178
179
Сағынғанда көзіме жас келеді,
Ақ туын Кенесары тіккен жері, –
деп, Иманжүсіптің әнін ыңылдап қойып, баяғы өзі естіген, көрген жай-
лардан әңгіме шертеді. Осындай көңіл күйде екеуі Көкшетауға жетіп,
Оқжетпестің түбіндегі сауықтыру шипажайына орналасады. «Көкшетауға
барсам, жазылам», – деп өзі айтқандай, Жүсіпбекке Бурабайдың салқын
сабат, таза ауасы майдай жағады. Дәрігерлердің жасаған емі де шипасын
беріп, Жүсекең Алматыға дертінен айыққандай болып оралады.
Көкшетауда Әбілда Тәжібаев оған Құрманбектің өлімін естіртеді.
Театр өнерінің қарт тарланы Шымкентке, туған еліне барған сапарында
кенеттен қайтыс болыпты. Жүсіпбектің денсаулығына алаңдап
жүрген ақпейіл жан осылайша күтпеген жерден бақиға аттаныпты.
Құрманбек пен Жүсіпбек сонау отызыншы жылдардан дос-жар болатын.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің Онкүндігінде
астананың талғампаз көрермені Күләш – Қыз Жібекке, Құрманбек –
Бекежанға, Шеге – Манарбекке ерекше ризашылықпен қол соғып, баспасөз
біткен осы бір үш дарынның айрықша өнерін жамыраса, мадақтай
жазысқан-ды. Содан бері Құрманбек театрдан бір сәтке де қол үзбеген
еді. 1969 жылы Абай атындағы Опера және балет театрында «Қыз
Жібектің» 1000-қойылымы болды. Шау тартқан Құрманбек сол жолы
бейне бір жігіттік шағына қайта оралғандай, Бекежан бейнесінде
жарқылдап сахнаға шықты. Бұл қойылым Алматы жұртшылығын қатты
тебірентті. Күләштің орнын өзінің шәкірті Шабал Бейсекова басыпты.
«Орнында бар оңалар» деген осы да. Жүсіпбектің есінен сонда Манар-
бек кетпей қойған. Саңлақ әншінің соңында жолын жалғастырар шәкірт
те қалмады. Жүсіпбекке Манарбек өмірден өз бағасын алмай кеткен
өнерпаз болып көрінетін.
1977 жылы Жүсіпбек Елебеков бүйрек дертімен аурухана төсегіне
таңылды. Дәрігерлер өзара кеңесе келе, ауру бүйрекке ота жасау керек
деп шешті. Басқа амал да қалмаған. Өйткені ол бүйрек рагіне ұшыраған
еді. Көп ұзамай ауру бүйрекке ота жасалды. Отадан соң ол көп ұзамай
үйіне шықты. Жүсекеңнің беті бермен қарағандай болған. Тіпті, ол
жүріп-тұруға жарап, шәкірттерінің сабағына қатысып, жұмысқа ба-
рып-келуге шамасы келетін болды. Алайда оның бұл күйі көпке со-
зылмады. Ол қайтадан төмендей бастады. Сондай күндердің бірінде
Жүсіпбек Хабибаға өзінің соңғы арман-өтінішін айтты. Ол туған жері –
Қарқаралы – Егіндібұлақ – Қойтасты соңғы рет көріп, ауасын жұту еді.
42 жыл отасқан қосағының ақырғы тілегін орындау үшін Хабиба Жүсекеңді
алып, пойызбен Қарағандыға қарай жол тартты. Бұл жолы олар жалғыз
емес еді. Хабибаның өнер ұжымы – М.Әуезов атындағы академиялық
драма театрының әртістері де Қарағандыға гастрольдік сапармен бара
жатқан.
Жүсекең жол бойы пойыз терезесінен Арқаның боз беткейлі, ұшы-
қиырсыз кең даласына телміріп қараумен болды. Оның көз алдында бүкіл
өмірі тізбектеліп өтіп жатты. Ол мынау кербез тауларды, анау шалқыған
көлдерді, өзен-суларды, тобылғылы, нұралы, ақселеулі, боз көделі кең
өлке Сарыарқаны соңғы рет көріп отырғанын жан-жүрегімен түйсінді.
Іштей үнсіз бақұлдасты. Хабиба мұның барлығын көріп-біліп, сезіп
отырды. Кейін өзінің естелік кітабында: «Әдебиет пен өнер адамдары,
оның ішінде ақындар мен ақынжанды әншілердің өмірмен қоштасуы
басқалардан бөлек болады екен», – деп жазды.
Хабиба әжеміздің айтуынша, Жүсекең өмірінің соңғы айларында
Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін күңіреніп қайта-қайта айта
беріпті.
Достарыңызбен бөлісу: