Құлыяс Табыл. Таңдамалы. Үш томдық / Т. Құлыяс. – Астана: Фолиант, 2015. ӘОж 821. 512. 122 Кбж 84 (5Қаз)



Pdf көрінісі
бет7/24
Дата04.02.2017
өлшемі1,88 Mb.
#3366
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24

 ҚАЙДАСЫҢ, МӘДІ?

Сұрапыл соғыс жылдарын: «Жылан жылы – қатты 

жыл, атақты майдан атты жыл», – дейді. Киімге де жару 

жоқ, ескі-құсқыны иыққа іле саласың. Түрлі-түсті жамау-

лы болса да ешкім күлмейді. Өзінің үстіндегі киімі оңып 

тұрмаса қайтіп күледі? Кім несіне жетісіпті? Біреуі дөрекі 

сөйлесе: «Атаңда жоқ арғымақ, анаңда жоқ арғымақ, 

маңдайын отыр ұрғылап. Нең артық менен? Алды-артыңа 

қарамай жұмысыңа жөнел», – деп қоятындар да бар.


108

Бекқазы әкемнің дөң мінезінен көбі қаймығады. Сол 

жылдары күн тұтылды. Жұрт дүрлігіп: «Ақырзаман келіп 

қалды, жер аспанға, аспан жерге айналып, тірі жан орта-

сына қыстырылып құрып кетеді», – деп гулеуде. «Пенде 

біткенді аждаһа-тажал жалмап жатқанда Мәді деген алып 

апаттан құтқарады», – дейді... Бекқазы у-шуды тыңдап 

тұрып:


– Оу, тажал деп тұрғаның қанды қырғынды бастаған Гит-

лер шығар, жер орнында, аспан орнында, кім өлсе соның 

басында ақырзаманы, – деп ойының деңгейін білдіреді. – 

Ары таза адамды аждаһа жұтпайды. Әне, қырғын соғыста 

өлгендердің дәмі таусылып, көрер жарығы бітсе ақыр 

заманы... Бір тайпа ел едік, тірі қалғаның қанша? Бәрі 

қырылды... Елде де қабір қазудан қолың босамайды. Біз 

кімге тұтқа боламыз? Әр шаңырақта қалған бірер бозөкпе 

балалар ауру-сырқау, аш-жалаңаш...

Бекқазы шикі жасында тырысқақ ауруынан қырылып 

қалғандарды біледі. Әкесі тұз ішкізіп аман алып қалыпты 

(Рас, тарихта қалған дерек бойынша 1892-1893 жылда-

ры Қазақ даласының бүкіл аймағына тараған жұқпалы 

аурумен ауырған 20722 адамның 13127-сі өлген. Қаз.мем.

архиві Ф-25, Рп-1, 1833-і, 29-бет). Оба, тырысқақ ауруы 

көршілес Орынбор облысында да екі дүркін 1848 жылы 

және 1892 жылы біраз халықты жалмап кеткен. Ал соғыс 

жылдарындағы жұқпалы індет, әсіресе балаларға аса 

қауіпті болып тұрды. Бекқазы үш шаңырақта қалған 

жалғыз ұлының амандығын ойлайды. Бойындағы ашу 

мен ақылы тайталасса, көбіне ашуы жеңеді. Бойына 

сіңген сол мінезі түрмеге отырғызып келді. Бәрібір ба-

сынан сөз асырмайды, кеудесін ешкімге бастырмайды. 

Қорқатыны үкімет қана. Қорқытатыны – «жатып атар». 

Басқасынан тайынбайды. Күштімсіп сөзі өтсе тіресіп 

жағасынан ала кеттіні білетіндер байқап сөйлесіп ашуына 

тимейді. Жоқтық асқынып тұр, ас-су – тірінің қайғысы.

Ауыл тозды, аштан өлуден құтқаратын – бірер сиыры 

мен көлдің адал шөбі, балығы. Бірыңғай ет жеп, су іше бер-

се, ісіп-кебеді, ауыл нанға балап тары жейді. Бидай егісінің 

көлемі аз, орып жинаған бойда бір дәнін қалдырмай 

отанға өткізеді. Келдек теріп қолға түскені сотталып 



109

кетеді. Сүтін таңдайға тататын сиырларын соқаға жегеді, 

табан ет, маңдай тердің қайтарымы жоқ. «Бәрі майдан 

үшін!» Кеңшарда отыз-қырық өгіз бар еді, оны Қонғанбай 

әулиенің мешітіне қамап қырып алды. Әулиенің ұлы 

Хамза соғыстан жаралы болып келді. Егін, мал шаруа-

сында жұмыс істейді. Топырақ құнарлы, жаңбыр там-

баса да бидай өсіп-өнеді. Астық науқаны – мылтықсыз 

майдан. Еңкейген кәріден бастап, балаларға дейін еңбек 

етеді. Нанды өндіреді, бірақ жеуге болмайды. Сосын да 

болар Бекқазы Қожакөлдің көзге түспейтін, тіміскілер 

таба алмайтын үй орнындай жеріне көң шашып, айырмен 

қопарып тары егеді. Су жақын болғасын айналасындағы 

жас құрақтай жайқалып өседі. Жеке адамға егін салуға 

рұқсат жоқ, қоғам жерін ұрлаған боп есептеледі. Тары 

піскен кезде ай жарығымен орады, оның үстін құрақпен 

жасырып үйге жеткізеді. Науша анамыз келдектеп 

тоқпақпен соғып, екі-үш қапшық тарыны бір бөлменің ірге 

тасынан суырдың ініндей қазған тесік арқылы өтетін ұраға 

салады. Тышқаннан қорғап екі-үш қақпан құрып тас-

тайды. Сөйтіп, Бекқазы аштықтан аман қалудың бар ама-

лын өзінше алады.

Ел азаматтары майданда, шал-кемпір, балалар жұмыс 

істейді. Бригадаир әр күнге таяқша толтырады. Ауырып 

жұмысқа шықпай қалса, бригадир ұрып-соқса да ешкім үн 

қатпайды. «Енесі тепкен құлынның іші ауырмайды» деп 

ағайын ғой деу емес, соғыс заңы қатал. Маңдайынан бақ 

тайып, күш-қуаты кетсе де Бекқазы:

– Соғысқа үш бірдей азаматымызды әкетті, ең болмаса 

біреуін қалдырмай ма екен? Тұқымды сақтауды ойламай-

ды, – десе, белсенді манаурап паңсып:

– Жөнсіз, қылмыстық сөзді айтасың, тіліңді қырқу 

оңай! – деп қорқытады. Бекқазы бұрылып жөніне кетіп ба-

ра жатып: «Екеудің бірі өлсе бірі қалар, жалғыздың өзі өлсе 

несі қалар» деген. Артында қалған ұрпағы жоқ, Кенже-

ғали, Мұса, Қуан інілерімнің тұқымы құри ма?» – деп 

жаман ойға беріледі. Бойжеткен қызы Оңай кеңшардың 

есеп жұмысын жүргізеді. Кейде тұла бойы дел-сал бола 

ма, әйтеуір, іштей толқып: «Қожакөл Шоңқайлымен 

қосылады, шуылдап желмен бірге басылады, әскердегі 



110

ағаларды ойлағанда, көзімнен жас тамшылап жосыла-

ды», – деп күпті көкірегін басқандай болады. Ағиба апасы 

тұрмысқа шыққан, жарынан қара қағаз келгесін қызын 

төркініне тастап, Аманқос деген ұлын қолынан жете-

леп келіп еді. «Әйел қырық шырақты» деп әйелі өлген 

Мырзағалиға тұрмысқа шығып, Бекбике өндірісіне кетті. 

Мұның бәрі – Бекқазы мен Наушаның жан күйігі, қайғысы. 

Оны азсынсаң, келіндері Қалила, Мәнет, Меруеттің ерлері 

соғыста. Қалиланың ері Тұрсынғали түрмеде. «Есімханның 

бас биі, жыршы-ақыны, әскери қолбасшысы болған. 

Жиембеттің тұқымы» деді ме, «Жапонияның тыңшысы, 

үкіметті мойындамайды» деді ме, он жыл үкіммен соттал-

ды. Хат-хабар үзілген. Меруеттің ері Кенжеғали соғыста 



(06.06.1942 ж. өлген). Мұса мен Қуан да майданда, ха-

барсыз. Осындағы елу үйдің талай боздағы соғыста жүр. 

Меңіреу ауыл, өлі тірлік, рахым етер, жылы сөз айтар өзді-

өзі болмаса ешкім жоқ. Бәрінің қайғысы ортақ. Екі жүздей 

жесір әйел, бойжеткен қыздар бар. Ал бастауыш мектепте 

қырықтан астам бала оқитын-ды. Олар да азайып барады. 

Неше түрлі ауру жабыса кетіп, жалп еткізеді. Ашқұрсаққа 

дерт табылады. Үміт жібі үзілуге тақаған тәрізді. Мұсадан, 

Қуаннан қара қағаз келді. Ағыл-тегіл жылау. Бекқазының 

онсыз да шытыр мінезі өршіді, біреу жұбатқысы келсе өз-

өзінен:

– Шаңырағымызда үш бірдей ақырзаман. Қайда әлгі 



құтқаратын Аллаһтың Мәдісі? Қайдасың, Мәді? – деп ең-

кілдеп жылайды. Оңай егіліп отырып майданнан келген 

хаттарды оқиды:

Қаракөл жері қандай-ды,

Көргендер қағар таңдайды.

Жұмағы осы дейтұғын,

Іргесі берік елтұғын.

Жібек жел сипап маңдайды.

Сағыныш сезім қозғайды.

Туған жерім қандай-ды.

Амандығын тілеймін.

Отанды қорғау борышым,

Отан десе самғаймын.


111

Фашистер жолы болмайды,

Ақ ниетті біздерді

Жаратқан Ием қолдайды.

Соғысшыл құзғындар

Екі дүниеде оңбайды, –

деп жазған Мұсаның хатын төсіне басып тебіренгеннен 

басқа не қалды? Тірі пенденің ажалды мойындамасына 

амалы жоқ. Қайтеді, ауылдан киініп, екі жеңін сұғынып 

майданға аттанған жүз жігіттен он-он бесі ғана жаралы бо-

лып елге оралды. Қалың қайғымен жылап-сықтап жүріп 

елдегілер де біріндеп о дүниеге аттанды.

– Қайдасың, Мәді? Біздің ауылда ақырзаман деп 

тағдырдың мұқатқанына мұңайып, қайғы-шердің зілін 

көтере алмай Науша, Бекқазы, Оңай, Ағибалар да дүние-

ден өтті. Ортасына түскен бес шаңырақтан ошақ оты 

сөнгесін жалғыз өзім қалдым... Өлмегенмен өлімшіліктің 

азабын замандастарым сықылды аз тартпадым... Күнмен 

тілдескендей болсам, мұңсыз пенде жоқ дейді. Аймен 

тілдес, мұңсыз адам жер бетінде болмаған дейді. Жел 

ызыңдаса шерді қоғайды. Дала күрсінгендей болса, қан 

теңізін ауырлығын көтерер емеспін дейді. Өткен өмірдің 

парақтарын ақтарсаң: «Қайдасың, Мәді?» – деген мола 

жақтан үн шығады. Ол үнді төрт құбалам тең, бақытты 

да сатып алам деп шіренуші тыңдамауы мүмкін... Қан 

теңізі қорықсыздардың түсіне де енбес, енбей-ақ қойсын. 

Қырғындарды көргендердің соңы біз болайық!..

Өмір болды қаталдығына көндірген, қапастан да 

шығасың деп сендірген. Күйінсең де талайыңа тоқтау бар, 

шемен шерді өлгеніңше жоқтау бар. Үстемдікке қарсы 

тұрмау, мінезім бар болымсыз, сұрқияның сөзі болды 

қонымсыз дей келіп, қабір басында тұрып ой толғайды 

екенсің:


Қаламыма қу тірлікте тыным жоқ,

Жамандықпен арпалыстым жыным кеп.

Сұм-сұрқия қаулап өскен заманда,

Ата салар көк тиындық құның деп.

Періште емес, менің-дағы күнәм көп,

Тарихымды отырамын түгендеп.

112

Ағайынның араздығы кесапат,

Аяғыңнан шалады ғой, жығам деп.

Жауыздардың ұсқынсыз-ау мүсіні,

Қулығына көзің жетпес түсініп.

Тірлігіңді жүрер ылғи мүйіздеп,

Дүрдиеді қанішерлер ісініп...

Шындық іздеп жан дүнием шаршады,

Жалғаншылар ұйытып тұр баршаны.

Шындық таққа нығыздалып отырса,

Ашық болар еді, адамзаттың аспаны.

Қара дауыл соғып тұрса шошынам,

Адал ойды айтуға да тосылам.

Өтіріктің боданы боп жүргесін,

Кісі атына қалайша бір қосылам.

Адам емес дейді жұрт бетке қарап,

Көп сатқынның біріне жүр ме балап.

Ессіз басым ұмытты мұң мен шерді де,

Шындық дейді отырған қаржы санап.

Шындық іздеп таба алмадым, қажыдым,

Жасым жетпей ақылымнан алжыдым.

Әлсіздігім жалғаншыға жалбақтап,

Кәне, ажал, жанымды ал, кел бүгін.

Мәңгірді миым, жынды болған шығармын,

Туған топырақ – бойымдағы тұмарым.

 Өтірікші жоқ дейді о жақта, рас-ау,

 Бақытымды өлген күні сынармын! –

деп бүгін кемеліңе келсең де, парасатсыз надандардың елге 

салған бүлігінің арнасы толар ма? Молалардан шыққан 

зарлы үн соны айтады... Бекер өмір сүрдік дей ме екен? 

Езіліп табанда сұлап жатса да аяныш білдіретін кім бар 

дейсің?..



 ТҰТҚЫН

– Қызылқоға өңірінен нендей өзгеріс көрдің, – деді 

Сансызбай сабырлы қалпын сақтап. Елге, жерге, адам-

дарға құрмет көрсетуі ерекше, өткен-кеткен өмірдің 

жақсылықтарын білуге құштарлығына көзім жеткен оған:


113

– Райымның жолы оңғарылып бабаларының туған 

жерімен кеңінен танысты, көкірегін қуаныш кернеп, 

азаматтық борышын өтеді. Туған жерге ықылас-ниет –

ерліктің белгісі, пайдасын тигізу – зерденің ісі. Ескі сүрлеу 

жолда талай өмір хикаясы бар ғой. Түрлі ойлар билейді. 

Сағым сыртынан тарих парағын оқығандай боласың. 

Бердештің Тұрбегінің әулиелік көзқарасы, сонау Бекет 

атадан бергі ұлылық жолдың тамыр тартуынан хабар 

береді. Білгің келіп әрекеттенесің. Шым-шымдап көкірегі 

ашыла түседі. Соған қуанасың...

– Е, Бекет ата мектебінен түлеген Хасан қазірет 

мешітінің орынын, басына қауіп төнгенде көмген араби 

кітаптарын екі жыл демалысымда бел баласы Ахметбек 

екеуіміз шарқ ұрып іздегенбіз, таппадық. Әулиелік адам 

өмірін сақтаудың дауасы да, дұғасы да Хасан қазіреттің 

бойында болыпты, – деп Сансызбай оның ұлы Ахметбек 

көп пікір айтатынын меңзеді. «Аты аңызға айналған Ха-

сан қазіреттің жақсылық шапағаты Күнбаев әулеті, оның 

замандастарына дарыған шығар. Әлемнің мұсылмандары 

алдында Қызылқоға өңірінен шығып ағылшын тілінде 

тұңғыш рет философиялық ой толғаған Хасан қазірет 

екен. Заманында бірнеше ұлттың тілін білген Әбу Наср 

әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари, 

Жүсіп Баласағұни, Абай Құнанбаев және басқаларының 

ұлылығы, мәңгі өлмес шығармалары ислам өркениеті 

арқылы ашылғаны белгілі. Хасан қазіреттің елге 

қалдырған ісінің маңызы діни білгірлігінде болғаны 

анық».

* * *


Ахметбек аман-саулықтан кейін сәл бөгеліп қалды. 

Әдетте көлденең көк атты күліп отырып, ашық сырла-

сып отырып шатағын тастап, тұнық суды лайлағандай 

қапаландыратынын талай көрген. Өмірінде өліп көрген 

жоқ, өлімшіліктің небір зұлымдық түрін бастан кешірді. 

Қылаусыз көңіл, адал ниеттінің аздығын біледі. Сәл 

үнсіздігі содан болар. Кісіні зерттеу қасиеттілігі – өмір 

көргендігі. Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтан де-

8-0203


114

генді есінен шығармағандығы. Бозбала кезінде әкесін 

тұтқындаушылар: «Өзіміз ғой, есік аш?» – деп келген екен. 

Қару-жарағын асынып, «жаусыңдар» дей бастады. Сол 

үрей есте. Қойын дәптерін ұсынды. «Мені өлім қорқыта 

алмайды. Менің ақындық және адамдық рухым менің опа-

сыз денемнен әлдеқашан бөлініп кеткен. Ол анда, менің 

кітаптарымның беттерінде, әрбір жолдарында қалды. Ал 

мұнда – менің өлі қабығым, тұлыбым, көлеңкем», – деген 

Мағжан Жұмабаев сөзі жазылған.

Оның ойлы жүзіне қарап отырып:

– Шынында да елге өлі қабығыңыз келді ме? – деп 

Ахметбектен сұрауға болар еді. Сексеннен асса да тым 

ширақ, өзін қазақи тәртіпте ұстай білетін, еңсесі түсіп 

езілмеген, қартпын деп қақалып-шашалуы сезілмеген 

оның әңгімесін ұрпақ алдында шындығын айтудан бастау-

ды өтіндім. Өлім зауыты, адамның сүйегі, еті, терісін 

пеште өртеп қорғасын құйып жатқан, бас сүйегінен түрлі 

бұйым істеп, өлекседен бөлініп шығатын газдан граната 

жасап соғыс өндірісіне пайдаланған фашистік зұлматты 

көзімен көргендердің бірі болғасын меңзегенімді ұғынып, 

шындықты жаны қалайтыны, оның тым ащылығын бі-

летіні, соны айтуға көбіне жүрексінетіні байқалды. Бірақ 

қанағаты да өмірбаяны болғасын күмілжімей сөз тұрқын 

жастығынан бастады.

 – Туған жерім Қызылқоға, әкемнің он шақты сиыры, 

он шақты түйесі бар-тын. Кәсібі молдалық еді. 1901 жылы 

Бұқар қаласындағы жоғарғы діни оқу орнын бітіріп, араб 

философиясын меңгерген. Діни ағартушы, қайраткер 

атанған. Қызылқоға, Ойыл тіпті Батыс Қазақстан өңі-

ріне білім шырағын жағушылардың алғашқысы, ада-

ми тәрбиенің құндылығына үйреткен ұстаз, – деп бір 

күрсініп алды. Әкесі Хасан қазірет тарихы ұмытылған-

дай болғанына өкінеді ме? Бұл – мыңдардың, миллиондар-

дың өкініші, бүгінгі арақ «соғысының» тұтқыны боп 

діннен безгендердің қалың қасіреті.

– Кеңес үкіметі дін адамы десе әзірәйілді көргендей, 

мемлекетті құлататындай қатал жыртқыштықпен жаза-

лай бастады. Әкеңіз сол зұлымдықтың азабын тартқан 

шығар?


115

– Ол – бөлек әңгіме. Өкініштісі, ұрпағына да оңай 

тимеді ғой. Сырттай жылмиып монтансығандар ізімізді 

бақты, түрлі пәлесін жапты. Шынжыр бұғаудан құтылып 

көр, – деп Ахметбек әңгіме бетін бұрғысы келді де, – 

әкем Қызылқоға мешітін ашып бала оқытқан. Дін сірә да 

ұрпақты тазалыққа, басқасын айтпағанда өтірік-өсек, сұм-

сұрқиялық, басбұзарлық, түрлі қиянаттан аулақ болуға 

тәрбиелейді. Оны Кеңес үкіметінің мұндарлары түсінбеді. 

Дін иесіне заразап көрсетті.

– Неге түсінсін? «Дін – қараңғы ін» деп саясаттанды-

рып, шулатып жатса. Сөйтіп, Хасан қазіретті Атырау 

түрмесінде ұстап, одан соң босатып, қылмыс құрсауын 

алыстан құрып жатпай ма? Тәркілеуге де іліктіреді. Ақтау 

қағазында бай деп көрсетілмеген, салық төлемеген деп 

айыптауы және бар. Ақырында Ойылға жер аударады. 

Алғашқы үкім осылай кесіледі.

– Әкемнің бай кітапханасы бар еді. Мен естияр баламын, 

сол кітаптарды арбаға тиеп апарып таса жерге көмдік. 

Мал-мүлікті, үкімет белсенділері сыпырып алды. Сосын 

Көкжарға мүсәпірлік жағдайда көшіп келдік. Жанұяда 

тоғыз баламыз. Күнкөріс қиындады. Ауыртпалық – азық-

түлік жоқтың қасы. Әбден зарықтық. Бір-екі сиырдың 

сүті асырады. Мүсіркейтін ел де күйсіз. Үй-жай шаруа-

сын тығырыққа тірегесін, жылы орыннан бездіргесін 

абыржу, қорқыныш байқалмай тұрмайды. Үнемі жүзі 

жұмсақ, жаны жайдары жүретін әкемнің мінезі күрт 

өзгерді. Тірліктің қатал сыны өз алдына, кітаптарын 

жерге көмгенде көзіне жас үйіріліп, бүкіл ақыл-есінен 

айырылғандай күй кешкен-ді. Ұлт имандылығы, мейі-

рі, ақыл-есін жоғалтқандай ойқанды. Жер шұқып, бар 

бақыты қайтып, мақсат-мүддесі, қуанышы, көңіл жұ-

банышы таусылғандай селсоқтанды. Қылта тірлікте 

қылғынғандай өзек жара өкінді. Білімді шын құрметтеуді 

сол әке мінезінен көрдім, – деп Ахметбек алыста қалған 

жылдардан мағлұмат бергендей болды.

– Дұшпандары тасадан сынай қарап өзіне сол керек деп 

әдейі кекетуі де мүмкін ғой.

– Кім білсін, бас қайғы болған тұста және балалықпен 

көп нәрсені байқамадық. Ішімізден әкенің соншалық 



116

қайғылануын ғана аяп, ақырында Ойылға келгесін де бұ-

рынғы бақытты өмірді жоғалтқандай аштық апшы-

ны қуырды. Аштықта інім, екі қарындасым дүние сал-

ды. Терезеден батып бара жатқан күнге әкем үнсіз қарап 

бақытсыздықтың себебін ойлай ма, әлде өмір сүруге 

ықыласы жоқтай күй кеше ме? Құпия толқуы жұмбақ еді. 

Рухы жүдеп, мәнсіздікке жорыса да, ұрпағы үшін қабағын 

түйген күйі біраз тұнжырап: «Бір реті болар, ақырының 

қайырын күтелік», – дейтін күбірлеп. Өмір сүруге құмар, 

адамдармен сөйлесуді жаны қалайтын. Стамбул, Ресей 

қалаларынан газет-журналдарды алдырып үзбей оқитын 

Хасан қазірет басына үйірілген қайғының уын жұтып 

ертеңіне сенімді жоғалта бастаған тұста «отыз жеті» ойра-

ны да бұрқ ете түсті. Жан сырын сыртқа шығарудан қалып 

тұйықтық па,жасқанып үрейлену ме, жанұяда ашылып 

сөйлеуді қойды. Сол бір қарғыс атқан түн, – деп Ахметбек 

сөзін сабақтады. – Қара киімділер үйге қару-жарағын асы-

нып сұсты жүзімен тіріні қуырып кіріп келген-ді.

– Сіз тұтқынсыз.

– Үкімет жауы, – деп аузы-мұрны қисаймай сөйлеп 

тұрған өзіміздің қазақтың шен-шекпенділері.

– Қазіргі заманда Ленинді, оның ұстаздары Маркс пен 

Энгельсті пайғамбар деп айтуға болады деп халыққа түсінік 

бергенімнен жазықтымын ба? – деді Хасан қазірет. Еңсесі 

биіктігі, білгірлігі, азап алдында жүні де жығылмағаны 

әулиелігі, небір қаскөйлікке қарсы шыдас беруі қазақи 

ұлылықтың қанында сақталуы еді. Оны саясаттың жал-

даптары ұқсын ба? Итаршыға сөзі де шығын еді.

– Пайғамбар деген дін сөзі, көсем деуге аузың келіспеді 

ме? – деп қарасұр шәңк етті.

– Міне, діни кітаптар, – деп екіншісі үй ішінің астан-

кестенін шығарып өлермендене тінтіп жатты.

– Шырағым, ана кітапқа тиіспе. 1359 жылы шыққан 

Ахмет Хорезмидің «Махаббат кітабы», – деп әкем қызыл 

жағалының қолына жармасып еді. Анау бетбақтырмай:

– Дін насихаты, – деп әкемді өңменінен итерді. Со-

дан соң алтын-күмістен істелген зергерлік бұйымдарды 

төсіне тыққылап, ұлттық өрнек бар деп жымысқыланды. 

Олжалау мен зұлымдықтың өктем үні. Мұншалық зәбір, 



117

қорлау балалардың жүрегіне қатты әсер етіп, қорқыныш 

үрей, түн атасына шошу, ондай өксікті басу қайда? Жауыз 

адамдардың мүлде күтпеген жерден қасірет төндіретінін 

кім  ұмытады. Қабірге бірге кететін қайғы. Әсіресе, 

ағайынның өктемдігі естен шығар ма? Әкем кетерінде: 

«Ұлым, жақсы оқы, адам бол, адалдығыңнан жазба, – деді. 

Сосын бір дұғалық қағазды беріп, – бас киіміңе тігіп ал, 

аман жүресің», – деді. Білім, төзім, адамдық...

Сол жан түршігерлік минуттар Ахметбектің өмірге 

көзқарасын қатты өзгертеді. Саясаттан адамгершілік, 

жақсылық күтпейді. Басқасын айтпағанда, адамдығын 

сақтау қиынға түсетінін байқайды. Зұлымдық болатты да 

сындырып, темірді де тоздырып, шегіршін ағашты тамы-

рынан қопарып жатқандай еді. Өңкей сүргін, пәле өрбіту, 

қисынсыз жала, ел басына төнген қатерлі кезде Күнбаев 

әулеті де бұтаға қонған торғайдай пана іздеп тұс-тұсқа бо-

сып кетті. Бірін бай десе, екіншісін діндар деді, орташа-

ларды да тықсырып басымен қайғы етіп жатты. Аштықта 

қырылғаннан қалған халық қара мылтықтың қарауылына 

ілініп, Қызылқоға,Ойыл өңірі, бүкіл Қазақ даласы қан 

түкіріп жатты...

* * *

Өлімші күндер, шерменде жылдар. Қара жамылдырған 



уақыт ауыр өтті. Ахметбек жүрегінде әкеге берген ант-

тай уәде бар. Тойынып ас ішпесе де, бүтін киім кимесе де, 

жоқтық қуалай соғып қуырса да әке аманатын орындауға 

белді бекем буған. Ойылдықтардың көбісі басымен қайғы. 

Ессіз кезеңде Ахметбек әкесінің атын өзгертуге мәжбүр 

болды. Өйткені, «Амандықтарыңды ақылмен сақта», – де-

ген әке сөзі бар.

...Жалған дүние өтерінде шындық бар, жақсыда да 

мұңдық бар, дауылдан кейін тымық бар. Сәнсізде де 

сән бар, көркөкіректе де ән бар, тіршілік түбі сұраулы, 

есебі жұмбақ мән бар. Көріксізде көрік бар, адамдықта 

да жамандық бар, күлдіре білген өмір, жылататынын 

ұмытпа. Жауыздық ойлы жанын Аллаһқа тапсыра алмай 

жатады. Қиянат о дүниеге кетпей азабы жанына бата-

ды. Сол қанішерлер мен зұлымдарда ұрпақ қалған жоқ. 


118

Соның өзі – Жаратқанның жазасы. Қиянаткердің азабы 

о дүниеде артады. Кеңшілік көрген тірлігің, кейде жаман 

жолға тартады. Не нәрсенің де қайырын тілеген атамыз. 

Қаскүнемге берген теріс батаны. Күншіл болса ағайын, 

қабырғаны қақыратады. Бәріміз де наданбыз. «Атымды 

адам қойған соң, қалай надан болайын?» – деп Абай да зар-

лап өткен. Тілеп алып жүреміз-ау кейде азаптану шатағын. 

Кешірімсіз надан кісі қанын жүктеген, дүние-мүлкіне 

зорлық жасап үптеген. Қара жүрек адамдар, толып жүрді 

қанжұтпалы кезеңде. «Өкімет кедей шаруалардікі», – деп 

өршілену өрттей өріп жатты. Абайдың: «Өршілдікпен 

лағынетке болған душар», – деген қайғылы кезеңі басқа 

жарымаған қазақтың басын да алды. Өсер елдің ұрпағы 

аман қалсын демей, бозөкпе жасын да қыршынынан 

қиып кетті. Соның бәрін Ахметбек замандастары көзімен 

көрді. Шерлі көкірек қайғыны көтерді. Әр қасіреттің өз 

жұбанышы бар.

 

Адамда сан жетпес шығын,

Кім ұмытар қырғынды жылын.

Тиынға тұрмаған құның.

Қасірет толы кезеңді айтып,

Үзіле жаздайды жұлын.

Әлі де жер басып жүр,

Қарақшы, соғысшыл зұлым... –

десем, Ахметбектің жан азабын жеңілдете алармын ба? 

Кеткен келмеді, өлген тірілмеді. Оның жүзінен сексен ал-

тыға келсе де қасірет-қайғының азабы көрініп тұрғандай 

еді. Рух мықтылығы өжеттікпен тамыр тартып, зерделі 

ойы басын аман сақтағанын танытады. Кісілік келбеті 

жоғалмаған. Ойыл орта мектебінің бірінші түлегі екенін 

айтты. Бірге оқыған замандастарын мақтанышпен еске 

алды. Андіров, Сәлиев, Қабдешов төртеуі алтын медальға 

ие болыпты. Мұндай жетістік мектеп тарихында кездесе 

бермеген. Кейінгі жылы Қуатов Ғабдолдар үздік оқығаны, 

сол кездегі жастардың білімге ерен құмарлығын мысалда-

ды.

– Сәлиев деген досым ойшыл, қиын есептерді тез шы-



ғаратын-ды. Ленинградтан Кировтің өліміне байла-

119

нысты жер ауып келген ұстазымыз оған «Болжау құ-

діреті» дейтін. Фазыл Андіров адамгершілігі мол, пара-

сатты, спортшы еді. Данил деген досымыз да ешкімді 

жатырқамайтын. Анасы атақты пианист, әкесі ұстаздық 

етті. Елазаровтар Ойылға салт басты, сабау қамшылы де-

гендей, дүние-мүліксіз келген. Байлығы тәркіленген. 

Әйтеуір, үйі толған кітап еді. Осылар туған жерінен, 

байлығынан айырылып, қылмыскер атанып, намысына 

өшпес таңба қапасын салғанға өкінішін білдіре бермейтін-

ді. Қайта батыл, өмір сүруге іңкәр, қазақша тез меңгеріп, 

бәрін жеңеміз деген сенімді білдіретін-ді. Сары уайым 

байқалмайды. Үстемдік алдында пыштай болмаған, еркін. 

Ауырлық қажыта алмаған. Ойылда ешкімді танымаса 

да, кейбіреулер салқын қабақ танытса да, өздерінің қара 

ниетті еместігін, адалдығын, кінәсіздігін білдіретін еді. 

Жұрттың пыш-пыштаған қаңқуын Ахметбектің жанұясы 

да құлаққа ілген жоқ. Көкірекке ұйыған дін ғылымымен 

рухтанып өмір сүру жолында батылдық танытты. Дүлей 

күш сағын сындыра алмады.

– Данил Василеевич, – деп Ахметбек сөзін жалғады. – 

Бірге оқығасын кейде бізді үйіне апаратын еді.Сонда ана-

сы Елазарова бар дәмін ұсынумен қатар, үйіндегі кітапта-

рын оқы деп беретін. Содан кітапқұмарлық басталып, 

жүректегі шемен шерді ұмытып, сілкіндік. Өкінішке орай 

Данил досымыз соғыста оққа ұшты. Ұстаздарымыз сол 

кезде аса мейірімді. Әсіресе, ленинградттық Усова сабақ 

беру тәсіліне еркін еліктіріп, бір ауыз орысша білмейтін 

бізді тез орыс тілін меңгерттірді. Украинадан жер ауып 

келген К. Илдишев математикадан сабақ берді. Ғылымның 

зәулім биігіне шыққандай, әрбір тақырыбы жаңалыққа 

толы еді. Тәртіпті болуды қалайтын. Қазақтардың білім-

ге алғырлығына қайран қалатынын айтатынды. Бірде 

Бақытжан онымен Мәскеуде кездесіпті. Сонда біздің аты-

жөнімізді ұмытпай сұрағанын айтты. Ұстаздың адам-

гершілік құдіреті сол. Олар бізге сұрапыл жылдардың өзін-

де адамды қадірлеуді, өмірді қорғай білуге, тату болуға 

үйретіп, қанымызға сіңіріп тастады. Жүректегі қайғыны 

ұмытып, рухты қылаусыз таза, биік ұстауға, білімге 

берілуге қалыптастырды.Оныңыз қалай естен шығады. 



120

Замандастарымда Абай айтқан: «Санасыз, ойсыз жа-

рым ес, өз ойында ар емес» дейтіндер болмағанына мақта-

нам. Ондай байлық ұстаздар арқылы санаға сіңді...

* * *

Айбар төккен жасырын саясатты көбіне жастық жігер 



ұмыттырады емес пе? Қабдеш пен Фазыл Саратовтағы 

жоғарғы оқу орнына, Ахметбек Қазақ мемлекеттік 

университетіне оқуға түседі. Оқы деген әке аманаты 

жүрегінде анттай еді. Студенттік қызулы шақ, білімге 

жан құмарлығы ерекше өскен тұста Ахметбек Кеңес Ар-

миясы қатарына шақырылады. 1941 жылы Украинада 

әскери міндетті орындап жүреді. Ақымақты да, бұзықты 

да тәртіптеп, тәрбиелейтін, Отан деген ұлы сезімді мен-

шіктеген кез. Ахметбек артиллериядағы шеберлігімен 

әскерилер арасында беделін өсіріп адалдығын, ұлттық 

намысының жоғарылығын танытса да әкесінің тұтқындық 

тағдыры жүрегінде құпия жататын еді. Жүрек түпкірінде 

сағыныш үн бар, оқуға түскенін, азамат болғанын әкем 

көрсе қуанар еді деген ой бар.



Өзіңді ойлап жүргенде

Түсіме, әке, енбейсің.

Ақ батаңды ақ жолға

Аманаттап бергейсің, –

деп толғанғанда жауынгерлер үні: « Мұрат-мақсат ортақ», – 

дейді.

– Дұрыс екен.



– Коммунистік идея салтанаты.

– Жөн ғой, – дескен сөздер, бәлкім ертең айтыла ма, 

жоқ па, беймәлім тағдырлы кезең еді. Ахметбек ешкіммен 

пікір таластырмайды. Айтысып шала бүлінбейді. Шалқақ 

мінез танытпайды. Замандастарынан оқығанының мол-

дығы, жігерлі қимылы, әскери жаттығудағы шеберлігі 

таңғаларлық болғасын шен-шекпенділерді де ойландыра-

тын еді. Қазақи ұлттық жетістікке түсініп, отандық бо-

рышты адал атқаратынына тілекшілер жетіп жататын-ды. 


121

Рухани тазалығына күмәнділер тергеп-тексергенде болар, 

оны Ахметбек біле бере ме? Білсе де шарасыз.

– 1941 жылдың мамыр айында «тревогамен» шырт 

ұйқыдан оятып казармамыздан алып шығып жолға баста-

ды, – деп Ахметбек тарих парағын ақтара бастады. – Ар-

тиллерияшылар түгіне түсінбедік. Ақырында еліміздің 

Батыс шекарасына орнықтырды. Саясатшыларымыз соғыс 

болмайдыға әбден сенулі сияқты еді. Кейбіреуде шүбә да 

бар шығар. Арада уақыт өтіп жатты.

Қаралы күн әлі есте. Командиріміз сасқалақтап, жы-

ламсырағандай жетіп келді. «Соғыс басталды, соғыс», – 

дейді. Сол сөз жанымызға қандай ауыр тиді. Соғыстың жа-

уабы өлім мен өмірдің қырқысуы екені белгілі. Қырылуды 

айтпай-ақ түсінесің. Шегініс басталды, неге екені жұм-

бақ. Бақсақ, бізді фашистер қоршап алыпты. Қоршаудың 

ішінде бір айдай арпалыстық. Оқ таусылды. Бұзып-жарып 

шығудың мүмкіндігі болмады ма, көмек келе ме, жоқ па, 

бәрі белгісіз. Бір күні полк командирі бәрімізді жинап:

– Ертең жаудың қоршауын бұзып шығуға күш сала-

мыз. Көмектің келетін түрі жоқ, – деді. Сөйтіп, таңғы 

бестен атыс басталды. Амал не, оқ бітті. Қолдағы винтов-

кадан қайран жоқ. Қырылып қалдық, менің командирім 

белорус жігіті Стержинский еді, қарны жарылып, ішегі 

жерге түсіп ойбайлап жатыр. Дәрігер де оққа ұшқан, сол 

қырқысуда қырық шақты адам тірі қалыппыз. Содан полк 

командирі:

– Менің соңғы сөзім, берік болыңдар, жеңіске жетеміз, 

тажал жау жеңіледі, – деді. Соның арасынша фашистер 

тірілерді тұтқындады. Шені барларды бөлек алып кетті, 

біздің қатарымызға мыңдаған қарапайым тұтқындарды 

әкеліп жатыр. Оқ тиіп әлсірегендерді фашистер көзімізше 

атып тастайды. Су жоқ, ашпыз, аптап кептіріп барады. 

Вагонга тиеді. Бес күннен кейін Польшаға әкелген-ді. 

Маған 45980 деген қолыма номер берді. Біле беріңіз қанша 

мың адамдарды соғыстың алғашқы айларында фашистер 

тұтқындағанын. Фашистік лагерьде ас-су жоқ. Тамаққа 

жақындасаң атып тастайды. Тәулік бойы жұмыс, тамақ 

кездессе қолымыз жеткені ұрлаймыз. Не басыңды ауыр-

тайын өлімші күн, тағылық зәбір. Сөйтіп, желтоқсан 

айында:


122

– Түркістандықтар, бөлек шығыңдар! – деді лагерь қо-

жасы. Мұсылмандар ілініп-салынып бөліндік. Бәрімізді 

пойызбен әкете барды. Екі-үш күннен кейін Польшаның 

тағы бір қаласына түсірді. Баракқа қамады, төсегіміз 

ағаштың ұнтақ жаңқасы, жамылғы жоқ. Монша көрмей 

аздық. Бес жүздей адамның тең жартысы осы жерде 

өлді. Біреу өлсе өзіміз көмеміз, қақаған қыс, жерде тоң 

бар, күрек ұстауға күш аз. 1942 жылдың көктеміне дейін 

өлік көмумен болдық, әрі фашистердің жұмысын атқара-

мыз. Тамақ іздеп фашистердің итіне таланып өлгендер 

қаншама? Қашып шығуға талай оқталдық. Темір тор, 

күзет, қабаған иттер тырп еткізер ме? Арпалыс. Шықпаған 

жан бар. Көктемде ептеп тамақ бере бастады. Бірде ас ішіп 

отырып:

– Соғысты кім бастайды? – деді бір тұтқын қалың 



қасіреттен ақыл-есі ауысқандығы байқалып.

– Соғысты қорқақ, әлсіз, адамның құбыжығы бас-

тайды. Өзінше кісі еместігіне даңқ алу үшін қан төгеді, 

үрейлендіреді, – деді екіншісі.

– Соғыста әділдік бола ма?

– Кісіні қыру, жазықсыз пендені өлтірудің қай жерінен 

әділдік іздейсің? Қорқақ жиіркенішті Гитлер соғысын 

әлемге үлгі етіп ұсынғысы келеді.

– Сталин ше?

– Құзғыннан жерін қорғайды. Осындай тұңғиық сыр-

лы сөздер кейде айтылып қалады. Фашистер жүздеген, 

мыңдаған еврейлерді шалбарын шештіріп, сүндеттелген 

болса газкамерасында өртеп жатты. Қосақ арасында түсі 

ақшыл, көзі көк сүндеттелген мұсылмандар да өлім за-

уытында кеткенін Мұстафа Шоқай біліп, Гитлерге айтып 

тұтқын мұсылмандарды оқшауландырғанын олардың бір-

де-бірі білмейді. Бір күні Ахметбектің түсіне әкесі енді. 

«Шыда, төз, жаныңды сақта. Әкең етінен ет кескенде, де-

неме біз сұққылағанда, басымды жарғанда да осалдық та-

нытпадым. Мұстафа Шоқайдың «Бәрінің ақыры бар, төзім 

керек, мойымау керек, езіліп, уайымдап, үргелектенбеу 

жаныңды сақтайды. Ұлтымызға қорқақтық жараспай-

ды» дегенін есіңде ұста?!» – деп саусағының арасына ине 

шаншығаннан қаны сорғалап тұрғандай көрініс, сосын 



123

жарқабақ басында дұғасын оқығандай сағым арасында 

кете барды.

Сол түсін жақсылыққа жорыды. Мұсылмандарды 

оқшаулауы Мұстафаның әсері ме дейін десе сөзі келіспейді. 

Еріні кеберсіп әлсіз жыбырлайды. Тұтқындық қорлыққа 

әбден жаншылып сілкінейін десе де дәрмені аз. Жұмысқа 

салады, тәуліктің жиырма сағатына дейін еңбек етеді. 

Тұтқындардың өлімі, жан түршігерлік азаптан аман 

қаламын деу қиын-ды.

– Фашистік лагерьде, – деді Ахметбек. – Өңкей 

мұсылмандар Кеңес Армиясының киімін өзгертіп, 

түрме киімімен алмастырды. Осы жерде ойылдық Ес-

қайыровты кездестіріп қатты қуандық. Өлсек дұға оқып 

жөнелтер деген ой ғой. Айлар, жылдар өтіп жатты. Тірі 

қалғандарымызды Италияға жеткізді. Бұл жерде аты-

жөніміз, ұлтымыз, туған жеріміз туралы құжаттар тол-

тырылды. Жорамалымыз әртүрлі. Әрине, тұтқындардың 

еңбегін одақтастарға сатып жататынын біліппіз бе? 

Әйтеуір Италияда тамаққа тарықпадық. Мұстафа Шоқай 

түрмелердегі қаншама қазақты аман сақтап қалды. 

Қаншасын түрік жеріне өткізді. Теңдесі жоқ ерлік еді. 

Уақыт, айлар, жылдар, тұтқынсың, тыныс тар. Қашқың 

келеді, дәрмен жоқ. Жұмыр жерде тұтқыннан артық 

бақытсыз жан жоқ шығар. Адам бәрібір өлгісі келмейді. 

Өзіне төніп тұрған ажалмен арпалысады. Олай емей неме-

не, тік тұрып жан тапсырғандарды көресің. Арпалыс сол, 

тірі жүруді қиялдайды. Тұтқын да тәтті ойға беріліп, ма-

хаббатын тапқысы келеді. Ұрпақ өсіруді аңсайды. Бірде 

елшіліктен бе, КГБ-дан ба, әйтеуір жаны ашығансығандар 

келіп:

– Соғыс бітуге айналды, елге қайтыңдар, қираған қала, 



өртенген елді қалыпқа келтіруге жұмысшы күші ке-

рек, – деп қояды. – Кім едің, қай жерденсің, әке-шешең 

бар шығар? – дейді. Сымпың қаққанның сынақ сөзіне сену 

қиын, сенсең де үнсіздік қажет. – Түрме, азап, тұтқындық 

қорлыққа сынбаған екенсіңдер, – десе де, ым қағып 

жайыңа отырасың. Сұңғыла қулардың жүзі бірде жылы, 

бірде суып тұрмай ма? Лагерьде ондайдың талайын көрдік.

– Біз фашистердің концлагеріндегі тұтқынбыз, қа-

шайық десек қаша алмай, өлейік десек өле алмай жүр-


124

генімізбен кім санасады? Сатқынсың деп соттайды, –

дейтіндер де болды.

– Атады.


– Өлім жазасына бұйырады, – десе кейбірі сөзге арала-

сып:


– Біз соңғы оғымызға дейін атыстық, фашистерге өз 

еркімізбен берілген жоқпыз. Кінәміз қанша, қоршауда 

қалдық, құтқаратын көмек болмады. Қарусызбыз, құр 

сүлдерімізбен қандай қайран қыламыз?

Осылай қан жұта айтса да, біразы елге қайтуды ой-

лады. «Туған-туысымен сағынысып бір көріп өлсек ар-

мансызбын», – деді. Жазмыштың бұйрығына дауа жоқ. 

Ахметбек, одан басқа жиырма адам елге қайтатын боп 

шешті де, ағылшын кемесіне отырды. Жүрек туған жерді 

асыға күткендей. Отанымызға келгенде дүние есігін жаңа 

ашқандай болғанын айтарға сөз жетпес. Қуанышта шек 

болмаған шығар.

– Бірақ, – деді Ахметбек бір сәт тыныстап тағдыр 

соқпағы күтіп тұрғанын айтуға жүрексінгендей сыңай та-

нытып. – Зұлымдық атаулының шексіз екенін білдірді. 

Кеңестік түрмеге кемеден түскен бойда күтіп алды. Конц-

лагерьден кемдігі жоқ, азап, тергеу, тексеру, көмір шах-

тасындағы ауыр жұмыс. Арада екі жыл өткесін Ахметбек 

ҚазМУ басшыларына хат жазып, оқуын жалғастыруға 

рұқсат алады. Сөйтіп, түрмеден босанып Ойылға келеді. 

Сондағы көз жасының төгілгенін көрсең...

Қуаныш ұзаққа бармай, қуғын-сүргін басталып кетеді. 

Күн демей, түн демей қызыл жағалы тергеп есін шығарады. 

Құрқылтайдың ұясындай шағын бөлмедегі әкесіз жетім 

іні-қарындастарымда зәре жоқ. Жыламсыраған қос 

қарашықтардағы қайғы, жүректеріндегі мұң өлең болып 

өрілетіндей еді.

Әкенің зары өтті ғой,

Қасірет-қайғы жетті ғой.

Сталиндік қиқу саясат

Кәріге, жасқа епті ғой.

Ашығып халқы қырылды,

«Тазала жауды», – депті ғой.


125

Көздің жасын көлдетем,

Надандар бізде көп екен.

Жақыннан шықса жауыздық,

Қатерлісі мол екен.

Ошағының оты өшті

Алғыр ойлы талайдың.

Иесіз қалған жұртыма

Қимай-қимай қараймын, –

деп  күңіренген бауырлар Ахметбек соғыстан келгенде 

әкесіндей тірек көріп еді. Сол тіректі де тентірете бастады. 

Тергеу есін шығарды.

– Кәне, Нұрманов Кеңес үкіметін фашистерге қалай 

сатқың келді? Шпиондық топқа кімдер басшылық етті? – 

дейді Жансейітов.

– Соғыста екі-үш ай болдым, полкіміз қоршауда 

қырылып қалды. Қайдағы шпиондық топ?..

– Сен неге амансың? Қандай дәлел, қандай негізге 

сүйенесің?

– Өлтіріп үлгере алмады. Полк командирінің жауабын 

оқыңыз.

– Мойында. Шпиондық әрекетіңді біз біліп отыр-



мыз. Жазаң жеңілдейді, мойында?! Шоқайдың құйыр-

шықтарысыңдар... Фашистерге қызмет еттіңдер. Әскери 

шенін берген шығар, Мұстафа Шоқай нендей ақыл берді? 

Мойында, жазаң жеңілдейді.

– Нені, концлагерьде болғанымды ма?

Ақырында Жансейітов шақыруын қойды. «Отанын 

сатқан опасыз» дегенге дәлел таба алмай шаршады дей 

көрмеңіз. Арада біраз уақыт өткесін бір қолын фашистердің 

жерінде қалдырып келген мүгедек ағамыз екеумізді ар-

найы ұшақпен Ақтөбеге әкетті. КГБ-ның кеңсесіне келдік. 

Өзін Тоқсанбаев деп таныстырғаннан кейін:

– Қалай, келдіңдер ме? – деп бауырсырағандай үн 

қатты.

– Тұтқындап әкеліп отыр ғой.



– Е, солай ма? Тіліңнің қыршаңқылығы бар, ә? Біз 

бала кезіңізден кім екендеріңді білеміз. Әкеңді апрель-

де алдық, сендерді де апрельде алып отырмыз. Әскерден 

қашыпсыздар. Ол рас қой енді...



126

– Концлагерьден қашыпсыздар демейсіз бе?

– Мұсылмандар бөлініп жаулық ойлағыларың келді.

– Әскери құжаттарды қараңыз. Көп жағдай көрсетілген.

– Қылмыстан бас тартып, ештеңені мойындамауға тө-

селгенсіздер. Ол білімді адамға дұрыс емес қой...

Тұтқынның күні құрысын. Күндіз де үрей, түнде де 

үрей, ешкімді де сендіре алмайсың. Қуаныш жоқ, күлкі 

жоқ. Бойыңа ас батпайды. Ойласаң күнәң жоқ, сатқындық 

жоқ. Фашистердің қолына түскенше өзіңді-өзің атып 

тастамаған екенсің деп өкінесің. Соңғы оққа дейін жауға 

ат деген соң атасың. Әскери басшы бұйрығы – қырқыс 

алаңында заң. Қарапайым жауынгер, шынын айтқанда, 

тәртіпке бағынышты. Әйтпесе, фашистердің жаралы-

ларды атып кетуі ештеңе емес, басын кесіп лақтырғанын 

көріп тұтқынға түсер ме еді. Адамдық сезімді жоғалт-

қан жыртқыштардың талай қорлығы аз дегендей Тоқ-

санбаевтың тергеу азабы жан шыдатар ма? Жоныңнан тас-

па тілгендей азап.

– Бұлардың тіміскілігінің сұмдығын ағам қатты 

тартты. Жарымжандығына аяушылық білдірмей: «Сен 

білесің, Мұстафа Шоқаймен әкең байланыс жасаған. 

Үйіңде болыпты, көзіңмен көрдің. Не айтты? Құлағыңмен 

естігеніңді айт?» – деп соққыға жығып қорлық көрсеткен. 

Расында кейін сұрасам ағам Мұстафаны білмейді екен. 

Тарихи құжаттарда әкем Хасан 1917 жылы Мәскеуде 

өткен мұсылмандар съезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа 

Шоқаймен ашық сөйлесіп, пікірлері ортақ болыпты. Оны 

кейін білдік қой.

 Содан тергеу біткесін Арқабаев Базардың, Шираев 

Бәшірдің түсінігі және соғыста қоршауға түскендіктің 

себебін көрсеткен құжаттар бар екен, бәрін оқып шықтым. 

Кінә жоқ, бәрі дәлелді. Ағайды соттатуға жалған жала 

жазғыштар «үкіметті жамандады» деген сықылды. Со-

ғыстың басынан аяғына дейін қан кешіп келген ағама 

он жыл үкім шығарды. Әлгіндей жалалаушылар қанша 

жазықсыз адамға сатқындық жасады, шындықты іздесе 

бәрі табылар еді. Коммунистік басқыншылық әр мекеме 

түгілі, әр адамның ізін бағатын «жатып атарларының» 

өтірікті шындай етіп көрсеткендерінің кесірінен талай 



127

арыстар көресіні көрді ғой. Және саясатымыз демократия 

дегенге күлкің келеді. Соғыс, қырғын, сатқындық демо-

кратиямен үш қайнаса сорпасы қосылмас...

Ахметбек ауыр күрсінді. Итсілікпе тірлікті одан әрі 

ойлағысы келмеді ме? АҚШ жұмыр жерде демократия 

орнатамыз деп, Жапонияға соғыстан кейін екі атом бом-

басын тастап, 240 мың адамды қырды. Ұшқыштары Эно-

ло Гей мен «маленький мальчик» бомбасын тастаған ка-

питан Гатанец не ойлады? Демократия мақсаты қырғын 

емес, тыныштық, адалдық, адамдық дей алды деймісің? 

Саясатқа ықтады. Амалсыз. Жұмыр жерде соғыс әлі 

тоқтаған жоқ, надандықтың ең сорақысы осы.

– Коммунистік қоғам нағыз әділ, біз демократтармыз, 

қылмысты ісіңізді шындыққа негіздеп тексердік, – деді 

тергеушілер.

– Сонымен, сізге неше жыл үкім шығарды?

– 25 жыл, – деп Ахметбек буыны босағандай сыңай та-

нытты.

– Елге қай жылы оралдыңыз?



– 1956 жылы Хрущев заманында елге оралдым.

– Түрмені қай жерде өткіздіңіз?

– Қиыр Шығыста. Тұтқындар жер қайысатындай, 

күнде пароходпен тасып үлгере алмай жатты. Қорлық, 

зәбір. Тамақ жоқ, мазақ қылғандай тұздалған шабақ 

береді, сосын бір стақан су – күндік қорек. Ұрып-со-

ғудың айтары жоқ. Тамақ ішпей ашыққанда жағың 

қарысатынын фашистердің концлагерінде көріп едік. 

Қолымда талайдың ашығып өлген сүйегі шашылып 

қалды. Адам өлімнен қорықпайды. Жаныңды ине сұқ-

қылап шабақтағандай қорлықтан қорқады. Жарық сәу-

лені қимай қиналады. Кейде рухтың мықтылығы ажалдан 

алып шығатынына сенеді екенсің. Рухы әлсіздер өзін-өзі 

өлтіруі де кездесті. Мұсылман тәртіп-тәрбиесінде Аллаһ 

өзі берген жанын өзі алады деген ұғым болғасын өзіңе 

қол сала алмайсың. Тұтқындардан байқағаным, ажары 

сөніп, қуқыл тартқан жүзі өлімге бет алса да жылағаны 

сирек шығар. Жылау түгілі күрсініп көп мүжіле бермейді. 

Ермегі – жұмыс, күн санау. Сосын бір-біріне қайырымшыл, 

татулығы мықты, маған үйренгесін бе солай көрінді. 



128

Бәрі де тірі қалуға тырысады. Титықтатқан ауырлыққа 

төзеді. Пайдасыз әрекет жоқ. Айта берсе түрме өмірі қаны 

сорғалаған, төбе шашыңды тік тұрғызар, қасіреті қалың 

кітап қой. Елге келген соң да түсімде талай шошып ояна-

тын едім. Әкемнің амандығыңды сақта, білімді бол деген 

өсиеті, дұғасы талай ажалдан сақтап қалды. Бірақ әкем 

1956 жылы түрмеде көз жұмған екен. Өлгеннен кейінгі 

ақтау қағазын алдық, ол әке болар ма?

Ахметбек елге келгесін Мәскеу, Орал қалаларындағы 

жоғарғы оқу орындарын бітіріп ұстаздық жұмыспен 

зейнетке шыққан. Адалдығы, өнегесі биіктікпен рухы 

жасымаған оның өмірді жан-тәнімен жақсы көруі талай 

зұлымдыққа төздіргеніне қайран қаласың. Тірлігінің көбі 

ақмылтық боранда өтсе де, қажымағаны аруақ берген 

қайсар қайрат еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет