Өзбек филологиясы факультеті түркi филологиясы кафедрасы



Pdf көрінісі
бет6/11
Дата14.02.2017
өлшемі0,83 Mb.
#4135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

 
 
                      Сұрақтар мен тапсырмалар. 
 
1. 
Əріп    Тəңірбергеновтың  білім  дəрежесі  мен  чиновтиктік 
қызметтері қандай дəрежеде? 
2. 
Əріп  өлеңдеріндегі  негізгі  тақырыптар  мен  идеялық 
көркемдік қай дəрежеде? 
3. 
Ə.Тəңірбергенов  поэзиясында  шығыс  сюжеттері,  діни 
тақырыптар қалай жырланған? 
4. 
Əріптің  дүниетанымы  мен  философиялық  көзқарастары 
туралы айтыңыз? 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
67
МҰХАМЕТЖАН СЕРАЛИН 
(1871-1929) 
 
 
ЖОСПАР: 
1.  М.Сералиннің өмір жолы. 
2.  М. Сералиннің журналистік қызметі. 
3.  М.Сералиннің көркем əдебиет саласындағы шығармалары. 
А) «Топжарған» поэмасы. 
Б) «Гүлкəшима» поэмасы. 
4.  М.Сералин творчествосының маңызы. 
 
                                     
Əдебиеттер: 
1.  М.Сералин «Топжарған».Шығармалары. Алматы. 1989ж. 
2.  Б.Кенжебаев XX ғасырдың басындағы əдебиет. Алматы, 1994ж. 
3.  Қазақ əдебиетінің тарихы, 2-том, II-кітап. 
4.  Бес ғасыр жырлайды..Алматы, 1989ж. 
 
 
Қазақ  халқының  ХХ  ғасыр  басындағы  белгілі  қоғам  қайраткері 
ақын,  журналисті  Мұхаметжан  Сералин 1871 жылы  бұрынғы  Қостанай 
уезі, Шұбар  болысының бесінші аулында туылған.   
Мұхаметжанның 
əкесі 
Сералы, 
атасы 
Тұрсынбай.        
Мұхаметжанның  айтуы  бойынша,  ақынның  əкесі  Сералы  хат  білген, 
өлеңді ауызша да, жазып та шығаратын болған. Сералының екінші əйелі 
татар қызы болады. Мұхаметжан – осы татар əйелден туған. 3-4 жасында 
əкесі қайтыс болған, анасы үш баласымен қазақ арасында күн көріс қиын 
болған  соң,  Троицкідегі  туыстарының  қасына  көшіп  келеді.  
Мұхаметжан 8  жасында  оқуға  түседі.  Медреседе  оқып  жүріп,  шыны 
сауыттарды  желімдеп  жамауды    үйренеді.  Сынған,  жарылған  кесе, 
табақ,  шəйнек  сияқты  ыдыстарды  жөндеп,  ақша  тауып,  шешесіне 
көмектеседі. 
Мұхаметжан  есейген  соң  қазақ  арасына,  Қостанай  маңындағы 
Бестөбе  деген  жердегі  бай  жездесі  Арыстанның  қолына  келеді.  Сөйте 
жүріп,  Қостанайдағы  екі  кластық  орыс-қазақ  мектебінде  оқып  білім 
алады.  
1891-1900  жылдар  арасында  Мұхаметжан  біраз  уақыт  Арал  теңізі 
маңында  жасап,  болыстың,  ауылнайдың  хатшысы  болып  істейді.  Сол 
елде  жүріп  үйленіп,  тұрмыс  құрады.  1900 жылы  Мұхаметжан  Сералин 
Тройцк  қаласына  барады.  Сонда  ұлты    татар,  Яушев  деген  бай 
саудагерге, миллионерге қызметке тұрады.  Əуелі оның тері-жүн сататын 
дүкеніңде  бір-екі  жыл  сорттаушы  болады,  кейін  оның  дүкендерінің 
сатушылық  жұмысын  істеп,  ал 1909-1910 жылдары  Яушевтың  сенімді 
адамы, довероннойы болып, оның алыс-беріс жүмыстарын атқарады. 

 
68
Сөйтіп    жүріп  М.  Сералин  бірсыпыра  мысал  өлеңдер  жазады. 1900 
жылы  «Топ  жарған», 1903 жылы  «Гүлкəшима»  деген  поэмалары  жеке 
кітап болып басылып шығады. Оның бұл поэмалары өз кезінде жаңалық, 
қазақ  əдебиетіндегі  қазақ  тұрмысын  суреттеуге  арналған  алғашқы 
туындылар болып табылады.  
Яушевтың қарамағында əр түрлі жұмыстар істеп жүріп, елдің саяси-
əлеуметтік,  шаруашылық,  мəдени  тұрмысымен  танысқан  Мұхаметжан  
қазақ  тілінде  журнал  шығару  керек  екен  деген    ойға  келеді.  Өзінің 
елдегі,  қаладағы  көңіл  жақын  адамдарымен  сөйлесіп,  сол  журналды 
шығару үшін қаржы жинайды, үкіметтен рұқсат сұрайды, баспахана ашу 
ісін қарастырады. 
Мұхаметжанның  қазақ  тілінде  журнал  шығару  жөніндегі  ізгі  ойы 
1911  жылы орындалады.  Сол жылы қаңтар айында Тройцк  қаласында 
«Айқап»  журналы  шықты.  Оның  шығарушысы  да,  редакторы  да 
Мұхаметжан Сералиннің өзі болды. 
М.Сералиннің  журналистік  қызметі  тікелей  «Айқап»  журналымен 
байланысты.  Негізінен  демократиялық  бағыт  ұстанған,  қазақ  тіліндегі 
тұңғыш  журнал  «Айқапты»  ұйымдастырып, 1911-1915 жылдарда 
тоқтаусыз  шығарып  тұрған  Мұхаметжан  Сералиннің  еңбегі  өте  зор. 
Журналдың алғашқы санында «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. 
Бұл  сөзге  түсінген  де,  түсінбеген  де  болар….Журналымыз  сауда  үшін, 
пайда  табу  үшін  шығарылған  емес.  Мұны  шығарғандағы  жалғыз 
мақсатымыз  ұлтқа  қызмет  ету  бола  ма  дегендік»-  деп  айтады. «Айқап» 
журналының  өмір  сүрген  бес  жылы  бойында  əр  нөмір  сайын  дерлік 
көтерген  мəселесі  жер  туралы  болды.  Қазақ  жерінің  талан-таражға 
түскен  осынау  бір  қиын  кезеңінде  «Айқап»  журналы  жүйелі  түрде  үн 
қосып,  халықтың  ең  басты  байлығы  болған  жер-су  мəселесінде  айқын 
халықтық пікір білдіріп, көкейтесті мəселелерді көтеріп отырды. 
М.Сералиннің  оқу-ағарту  мəселесіндегі  көзқарасы  да,  оның  жер 
жөніндегі түсінік, талап-тілектерімен тығыз үндес. Ол Ы.Алтынсариннің 
шығармашылық  жолын  айрықша  қадірлеп,  үнемі  еске  түсіріп  отырады. 
«Айқап»  журналында  Алтынсарин  сөздерінің  үлгі-өнеге,  өсиет  ретінде 
жиі  ұшырауы  да  Алтынсарин  мен  Сералиннің  идеялық  жақындығының 
нəтижесі еді. М.Сералин де Ы.Алтынсарин сияқты өнер-білімге көшпелі 
өмір  салтын  сақтай  отырып  жетудің  қиындығын  сан  рет  көрсете  келе, 
озық  мəдениеті  бар  елдердің  түгелдей  отырықшы  екендігін  əрдайым 
жалықпай  насихаттады. «Біз  қазаққа  қала  сал  деп  үгіт  айтсақ,-  деп 
жазады  ол,-  əлбетте,  отырықшы  халықтың  түпкілікті  қонысқа  ие 
болатындығын,  кəсіпшіл,  өнерлі  болмағын,  оқымысты,  білімді 
болмағын, олар тек отырықшы болғанда ғана табылатындығын шамалап 
айтып едік»,- дейді. 
Мұхаметжан  Сералин  өз  кезіндегі  қазақ  қоғамының  көптеген 
əлеуметтік  құбылыстары  жайында  өзіндік  пікірін,  көзқарасын  айқын 
білдіріп  отырады.  Солардың  бірі – партиягершілік,  билікке  таласу 
мəселесі.  Бұл  жағдайдың  қоғамдық  өмірге  үлкен  ауыртпалық  туғызып, 

 
69
тағылық  дəрежеге  дейін  жеткені  туралы  ол  талай  рет  ашына  жазды.  М. 
Сералин  «Айқап»  журналын  шығара  жүріп,  Тройцкідегі  қазақ 
оқушылары арасында тəлім-тəрбие  жұмыстарын да жүргізеді. Бұл кезде 
Тройцкіде      «Уазифа»  медресесі,  ер    балалар,  қыз  балалар  гимназиясы 
бар еді.  Оларда да бірсыпыра қазақ жастары оқиды.  Мұхаметжан   сол 
оқушы  жастардың  басын  қосып,  оларға  қазақ  халқының  тарихы,  сол 
кездегі  хал-жайы,  болашағы  туралы  оқта-текте  баяндамалар  жасап, 
лекциялар оқитын болған.  
«Айқап»  журналы 1915 жылдың  қыркүйек  айында  жабылды. 
Журнал жабылған соң, Мұхаметжан біраз уақыт Тройцкіде орыс тілінде 
шығып  тұратын  «Степь»  газетінің  редакциясында  қызмет  істейді. 1916 
жылы  өз  аулына  көшіп  келеді  де, 1919 жылдың  басына  дейін  сонда 
тұрады.  
М.  Сералин  отырықшы  болуға,  егін  шаруашылығымен  айналысуға 
«Айқап»  журналы  арқылы  қазақ  халқын  көп  үгітттеп,  насихаттаған  еді.  
Еліне келген соң, ол өзінің осы насихатын жүзеге асыруға кірісті. Асқар 
деген  өңірден  жер  өлшетіп  алып,  өз  аулын  жəне  өзін  тыңдаған 
ауылдарды біріктіріп, жоспарлы түрде поселка салдырады.  Оны Сералы 
поселкісі  деп  атаған.  Поселкенің  көшелеріне  ағаштар  отырғызады, 
ортасына  мектеп,  медресе,  кітапхана,  монша,  диірмен  салғызады.  
Кітапханға өз кітаптарынан  біраз кітаптар береді.  
Москва,  Петербург,  Ташкент,  Орынбор,  Уфа,  Қазан  қалаларында 
шығып  тұратын  газет-журналдардың  бірқатарын  жаздырып  алады, 
кітаптар алдырады.  Мектеп, медреседе сабақ беретін оқытушыларды да 
сол  Уфа,  Қазан,  Орынбор,  Тройцк  сияқты  қалалардан  шақырттырады, 
поселкенің  жанындағы  Ақсай  деп  аталатын  бір  сайды  көптің  күшімен 
бөгеп,  су  қоймасын  жасайды.  Бау-бақша  егіп,  ағаш  отырғызудың 
пайдасын халық арасында түсіндіреді. Əр үйге бау-бақша, ағаш еккізеді.  
Сералы      поселкесінен  үлгі  алып,  Шұбар  болысының  басқа  жерлерінде 
де халық отырықшылықпен, қолөнері, егіншілікпен айланысып, поселке 
сала  бастайды.  Мысалы:  Жарсор  деген  алқапқа  поселке  салынып,  онда 
да əлгідей шаруашылық, мəдениет орындарын орнатады.  
Мұхаметжан Сералиннің бізге жеткен əдеби шығармалары онша көп 
емес. Не бары  үш поэма, бір очерк, бір əңгіме.  
«Топ  жарған»  поэмасы  қазақ  халқының  өмірінде  ХІХ  ғасырдың 
отызыншы, қырқыншы жылдарында болған оқиға, Кенесары, Наурызбай 
бастаған    Ұлт  азаттық  көтерілісіне  байланысты  жазылған.  Бұл 
поэмасында өз тұсындағы  кейбір ақындар сияқты Кенесарыны батыр еді 
халық  қамқоршысы  еді  деп  онша  көп  дəріптемейді.  Қайта,  оны  сынап, 
мінейді.  Кенесары  тобында  оның  туғандары,  руластары,  онан-мұнан 
қашқан  бұзық,  ұры,  қу  адамдар  болды,  бəрінің  де  кəсібі  ел  тонау,  мал-
мүлік жинау, құл,  күң ұстау, ойын-сауық құру еді дейді. Əрине, мұның 
белгілі себептері де бар. Кенесары көтерілісіне ақ патшаға арқа сүйеген 
бірқатар  рубасылар  қарсы  болды,  оған  ермеді,  қайта  қарсы  шықты. 
Бұлардың  негізі  Қостанай  айналасындағы  ел  басқарушылар  еді. 

 
70
Мұхаметжан  да  осы  жерлестерінің  іс-əрекеттерін  қолдап  қуаттағаны 
көрініп  тұр.  Автор  поэмасының  басында  Кенесарының  жəне  оның 
маңына жиналған топтардың іс-əрекеті былай суреттейді: 
Қаңтарда Жыланшықты қыстау еткен, 
       Жайлауға Торғай суын көктей өткен. 
Қарасай, Қошалақтың қара отына, 
Наурызбай, Кенесары мал семірткен. 
Қасында төлеңгіті жүз қаралы үй, 
Жігіттің айтқаны өлең, тартқаны күй. 
Ханынан жақсы ат тартқан алады сый,-дейді. 
Поэманың кейіпкері Адай жігіт өз елінен ғашықтық жөнінде немере 
ағасын  атып  өлтіріп,  қашып  шығады,  бір-екі  жыл  Теке  маңын,  Жайық 
бойындағы  Тама,  Шекті,  Шеркес  руларын  аралайды,  ұрлық  істеп  күн 
көреді. Осылай жүргенінде бір күні Шекті руына мал ұрлауға,ел тонауға 
келген  Кенесарының  үш  жігіті  кездеседі.  Ұрылар  Адайды  ұйықтап 
жатқанында  ұстап  алып,  атын,  өзін  олжа  етіп,  тұтқын  күйінде 
Кенесарыға алып барады, олар жол бойында Адай жігітке: 
Біз елден апта боды шықтық шетке, 
Шектіден мал алуға келсе епке. 
Талғанда аттың мойны сен кез келдің, 
Құлақ сал, олжаладық, мына кепке. 
Біз сені Кене ханға апарамыз, 
Құл қылып бірімізге біз аламыз, 
Қоқаннан саудагер сарт келген шақта. 
Құл  сатып,  олжалы  боп  біз  қаламыз,-дейді.  Хан  алдына  барғанда 
жігіттер  мақтанады,  тұтқын  жігітті  қуып  жетіп  ұстадық,  ат  үстінде 
алысып  жеңіп,  байлап  матап  алдық,-  дейді.  Адай  жігіт  мұның  бəрі 
жалған  екенін,  өзінің  қапы  қалғанын,  ұйықтап  жатып  қолға  түскенін 
айтып: 
Тақсыр-ау, астымда атым жүйрік желден, 
Жарыста озушы едім қалың елден, 
Қашсам да құтылар ем қолға түспей, 
Үшеуін ат үстінде болсам көрген,-дейді. 
Сонда жорықшы жігіттер ханға тұтқынның сиықсыз, жаман, жауыр 
атын  əкеп  көрсетеді.  Хан  тұтқын  жігіттің  əлгі  сөзіне  сенбей  жəне  шын 
жүйрікті тани алмай, оған ертең осы атыңмен қашып көр:   
Бұл торың жүйрік болса құтыларсың, 
Немесе қуғыншыға тұтыларсың. 
Найзасы жеткен жерде қаза болып, 
Мұны  біл  қара  жерге  жұтыларсын!-деп  қаһарланады.  Ақын  бұдан 
кейін  бауырынан  жараған  тұлпар  мініп,  қашқынды  қууға  əзірленіп, 
құнығып  тұрған  хан  жігіттерін,  қуғыншыларды    суреттейді.   Содан 
кейін қашқалы тұрған тұтқын жігіттің қалпы суреттеледі.  Ол жалаңдап 
тұрған қан ішерлердің найзасының ұшында тұрмын деп сезінбейді, 

 
71
қайта  салмақтана түседі.  Өтетілеудің күміс шақшасын сұрап алып, 
насыбай атады.  
Шуу деді сонда жігіт амандасып,  
Болсын деп сіздің шақша бізге нəсіп.  
Əр жерде көзіңдей көремін деп,  
Жөнелді сонда жігіт көптен қашып.  
Кенесары жігіттерінің бəрі де шаңына ілесе алмай қалады. «Пері ме, 
адамзат  па,  шайтан  ба»  деп,  ертеңіне  жиналған  топ  қашқын  жігітті  
əңгімелеп  отырғанда,  ол  есіктен  сəлем  беріп,  кіріп  келеді.  Өтетілеудің 
шақшасын  өзіне  қайырып  береді.  Кенесары  жігіттен  оның  кім  екенін  
сұрайды.  Жігіт  ханның  алдында  өзінің    өмірін  баяндап  береді.  
Ақырында, ол Кенесарыны  іздеп осы жерге келгенін айтып, өз ықтияры- 
мен Кенесары тобында қалады. 
Поэмада  назар  аударуға  тұрарлық  кейіпкер  тұтқын  жігіт. 
Шығарманың оқиға желісі сол кейіпкердің ісі мен əрекеті арқылы өрбіп 
отырады.  Бұл  жігіт  шығармада  автордың  негізгі  тақырыпты  тереңірек 
дəлелдеудегі ұтымды құралы ретінде қызмет атқарып тұр. 
Елінде  немере  ағасын  өлтіріп,  Жайық  бойындағы  Шекті,  Шеркеш, 
Тама,  Табын  еліне  сыя  алмай  келген  жігіттің  Кенесарыны  іздеп  шығуы 
тек емес. Жігіттің өз нəпсісін ғана ойлап, туған ағасын жазықсыз өлтіруі 
автор  тарапынан  қатты  қараланады.  Оның  қараңғыда  жеңгесін  ұстап 
алып: 
                    Найзағай жарық қылды дүние жүзін, 
                    Жеңгемнің сол мезетте көрдім көзін. 
                    Көрген соң, қыпша белін, ұзын мойнын,  
                    Білмедім не болғанымды- өзімді өзім… 
                    Бас  салдым  жеңешеме  пұрсат  бермей,-  деп  бірден  қара 
күшке  ерік  беруі,  ағасын  өлтіріп,  оның  жүйрік  аты  Құбақанды  мініп 
кетуі  -- зорлықшыл, қараниеттік. 
«Топ жарған» Адай жігіттің қолға түсуінен басталады: поэма жемісі 
тез  өрбіп,  оқушыны  қызықтырып  əкетеді.  Адай  жігіттің  кім  екені,  не 
қылып  жүрген  адам  екені,  оның  мақсаты  поэманың  аяғында    ғана 
айқындалады.  «Топ  жарған»  поэмасының    тілі-қарапайым  əдеби  тіл.  
Ақын бұрынғы діни кітап сөздерін, татарша сөздерді аз қолданған, тіпті 
қолданбаған  десе  де  болады.  Тарихи  шындықты,  реалдық  өмірді  таза 
қазақ  тілінде,  нағыз  реалистік  тұрғыдан  образды  теңеулермен    орынды 
суреттеген. «Топ жарған» - тарихи реалистік көркем поэма.  
Мұхаметжанның  екінші  поэмасы  «Гүлкəшима» 1903 жылы 
Орынборда, Каримовтар баспаханасында басылған.  Ол -қазақ халқының 
сол  кездегі  өмірінен    алынып    жазылған  реалистік,  романтикалық, 
сюжетті  поэма.  Жазушының  негізгі  идеясы  адамның  бас  бостандығы, 
əйел теңдігі. Сол идеясын  ізгі тілектеріне жете алмай өткен екі жастың, 
бір-біріне  шын  ғашық  қазақ  қызы  Гүлкəшима  мен  қазақ  жігіті 
Баймағамбеттің  əңгімесі  арқылы  ұқтырады.  Поэма  үш  бөлімнен 
құралады:  бірінші  бөлімі-жазушының  көрген-білген  оқиғасы;  екінші 

 
72
бөлімі-Гүлкəшима  мен  Баймағамбеттің  ғашықтық  əңгімесі;  үшінші 
бөлімі-автордың ой қорытындысы. 
«Гүлкəшима»  поэмасының  кейіпкерлері  жас  қыз  бен  жас  жігіт. 
Ақын өз кейіпкерлерін өз кезінің озық, сүйкімді жастары етіп суреттейді. 
                         Таранған тоты құстай бір асыл зат, 
                         Меңзесем қор қызына болмайды ұят, 
                         Ақ жүзді, ақылы кəміл, шырын сөзді, 
                         Үстіне сəндік үшін киген манат. 
                         Көп артық ұзын да емес, орта бойлы. 
                         Аса көп сөйлемейді терең ойлы. 
                         Болғанда маңдай жазық, қызыл жүзі, 
                         Татиды шекер балдай айтқан сөзі. 
                         Жігіттің тұла бойын балқытады, 
                         Қараса жаудыраған қара көзі,-_ деп таныстырады. 
Бір  жылы  ақын  Қостанайда  болған  Покров  жəрмеңкесіне  барады, 
бара  жатып,  жолда  Тілеуберген  деген  шалдың  үйіне  қонады. 
Тілеуберген-Сыр бойынан көшіп келіп отырған жалғыз үйлі кемпір-шал 
екен.   Олардың Баймағамбет деген жалғыз баласы болады. Ақын қонған 
күні  жігіт  бір  жаққа  кетіп,  үйіне  сол  күні  келмей  қалады.  Жəрмеңкеде 
ақын  бірнеше  күн  болады,  бір  күні  Тобыл  бойында  бір  кісі  өзін-өзі 
өлтіріпті  деген  хабар  естиді.  Сұрастыра  келсе,  ол  əлгі  кемпір-шалдың 
баласы Баймағамбет болып шығады. Қазақ əдет-ғұрпының ретімен бата 
оқып,  көңіл  айтамын  деп,  қайтарда  ақын  Тілеубергеннің  үйіне  тағы 
келеді.  Кемпір-шал  қатты  қайғырып,  баласының  ақын,  білімді  екенін 
айтып, ақынға оның оқыған кітаптарын, жазған өлеңдерін көрсетеді: 
Тілінде кітаптар бар, қағаздар бар, 
Тексердім бастан аяқ көп ақтардым. 
Жігіт емес Баймағамбет зейіні тар, 
Жел сөзге болған екен аруағы жар. 
 
Ғалымдық һəм ақындық бір өзінде, 
Ғылымнан неше түрлі хабары бар. 
Сондықтан өлеңдер бар неше түрлі, 
Аралап пақырыңыз бəрін көрді. 
 
Жазыпты Баймағамбет өз қолымен. 
Бір дəптер тауып алдым өлең-жырды, 
Дəптерде өз ахуалын баян еткен. 
Өлеңге шебер екен болмай кеткен, 
Ғашықтық саудасына душар болып, 
Ақыры сол саудадан қаза жеткен. 
Ақын  кемпір-шалдан  Баймағамбеттің  өлең  жазған  дəптерін  сұрап 
алып  кетеді.  Келесі  жылы  барып  Баймағамбеттің  моласын  көреді. 
Баймағамбет  дəптерінің  мазмұны  былай:  Көктем  шыға  Сыр  елі  арқаға 
көшіп келеді. Олардың ішінде Тілеубергендердің жақындары, таныстары 

 
73
болады.  Баймағамбет  амандасуға  Сырдан  көшіп  келген  ауылға  барады. 
Сонда  Медетбай  деген  байдың  үйінде  болып,  оның  Гүлкəшима  деген 
қызына ғашық болады. Қыз əрі ақын, əрі ақылды, əрі сұлу екен. 
Таранған тоты кұстай бір асыл зат, 
Меңзесем қор қызына болмайды ұят. 
Қараса жаудыраған қара көзі, 
Тігілген кірпігі оқтай жайдай қасы. 
Бұралған тал шыбықтай, құмырсқа бел, 
Он  бес  пен  он  алтыға  келген  жасы,-деп  Гүлкəшиманы  суреттейді. 
Ақыры,  хатын  аяқтап  жазып  шығады  «Күйген  соң  ғашық  отына  алдым 
қалам» -дейді. 
Бірақ  Гүлкəшима  жігітке  теріс  жауап  қайтарады.  Өзінің  басы  бос 
емес  екенін,  ойнап  күлудің  реті  жоқ  екенің  айтып, «мал  берген  мен 
біреудің  жесірімін»-дейді.  Жігіт  бұған  тоқтамай,  қыздың  ауылына 
барады.  Қызбен  оңаша  сөйлеседі.  Қыз  айтқанынан  қайтпайды.  Ақыры 
ол: « тойыма кел, ақырғы пікірімді той үстінде айтамын» дейді. 
Ақын  кейіпкерін  сырттай  таныстырумен  ғана  шектелмеген,  оның 
ішкі  ой-дүниесімен  де  оқушысын  толығырақ  таныстырып,  образдық 
ерекшеліктерді жетілдіре түседі. Гүлкəшима Баймағамбетті қаншалықты 
сүйгенімен,  адамдық  ардың шегінен  аттамайды,  онымен бəрібір  қосыла 
алмайтын болған соң, мал беріп алған күйеуіне сүймесе де адал болуды 
ойлайды. Сондықтан да ол: 
                              Айырылып аманаттан тұра алмаспын, 
                              Шөп  тастап  жар  көзіне  жүре  алмаспын,-  дейді. 
Ақын  Гүлкəшимаға  өзі  тарапынан  бірқатар  соны  пікірлер  айтқызады. 
Гүлкəшима Баймағамбетке жазған хатында: 
                                 Сөз жазған осындай деп Гүлкəшима, 
                                 Жақсы ат жоқ бұл дүниеде ұрғашыға… 
                                 Аһ, дүние, баяның жоқ жалған дүние, 
                                 Талайды арманда қып алған дүние. 
                                 Мақсатқа қиялдағы жеткізбестен, 
                                 Көңілге кетпес дертті салған дүние,- дейді. 
Гүлкəшима  поэмада  өзі  өмір  сүріп  отырған  ортаға  қарсы  өткір 
пікірлер  айтумен  қатар,  қоғамдық  өмірге  пайдалы  болу  қажет  деген 
түсініктен де хабардар. Ол Баймағамбетке: 
                       Жеңілдікті таста, жігіт, тəуба ойла, 
                       Халқыңа шамаң келсе тигіз пайда. 
                       Міндетті, ауыр жүкті шын көтерсең, 
                       Мақшарда отырарсың қоңыр жайда,-дейді 
Поэма  Баймағамбеттің  өзін  өзі  өлтіруімен  аяқталады.  Мұның 
себебін ол: 
                          Ғашығы Гүлкəшима басқа түсіп, 
                          Келмеді көтеруге оны шамам… 
                          Қайғылы тіршіліктен өлген артық, 
                          Алдыңда жоқ болған соң ешбір алаң,- деп көрсеткен. 

 
74
Гүлкəшима  да,  Баймағамбет  те  қазақ  жазба  əдебиетінде  тұңғыш 
көрінген кесек, ұнамды кейіпкерлерден есептеледі. 
«Гүлкəшима»  поэмасының  идеялық  қорытындысы  айқын  жəне  өз 
дəуірі  үшін  озық  сипатта.  Ақын  Гүлкəшима  мен  Баймағамбет  сияқты 
жастардың трагедиялық халге душар болуының басты себебін «қазақтың 
келіспеген ғадетінен», яғни ескі əдет-салттан көреді. Өз кезеңі үшін аса 
прогресшіл бұл тұжырымын ақын: 
                        Күйеуге қыз бергенде қазақ халқы, 
                        Сөйлеспек қалың малды əуел салты. 
                        Лайық па күйеу қызға, қыз күйеуге. 
                        Бұл жерін ескермейді ешбіреу де. 
                        Қыз беру, келін алу біздің жұртта, 
                        Мал алып, мал сатқандай мысал сауда. 
                         Бай болса, күйеу жағы дəулетке мол, 
                         Көп малдың арқасында алады жол. 
                         Бір надан лас шаруаның болса малы, 
                         Қыз  алар  он  бес  жасар  кəрі  шалы,-  деп  дəлелдейді. 
Мұхаметжан  Сералин  мұндай  озық  пікірлерімен  жастардың  бақытына 
тұсау  болып  отырған  ескілік  салттарды  əдебиетімізде  батыл 
сынаушылардың бірі болды. Сондықтан да шығарманың соңында ақын: 
                            Жас күнің өнер іздер, нақ дер шағың, 
                             Халқыңның ойлай берші оңар жағын. 
                             Бата сол бізден сізге ғазиздерім,-дейді. 
ХХ  ғасырдың  бас  кезіндегі  қазақ  əдебиетінде  демократиялық  ой-
пікірдің  айқын  көрініс  алған  мəселелерінің  бірі  де  осы  əйел  теңдігі 
мəселесі  болатын.  М.Сералин  осы  салада  алғашқылардан  болып,  өз 
замандастары  мен  қаламдастарына  дұрыс  жөн  сілтеген  ақын  болды. 
Спандиярдың  «Қалың  мал»,  Сұлтанмахмұттың  «Қамар  сұлу», 
Міржақыптың  «Бақытсыз  Жамал»  сияқты  шығармаларының  өмірге 
келуінде  Мұхаметжанның  бұл  поэмасының  əсері  айқын  болды. 
«Гүлкəшима» поэмасы əйел теңдігі мəселесі  арқылы жалпы бостандық 
идеясын  көтеруде  қоғамдық  өмірдің  белгілі  бір  кезеңіндегі  ой-пікірдің 
өзіндік дəрежесін танытарлық шығарма.   
Мұхаметжан Сералин 1911-1915 жылдарда орыс жəне орыс əдебиеті 
арқылы  өзге  де  əдебиеттерден  бірқанша  аудармалар  жасап,  оларды 
«Айқап»  журналы  беттерінде  жариялап  отырды.  Ол  қазақ  өмірінен 
бірқатар  шығармалар  жазған  орыс  жазушысы  А.Сорокиннің  «Жусан» 
деген  повесін  аударды.  Повестің  бірнеше  бөлімдері  «Айқаптың»  1915 
жылғы сандарында басылып шықты. 
Мұхаметжанның  аударма  саласындағы  үлкен  еңбегі – парсының 
ұлы  ақыны  Əбілқасым  Фирдоусидің  «Шахнама»  дастанынан  аударған 
«Рүстем-Зораб»  атты  көлемді  үзіндісі  болып  есептеледі.  М.Сералин 
шығыстың  бұл  ұлы  туындысын  белгілі  орыс  ақыны  В.А.Жуковскийдің 
жасаған  аудармасы  бойынша  қазақшалады.  Эпопеяның  қазақшаға 
аударылған  бөлімдері  В.А.Жуковскийдің  аударамасынан  онша  қашық 

 
75
емес.  М  Сералин  шығарманы  сөзбе  сөз  аудару  ниетін  көздемей, 
сюжеттік  желі  бойынша  ғана  аударған.  М.Сералиннің  «Рүстем-Зораб» 
аудармасы  кейбір  көркемдік  əлсіздіктері  мен  үзінді  екендігіне 
қарамастан,  дүниежүзілік  классикалық 
шығарманың  қазақшаға 
аударылып  жарияланған  алғашқы  нұсқасы  болып  саналады.  Сондықтан 
ол – мəдениетіміз  тарихындағы  елеулі  құбылыс.  М.Сералиннің 
«Шахнаманы»  қазақ  ақындарының  ішінде  бірінші  болып  аудару 
талабының  өзі  оның  ақындық  творчествосын  озық  жағынан  таныта 
алады. 
Мұхаметжан  Сералиннің  əдеби  қызметін  сөз  еткенде,  оның  бұл 
саладағы  еңбегінің  сан  жағынан  аз  екенін  көреміз.  Алайда  осы  сан 
жағынан  аздық  сапаның  молдығымен  толыса  келіп,  М.Сералиннің 
əдебиетіміз  тарихындағы  өзіндік  елеулі  орнын  белгілейді.  Ақын 
М.Сералиннің  есімі  тікелей  қазақ  өмірін  суреттейтін  сюжетті  поэма 
жанрының туып, қалыптасуы мəселесінде бірінші кезекте аталады. Оның 
қазақ əдебиеті қорына қосқан өзіндік үлесі де осы еңбектерімен өзектес.
 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет