Көшпенділер Алмас Қылыш



Pdf көрінісі
бет18/23
Дата02.03.2017
өлшемі2,53 Mb.
#5142
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Әдеби KZ  
 
 
 
—  Атыңның  жүйріктігіне  тым  сене  берме.  Талай  жүйріктердің  де  мойнына 
бұғау салынған. Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын 
болып жүрмесін!  Әбілқайыр Дәшті  Қыпшақты билегенмен, Еділ өзені  бойындағы 
Алшынның көптеген ауылдарына өктемдігін еркін жүргізе алмаған. Жау жүрек бұл 
рулар бағындық деп кейде уәде бергенмен де, нақтылы дізе бүге қоймаған. Бұған 
ызаланған Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың осы рулар жайлап жатқан шетіне сан рет 
қол шығарған. Соның бірі осыдан он жыл бұрын жіберген  он мың әскері еді. Бұ 
жолғы жауынгерлерді осы Қара Оспан батыр басқарып барған. 
 
Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Теңізбай би тірі болатын. Атасы 
Едігедей, әкесі Қазыдай ел шулатқан ер болмағанмен, жатып атар қулығы, жаудан 
қашып құтылар ақылы бар кісі еді. 
 
Көк  Орда  ханынан  әскер  шығыпты  дегенді  естігеннен-ақ,  ел  билігі  ауып  бара 
жатқан  баласы  Темірге  ақыл  айтқан.  «Әбілқайырдың  қалың  әскерін  соғыспен 
жеңе  алмайсың,  оны  айламен  алу  керек.  Және  өшіктірмес  үшін  қарсы  ниет 
көрсетпеген  жөн»  деген.  Темір  аталы  сөзге  тоқтаған.  Осы  сөзден  кейін  бүкіл 
Алшын  жағы  Қара  теңіз  жағасы  Қырымға  қарай  көшкен.  Темір  бес  мың  атты 
әскермен,  қаптаған  қоспен  жұртында  қалған.  Ұзақ  жер  жүріп,  аттың  арқасын 
алдырып  келген  Қара  Оспан  Еділдің  ар  жағында  тұрып,  Әбілқайырға  бағынбай 
жүрген елді көрген. Ат жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен. Бірақ бос 
жатқан жұртқа кездескен. Бұлар арғы бетке шыққандарында Алшын, Жағалбайлы 
ауылдарының бергі бетке өтіп кеткенін білген. Ызаланған  Қара Оспан ат сауырын 
құрғатпай қайтадан Еділге салған. Бірақ бұлар бергі бетке шыққандарында көшкен 
ел  Жайыққа  қарай  бет  алғанын  аңғарды.  Жайықтан  өтіп  қашқындардың  соңына 
тағы түсті. Тек осы арада ғана Қара Оспан батыр алдарында ел емес, әскер екенін 
білді.  Өзінің  алданғанын  ұққан  Әбілқайыр  қолы  енді  бұрынғысынан  да  қызулана 
қуды.  Бірақ  Темір  әскері  жеткізбеді,  ақырында  олар  Нарын  құмына  қарай 
бұрылды.  Сонда  ғана  Қара  Оспан  бұл  қуғаннан  дым  шықпайтынын  түсінді.  Амал 

235 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
жоқ кейін қайтуға мәжбүр болды. Жолдағы кедей ауылдардан азын-аулақ жәрдем 
алып, азып-тозып өз жерлеріне жетті. 
 
Темірдің «мүйізі шаңырақтай Әбілқайыр ханның кей батырлары Еділ, Жайықты 
көрген. Одан не ұтты?» деп кекетіп жатқаны да Қара Оспанның осы сәтсіз жорығы 
еді.  Қара  Оспанның:  «Атыңның  жүйріктігіне  тым  сене  берме!  Байқа,  Темір  би, 
Жәнібек  ханның  құрығы  Әбілқайырдікінен  ұзын  болып  жүрмесін!»  дегені  Темір 
биге  «Әбілқайырдан  қашып    құтылғаныңдай,  Жәнібектен  қашып  құтыла 
алмайсың» деп күні бұрын сес көрсетуі еді. 
 
Темір би бұл ызғарды жақсы сезінді. Сөйтсе де өркөкірек кер мінезге салып оп-
оңай  жеңіле  қалғысы  келмеді.  «Талас  әлі  біткен  жоқ»  деген  ишарат  көрсетіп, 
алдындағы қамшыны бір қозғап қойды. 
 
— Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, 
енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой. 
 
Темір  бидің  удай  ащы  тілі  Қара  Оспанның  өңменінен  өтіп  кетті.  «Бұнысы 
Әбілқайырға  қызмет  істеп  ештеңе  өндіре  алмап  едің,  Үйсін,  енді  Жәнібекке 
жағынып құтырып отырсың дегені ғой!» 
 
Қара Оспан шарт жүгініп отыра қалды. Қамшысын қозғауды да ұмытып кетті. 
 
— әй, сен не малтаңды езіп отырсың. Маңғыт! Елінің ойын айтар Алшыннан бір 
ұл тумағаны ма? 
 
Мұнысы Темір биге «сенің бабаң Едіге Көк Ордадағы Маңғыт руынан шыққан, 
Алшынның жоғын жоқтайтын сенің құқың жоқ» дегені. 
 
Жәнібек  қабағын  түйіп  тұнжырай  қалды.  «Сөз  жоқ,  Темір  би  өз  үстемдігінен 
айырылып,  Жәнібекке  Алшын  руларын  қосқысы  келмейді.  Күшің  асып  басып 
алмасаң, жуытпайды. Ел болып бір ханға бағынудан, өз қарамағындағы жұртты өзі 
билеп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс еткізіп отыру — Темір бидің арманы. 
Бұл  біздің  ең  осал  жеріміз.  Әсіресе,  алыста  жатқан  рулар  ырқымызға  оңай 
көнбейді,  сондықтан  да  ананы,  мынаны  сылтау  етіп  Темір  би  де  бірігуге  қарсы 
ірткі  салып  отыр.  Біріккің  келмесе  «құдай  алдыңнан  жарылқасын!»  деп  қуып 

236 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі күні 
ауа  жайылғаны  жөн  емес.  Бұлар  көнбей  қалса,  сынықтан  бөтеннің  бәрі  жұғады, 
өзге  рулар  да  олардан  үлгі  алуы  мүмкін.  Дауды  ақылға  салып  сабырлылықпен 
шешкен абзал». 
 
Кенет ол басын көтеріп алды. Темірге тесіле қарады. 
 
—  Бабаң  Едіге  бүкіл  Алтын  Орданың  тағдырын  ойлап  еді.  Сен  бір 
Ноғайлылықтан  аса  алмай  отырсың.  Алшын  елін  қарамағыңнан  шығаруға 
жоқсың... Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе, 
жолын  табар.  Алшын  қайда  болады,  оны  болашақ  көрсетер.  Жә,  менің  айтайын 
дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны 
бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе? 
 
— Беремін! 
 
— Қалғанын кезінде көрерміз. 
 
Темір  би  Жәнібектің  бұл  салмақты  айтқан  сөзінің  ар  жағында  қандай  зіл 
жатқанын жақсы ұқты. 
 
Бойын  кенет  бір  қауіп  билеп  кетті.  «Иә,  Жәнібек  хан  түбі  дегеніне  жетпей 
тоқтамайды.  Сонда  не  болғаны,  бар  қазақты  билемек  те,  біз  бұның  құлы 
болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз 
де  оп-оңай  бере  қоймаспыз.  Саған  үлкен  хандық  керек  болса,  бізге  кіші  хандық 
керек! әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!». 
 
Дәл  осы  кезде  күншығыс  жақтан  құйындата  шапқан  салт  атты  көрінді.  Жұрт 
елегізе  со  жаққа  қарады.  Сөйткенше  болған  жоқ,  қара  терге  малынған,  сүліктей 
жаралған  астындағы  баран  жүйрігін  Нұра  етегінде  отырған  Жәнібек  тобына 
тікелей  салған  шапқыншы  жігіттің  «Аттан!  Аттан!  Жау  келіп  қалды!»  —  деген 
айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді. 
 
— Қайдағы жау?! 
 
— Кім келіп қалды?! 

237 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Шапқыншы — ұзын бойлы, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, қара торы бала 
жігіт,  ентелей  шауып  келіп,  астындағы  атын  әзер  тоқтатты.  Екі  бүйірінен  демін 
алып: 
 
—  Тақсыр  хан,  —  деді,  —  Көк  Жыңғыл  тұсынан қалың  әскер  көрінді.  Беті  осы 
Нұраның Қаратұзы. Басқарып келе жатқан Әбілқайырдың үлкен ұлы Шайх-Хайдар 
мен  Қарашың  баһадур.  Мінгендері  кілең  ақалтеке,  текежаумыт.  Бастарындағы 
сеңсең бөріктері қазандай, мойындарында кілең көк темір алдаспан, қолдарында 
көк  темір  найза.  Мұздай  қаруланған,  түстері  де  суық,  жүрістері  де  суыт.  Бие 
сауымындай мезгілде бұл араға да жетіп қалар. 
 
Жәнібектің түрі де, даусы да өзгерген жоқ, әдеттегі байсалды қалпымен: 
 
— Шамасы қанша адам екен? — деді. 
 
— Мың қаралы. 
 
—  Көк  Жыңғылдың  арғы  қабағында  Керей  мен  Найманның  түйелі  қолы  бар 
емес пе еді, төтеп бере алмады ма екен? әлде аналар аңғармай қалды ма? 
 
— Сөйткен тәрізді. Бұлар Көк Жыңғылдың теріскей жағындағы құм арасындағы 
қоба жолмен өтіп кеткендей. Найман мен Керейдің қалқаны күнгейлеу жатыр. 
 
— Оларға хабар бердіңдер ме? 
 
— Менің серігім соларға шапты. 
 
Жәнібек  Ордасындағы  өзіне  тән  адамдарынан  «Күзтоқсанның  басында  қазақ 
руларының  басшылары  жиналып,  бас  қосып,  бір  ханға  бағынып,  әскер  жинап, 
Түркістанды  басып  алмақ  болып  жатыр»  деген  хабарды  естіген  Әбілқайыр  хан. 
Қазақ рулары бас қосатын кезде, бір түнде тек өзіне ғана бағынатын, кілең шаш ал 
десе,  бас  алатын  қырағы  сұлжық  Түрікмен,  Барлас,  Маңғыт  руларынан  құрылған 
он  сан  жігітін,  бастығы  үлкен  баласы  Шайх-Хайдар  мен  ең  сенімді,  ер  жүрек 
батыры  Дарвиш-Хусаин  Қарашыңды  Нұраның  Қаратұзына  аттандырған.  Тек 
түрікмен  ақалтекесі  мен  текежаумыт  аттары  ғана  өте  алатын  құмды  жолдармен 
дабырсыз барып «Жәнібек ханның күлін көкке ұшырып, кеңесін шап» деген. 

238 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Қазақ ру бастықтары хан кеңесіне жиналып жатқанын естісе, жауларының бос 
қалмайтынынан  Жәнібек  те  күдіктенген.  Сол  себепті  Нұра  қатқылының  төрт 
жағынан  елу  шақырымдай  жерде  мың  жауынгерден  шепқалған  құрған.  Шағын 
жауға бұл төтеп бере алатын күш. 
 
Нұраның  қатқылына  Көкшіл  теңіз  жағынан  келетін  жолда  құдықтардан  бөтен 
мал  суаратын  жер  болмаған  соң  Найман  мен  Керей  жігіттерін  әдейі  шөлге 
шыдамды,  ұрысқа  жарайтын  қос  өркешті  желмаяларға  мінгізген.  Найман,  Керей 
жігіттеріне о кезде түйеге мініп жауға шығу үйреншікті әдет. 
 
Жәнібек  бұл  әскерлерін,  кеңес  болар  жерден  әдейі  тысқары  орналастырды. 
Алда-жалда  жау  келіп  қалар  болса,  майданды  алғашқы  үлкен  хан  кеңесінің  
үстінен  ашқысы  келмеді.  Жігіттерінің  жауды  жол-жөнекей,  оңашада  қарсы 
алғанын  жөн  көрді.  Бірақ  Әбілқайыр Шайх-Хайдар  мен Қарашыңға:  «шамаларың 
келсе  жолдарыңды  тосқауылдап  жатқан  әскерлерден  (тосқауыл  әскер 
болатынына  ол  шек  келтірмеген)  жансыз  өтуге  тырысыңдар.  Содан  кейін  хан 
кеңесін  ойламаған  жерден  барып  шабыңдар.  Бірде  бір  бас  көтерер  адамы 
қалмасын, бассыз ел қайда барар екен!» деген. 
 
Осындай жарлық алған Шайх-Хайдар мен Қарашың қалың құм мен тақырдың 
арасынан басқа жол тауып, Найман мен Керей жігіттері күтіп жатқан тұсқа соқпай, 
Нұра Қаратұзына тікелей өтіп кеткен. 
 
Хан  кеңесіне  төнген  қатер  өте  зор  еді.  Әбілқайырдың  бұл  «хан  әскері» 
шынында  да  тек  кілең  жанынан  безген,  дені  Византия,  Египетті  талай  шапқан 
атақты  батыр  тұқым  сұлжық  түрікмендерінің  ұрпақтарынан  құрылатын-ды. 
Қазандай-қазандай  бастарындағы  сең-сең  бөріктерін  селкілдете,  қолдарындағы 
көк найзаларын күнге ойната, жау шебіне садақ оғы жетер жерге жеткенше жұбын 
бұзбай,  кіші-гірім  тайлақтай  астарындағы  текежаумыт,  ақалтеке  сәйгүліктерін 
желе  шоқытып,  жауар  бұлттай  тұтаса  келе  жатқанда  қандай  жау  жүрек  әскер 
болса  да  бір  әбігерленіп  қалатыны  айдан  анық.  «Хан  лашкерлері»  тұтқын  алуды 
білмейтін,  жауласқан  елін  кәрі-жасына  қарамай  тып-типыл  етіп  қайтуға  құмар. 

239 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Әбілқайыр  хан  бұларды  өзге  әскерінен  ерекше  ұстайтын.  Жорықта  олжа  еткен 
қыз-келіншектеріне, талаған мүлік-қазыналарына қол сұқпайтын. Ортақ олжа деп 
хан  тұқымдарының  бөлісіне  салдырмайтын.  Осындай  еркіндіктің  арқасында 
бұлардың  көбінде  жеті-сегіз  қатыннан  болатын  және  әбден  байып  та  алған 
жауынгерлер.  Өздеріне  тиетін  мұндай пайданы  білген  соң,  әбден  қанға  құнығып 
кеткен бұл жан аларлар ұрыста шегінуді білмейтін, жан аямай соғысатын. 
 
Хан  кеңесін  шабуға  келе  жатқан  міне,  осы  әскер  еді.  Бұл  хабарды  естіген 
қазақтың  Қобыланды,  Қамбар,  Қара  Оспан  секілді  аты  шулы  батырлары  үстеріне 
сауыттарын  киіп,  қамыс  құлақ,  бөкен  сан,  жал-құйрығы  жерге  төгілген 
тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді. 
 
әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей 
қара  сирақ  тұлпары  бар  Жәнібектің  екінші  баласы  Қамбар  болатын.  Қобыланды 
бұл кезде алпысқа таяп қалса да, Қазанға аттанғандағы қара шоқпарын әлі де бір 
қолымен  ұршықтай  үйіреді.  Ал  Қамбар  батыр  құдыққа  құлаған  нар  түйені  қос 
өркешінен  ұстап  суырып  алатын  алып  күш.  Екі  иығына  екі  кісі  мінгендей  құлаш 
жауырын, бура сан, тартылуға дайын тұрған садақтай, дене құрылысынан күш иесі 
екені  бірден  сезіледі.  Бұл  Жәнібек  Ордасының  жауына  жібергелі  қайраған  болат 
жебесі,  кеудесінде  жүрек  емес,  қатып  қалған  мүйіз  бар  тәрізді,  бала  жастан 
қорқудың  не  екенін  білмеген  жалын  жан.  Он  сегізге  шыққанда  арлан 
жолбарыспен  жекпе-жек  алысып,  құр  қолымен  ұрып  алған.  Әке  балаға  сыншыл, 
Жәнібек бұл баласының батырларға біткен мінез-құлқын ертеден сезіп, үнемі оны 
соғыс  ісіне  үйретуде  болатын.  Өзге  ұлдарына  әдемі  киім,  салтанатты  ертұрман 
істетсе,  бұған  арнап  найза,  жақ,  алдаспан  жасататын.  Осындай  батырлығына 
қарамай,  Қамбар  Жәнібектің  басқа  балаларынан  гөрі  анағұрлым  кең  пейіл, 
іздегені ерлік. 
 
«Жау  келе  жатыр!»  дегенді  естісімен-ақ  Қамбар  сауытын  кие  салып,  бел- 
деуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды. Оң қолына қанжар ұшты, қайың 
безеулі найзасын ап, жау келетін күншығыс жақты қырындай берді. Бұл атақты үш 

240 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
батырдың жауды қарсы алуға шықпақ боп ыңғайланғанын көріп, өзге батырлар да 
атқа  қонды.  Тек  сай  табанында  төселген  ақ  кигіздің  үстінде  жасы  келіп  қалған 
Арғын  би,  Қотан  жырау  секілді  он  шақты  қарт  адам  қалды.  Ұрыс  батырлар  ісі 
дегендей Жәнібек хан да орнынан қозғалмады. 
 
— Жау келсе жауабын алар, қазақтың қазір ел-жұртын қорғайтын ұлдары бар 
ғой.  —  Ол  саптай  тізіліп  жауға  қарсы  Нұраның  Қаратұзының  биігінде  тұрған 
батырларға сүйсіне көз тастады да  Қотан жырауға бұрылды. — Ана ер-азаматтар 
жауды қуып кейін қайтқанша уақыт босқа өтпесін, Қотан ата, көптен бері тыңдауға 
құмар  боп  жүр  едім,  сізді  жақсы  біледі  дейді.  Жошы  өлімін  естіртуді  айтып 
беріңізші. 
 
Болайын  деп  жатқан  ұрыс  бұларға  еш  қатынасы  жоқтай,  өзгелер  де  қарт  
жырауды қолқалай бастады. 
 
— Иә, балалар қайтқанша ермек болсын, — деді Арғын би. 
 
— Көңіл шіркін бір көтеріліп қалсын, — деді Үйсіннің қарт батыры Қылышбай. 
 
Қотан  жырау  көп  күттірмеді.  Өмір-бақи  жанында  жүретін  кәрі  қара  қобызын 
қолына алып, қарлыққан қарт даусын аңырата жөнелді. 
 
Шыңғысхан  өзге  балаларынан  тұңғышы  Жошыны  анағұрлым  жақсы  көрген. 
Сөйтсе де айтқанына көне қоймайтын Жошыны жоюға Ұлытау бойына әдейі арнап 
кісілер  жіберген:  Жошы  аң  аулап  жүргенде  қастары  монғол  әдісімен  отыз  жеті 
жасында  омыртқасын  үзіп  өлтіреді.  Бұл  хабар  Ұлы  Ордаға  жетеді.  Шыңғыстың 
Жошыны жақсы көретінін білетін хан төңірегіндегі адамдар бұл хабарды естіртуге 
бата  алмайды.  Және  оның  үстіне  өзі  арнап  кісі  жібергендіктен  Жошының  қаза 
табатынына  шек  келтірмеген  әлем  әміршісінің  өзі  де  «кімде-кім  Жошының  қаза 
тапқанын  естіртсе,  соның  басын  аламын»  дейді.  Хан  жақсы  көретін  баласының 
ажалына  өзі  себепкер  болып  отырса  да,  оның  өлгенін  естімей  өткісі  келеді. 
Мұндай жағдайда жұрт дағдарады. Ақырында бұл хабарды жыр арқылы естіртуді 
Ұлы  Жыршыға  тапсырады.  Ханның  салтанатты  көңіл  көтеретін  кешінде  «ал,  Ұлы 

241 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Жыршы,  жыр  баста!»  деген  әмірді  естігенде,  қарт  жырау  түркі  жырын  аңыратып 
қоя береді. 
 
Ол: 
 
 
«Теңіз башынан бұлғанды 
Кім тұндыра, а ханым? 
Терек түптен жығылды 
Кім тұрғызар, а ханым?» 
 
дейді. Сонда Шыңғысхан: 
 
 
«Теңіз баштан бұлғанса, 
Тұндырар олым Жошы дұр 
Терек түптен жығылса, 
Тұрғызар олым Жошы дұр». 
 
дейді.  Сонда  Ұлы  Жыршы  алғашқы  өлеңін  тағы  қайталайды,  бірақ  бұл  жолы 
көзінен жасы парлап ағады. Ананың жылап отырғанын көрген Шыңғысхан: 
 
 
«Көзің жасын төгілтер, 
Көңілің шерлі болғай ма? 
Жырың көңіл үркітер 
Жошы өлген болғай ма? 
 
деп сұрайды. Сонда Ұлы Жыршы түркі жырымен: 
 
«Сөйлемеске еркім жоқ, 
Сен сөйледің, а ханым!» 

242 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Өз жарлығың өзіңе 
Жөн ойладың, а ханым!» 
 
деп  Жошының  өлгенін  естіртеді.  Сонда  жаратылғалы  көзінен  жас  шықпаған 
Шыңғысхан еңкілдеп жылап: 
 
 
Құлын алған құландай 
Құлынымнан айрылдым! 
Айырылышқан аққудай 
Ер ұлымнан айрылдым!» 
 
деп теріс қарап, бүк түсіп жатып алады. 
 
Қарт  Қотан  бұл  жырды  сонау  Ұлы  Жыршы  мен  әлем  әміршісі  Шыңғысханның 
дәл сол күндегі күйін отырғандардың көз алдына елестеттіргендей, кәрі қобызын 
боздата,  кәрі  даусын  қарлықтыра  шығарып,  зар  жылап  отырып  айтты.  Жырау 
өнері  жұрттың  көңілін  бөлгені  соншалық,  отырған  адамдар  ана  жақта  болғалы 
тұрған ұрысты ұмытып та кетті. 
 
Қотан  қарт  енді  жыр  үстіне  жырды  тоғытты.  Ол  бір  мезет  Орақ  толғауын 
бастады. 
 
 
«Артуда арту тау келсе, 
Атан да тартар бүгіліп. 
Алыстан қара көрінсе, 
Қарақұла жатар үңіліп...» 
 
Орақ толғауының адамның құйқа тамырын шымырлатып, өн бойыңды дірілдетіп  
алып  кететін  қасқырдың  ұлығаны  тәрізді  өзіне  дербес  бір  ескі  әуені  бар.  Осы 

243 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
әуенге  сай  Қотан  жырау  қобызын  осып-осып  аңыратып  кенет  жас  күндегідей 
жігерлене толғады. 
 
 
«... Уа, жігітләр, жігітләр, 
Жалаңғаш жерде жауға шап. 
Осынау жалған дүниеде 
Ажал житмай өлмек жоқ». 
 
Жырау  даусы,  шаба  келе  қызған  жүйріктей,  енді  шарықтай  түсті.  Ұйып  тыңдаған 
ақсақалдар  қазір  қан  майданда  шешілгелі  тұрған  қазақ  хандығының  тағдыры 
естерінен тіпті шығып кеткендей, бастарын жерден алмай, тапжылмай тыңдауда. 
Жоқ, бұлар жаңа ел болып келе жатқан халқының тағдырын ұмытқан жоқ. «Сонау 
айқас  немен  тынар  екен?»  деп  іштері  алай-түлей.  Әрқайсысы  бір  тайпа  елдің 
қалың қолын басқара алатын сонау қалың қабақты, түкті білекті батырларға сену 
өте орынды. Қыран балапандарын  өмір арпалысына дайындағанда, ең алдымен 
қоянға  емес,  қасқырдың  бөлтірігіне  түсіріп  үйретеді  екен.  Жәнібек  те  сол  қыран. 
Қанатының  астындағы  батырларын  бірден  ең  ауыр  сынға  шынықтырмақ.  Ел 
болғылары  келсе,  өздерін-өздері  қорғай  білсін!..  Бүгін  бастары  бірігіп,  жауына 
қарсы  тұра  алмай,  ала  ауыздық  не  қорқақтық  көрсетсе,  ертең  быт-шыт  боп, 
көрінгеннің  табанының  астында  кетеді.  Ал  бүгін  ел  намысын  —  ер  намысын 
қорғай алса, ертең тастан берік бірлескен жұрт болады. Құрыш отта асылданады, 
халық күресте шынығады. 
 
Жәнібек қанша қобалжыса да сабыр тұтты. Ол ру бастықтары батыр, билердің 
хан әмірін орындау үшін емес, ауыз бірліктерін айғақ етіп, жауына өз беттерімен 
қарсы  шыққанын  көргісі  келді.  Хан  ақылы  емес,  халық  ақылы  шешсін  деді 
халқымыздың болашақ тағдырын. 
 
Жәнібек қазақ хандығының тағдыры шешілетін мұндай қысылтаяң мезетте сап 
алдында болмай, кәрі-құртаң ақсақалдар қасында қалуын кейбіреулердің қылмыс 

244 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
санайтынын  да,  не  қорқақтыққа  балайтынын  да  біледі.  Бірақ  ертең  қазақтың 
бытыраған  руларының  басын  қосып,  мықтап  ұстар  хан  болу  үшін,  мызғымас 
беріктік  те  керек.  Өзіңді  шабуға  жау  келе  жатқанда  бір  сайдың  жағасында  қарт 
жыраудың толғауын тыңдап отыру — көрінген ханның қолынан келмейтін қасиет. 
Халық  алдында  мұндай  адам  аңызға  айналады.  Өзінің  абыржымас  тастай 
мінезімен  өзгелердің  де  үмітіне  әл  беру  —  қолына қылыш  алып    жауға  шабудан 
анағұрлым  артық  ерлік.  Хан  әбігер  болмаған  жерде,  халық  та  әбігер  болмайды. 
Бұл  —жеңістің  ең  бір  керекті  шарты.  Ханның  келе  жатқан  жаудан  құты  қашпай, 
жайбарақат  отырғанынан  өзгелері  де  үлгі  алды.  Олар  да  келе  жатқан  жауына 
берекелері кетпей, сабырлы салқын қанмен дайындала бастады. 
 
Қотан жырау Орақ толғауын бітіріп әлдеқашан Едіге жырына көшкен. Жұрт сол 
ұйыған қалпында тыңдауда. Бұған Жәнібек іштей қуанышты. Өзінің де қобалжуы 
басылғандай. «Жоқ, мұндай жұртты жау жеңе алмайды. Мұндай мызғымас елмен 
түбі  Ұлы  хандық  құруға  болады.  Қан-жоса  етіп  қырып-жоям  деп  жауы  келе 
жатқанда,  мынау  қарт  би,  батырлардың  осыншама  сабырлылық    көрсетуі  — 
жақсы  ырым.  Бұ  тәрізді  жұрт  болашақта  басына  қандай  ауыр  сын  түссе  де 
шыдайды, қандай жаумен болса да табан тіреп алысуға жарайды. Ал келе жатқан 
мына жауға анау Нұра үстіндегі кілең батыр жігіттер жауап бере алады. Мұндайда 
ер  қимылын  арман  шешеді.  Ал  ер  арманы  —  ел  болу.  Бұл  арман  үшін  анау 
ерлердің аянбай айқасатынына күмән келтіру күнә болар еді...» 
 
Жәнібек  ханның  құлағына  қарт  жыраудың  даусы  еміс-еміс  келеді.  Құлағы 
жырда, көңілі көп кешікпей басталатын қанды айқаста. 
 
Қарт  жыраудың  даусы  әлі  болдырмаған  жүйріктің  шабысы  тәрізді.  Біркелкі 
дүбір, біркелкі ұйтқу... 
 
Қарт  ақын  қарлыға  толғайды.  Ол  қазір  тоғыз  батыр  Едігені  қуып  келіп,  Кен-
Жанбайдың Едігеге арнап айтқан жырын толғап отыр: 
 
 
«әй, Едіге, сен енді қайт сана!  

245 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Қайтып Еділ өт сана! 
 
Еңсесі биік боз Орда 
Еңкейіп сәлем бер сана! 
Ерні жұқа сар аяқ 
Ер сарқытын іш сана. 
Жауырындары жақталы, 
Түйме бауы тартпалы 
Ал қара киім үстіңе 
Тон береді, ки сана. 
Көк ала жорға ат мініп, 
Көк дабылпаз байланып, 
Тұтам бауы сом алтын 
Ақ сұңқар құс береді, 
Көл айналып шүй сана!» 
 
Бұл  кезде  Нұра  беткейіндегі  батырлар  қара  шоғырланып  топтанып  қалған.  Қос 
күзетудегі  Қыпшақтың  жүзге  таяу  жігіттерін  ертіп  Қобыландыға  Қазтуған  қосыл- 
ған.  Ел  басына  күн  туғанда  жеке  қалудың  лажын  таба  алмай,  Шалкиіз  жырау- 
ды бас етіп, екі жүздей қасындағы нөкер, сойылшы, малшы жігіттерімен Темір би 
де келген. Жәнібектің өзге балалары, бастығы Қасым мен Керейдің батыр ұлдары, 
ең  үлкені  Бұрындық  боп,  хан  аулының  маңайындағы  төлеңгіт,  сарбаздарын 
жинап,  бұлар  да  төбе  басына  шыққан.  Қысқасы,  хан  кеңесін  қорғамақ  боп 
Нұраның  Қаратұзы  беткейінде  бес  жүзге  таяу  заматта  қол  жиналды.  Енді  бұлар 
шеп  құрып  жауды  қалай  қарсы  алуды  кеңесті.  Барлығы  Қамбар  батырдың 
айтқанына  көнетін  болды.  Мұндайда  батыр  сөзіне  бағыну  ежелгі  салт,  Қамбар 
батыр Майсары 
1
  етіп Қыпшақ, Арғын жігіттерін, Маймене етіп Алшын, Дулат және 
                                                 
1
 М а й с а р ы,  М а й м е н е — ханның оң жағында және сол жағында отыратын кеңесшілері. Ұрыс кезінде 
әскердің оң қолы, сол қолы. 

246 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
өзге ру сойылшыларын тұрғызды. Өздері Шыңғыс ұрпақтары төлеңгіттерімен орта 
шепті алды. Келе жатқан жауға осылай үш мүйіз боп қарсы шабуды ұйғарды. 
 
Дәл  осы  сәтте  солтүстік  пен  шығыстың  нақ  орта  шенінен  аспанға  бұрқылдай 
көтерілген шаң шықты. Тағы бір сүт пісірімдей кез өткенде шаң астынан қалың қол 
көрінді. Енді аздан кейін жау селеуті де анықтала бастады. Желкілдеген кілең ақ 
сең  сең  бөрік,  күнге  шағылысқан  көк  құрыш  найза  суыт  келеді.  Қарқындары  тау 
бұзардай. Олар, таяған сайын қиғаштай шаба, әскердің қос қанатын екі жаққа жая 
түсті.  Әбілқайырдың  атты  әскерінің  ежелгі  тәсілі.  Құшағын  жайып  кеп,  жауын 
ортаға  ап  жан-жағынан  кенет  ат  қояды.  Жау  әскерін  қоршауға  алады.  Бұл  темір 
қышқаштан  құтылу  екіталай.  Әскердің  қолбасшысы  бастаған  бір  тобы  кейін 
қалады.  Ол  өзіне  ың¬айлы  жерде  тұрып  ұрыс  болып  жатқан  майданнан  көзін 
алмайды.  Қай  тұста  әскері  азая  бастаса,  не  күші  құлдырап  жеңілуге  айналса,  сол 
тұсқа  қасында  тың  тұрған  әскерден  көмек  жібереді.  Бұл  жолы  да  сол  әдістеріне 
салмақ  тәрізді!  Шайх-Хайдар  әскері  қазақ  батырлары  тұрған  жерге  тағалана 
қоршай таяп келеді. Дәл осы кезде, Нұра беткейінде тұрған батырлар, келе жатқан 
жау  әскерінің  күншығыс  және  солтүстік  бүйірінен  бұларға  қиғаштай  тиіспек  боп 
құйындай шапқан екі қолды көрді. Батырлар бірден түсінді. Мынау астындағы қос 
өркеш  желмаялары  бастарын  төмен  түсіріп  жіберіп,  күншығыс  жақтан  тайрақтай 
шапқан қол — бұл жауын аңдамай өткізіп алған, қалқан етіп шығыс жақтағы жолға 
қойылған Керей, Найман жауынгерлері. Ал солтүстік тұстан шұбатыла жөңкіген — 
алдында әрқашанда ер жүрек батыры оқшау келетін — бұл солтүстіктегі қалқа — 
Арғын,  Қыпшақ  қолы.  «Жау  келе  жатыр!»  деген  хабарды  естігеннен-ақ  Қасым: 
«Хан  кеңесі  болып  жатқан  жерге  тез  жетсін»  деп  ат  шаптырған.  Жау  жүрек  екі 
қолдың тез жеткеніне беткейде тұрған батырлар қуанып қалды. Әлдекімдер «Уа, 
сәт!»,  «Ақсарбас,  ақсарбас!»  деп  өзінің  көтерілген  көңіл  күйін  жасырмай  ашық 
айтып жатыр. Күтпеген жерінен, арттарын ала, екі бүйірлерінен екі қолды көрген 
Шайх-Хайдар  әскері  «өзіміз  қоршауға  түсіп  қалмайық»  деген  қауіппен  кенет  екі 
жаққа жайыла түскен қанаттарын жия қойды. Енді олар шашау шығармай, тобын 

247 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
жазбай,  садақ  оғы  жететін  жерге  кеп,  аттарының  қарқынын  басып  сәл  аяңдай 
жүріп  шоғырлана  тоқтады.  Бұл  кезде  Шайх-Хайдар  әскерін,  бүйірлей  қоршап 
Найман, Керей мен Арғын, Қыпшақ қолдары да батырлар тұрған төбеге жетті. Екі 
жақ әудем жерге  кеп қарама-қарсы тұрды. Енді қазақ батырларының  тобы емес, 
Шайх-Хайдар  әскері  қоршауда  қалатын  тәрізді.  Күш  қазақ  жағында  басым.  Бірақ 
бірде-бір  рет  жауынан  беті  қайтып,  тауы  шағылып  көрмеген  «Хан  әскері»  кейін 
шегінетін  түрі  жоқ.  Көк  найзаларын  қазақ  жігіттерінің  кеуделеріне  бір  сұқпай 
мауқы басылар емес. 
 
Кенет  Шайх-Хайдар  шебінен  жал-құйрығы  жерге  төгілген,  нардай  ақал-теке 
арғымақ  мінген,  үстінде  қара  сауыты  бар  Қарашың  батыр  ойқастап  ортаға  шыға 
берді. Ол күндерде соғыс жүргізу тәсілі екі түрде болатын. Бірі жауын қапыда бас 
салу  да,  екіншісі  қан  майданда  бетпе-бет  кеп  ашық  ұрысу.  Мұндай  жағдайда  ең 
алдымен жер белгіленіп, майдан ортасына батырлар жекпе-жек шығып ұрысады. 
Екі  жақтан  жекпе-жекке  шыққан  батырларға  ешкім  болыспайды.  Қайсысының 
күші  басым  болса,  сол  жеңеді.  Кейде  жекпе-жек  айқас  екі  жақтан    батырлар 
табылғанша  созылады.  Кейде  жекпе-жекке  шыдай  алмай,  жаудың  бір  жағы  ат 
қойып,  ұрыс  ашып  жібереді.  Бұл  үлкен  айып  болып  саналады.  Артынан  бітімге 
келгенде бұл кінә еске алынады. 
 
Қарашың  батыр  қара  арғымағының  үстіне  анандайдан  қара  шыңдай  боп 
майдан ортасына кеп, айбарлы үнмен айқай салды. 
 
— Шық бері жекпе-жекке! Жаныңнан безген қайсың барсың! 
 
— Мен бармын! 
 —  деді  Қамбар  батыр  астындағы  қара  сирақ  тұлпарын 
тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп. 
 
— Тоқта! — деп ақырып жіберді дәл осы сәтте шудалары  жерге түскен аппақ 
бураның үстінде отырған Бұрындық. — Жол менікі! Аға тұрғанда іні алға шықпас 
болар! 
 
Аға  бұйрығына  іні  көну  —  қазақтың  көне  салты.  Қамбар  батыр  атын  кенет 
тежеп тоқтай қалды. 

248 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Бұрындық  көлденеңі  мен  ұзындығы  бірдей  төртпақ  келген,  қолдары  кескен 
томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын 
Ғазірет  Ғалидай  екі  құлағына  апарып  іліп  қоятын.  Түнде  көрген  адамның  жүрегі 
жарылатындай  түсі  суық.  Бала  жасынан  сотқар,  соғыс  құмар.  Оның  жауымен 
ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол 
бота  күнінен  жауға  салып  үйреткен.  Өзі  де  өзге  буралардан  анағұрлым  биік. 
Шапқанда  жылқы  баласының  ілуде  біреуі  ғана  ілесе  алады.  Бұрындықтың  көркі 
осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып 
алып,  табанының  астына  салып,  тарпып  тастауға  мықтап  төселген.  Кейде  жерге 
құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата 
сындырып,  мылжа-мылжасын  шығармай  үстінен  тұрмайды.  Жекпе-жек  шыққан 
батырдың  үстінен  Бұрындық  екі  құлаш қайың  шоқпарымен  қос  қолдап  ұрса,  бұл 
жерге  құлаған  батырды  жаныштап  тарпып  өлтіреді.  Мұндай  астындағы  бурасы 
мен  үстіндегі  батыры  қатар  қимылдайтын  жаудан  жекпе-жек  шыққан  адамның 
күні  бұрын  зәре-құты  қалмайтын.  Оның  үстіне  ақ  бура  Бұрындықтың  жауына 
қандай  тәсіл  құратынын  алдын  ала  ақылдасып  қойғандай,  жауға  шапқаннан-ақ 
үстіндегі  батыр  ыңғайына  қарай  көшетін.  Тарпитын  жерінде  тарпитын,  тістейтін 
жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса, ақ 
бура  ашуға  мінбейтін,  тек  үстіндегі  батырдың  әуеніне  қарай  қимылдап,  дегеніне 
көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара 
жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін. 
 
Бұрындық  міне  осы  ақ  бурасына  мініп,  Қарашыңға  жекпе-жекке  шықпақ!  Ал 
Қарашыңның қандай  батыр  екені жұртқа  аян.  Оң қолымен  өзіне  қарсы  сілтенген 
сойыл  шоқпардан  қорғана  білсе,  сол  қолындағы  жүзі  ұстарадай  сала  құлаш 
алдаспанымен  жауының  астындағы  тұлпардың  мойнын  қағып  тастайтын  әдеті. 
Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана 
төтеп  береді.  Және  қара  сирақ  тұлпардың  мойын  тұсы  кереге  көз  шынжыр 
сауытпен  торланған.  Ал  ақ  бура  қанша  айбарлы  болғанмен  де,  сауыт  жабылған 

249 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
тұлпар  емес,  сілтегені  мүлт  кетпейтін  Қарашың  батыр  оның  сидиған  мойынынан 
басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр жөн 
еді. 
 
Бұрындықтың  Қарашың  батырға  қарсы  шықпасқа  лажы  жоқ-ты.  Оған  деген  
елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар. 
 
Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында 
жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер 
көркем.  Оның  үстіне  ағасы  Қарашың  Әбілқайырдың  аса  бір  ардақты  батыры 
болғандықтан,  анау-мынау  адамды  менсінбейтін  тәкаппар,  өр  мінезді  де, 
Бұрындық  осы  қызға  Әбілқайыр  қол  астында  жүрген  кезінде  ғашық  болған.  Қыз 
онда  он  үш  жасар-ды.  Бұрындық  оған  көңіл  қосайық  деп  жеңгетай  салған.  Қыз: 
«Кескен  томар  секілді  Бұрындық  менің  теңім  емес»,  —  деп  жауап  берген. 
Намысқа  шапқан  Бұрындық  әкесі  Керей  сұлтан  арқылы  «қарындасын  маған 
тоқалдыққа  берсін»  деп  Қарашыңға  құдалар  жіберген.  Әбілқайыр  хан  мен 
Жәнібек,  Керей  сұлтандардың  арасының  нашар  екенін  білетін  Қарашың: 
«Қарындасымды  Ташкенттің  бір  бекзадасы  айттырып  қойған»  деп  бермеген. 
Артынан,  Жәнібек  пен  Керей  Әбілқайырдан  бөлініп  көшіп  кеткеннен  кейін,  осы 
Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан. 
 
Осыған  өшіккен  Бұрындық:  «Қап,  бәлем  Қарашың,  қан  майданда  бір 
кездесерсің!»  деп  жүргенінде  мына  айқас  дөп  келді.  Бұрындықтың  көктен 
сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма! 
Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді. 
 
Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік 
атып  ақ  бура  тайраңдай  шаба  жөнелді.  Өзіне  қарсы  түйелі  Бұрындықтың 
шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында 
қара  жартастай  қара  арғымақ  мінген  Қарашың.  Екінші  жағында  көбік  шашқан  ақ 
бура  мінген,  айдалаға  отырғызып  қойған  балбала  тәрізді  абажадай  Бұрындық. 

250 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
Жұрт  мұндай  алып  денелі  батырлардың  айқасының    немен  тынарын  білмей, 
демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған. 
 
Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң 
қолындағы  шоқпарын  ыңғайлай  үйіріп,  жауына  таяй  беріп,  шоқпарын  сілтейтін 
Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында 
әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де 
сол  қолындағы  ақ  алмас  алдаспанын  көтере  берді.  Ақ  бура  қылыш  сілтеу  жерге 
таяса  болғаны,  ирелеңдеген  мойнын  ұшырып  түсірмек!  Бірақ  бұл  ойына  жете 
алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге 
таянғанда,  түйенің  тасасында  оң  қолында  ұстаған  қыл  арқанын  сумаң  еткізіп 
Қарашыңға  қарай  лақтырып  жіберді  де,  сол  шапқан  бойы  тоқталмастан  орағыта 
бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына 
түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын 
сілтегенше  шауып  келе  жатқан  екпінімен  Қарашыңды  кейін  тартқан  қыл  арқан 
заматта тынысын  тарылтып, аттың  артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен 
сырғып  кетпес  үшін,  қарасанынан  мықтап  шырмаған  қыл  шылбыр  жібермеді. 
Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай 
алмай  барып  жерге  күрс  етті.  Қыл  арқанды  тақымынан  өткізіп,  ақ  бураның 
алдыңғы  өркешіне  байлаған  Бұрындық  ай-шайға  қарамай,  орағыта,  өз  тобына 
көкпар  алған  адамдай  «Аруақ!  Аруақ!»  деп  айқайлай  шапты.  Басына  киген  тор 
дулығасының  етегі  алқымына  түскен  қыл  арқанның  мойнын  жұлып  әкетпеуіне 
себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен 
сүйретіле  жөнелді.  Осының  бәрі  көзді  ашып-жұмғандай  уақытта  өтті.  Алып  күш 
алыптығын  көрсетті.  Шап-қан  бойы  Бұрындық  өз  шебіне  жеткенде,  үзіліп  кеткен 
ер-мерімен  шұбатыла  сүйретіліп  келе  жатқан  Қарашыңның  жаны  аузына  келіп, 
енді  шығуға  таяу  еді.  Қарашың  құлаған  жерге  таяу  тұрған  Қасым  атынан  секіріп 
түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді. 

251 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Бұрыннан  да  қазақ  жағының  күші  басым  екенін  байқап,  жүрегі  дауаламай 
тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, 
енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан 
машайық  қашқан,  қолбасшыларының  өзі  атын  кейін  бұрғасын,  жауынгерлері  де 
соңынан  ерді.  Қарашыңның  әлегімен  сәл  көңілдері  басқа      жаққа  ауған  қазақ 
батырлары,  жауының  жапа-тармағай  кейін  шегініп  бара  жатқанын  көріп,  лап 
қойды.  Бірақ  ақ  бөкенге  екі  ырғып  жететін  ақал-теке,  теке  жаумыттар  бұларды 
қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс 
ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу 
адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп 
түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі 
Қобыланды батыр тоқтай алмады. Жеткен жігіттерін тірсектен сойылмен бір ұрып, 
жерге  құлатып,  жау  соңынан  қуа  түсті.  Қобыландының  жалғыз  шауып  келе 
жатқанын  көрген  сұлжық  түрікменнің  елу  шақты  сойылкер  батыр  жігіттері  кенет 
аттарының  басын  кейін  бұрып  Қобыландыға  қарай  ат  қойды.  Жан-жағынан 
қоршап, ортаға ап қыса бастады. Көкжал қасқыр қанша арлан болғанменен, жан-
жағынан  жұлқылай  түскен  өзіндей  кілең  көк  бөріге  не  істей  алады? 
Қобыландының  да  халі  осы  көкжал  қасқырдай  еді.  Қанша  алысқанмен  де  көпке 
топырақ  шаша  ала  ма,  күші  де  баяғы  жас  кезіндегідей  емес.  Енді  ажалдың  таяу 
қалғанына  көзі  жетті.  Дегенмен  күші  азая    бастаса  да,  ол  сойылын  оңды-солды 
сілтеп, қасына жауын тақа жуытпай тұр. Бірақ бұл алыс ұзаққа бара ма? Ол анда-
санда арт жағына қарап қояды. «Көп кешікпей өзі оралар» деп ойлаған серіктері 
мұны  іздеп  келе  қоймады.  Хал  мүшкілге  айналды.  Қарашыңды  жауына  түсіртіп 
алған  сұлжықтар,  оның  орнына  Қобыландыны  байлап  әкетпек  болды.  Олар  асау 
ұстаған  жігіттердей,  жан-жақтарынан  қоршап,  арқандарын  Қобыландының 
мойнына  лақтыруға  ыңғайлана  берді.  Қалжырауға  айналған  Қобыланды  енді 
өзінен  дәрмен  кетіп  бара  жатқанын  түсінді.  Намыстан  да  жан  тәтті.  Қобыланды 
батыр  бір  мезет  атының  басын  кейін  бұрып,  қоршауды  бұзып  шығып,  қашып 

252 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін 
үзбек  боп  кейін  шапты.  Қобыландының  айбарынан  сескенген  жігіттер  қақ 
айырылды.  Қобыланды  орталарынан  зырғытып  өте  берді.  Бірақ  өте  алмады,  екі 
жағынан  лақтырған  арқан  мойнынан  бірдей  түсті.  Ырғи  жөнелген  Киіккетпестің 
үстінен  сыпырып  жерге  дүңк  еткізді.  Аспан-көк  шыр  айналып  кетті.  Құлап  бара 
жат- 
қанында  құлағына  жеткені  ат  дүбірлері  мен  «Ақжол!  Ақжол!»  деген  айқай  ғана 
еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан 
ақырын  түрегелгенінде,  алдында  күлімсіреп  қарап  тұрған  жас  жігіт  пен  алтын 
зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе 
де,  бұл  екеуін  Қобыланды  бірден  таныды.  Шатыраштанып  жасыл  төккен  мырза 
қарағай  тәрізді  сұңғақ  бойлы  сымбатты  жігіт  батыр  Саян  болатын.  Ал  қасындағы 
келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім еді. 
 
Батыр  Саян  баяғы  Сейхун  дарияның  жағасында  Әбілқайырды  жолбарыстан 
аман  алып  қалғаннан  кейін,  өзі  секілді  күштілерден  қорлық  көрген  жүзге  тарта 
батыр  жігіттерді  жинап,  аламан  болып  кеткен.  Сейхун  мен  Жейхунның  арасында 
қасқырдай  жортқан.  Талай  шонжарлардың  малын  шауып,  Мауреннахр  мен 
Түркістан  арасында  көшкен  сан  саудагерлердің  керуенін  тонаған.  Ақырында 
Жетіқоңыр  маңайында  қазақ  рулары  бас  қосып  жатыр  дегенді  естіген.  Енді 
аламандықты тастап, бір кезде өзін өлімнен құтқарған нағашы жұртына қосылмақ 
боп,  қасындағы  жүзге  таяу  серіктерімен,  бес  жасар  баласын  алдына  отырғызып, 
Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім  сұлуын  ертіп жолға  шыққан.  Құмға  өскен  қалың  сексеуіл 
арасында  келе  жатып,  Қобыланды  батырды  қоршаған  сұлжық  түрікмендердің 
жігіттерін көрген. Қобыландыны аналар аттан құлатып, байлап жатқан кездерінде 
Арғынның  ұраны  «Ақжолдап!»  айқайлап,  шабуыл  салған.  Қазақтың  көп 
сыпайлары  жетіп  қалған  екен  деп  ойлаған  сұлжықтар,  қарсыласуға  батылдары 
бармай,  Қобыландыны  тастап  қашқан.  Өздері  жолаушылап  алыстан  талып  келе 
жатқан батыр Саян жігіттері оларды қумаған. 

253 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-өзі 
ақылмен  тоқтатты.  Бір  кезде  өзі  өлімге  қиған  батыры,  енді  бұны  ажалдан  алып 
қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер»  болса, да 
батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді. 
 
—  Қарағым,  батыр  Саян,  ер  шекіспей  бекіспейді.  Сен  екеуміз  шекістік.  Айып 
менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім. 
 
— Мен де кешірдім, — деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп. 
 
Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен 
кейін  Жәнібек  ханның  жарлығы  бойынша,  хан  кеңесінің  аз  күнге  мәжілісі 
тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы 
кезде  Қырымды  аралап  Асан  Қайғы  жырау  оралды.  Бастығы  Жәнібек  боп  бүкіл 
қазақтың  ардақты  батыр,  биі  қарт  ақынды  кілемге  көтеріп  қарсы  алды.    Өзіне 
арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды. 
 
Осы  тойдың  нағыз  қызып  жатқан  шағында,  бір  өліп  тірілген,  қараша  күркеде 
сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді. 
 
—  Қарашың  батыр,  —  деді  ол  айтайын  деген  сөзіне  бірден  кірісіп.  —  Егер  
жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында. 
 
— Қандай шарт? 
 
— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам. 
 
— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған. 
 
— Байынан айыр. Баласын байына қалдыр, не өзің асыра. Шешесін маған бер. 
 
— Бұл мұсылманның сөзі емес. 
 
—  Сенің  қарындасыңа  мен  мұсылман  емеспін.  Өзінің  қылығына  қарай 
кәпірмін. 
 
—  Жоқ,  Мұқамет  пайғамбардың  дініне  қарсы  болар  күнәға  мен  бара 
алмаймын. Одан да менің басымды ал. 
 
— Маған сенің басың емес, қарындасың керек. 

254 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
 Бұрындық  ертеңінде  де,  арғы  күні  де  келді.  Есіл-дерті  кеше  өзін  менсінбеген 
Тоқтар-Бегімді қатын етіп, өшін алу болды. Қарашыңның «Тоқтар-Бегімнен де сұлу 
тағы бір қарындасым, екі қызым бар. Соның бірін ал» дегеніне көнбей қойды. «Не 
өзіңнің  қаныңды  ішем,  не  Тоқтар-Бегімді  қатын  қылам  деді,  қаныңды  бірақ 
асықпай ішем, күніне бір қасықтан ғана ұрттаймын». 
 
Түбі  құтыла  алмайтынын  білген  Қарашың  ақырында  еліне,  аға-інілеріне  кісі 
жіберді.  Тоқтар-Бегімді  Бұрындыққа  тоқалдыққа  беріп,  өзін  құтқаруды  сұрады. 
«Құдыс  батыр  Тоқтар-Бегімнің  сіңлісі  Ажар  бике  мен  өзімнің  екі  қызымның  
таңдағанын алсын», — деді. 
 
Шайх-Хайдардың  жорығы  тек  Бұрындық  сұлтанның  ғана  мұратына  жеткізіп 
қойған жоқ, бүкіл қазақ руларының мұратына жетуіне себепкер болды. Жи-налған 
батыр,  билер  енді  қазақ  руларының  сөзсіз  бірігуі  керек  екенін,  егер  бірікпесе 
Әбілқайыр  хан,  не  басқа  бір  хан  оп-оңай  құл  ететінін  ұқты.  Хан  кеңесі  қайтадан 
мәжіліске  отырды.  Барлығы  келешекте  үш  жүзге  бөлініп,  бір  ханға  бағынуды 
мақұлдасты.  Іштей  наразы  болғанмен  де,  Темір  би  де  бұған  сырттай  қарсы 
болмады.  Ұлы  жүзге  —  аға  рулар  Үйсін,  Дулат,  Жалайыр,  Орта  жүзге  жер 
ыңғайына,  әдет-ғұрпы,  салтына  қарай  Арғын,  Қыпшақ,  Найман,  Қоңырат,  Керей, 
Уақ,  Тарақты.  Кіші  жүзге  Еділ  мен  Жайық  бойын  жайлаған  Алшын,  Байұлы, 
әлімұлы,  Жетіру  кірсін  десті.  Бірақ  бұл  үш  жүзге  бөліну  мәселесі  бұ  жолы 
аяқталмады.  Арада  талай  толқу  болды.  Тек  осы  мәжілістен  алпыс  жыл  өткеннен 
кейін,  Қасым  ханның  баласы  Хақназар  ханның  кезінде  ғана  бүкіл  қазақ  рулары 
ақырғы  бітімге  келді.  Үш  жүз  боп  үш  орда  тікті.  Ал,  ол  жолы  күрделі  басқа  бір 
мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді. 
 
—  Үйсіннен  шыққан  бабамыз  Майқы  би  Шыңғысханның  кезінде-ақ  —  деді 
саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты 
ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын. 

255 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Отырғандар  бір  ауыздан  дұрыс  деп  мақұлдасты.  Хан  төлеңгітінің  бір  зергер 
жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін 
түсірді. 
 
—  Жер  аймағының  айналасы  алты  айлық,  —  деді  Асан  Қайғы  сәл    жұмылып 
кеткен  көзін  ашып.  —  От  ортасында  қалың  Арғын  елі...  Арғынатаның  белгісі 
көздесем көңілім көншігер. 
 
Отырғандар  бір  дауыстан  тағы  да  дұрыс  деді.  Шебер  тағы  да  қолына  бал- 
ғасы мен тескішін алды. 
 
Халқымызға  жау  тисе  ең  алдыменен  атқа  қонған  жау  жүрек  Қыпшаққа 
айбалтаны таңба етелік — деді қарт жырау. 
 
Осылай  дәлелдермен  Асан  Қайғы  қазақтың  сол  кездегі  басты  қырық  руына 
таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына түсірілді. 
Халық  бұл  жерді  сол  күннен  бастап  Нұраның  таңбалығы  деп  атады.  Асан  Қайғы 
батасын  беріп,  ертеңіне  Жәнібекті  боз  биенің  сүтіне  шомылдырып,  ақ  кигізге 
көтеріп,  қайтадан  бар  қазаққа  хан  сайлады.  Содан  кейін  барып  келесі  жаз  шыға, 
қалың  қол  жинап  Орысханның  кезінде  Ақ  Орданың  астанасы  болған  Сығанақтан 
бастап  бүкіл  Түркістан  жерін  жаулап  алмақ  болып,  уәделесіп,  ру  бастықтары 
тарасты.  «Басымыз  бірігіп  ел  болдық,  хан  көтердік»  деген  ру  біткеннің  игі 
жақсылары, қараша адамдары мәз-мейрам еді. Тек Алшын адамдарын басқарып 
келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле-өлгенше ашылмай кетті. 
Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін алып, 
Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын өзіне ақылмен бағындырғанын 
көзімен  көре  алмады.  Бұл  кезде  Темір  би  дүние  салған.  Бірақ  тірісінде  де  қарсы 
күресуге дәрмені жетпеді, өйткені бар қазақ ел болып бас қосуды тілеген. 
 
Үш  күннен  кейін  Хан  Ордасы  Шу,  Сарысу  бойындағы  қыстауына  қарай  көшті. 
Бұрындық  сұлтан  Талас  етегіндегі  қыстауына  келіп  қонған  күні,  Тоқтар-Бегімді 
алып Қарашың батырдың аға-інілері келді. 

256 
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004 
Әдеби KZ  
 
 
 
Қарындасын  баласы  мен  ерінен  айырып  Бұрындыққа  тоқалдыққа  беріп,  өз 
басына еркіндік алып, Қарашың батыр еліне қайтты. Бірақ Бұрындыққа деген өле-
өлгенше өшпейтін кегін жүрегінде ала кетті. 
 
Сол  күні  кешке  Бұрындық  жас  тоқалы  Тоқтар-Бегімге  арнап  тігілген  ақ  отауға 
келді. Үй ішіне шұлғауының шуаш иісін мүңкіте, жуан қоныш саптама етігін шешіп 
жатып, түрулі шымылдықтың ішінде, ақ мамық құс төсектің үстінде отырған, сазды 
жердің сары ағашындай, нәзік денелі жас тоқалына көз қиығын аударды. 
 
Оның  сұп-сұр  болып  қатуланып  кеткен  жүзінен,  өзін  жек  көретінін  жасырмай 
жалын атқан ашулы көз қарасынан, сүйіп қосылған байы мен бауыр етінен де тәтті 
екі  жасар  баласынан  айырған  Бұрындықтың  күнәсін  еш  уақытта  кешірмейтінін 
білді. Сұлтан ләм-мим демей, қолын созып, күміс бақан жанында отырған үкідей 
тарғыл  мысықты  ұстай  алды.  Кенет  мысықтың  «шар»  еткізіп  мойнын  бұрап  үзіп 
жіберді де, заматта қолын қол, бұтын бұт етіп, жұлып-жұлып быт-шытын шығарып, 
түндіктен 
сыртқа 
лақтырып 
жіберді. 
«Егер 
айт- 
қаныма көнбесең, сені де өстем!» дегендей ол Тоқтар-Бегімге қайта қарады. Жаңа 
ғана  шатынап  отырған  тоқалы  «түсіндім»  дегендей,  Бұрындықтың  бетіне  көзін 
тоқтата алмай, төмен түсірді. Сұлтан езу тартып сәл күлімсіреді. 
 
Сырт  киімін  шешіп  тастап,  бір  төбе  тастай  боп  ақ  мамықтың  үстіне  барып 
отырды.  Талдырмаш  денесінің  бір  жерін  ауыртып  алармын  деп  қорықпай, 
добалдай  қолдарымен  жас  тоқалының  үзіліп  кетуге  таяу  тұрған  аш  белінен  ай-
қара құшақтап, бауырына алып қысып, сәл уақыт үнсіз тына қалды. 
 
— Егер жақсы қатын бола алсаң, өткен күнәңнің бәрін де кешірем, — деді ол, 
сөйтті де жас тоқалын құшақтаған қалпында ақ мамықтың үстіне жантая берді. 
 
Бір  жыл  өткен  соң  осы  тоқалынан,  кейін  Қасым  ханнан  қашып  барғанында  
пана  берген,  Самарқант  ханы  Мұхамед-Шайбанидың  кіші  інісі  Мұхамед-
Темірханның әйелі болған Жауһар-Бике деген қыз туды. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет