АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ НЕВРОТИКАЛЫҚ ДИСКУРСТЫҢ СИПАТЫ
Н.Кенжеғараев
-
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының
аға ғылыми қызметкері, филол.ғыл.к.
Қазіргі таңдағы əдебиеттану ғылымында жаңа арналар болып табылатын дискурстық поэтика,
теоретикалық поэтика шеңберінде, көркем антропологиялық əдісте көркем шығармашылық үдерісіне
байланысты невротикалық, шизофрениялық, экзистенцианалдық, психотерапевтік сынды дискурс
түрлері қолданылып, зерттелініп жүр. Психологиялық дискурстың зерттеу нысаны əдеби дискурске
байланысты қолданылып жүрген жоғарыда аталған дискурс түрлерінен өзгеше екендігін атап өтуіміз
керек.
Поэзия, оның ішіндегі лирика жанры субъективті жанр екендігі белгілі. Лирикада ақынның ой-
сезімі, толғанысы ішкі жан əлемінің елегінен өтіп, тебіренісі арқылы сыртқа шығады. Ақынның
психологиялық тұлға ретінде психикасы, эмоциясы, көңіл-күйі, реакциясы өлең түрінде өрнектеліп
беріледі. Демек біз көркем шығармашылықты, өнерді психологиялық тұрғыдан зерттеудің негізін
қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым К.Г. Юнгтың мына пікірлерімен келісуіміз керек: «Искусство в
своей художественной практике есть психологическая деятельность и в качестве таковой может и
должно быть подвергнуто психологическому рассмотрению» [1, 214]. Сөз өнерінің, оның ішінде
лириканың табиғатына сай, психоэмоциялық сезімдерсіз поэзия болмайтыны да заңдылық.
Классикалық талдауда көңіл-күй лирикасы деп айдар тағылып талданатын əдістің шеңбері
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», №3(37),2011 г.
78
дискурстық талдаудың ауқымына жете алмайды. Дискурстық талдау ауқымы өте кең жəне біздің
лирикалық шығарманы, лирикалық шығарма табиғатын талдауды елеулі кеңінетін жағдайы бар.
Невротикалық, шизофрениялық дискурстерді сөз еткенде, санада психикалық ауру түрлерінің қылаң
беретіні ғажап емес. Ал одан жүйкесі ауруға ұшыраған ақын-жазушылар шығармашылығын зерттейді
деген жалған түсінік қалыптаспағаны жөн. Дискурстық талдауға паталогиялық невроз бен психоз емес,
шығармашылық невроз бен психоз арқау болады. Адамның күнделікті өмірдегі қуаныш, реніш, жақсы
көру, жек көру, ашу, ыза, сүйіспеншілік, риза болу, наразы болу, т.б.с.с. толып жатқан психоэмоциялық
күйлер субъективті өнер лирикадағы ақын шығармашылығында да орын алатын əдеби-психологиялық
жағдайлар. Тек айырмашылығы психофизиологиялық реакция ғана емес, əлеуметтік интеракцияларға
жауап ретінде, идея, тұжырым, көзқарас, дүниетаным, ұстаным ретінде туындайтын сезімдер болып
ортаға шығады.
Ақынның өзінің ортасына, қоғамына, заманына деген қарым-қатынасы, бағасы, реакциясы
өлеңдері арқылы көрініс табады. Лирикадағы ақынның көңіл-күй сезімдері оның тек жеке басының
жағдайы, жеке эмоциясы ғана емес, ол оның қоғам жағдайына, қоғамдағы əлеуметтік, этикалық, саяси
жағдайларға берген бағасы болып саналады.
Адамның рационалды жəне иррационалды əркеттерінің барлығын басқарушы орталығы – ми
десек, мидің барлық үдерістері нерв жасушалары арқылы іске асатыны дəлелденген. Ми мен жүректің
белсенді əрекетінің жемісі болып саналатын сөз өнерінде ақынның интеллектуалды əлемі арқылы
қабылданған объективті шындық ішкі əлемі, психикасы арқылы қордаланып, эмоциясы мен қатар əдеби-
шығармашылық ұстанымы, дискурсы мəтін деңгейінде пайда болып, сыртқа шығып, əлеуметтік
қатынасқа жол тартады.
Белгілі зерттеуші Б.О. Корманның мына сөздері лирикадағы эмоцияның, көңіл-күйдің өзгешелігін
анықтап береді: «Настроение в лирике – это не просто настроение. Это всегда определенная идейная
позиция, определенный взгляд на мир.
Основной эмоциональный тон – это определямые мировоззрением эмоциональные реакции,
лирическое самосознание самих различных людей. Этим понятием обозначается содержание
лирического способа изображения человека» [2, 68].
Ақын өмір сүрген қоғамдағы жағдайға, дəлірек айтсақ оның саяси-əлеуметтік қалыбынан бастап,
тұрмыстық, əкімшілік, рухани-моральдық, діни-дүниетанымдық, ғылым-мəдени жағдайларына дейін
назарынан тыс қалдырмай, баға беретін тұстары жоқ емес. Поэзияның ерекшелігіне сай бұл қоғам мен
халық тынысы туралы «салмақты», «рационалды» бағалар емес, поэтикалық санадан, поэтикалық
ойлаудан туындаған эмоционалды, экспрессивті бағалар. Қоғамдағы жағдайдың, заман бейнесінің
ақынға əсері, ақын психикасына əсері, өлеңдерінде ашық, өткір түрінде орын алады.
Абайдың 1886 жылы жазған «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген өлеңінен бастап
бірқатар өлеңдерінде ақынның өз қоғамына, қабылдаушыларына реакциясы эмоционалды түрде көрініс
алған.
Ақының өз бейнесін сомдау барысында қоғаммен күресіп күйзелген, оның жамандық іс-
əрекеттерінен жеріген, қажыған адамның бейнесі сомдалуы тегін емес. «Ішім өлген, сыртым сау» деген
шығармасында өлеңнің атауы болып тұрған осы тармаққа психологиялық тұрғыдан талдау жасайтын
болсақ, адамның ішін өлдіге санауы, не ішкі əлемі жалғыздықтан, түсініспеушіліктен, қабылдамаушы-
лықтан, өз білгенін, түйгенін ортасына айтып одан ешқандай əрекет шыққанын көре алмау, яғни ақын
өнердің «əсер етуші» қырын пайдаланғанымен, одан еш нəтиже шықпағанына қамығу сынды пікірлер
ортаға шығатына анық.
«
Сегіз аяқ» өлеңі эмоциялық бояуларға, тебіреністерге толы өлең.
Ауырмай тəнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға,
Əлі жетер заман жоқ.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, №3(37), 2011 ж.
79
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір [3, 112],-
деген жолдарында өз өміріне, өз жағдайына баға беріп отыр. Əрине, баға жағымды емес. Ақынның қан
қысымын көтеріп, басын қысып, жүрегін ауыртқан не нəрсе? Немесе, физиологиялық, терапевтік
тұрғыдан адамның қандай жағдайда қан қысымы көтеріліп, басы қысып, жаны ауырады? Автор
осындай тəн мен жан ауруларына алып келген дерттің басы – рухани дерт, рухани түсініспеушілік
екендігінен хабар беріп отыр. Рухани дертке адам қай жағдайда ұшырайды? «Духовные страдания не
есть еще душевная болезнь, невроз, но может быть причиной невроза.
Духовное страдание – это когда человек переживает отсутствие каких-либо ценностей, которые
могли бы делать его жизнь осмысленной, целенаправленной. Это состояние полной апатии ко всему, к
жизни вообще. Человек может не осознавать причину или истоки этого своего состояния, эти истоки
часто скрыты в сфере бессознательного» [4, 121], - деген ғалым ойлары айқындап отырғандай, Абай
өзінің жеке басының дертінен, не өз болмысына қатысты кемшіліктерден күйзеліп отырған жоқ. Абайды
дертті етіп отырған – қоғам мен түзелерлік ниет танытпаған халқы. Халқын түзетудің жолындағы қару
етіп өнерді тандап алған ақынның Сөзіне құлақ аспаған, бойыңа сіңірмеген, бойыңа сіңірерлік деңгейі де
жоқ болған халықтың теріс амалдарын тізбектеп те айтып өтеді:
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Автор осындай өткір сөздер арқылы өз жан жағдайын білдіруі невротикалық дискурс аясында
жүзеге асқан. Ақынның өз қайғысымен торығып, томаға тұйықталып қалмай, жанын жеген дертін
өлеңге арқау етуі – бұл да күрестің бір тəсілі ретінде бағаланса керек. Өзінің рухани дертін,
жалғыздығын, халқының түсінбейтіндігін, қабылдамайтындығын ашына айту - адресатына қайтара əсер
етудің жолы, адресатқа психотерапиялық ықпал ету тəсілі болып танылады. Ақылмен айқанға, бастан
сипап, іш тартып айтқанға көнбеді, еш нəтиже шығармады, ендігі тəсіл бетіне шыжғырып, өткір айту,
ауыр айту қалып отыр. Психотерапиялық, невротикалық дискурс нысанындағы əрбір айтылған сөз,
біздің жағдайымыздағы поэзиялық шығарма жайдан-жай айтылмайды: «Ведь в психотерапии говорить
– это не столько обмениваться информацией, сколько осуществлять вмешательство, воздействовать на
собеседника, владеть коммуникативной ситуацией, менять систему представлений клиента, его мысли и
поведение» [5].
...Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым - тап шыным!
А.Құнанбаевқа дейінгі қазақ поэзиясында рухани жалғыздық туралы сөз еткен Ахмет Ясауи
болса, Абай рухани жалғыздық сарынын психологиялық қатпарлармен тереңдетіп, адамның ішкі жан
дүниесі, сыры, адам өмірінің мақсаты, елдің, ұлттың мақсаты, адамзат баласының адамгершілік
мұраттары тұрғысынан байытып, жалғыздық тақырыбын жаңа деңгейге көтереді.
Ақынның «Келдік талай жерге енді» өлеңінде де невротикалық дискурс орын алған. Қан қысымы
жоғары, ашынған ақын тайсалмай жалғыз басы қараңғы қалың көпшілікке қарсы шығады. Ашуы у
болған ақын осы сөзіме тым құрығанда селт етерсін дегендей, мірдің оғындай өткір сөзін айтады:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бəйге атындай аңқылдар [3, 157].
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», №3(37),2011 г.
80
Абайдың халқына қаратып айтқан осындай ауыр сындарынан кейін кейде көпшілік арасында
ақынды сынаған пікірлер де естіліп қалып жатады. «Абай халықтан үлкен емес, неге сонша қатты ауыр
сөздер айтады» деген сияқты сөздерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі кездестіреміз. Бұл сындарға
жауапты былайша беруге болады. Біріншісі, Абай халық туралы не айтса да, көзі жеткендіктен жəне
ақиқатты білгендіктен айтқан. Екіншісі, ақынның осыншама өткір сынай отырып айтуы, тыңдаушыға
əсер етудің тəсілі ретінде қолданылған деп талдасақ болады.
«Менсінбеуші ем наданды», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қуатты оттай бұрқырап», «Өлсем,
орным қара жер сыз болмай ма?», «Жүректе қайрат болмаса», «Жүрегім менің қырық жамау», т.б.
өлеңдерінде невротикалық дискурс орын алған. Ақын бұл өлеңдеріндегі өз басындағы рухани дертті сөз
етіп, қабылдаушымен арасындағы қарым-қатынас мəселесі сөз болады. Ақын бұл өлеңдеріндегі
эмоционалдық тон ашыну, жалғыздық зардабын тарту, түсінбестік аясында болғанымен, автор ашу-
ызасын тежеп отырғандығы байқалады.
Абайдың көңіл-күй тақырыбында жазған өлеңдерінің ішінде ақын эмоциясы айқын білдірілген
өлеңі - «Өзгеге көңілім, тоярсың».
Өздерің де ойлаңдар,
Неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың [3, 158], -
деген жолдарынан ақынның қоғамның деген өкпесі ызаға айналып, психикалық жағдайы невротикалық
қалыптан шизофрениялық халге ұласқан. Невротикалық дискурсте жазылған көптеген өлеңдерінде ақын
өзімен ақырын сырласып, философиялық ойға бой алдырып, салқын ақылға жеңдіріп былай деп
ырлап:
ж
Мен – қажыған арықпын,
Қатын-бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы! –
тағдырға мойынсұнған, қажыған, шарасыздық танытқан сынды сыңай білдіргендей болады. Ал «Өзгеге
көңілім тоясындағы» ойлар ақынның надандық пен жамандыққа, əділетсіздік пен имансыздыққа төзбей-
тіндігін, мойынсұнбайтындығын аңғартып, агрессивті көркем тəсілді пайдаланады. Тіпті агрессивті тəсіл
дегеніміз де орынсыз болар, шынтуайтқа келгенде ақиқат ақын жағында сыңайлы. Ақын ол байламын
тарихи салыстыру əдісімен көз жеткізіп айтып отыр, көрші елдермен салыстырғанда ХІХ ғасырдың ІІ
жартысындағы қазақ елінің мəдени-ғылыми жағдайы ауыз толтырып айтарлық жағдайда емес еді.
«Күлімсіреп аспан тұр» өлеңінде экзистенциялық дискурстың белгілері баршылық. Өзіне, өміріне
көңілі толмау, дүниенің мəнін жоғалту, Мəнсіздікке, Жалғыздыққа, Бостыққа, Абсурдке бой алдыру
сарындары экзистенциялық дискурстың негізгі белгілері болып табылатын болса, ақынның мына өлең
жолдарынан осы айтылған қасиеттердің бəрін байқауға болады:
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде? [3, 185].
Экзистенциалдық əдебиет, бағыт Батыс Европада ХХ ғасырда пайда болды деп айтылады. Алайда
біз Абай өлеңдерінен модернистік деп саналатын экзистенциалдық сарынын көреміз, экзистенциалдық
əдебиеттің бастауында тұрған əлемдік деңгейдегі классик ақын деп санауымызға болады.
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Əм үміт жоқ алдымда.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, №3(37), 2011 ж.
81
Руханият пен ділдің, жанның тамағын ойлап алыс-жақынға, өткен-кеткенге шолу жасаған ақын
өмірінің мəнін ұғынуға бел байлап, бағалауға тырысады. Поэтикалық сана шеңберінде сырлы əлем
жетегінде жан тебіренткен ақын тиянақты, тұрақты, баянды ешнəрсе таппағандай. Алайда біз бұл
экзистенциалдық дискурстің де автопсихотерапиялық көркемдік тəсіл екендігін ескеруіміз керек.
А.Құнанбаев бірлі-жарымды өлеңдерінде ғана болмаса, экзистенцияға көп бой алдыра бермейді.
Абай өлеңдерінің көпшілік бөлігінде күрескер, прагматик.
Ақынның өмірінің соңғы кезеңдерінде қоғамдық тартыстың, жеке бас драмасының шиеленісе
түскендігі белгілі. Абайдың өмірінің кенеттен 59 жасында үзілуі де, оның қоғамдық, шығармашылық
қайраткерлігінің жүрекке, жүйкеге салмақ түсіргендігін дəлелдейтіндей. Жоғарыда талданған ақын
өлеңдерінің туу тарихын тарихи-функцианалдық тұрғыдан таратып талдап, түсініктер берітін болсақ,
көп нəрсеге қол жеткізер едік. Автор өлеңдерінің қандай жағдайда, қандай интерактілердің себебінен
туындағанын зерттеуді əлі күнде де қолға алуымыз керектей көрінеді. Көрнекті əдебиеттанушы
Т.Есембековтің мына ойлары да абайтануда кемшін қалып тұрған мəселені айқындайтындай:
«А.Құнанбаевтың өлең өрімдерін жүйелеп зерттеу көркем мəтінмен ғана шектелмеуі керек, ақын өмір
сүрген ортадағы əдеби дəстүр мен сабақтастық, жалғастық, ақынның ішкі сезімі, сыртқы дүниеге
қатысы, шығармашылық мақсаты мен нəтижесі сияқты мəселелер де ғылыми ойтүрткі бола алатынын
білген жөн» [6, 35].
Абайдың соңғы өлеңдерінің бірі болып табылатын «Жалын мен оттан жаралған» деп аталатын
өлеңін соңғы шумағының:
ің
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт! [7, 116] –
деп аяқталуы жай кездейсоқтық па екен? Бұл жолдарда да бағалау жатыр, сарказм сарыны байқал-
ғанымен, идеялық жағынан өте ауыр, тебіреністі, терең, психологиялық жүгі ауыр ой. Ақын өз шығарма-
шылығының соңғы аккордтарын невротикалық дискурсте аяқтап отыруы да, қоғамына көңілі толмаған
ақынның тілегін болашақ адресаты түсінер, бағалар деген ниет жатырғандай ой қалдырады. Абай үнемі
өзінің «қиялдағы оқушысымен», симулякрымен сөйлесіп, тілдесіп, соған иек артып отыратындай. Ақын
бұл тұрғыдан да өзінің классик ақындығын, сөз өнерінің, поэзияның, лириканың табиғатын ғажап шебер
білдендігін көрсететіндей. Данышпан, хакім Абайдың мəңгілік таң қалып, таңырқап жарыса жазып,
айтып жататын ғұламалығының бір көрінісі де болар.
1. Юнг К.Г. Об отношении аналитической психологии к поэтико-художественному творчеству. В
книге: Зарубежная эстетика и теория литературы ХІХ-ХХ вв. Трактаты, статьи, эссе. – М.: Изд.
Московского университета, 1987. – 512 с.
2.
Корман Б.О. Изучение текста художественного произведения. – М.: Просвещение, 1972.
3.
Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995.
4.
Абишева А.К. Проблемы ценностного смысла в философии и психоанализ. - Алматы: НИЦ Ғылым,
2002.
5.
Анализ психотерапевтического дискурса. [WWW-документ] URL. Электронды ресурс. http: //
culture. niv.ru/doc/psychology/kalina/040.htm.
6.
Есембеков Т.У. Көркем мəтінді талдау негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2009.
7.
Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық жинағы. Т.2. – Алматы: Жазушы, 1995.
Резюме
В данной статье исследуется особенности и функции невротического дискурса в лирических
произведениях великого казахского поэта-классика А.Кунанбаева.
Summary
This article explores the features and functions of neurotic discourse in the lyrical works of the great Kazakh
poet and classics Kunanbaev A.
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», №3(37),2011 г.
82
ҚАЛАМГЕР ШЕБЕРЛІГІНІҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ
А.Ибраева - филол. ғыл.к.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы
Əр жазушының өзіндік қалыптасқан қаламгерлік ерекшелігі болады. Көптеген халыққа танымал
ірі қаламгерлердің шығармаларын қолға алып үңіле түссең–ақ, кімнің шығармасы екенін айнытпай
айтуға болады. Əдемі өрнек, сұлу сөзге тұнып тұрған М.Əуезов сөйлемдерін, өлең жолдарындай өзара
ұйқасын тауып, үйлесіп, төгіліп тұратын, артық деп бір сөзін де алып тастауға көнбейтін Ж.Аймауытов
сөз саптамын, есте ұстауға ерекше икемді, əрбір кейіпкерін «өмірдің өзінен ойып алған» Б.Майлин
стилін басқа қаламгерлермен шатастыруға болмас.
Қандай да бір жазушы болмасын оның шығармашылығына қойылатын басты талаптардың бірі–
сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы. Мұның өзі жазушының сөз
қолданысына, сөздерді сөйлете білуіне, сөзбен сурет сала білуіне, сөз мағынасын жаңа қырымен
жарқырата қолдана білуінде көрінеді. Бұл туралы жазушы Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Сөз сөзге
жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Біріне–бірі жарығын түсіріп тұратын
сөздерден құралған сөйлем айтайын деген ойыңды оқушыға дəл жеткізеді. Бұл арада ерекше ескеретін
бір нəрсе – əр сөздің ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы, ең үлкен арман осында. Біріне–бірі
көлеңкесін түсіріп тұратын сөздер өз мағынасын дəл баспай, екі оқты болып, ауытқып шығады» /1/ .
Ғ.Мүсірепов алғашқы шығармаларынан-ақ өзіне тəн стильді танытқан қаламгердің бірі. Жазушы
кез-келген жанрдағы жазған шығармаларында оқырманға ой тастауға, оның сезімін қозғауға күш
салған. Көпшіліктің сөзді кім айтқанына емес, не айтқанына бас ұратынын қаламгер білсе керек. Оның
қай шығармасы болсын телегей теңіз ой пікірге толы. Қаламгер өмір көріністерімен қатар, адамның ішкі
жан-күйін ашық, айқын суреттермен бере білген. Ғабиттің жазушылық стилі орынды қолданылатын
эпитет, метафоралар мен метонимиялар, əсерлеу мен литоталар, аллитерациялар мен ассонанстар,
психологиялық параллелизмдер, драмалық диалогтердің дəлелдігімен, сөйлемдердің айқын, лепті, қысқа
тұжырымдылығымен, сөйлем құрылысын аса бай интонациялық бояуға құра білушілігімен де көзге
түседі. Мысалы: «Қазақ солдаты» романын зер сала оқысақ: «Жансыз жатқан қоңыр төбелер», «Бесті
шыбындар терезені тепкілеп қиратып барады», «Үңгір айналасындағы жақпар тастар жаңқадай
жарылып жан–жақты атылады», «Секундті сегіз бөліп санап біз отырмыз» деген үзінділердегі
құбылыстарды əсерлей суреттеумен аса кішірейтіп көрсететін литоталарды немесе суреттемек
құбылысты əсерлі, бейнелі ету үшін автордың ассонанс пен аллитерацияны жиі қолданатын байқаймыз.
Ал, қаламгер туындыларын көркемдік ерекшеліктері жағынан қарайтын болсақ, əсем теңеулер
мен эпитеттерді, сөз қолданысының метафоралық, метонимиялық тəсілдерін, ғажайып аллегориялық
суреттерді көреміз.
Ғ.Мүсіреповтің сөздерді тіркестіру амалдарына көз жіберсек те, стиль өрісінің шексіз мүмкіндік-
терін аңғарамыз. Ана тақырыбындағы бір ғана шағын əңгіменің ішінен біз мынадай суреттерді ұшырата-
мыз: «тері тон мен жабағы күпісін тастай алмай жүрген қойшы – малшылар жүні түспеген көпей
тайыншаға ұқсайды», балалар «көгендеген қозыға ұқсап, мұрынды тарта тастап, Əйтілес үйіндегі надан
молдадан надандық оқып отыр», «төрт бұрышы жемірілген ескі тоқым сияқты иманшартымды қолтығы-
ма қысып аламын», «іркіт сабасындай іркілдеген молда мен саудагер Рамазанға соқыр Əйтілес ескі
күндердің əңгімесін шертеді», «тот басқан əңгімені жанып– жанып жаңартып, жалт–жұлт еткізеді», «ескі
күндерді тымақтай бұлғап, төңкеріп–төңкеріп алады», «сары қасқа ат шекіп тастап, оқтаудай ойнап,
киіктей орғиды», «үркер жамбасқа келіп, сұлу шолпан маңдайға таянады», «қатып қалған саңлақтар
ұршықтай ойнап, бөкендей бүктетіледі», «астымда құлан тұяқ құдай көк деген атым бар», «манадан
өзегімді өртеп келе жатқан қыз содан кейін арқама жабысқан көлбақаға ұсап, сұп–суық болып сала
берді», «көңілімізде көлеңкеде қалған жоқ», «екеуін екі тайға теңдеп алып жүрейін; қызы қатынға,
шешесі отынға жарар», «соның суық ызғары табанымнан, қара таңбасы маңдайымнан кеткен жоқ», «сай
сағалап, өзен жағалап жүретін төрт үйлі бір ауыл болыпты», «білектің күшін, найзаның ұшын не күші
теңдеске, не иығы теңдеске жұмса», «жағаласқан жау емес, жалбарынған сор емес...» «қызды сатып
алсаң да қатын, тартып алсаңда қатын...», « батыр – бауланды көріп жүрміз: сені –«батыр» деп жұмсай-
ды, мені – «қатын» деп жұмсайды, айырмасы осы–ақ» /2/. Ғ.Мүсіреповтің əр алуан шығармаларында
тұрақты тіркестер жиі ұшырасады. Жазушының салпыетек күз, жылауық күз, қызыл іңір күз, өңез көз ас
иесі, жынды боран, айдама боран, жақ жұты – көп жан, жазагер отряд секілді сөз қолданыстары əрі
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, №3(37), 2011 ж.
83
ұтымды, əрі əсерлі екенінде сөз жоқ. Кейде жазушының жалғыз эпитетінің өзі кейіпкердің жан дүниесін
ашып салады. Осыған жалғас бір айта кететін нəрсе, Ғ.Мүсіреповтің кейіпкерлерге ат қою дағдысы
болар деп білеміз. Əрине, фольклор сюжетіне, немесе тарихи оқиғаларға негізделген шығармалардың
басты кейіпкерлері өз есімдерін сақтайтынын белгілі. Яғни, Ақан, Амангелді, Қозы, Баян, Қарабай,
Қодар, Қыз Жібек, Төлеген т.б. өзгеріссіз алынады. Ал, енді солардың төңірегіне тыңнан қосылатын
жаңа бейнелерге жазушы өз тарапынан ат қояды. Ғабеңнің осылайша жалқы есім деп қойған аттары
кейде образдың пəрменділігі арқасында жалпыға кең тараған ұғымның баламасына айналып та кетеді.
Осы ретте біз ең алдымен Жантық есімін еске сала кетпекпіз. Ғабең бұл есімді бір кезде «Қос шалқар»
əңгімесінде де пайдаланған еді. Алайда, нағыз зұлымдықтың, екі жүзділіктің символы ретінде ол «Қозы
Көрпеш – Баян сұлу » пьесалары арқылы ғана танымал болды. «Түндік біткен шаңырақты сабалап,
қараша үйлер тозығы жеткендігін айтып, зар қақсап, сықыр–сықыр етеді. «Кебіс табанынан ұшып келіп,
айран бетіне шаншыла түскен тезек сынығы құйрығын шошайтып, Жəніш бəйбішені нұсқағандай
болады».
- «Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр».
-
«Асыл жігер мен құр өктем күш кездесіп қалып, біріне бірі тізе бүгер емес».
- «Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен уыс–уыс қар уыстаған бір шоқ емен кəрлі қабағын
кешпес кек, қайтпас ызғармен түйіп алыпты».
- «Қазақы арба ыңырсып барып айқайын түзеп жүре берді!».
- «Арба біткеннің артында жалт – жұлт еткен орақтар тұмсықтары салбырап, көк майсаға тістерін
қайрап келе жатқандай».
- «Безектеген қос қоңырау ол ауылға күнде бір соқпай өтпейді» /2/.
Міне, осы үзінділердің қай–қайсысын алып қарасақ та талант құдіретімен жан біткен нақты
болмыс дүниесін, объективті оқиғаларды көреміз.
Кей реттерде теңеу мен эпитеттерді ажырату оңайлыққа түспейді, ондай жағдайларда теңеулер
эпитеттер түрінде келетіні бар. Келтірілген мысалдағы құба тал сөз тіркесі келбетті, мінезді қыз
мағынасында беріліп отырғаны түсінікті. Сондықтан ол тіркесті құба талдай қыз деп қабылдауымызға
болатын сияқты. Екінші сөзбен айтқанда, құба тал келтірілгелі отырған мысалдардағы соқпа тас
қолданысынан ерекшелеу, өйткені қатаңдығы мен қатыгездігіне байланысты тас сөзінің адам
мағынасында, жолаушы сөзінің кен мағынасында жұмсалып тұрғаны дау тудырмаса керек.
Ғ.Мүсірепов прозасында кейіптеудің көптеген түрлері қолданылып отырады. Мəселен, самауыр
əндетеді, боран қиқулайды, жел есінейді т.с.с.: «Біріне – бірі сай асыл нəрселер жарасымын тауып,
жымыңдасып тұрғандай». «Іңір де түсті, боран да лоқсып–лоқсып қалып, қиқулап жүре берді». «От
жағылмаған екі темір пеш түксиіп тұр». «Алғашқы айларда шоқ – шоқ қарағанға тірелген сары балшық
ыржиып жатқанда, қазақ жұмыскелері оны сары ауыз деп жүріп еді...». «Дала желі ұйқысынан енді ғана
оянып, ақырын ғана есіней бастапты» /2/. Мұның барлығы да бейнелеп отырған заттар мен
құбылыстардың, айналадағы көріністердің адам сезіміне лайықтап, түсінігіне сəйкестендіріп бейнелеу
мақсатында қолданылған. Көркем сөз шебері Ғ.Мүсірепов əр сөз бен сөз тұлғасына ерекше назар
аударуды əдетіне айналдырған суреткер ретінде дағдыдан тысқары тұлғаларды қолдануға саналы түрде
барады. Мұны автордың сан алуандықты қолдайтыны, сондықтан стильдік даралық деп қабылдауға
болады.
Басқа стильдік тəсілдермен салыстырғанда, Ғ.Мүсірепов дамытуды сирегірек пайдаланады.
Соның өзінде ол дамыту ерекше қызмет атқаруының нəтижесінде оқырманның зердесінде сақталып та
қалады. Салмақты жайдың өзін тəжірибелі жазушы юмор мен сатираның құралы ретінде өте ұтымды
кірістіріп отырады: «Колхоз мүшелері сұраған сайын, басқарма бастығы жауап берген сайын, сұрауға
сұрау қосылып, дəл осы сəтте білеуленіп болған кезі еді» /2/. «Кешегі теңселіп жүрген Қази бүгін зыр
жүгіріп жүр... Теңселгеннің əкесі мынадай: үйге кіргенде иығымен соқтықпаған, маңдайшаға басын
соғып, қалпағын түсіріп алмаған, қалтасын босағаға іліп алмаған, иықтарынан шекпендері ұшып
кетпеген төре аз болды» /2/.
Ғ.Мүсірепов шығармаларының барлығында дерлік, əсіресе, көлемді жəне шағын прозасында,
қайталамаларды барынша мол əрі орнымен қолданып отырады. Оның алдында дəл осы мəселеден үлкен
өнегеден үйренгені білініп те тұрады. Əлбетте, Ғабең ауыз əдебиетіндегі, Абай туындыларындағы,
Ж.Аймауытов қаламынан туған қайталамаларды сол күйінде алған емес. Қаламгердің қайталаманы
шебер жұмсайтыны қашаннан бері əдебиет сүйір қауымға жақсы таныс: «Ұрының күəсі көп, даудың
күəсі көп, зорлықшының күəсі көп». «Ұлпан отауына кіре бере жылап жіберді. Күні бойы əлдене
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», №3(37),2011 г.
84
алқымына тіреле беріп еді, ол көздің жасы екен: ағылды – кетті, ағылды – кетті, кете берді, кете берді».
«Шəріп анау терезенің алдында тұрып сөйлейді. Сөйлей – сөйлей орнынан қозғалып, сөзін бітіруге
жақындағанда, жылжи–жылжи үстелге келіп, үстелді бір–екі рет жұдырықтап жіберді... Иə, Шəріп
сөйлегенше, оң жағындағы Кəрім мен сол жағындағы Рақима қосыла сөйледі» /2/.
Ғ.Мүсірепов – айтары бар, ойлы жазушы. Ой мен сезім – поэзияға ғана керек емес, прозаға да
қажетті қасиет. Ол осыны қатты ескерген. Шығармаларының кез–келген сөз, сөйлемі адамның ұғым–
түсінігін байытып, көкжиегін кеңейтеді. «Ақын қыран, қияға да қонады, ақын–адам, далаға да қонады.
Ақын бойын да, ойын да жасыра алмайды. Ақын жаны оңай жараланады, оңай жазылады да, емі көп.
Ақын жүрегіне кек тұрмайды. Кек тұрса, қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек–тот басқан асыл, енді одан
берекелі үн шықпайды. Ақын–заман, бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі–бүгіндік,
бүгінгісі–ертеңдік. Ақын бойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе, алдымен
ақындық өледі». Немесе «Байлық деген – азап. Бай адам күні – түні, қысы – жазы малын ойлайды да, өзі
де малға ұқсап кетеді. Мінез – құлқы малында, адамдығынан айрыла береді». «Дау қуған ел жауығар,
дау қумаған сауығар», «Құс баласы аспанға қарайды, мал баласы жерге қарайды» /2/. Көп ретте жазушы
өзінің өмірден түйген ойларын осылай тереңірек, түсіндіре айтып отырады. Енді бірде ой–пікірді:
«Шала істеген іс жаман, шала піскен ас жаман». «Қымыз масы жайлауда туады», «Батыр бір оқтық,
байлық бір жұттық», « Жақсы еркек жаман əйелді адам ете алмайды, жақсы əйел жаман еркекті адам
қылады», «Үй иелері мырза болса, əйелдері қонақты киіз үй есіктерін ашып тұрып қарсы алады» /2/
деген сияқты қанатты сөздерге айналдырып, түйіп береді. Мұның бəрі – адамға өмірлік сабақ, тəрбиелік
өсиет боларлық ой түйіндер. Ғабең шеберлігінің ендігі бір сыры–ол жағымды кейіпкерлеріне оқырман
сүйіспеншілігіне бөлеп, ықылас мейіріміне ие ететін жайдары, жайсаң мінез–қылық беріп парасатты
пікір айтқызып отырады. Бірдей Есеней боранға ұрынып, суға құлап, «жүйрік ат, сұлу қатын – ер
қайратты» деп сүйген жарына зорға жетіп құлайды. Сонда Ұлпан «суыққа тоңбаған еркек Есеней болар
ма еді? Отыр, етігіңді шешейін» /2/ деп аяғына жармасады. Міне, бұл – ер қадірін білетін ақылды
əйелдің қылығы. Еменəлі Есенейдің жонына сойыл салып қалғанда, Ұлпан қара шоқпарды жұлып алып,
лақтырып жіберіп, «қатты тиген жоқ па?»- деп шалының арқасын сипалап, аялап жатады. Бұл да–
жарына қамқор жақсы əйелдің ісі. Адам танитын азамат жазушы кейіпкерлерін сөз сайысына
шығарғанда əрқайсысына өзінің кім екеніне, мінез–құлқына, көргендігіне, білім–сана деңгейіне қарай
сөз беріп қақтығыстырады. Шондығұл жайлауға шыққан Еменəліге «Ағаңның бұйрығы бойынша» деп
қонысын көрсеткенде, ол «Ағаңның бұйрығы дегенше, ана жалаңбұт келген тоқалдың бұйрығы деп
турасын айтар едің–ау, сен, Ұлтанқұл болмасаң!», - дейді. Сонда Шондығұл: «Хан тұқымы деп,
ойнастан туған бір кегер аяқ маймақтың құлы болып жүрген нағыз құл сенсің!» /2/ деп тарпа бассалды.
Ал, Ұлпан мен Шынар сөйлескенде бір–біріне абысын–ажын назымен, сыпайы да сырлы үнмен
сөйлеседі.
Ғабит шығармаларында авторлық ремарка, суреттеме, мінездеме сынды амал-тəсілдер бірсыпыра
орын алады. Көрікті, көркем болып келеді, астарлы жолдарда кездеседі. Бір–ақ мысал: «Сейіттің əке –
шешесі даланың бір айналсоқ қырғыны обадан өлген...»
Ғабит Мүсірепов кейіпкер толғаныстарын шебер, бейнелі суреттейді. Ол Сикорскийдің ойын
былай берді: «Оның үстіне, уəдесінде тұрып, Соколовтың келе қалғаны да сəтті жора сияқтанып еді.
Полицей приставының дəл осы келе қалуында, мүмкін Рязановтың да қатынасы бар шығар... Бар,
əрине... Бірақ, кенедей жабысып, түлкідей бұлаңдап, əр нəрседен дəмелендіріп, уəдесін алған өзі ғой.
«Жат қолында» романында да сөз қолданысы əр қырынан танылып отырады. Бұл жайтты автордың өзі
ашық көрсетіп, не болмаса, жоғарыда ескерткеніміздей белгілі бір кейіпкерлерінің атынан байқатады.
Сөз қолданысы жайындағы сондай құбылыстың бірі – сөз күшінің құдіретін таныта білу, бұрыннан
белгілі сөздердің жаңа мəн– мағынаға ие болғандығын аңғарту. Шын суреткер қалт еткен бір көріністі
бей–жай қалдыра алмайды. Соған деген өзінің көзқарасын білдіріп, суреттеу тəсіліне бар шеберлігін
салатын болады. Бұл ретте Ғ.Мүсірепов ерекше дараланып тұрады. Ол өзінің белгілі бір құбылысын
суреттей білуде психологиялық үлкен талғам, нəзік сезіммен келеді .
Өмір көріністерін, адамның жан күйінің құбылыстарын прозада əдемі, ашық суреттермен бере
білетін Ғабит Мүсірепов өзінің, əсіресе диалог құруға ұсталығын, репликадан кейіпкердің ішкі сипаты
дəл сезілетіндей ұтқыр сөз құруға шеберлігін алғашқы жазған əңгімелерінде–ақ анық танытқан.
Сөйлеген сөзінен характердің сипаты сезілуі, образдың мəніне тілдің терең байланысты болуы
проза үшін керек басты шарт. Ғ.Мүсірепов прозасының көркемдік ерекшелігін жақсы танытатын
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, №3(37), 2011 ж.
85
айрықша бір қасиет те осында. Жазушы сөзді образдың мəніне сəйкестіріп, дəл беріп отырады. Сұлу
сезімді Ұлпанның, Кенжеғараның, мөлдір жанды Ақтотының, асқақ арманды Ақанның меруерттей
тізілген əсем сөздері сол асыл адамдардың жан дүниесінің шынайылығын шебер суреттейді. Олардың
адамгершілік қасиеттерінің жоғарылығын, жақсылықты, еркіндікті аңсаған жүректеріне ұялаған
сенімдерінің беріктігін, бастарына қандай қатер төнсе де қайтпастай қайратты қалыптарын – осы асыл
жандардың жалын атқан сөздерінен терең сезініп отырамыз.
Ғабит Мүсірепов стилі өмірді терең, көрікті ашады. Əр сөзі, əр тіркесі шебер қиысып, мəнерлесіп
келіп сымбаттанып кетеді де, көп көрініс көз тұндырады. Ғабит стилі – суретке толы. Өйткені жазушы
айналаға үлкен суреткерлік сезіммен қарап, ортаны, əлемді образ арқылы қабылдайды.
Ғабең қолданысындағы кейбір сөйлемдердің өзі табиғаты жағынан нақыл сөздерге де айналып
жатады. Бұл, əрине, автор ойының тапқырлығы мен ұшқырлығынан туындайды. Романдағы жазушы
қолданған кейбір нақыл, мəтел сөздердің сипаты төмендегідей болып келеді: «Жаман иттің атын
Бөрібасар қоймас болар». «Құдай сыбырлағанды естісе, сайтан сыбырламасаң да естиді. «Етті өзбек
пісірсін, қырғыз турасын, қазақ жесін», «Ойда он өгіздің мүйізі сырқыраса, қырда қырық өгіздің мүйізі
сырқырайды», т.б. Міне, осындай ұғымдағы сөз өнерінің үлгісін өз көзі тірісінде Ғабең айқын көрсетіп
кетті. Көрсетіп қана қойған жоқ, көркем тілдің тазалығын сақтай білуге шақырды. Мұны болдырмаудың
жолдарында өз көркем туындысының стилі арқылы көрсетті. Бұл ретте ол сұлу сөздерді теріп, жинақтап
жатпайды, қарапайым сөздердің өзімен – ақ тамаша өрнек салады, көз алдыңа əдемі сурет əкеледі. Ал
жағымсыз кейіпкерлерін суреттеуде ол қолданған теңеу–сипаттамалар олардың бет–пердесін сыпырып
тастайды. Автор сөз күшінің құдіретін осылайша туындатып, өзінің шеберлік мектебін одан сайын
шыңдап отырады.
Ғабит Мүсірепов – өз табиғатында көркем сөздің шебері деп танылған жазушы. Алайда оның
қаламынан туындаған көркемдік шеберліктің сыры бар қырымен əлі толық ашылған жоқ, зерттеліп
болған жоқ. Мүсірепов стилі –тұнып тұрған бай қазына. Ол бірден қолға түспейді, ойлануды, толғануды
қажет етеді. Оның əрбір сөз қолданысында терең сыр, өзіндік бояу бар. Соларды түсіне білу қажет, аша
білу қажет. Сонда ғана оның стилінен оның өзін танитын боламыз. Ал Ғабит Мүсіреповті тани білу
деген сөз – қазақ əдебиетін, ондағы дара суреткерлердің шеберлік тəсілін түсінуге алып барары анық.
1.
Мүсірепов Ғ. Күнделік. –Алматы:Ана тілі, 1997. - 288 б.
2.
Мүсірепов Ғ.Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1980.
Резюме
В статье раскрываются художественные особенности творчества Г.Мусрепова.
Summary
The article reveals the artistic features of G. Musrepov.
Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», №3(37),2011 г.
86
Достарыңызбен бөлісу: |