегі  заң  шығару  әдістерінің  кемшілігін,коммунистік 
партияның  билеп-төстеушілігін    сынға  алуға  болады, алайда  Қазақстанның 

33
егемендігін іс жүзінде болмаса да,  заң жүзінде мойындау,   территориясын заң 
жүзінде  бекіту,  мемлекеттік  билік  органдарын  құру,  егемен  Қазақстанның 
мемлекеттік  мекемелерін  қалыптастыру  жолында  Қазақ  КСР-і  Жоғары  Кеңесі 
өшпес тарихи қызмет атқарды.
КСРО-ның  ыдырауы  қарсаңында  жарияланған  қайта  құру  саясаты 
қоғамымыздың көптеген салаларын қамтыды.  
Қазақстандағы  демократиялық  үрдістердің  дамуына  1986  жылғы  әйгілі 
Желтоқсан  оқиғасының  әсері  зор  болды.Қазақ  жастарының  ең  алғашқы 
демократиялық  қозғалысы  мәртебесіне  ие  болған  осы  оқиғадан  кейін  елімізде 
ар-ұждан бостандығы,еркін пікір алысу, жаңаша саяси ойлау жүйесі қалыптаса 
бастады.  Желтоқсан  оқиғасы  тек  ғана  қазақстандықтарға  емес,  бүкіл  КСРО 
халықтарының  психологиясына  үлкен  әсер  етті.  Мемлекеттік  күш  көрсетуден 
халық  қорықпайтын  болды.  Мызғымас,  қуатты  саналған      социалистік  КСРО 
біртіндеп  ыдырай  түсті.  1989  жылы  Балтық  республикалары  бұл  мемлекттің 
құрамынан шығып та кетті.
Бүкіл  елді  қамтыған  осындай  саяси  өзгерістер,  толқулар,  біріншіден, 
республикамыздағы  жоғары  демократиялық  заң  шығарушы  органның 
қалыптасуына өз әсерін тигізді.
1990  жылдың  сәуір  айында  Қазақстан  Жоғарғы  Кеңесінің  он  екінші  
сайланған  депутаттық  корпусы  алғаш  рет  баламалы  түрде  сайланды. 
Коммунистік  партияның  ықпалы  әлі  де  күшті  болғанымен,  парламенттің 
құрамына әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдар 
уәкілдерінің  сайлануына  мүмкіндік  туды.  Мысалы,  Жоғары  Кеңес 
депутаттарының  құрамына  бұрынғы  кездегіден    әлдеқайда  көп  ғылым  мен 
мәдениет өкілдері сайланды. 
Қазақстандағы  парламентаризмнің  қалыптасуындағы  осы  он  екінші 
сайланған  Жоғары  Кеңестің    маңызы  өте  зор.  Ол  еліміздің  болашақ  тағдыры 
шешілетін  тарихи  кезеңде  саяси  өмірге  тығыз  араласа  отырып,  заңдар  негізін 
қалыптастыруға және мемлекеттілікті, Қазақстанның экономикалық дербестігін 
орнатуға лайықты үлес қосты.
Осы  аталған  он  екінші  сайланған  Жоғарғы  Кеңес  өзінің  бірінші 
сессиясында  1990  жылғы  24  сәуірде  «Қазақ  КСР-ның  Президенті  қызметін 
тағайындау  және  Қазақ  КСР-ның  Конституциясына  өзгерістер  мен 
толықтырулар  енгізу  туралы»  Заң  қабылдады  және  Нұрсұлтан  Әбішұлы 
Назарбаевты  Қазақстан  Республикасының  Президенті  етіп  сайлады.  Бұл 
жалпымемлекеттік ауқымдағы алғашқы ірі саяси шешім болып табылады.
Сонымен,Қазақстанда    мемлекеттілікті  қалыптастырудың  бастапқы 
кезеңінде басқарудың парламенттік нысаны  қызмет атқарды. Себебі Жоғарғы 
Кеңес (яғни, парламент) ел Президентін сайлады және Үкіметтің жеке құрамын 
қалыптастыруда  шешуші  орын  алды.  Он  екінші  сайланған  Жоғарғы  Кеңес 
жұмыс  атқарған  төрт  жылға  жуық  уақыт  ішінде  (1990  жылдың  сәуірі--1993 
жылдың  желтоқсаны)    265  заң  қабылданды.Солардың  ішіндегі  ең 
алғашқыларына  тоқталсақ,  ол  Жоғарғы  Кеңестің  1990  жылғы  25қазанда 
қабылданған «Қазақ КСР-ның  Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы». 
Қазақстанның  тәуелсіздігін  орнықтыруды  бастаған  бұл  Заңның  шығуы 

34
еліміздегі  түбегейлі  тарихи  өгерістердің  бастауы  болып  табылады.          Бұл 
Декларация қоғамдағы демократиялық процесстерді  барынша тездетті.    1991 
жылдың ортасында-ақ Қазақстан басқа да кеңестік  республикалармен бірге  іс 
жүзінде    орталық  билікке  қарсы  оппозицияда  болды.Қазақстанның  бастамасы 
бойынша Белоруссия, Украина, Ресей және басқа республикалармен бір-бірінің 
егемендігін  қадірлеу,  қалыптасқан  шекараларды  сақтау,  жаңа  экономикалық 
қатынастарды 
орнату 
туралы 
екі 
жақты 
келісімдер 
жасалды.                                                                                                                                                                                       
Мемлекетіміздің заң шығарушы билігінің келесі маңызды саяси шарасы -1990 
жылғы  20  қарашада  «Қазақ  КСР–ғы    мемлекеттік  өкімет  пен  басқарудың 
құрылымын  жетілдіру  және  Қазақ  КСР  Конституциясына  өзгерістер  мен 
толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдауы. Бұнда Президенттің атқарушы 
және  өкілдік  биліктің  басшысы  болып  табылатыны  және  Қазақстан 
Президентінің  ұсынуымен  Жоғарғы  Кеңес  сайлайтын  Вице-президенттің 
лауазымы белгіленді, Қазақ КСР-ның Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті 
болып  қайта  құрылды,  Премьер-министрді  және  Министрлер  Кабинетінің 
құрамын Қазақстан Республикасының Президентінің ұсынуымен Жоғары Кеңес 
бекітетін болды. 
Елімізде егеменді мемлекет қалыптастырудың алғашқы күндерінде саяси 
мәселелердің  ауқымдылығы,  күрделілігі  Қазақ  КСР-ы  Президентінің  билік 
мәртебесін  күшейтуді    және  оны  бүкіл  халықтың  сайлауын  қажет  етті.  Бүкіл 
халық  сайлаған  Президент  ғана  сыртқы  және  ішкі  саясаттың  күрделі 
проблемаларын  табысты  шеше  алатындығы,  экономикалық  және  саяси 
реформалардың қарқынды  жүргізілуіне  тиімді  ықпал  жасайтыны депутаттарға 
да жалпы қоғам мүшелеріне де айқын болды.       
1991  жылғы  16  қазан  күнгі  Қазақ  КСР-ның  Жоғарғы  Кеңесінің  кезектен 
тыс  сессиясында  «Президент  сайлауы  жөніндегі  Заң»  қабылданып, 
Президенттік қызметке Н.Ә.Назарбаев ұсынылды. 
1991жылғы  1желтоқсанда  жалпыхалықтық  сайлау  қорытындысы 
бойынша Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. 
Жоғарғы  Кеңес  Елбасын  ұлықтау  жөнінде  алғашқы  нышандарды  ұсынды. 
Желтоқсанның 10-күні Республика сарайында Президенттің таққа отыру рәсімі 
өтті, Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант берді.
Сол  кездегі  мемлекеттің  Заң  шығарушы  билігі  Жоғарғы  Кеңестің  ең  бір 
ұтымды  шешімдерінің бірі—Қазақстан  мемлекетінің  ресми  атауларын  өзгерту 
болды.Әкімгершілік  жүйенің  ауқымынан  босап  шыққан  халқымыз  «кеңестік» 
және  «социалистік»  деген  атаулардан  бас  тарта  бастады.  1991  жылғы 
желтоқсанның  10-ы    күні  Қазақстан  Жоғарғы  Кеңесінің  сессиясында  Қазақ 
Кеңестік  Социалистік  Республикасын—Қазақстан  Республикасы  деп  атау 
жөнінде  шешім  шығарды.  Мемлекетіміздің  осылай  аталуы  еліміздің  өмірін 
шынайы бейнелей алатын болды.
Он екінші  сайланған Жоғарғы Кеңестің тарихи маңызы жоғары шешімі --
1991  жылғы  16  желтоқсанда  қабылданған  «Қазақстан  Республикасының 
мемлекеттік тәуелсіздігі  туралы» Конституциялық Заңы болып табылады.  Осы 
Заң  қабылданғаннан  кейін    Қазақстан  Республикасы  бүкілдүниежүзілік  
қауымдастықтың  өз тәуелсіздігінің  ішкі және сыртқы саясатын белгілеп, оны 

35
жүзеге      асыра    алатын    әлемге  танымал  әрі  толық  құқықты  субъектісі болып 
саналды. 
Ел 
парламентінің 
келесі 
маңызды 
қызметі—мемлекеттің 
конститутциясын қабылдау болды. Жаңа Конституцияны әзірлеп, қабылдау екі 
жылға  жуық мерзімді қамтыды.Жоғарғы Кеңестің он екінші сайланымы  1993 
жылғы 28 қаңтарда демократиялық, тәуелсіз және біртұтас  мемлекеттің негізгі 
құқықтық құжаты ретінде Қазақстан  Республикасының жаңа Конститутциясын 
қабылдады. Жаңа Конституцияда Қазақстан тарихында  алғаш  рет саяси билік, 
мемлекеттік    органдар өз өкілеттері шеңберінде дербес, тежеу  мен тепе-теңдік 
жүйесін пайдалана отырып, өзара қызмет атқаратыны айқындалды. 1993 жылғы 
Конституцияның жобасын әзірлеу барысында елімізде қос палаталы Парламент 
құру идеясы талқыланып жатты.
1993  жылғы  желтоқсанда  Жоғарғы  Кеңес  өзін-өзі  тарату  туралы  шешім 
қабылдады.Сол  кездегі  парламенттің  он  екінші  сайланымы  депутаттарының  
өзін-өзі тарату туралы шешімі оңайлықпен қабылданған жоқ, бұл шешім халық 
қалаулыларының  ұзақ  ой  елегінен  өткізулерінің  жемісі  болды.  Біріншіден, 
заман  талабына  сәйкес  парламенттің  қызметіне  кәсібиліктің  жетіспейтіндігі 
анықталды. Мысалы, Жоғарғы Кеңестің он екінші сайланымы құрамы жағынан 
ешқандай негізсіз үлкен болды, заң шығару  қызметімен депутаттардың аз ғана 
бөлігі  айналысса,  ал    басқалары  өздерінің  негізгі  жұмыстарынан  қол  үзбейтін 
еді. Осы жағдайлардың бәрі заңдарды әзірлеп, дайындау  барысында  көптеген 
қиындықтар  туғызды.  Депутаттар  аппарат  қызметкерлері  әзірлеген  заң 
жобаларына дауыс беруге жиналмағандарын түсініп, өздері де  заң жобаларын 
дайындауға 
талпынды. 
Екіншіден, 
жергілікті 
өкілеттік 
органдары 
депутаттарының  басым  көпшілігі      жаңа  Конституция  жүктеген  міндеттерді 
атқара алмайтынын және белгілі бір дәрежеде жүзеге асырылып жатқан қайта 
құру    саясатына  кедергі  болып  отырғанын  түсінді.  Сондықтан  да  барлық 
деңгейлердегі  жергілікті  Кеңестер    бір  мезгілде  өзін-өзі  таратып  жіберді. 
Үшіншіден,  елімізде  саяси  және  әлеуметтік-экономикалық  жағдай  мүлде 
өзгерді. Жоғарғы Кеңестің 90 депутаттық мандаттың орындарына өз өкілдерін  
ұсынатын  қоғамдық-саяси  ұйымдардың  құрамы  да  түбегейлі  өзгерді. 
Коммунистік  партияның,  лениншіл  комсомолдың  тұғырдан  түскеніне  екі  жыл 
өтті,  кәсіподақ    ендігі  жерде    «коммунизм  мектебі»  болудан  қалды.  Осының 
бәрі Қазақстандағы депутаттық корпустың өзгертілуін айқындады. 1993 жылғы 
13  желтоқсанда  «Қазақстан  Республикасы  Жоғарғы  Кеңесінің  өкілеттілігін 
мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Заң күшіне енді. Өзін-өзі тарату туралы бұл 
шешім    он  екінші  сайланған  Жоғарғы  Кеңес  депутаттарының    объективті 
қажеттіліктен  туған,  ақыл,  парасатқа  негізделген  батыл  қадам  болғандығы 
айқын еді.
Жоғарғы  Кеңес  өзінің  соңғы  отырысында  Қазақстан  Президентіне  заң 
шығарушы  билік  болмаған  кезеңде—заң  күші  бар  жарлықтар  шығару  және 
өкілді билік органдарының  сайлауын өткізу үшін қосымша өклеттік берді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет