Ауылың көшсе қонар Көлқопаға,
Ғашық ем, мен де өзіңдей бір ботаға.
Кебістің жалаңаяқ басын киіп,
Шығарып салушы едің тең ортаға, –
деп ойнақтата, желпінте салғанда бірден көз алдымызға ғашығын аңсап
тау себелей жортқан көшпелі жұрттың өнерпаз серісі келсе,
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен, –
деп, «Екі жиренді» сал сағынышпен боздата тербеткенде, әншінің бозба-
ла кезіндегі көш суретін санасында қайта жаңғыртып, көз алдынан ойша
өткізгеніне иланасың.
Тағы да бір мәрте Жүсекеңнің естелігіне жүгінейік:
«– Аузыңды тым көп аша берме, балақай, шыбын кіріп кетеді, – деп
қатар келе жатқан Жақыпбек күлді.
– Жақа, біздің ауылдың көші неге ондай емес? Аналардың көші қандай
жақсы. Түйенің үстіне қондырып қойғанын көрдің бе, жалт-жұлт етеді, –
деймін.
– Әй, Жүсіпбек-ай, қайтесің оны, сырты жылтырап, іші қалтырап
тұрғаннан сақтасын! Байлықты арман етпей-ақ қой. Жаның бай болсын,
бауырым! Жаны байдың жүзі жарқын, алды кең болады. Біздің содан
тапқан ырысымыз бар. Жаныңды жүдетпе.
Мен таң қалып:
– Жақа, сіз бай болуды қаламайсыз ба? – деп сұраймын.
Жақыпбек қарқылдап қатты күліп маған қарап, біраз тұрады да:
– Байлық сол: халық алдында қадірің болса, еліңнің әлпештеген,
аялаған қадірменді ұлы боласың... Соған жететін қандай байлық бар.
Байлық өз бойыңнан, түсіне білер ойыңнан табылсын. Ішің бай бол-
са, сыртқы байлыққа қызықпайсың. Сондықтан мені байлар өмірі онша
таңдандырмайды.
Мен түсіне алмай, аузым тағы ашылып кеткен болуы керек, Жақаң
қамшысының ұшымен төменгі ернімді көтеріп қойды.
– Әні, аузыңды тағы да аштың, жарайды, кейін түсінесің, жүр,
алдағыларға жетейік, – деп, атын тебініп қалды. Мен де құла тайымды
қамшылап соңына ердім. Біз көшке келіп қатарласа жүрдік. Жұрттың
бәрі шаршап қажыған. Күндегі әдеттері бойынша әркім өздеріне тиісті
жұмыстарын істеп келеді. Біреу мал айдап, біреу көш жетелеп, енді
бірі жүгі ауған түйенің арқанын тартып басып әбігерленеді. Арбаның
жанында келе жатқан Майлыаяқ та тілін салақтатып, дем алысы тым
жиілеп кеткен. Майланбаған арбалардың доңғалақтары шиқ-шиқ етіп
бұралаңдап, көшті басына көтереді»
3
.
Балалық шағынан санасына мөрдей басылған қыр елінің осы бір әдемі,
қайталанбас көріністері Жүсекеңнің есінде мәңгіге қалды. Арада алпыс
жыл өткенде әншінің сол көргендерін қаз-қалпында жазып қалдыруы
соның айғағы.
Хош, сонымен, Жүсекеңнің Қоянды жәрменкесін тұңғыш көрген сапа-
рына келейік: «Ауылды көшіріп әкеліп орналастырған соң, біздің ауылдың
азаматтары жәрменкеге жүру жайын қамдады. Алдымен сататын малдар-
ды, сауатын биелерді, жататын киіз үйді алып, бірнеше ауылдың адамдары
бірлесе жолға шықты. Қалғандары кейін жүрмек болды. Жүрер алдында
Жақыпбек біздікіне келіп, шешеме:
– Жүсіпбектің көйлек-көншегін жуып дайындаңыз. Ертең өзіммен
бірге ала кетем, – деді.
– Ол сендерге ілесе ала ма? Сендер ойын-сауық құрып, күндіз-түні
көпшілік арасында жүресіңдер. Жүсіпбекке ойынның қызығы жоқ қой,
аяғыңа тұсау болып жүрмесе?
– Ештеңе етпейді, әдейі апара жатырмын. Жақсы-жаманды көрсін. Бала
кездегі көргені әсте ұмытылар ма? Көре берсін, бәрін үйрене берсін, оған
сен ренжіме. Жеңешетай!
– Мен оған несіне ренжимін, қайта қуанам ғой! Балапаныңдай
баулып, бауырыңа тартып, тәрбиелесең алғыстан басқа не айтам. Сен
жеңгеңді саяз түсінетін әйелдердің қатарына қоса көрме, жарқыным! –
деп қалжыңдап күлді.
– Қымбат-ай, атыңа лайықты сенің бағаңды мен білмесем, онда менің
де түсінігім шамалы болғаны да! – деп аға күле жауап берді. Біріне-бірі
қалжыңмен сөз тастағанмен, қадірменді қайын мен жеңге екені көрініп
тұр»
4
.
Жүсекең анасы мен әнші ағасының арасында болған жарастықты
әңгімені ұмытпай жадына сақтап, кейін сол күйі қағазға түсірген.
Әңгіменің соңы Жүсіпбек ауылдың жігіттеріне еріп Қояндыға баруы-
на ұласады. Қоянды сапары Жүсіпбекке өнер әлемінің есігін ашты. Жол
3
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 15-б.
4
Бұл да сонда
12
13
үстінде Жақыпбектер тобы көрші Қабылбай ауылының серісі – Ақан
бастаған топпен жолығысып, Қояндыны бірге бетке алысады.
«Ақанның жанындағы жігіттер сәнді киінген. Бәрінің үстінде күрең
барқытпен тысталған пұшпақ бөрік, үстерінде бірдей қара мақпал беш-
пент, бәрі де қара кер ат мінген. Ортасында – Ақан. Астында ақбоз ат,
үстінде қала салтымен тігілген аппақ бешпент-шалбар, басында ақ елтірі
бөрік. Сыртынан жұқа шапан киген. Қолына қамшы орнына ұстағаны
жіңішке ақ сабау. Осындай бірыңғай киінген ақ боз атты, өңкей қара кер
атты, қара бешпент киген жолдастарының арасында бұлт арасынан шыға
келген ай сияқты көрінеді. Ақанның мынандай сәнді киінісі маған естен
кетпестей әсер қалдырды. Ақан – бірнеше болыс Бауыр бошанға, Кент,
Темірші елдеріне аты шыққан сері жігіт. Әкесі Жабылбай ауқатты шаруа
болған адам, бірақ Ақан мал жиып баю мақсатын көздемеген. Ол жасы-
нан-ақ сәнді киініп, жүйрік мініп, жанына өзі сияқты жігіттер ертіп, қыс
түссе бірінші сонардан бастап қыран бүркіт, жүйрік тазы ұстап, түлкі
жүретін қиын шатқалдарды қуалай аңның қызығымен айлап қонақтап
кетеді. Жазда қаршыға салып, ойын-сауық қуып, серуендеумен жүреді»
5
.
Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты
ғажап шығармасы бар. «Өмірі ертегідей әдемі» (Мағжан) атақты серінің
терең сырлы, тылсым өмірінен сыр шертетін осы еңбегінде Мағжан
Ақан серінің ел ішіне шыққандағы салтанатын ақындық шабытпен
кестелей дестелеген. Сондағы Ақан сері мен Жүсекең көрген өнерпаз
Ақанның жәрмеңкеге бара жатқан салтанатындағы ұқсастықтар қайран
қалдырарлықтай. Бірақ Мағжанның серісі мұқым қазаққа әйгілі болған,
өмірі де, өнері де ел жадында мәңгілік қалған Ақан емес пе?! Ал
Жүсекең көрген өнерпаз Ақан із-түзсіз кеткен болып тұр ғой. Тіпті,
Ақан деген өнерпаз өмірде болмаған ба дерсің. Себебі осы жолдардың
авторы да оның сол жерді ежелден мекен қылған қарқаралылықтардың
жадында қалмағанының куәсі болды және ол туралы Жүсіпбек
Елебековтің естелігінен басқа бірде-бір жазба деректер ұшырата алмады.
Осылайша ел есінен қаншама кемеңгер өнерпаздар, аяулы арулар, жел
жетпес жүйріктер өшіп кетті десеңізші! Отырықшы елдердің озбыр-
лығына ұшырап, отар елге айналып, бағыныштылыққа түскен себепті
көшпелілер мәдениетінің ғажайып өкілдері сал-серілер заманы келмеске
кетіп бара жатса да, талайы тайған қазақтың қисайған бағын ата өнерімен
түзеуге тырысқандай, сән-салтанатын атақты Ақан серіден бір кем
түсірмеуге талаптанған Жүсіпбек суреттеген Ақанның да сол аяулылар-
5
Бұл да сонда – 15-б.
дың бірінің тағдырын құшқанын аңғарамыз. Десек те, Жүсекең үшін
Ақан көшпелі заманның соңғы серісі болуымен қымбат. Жүсіпбек Біржан
салды, Ақан серіні көрмеді. Есесіне салдық сапарына өнерлі тобымен
шығып, тас түйін аттанып бара жатқан Ақандай өнерпаздың бейнесі
өспірім жасқа өзі айтқандай: «естен кетпестей әсер қалдырғанын»
бағамдаймыз.
Үш ауылдан бас құрап, ерте шыққан өнерлі топ тал түске дейін
Табалдырық, Шымылдықжал тауларын артқа тастап үлгереді. Бір уақта
лашындай қайқаң етіп, тік шырқаумен «Ардақ» әні көкке көтеріледі. Әнді
бастап айтқан Жақыпбек «Ардақтың» бір ауызын аяқтай бере, қамшысын
сермеп кеп қалады. Осы сәтте қалың жігіт бірден дүрк етіп, күркірей
жөнеледі. Өңшең бұлықсыған жастардың тасқындай шыққан үнінен тау-
тас жаңғырығады. Кейбір музыка зерттеушілері қазақта әнді қосылып
шырқау дәстүрінің болмағанын көлденең тартады. Жүсіпбек көзімен
көрген мына сәт ондай негізсіз пікірлерді жоққа шығарғандай. Әрине,
әншілер бұл жерде унисон дауыспен шырқаған болар деп шамалаймыз.
Әнді көп дауыспен айту қазақ мәдениетіне Кеңес үкіметімен бірге келген
жаңалық болатын.
Айғыржал тауын көктей өткен сауықшыл топ бесін ауа Қарасордың
жонына лекіте шауып шыққаны мұң екен, айналасы ат шаптырым кең
жазыққа қатар-қатар жәрмеңкеге тігілген киіз үйлер быжынап қоя береді.
Жәрмеңке орналасқан жазықтың бұлар көтерілген бетінің оң жағында
Тоқпан тауы, оған қарсы Балқантау, оның сол жағында Желтау, одан
таяуырақ Қоянды тауы менмұндалайды. Жәрмеңкеден Балықтыкөл мен
Қаракөл қашық емес. Жәрмеңке қызған кезде бұл көлдердің маңайы
құжынаған мал мен жанға сыймай кетеді. Құжынамай қайтсін, Қояндыға
шартараптан: бір шеті Мәскеу, Петербор, Түмен, Қазан, Омбы; бір шеті
Қытай, Ауғанстан, Ташкент, Бұхарадан ағылып керуендер келіп жатса!
Оған қазақтың сан қиырынан, Жетісу, Қызылжар, Көкшетау, Ақмола,
Семей, Кереку, Баянауыл, Сарысу, Нұра, Ұлытаудан үйір-үйір жылқысы
мен қисапсыз қойын айдап құлаған қалың елді қосыңыз. Міне, осы-
лай бір-бірімен мидай араласып, дуылдай қайнап жатқан жәрмеңкеге
Жақыпбектер тобы да келіп қосылады. Осы арада сөзіміз жалаң болмас
үшін Қоянды жәрмеңкесінің 1900 жылғы ресми статистикалық деректерін
келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Деректерге сүйенсек, сол жылы
Қояндыда 30 дүкен, 276 кішкене дүкен, және 707 киіз үй болды. Айна-
лыс қаржысы 1 664 9 60 мың сом. Сауда-саттықтың нақты нысаны – ауыл
шаруашылық малдары (жалпы айналымның 60%-ы) болды. Жыл сайын
сатуға 200 мыңнан астам жылқы, ірі қара, қой мен ешкі (60%-ы Жетісудан,
14
15
31%-ы Орталық Қазақстаннан, 7%-ы Қытайдан) әкелініп тұрды. Басқа
тауарлар – мал өнімдері, мануфактура мен бакалея (Мәскеуден, Қазаннан,
Омбыдан, Түменнен), бөз, жібек, кілемдер, кептірілген жеміс (Ташкент-
тен) жеткізіліп тұрды. Қоянды жәрмеңкесінің бір бөлігіне нан дүкендері,
моншалар, қымызханалар мен шайханалар орналасты. «Ақсүйектер квар-
талында» кеңселер, мейманханалар, медициналық, мал дәрігерлік және
полиция пункттері орналасты. Қоянды жәрмеңкесінде сауда ойын-сауық
көріністерімен (айтыстар, палуандар мен сиқыршылардың өнер көрсетуі)
қатар жүргізілді. Әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар шаралар (билердің
болыстық съездері, даулы мәселелер, жер дауы шешілді, алым-салық
жинаушылар халықтан салық алды) жүргізілді
6
. Бұл цифрлар Жүсіпбек
дүниеге келерден төрт жыл бұрын қағазға түскен деректер. Ал Жүсіпбектің
Қояндыға 8–10 жасында барғанын ескерсек, арада өткен 14 жыл ішінде
бұл көрсеткіштің әлденеше еселей түскені сөзсіз.
Жүсіпбек өз естелігінде барған күнінің ертеңіне Әбдірашит дегеннің
үйінде болғандығын айтады. Себебі қысы-жазы қымыз бен айран-
ды сусын етіп, ет пен қуырдақ қана жейтін қыр қазақтары бір мезгіл
Әбдірашит сияқты жәрмеңке аспаздарының (ұлты өзбек болуы мүмкін)
бұрыштап, пияздап пісірген манты мен палау сияқты таңсық астарының
дәмін татып қалуға тырысатын. Бір жағынан, осы себеп болса керек,
жәрмеңкеге барған күнінің ертеңіне Жақыпбектер тобы Әбдірашиттің
үйінде бас қосысып, Жүсіпбектің жолаяғын жасапты. Жақыпбек бұл үйде
отырып, бірнеше ән салады. Осы кезде Жүсіпбек өміріндегі ең естен кет-
пес оқиғалардың бірі орын алады. Ол Жүсіпбектің Мәдиді алғаш көрген
оқиғасы еді. Енді әншінің өз естелігі сөйлесін. «Ән аяқталып, әнші дом-
бырасын жанына қоя бергенде, сыртта біреу аттан түсіп жатқандай
болды. Сәл құлақ түргенше болмай, оның «Ғалия! Ғалия!» деген екпінді
даусы шықты. Сол-ақ екен, Жақыпбек домбырасын алып шырқай
жөнелді. Сырттан кірген жігіт әннің шырқын бұзбайын дегендей
босағада тұра қалып ән тыңдады. Үй ішіндегілер аңырып қарап
қалыпты. Жаңадан келген жігіт жасы отызға іліккен, орта бойлы, кең
иықты, қыр мұрынды, кішілеу отты көзді еді. Әнді бар ықыласымен ден
қоя ұйып тыңдап қалыпты. Үй іші жым-жырт. Әнге осынша ықылас
қойып, құрметпен тағзым көрсете тыңдаған адамды бірінші көруім.
Тыңдаушылардың ішінде қошемет көрсете, көңіл қоя тыңдайтындар
болмаса, құлағымен ғана қармайтындары көп қой. Ал мына кісінің
ән тыңдасы ерекше. Құлағымен ғана емес, бар жанымен мейірлене,
6
«
Қарағанды» энциклопедиясы. – 360–361-б.
беріле ұйып қалыпты. Мен келген кісінің кім екенін білуге асықтым.
Ол әркімге бір қарап: «Әлде бұлар мен сияқты әнге балқымай ма?» –
деп тұрғандай болды. Ол бұл отырғандардан ешкімді танымайтын-
дай, ән толқынымен бірге толқып, басқаларды ұмытқандай, көңілі
шартарапқа шарлап кеткендей кейіпте еді. Жан сезіміне ие бола ал-
май, өзінен-өзі балқып тұрған әлгі жігіттің толқыған көңілін бұзғылары
келмеді ме, әйтеуір бәрі де жайшылықтағы даурықпа, мағынасыз
сөздерден тыйылып, үнсіз дағдарып қалған-ды. Тек Ғалияға арналған
Балуан Шолақтың шабыттана көтерген әсем әні құйқылжып айналаны
шарлап кеткен еді. Ән біткен соң үйдегілер оған құрмет көрсете кезекпен
амандасып, төрден орын берді. Бұл жігіт бүкіл елге аты әйгілі қазақтың
ардагер ұлдарының бірі – Мәди болып шықты»
7
.
Біздің заманымызға Мәдиді көргендерден жазылып алынған біраз
естеліктер жеткен. Солардың ішіндегі ең үздігі Жүсіпбектің осы естелігі
дер едік. Мұнда Жүсекең Мәдидің жан құбылысын тап басып, оның әнге
деген құштар көңілін нанымды суреттеген. Жақсы әнді жаны сүйсініп
тыңдай білмесе Мәди бола ма? Әсем ән мен тәтті күйді жүрегімен
тыңдап, көңілімен сезіне алу, әйелдің аруын аялай ардақтай білу, сұлудың
есімін ән мен жырға қосу, жүйрік аттың дүлдүлін танып, жалпақ жұртқа
даңқты ету – осы үш қасиет дала серілерінің бұлжымас қағидасы,
азаматтық, өнерпаздық серті. Мәди бұл қасиеттердің ешқайсынан
құралақан болмаған. Осы уақытқа дейін соңынан неше түрлі қаңқу
сөздер, ғайбат өсек еріп келе жатқан Мәдидің жанының тереңдігі, ішкі
дүниесінің нәзіктігі осы бір ғана «Ғалия» әнін тыңдаған кейпінен көрініп
тұрған жоқ па?! Оның Жақыпбектей өнерпаздың бағасын білуінің өзі
неге тұрады? Атақты палуан Қажымұқанның Мәдиді көргені туралы
естелігі бар еді. Сонда даңқты палуан жұрттың бәрі өзін көруге жантала-
сып, көргендер таңырқасып жатқанда, қарсы ұшырасып қалған Мәдидің
бұған көз қиығын салмастан өте шыққанын айтады. Артынан «өзім
Мәдимін, сені неғылайын деген шығар» деп, өз жорамалын айтып күлген
екен жарықтық. Ал мына сәтте Мәдидің өзі палуан, өзі өнерпаз Балуан
Шолақтың «Ғалия» әнін есі кете тыңдағанының куәсі боламыз. Бұл кез
«Ғалияның» қыр мен сырға тегіс тарап, жалпақ жұртқа кең жайылған
уағы еді. Мәдидің де Жақыпбектің шырқауындағы осы әнге соншалықты
ынтазар болуында біз білмейтін бір сыр бардай. Мүмкін, ол Ғалияны
«Қараөткелді жыл қыстаған» қиын күндерінің бірінде көрген шығар,
қолымызда дерек, айғақ жоқ болғандықтан ештеңе дей алмаймыз.
7
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. – 21-б.
16
17
Осы естелікте айырықша назар аударатын бір деталь бар. Ол –
Жүсекеңнің суреттеуіндегі Мәдидің бет-келбеті, түр-тұлғасы. Жүсекең
Мәдиді «кең иықты, орта бойлы, кішілеу отты көзді еді» дейді. Осы
күнгі Мәдиді зерттеп, білдік деп тон пішушілер оны тап бір ертегінің
алып батырларындай қылып көрсетіп жүр. Осы орайда бұрынғы ескі
көздер мен Мәдиді зерттегендердің пікірлері (С.Бегалин, Ә.Бектасов,
Ж.Шәкәрімов, т.б.) Ж.Елебеков пікірімен үндес екенін айтқымыз келеді.
Ал қазіргі «мәдитанушылардың» дәлелдеуіне сенер болсақ, Мәди
бойшаң, екі иығына екі кісі мінгендей алып, бадырақ көз, тап бір қазіргі
голливуд жұлдызы Сильвестр Сталлоне сияқты біреу болып шыға келеді.
2005 жылы Қарқаралы – Егіндібұлақта Мәди Бәпиұлының 125 жылдық
тойы болып өтті. Екі күнге созылған дүбірлі тойдың екінші күнінде
Егіндібұлақ ауылдық әкімшілігінің алдында Мәдидің бюст-ескерткішінің
ашылуының куәсі болдық. Сонда не көрдік, не естідік дейсіздер ғой. Сол
баяғы қисынсыз, дәлелсіз әңгімелер тағы алдымыздан шықты. Ескерткішті
жасауға тапсырыс берушілер, оны сомдаушылар Мәдидің «үлкен көзін»
қалпына келтіріп, өздерінің түпкілікті жеңіске жеткенін жариялады. Шы-
нында да, бюстегі Мәди бабамыздың екі көзі тостағандай болып кет-
кен екен. Жиында сөз алған бір сыйлы ағамыз «біздің түбіміз ирандық,
сондықтан көзіміз осындай үлкен» деп соқты. Түркі өркениетінің бітіспес
қас жауы ретінде көшпелілермен ғұмыр бойы соғысып өткен (Кир мен Да-
рий патшаның біздің даламызға жасаған жорықтарын, «Алпамыс батыр»
және т.б. батырлық эпостарды еске түсіріңіз), бабаларымыздан «қызылбас»
деген ат алған парсылармен туысқан болсақ, жетіскен екенбіз деген оймен
біз тұрдық. Мәдидің осы күнгі қолымыздағы жалғыз суретін 1968 жылдың
қысында сол кезде небәрі 18 жастағы бозбала, болашақ өнер зерттеуші
Жарқын Шәкәрімнің Қарағандының серіктес қаласы Абай шаһарында
тұратын Мәдидің туған күйеу баласы Тоқаш Кәдікеевтің сандығынан
тапқаны мәлім. Аталмыш сурет сол жылдың наурыз айында облыстық
«Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған екен. Оны өткен ғасырдың
тоқсаныншы жылдары мұрағатта сақталған газет тігінділерін ақтарып
отырып өз көзіммен көрдім. Жалғыз суретін күйеу баласына өз қолымен
беріп тұрып: «1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шықтым. Мына
суретке сол жасырынып жүргенде түскен едім, басымдағы тымақты ал-
шын-жаппас елінің азаматы, абақтыда бірге болған жолдасым берген еді.
Осы сурет саған аманат», – деген екен қайран Мәди. Көп ұзамай есіл ер
1921 жылдың ақпанында Қарқаралы түрмесінің алдында, кеңес жен-
деттерінің қолынан оққа ұшты. Тоқаш Кәдікеев болса, осы оқиға орын
алысымен отбасын алып, Ресейдің Барнауылына қарай жылыстапты.
Мәдидің 1914 жылдың маусымынан сол жылдың тамыз айының аяғына
дейін үш айға жуық Атбасар түрмесінде отырғаны сонау патша заманы-
нан бізге жеткен 190 беттік «Мәди ісінде» тайға таңба басқандай болып
жазылып тұр. Суреттің анық Мәдидікі екендігіне тағы бір дәлелді
әңгімені 2009 жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысы Осакаровка
ауданының «Ошағанды» ауылының тұрғыны Жақан Тергеубеков айтқан
еді. Жақан ағамыздың айтуынша, 1995 жылы Семей – Қарауылда өткен
Абайдың 150 жылдық тойы кезінде оны Алматының ат спорты делега-
циясын басқарып келген Мәди Әлиев деген азамат арнайы іздеп келіпті.
Сөйтсе, М.Әлиев Мәдиге тымаған берген алшын-жаппас елінің азаматы –
Омар ақсақалдың немересі болып шығыпты. Тойға келгенде ойына алған
бір шаруасы – Мәди ұрпақтарына жолығу, атасының аманатын жеткізу
екен. Бірақ, Мәдидің өз кіндігінен ұрпақ қалмағанын қайдан білсін,
«сұрай, сұрай Меккеге жете-сің» демекші, Мәдиге аталас туысқан бо-
лып келетін Жақан Тергеубековті әрең тапқанға ұқсайды. Екеуара әңгіме
үстінде ол өзінің Атбасар түрмесінде Мәдиге жолдас болған Омар
ақсақалдың немересі екенін, атасы оған Мәди деген есімді тар жерде
жолдас болған досының құрметіне қойғанын айтып беріпті. Атасы
Мәдиге тымағын берген сәтін еске түсіріп, онымен бірге түрмеде
өткізген күндерін әңгімелегенде: «Ондай жігіт қайда, енді қайтып
тумайды» деп отырады екен. Омар ақсақал Оңтүстік Қазақстан облысы
Темірлан ауылын мекендеп, бертінде қайтыс болыпты.
Осы Тергеубековтер әулеті Мәдиге аталас туыс болып келеді. Екеуі
де Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпақтары. Мәди Қазыбектің Бекболаты-
нан тараса, Тергеубековтер әулеті ұлы бидің Сырымбет есімді баласынан
өрбиді. Осындай дәлелді деректердің барлығына қарамастан, Егіндібұлақ,
Қарқаралы мен Қарағандыдағы кейбір «мәдитанушы» ағайындарымыз өз
дегенінен қайтар емес. Қайта ерегісе түскендей, 2005 жылдың жазында
жергілікті бір суретшіге Мәдидің суретін салдырып, оны «Қарқаралы»
аудандық газеті «міне, нағыз Мәди осындай болған» деп, сүйіншілей
жариялады. Бұл сурет те «әсіремәдитанушылардың» қиялының жемісі
екені көрініп тұр. Еңсегей келген, екі көзі алақандай суретті көргенде, бас
шайқаудан басқа амалымыз қалмады. Жүсекең өз естелігінде Мәдиді «орта
бойлы, кішкене өткір көзді» деп анық айтып отыр. Демек, Мәди Бәпиұлы
ірі денелі, үлкен көзді адам болмаған. Мәдиді алып болған, үлкен көзді
болған дегеннен не ұтамыз? Қазақтың ханы Абылайдың сүйегін зертте-
ген антрополог Оразақ Смағұлов ағамыз ұлы ханның бойының 1 м 64 см
болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді
8
.
8
Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу, авторлары: Оразақ Смағұлұлы, Мұхтар
Қожаев, Айнагүл Оразаққызы, 1999. – 117-б.
18
19
Сол сияқты халқымыздың елдік мұраты жолында қайыспай күрескен
қас батыр һәм ұлы жырау Махамбеттің сүйегін таныған антрополог Нояль
Шаяхметов, бабамыздың бойының 1 м 69 см болғанын анықтады. Абай-
мен көп жылдар бойы айқасып өткен Оразбай да томашадай кішкене адам
болған деседі. Бұған Оразбай Меккеге тақалғанда іш ауруымен ауырып,
қасиетті жерге табаны тию мұң болғанда Ыспан деген інісі ағасын бой-
ына шақтап жасаған сандыққа салып алып өткендігі дәлел . (Ол уақытта
қажылар іш ауруынан (дизентерия) көп өлетіндіктен, Меккеге мұндай
қауіпті ауру жұқтырғандарды жібермеген)
9
.
2006 жылы зерттеуші Жарқын Шәкәрім Мәдидің кинопленкаға түскен
бейнесін тапты. Бір кереметі, 1968 жылы табылған суретпен Мәдидің
кадрға басылған бейнесі айна-қатесіз ұқсас болып шықты. Осыған не
дейсіз?! Мәди кинопленкаға қалай түсіп жүр десеңіз, оған да дәлелді
жауап беруге болады. Сол үшін Қазақстандағы кинотүсіру тарихына
үңіліп көрдік. Сөйтсек, қазақ даласында алғашқы киносюжеттер түсіру
жұмыстары 1920 жылдан басталыпты. Дәл осы жылы Ресейдің Мәскеу
сияқты ірі қалаларынан жасақталған операторлар тобы Қазақстанды
аралап жүріп, «Соңғы хабарлар» атты киножурналдар түсіргендігін пуб-
лицист Камал Смайылов ағамыздың кезінде дәлелдеп жазғаны бар еді.
Ресейлік киногерлер түсірген киносюжеттердің тақырыптары мынандай
болып келеді: 1-мамыр және Қазан төңкерісіне арналған мерекелік ше-
рулер; Қарсақбай мыс қорыту зауытының іске қосылуы; Жосалы шаруа
артеліндегі егін жинау науқаны; Қоянды жәрмеңкесіндегі сауда-саттық;
Түркісіб теміржолын салушылар мен Қарағанды кеншілерінің ауыр,
бейнетті еңбек сәттерінен көріністер. Біздің ойымызша, Мәди киноплен-
каға Қоянды жәрмеңкесін түсіру кезінде таспаланған. Өйткені бұл кез
Мәдидің кеңес өкіметінің орнауына байланысты түрмеден босап, ер-
кіндікте жүрген шағы болатын. Жанында отырған екі әйел: бәйбішесі –
Қази мен тоқалы – Дина болар деп топшылаймыз. Ал кинотүсірушілер
не себепті Мәдиді таңдаған деген сауалға – өз заманында Мәдидің қазақ
сахарасындағы ең атышулы адамдардың бірі болғанымен байланыстырар
едік. Қай заманда болсын, алыс сапарға шыққан жиһангездер (географ, эт-
ногроф, суретші, фотограф, операторлар және т.б.) жат жерде ұшырасқан
атақты адамдарды алдымен бейнелеп қалуға тырысқан. Өйткені тарих
үшін ешкім білмейтін қарапайым адамнан, өз заманының даңқты
адамдарының бәсі қашанда жоғары. Жиһангез-саяхатшылар осы жағына
баса мән берген. Олай болмаған күннің өзінде жергілікті жөн білетін
9
Бекен Исабаев. Ұлылар мекені. – Новосибирск, 2001.
қазақтар: «Біздің Мәди деген батырымыз бар, өзі дәл қазір осында, жәр-
меңкеде жүр, сіз-дерге нағыз керек адам сол» деп түсірушілер тобына
кеңес беріп, жөн сілтеуі әбден мүмкін ғой. Мәдидің кинопленкаға түсі-
ріліп алынған тұңғыш қазақтың бірі болуының сыры осы себептерге
байланысты болса керек.
Мінеки, Ж.Елебековтің Мәдиді сипаттаған «...орта бойлы, кең иықты,
қыр мұрынды, кішкене өткір көзді еді» деген бір жол естелігінен қаншама
ойлар, пікірлер туды. Мәди мен Жүсіпбектің кездесуін тарқата, тарата,
жіліктей жазудағы мақсатымыз: кейінгі буын ақиқат пен өтіріктің ара
жігін ажырата алатын болсын деген ниет; шындықты жалғандық жауып
қалмасын дегендік.
Ал кейбір зерттеушілердің Мәдидің көзін көпе-көрінеу үлкейтуге
тырысушылығын – өз басым бодандық сананың зардабы деп ойлаймын.
ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардан бастап, еуропалықтар азиялықтарды
бағындырғаннан кейін оларды қысық көз, жалпақ беттілер деп кемсіт-
кеніне, мазақ қылғанына кәрі тарих куә. Қазақ халқы да бірнеше ғасырға
созылған орыс отаршылдығынан кейін өзінің қысық көзіне, жалпақ
бетіне қорынатын жағдайға жеткені жасырын емес. Әсіресе, бұл үрдіс
кеңес дәуірінде тіпті анық сипат алды. Әсілі, қысық көз болу – соншама
қорынатын кемшілік пе? Ұлы Мағжан:
Достарыңызбен бөлісу: |