Бағдарламасы бойынша шығарылды т 78 ТӨлеутай е



Pdf көрінісі
бет47/65
Дата23.09.2022
өлшемі15,1 Mb.
#39929
түріБағдарламасы
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   65
Байланысты:
4e45f92ea0ff4fec2c6ff574a05c0dce

Эпилог орнына
Міне, құрметті оқырман, осымен Жүсіпбек Елебеков жайлы кітаптың 
соңғы нүктесін қойғандаймын. Алайда бір айтылмаған сөз қалғандай,
«бір қайнауы ішінде кеткендей» көңіліңді алаң ойлар иектейді. Иә, не 
айтылмай қалды? Былай қарасаң, бәрі жазылған сияқты. Бірақ ойлана 
келе, біраз дүниелердің қағаз бетіне түспей қалғанына көзім жеткен кезде
жаныма бір сәт мазасыздық бұлты үйіріліп, көңілімді беймағлұм 
қобалжулар билеп кетеді. Десем де, мен өзім таныған әншінің өнегелі
өмірі мен тағылымды өнер жолын қарым-қабілетім жеткенше үңіле 
зерттеп, өз дәуірімнің көзімен қағаз бетіне түсірдім деп ойлаймын.
Осыны дәтке қуат қыламын. Артық-кемін, қадірменді оқырман қауым, 
өздеріңіз безбендерсіз деген ойдамын.
Аталмыш кітапты жазу мен «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі
фильм түсіру бір мезгілде жүзеге асырылды. Жалпы, өткен 2012 қоян 
жылын, негізінен, әнші Жүсіпбек Елебековтің шығармашылығына ар-
надым десем де болады. Соның нәтижесі – қолдарыңыздағы Жүсіпбек 
Елебековтің өмірі мен өнер жолы жайында жазылған кітап пен Шәкен 
Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Хабибаның 
Жүсіпбегі» атты деректі фильмі дер едім. 
Ал енді осы «Хабибаның Жүсіпбегі» атты деректі фильмнің қалай 
түсірілгені жайында бірер сөз. Аталмыш фильмді түсіру өткен 2012 
жылдың көктемінен бастап қолға алына бастады. Бірде, Шәкен Айма-
нов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы Дидар Амантай маған 
Жүсіпбек Елебеков жайында фильм түсіру туралы ойларын айта келіп: 
«Жүсіпбек Елебековті дәл Хабиба апамыздай кім терең тани білуі
мүмкін. Оның үстіне апамыз 96 жасқа келіп отыр, биыл түсірмесек ертең
кеш болып қалып, бармағымызды тістейміз. Қаншама есті естелік, 
құнды деректер апамыздың өзімен бірге кетеді», – деді. Осы ойын ол 
«Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаев ағамызға да білдіріпті. Ерекең 
бұның кезек күттірмейтін дүние екенін, тез арада бастау керектігін ай-
тып, бірден фильм түсіруге бөлінетін қаржы, қажетті құжаттарды
реттеуге пәрмен беріпті. Осыдан соң, жазушы Дидар Амантаймен біріге 
отырып, деректі фильмнің сценарийі жазылды. Фильмді «Хабибаның 
Жүсіпбегі» деп атауды да Дидар Амантай ұсынды.
Сөйтіп, 2012 жылдың көктемінен түсірілім жұмыстары басталып 
кетті. Алдымен фильмнің режиссері Тілеген Ахметов екеумізге Хаби-
ба әжемізден жеті сағат сұхбат жазып алудың сәті түсті. Басында жасы 
келген кісі ұзақ әңгімеге шыдас бермес деп қауіптенгеніміз рас. Бекер 
уайымдаған екенбіз. Күтушісі Күлпанның айтуына қарағанда, Хабиба 
әжеміз бұл сұхбатқа бірнеше күн дайындалыпты. Біз келеді деген күні, 
тіпті, ұйықтамай, түнімен ойланып, толғанып шығыпты. 
Сонымен, сұхбат басталып кетті. Мақсатымыз – мүмкіндігінше
Хабиба әжеміздің көкірек көмбесіндегі шерлі шежірені түгелдей
қотарып жазып алу. Түс ауа операторымыз кинокамераның «шарша-
ғанын», сұхбат сапасына сенімді болу үшін камера ауыстыру қажеттігін 
айтты. Әжемізге үзіліс беріп, шайға отырдық. Сүт пісірім уақытта
екінші камера құрылып, дайын болды. Түскі астан соң, сұхбатымыздың 
екінші бөліміне кірістік. Шаршап қалады-ау деп қауіп қылған әжеміз 
«шын өнерді» енді бастады. Тап бір арқа біткендей аруақтанып, айдын-
данып кетті. Тиегі ағытылып кеткен әсерлі, сырлы әңгімелер бізді шым-
шымдап тұңғиығына батыра берді. Осыдан жетпіс-сексен жыл бұрын 
болған оқиғалар бейне бір жан бітіп тірілгендей, бірінен соң бірі тізіліп 
көз алдымыздан өтіп жатқандай күй кештік. Қариямен бірде бірге күлсек, 
бірде қосыла жыладық. Бір есімізді жисақ, сыртқа қараңғылық түсіпті.
Күн әлдеқашан батқан. Әжеміздің әңгімесінің түбі көрінер емес. Сұ-
рақтарды да мол дайындаған екенбіз. Бір кезде операторымыз камераның 
мүлде қызып кеткенін, әрі қарай жазу мүмкін еместігін айтты. Амалсыз- 
дан сұхбатымызды үзуге мәжбүр болдық. Қызықты һәм мазмұнды 
әңгімесін өрмектей өріп отырған әжеміз: 
– Неге тоқтадыңдар? Не болды? – деді. Мен болсам: – Апа, камера-
мыз шаршап қалды. Осымен жапонның мақтаулы екі аппаратын бол-
дыртып тастадыңыз, – деп едім, – А, солай ма? – деп жадырай күлді. 
«Жапонның мақтаулы екі камерасын болдырттыңыз» дегенге кәдігімгі-
дей мағмұрланып қалды. Сөйтіп, түсірушілер тобы күн батырып, түн 
түсіріп үйімізге қайттық. Кейін бірнеше күннен соң келіп сұхбаты- 
мызды қайыра жалғастырдық. Ол жолы үш сағаттай тоқтаусыз жаздық. 
Сонымен, кейіпкерімізден бір ғасырлық ғұмыры бүкпесіз баяндалатын
он сағаттай сұхбат жазып алдық. (Қазір ол кісі 97 жаста). 
Шілде айында түсірушілер тобы Қарағандыға аттандық. Қаланың
өзінен киіз үй тауып, қойылымдық сахналарды түсірдік. Одан әрі 
бағытымыз – Қарқаралы, сосын Семей. Барлығы Жүсекеңнің табаны
тиген, балалық, бозбалалық, жігіттік шағы өткен жерлер. Қарқаралы 
ауданының Тоқтар Әубәкіров ауылына қарасты «Шортанды» шаруа 
қожалығында (шаруа қожалығының төрағасы Аман Түсіпов) бірнеше 
қойылымдық көріністерді таспаладық. Дегенмен, діттегенім – Жүсіп- 
бектің кіндік қаны тамған үйдің орнын және Қарабатыр әулетінің 
қорымы болып саналатын «Қара бейітті» табу еді. Өйткені 1984 жылдан 


184
185
бері, Жүсіпбек дүниеге келген ескі жұрттың орны мен «Қара бейіттен», 
басқа жұртты былай қойғанда, әншінің туған-туысқандарының өзі көз 
жазып қалған болатын. Сол себепті Жүсіпбектей халқымыздың аяулы 
өнерпазының алтын бесік туған жері ел жадынан өшіп кетпес үшін және 
кейін бұл мекенге арнайы жолы түскен жандар болса адасып, мехнат 
шекпей, жаңылмай табатын бір белгі қою ертеден ойымда жүрген іс бо-
латын. Соның сәті енді келгендігін түйсініп, ойға алған істеріме фильм 
түсіру жұмыстары басталып жатқан тұста қамдана бастадым. Алдымен 
1984 жылы бейіт басына барғандарды іздестірдім. Өкініштісі, соңғы 
барғандардың барлығы дерлік о дүниелік болып кетіпті. Тек Қарағанды-
ның серіктес қаласы Абай шаһарында тұратын Жүсекеңнің қарындасы 
Айтбанудан туатын жиені Сырым Әбішевті іздеп табудың сәті түсті. Ол 
кісі Жүсіпбектің туып-өскен жеріне әншінің туған інісі Жүнісбекке еріп 
барғанын, ол кезде жас болғанын, сол себепті көп нәрсені аңғармағанын, 
бірақ егер ескі жұрттың орны жатқан Қойтастың жолын білетін адам
болса, «Қара бейітті» табуға болатынын, осыдан отыз жылдай бұрын 
көргенде үш қабырғасы бүтін тұрған бейітті көрсе, қазір де тани алаты-
нын айтты. Тек қолға алған ісімнің нәтижелі боларына Хабиба әжеміз
сене қоймады. Ол кісі «Қайдам, таба алар ма екенсің? Соңғы рет
2004 жылы қаншама адам жабылып, нешеме мәшинемен шығып ар-
найы іздегенде, таба алмап едік. Білетіндердің барлығы өліп қапты, енді 
бір білетіндерді кәрілік жеңіп, жадынан шығарған. Бұрын бір рет барған
менің өзім де маңайды мүлде бағдарлай алмадым. Жыпырлаған қалың 
төбелерді аралап-аралап құр қайтып едік», – деді.
Осындай күптілеу көңілмен жолға шықтық. Алдымен Қарқаралы-
дан Егіндібұлақ барып, одан әрі бұрынғы аудан орталығынан қырық 
шақырымдай қашықтағы Өсібай ауылына барып түстік. (Бұрынғы
«Қаратау» кеңшары). Бізді Өсібай ауылы, Н.Нұрмақов атындағы ауыл-
дық округтің әкімі Октябрь Мұздыбаев қарсы алды. Әңгіме үстінде
әкімге осы ауылдан 1984 жылы Қойтасқа барған Алтынбек Жұмашев 
деген кісіні тауып беруін өтіндік. Өйткені бұл кісінің сол жылдары 
«Қаратау» кеңшарының директоры болған Сапарбек Ақынов деген
кісінің жүргізушісі болғанын естіп-білген едім.
Мың болғыр әкім бауырымыз Алтынбек ағамызды лезде алдымызға 
келтіртті. Алтекеңнен жөн сұрай бастадық. Ол кісі де әңгімесін «ол кез-
де жас болдық, мас болдық қой» дегеннен бастады. Жүсіпбектің жұрты 
мен «Қара бейіттің» есінде жоқ екенін, бірақ Қойтасқа апаратын ескі 
жолды ұмытпағанын, әлі де тауып бара алатынын айтты. «Директордың 
шопырының» бұл әңгімесінен кейін көңілімде үміт оты маздай түсті; жо-
лымыз болатынына деген сенімділік пайда бола бастады. Өйткені жаны-
мызда «Абай» қаласынан ертіп шыққан Жүсіпбектің жиені Сырым қарт 
бар еді. Ол кісі болса: «Қойтасты тауып берсеңдер, «Қара бейітті» та-
бам, оны тапқан соң Жүсіпбектің жұртын табу қиын емес, өйткені ескі 
үйдің орны «Қарабейіттен» сол жаққа қарай таудың ішіне сұғына кірген
қуыста болатын», – деді. Бірақ бейіттің таудың қай беткейінде орналас-
қанын айта алмады.
Сол күні кештете «Қойтасты» бетке алып аттанып кетпекке қам 
жасадық. Ондағы ойымыз түнделетіп болса да нысаналы жерімізге 
мейлінше жақындап алу. Ертеңіне таң біліне Қойтасқа қарай шығып кетіп, 
күн көтерілгенше таудың бауырына ілігіп алып, бірден іздеу жұмыстарын 
бастап кетсек, сөйтіп, қас қарайғанша ескі жұртты іздеп тапсақ дейміз. 
Ауыл әкімі бұл жоспарымызды қолдап, қоштап, өзінің де бізбен бірге
баратынын айтты. Өстіп екі көлік болып жолға шықтық. Сапарласта-
рымның құрамы: режиссер Тілеген Ахметов, оператор Владимир Стары-
гин, ауыл әкімі Октябрь Мұздыбаев, Жүсіпбектің жиені Сырым Әбішев, 
ауыл әкімінің шопыры Сайран Жексенбаев, Қойтастың жолын көрсе- 
туші Алтынбек Жұмашев, біз мінген көліктің жүргізушісі Нұржан 
Құрманалиев және осы жолдардың авторы. 
Өсібайдан шыққан бетте Жамантас тауын бөктерлей өтіп, Омарғали-
дың Қызылқұдығы, Ащы деген жерлерді артқа тастадық. Ертеде бұл
жерлер Омарғали деген байдың мекені болыпты. Бай да тегін жерді жай-
ламайды ғой, жерінің оты, суы қайтпаған, әлі күнге дейін құлпырып 
тұр. Ащыдан асып Сауыт деген жерге келгенде қас қарайып, күн батты. 
Сауыттың бойы өртеніп жатыр екен. Сумаңдаған қызыл жалын айдаһар- 
дың тіліндей аспанға шапшиды. Қызыл жалқын бояуға малынған терістік 
жақ көңілге қорқыныштан гөрі аяушылық ұялатады. Қаншама шөп, 
өсімдік, аң-құс, шыбын-шіркей қырылады мына дүлей өрттен. Деген-
ше болған жоқ, жолымызды соңында әлі қарақанаттанып үлгермеген
балапандарын шұбыртқан көгала үйректің аналығы кесіп өтті. Байғұстың 
балапандары әлі жас, ұша алмайды. Сонда да келе жатқан дүлей өрттен 
ұрпағын аман алып қалу үшін далбасалап қашып барады. 
Көз байлана Айыртасқа жеттік. Осы жерден Жүсіпбектің атамекені
басталады. Ауыл әкімі Айыртастан Қойтастың 40 шақырым екенін,
жолдың тура жартысын жүріп өткенімізді, әрі қарай мүлде ел жоқ 
екенін, қазір осы тұсты жайлап отырған бір шаруа қожалығына барып 
қонатынымызды айтты. Сұлбасы ғана байқалатын жолмен ілбіп жүріп 
келеміз. Әбден түскен іңір қараңғылығы шөп өсіп кеткен ескі жолдың
өзін көрсетпеуге айналды. Жүргізушілер машинаның жарығымен 


186
187
тіміскілеп жүріп жолдарды тауып алғандай болады. Сөйтіп адасыңқарап 
келе жатқанда әлгі айтқан шар-уа қожалығын таптық. Бірақ біз
көлігімізден түсе бастағанда-ақ, үйден шығып қасымызға келген бір кісі 
шаруашылық иесінің үйде жоқтығына байланысты бізді қондыра ал-
майтынын айтты. Амалсыз көлігімізді кері бұрдық. Октябрь жолдас бес 
шақырымдай жерде тағы бір малшы қыстағы бар екенін, сонда барып 
қонатынымызды айтты. Әйтсе де, көңіліміз қоңырайып-ақ қалды. Қазақ 
қоғамына жиырма жыл ойнақ салған жабайы нарық өз дегенін істеп 
үлгеріпті. Басынан сан қилы замандарды өткергенде еш тарықпаған 
қазақтың қонақжай пейілін затсыз-тексіз қайдағы бір жабайы нарық сан-
сыратып жібергендей. Қадам басқан сайын алдымыздан нарық салған 
ойранның ізін көріп келеміз. 
Тас қараңғылықты машинаның жарығымен осқылап жүріп іздеген 
қыстағымызды таптық. Қыстаққа кіре бергенде тайыншадай төбет күмп-
күмп үріп қарсы алды. Шаруашылық иесі Дәулет Әубәкіров деген аза-
мат та жолаушылап кетіпті. Үйде Алена Осипова деген күтуші орыс әйел 
бар екен. Бағанағы өз қазағымыз ұмытқан қонақжайлықты осы орыс 
әйелден көрдік. Бізді самбырлай қарсы алды. Жаңа әзірдегі қыстақтағы 
«көңілсіз қарсы алудан» жүрегі шайлығыңқырап қалған ауыл әкімі біздің 
жағдайымызды түсіндіріп жатыр. Ол болса: «Қоныңыздар, үй жетеді», – 
дейді ағынан жарыла, жарқылдап. Көңіліміз көтеріліп қалды. Осы тұста 
бір қызық оқиғаны тағы айтпасқа болмайды. Ауыз үйде маздап пеш жа-
нып жатқан. Кәдімгі сонау замандардан келе жатқан қазақы пеш. Шамы 
жоқ қаракөлеңке қорада әлгі пеш дүр-дүр етіп, жан-жағына сәулесін
шашып, шалқи жанғанда жаныңды бір беймәлім сезімдер билеп, қай-
дағы-жайдағылар еске түседі. Кәнігі кинооператор Владимир Старыгин: 
«Ғажап! Мұндай сәттерді құр жіберуге болмайды», – деп жалма-жан ка-
мерасын оқтады. Сол кезде тура құлақ түбінен шар еткен айғай шықты. 
Айғайдың ащылығынан құлағым тұнып қалды. Жалт қарасам Алена. 
Володьяға ұрсып жатыр. Сөйтсек, үй иесі жоқта ештеңе түсіруге бол-
майды екен. Біздер өзімізше бұл пешті ертең «кинодан» көрер болса,
Алена түгілі үй иесі Дәулеттің де танымайтынын айтып түсіндірмекші 
болып едік, онымыздан түк шықпады. Орыс әйел үзілді-кесілді қарсы 
шықты. Володья еріксіз аппаратын жинауға мәжбүр болды. 
Таңсәріде бәріміз Аленаның айғайынан ояндық. Онда кінә жоқ, ерте 
оят деген өзіміз. Мың болғыр Алена бұзау етінен қуырдақ қуырып, 
кешегі «киноға түсу бақыты бұйырмаған» пешке шай қайнатып қойыпты. 
Қол жуып кеп, таңғы асқа отырдық. Қуырдақ кәдімгі мейрамханада
берілетін атақты «телятинадан» да дәмдірек шығыпты. Қаймаққа 
қуырылған астан ауыз тигенімде Алматының бір мейрамханасында
«телятина» деп кәрілеу сиырдың етін бергені есіме түсті. Шай үстінде 
Алена бұл бұзаудың қуырдақ болу тарихын да айтып үлгерді. Аяғы
сынған байғұс бұзау қиналмасын деп малшыларға сойғызып тастадым 
дейді. 
Есік алдына шықтық. Күн шығуға айналыпты. Асай-мүсейлерімізді 
көлікке артып, жүруге қамданып жатыр едік, кешегі пешін түсіртуге 
жарамаған Алена мына қырдың аржағындағы «Роза бұлағымызды»
түсіре кетіңдер деп өтініш айтты. «Роза бұлақ» дегенге елең ете қалып,
неге олай аталатынын сұрадым. Орыс әйел самбырлай жөнелді. 
Қазақшасында бір «акцент» болсайшы. Судай ағып тұр. «Бұ бұлақты 
өзіміздің Розаның құрметіне қойғанбыз», – деді мақтанышқа толы үнмен. 
«Қай Роза?» – деймін, «жергілікті жұлдыздардың» бірі шығар деген
оймен. «Неше Роза бар ед, Рымбаева Роза», – деп шарт ете қалды. 
«Роза мұнда қашан келіп еді», – деп сұрадым таңырқап. «Совет үкіметі 
кезінде келген, ауылымызға концерт қойды. Сосын әншіні сол бұлақтың
жағасына апарып қонақ қылдық. Біздің бұлағымызды мақтап су ішті, 
сосын біз оны «Роза бұлақ» деп атап кеттік», – дейді Алена мақтана. 
Алматыдағы әртіс түгілі ауылдағы әкімдердің аяғы жете қоймайтын 
түкпірге ерінбей барып концерт берген Роза апамызға ішім жылып
қалды. Өнерпаз үшін халықтың махаббатынан қымбат не бар? Қандай
атақ бар? Шалғай ауылдың әлдеқашан қазақ болып кеткен орыс әйелі 
«Біздің Роза» деп тұрған Роза әнші қандай бақытты, – деп ойладым. 
Осындай жақсы ойлардан көңіліміз жадыраған біздер Қойтасқа қарай 
бет түзедік. Түнде айналаны бағамдау, әсте, мүмкін емес. Сөйтсек,
Айыртас дегеніміз – шынында да, түйенің өркешіндей айыр біткен қос 
шоқы екен. Көлігіміз ыңыранып Айыртастың иығына шыға келгенде
айнала маңай алақандағыдай тегіс көрінді. Алдымызда мұнартып Шет 
шоқы, Орта шоқы көрінсе, одан әрі Қойтастың сұлбасы қарауытады. 
Қойтасқа күн көтеріле жеттік. Келе қолатты, қойнаулы өлкені түре 
сүзуге кірістік. Ісіміз нәтижелі болу үшін шашырап жатқан төбелерді
беталбаты, жөн-жосықсыз кезе беруден сақтанып, өзімізше әдіс қол-
дандық. Өйткені бірінен-бірі аумайтын қалың балақ төбелер сені оңай
шатастырып, тез жаңылдыртады. Біздің алдымызда келген іздеушілер 
осыған ұрынған тәрізді. Мен көлік жүргізушілерге балақ төбелерді 
пұшпақтап арылтуды ұсындым. Жоқ іздегенге бұл таптырмайтын тәсіл. 
Сөйтіп, төбенің айналасын белгілі бір жүйемен кезіп, адақтай арыл-


188
189
та бастадық. Қойтастың айналасы жиырма шақырым шамасында ма 
деп қалдым. Әр қойнауына сұғына кіріп, қайта шығамыз. Күн еңкеюге
айналды. «Қара бейіт» таптырар емес. Енді бірер төбеден кейін бағана 
таңертең келіп кірген тұсқа қайтып оралмақшымыз. Сырым қария 
дегбірсізденіп отыр. «Мына тұста сияқты» деген жерлерінің бәрін сүзе 
тінтіп келеміз. «Қарабейіт» жер жұтып кеткендей таптырар емес. Көңіл 
күйіміз түсе бастады. Әйтсе де, «қайтсек те табамыз» деген сенімнің
күшімен алға ентелеп келеміз. Осылайша бір жатаған төбені айналып, 
келесі қуысқа кіре бергенімізде, қарсы алдымыздан «Қарабейіт» жарқ 
ете түсті. «Дәл өзі, осы», – деп Сырым қарт айқайлап жіберді. Көзінен 
ыршып-ыршып жас та шығып кетті. Таяп келіп жапырласып көліктен 
түстік. Бейітті айнала көріп жатырмыз. Кәдімгі шикі кірпіштен қаланған 
төрт құлақ бейіт. Археология ғылымына сүйенсек, бұл тәрізді бейіттер 
қазақ сахарасында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде бой 
көтере бастайды. Кеңес өкіметі орнағаннан мұндай үлкен бейіттер соғу 
ісі тоқтатылған. Бір жарым ғасырға таяу құламай тұрғанына қарағанда, 
жылқының қылы, ешкінің майы дегендей қазақы құрылыс материал-
дары қолданылған сияқты. Әйтсе, де уақыт өз дегенін істепті. Соққан 
жел, жауған жауын мүжи-мүжи бейіттің жел көп соғатын батыс жағы 
мен оңтүстік шығысы құлап түскен. Сырым қария: «Осыдан отыз жыл 
бұрын көргенімде үш қабырғасы аман тұр еді» дейді. Ішінде көп адам
жерленгені байқалады. Кейбіреулерінің қабір топырағы ортайып ішіне 
түскен. Ара жігін ажырату үшін кезінде қабірлердің бас жақтарына 
қойылған қой басындай тастар да жерге сіңе түсіпті. Бұл бейітке 
Жүсіпбектің бабасы Қарабатыр, атасы Балғабай, анасы Қымбат, әнші
ағасы Жақыпбек, тағы да бірнеше кісі жерленген көрінеді. Отырып, 
аруақтарға Құран бағыштадық. Сіркіреп жауын жауа бастады. Оператор
зыр жүгіріп барлығын түсіруге үлгеріп қалуда. Бейіт басында жарты
сағаттай аялдадық. Енді ескі жұрттың орнын табу қалды. «Енді ол
оңай, – деді Сырым қарт – қазір мына қуысқа бойлай кірсек болды, 
ескі жұртты табу қиын емес». Расында да солай болды. Қуысты бой-
лай сәл жоғары шыға бергенде ескі жұрттың орны көзімізге оттай ба-
сылды. Бәрімізден Сырым қария мәз. «Тура осы ара, – дейді. – Мына 
бір үйлердің іргесінен Жүнісбек марқұм бала кезде тыққан асықтарын
тауып алған еді. Ол кезде балалар бір-бірінен асықтарын жасырып,
тығып ұстайды екен. Сондағы тыққан асықтарын көзімізше қазып алды. 
Бірақ барлығы шіріп кетіпті», – деді. Ескі жұртты аралап көріп жүрміз. 
Шикі кірпіш пен таудың тасын араластыра қаланған тоқал үйлер.
Көбісінің қабырғалары құлап қалған. Жермен-жексен болып шөге
түскен. Ызыңдап жел ескенде иесіз жұрт ыңыранып аянышты дыбыс 
шығарғандай болады. Соңғы жылдары адам аяғы баспаған ескі жұрт 
құлазып тұр. Маңайда тірі жан жоқ. Жүгірген аң, ұшқан құс көрінбейді. 
Иесіз мекенді тастап, бәрі ауып кеткен тәрізді. Жаныңды жабырқататын 
көңілсіз, сұрқай көріністер. Кеңес өкіметі орнамай тұрған ХХ ғасырдың 
басында осынау қойнаулы өлкеде қалың ел сыңсып отырыпты. Оған
куә – осы күнге дейін «пәленнің қыстауы, түгеннің құдығы» атала-
тын, арасы 5–7 шақырым болатын ескі қыстаулардың құлазыған жұрты,
аңғал-саңғал үңірейіп тұрған ескі бейіттер мен қорымдар. Оған 
куә – мұрағаттарда сақталған құжаттар. Мәселен, 1929 жылға дейін
Қарқаралы ауданында 50 мыңнан аса халық болса, 1933–32 жылғы 
ашаршылықтан кейін небәрі 10 мыңнан сәл асатын жұрт қалған. 
Ескі жұртты қалың шөп басыпты. Тек күлтөкпелер сол күйі жатыр. 
Бұл жерлерге көптен бері мал аяғы тимегені байқалады. Мал түгілі бұл 
маңайдан аң-құс жортпағаны көрініп тұр. Неге екені белгісіз, неше күндік 
сапарымызда бірде-бір түз тағысы ұшыраспады. Кейін бұның сырын ел 
ішінің есті адамдарынан естіп білдік. Олардың айтуынша, қара күзден 
бастап, бұл өңірдің аң-құсына маза жоқ көрінеді. Соңғы үлгідегі мер-
ген мылтықтармен қаруланған, астарына неше түрлі қарға батпайтын
шетелдік көліктерге, жүйрік, ұшқыр шаналарға мінген еріккен шенеу-
ніктер, Қарағанды, Семейдің тексіз «жаңа байлары» бұл өңірдің арқары 
мен елігін, түлкісі мен қоянын, қарсағы мен күзенін қыс бойы қынадай 
қырып салатын көрінеді. Соның салдарынан осыдан жиырма жыл бұрын 
жыртылып-айырылатын аң-құс тегіс түгесілуге айналған. Шынында да, 
табиғат ана бауырындағы жүгірген аңымен, ұшқан құсымен сәнді екен. 
Елсіз дала, малсыз жайлау, аң-құссыз мекен көзге суық тартып, көңілге 
ауыр әсер қалдырады. Сондай ауыр ойлармен езілген еңсені сіркіреп 
жауған жауын одан сайын баса түскендей.
Келесі қырдың астында «Шыбынтай бұлағы» болуы тиіс. («Шыбынтай 
қорасы» деп те айтады). Ақыры келген соң, сол бұлақты да көре кетпек
болып, бір қыр асып түстік. Бұрын көрмеген, білмеген жерлер. Жүсекең-
нің айтқан естеліктері бойынша іздеп жүрміз. Көп ұзамай бұлақты
таптық. Бұлақ бастауын топ шіліктен алады екен. Айналасы жұмсақ 
шым. Бассаң шып-шып су шығады. Су етекке қарай жылап ағып жатыр. 
Жағасындағы шөптің қалыңдығы кеуде қағады. Бала Жүсіпбектің талай 
асыр салып ойнаған жері. Осы бұлақтан «әкесі атын суарған, шешесі
келіп су алған» шығар. Жоғарыда айтып өткен Шыбынтайдың Рымбегі 
балуан адам болған. Болғанда, қара күшіне семірген нойыс немелердің 
бірі емес, есті, ояу азамат болған деседі. Сол заманда осы төңіректі 


190
191
жайлаған елде Абайдың кітабы екі-ақ адамда болыпты. Соның бірін 
осы Шыбынтайдың Рымбегі аяқ артып жүрген жалғыз атын түсіп беріп, 
елге алып келген көрінеді. Жүсіпбектің Абай өлеңдерін жатқа білуінің 
сыры, кейін ұлы ақын әндерінің ең үздік нұсқаларының орындаушысы
болуына – осы Рымбектің жалғыз атына айырбастап алған кітабының
әсері мол болған. Бұрын бұлақтың айналасын бойлап қалың шілік, 
тал-дарақ өскендігі білінеді. 1959 жылы шілде айында гастрольдік са-
пармен келген Жүсіпбек Елебеков қасына Мақат Рымжанов, Сұңғат
Нығметжанов, Төкен Қашқынбаев деген ел азаматарын ертіп барып, 
ата қыстауына қайың ағаштарын отырғызған көрінеді. Осы жайында
1994 жылы Қарқаралы аудандық газетіне өз естелігін (23 мамыр 1994 
жыл) жариялаған Серік Мусиннің айтуынша, Жүсекең отырғызған 
қайыңдар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында жайқалып 
өсіп тұрыпты. Сол қайыңдардың қазір бірі де қалмаған. Соңғы жыл-
дары жойқын болған дала өрттерінен қолдан еккен қайыңдар түгілі ну
тоғайлар тегіс күйіп, түгі қалмай жойылып кеткен.
Жүсекеңнің айтуы бойынша, Қойтастың ең биік жері «Сарыобалы»
деп аталған көрінеді. Бірақ оны танитын бұл күнде ешкім қалмаған.
Амалсыз быжынаған төбелердің ең биіктеуіне шықтық. Көңілімді
«Сарыобалы» осы деп сендіргендей болдым. Расында да, солай сияқты. 
1943 жылы Жүсіпбек Семейге гастрольдік сапармен келеді. Сол жолы 
Жүсекең өзі ауылдан кеткен сонау 1931 жылдан бері бір көруге зар
болған Сарыобалысына келудің ретін табады. Араға 12 жыл салып
бір-ақ оралған Жүсіпбек келген бетте Қарабейіттегі аруақтарға 
Құран бағыштапты. Ескі жұртта бір күн түнеп, ертесіне күн көтеріле 
Сарыобалының биігіне шығып, толқыған көңілмен «Ардақ» әнін 
шырқапты. (Бұл деректерді де куәлендіруші, әншінің жары Хабиба
Елебекова екенін айта кеткіміз келеді. – Е.Т.) Бағанағы өзіміз келген
тұстан Айыртас, Шетшоқы анық көрініп тұр. Келесі бетте мұнартып 
Мыржық, Дегелең, Абыралы таулары көрінеді. Әрі қарай ұлы Абайдың 
елі – Семей өлкесі басталады.
Ойға алған мақсатымызға жеттік. Іздеген жоғымыздың барлығын 
таптық. Жақыпбек әнші жерленген «Қарабейітті», Жүсекеңнің ата-
мекенін мұқияттап кинотаспаға түсірдік. Иықтан бір ауыр жүк
түскендей, жеңілденіп қалдым. Төбеден түскен соң, етектегі алаңқайдан
бір уыс жусан жұлып алып, домбырамның қабына салдым. Домбыра 
демекші, осы сапарды бірде-бір қарқаралылық домбырамен ән айтуды 
сұрамады. Кешегі Тәттімбет пен Мәдидің елі домбыраға суық тартқан. 
Осыдан жиырма жылдай бұрын аралағанымда бұл елдің өнерпазға
деген құрметі, ән тыңдауға деген құштары, әншіге деген қошеметі 
күшті еді. Енді оның бірі жоқ. Домбырамды көргендер «мұны неменеге 
арқалап жүрсің» дегендей, немқұрайды ғана көз тастайды. Иә, ел өзгеріп
кеткен. Мұның аяғы қайда апарып соғар екен?
Қайтарда Егіндібұлақтың басындағы Ғаббас Айтбаевтың бейітіне 
соқтық. 1929 жылы ауылсовет төрағасы болып тұрғанда жұмбақ
жағдайда өлтірілген Ғаббас өз заманының ең мықты әншісі болған. 
Бұған А.Затаевич куәлік етеді. Тіпті, музыка зертеушісінің жазбала-
рында Әміреден гөрі Ғаббастың әншілігіне ден қою басым. Мәскеудегі 
А.Затаевичке Ғаббас өлімін естірткенде, қазақ музыкасының жанашыры 
егіліп жылаған деседі. Сол Ғаббастың бейіті 1986 жылға дейін қараусыз 
жатты. Тіпті, оның қайда жерленгені жұрттың жадынан шығып кетіп еді 
десе де болады. Тек сол жылы Серікбай Көрікбаев деген ағамыз қазіргі
ауыл әкімі Амантай Дәуітбаевқа көрсеткен екен. Ол кезде Амантай 
ағамыздың Егіндібұлақ ауданының мәдениет бөлімін басқарып жүрген 
кезі. Биыл егіндібұлақтықтар Ғаббас әншінің бейітіне белгі қоймақшы 
болып жатыр екен. Басы-қасында Амантай Дәуітбаев жүр. Әнші 
қабіріне тәуеп етіп, Құран бағыштадық. Түнеріп тұрған аспан шатырлап,
іле-шала нөсер жауын құйып кетті. Бетімізді сипасымен жүгіріп барып 
көлігімізді паналадық. Жаңбыр тоқтар болмады. Жауын астымен жолға 
шығып кеттік. 
...Қазан айында «Хабибаның Жүсіпбегі» көрерменге жол тартып, 
отандық телеарналардан көрсетілді. Тек кітап сәл кешігіп шығып отыр. 
«Ештен – кеш ...» деген. 
Ал Жүсіпбектің жұртынан алған бір уыс жусанды Хабиба әжемізге
әкеп бердім. Ол кісі дірілдеген әжімді қолдарымен жусанды аялай
ұстап, бір сәт үнсіз иіскеп отырып қалды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет