Бағдарламасы бойынша шығарылды растыр ан: Якуда амандыов ә Әнші әміре әміре ашаубаев туралы естеліктер. раст



Pdf көрінісі
бет33/130
Дата19.09.2022
өлшемі1,9 Mb.
#39444
түріБағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   130
Байланысты:
3e54f76bdab069052700dfbd2773f999

6СТАЗДЫ
«Мейзек» пен «Қапшық» – төр жайлау. Кең жайлау 
құрттап кеткен бе дейтіндей, НЭП кезі. Жұт көрмеген ел 
құжынаған мал ішінде қалыпты. Жер шүйгін, мал күйлі, ел 
көңілді.
Жылқы келген, ауыл адамдары бие байлап жатыр. Ауыл 
іргесінен құлай ағатын «Ақбұлақты» жағалап, екі салт атты 
келе жатыр, біреуінің жетегі бар, беті тура біздің ауыл.
Бұл кім болар екен деп, күн сала қарасақ та айыра алмадық. 
Жақындап келеді. Қай елдің қазағы екенін тымағынан 
айыратын әдетіміз емес пе, «ой-бой, мынау Тобықты болды» 
дестік. Өйткені тымақтарының құлақтары шұнтиып, 
төбелері тәйпие қапты. Алғарақ келе жатқанының мінгені 
мейіздей боп қатқан қара ат, астында солдат ері, үстінде 
ертедегі төрелер киетін сюртук, аяғында лактаған қара етік. 
Қонышы күнге шағылысады. Бізді таныды-ау деймін, әлгі 
кісі анадайдан күліп жіберді. 
– Өй, мынау Әміре емес пе, жаным-ау! – деді әкем.
– Дәл өзі.
Басқа сөзге келгенім жоқ, мылтықтың оғындай атылдым 
әншіге қарай. Қаладан кеткелі айқаспаған екі құшақ жабыса 
кетті. Сүйісіп жатырмыз. Мына жағынан әкем де келіп 
құшағын ашты. Әміре оң қолымен әкемді, сол қолымен мені 
құшақтаған бойы үйге кірді.
– Тобықты еліндегі бір тойға шақырған еді, – деп бастады 
ол әңгімесін. – Оншақты күн сонда болдым. Келген жолың 
деп астыма ат мінгізді, үстіме шапан кигізді. Шапанын 
бір жолдасқа «олжам» деп бердім, атын семіртіп, соғымға 
соямын деген оймен саған әкелдім. Мына жігіттің жетегіндегі 
сол. Жаздай жылқыда жүрсін, күзде әкеп берерсің, – деді 
әкеме.
Әміренің біздікінде жатыр деген тек аты ғана. Оны қонаққа 
шақырғандар үйге түнетпейді. 


99
Қарабикені жайлайтын Дүйсембі қажы Қаукер деген 
қызын ұзатпақ болып, сол жылы ағайын арасына хабар 
таратқан. Той болады дегеннен-ақ маңайдағы ел ат жаратып, 
саба-саба қымыз жия бастаған. Қажының қалада тұратын 
Қажен деген інісі келіпті, бәйгеге қосу үшін құйрық жалын 
сүзіп, торы төбел ат әкеліпті деген де қауесет естігенбіз.
– Өйтіп-бүйткенше той күні де болды. Әмірені ортаға 
алып біз де жеттік. Ортадағы ақ үйден шырқаған ән естіледі. 
Сұрастырсақ қажы ат жетер жердегі әншілерді жинатып 
алған екен. Абыралы ішіндегі әншілерден: Құдайберген, 
Игілік тағы басқалары бар. Ең аяғы кәрі Ұзаққа дейін келіпті. 
Ауыл сыртына келген бізді Қажен қарсы алып, ән айтылып 
жатқан үйге әкеп түсірді.
Әкем мен Әміреге еріп мен де кірдім үйге. Дәл ортаға 
дастарқан жайылыпты. Дастарқан үстінде үлкен қызыл 
тегене толы қымыз. Бір жігіт құлаштай сапырып, бос 
кеселерге құйып беріп отыр.
Әміре мен әкем сәлем беріп үйге кіріп келгенде іргелей 
отырған ел қақ жарыла төр төбесінен орын берді. Салынған 
ән, сапылдаған сөз бір сәт басыла қалды. Алқа-қотан отырған 
жұрттың назары Әміреде. Шапан жеңі етегіне түскен, етегі 
жерге сүйретілген қазақтардың арасында орысша киінген 
Әміре бейне бір бәйге аты сияқты болып көрінді. Ып-ыңғайлы 
қаршығадай құнтиған ол төрге шыққанда қаққан қазықтай 
бола қалды. Оның даңқын күні бұрын естіп отырған жұрт 
демін ішіне тарта қарайды.
Қонақтарды қарсы алып, күтуші ретінде жүрген Қажен 
отырғандарға қарап:
– Әміре деген атын естігендеріңіз болмаса көпшілігіңіз 
көрмеген боларсыздар бұл кісіні. Құдай айдап кез келтірген 
жоқ па осы тойға. Бұл отырғанның ішінде Әміремен ән 
таластыратыны жоқ, өйткенімен ауылдың «алты аузын» 
айтпасқа тағы қақыларыңыз жоқ. Сол жолды, Құдайберген, 
сен көрсет, – деді оң бүйірде отырған домбыралы жігітке.
– Ой, қойыңдар! Дарияның қасында құдық қазба деген 
қайда? – деп жалтақтады Құдайберген.
– Жарайды, жасқанба. Айт бір-екі ауыз. Игілікке де 
айтқызамыз сонан кейін, – деді бір ақсақал.
Қыз дауысты Құдайберген домбырасының құлағын бұрап 


100
біраз отырды да, қара мұртын сылап-сипап баптанғаннан 
кейін, өзінің жіңішке даусына салып «Жеңеше-айды» айта 
жөнелді.
– Уәй, пәле! Соқ, соқ! – десіп жатыр жұрт.
Құдайберген екі ауыз өлең айтты да, домбырасын Игілікке 
ұсынды. Игілік домбыраны кейін итеріп көнбеп еді, көпшілік 
қаумалап еркіне қоймады. Игіліктің көзінде де аздаған 
ақауы бар. Сонысынан жасқанды ма, кім білсін, қысылып-
қымтырылып әзер дегенде екі ауыз әнмен ол да құтылды.
– Ал, кәрі тарлан, сен қаласың ба енді дүрмектен? Бас 
айғайға, – деді бағанағы ақсақал Ұзаққа қарап.
Ұзақ іркілген жоқ. Домбыраның құлағын босатыңқырап 
алып, қоңыраудай сылдыраған әдемі даусымен «Ғазезді» 
аңыратып қоя берді. Әнді айтып болған соң Ұзақ:
– Қарағым, Әміре, «асыл тастан, ақыл жастан шығады» 
деген бұрынғылар. Әрі жассың, әрі Әміре деген атағың жер 
жарады. Біздің көптен күткен адамымыз сенсің, аянбай бүгін 
шырқашы бір, – деді де домбырасын ұсынды.
Әміре домбыраны қолына алды да, құлағын қатты бұрап, 
домбыраның сағасындағы ең ақырғы пернені басты да:
– А...ха...а...а...у..! – деп бір тастады. Жұрт демін ішіне 
тартып тосып отыр. Сәлден соң аңыраған ән құйыла жөнелді.
Жасымнан көп салдырдым қаршығаны,
Аққан тер маңдайымнан тамшылады. 
Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,
Жиылып өңшең қашқын қамшылады.
Ай, яй, яй, яй. Ай, яй, яй... – 
деп, келіп тоқтады.
Әміре отыздан астам ән салды.
Бір сәт топ ішінен: «Уа, мына Мұса ағасынан бата алсын, 
жол беріңдер! Жол беріңдер!» – деген дауыс естілді.
Бейтаныс жігіттің қасындағы тәпелтек, домалақ мұрын 
қара бала ыржия күліп келіп сәлем берді де:
– Аға, – деді Әміреге қарап, – аздап ән салушы едім. Сіздің 
даусыңызды естігенде шыдап тұра алмай, бойымнан еркім 
кетті. Батаңызды алайын деп келіп тұрмын.
– Кәне, олай болса, ән сал естиін, – деді Әміре жайдары 
күле, домбыраны Мұсаға ұстатып.


101
Қара бала именген жоқ. Домбыраның құлағына қол 
тигізбестен-ақ «Баянауылға» басты кеп. Әміре алғашқыдай 
емес, күлімдеген қалпын өзгертіп, терең ойға кеткендей, 
түсін суыта, әнді беріле тыңдап отырып қалды. Өйткені, 
«Баянауыл» әнінің жоғарылығы сондай, оны айтқанда 
қазақ домбырасының сағасындағы тоғызыншы пернесі сай 
келмейді. Сондықтан да пернесіз жерді басып көтеруге тура 
келеді. Ондай жағдайда мүлтіксіз, жәрікшексіз домбыраға 
дауыс қосуға көп әншінің үні жетпей қалады. Оны Әміре 
біліп отыр, ал Мұса болса, онан да жоғары дауысты алып 
кетуге шамасы еркін жететінін танытқандай. Оның үстіне 
қоңырлата қайырып әкелгенде, әннің иінін өз нақышына 
келтіріп, әсіресе үннің жартысына жақынын кейкіштеу 
келген кішкене танауынан жібергені, бейнебір ерекше 
музыка тәрізді болып естіледі екен.
Әміре Мұса әнді аяқтаған соң:
– Шіркін, жігіт міне! Кәне, қоңыр әнді қалай айтар екенсің. 
«Қорланды» айтып көрші, – деді.
Мұса «Қорланды» күмбірлете жөнелді. Оның даусынан 
сонша бір сазды үн шығып, үй толы елді таңғалдырды.
– Бала, – деді Әміре, – менен ән үйреніп тәлім алғың келсе, 
мына Жақаңдікіне кел.
...Сонымен қажының қызы ұзатылды, ойын бітті, той 
тарқады. Ел үйді-үйіне қайтты. Ертеңінде айтқанындай 
біздің ауылға Мұса келді.
– Әміре Мұсаны қасына отырғызып, дүркін-дүркін оған ән 
салғызды. Әннің кем-кетігін түзетіп, ерінбей, жалықпай өзі 
домбыраға даусын қосып, қайта-қайта айтып беріп отырды. 
«Шеннен шығып, зорланып айтсаң тамағың жыртылады», 
– деп домбыраның құлағын өте қатты бұратпай, оның дәл өз 
даусын бұрап беріп үйретті. 
***
Жазғы жайлауда айдан астам отырған аулымыз, қоныс 
аударып қонбақ болған еді.
Түнде төр алдында қатар жатқан Әміре екеуіміз бір мезетте 
көзімізді ашсақ, басымызда үй жоқ, тек әр жерде қаңқайып 
ағаш төсек, кебеже сияқты үй ішінің кейбір заттары тұр. 
Таңғы салқын қандай суық, тұрайық десек дір-дір етеміз. Сол 
сәтте Әміре мені шынтағымен түртіп қалып: 


102
– Тоқташы, – деді басын көтере түсіп.
Бұлбұлдай сайраған бір дауыс еміс-еміс талып естілді 
құлаққа. Дауыста аздап діріл бар. Әсіресе сол дірілі жүректі 
елжіретіп, бойды билеп барады. Әміре шыдамады, атып 
тұрды.
Біз тұрғанда дауыс әлі сөне қойған жоқ еді, жақындаған 
кезде басыла қалды. Ешбір жан көрінбейді. Ауылдың барлық 
үйі жығылған, үюлі жүк, буылған тең. Қанқайған кебеже, 
жәшіктердің ара-арасымен іздеп келеміз. Әлден уақытта 
бір кебеженің түбінде кішкене тон жамылған қолтоқпақтай 
баланы көрдік. Қарасақ – Шәку.
– Ой, Шәку, – дедім мен, – ән салып отырған сен бе?
– Жоқ, – деп бетін басып күле берді ол. Өзі әбден тоңған.
– Әлгі әніңді айтшы,— деп Әміре азырақ әурелеп еді, бала 
қорықты ма, ұялды ма, білмеймін, жылап қоя берді.
Ауыл көшіп қонды. Әміренің есіл-дерті – әлгі Шәку. 
Шақыртып бала жіберсек, Шәку келмейді. Әкесі Жұмағұл: 
«Бар, антұрған, жасық боласың ғой деймін», – десе, тағы 
жылап қоя береді. Ақыры ауыл боп Шәкуге жалынып жүріп, 
әзер дегенде оның бірінші әнін тыңдадық. Шәку домбыра, 
гармонь дегендердің дауыстарын дәл басып ала алмады, 
өз бетімен айтты. Әміре оның даусын ептеп отырып, әуелі 
домбыраға дәлдеп алды. Сөйте-сөйте гармоньға қосты.
Қалаға қайтар кезде Әміре Мұсаны да, Шәкуді де алдына 
алдырып, өзінің үйреткен әндерін айтқызып, олардан 
кәдімгідей емтихан алды.
Әміре ұстаздық еткен сол Мұса Құлжановтың әншілігі 
Абыралы ауданынан асты, облыстан озды. Ол 1933 жылы 
жазда Алматы қаласында өткізілген бірінші олимпиаданың 
кезінде ән орындап отырып, сахна үстінде қайтыс болды. 
Мұсаның өлімі өте сирек кездесетін қайғылы бір оқиға болды. 
Оның өліміне Әміре қатты қайғырды.
Шәку жас әнші еді. Жаңа жетіп келе жатқан ол 1932 жылы 
он сегіз жасында елде дүние салды. Ат жетер жерге Шәкудің 
де әншілік атағы жайылды. Әміренің айтуынша Шәку ipi 
әншiлepдiң бірі бoлмақ еді, бірақ қыршын жас жастай кетті.
Әміре өз әншілігімен ғана қанағаттанып қойған жоқ. Ол 
бүкіл Семей облысы әншілерінің тәрбиешісі болды. Талабы 
бар талай жас әншілердің Әміреден сабақ алмағаны кемде-
кем.


103
СА*ЫНЫШ
Қалаға келгеніме бірсыпыра болған, сабақ оқығанымнан 
бос жүргенім көп. Денсаулық аз, басым айнала береді. Сонда 
да бұрынғы әдетімше Әміренің үйінен шықпаймын. Ол да 
менің келіп жүргенімді жақсы көреді. Әмірені бір мәжіліске 
шақыра қалса, мен жанторсық сияқты жанынан қалмаймын, 
бірге барамын.
Осылай той-думанмен жүргенімде Әміренікіне әкем 
келді. Әміре екеуі көп әңгімелесті. Әкем Әміреге менің 
денсаулығымның аздығын, сондықтан мені елге алып 
қайтатындығын айтты. Ұстазым екеуіміз әлгі жерде сүйісіп 
айырылыстық. Менің көзімнен жас та шығып кетті.
...Бір арбада үшеуіміз Шағылдың төскейінде бара 
жатырмыз, бетіміз – ел.
Әкем қасындағы жолдасына біресе қаланы, біресе қырды 
әңгімелеп келеді. Олардың сөзі менің құлағыма да кірген 
жоқ. Мен бірдемем ұмыт қалғандай артыма жалтақ-жалтақ 
қараймын. Ішімнен: «Қайран қала, қалдың-ау» деймін. 
Қаланың қызығы көз алдымда елестейді, елес ішінде Әміре.
Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Жалпақтың жазығы. Көз 
ұшында көгеріп көрінген Семейтау бір жақындатпайды. 
Біз қаладан шыққанда күн ашық еді, ерегескендей аспанға 
күздің сұр бұлты қаптады да кетті. Онсыз да жабырқап келе 
жатқан көңілім, сұр бұлтпен қоса сұрлана түсті. Жолға екі 
қонып, үшінші күні үйге зорға жеттік.
«Құлыным!» деп алдымнан әжем (әкемнің шешесі) 
шықты. Қазақтың бар қызығы мал емес пе, аздан соң әжем 
мені алып шығып, «міне, малдарың» деп маған мал көрсетіп 
жүр. Әңгімесін айтады, соның бәрі менің қаладан шыққалы 
ойлаған ойымды ұмыттырып жібере алмады. Бар ойым, есіл-
дертім – Әміре.
Сөз арасында айта кетейін, бір кезде әкем Иркутск 
қаласына барған болатын. Менің гармоньға құмарлығымды 
білетін ол, маған арнап он алты баспалы, бір ретті «тальянка» 
аталатын гармонь сатып әкелген-ді. Менің бар алданышым 
осы гармонь. Дүниенің мен үшін бар қызығы тек соған ғана 
байланысты сияқтанады да тұрады. Қолымнан гармонь 
түспейді, ойымнан Әміре кетпейді. Ауыл маңайында әйел 


104
босанып шілдехана болса, не қыз ұзатқан, келін түсірген 
той бола қалса, онан менің қалар күнім жоқ. Гармонымды 
арқалап жетемін. Әміреден үйренген әндерімді айтып, 
күйлерімді тартып беремін. Қыр халқы о кезде не білді, не 
көрді. Гармонның өзіне таңданып, әсіресе әйелдер қырылып 
қала жаздайды, олар гармоньды қолдарына алып, олай 
қарайды, бұлай қарайды. Әр жерін шұқиды. Сонан соң 
«сырнай», «сырнай» деп тамсанады, кейбіреулері «әй, орыс-
ай!» деп бастарын шайқап қайран болады.
«Ел құлағы елу» емес пе, менің ептеп гармонь тартып, ән 
салатынымды біреуден-біреу естіп, жұрт маған қос атпен кісі 
жіберетінді шығарды.
Ел жайлауда еді, Келгембай шақыртты деп маған кісі 
келді. Келгембай Күлмариям деген қызын Керей еліне 
ұзататын болған. Жігіттің жетегіндегі атына мініп, қара 
кигізбен қаптаған қара гармоньды қанжығама байлап алып, 
Келгембай ауылына бардым. Келсем, ақ отауды ауылдан 
оңашалау жерге тігіп тастаған. Ауыл айналасы ығы-жығы 
адам.
– Қайда түсеміз? – дедім жолдас жігітке, шеткі үйден өте 
беріп.
– Кекеңдікіне түспегенде қайда түсуші едің? Әрі жездең, 
әрі ақсақал, сәлем бермейсің бе және де өзі шақыртып отыр 
ғой, – деді жолдасым. 
Келгембайдың жездем екені рас, әкемнің апасын алып 
отыр. Бірақ өзі бір мазасыз адам болатын. Оның үйіне барғым 
келмей келе жатқам. Мені балдыз деп ойнай ма, әлде шын 
жек көре ме, кім білсін. Әйтеуір – отырсам опақ, тұрсам сопақ 
болып көрінетінмін о кісіге. Есікті ашып, кіріп келсем, үй 
толы кісі екен, алдымен менің көзім Келгембайға түсті. Ол оң 
жақтағы бетін сүйектеген ағаш төсектің үстінде шынтақтап 
жатыр, мен отырар отырмастан-ақ: 
– Уәй, сені ән салады дейді ғой! Кәне, айтып жіберші, – деп 
қойтас-қойтас қара бұжыр бетіндегі алақандай көзін аларта 
маған қарады. 
– Қоя тұрсаңызшы, кіргені осы ғой. Кішкене дем алып, 
сусын жұтсын, – деді тоқалы. 
– Шын жүйрік күй талғай ма, дыз етпе бірдеңе болса, өзі 
де түкке жарамай қалар, – деп сылқ-сылқ күлді Келгембай. 


105
Ішімнен ыза болып, булығып отыр едім. Қолыма гармонь 
тиісімен бастым кеп – «Үш досқа». Дауысым құлақтан 
өткендей болды. 
Әлгіндей емес, Кекең басын кетеріп:
– Өй, мына ит, мына өнерді қайдан үйреніп жүр? Әке-
шешесі түгіл, арғы атасы Төлебайдан бері «әу» дейтін кісі 
жоқ еді, – деп қарқылдай күлді. Күліп болған соң: – Әй...
тоқта, – деді маған, – сен бұл өнерді кімнен үйреніп жүрсің, 
соны айт? 
– Әміреден үйрендім, – дедім мен.
– Әміреден дейсің бе? Ол қай Әміре?
– Қашаубайдың Әміресі. Тарақты.
– Е... Ана жылғы Қажының тойында, жұртты таңғалдыр-
ған Әміре ме?
Әңгімемізді жастардан келген шақырушы жігіт бөліп 
жіберді. Сол тойда мен жұрттың аз да болса құрметіне 
бөлендім. Ойлаймын, бұл құрмет кімнің арқасы деп. Әрине, 
Әміренің арқасы ғой...
Алысырақта ат дүбірі естілді. Аздан соң «ассалау-
мағалайкум, уағалайкумәсселем» деген дауыстар шықты.
Үйге Мұса кірді, мені көрген ол Әмірені көргендей сезінді 
білем, бас салып бетімнен сүйіп жатыр.
Әңгіме жаңа жарасқандай болды, өйткені Мұса екеуіміздің 
мұңымыз бір. Әмірені еске алып, әрі-бері әңгімелесеміз де, «ал 
енді оның жақсы көретін әндерін айталық» деп домбыраны 
қолға аламыз. Сонан соң:
– Өй, олай емес, мына жерін ол былай айтатын, – деп 
бірімізді-біріміз алма-кезек түзетумен боламыз.
Той тарағанша, Мұса екеуіміз түйіскен тіземізді ашпадық. 
Әңгімеміз Әміре, сағынамыз, бір көрсек деп армандаймыз. 
Әміре қыс қалада болса, жаз елге шығатыны белгілі. 
Сондықтан, ол келіп қалар деген үміттеміз.
***
Ауыл көшіп жатыр. Қой маңырап, қозылардың шулағаны, 
сиыр өкіріп, жылқылардың шұрқырағаны, иттер таласып, 
балалардың жылағаны – бәрі қосылып, кең даланы 
күңірентіп жіберді. Үмітіміз зая кетпеді. Осы көшпен бірге 
арамызға Әміре де келеді.


106
– Қақсал «Қапшақ» жайлауында отыр, қымыз ішіп 
аттаналық. Қай үйіне барғанымызды жөн көресің? – деді 
әкем Әміреге.
– Топамбайдікіне барайық, – деді ол.
Топекең – қызық адам. О кісінің үйінде соға-соға шыныдай 
жылтыраған жиырма бір асығы, жүре-жүре шақпағының 
бояуы өшкен дойбы-тақтасы бар. Ойынға құмарлығы сондай: 
үйіне ешкім келмесе, асығы мен дойбысын дорбаға салып, 
қара кигізін қанжығасына байлап, ойнайтын кісі іздеп 
кетеді. Сонан ойыны әбден қанған кезде үйіне қайтады.
Біз Топамбайдікіне кірдік. Үйдегі үлкен-кіші түгел 
Әмірені құшақтады, сағынып қапты. Кірген соң-ақ әдетінше 
Топекең төрде тұрған ойын құралдарына жүгірді. Әуелі қара 
киізді жайып жіберіп, асық ойнадық. Онан жалыққандай 
болғанда дойбы ойналды. Ойынға құмарлығы сонша ол «әйдә 
жатасыңдар» деп біздің аттарымызды жылқыға қостырып 
жіберді. Ықтиярсыз қонатын болдық.
Ай қараңғы, көзге түртсе түк көрінбейді, асық ойналып 
жатыр.
– Апыр-ай, бүгін қойға қасқыр шаппаса не қылсын, – деп 
қойды Топекең асықты соғып жатып. Алшы тұрған қанды 
сұқ саусағының сыртына қондырып алып, енді қарғытайын 
дей бергенде, қотандағы қой дүр ете түсті. Сонда да ол асығын 
тастамады. Әміренің асық атқыштығы сондай екен, ұтылғаны 
үшін сия қарындашпен салған сақина Топекеңнің саусағына 
сыймай кетті.
Енді асықты Әміре соға бергенде, есіктен ентіге кірді біреу:
– Ұры түсірді, ұры!
– Қайда, қайда?
– Әбеңдікінде.
Бәріміз де тұра жүгірдік. Барсақ ұрыны байлап қойып, 
жұрт сабап жатыр екен. Жексенбінің Әбіші. Керегеге таңулы 
тұр сорлы.
Әбіш Әмірені көргенде жылап жіберді.
– Әбеке, – деді Әміре, – мына Әбішті мен білем. Үйінде 
тышқақ лағы жоқ, адалға асы жоқ. «Біреу тойып секірсе, біреу 
тоңып секіреді» деген. Бұл байғұс ұрлықты жоқшылықтан 
істеп жүр ғой, босатып жіберіңіздер. – Әбішке ала көзімен 
қарап: – Өзіңде де бар. Ұрлап апарған бір тоқты не болады 
саған? Онанда Абай айтқан кәсіпті істесең болмай ма?!


107
– Жарайды, – деді Әбдікей ақсақал, – Әміре айтты ғой, 
оған бір қасқырды байлайық. Бірақ ендігәрі біздің ауылдың 
ығынан жүруші болма, – деді де, Әбіштің байлауын шешті.
Топекеңдікіне келген соң Әміре:
– Мен әлгі Әбіштің бір қызығын айтайын, – деп бастады 
әңгімені, – жазғытұрым кез, жуанның жіңішкеріп, 
жіңішкенің үзілген шағы. Қыстағы соғым етінің жал-жая, 
қазы-қарталары ғана қалған. Ет баласы тек байларда болмаса, 
кедейлерде түк жоқ. Қарны ашқан Әбекең бір байдың 
шошалаға ыстау үшін іліп қойған еттерін көріп жүреді де, 
ұрламақ болып келеді, ел жатты-ау деген кезде.
Әбіш шошаланың төбесіндегі шаңырақ тесігінен қараса, 
жалшы әйел қалғып-шұлғып сүт пісіріп отырады. Қол жетер 
жердегі, көлденең ағашта ілулі тұрған қазы-қартаның ыс 
сіңген исі мұрынды жарып бара жатады. Етке қызығып 
кеткен Әбекең не болса о болсын «тәуекел» деп еңкейіп, 
қарманғанда қолына бір жая ілінеді. Енді көтеріп ала 
бергенде, семіз жылқының жайлы жаясы қойсын ба, Әбеңді 
аударып әкетеді. Ол жая-маясымен қайнап тұрған бір қазан 
сүтке күп ете түседі. Сүт отқа төгіледі, жалшы әйелдің есі 
ауып қалады. Сол кезде Әбең қашып құтылады.
Міне, жоқтық адамға не істетпейді дейсің, – деп бітірді ол 
әңгімесін...
***
Бейбіт сахарада өсіп-өнген қазақтың ерте кезде өзіне 
лайық ойыны болды. Ол «Сал ойыны» еді. Онысы өрескелдеу 
ойын болғанымен өз кезінде өз ортасына жарап жатты.
Барсақбайдың Әбіл, Келгембайдың Нұрмағамбеті тағы 
толып жатқан адамдар «Сал ойынын» ұйымдастырамыз деп 
халыққа жар салыпты. Ойынға мүшелік жарна: бір қой, 
бір саба қымыз. Мәжіліс кезекпен әрбір мүшенің үйінде 
өткізілетін болыпты. Әнші, күйші, балуан ойынға мүшелік 
жарнасыз, тегін қабылдансын депті.
Осы ойынға отыздан астам адам мүшелікке алынды. Ойынды 
басқару үшін бастық, орынбасар, хатшы және шабарман 
керек болды. Нұрмағамбеттің отауында көпшіліктің ұйғаруы 
бойынша бастыққа Әбіл, оның орынбасарлығына менің әкем 
Жақып, хатшылыққа Қадыр, шабармандыққа Тұрлыбек 
сайланды.


108
Әміре, әрине, әрі әнші, әрі ел-жұрт сағынған қонақ, ойынға 
құрметпен шақырылды. Оның көлеңкесінде мен де, әншілер 
қатарында жарнасыз қабылдандым.
Әншілерді сыннан өткізіп алу үшін Әміре бастатқан 
үш кісілік комиссия құрылды. Өйткені «әлә-ләкуді» 
білмейтін кісі жоқ, бәрінің де тегін ет жеп, тегін қымыз 
ішіп сайрандағысы келеді. «Әншімін» дегендердің әндерін 
тыңдайды да, Әміре «әлі үйрене түс» деп оларды қайтарып 
жібереді.
Буырлысын сипай қамшылап, бір мезгілде Мұса да жетті. 
Есіктен ыржия күліп кіріп келген Мұсаны Әміре құшағын 
аша қарсы алып, қасына отырғызды. Амандық сұрап болған 
соң қасындағы комиссия мүшелеріне қарап:
– Мынаған ән салғызайық па? – деді.
– Ойбай-ау, бұл Мұсаны білмейтін кім бар? Исі Абралыға 
атағы жайылған әнші емес пе? – деп шу ете түсті олар. Сөйтіп 
отырғанда Қоби кірді үйге.
Қобидің түбі тарақты, әрі әнші, әрі балуан жігіт.
– Әміре аға, – деді ол, әнімді тыңдайсыз ба, күшімді 
сынайсыз ба? Ойындарыңызға менің қатысқым келеді.
– Әніңді тыңдайын, күшіңді Нұрмағамбет біледі, – деді 
Әміре.
Әміре ұстатқан ақ домбыраны қолына алып, Қоби «Гауһар 
тасты» сызылта жөнелді. Айтып болған соң Әміре:
– Қарағым Қоби, дауысың тәп-тәуір екен. Домбыраны да 
жап-жақсы шертеді екенсің. Бірақ ән айтқанда аузыңды неге 
ашпайсың, тістенгеннен кейін даусың аузыңнан шықпай, 
астыңнан шыққандай боп тұр, – деді күліп.
– Болысы басқа, бір атаның ұлы ғой алынсын, – десті 
комиссия мүшелері.
– Жоқ, мәселе оның болысында, ата-тегінде емес, өнерінде. 
Бірақ өнерсіз жігіт деуге болмас, ал мұның күшін қалай 
сынайсыңдар енді? – деп Әміре Нұрмағамбетке қарады.
Алдын ала келіскен көпшіліктің шешімі бойынша кім де 
кім Нұрмағамбетті жықса, сол ойынға жарнасыз қабылдануы 
керек.
Қоби – көзге қораш, аласа бойлы, талдырмаш, қаңылдақ 
жігіт. Оның қасында Нұрмағамбет өркеші жоқ түйедей. 
Қымызға сіресе тойып, мұрын пыс-пыс етіп отырған 
Нұрмағамбет: «Шық», – деді Қобиға.


109
Ду етіп ел далаға шықты. Кілем төсегендей көк майса 
шалғынның үстіне жұрт алқа-қотан отыр. Нұрмағамбет 
Қобиды қорашсынып, тым-ақ дандайсып тұр. Ол сыртынан 
бір жеңілтек шекпен киді де, белбеуін жүре байлап:
– Әй, бері кел! – деді Қобиға. Анау тек тамағының түймесін 
ағытты да, белбеуін бостау буынып, Нұрмағамбетке жақындай 
берді. Ау дегенде Қоби бір іліп тастады. Нұрмағамбет 
шалқалап барып қалды, жығылмады.
– Ойбай-ау! Кесел ғой, мына бала! Мынау дәл Семей күресі, 
– деп ел шу ете түсті.. Сөйткенше болмады Қоби сарт етіп, 
Нұрмағамбетті іштен шалып алды. Нұрмағамбет екі аяғын 
кере тұра қалды. Елдің бәрі «а, а, а» – лап тұр.
– Нүке, көтеріп ал!
– Лақтыр, лақтыр!
Сәлден сон, Нүкең Қобиды тік көтеріп лақтырды, бірақ 
Қобидің шалған аяғы шықпады, мысық сияқты дік ете түсті 
де, Нұрмағамбетті қайырып әкеп соқты және өзі тізесімен 
жаныштай, оның үстіне түсті. Қоби тұрып кеткенде, 
Нұрмағамбет орнында жатып қалды.
– Ойбай, жалғызым-ай! – деп күрестің қызығын көруге 
келген әйелдердің ішінен бір жалпақ бет сары қатын тұра 
жүгірді. Жинала қалған ел опыр-топыр. Біреуі топырақпен, 
екіншісі сумен ұшықтап жатыр Нұрмағамбетті. Ішегі түйіліп 
қалған екен, көптен кейін есін жиды.
Мал сойылып, ет асылып жатыр. Қымыз сапырыла түсті. 
Әбіл төрелік тағына мінді. Ақ дегені алғыс, қара дегені 
қарғыс, оның рұқсатынсыз бір кісі бөгде дыбыс шығаруға 
хақы жоқ.
– Тыңдаңдар, жұрт, менің жарлығымды! – деді Әбіл, 
даусын көтеріңкіреп. Кімде-кім ойынның ережесін бұзса, 
менің жарлығымды орындамаса, оған жаза қолданылады. 
Жаза әртүрлі: бірінші – оннан жиырма беске дейін «қасық 
дүре» салынады. Екінші – ойыннан шығарылады.
Әбіл мен әкем ойынның күнделікті жүргізілетін 
тәртібін жасады. Бір мезгіл ән салынады, бір мезгіл балуан 
күрестіріледі, арасында тамақ ішіледі, сейілге шығылады, 
дойбы, асық ойнаудың да көрсетілген мерзімдері бар.
Төс қалтасындағы шынжыр баулы сағатына бір қарады да, 
Әбіл:
– Ал, қазір ән салынады, – деді Әміреге қарап.


110
Әміре әнді алдымен Мұсаға айтқызды.
– «Таң самалын» айтсам қайтеді? – деп ол Әміреден рұқсат 
сұрағандай болды.
– Айт, – деді Әміре.
Мұса домбыраның құлағын қаттырақ бұрап алып:
Жимаған мен бір сері дүние малын,
Өнерге келгенінше жұмсап әлін, 
Жігіттер, жүрегіңе салып тыңда, 
Әміренің қоңыр салқын таң самалын, – 
деп айта жөнелді.
– Әу-ей! Міне, Әміренің нағыз шәкірті!
– Талабы мол бала, талай таңдандырады әлі бұл! 
Әміре ендігі кезекті Қобиға берді.
– Аға, – деді ол. – Туысыңыз маған жақын болғанымен, 
жүрісіңіз осы елге жақын. Барыңызды Мұсаға төккен екенсіз, 
Көрмейсіз бе? Сіздің «Таң самалыңызды» да үйреніп алған.
– Сенің үйренуіңе де уақыт жетеді, былшылдамай айтып 
жібер бір қалаған өлеңіңді, – деді Әміре күліп.
– Ірі әншілер атақты әндерді айтады, бізге ауыл әндерін 
айтсақ та, жарап жатыр ғой, – деп күлімсіреді Қоби. Сөйтті 
де, «Екі ғашық дариғаны» айтты.
– Талабың таудай екен, бауырым, талапты ерге нұр 
жауады. Түрлі өнерден құр емес екенсің, оның жақсы. Өнер 
ішінде «ән» нәзік нәрсе, ол қара күшке келмейді. Әнші 
болу үшін адамда дауыс ерекшелігі болу шарт. Сонсоң, сол 
дауысты дұрыс пайдаланудың да жолдары бар. Сенің мына 
ән салу әдісің дұрыс жолға қойылмаса, ауыл арасындық қана 
құның болады, – деді ағасы.
Мұса мен Қобиға кезек-кезек ән салғызып, біраз тыңдады 
да, Әміре домбыраны өз қолына алды. О кісінің әдетінде ән 
салмас бұрын домбыраны құйқылжыта бір тартып алатыны 
болушы еді. Онысы күй де емес, құлақ күйі тәріздес бір 
өзгеше сарын. Оны тартқанда домбыраның әр пернесі асты-
үстіне қосыла күмбірлеп, ат дүбірі, бұлақ сылдыры, жапырақ 
сыбдыры естілгендей болатын. Сол сарынды саусақ сезімінен 
өткізіп алған соң барып, «міне, былай айту керек» деп екі 
жағында отырған Мұса мен Қобиға кезек қарады.
Үй толы кісі лебіз шығармай, демдерін ішке тарта қалды. 
Олар ұлы әншінің әнін күтіп отыр. Әміре:


111
Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша. 
Кішкенеден бірге өскен сәулем едің,
Өмірің аз ба, көп пе, уа шіркін, әлде қанша?!
Өттің жалған кештім сайран,
Жастықтың әсерімен салдым сайран. – 
деп барып тоқтағанда, жым-жырт орнағандай, тым-тырс 
отырған жұрт ду ете түсті.
– Уә, уәй!
– Өй, тәңір тілеуіңді берсін!
– Жаса, жаса!
– Ән, міне. Е, осылай айтсаңдаршы!
– Тағы да, тағы.
Еті қызғанда бауыры жазыла түсетін жүйрік тәрізді, Әміре 
енді «Перуайымға» басты. Ол керемет ащы екен.
«Дегенге, перуайым-ай, перуайым!» деп домбыраның 
тоғызыншы пернесіне даусын қосқанда, ән тыңдау үшін таяу 
барып отырған бір саңырау жігіт құлағын басты. Онымен 
қоймай әлгі жігіт басын сілкіп-сілкіп қояды. Елде ішек жоқ, 
күліп жатыр.
– Ойпырым-ай, мынаның құлағы тұнып қалды-ау!
– Өзіңде де бар, дүлей неме.
Әміре ақырын ғана бір мырс етті де, Мұса мен Қобиға:
– Сендер «Интернационалды» естідіңдер ме? – деді.
– Тырнасал... дейсіз бе? Ойбай-ау, өзіне тілім де келмейді, 
естігем жоқ. Сен естіген шығарсың, Семейге бара беруші едің, 
– деді Мұса Қобиға.
– Естідім, бірақ білмеймін, – деді Қоби. 
– Ендеше, үйреніп алыңдар, – деді Әміре.
Сөйтті де:
– «Оян, қарғыс, таңба басылған»... – деп салмақпен жайлап 
айта жөнелді. Бастан аяқ бір рет айтып шыққан соң Қобиға 
сөзін жазғызды. Артынан тағы қайталап өзі айтып шықты. 
«Енді маған қосылыңдар», – деп, үшеуі қосылып айтты.
– Менің сендерден сұрайтыным, – деді Әміре, – осы әнді 
жақсылап үйреніп алыңдар. Сонсоң басқаларға да үйретіңдер. 
Есіктен екі білегін сыбанған, алдына ақ алжапқыш 
байлаған жас жігіт кірді. «Дәм дайын, мына ортаны 
босатайық, қол жуыңыздар», – деді.


112
Тамақ ішіп болған соң Әбіл:
– Жігіттер, енді тоқбасар жасаймыз, серуенге шығамыз, 
күрес болады, – деді.
Ауыл сыртындағы көк майсаның үстінде күрес басталып 
кетті.
Қолына ұстаған құлаштай ағашымен жақындағандарды 
жасқап Әбіл жүр ортада. “Шәрри, шәрри!” дейді. Жігіттердің 
бірі жығып, бірі жығылып жатыр. Бір мезетте кезек 
Жұмахметке келді. Ол – ұзын бойлы, сом денелі, екі иығына 
екі кісі мінгендей жігіт. Тұлғасына қарап, оны балуан емес 
деп ешкім ойламайды.
Екі жарыла отырған елдің бір жағынан Серікбайдың Әділі 
шешінді. Екінші жағынан – Жұмахмет. Жұмахмет қалш-
қалш етеді. 
– Өй, Жұмеке, мұңың не? Тоңып отырмысың, әлде күшің 
тасып тұр ма? – дейді жігіттер.
– Ей, жығыламын десем болмайды мыналар. Қорқып 
тұрмын, – дейді Жұмахмет. – Бірақ, ана бір жылы, 
Қондыбай еліне құдалыққа барғанымда, осы сияқты мені 
күреске шешіндірген болатын. Мен сонда мұнан да жаман 
қалшылдағам. Тілеуіңді бергір түрімді көрген соң, шошыды 
ма, кім білсін, бір балуан беттесейші маған. Бірі де белдесуге 
шықпай қойған-ды. Сәтін салғанда, Әділ де сөйтер ме екен 
деп отырмын.
Әділ өйтпеді, шықты. Екеуі ұстаса кетті. Әділ талдырмаш, 
арық жігіт болатын. Екі балуан күрескенде, ел тыныш тұра 
ма, біреулері «шал-шал» десе, екіншілері «жамбасқа ал!» деп 
өз балуандарына әдіс үйретіп тұратын әдеті.
Әділ әлден уақытта Жұмахметті іштен шалып алды, 
отырған ел шу етіп түре келісті:
– Қайқайт, қайқайт!
– Болма, болма!
Әділ бір кез Жұмекеңді қайырып әкеліп соқты.
– Өй, үйген омақадай, қорбиған неме! – деп ұрсып жатыр 
жұрт Жұмахметке.
– Е, айтпап па едім. Жығылам десем өздерің болмайсыңдар, 
– дейді Жұмахмет.
Жұмахметтің кескінін көріп, сөзін естіп тұрған Әміре 
көзінен жас аққанша күлді.


113
Бұл ауылдағы мәжіліс осымен бітіп, енді жұрт екінші 
ауылға беттеді. Бір-бір атты жаратып мінген өңшең 
сылқымдар, атты әскердей қатар түзеп саулап келеді.
Ойын кезегі келген үйге келіп түстік, бұрынғыдай тағы 
да ән, түрлі ойын-сауықтар басталып кетті. Сонымен осы 
ойын отыз күнге созылды. Күнде бір қызыққа душар болып 
отырдық. Отыз күннен кейін Әміре қатты риза болып қалаға 
қайтты. Ол қайтар шақта жайлаудың да қызығы кетіп, сары 
жұртқа айналған кезі еді. Сағынып көрген әншіні бүкіл ел 
боп Семей сапарына шығарып салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   130




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет