Каракесек Кәрсөннен шықты Көпбай
Шықты да сөне қалды жанған оттай, –
дейтін Көпбай осы Әбікеннің атасы болып келеді. Көпбай өз заманының
ықпалды ерлерінің бірі болыпты. Соның бір белгісі – оның Құнанбаймен
аға сұлтандыққа таласуға тәуекел еткені. Алайда, Қаз дауысты Қазыбек
бидің шөбересі Алшынбай бидің: «Көпбай, сен өкпелеме, мен жейтін
боғымды жеп қойдым. Менің Құнанбаймен құда екенімді білесің ғой.
Құнанбайдың аты озып кетті. Енді буынсыз жерге пышақ ұрма», – деген
сөзі Көпбайға тоқтау болып: «Осы сөзіңіз ғой бізді тоқтататын, осы
сөзіңіз», – деп ренжіп үйден шығып кетіпті. Бұл Көпбайдың жалын-
даған жас кезінде болған оқиға болса керек. Ел аузындағы деректерде
Көпбай Қарқаралыда қазмайыр болып тұрған шағында жастай қайтыс
болды делінеді. Шөженің: «Шықты да сөне қалды жанған оттай» деуі
Көпбайдың жастай қайтыс болғанын меңзегені болса керек. Көпбайдың
бейіті осы күнгі Шет ауданы Ақшағыл ауылынан 12 шақырым жер-
де Қаратал өзенінің алқабындағы Жыланды тауының етегінде тұр.
152
153
Көпбайдан Рақыш, Мұқыш, Сәдуақас, Хасен деген төрт ұл туыпты. Осы
ұлдарының ішінен Көпбайдың ізін басып, сөзін ұстағаны Хасен бол-
са керек. Әбікеннің Хабибаға айтқан естелігінде: «Әкеміз әлді шаруа
еді. Мені жасымнан ел билігіне араласуға баулыды. Бірақ мен өнер жо-
лын таңдадым» – деуінде осы сыр жатыр. Жазушы, зерттеуші Ақселеу
Сейдімбектің дерегіне сүйенсек, Хасен баласы Әбікенге Алтайдың Каре-
ке руынан шыққан Нұрлан байдың Күлше деген қызын қалыңсыз алып
береді. Бұл орайда Нұрланның атақты Қияштың баласы екенін айтсақ
та жеткілікті. Заманында Қияш басынан дұшпан сөзін асырмаған бетті,
дала шонжары болған. Мінеки, Хасеннің осындай текті жерден баласы-
на қалыңсыз қыз алып беруі – оның да осал болмағанын аңғартса керек.
«Бірақ мен өнер жолын таңдадым» – деп Әбікеннің өзі айтқандай, бар
зейіні, ықыласы күйге біржола ауған ол жатпай-тұрмай өнер үйренеді.
Сондағы оның алғашқы ұстазы өзінің немере ағасы Сәдуақастың
Мақашы болады. Мақаш арқылы қырық тармақты «Балбырауынды»
бабымен балбырататын Баубекке ұшырасып, одан осы күйдің бір нұс-
қасын алып қалады. Бұдан соң талапты жас күй бұлағы – қыпшақ
Итаяқ күйшіні іздеп барып, одан Дайрабай күйлерінің қыр-сырына
қанығады. Енді оның бар арманы Арқа күйшілік мектебінің Тәттімбет
пен Сайдалы Сары Тоқадан кейінгі ең ірі өкілі Қыздарбектің алдын көріп,
батасын алу еді. Ол заманда Қыздарбектің маңайына өңкей дәулескер
күйшілер бас қосысатын. Қыздарбектің айналасына жиналған Әбди,
Сембек, Ақмолда, Кәрібек, секілді дәулескер күйшілер бірінен-бірі өнер
асырып, берекелі елдің мерекесін шырайлы күймен кіргізіп жатқан шақ
еді бұл. Қыздарбектің күмбезді күй ордасының ең кенже өнерпазының
бірі ретінде Әбікен аталған күйшілердің барлығынан үлгі алады. (Ақселеу
ағамыз Итаяқты шұбыртпалы руының күйшісі дейді. Алайда Итаяқтың
осы күні Шет ауданы Бұрма ауылында тұратын ұрпақтарымен кездес-
кенімде, Итаяқтың руы қыпшақ екені белгілі болды. Итаяқтың бейіті
Бетпақтың Арқа бетінде әлі күнге дейін құламай тұрған көрінеді. – Е.Т.).
Осылайша бірнеше жылғы үзбей ізденіс пен тынымсыз еңбектің
нәтижесінде күйшілік шеберлігі кемелденіп, өнерпаздық бабына кел-
ген Әбікен ойын-тойдың көркіне айналады. Дәулескер күйші деген да-
бысы Қуандық пен Қаракесекке тегіс жайылып, шертпе күйдің шын
шеберіне айналғанын күй сүйер қауымға паш етеді. Сұлу жары Күлшеден
Жаһанша, Дәлелхан атты екі ұл, Шапи, Баяу есімді қос қыз сүйеді;
басындағы бағы – өнері, атадан қалған мол дәулет бар, бір уақыт
Әбікенннің даңқ пен дақпырттан, баршылық пен бақыттан басы
айналғандай болады; өзін төңірегіндегі төрт құбыласы тең жанның екеу
болса бірі, бір болса, бірегейіндей сезініп, аяғы жер баспай, айналасы-
на бір сәттері астамси қараған күндерді де басынан кешеді. Бірақ «ба-
ста дәурен тұрмайды...» дегендей, уайымсыз, қамсыз серінің сауық-
сайранға толы ертегідей өмірінің астан-кестенін шығарып, асты-үстіне
келтіретін, жалғыз Әбікен ғана емес, мұқым алты алашқа алапат ойрандар
салынатын зұлматты күндер де таяп келе жатты. Келгелі қазаққа іші
бір жылымаған Кеңес өкіметі отызыншы жылдарға қарай өзінің шын
бейнесін көрсете бастады. 28-інші жылғы «ұлы кәмпеске» қазаққа бұл
дүниенің теріс айналғанының белгісіндей болды. Байлардың бар малын
тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алып, өздерін жан-жаққа жер аударып
тоз-тоз ғып жібергені аздай, зорлықшыл үкіметтің шолақ белсенділері
енді халық өнеріне ауыз салып, оның ел ішіндегі өкілдері – әнші-күйші-
лерді қырып-жоюға кірісті. Мәселен, сол 1928 жылдан бастап, айнал-
дырған үш-төрт жылдың ішінде Қыздарбек шәкірттерінің түгелге жуық
көзі жойылады. Сондағы оларға тағылған айыптың басы: «ескілікті
көксейді, феодалдық заманды дәріптейтін зарлы күйлер тартады, жаңа за-
манды жатсынады» болып келетін. Алдымен 1928 жылы Сармантайдың
Ахметжаны атылды. 1930 жылы шолақ белсенділердің қастығымен
Кәрібек күйшіге у беріліп өлтірілді. 1931 жылы ГПУ-дің жендеттері
Әбди Рысбекұлы мен Сембек Айдосұлы секілді қос күйшіні бірін
түрмеде, екіншісін айдалада атып тастады. Жан алғыштар қолға түскен
Әбдиді атайын деп жатқан кезде ол: «көкірегімде сыртқа шықпаған бір
сарын бар еді, сол ішімде кетпесін, Әбікенді шақырыңдаршы, соған
бір тартып берейін, сонан соң атыңдаршы», – деп жалыныпты дейді.
Белсенділердің ішінде де естілеу біреу болса керек – Әбдидің өлер
алдындағы тілегін орындатып, тұтқын қамалған үйге домбырасымен
Әбікенді алдыртады. Әбікен алып келген домбыраны қолына алған Әбди
құлақ күйін келтіріп бір уақ шерткен соң, тосын бір шерлі күйді сарна-
та тарта жөнеледі. Үнсіз зейін қойып, бар ынта-ықыласымен тыңдап
отырған Әбікен күй біткен кезде: «Ақке-ай, тағы бір тартыңызшы», –
депті. Әбди қайта тартқан екен, Әбікен көкірегіне дұғадай жаттап, ұғып
алыпты. Міне, осы күйді Әбікен өзі дүниеден өтердің аз-ақ алдында
«Әбдидің «Қосбасары» деп күй табаққа жаздырып кетіпті. Қазір мұны
Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары
оркестрінің күйшісі Болатхан Тәшімов нақышына келтіре орындап жүр.
Замана сұрқынан шошынған Сембек күйші болса, өміріне төнген
бір-екі қауіптен кейін Шуға қарай жылыстаған екен. Алайда ізін кескен
ГПУ-дің жендеттері оны Жамбыл облысының Хан тауының маңайында
қолға түсіріпті. Бірде Қарағанды облысының Шет ауданы Ақсу-Аюлы
ауылының тұрғыны Зәрубай Сүйіндіков атты күйші ағамыз «Сезбес»
154
155
деген өзгеше бір күй тартты. Сөйтсек, Сембектің «Сезбесі» деген осы
күй екен. Зәрубай күйшінің айтуынша: «Жендеттер Сембекке: «Әй, сез-
бес, атылар алдында күй тартып өл» деп келеке қылған көрінеді. Сонда
Сембек: «мынау менің бұл жалғандағы соңғы күйім, аты «Сезбес» бол-
сын», – деп осы күйді тартыпты. Белсенділер ішінде құйма құлақ
домбырашы біреу болса керек, сол ұғып қалып, елге тартып келіпті», –
дейді. Ал енді осы күйшілердің барлығының өмірін түбегейлі зерттеп,
«Құба белдер» атты трилогия жазған жазушы Кәмел Жүніс ағамыздың
деректеріне жүгінсек, Сембектің «Сезбес» күйін белгілі музыка
зерттеуші Тымат Мерғалиев Ақмола жағының бір күйшісінен жазып
алыпты.
Алдыңғы толқын күйшілер тегіс атылып өлтірілген соң, ендігі ке-
зек бөрінің бөлтірігіндей жалғыз қалған Әбікенге келеді. Баяғы бақ да-
рып, қыдыр қонған, мол дәулеттің ұясы, көшелі өнердің ордасы болған
Көпбай ауылы енді ГПУ жендеттерінің жын-ойнағына айналады. Бағы
тайып, сағы сынған ауылдың төбесіне әңгіртаяқ ойнатып, ойран салғаны
аздай, олар жантүршігерлік айуандық қылмыстар жасап, құлақ естіп, көз
көрмеген жауыздықтарға барады. Кәмел ағамыздың айтуынша, сондай
күндердің бірінде Көпбай ауылынан 18 адам жазықсыз, сотсыз атылған.
Төтен келген ажалдан Әбікенді сол күні ауылда болмай қалуы құтқа-
рыпты. Кәмел Жүнісовтің деректерінде Әбікеннің сол бетте ауылға
жоламай, жылыстап кеткені айтылады. Сонан үш жылдай ел кезген ол, әрең
дегенде Алматыға жетіп, Сәкен Сейфуллиннің жанынан бір-ақ шығады
75
.
Ал этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың жазып қалдырған
деректерінде бұл жайттар сәл басқаша баяндалады. Ахаңның деректері
бойынша, аңдыған жау алмай қойсын ба, көп ұзамай 1931 жылдың
күзінде Әбікен қолға түсіп, Ақмола түрмесіне қамалады. Содан 1932 жыл-
дың көктемінде күйшіні түрмеден босатып жібереді. Түрмеден жадап-
жүдеп шыққан Әбікен арып-ашып ауылына жеткенде, әйелі, екі ұл,
екі қызының тегіс аштан өліп қалғанын көреді. Алапат аштықтан тек
жалғыз қарындасы ғана тірі қалыпты. Оның өзін аштан бұралып, елсіз
ауылдың жұртында өлім аузында жатқан жерінен тауып алады. Осы
сұмдықтың бәрін өз көзімен көрген әнші Гүлбаршын Ақпанованың
шешесі Кіпия деген кісі куә болған жайттардың барлығын қаз-қалпында
Ақселеу ағамызға айтып берген көрінеді. Кіпия шешей бір күні тезек
теріп жүрсе, ши арасынан қараңдаған үкілі тақияның төбесін көріп
қалады. Жақындап барып қараса аштықтан әл-дәрмендері құрып жүре
алмай отырған Әбікен мен қарындасы болып шығады. Сол екі ара-
75
Кәмел Жүнісов. Шырағдан. – Алматы, 2007. – 102-б.
да екі жақ жылап табысады. Кіпия әжей Әбікен мен қарындасын үйіне
жеткізіп, естерін жидыртып, қолындағы барымен екеуін күтіп бағады.
Бір жылдай Кіпияның үйінде болып, ашаршылық тырнағынан құтыл-
ған Әбікен 1934 жылдың көктемінде Алматыға қарай аттанады
76
.
Осылайша Әбікен Сәкенге жетеді. Бұдан арғы әңгімені Әбікен
Хасеновтің шәкірті қарт күйші Секен Әбішовтің естелігі бойынша
тарқатамыз. Секен күйші өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының
аяғына таман Қарағанды қаласында тоқсанға таяп қайтыс болды. Секен
қария бұл әңгімелерді Әбікеннің өз аузынан естідім деп осы жолдардың
авторына 1994 жылы айтып берген еді.
«Сұрай-сұрай Меккеге жетесің» дегендей, Алматы көшелерінде кез-
дескен қайырымды жандардың жөн сілтеуімен Әбікен Сәкеннің үйін та-
уып, қақпасын қағады. Тарсылды естіп далаға шыққан Сәкен Әбікенді ә
дегенде тани қоймайды. Сақал-шашы өскен, көзі үңірейіп ішіне кіріп кет-
кен, үсті-басы алба-жұлба, кір-қожалақ адамды танымағандай кейіппен,
бұрылып үйіне кіруге айналғанда, Әбікен жан ұшыра «Сәкен, бұл мен
ғой, Әбікен» деп айғайлайды. Сәкен сонда да ләм-мим деместен, үйіне
кіріп кетеді. Сәлден соң үйден Гүлбаһрам жеңгей шығады. Ол Әбікенге
жылы амандасып, қарсы алып, моншаға бастайды, Қолына Сәкеннің бір
киер киімдерін ұстатады. Моншаға түсіп, тазаланып, сақал-мұртын алып,
үстіне таза киімдер киіп, кісі бейнесіне келген Әбікенді Гүлбаһрам үйге
алып келеді. Сәкен Әбікенмен құшақтасып амандасады. Содан соң ғана
Әбікеннің жүрегі орнына түсіп, өзін бой тасалау бейнетінен біржола
құтылғандай сезініпті. Сәкеннің жанында біраз болып, өз-өзіне келген
Әбікен қоңыр домбырасын қайтадан қолына алады. Жүсіпбек Елебеков-
тің айтуынша, сол кезде Сәкеннің шаңырағы қазақ зиялыларының бас
қосысып, мәслихат құратын жері болыпты. Келімді-кетімді кісінің
көптігі сонша – Сәкен ағамыз есебі апта сайын көк базардан бір байтал
алып сойдырады екен. Сондай күндердің бірінде Сәкен ағамыз Сәбит
Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбе-
ков және т.б. зиялыларды үйіне шақырып қонақ етіп, оларға Әбікенді та-
ныстырып, күйін тыңдатқызады. Әңгіменің осы тұсына келгенде Секен
Әбішов ағамыз: «Әбікен күй тартып отырғанда Сәбит пен біреу күбірлесіп
сөйлесе беріпті. Сонда Сәкен оларға қатты кейіп, жекіп ұрсып тастап-
ты», – деген еді. Арада біраз уақыт өткенде Әбікен Сәкеннің ықпалымен
Қазақ драма театрына (Қазіргі М.Әуезов атындағы мемлекеттік акаде-
76
Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. Көп томдық шығармалар жинағы. – Астана,
2010. – 663-б.
156
157
миялық драма театры) орналасады. Театрдың директоры Әбікеннің
жерлесі Орынбек Беков еді. Бірақ жазушы Кәмел Жүнісовтің келтірген
деректеріне ден қойсақ, құйрығында шаласы бар ауылдасын танымаған-
дай кейіп көрсеткен О.Беков басында Ә.Хасеновті театрға алғысы кел-
меген көрінеді. Алайда, Әбікеннің жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан
кісілік қасиеттер аңғарған адам танығыш Мұхтар Әуезов: «Осы жігіт
бізді жаңылдырмас. Кейпінде келістілік бар екен. Актерлеріміздің
қайсысы оқып келіп жатыр. Бұлардың мектебі даланың өзі ғой» – деп,
Әбікеннің мәселесін қолма-қол шешіп жіберіпті
77
. Әбікен Әкемтеатрда
өмірінің соңына дейін қызмет етті. Актер ретінде ол М.Әуезовтің
«Абайында» – Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын-
да» – Қодар, «Ақан сері Ақтоқтысында» – Балта, М.Ақынжановтың
«Исатай мен Махамбетінде» – Балқы, С.Мұқановтың «Шоқан Уәли-
хановында» – Мұса, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» – Тайман бейнелерін
нанымды сомдап, кесек бейнелер жасайды. Нанымды сомдады дегеннен
шығады, бірде театрда «Исатай мен Махамбет» қойылымы жүріп жата-
ды. Балқы рөлінде – Әбікен Хасенов. Балқы – Жәңгір ханның жансызы.
Махамбеттің сеніміне кіріп алған ол ақынды қызғыштай қорығансиды.
Бірақ көздеп жүргені ебін тауып Махамбетті Жәңгірханның жасауылда-
рына ұстап беру. Әбден қалжыраған Махамбет Балқыға: «Мен кішкене
көз шырымын алып алайын, сен күзетке сақ бол!» деп ұйқыға кетеді.
Сол сәтте Балқы жасауылдарға хабар бермекке тұра жүгіреді. Сәлден соң
Махамбеттің қолға түсері анық. Осы кезде көрермендер арасынан бір
жігіт лып етіп сахнаға ырғып шығып, ұйықтап жатқан Махамбеттің
қасына барып қалтасынан тапаншасын суырып алып келе жатқан
жасауылдарға кезенгенде, абыржып қалған олар тұрып қалады. Түрі:
егер «жасауылдар» тоқтамай «Махамбетке» беттер болса, тапанша-
дан оқ жаудыруға анық бекінген адамның кейпі. Қойылымның аяқ
астынан мұндай сипат аларын күтпеген көрермен дүрлігісіп, әп-сәтте
шымылдық жабылады. Тапаншалы кісі залалсыздандырылады. Сөйтсе
ол Хасан көлінде соғыста болған әскери адам екен. Кейін әлгі адам-
нан неге өйттіңіз деп жауап алғанда: «Балқы бейнесіндегі актердің
жауыздығына сенгенім сонша – қайтып сахнаға шықса атып тастауым
мүмкін еді», – депті. Ешқандай оқу орнын бітірмей, театр саласы бой-
ынша арнаулы білім алмай-ақ сомдаған образын осыншама деңгейде
нанымды шығара білген Әбікеннің мұнысы шын мәніндегі шеберлік
77
Кәмел Жүнісов. Шырағдан. – Алматы, 2007. – 103-б.
қой, расында! Хабиба әжеміз де Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы
жоғары пікірде. Осы естеліктерді айта отырып, ол кісі Әбікен сомдаған
Құнанбай бейнесінің ерекше сәтті шыққанын айтады: «Құнанбайды
Қаллеки де ойнады ғой, бірақ Қаллекидің Құнанбайы жұмсақтау
шықты. Әбікеннің Құнанбайы нағыз ызбарлы, қатал дала билеушісінің
бейнесі болып шығып еді» – деп еске алады сол күндерді Хабиба әжей.
Десек те, Әбікен Хасенов күйші болып жаралған жан еді ғой. Актер
болып өмірден өтті. Оның орны қазақтың Мемлекеттік филармониясы
еді. Бұған оның отызыншы жылдардағы «шаласы» қол байлау болғандай.
Себебі Әбікен бертінге дейін өзінің Қарағанды облысы Шет ауданының
тумасы екенін жасырып, Семей жақтың адамымын деп айтады екен.
1934 жылы филармонияға алынбай, драмтеатрға қабылдануында да гәп
бардай. Сәкен сияқты қамқор жанашырлары Әбікенді филармония әртісі
ретінде ел ішінде күй тартып жүрер болса, «е, мынау баяғы қашқын
күйші ғой» деген сөзге ілігіп, көзге түсіп қалатын болғандықтан,
драмтеатрға жіберген тәрізді.
Әбікен «отыз жетінің» сойқанынан ғайыптан тайып, аман қалды.
Кешегі өзінің сырлас серігі, жалынды жастықтың жарқын тұстарын бірге
өткізген жолдасы Сәкен Сейфуллин; жерлесі, кезіндегі алашордашы,
кейінгі коммунист Орынбек Беков сияқты т.б. елдің арқа сүйер
азаматтарының көбі атылды, «ит жеккенге» айдалды. Кеңес өкіметі
орнағалы кешкен қуғын-сүргін, отбасының, ағайын-туысының тегіс
қырғын табуы, шолақ белсенділерден көрген қорлық – осының барлығы
Әбікеннің жүрегіне сары жалқын шер болып байланып, көкірегіне дерт
болып жабысты. Мұның бәрі кейін күйшінің налалы жүрегінен, қаяулы
көңілінен «Қоңыр» күйі болып ақтарылып түсті. Осы күндері бұл
күйді біреулер ашаршылықта туыпты десе, енді бір зерттеушілер Сәкен
Сейфуллинге бағышталған екен немесе 37-де қырғын тапқан азаматтарға
арналыпты деген жорамалдар айтылып жүр. Бұл пікірлердің барлығы-
ның жаны бар жорамалдар дер едік. Дегенмен, Әбікеннің «Қоңыр»
күйін зұлмат заманды, қанды жүйені, қатыгез қоғамды музыка тілі
арқылы әшкерелеген айыптау актісі дегеніміз дұрыс шығар? Бұған
күйдің тыңдаған кезде тұтас бір заман күңіреніп тұрғандай әсер беретіні
дәлел.
«Қоңыр» күйінің музыкалық идеясы Мәдидің атақты «Қаракесегінен»
тамыр тартады. Мұқият тыңдаған адамға «Қаракесек» әні мен «Қоңыр»
күйінің ішкі туыстығын аңғару қиын емес.
158
159
Бұл күйді Әбікен Хасенов тек өмірінің соңғы жылдарында ғана имен-
бей тартуға жүрегі дауалапты. Жалғыз «Қоңыр» күйі ғана емес, өзі
өмірден өтерден аз-ақ бұрын аяулы ұстаздары Сембектің, Әбдидің де
бірнеше сотталған күйлерін күйтабаққа жаздырып, жарыққа шығаруға
үлгеріп кеткені мәлім. Сондай-ақ, ол өмірінің соңғы жылдарында компо-
зитор Латиф Хамидиге қолқа салып, өзі білетін көптеген күйлерді нотаға
түсірткен көрінеді. Кейін бұл туралы Латиф Хамидидің өзі: «Домбы-
рашы Әбікен Хасенов біздің үйге жиі келіп тұратын. Бір күні ол маған
былай деді: «Өзің білесің, мен Тәттімбет күйлерін насихаттап жүрмін.
Бірақ бұл күйлер нотаға жазылмағандықтан болу керек, домбырашылар
дұрыс үйрене алмай жүр. Қазір Тәттімбет күйлерін жазып қалдырмасақ,
кейінгілерге бұрмаланып жетуі мүмкін ғой». Басқа жұмыстарымның
көптігіне қарамай, Әбікеннің көңілін қимадым, соған енді өкінбеймін.
Әбікен домбырасын ала келген екен. Біз нотаға күй түсіруді бірден
бастап кеттік. Сол күні біз Тәттімбеттің «Қосбасар» (екінші түрі), «Айдос
батыр» күйлерін қағазға түсірдік. Бұдан кейінгі кездесулерде «Алшағыр
батыр», «Қосбасар» (үшінші түрі), «Бес төре», «Бозайғыр», «Көкейкесті»,
«Саржайлау», «Сылқылдақ», күйлерін нотаға түсірдік. Осы жұмыс
үстінде Әбікен Хасенұлы шебер домбырашы ғана емес, тума музыкалық
қабілеті бар дарынды өнерпаз екенін аңғартқан еді. Мен әлгі күйлерді
нотаға жазып алып, артынша пианинода тартып, өзіне тыңдатып отыр-
дым. Сол кезде Әбікен күйлердің нотаға нақтылы түспеген жері немесе
кеткен қатесі болса, уақтылы түзетулер беріп, күйдің сауатты әрі қатесіз
жазылуына көмектескен еді. Осы тұста Әбікеннің музыкалық шығар-
маны терең түсінетіндігін, халық музыкасына деген асқан жауапкер-
шілігін байқадым. Әбікен домбырасын, негізінен, үлкен октаваның «ля»
дыбысы мен кіші октаваның «ре» дыбысына бұрап тартатын еді. Ал квинта
бұрауында орындалатын күйлерді тартқанда, домбыраның екінші ішегін
«соль» дыбысына түсіретін... Бірақ, кейінгі кезеңде домбыраны оқыту
жүйесі «ре-соль» бұрауына көшірілгендіктен, орындаушыларға оңтайлы
болу үшін Әбікеннен жазып алған күйлерді де «ре-соль» бұрауына түсірдік.
Әбікен Хасенұлы жібек мінезді, барынша кішіпейіл, адамгершілігі
мол жан еді. Күй тартар алдында ең әуелі ол сол күйдің шығу тарихы мен
музыкалык мазмұнын баяндап беретін. Ол әр күйді тыңдаушыға жеткізе
орындау үшін оның мазмұнын, характерін жетік білу керек екенін мұрат
тұтқан саңлақ өнер иесі болатын»
78
.
78
Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. Көп томдық шығармалар жинағы. – Астана,
2010. – 664-б.
Осымен Жүсіпбек Елебековтің өнердегі серігі Әбікен Хасенов тура-
лы бөлімді аяқтауға болар еді. Бірақ айтпай кетуге болмайтын тағы бір
әңгіме бар. Бұл Әбікеннің қайтыс болуына байланысты.
Әбікен Хасенов 1958 жылы 66 жасында қайтыс болды. Жерлеу комис-
сиясын басқарып жүрген Шәкен Айманов ағамыз аяулы күйшіні соңғы
сапарға дұрыстап шығарып салу мақсатында қаржы сұрап Мәдениет
министрлігіне барыпты. Ондағы басшылардың бірі: «Ол кім дейсіңдер,
қандай еңбегі бар?», – деп Әбікенді білмейтінін аңғартыпты. Сонда
Шәкен әлгінің бетіне мысқылдай қарап: «Апыр-ай, ә, қандай өкініш... осы
уақытқа дейін, «Саржайлау» мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз.
Оны сізге қалай түсіндіруге болады?», – депті. Сонда әлгі шенеунік: «Жа-
райды, бес мың сом бөлдіртейін», – дейді өз қалтасынан төлейтіндей
үнмен. Шәкен ағамыз: «Ол кісі жұртқа сыйлы, танымал өнерпаз адам,
тағы бес мың сом қосыңыз», – депті. Шенеунік, тіпті, бергісі келмеуге
айналғанда, Шәкен ағамыз: «Онда сол бес мың сом үшін тағы біреуміз
өлейік» деген екен. Сонда ғана уәжді сөз шымбайына батқан лауазымды
шенеунік ұялғаннан жерлеу шараларына жеткілікті қаржы бөлген екен.
Осыған не дейсіз?
160
161
Достарыңызбен бөлісу: |