Әдеби KZ
батыры Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа
шабуыл салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты
жасақтары Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың
бергі беті, Атырау теңізі мен Сырдың төмегі саласын жайлаған Кіші жүзден келген
Адай руынан Теген батыр, Табын руынан Серке би, Шөмекей руынан Ақтаңдақ
батыр, Тама руынан Қарабура батырлар басқарып келген жасақтар мен Ұлы
жүзден Қаңлы, Ысты руынан Бахтияр би, Шапырашты руынан Қарасай батыр,
Жаныс руынан Жанатай батыр басқарған шағын қолдар келіп қосылсын делінді.
Хан Ордасынан осы әскерлер жиналып жатқан Саумалкөл, Телікөл, Жуанарық,
Көкше теңіз Атырау жағасына ат шаптырылды. Бар қол Күзтоқсанның басында
Сейхун дарияның төменгі шеніндегі Қараөзек қойнауында шоғырланбақ болды.
Бұнымен қатар бұл шаһарлардың хакім, бектеріне жасырын кісілер жіберілді.
«Біздің күшіміз қазір Әбілқайыр ханның күшінен артық, қазақ еліне ежелден
жататын шаһарларымызды қан төгіспей өзімізге қайтарыңдар. Егерде бұл
тілегімізді орындамасаңдар өз обалдарың өздеріңе» деп хат жазды. Бірақ бұған
Әбілқайыр хан «арзани дашті» ретінде басыбайлы Созақты берген өзінің немересі
Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан да, Сығанақ хакиматының белағасы Манеден
оғлан да кекете: «Әбілқайыр ханнан күшті болса, ең алдымен сайыпқыран ханды
жеңіп алсын. Содан кейін қалаларымызды қан төкпей бостан-босқа береміз» деп
жауап берді. Жәнібек пен Бұрындық Ордаларын Телікөл мен Боқтықарынның
бойына тастап, желтоқсан түспей-ақ Қараөзекке келді.
Осы араға көп кешікпей жүз мыңға таяу қазақ сыпайлары жиналды. Ортада
азғантай қолмен Жәнібектің өзі, ал Маймене жағын Бұрындық сұлтан, Майсары
жағын Жәнібектің үлкен балалары Жиренше мен Махмұд басқарып (Қамбар мен
Қасым екінші шепте болған), жыланның айырма тіліндей екі бұтақ боп, Түркістанға
қарай аттанған. Осы күнгі Шиелі жеріне келгенде екі бөлінген. Бұрындық
Сығанаққа, Жиренше мен Махмұд Созаққа беттеген. Жәнібек өзі Арғын,
279
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Қыпшақтың таңдамалы жігіттерінен қалқан құрып, Шиелі қамысы Сейхун
дарияның жағасына бекінген.
Қазақтардың айтып жүргендері құр қоқан-лоқы қорқыту деп ойлаған Сығанақ
қожасы Манеден-оғлан мен Созақ билеушісі Бахтияр сұлтан жауын көрген
жыландай кенет жиырыла қалды. Басын көтеріп, ысқырынып айбат шақырды.
Қаланы қоршаған қамалдың дарбазаларын дереу бекітіп, қала жатақтарын лаш-
қарға алды. Бірақ бұл дайындықтың бәрі тығыз-таяң, асығыс болды. Қазақ
әскерінің тым көп екенін естіген қала ақсақалдары, «жұртты босқа қырғызып, қан
төгудің не қажеті бар, қаланы әзірге қазақтарға беру керек. Әбілқайыр ханнан
көмек келгенде қайтып алу оңай ғой» деп күңкіл шығара бастады. Ел басы
ақсақалдардың, керуенсарай ұстаған саудагерлердің көбі Маңғыт, Қаңлы,
Жалайыр, Дулат руларынан шыққан қазақ қанды адамдар еді. Қала басы
сұлтандар болғанмен, бекіністердің шын тағдыры осылардың қолында тұрған.
Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері — ақсақал, сау-
дагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсырар әдет
бар. Сығанақ қожасы Манеден-оғлан жұрттың мұндай жағдайын көріп,
Самарқант, Ташкент, Яссыдан жуыр арада көмек келе қоймайтынына көзі жеткен
соң, «есің барда еліңді тап» деп Бұрындықтың әскерінің қарасы көріне
бастағаннан-ақ бүкіл үй ішін, өзіне деген нөкер-құлдарын алып, Самарқантқа
қашқан. Сөйтіп Бұрындық сұлтан Сығанаққа бір садақ оғын жібермей,
сырнайлатып-кернейлетіп тал түсте кірген.
Ал Созақтың билеушісі Бахтияр сұлтан бүйтпеді. Әбілқайырдың аты шулы
батырларының бірі, Көк Орда ханына ұнай білген, бүкіл Созақ уәлиетін қойдай
өргізген қажырлы сұлтан, «Қаланы қан төкпей беруді ойласаң қайтеді?» деп
келген ақсақал, саудагерлер тобын нөкерлеріне қоршатып алып, «жұрт арасына
іріткі салады» деп, қараңғы тас сарайға қаматып қойды. Созақ мидай жазық
далаға салынған шаһар. Жан-жағындағы қамалы да Сайрам мен Саурандай биік
емес. Түйелі кісінің ернеуіне қолы жетеді. Бүкіл уәлиетінен отыз мыңға таяу
280
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
лашкер жинап, қалада тығылып жатпай ашық далада жауына қарсы бетпе-бет
майданға шықты. Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете
бастағаннан-ақ сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек
жігіттері қойсын ба, құмырысқадай қаптап: «Ақжол!», «Уайс!», «Жауқашар!»,
«Бахтиярлап!» ат қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы
шебін күл-талқан етті. Қазақтан дәл мұндай өнер күтпеген Бахтияр сұлтан әбден
састы. Халық күші жазғытұрымғы жүздеген, мыңдаған сай, жыралардан қосылып
аққан сумен тең екенін, олар бір жерге жиналып, ернеуінен асып тасыса, алдында
қандай қамал, бөгет болса да быт-шытын шығаратын алып күш екенін Бахтияр
сұлтан сонда білді. Расында да қазақ елі көнтерілі, сан қорлыққа шыдаған қауым
еді. Ашына келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына
сойыл алуға мәжбүр болды. Жалғанда қиянатқа көнтерілі халықтың
долданғанынан асатын ұлы күш жоқ. Көнтерілі халық жәй күнде, бөлтіріктері
үстіне шығып ойнап маза бермеген арлан қасқыр тәрізді. Ал ызаланғанда
ештеңеге қарамайды, бөлтірігім демейді, бөтенім демейді, үстіндегінің бірде-бірін
қалдырмай, қанды ауызын салып қап, жан-жағына аямай лақтырып-лақтырып
жібереді. Қазақ та дәл осы арлан қасқыр тәрізді шамасы келгенше шыдап бақты.
Шыдамы таусылып еді, өлген-тірілгеніне қарамай, желке жүнін күдірейтіп, жауына
ақыра тап берді. Қазақ жауынгерлерінің мұндай қаһарлы түрін көріп, Бахтияр
сұлтан «жеңілдім!» деп алдына кеп қол қусырып Жиренше мен Қамбардан бітім
сұрады. Бұлар қаланың кілтін алып, бітімге келісті.
Хан ордасын уақытша Сығанаққа көшірген Жәнібек, Созақ уәлиетін екінші
баласы Махмұдқа, Сығанақ уәлиетінің билігін Керейдің баласы Бұрындық сұл-
танға берді.
Сығанақ пен Созақты алып, көңілі көтеріліп қалған қазақ Ордасының ханы
Жәнібек енді «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп Яссы мен Отырар қаласының
әміршісі Мұхамед-Мазид тарханға, Сауранды билеп отырған оның баласы
281
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Құлмұқамет тарханға, Үзкенттің хакімі Уақас биге, Сайрамның хакімі Мыржық
төреге кісі жіберіп, хат жазды.
Дәл осы кезде яғни Хаджри есебі бойынша сегіз жүз жетпіс төртінші, Тышқан
жылы, жаңаша бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы, елу жеті жасар Әбілқайыр
ханның өзі ақұрығын алып, жүз мың атты әскерімен Моғолстанды шаппақ болып
Үргеніш тұсынан шығыпты деген хабар жетті. Жүз мың әскер! Бұл қолына құр
сойыл мен садақ алған қазақтың әскері емес. Бұл Исфаған болатынан алдаспан,
ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай боп қару-
жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған,
Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері! Хан әскерін
ұрысқа өзі үйреткен! Жауын аямастай етіп өзі баулыған! Көк Орда Көк Орда
болғалы ұлы ханның әскері жетпіс бес мыңнан асып көрген емес, ал бұл жолы...
жүз мың! Бұл хабарды естігенде Жәнібектің де жүрегі дір ете қалды. Ол бүкіл
Сығанақ, Созақ уәлиеттерінің ұста, шеберлерін жинатып, көрік қыздыртып,
әскеріне хакім қоймаларынан табылған көк болат құрыштан қару-жарақ соқтыра
бастады.
Бірақ Жәнібектің бұл қызу әрекеттері ұзаққа созылмады. Кенет тағы бір хабар
жетті. Қырық жылдай бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасанды тітіреткен
Әбілқайыр хан о дүниеге сапар шегіпті! Бүкіл атақ, алтын тақ, Шығыс елінің тең
жартысын жылатып жинаған дүние-қазына ұлы ханның өмірін ең болмаса бір
күнге созуға жарамапты! Атақты дәруіші әбдіразақ Нахичеванидің өзі тапқан мың
да бір кеселге шипа болар, ебелек тікенегінен жасаған — сырыншан шурнәсі де
қонбапты. Есіл ер Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы етрақ
1
далада жеті
күн кезікпен күйіп-жанып, ақыры қайтыс болыпты! Зірік талдай сарғая бастаған
денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадур мен Қарашың батыр,
бал толтырған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті. Бұл шаһар
қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып,
1
Е т р а қ — сары етрақ дала, сары дала деген мағынада. (Ескі түркі тілі).
282
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
арнаулы қара мәрмәр тасынан мазар ойып, құрметтеп жерлепті. Бұл хабарды
естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп
өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді. Тек
Жәнібек хан ғана дүние шіркіннің өткіншектігіне қамығып, үш күн орнынан тұрмай
жатып алды. Жоқ, Жәнібек Әбілқайыр ханда кеткен кегіне өкінген жоқ. О заманда
хан кегі — қолға ұстаған алдаспан тәрізді, ыңғайы келсе жауына жұмсалады, ал
өзіне тиімді болса қынабына қайта салынады. Кейбіреуі сол қынабында жатып тот
басып, әбден шіриді. Ал енді біреуі анда-санда қынабынан суырылып жауының
үстінен жарқ-жұрқ ойнап, сес көрсетіп, қайта орнына барып жатар болар. Тек
зардабы асып кеткенде ғана сол кек-алдаспан қызыл қанға малынуға тиісті.
Жәнібек пен Әбілқайырдың да кегі осындай кекке айналған. Екі жақтың халқы
бірдей қызыл қанға малынғанымен, өздері бірін-бірі ажалға қиюдан аулақ еді. Тек
хандығын тартып алып, жауын тақырға отырғызу ғана — армандары болатын.
Жоқ, Жәнібек Әбілқайырда кегім кетті деп өкінбеді. Дүние шіркіннің жалған
екеніне өкінді. Бар өмірін жиһангерлікпен, алыс, жұлыс, ұрыспен өткізген азуы
алты қарыс, мүйізі шаңырақтай, атақты хан Әбілқайыр ақырында не тапты? Бар
тапқаны Созақтың қасынан қазылған екі құлаш жер болды! Енді оған үстіне қойған
мәрмәр тастан, басына жазылған алтын жазудан не пайда?
«Өлдің, Мамай, қор болдың!» деген міне, осы!.. Қайсымыздың болса да бұл
жалған дүниеден ақырғы алар еншіміз — осы екі құлаш жер! Атақ, бақ ше? —
Жәнібек ауыр күрсінді. — Атақ, бақ та қолға салған алтын сақина тәрізді, қанша
асыл болғанмен түбі тозады. Әбілқайыр түгіл, кеше бүкіл Шығыс еліне үлгі болған
Қошан патшалығының ұлы патшасы Қанышқаны кім біледі? Ал кезінде бұдан
атақты, бұдан абыройлы қандай патша болып еді? Жоқ, атақ, бақ деген — қолға
салған алтын сақина. Тек тірі кезімізде ғана өзгелер көрсін, қызықсын деп
саусағымыздан алмауға тырысамыз. Ал өлгесін ше? Қай ұрпақты көрдің —
бабамның мұрасы деп атам заманғы сақинаны көзінің қарашығындай сақтаған?
Сақтаудың қажеті жоқ шығар. Әр заманның үлгісі өзіне қымбат қой. Атағың да
283
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
сондай. Қара да тұр, Алтын Орданы тік тұрғызған Әбілқайырға бүкіл үрім-
бұтағының орнатқан ескерткіші «Осы жерде Әбілқайыр хан жатыр» деп үстіне
қойған сонау қара таспен бітеді. Жыл өтер, ғасыр өтер, Әбілқайырдың да даңқы,
бүгінгі күнгі қадірі ұмытылар. Бұным не, Әбілқайырды табалап жатырмын ба?
Жоқ, бұным табалағаным емес, ақиқатым. Әбілқайыр соңынан ерген жұрттың
сенімін сақтай алмады. Елді ел ету қолынан келмеді. Ал біз ше? Біз оны көгерте
аламыз ба? Көгерткен күнде келешек жұрт ісімізге қандай баға береді?
Япырмау, менің бұным не? Болашақ ұрпағымыз не айтады екен деп өз
борышымызды атқармай өтпекпіз бе? Жоқ, келешектің бағасы үшін емес,
солардың алдында өзіміздің ар-ұятымыз таза болу үшін, ел-жұртымызға деген өз
борышымызды адал атқарып өтуіміз керек. Қорғай алмаса өз обалы өзіне, біз
халқымыздың алғашқы мемлекеттік отауын тіктік! Тігу үшін қан майданда жан
құрбан дедік!»
Жәнібек төсектен басын көтеріп алған. Сол күні Сауранды билеп тұрған хакім
Құлмұқамет-тархан «Күшің жетсе — жеңіп ал» деп Жәнібектің хатына жауап
берген. Ал Жәнібек те сол сағатта Сауран шаһарын шабуға әскеріне жарлық
шығарған:
Бүкіл Сыр бойын алып жатқан қалың әскер қайтадан жасаққа бөлініп,
шабуылға дайындала бастады. Хат жіберілген өзге шаһарлардан жауап келгенше
екі аптадай уақыт өтті. Жәнібек бар уәлиеттен жауап алмай тұрып, Сығанаққа таяу
Сауранды шабудан әзірге бас тартқан. Әбілқайырдың өлгенін естіген жұрт,
хакімдеріне қан төгіспей қалалардың қақпаларын аштыртар деп үміттенген. Бірақ
бұл ойы ақталмады. «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін не болар екен?» деп күткен
хакімдер тез жауап бере қоймады. Жұрт осындай дағдарыс халде жүрген шақта,
тағы бір хабар келді. Әбілқайыр ханның тағына үлкен баласы Шайх-Хайдар
отырыпты деген лақапты құс қанатты ұзынқұлақ бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне бір-ақ
күнде таратты.
284
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Жәнібек тағы ойға қалды. «Әбілқайыр жорыққа бастап шыққан жүз мың
әскерді Шайх-Хайдар дәл қазір таратып жібермейді. Әрине, Шайх-Хайдар Көк
Ордаға хан болып жарытпайды. Бірақ оның нағашы жұрты — өзбек Қоңыраттары
қазір бел алып тұр. Сондықтан да Шайх-Хайдарды хан көтерді. Ал, Шайх-Хайдар
қанша табанының бүрі жоқ, осал болғанмен де, әкесі құрған мынау жүз мың
әскерді пайдаланып, абырой алып қалуға тырысады. Бұны Әбілқайырдың
серіктері — әскер қолбасшы батырлар да қолдайды. Қайткен күнде де тастай
түйілген әскерді жорыққа жұмсайды. Тек қай елді шабу керек, соған қарай
әскерінің бетін бұрады. Әрине, Көк Ордаға қазір Моғолстаннан қазақ елі қауіпті.
Оның үстіне біз Сығанақ уәлиетін алып қойдық. Өз елінің де, өзге елдің де көз
алдында қадірін түсірмес үшін, Шайх-Хайдар Сығанақ пен Созақты қайтаруға
барын салады. Сөз жоқ, әскерінің бетін ол Түркістан өлкесіне бұрады. Ал Шайх-
Хайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне, бар қару-
жарағы сойыл мен көне Қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған
қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды. Бұндай соғыста жеңіп шығу үшін тек жазды
күні жиналатын ер жүрек жігіттері ғана емес, қан майданда әбден шыныққан,
соғыс тәсілін мейлінше үйреніп алған қару-жарағы мұздай, тұрғылықты әскер
керек. Ол әскер қазір тек Шайх-Хайдарда ғана бар. Сонда қалай, Шайх-Хайдардың
әскері күшті екен деп ұрыстан күні бұрын тайып кету керек пе? Жоқ, өйтуге
болмайды. Шайх-Хайдардың мұздай қару-жарақтанған әскеріне қарсы бөтен
күшті пайдалану керек. Ол күш — Көк Орда хандығына қарсы батырлардың басын
біріктіру, солардың әскерін Шайх-Хайдардың жан-жағынан қаптату, бүйідей тигізу.
Мүйізі қарағайдай алып өгізді жан-жағынан тиген он бүгелек қызыл танау етіп
шапқылатып, жанын қоярға жер тапқызбайды. Бүкіл қастар жиналсақ бір Шайх-
Хайдарға әліміз жетпей ме? әрине жетеді.
Осындай ойға келген Жәнібек, Моғол, Жағатай хандары Қажы-Мұхамед
баласы Сайдан-Айбақ ханға, Керей-Арабидің баласы Бүреке сұлтанға, Маңғыт
285
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бекке, «бәріміз бірігіп Шайх-Хай-
дарға қарсы шығайық» деп кісі салды.
Ежелден Әбілқайырға қарсы хан, сұлтан, бектер әскерімен тез-ақ жиналды.
Киік лағын өргізген қара суықтың алдында Яссы мен Сауранның ортасындағы
етрақ далада жүз мыңдаған қалың қол кездесті. Жәнібек әскерінің саны артық
болғанымен, Қарашың батыр бастаған Көк Орда әскері алғызбады. Жәнібек,
Айбақ, Мұса, Жаңбыршы бірнеше мәртебе қарсы шапты, бірақ сауыт бұзар болат
ұшты жебе жаудырған Шайх-Хайдар әскері маңайына жолатпады. Бірнеше рет
өздері қарсы шабуылға шықты. Нұраның Қаратұзындағы айқастан бері қазақ
хандарына тісін қайрап жүрген Қарашың батыр, күйеу баласы екеніне қарамай,
Бұрындық сұлтанның әскеріне өзгеден көбірек өшіге ұмтылды. Бұрындықтың
баяғы өзіне істегенін алдына келтірмек боп, қолына арқанын алып қырғын
ұрыстың ішінен талай аңдыды. Бірақ сұлтанды қоршаған кілең сайгүлік мінген
қарулы ер жігіттер жуытпады. Кейде өздері қолға түсе жаздап әзер құтылды.
Қарашың нұсқауымен сұлжық түрікмендерінің атақты жасағы Жәнібекке де сан
ұмтылды. Бірақ баяғы Нұраның Қаратұзындағы оқиғадан кейін Жәнібек ханның
өзін қорғайтын екі жүз алдаспанды арнаулы қосынын басқаратын батыр Саян, хан
үстіне түйілген қылышты сан рет найзасымен қағып, ханды жәбірейілдей қорғап,
майдан ортасынан аман алып шыға берді. Осылай екі аптадай салғыласқан қазақ
әскері ақырында, күздің қара суығы келе Сығанаққа кейін шегінді. Жау жағының
қайтқанын көрген Шайх-Хайдар хан енді өз әскерін тарата бастады.
Әбілқайыр Ордасы қастарының да күткені осы еді. Шайх-Хайдар хан
жауынгерлерін таратып болып, қалған бес мың қолмен ертең Самарқантқа қайт-
қалы тұрғанында, кенет Әбілқайырдың ескі жауы сұлтан Ахмет ханның жиырма
мың жақсы қару-жарақты әскерін ертіп, Айбақ хан бір бүйірден сау ете қалды.
Шайх-Хайдар тарап кеткен қолына жиналсын деп бұйрық беріп, ат шаптырғанмен,
жөнді әскер жиналып үлгермеді. Амал жоқ, жиырма мың әскерге бес мың қолмен
қарсы шығуға тура келді. Шайх-Хайдар жайшылықтағы жүрексіздігін қойып, осы
286
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
айқаста Қарашыңмен қатар тұрып, жан аямай ұрысты. Суға кетер бала дариядан
шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, не баяғыдан бері қорқып келгенінің ызасын
қайтарайын деді ме, ол астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып,
жау шебінің ортасына қарсы шапты. Таяу жерден жіберген бірнеше жебе үстіндегі
кереге көз шынжыр сауыттың быт-шытын шығарып, ақырында ат үстінен құлатты.
Құлаған ханның денесін аламыз деп, екі жақ бірдей жан аяспай қырылысып
жатқанда, сан жағынан жараланған Шайх-Хайдар хан қансырап, қиналып барып,
ақырғы рет жарық дүниеге бір қарады да, көзін мәңгі жұмды. Бұл жолы да
ұтылғанын білген Қарашың батыр, соғысқа ең алғашқы рет қатынаспақ боп Шайх-
Хайдар қолына ерген он жеті жасар Мұхамед-Шайбани мен он бес жасар Махмуд
Сұлтанды қан сасыған қырғыннан аман-есен алып шығып, қалың ши арасына кіріп
жоқ болды.
Шайх-Хайдар қаза болғаннан кейін, оған ерген әмір, сұлтандар елді-елдеріне
тарап кетті. Көбі өздерінің қасқырға жеке шабатын арлан тазы емес, тек қора
күзетуге жарайтын бұралқы төбеттер екендіктерін көрсетті. Бұрын топтанып
арсылдап үріп, сырт адамға айбар шексе, онысы айтақтайтын, бастарын қосатын
әміршілері болғандықтан екен. Әміршілері ажал тауып еді, енді олар өз
қалаларының қақпасының алдында отырып алып, тек жат адамды жуытпай құр
сырттай қыр көрсетіп абалауға ғана жарады.
Мұндай жағдай қазақ, моғол, Жағатай хандары мен Әбілқайыр ұрпағына қарсы
Ақсақ Темір әмірлеріне жаман тиген жоқ, Көк Ордаға бағынатын қалаларды жеке-
жеке жаулап, біртіндеп талан-тараж етіп ала бастады. Әбілқайырдың кезіндегі
айбарлы Ордадан «әне-міне» дегенше құр бөлшектенген уәлиеттер ғана қалды.
Бұл Ақсақ Темірден кейін, қайта лаулап көтерілген Өзбек хандығының тағы да бір
құлдырап құлауы еді.
Жәнібек бас жауы Әбілқайыр ордасын жеңгеннен кейін көңілі азырақ сая
тапты. Сөйткенше қыс та түсті. Қалың қол қасына ұстайтын ол кезде хан қоры
бәлендей бай емес, сыпайлардың өзіне ас керек болса, аттарына шөп керек. Қазақ
287
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
ол уақытта шөп шауып, қыстық қорын дайындап көрмеген. Дайындағанмен де
соншама бықыған малды қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес. Жаз болса бір сәрі,
сыпай аттары да жайылымда болады. Осындай жағдаймен хан жылда, қыс бола
бас әскерін елді-еліне тарататын.
Биыл да сөйтті. Және осы жылы Дәшті Қыпшақ хан Ордасын Сығанаққа
көшірді. Тек осы Сығанақты қорғауға бес мың атты әскер алып қалды да, өзге
сыпайларын ауылдарына қайтарды. «Қару-жарақтарың, жауға мінер аттарың ер-
тұрмандарымен дайын тұрсын, керек болып қалсаңдар жаршы хабар береді»
деді. Биыл жылдағысындай «жаз шыға бәлен жерге жиналыңдар» демеді.
Жәнібектің ондағы ойы, бір жағынан әрқайсы өз бетіне қамалға айналған
Түркістан уәлиетінің қалаларын бұрынғыдай жүз мыңдаған қол жинамай-ақ,
қарамағындағы бар күшпен аламын деген үміті болса, екінші жағынан бұл
қалалардың хакім, ақсақалдарымен тіл тауып, бейбіт келісімге келіп, соғыс ашпай-
ақ өзіме бағындырармын деген сенімі бар еді.
Жәнібек осы ойын орындауға кірісті. Өзінің қоқан-лоқы күшін көрсете отырып,
Түркістан уәлиетінің Сығанақ пен Созақтан бөтен қалаларына «қан төгіспей
бағыныңдар» деп үшінші рет хат жазып, уәкілдер жіберді. Бұ жолы Жәнібек,
сөзінің салмағы болатынына шек келтірмеген. Сөйтсе Яссы, Сайрам, Сауран,
Отырар, Ақруқ, Үзгент секілді мықты бекініске айналған шаһарлардың оңай қолға
түсе қоймайтынын да түсінетін. Әсіресе Яссы, Сауран қалаларын басқарып
отырған Мұхамед-Мазит-тархан, Құлмұхамед-тархан секілді Әбілқайыр кезінде де
биліктерін ешкімге ойыншық ете қоймаған хакімдері бар және қорғайтын әскері
бар қалалардың тағдырын оңай шеше алмайтыны оған хақ еді. Жәнібек бұл
мединелермен жеке алыспай тағы да өзіне серік іздеуге кірісті. Оған енді бұрынғы
Абақ хан, Ахмет хан, Аббас, Мұса, Жаңбыршы бектерден күштірек серік керек
болды. Мұндай адам Исан-Бұғы өлгеннен кейін, Моғолстан тағына отырған Жұныс
хан еді.
288
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Ежелден қазақ рулары жағатай, моғол хандарымен достасып келген.
Моғолстанда бір тірегім болса, мұртымды балта кеспейді деп ойлады Жәнібек.
Оның үстіне Жұныс хан Мауреннахрдағы Ақсақ Темір әмірлерімен байланысты.
Самарқант әміршісі әбусейіттің баласы Омар шайқы бұның қызын алып отыр. Түбі
Түркістан уәлиетін қан төгіп жаулап алатындай күн туса Самарқант, Бұқар
күштерінің сырт қалғаны жөн. Қашан да болса топтанған қасыңнан, жекеленген
жауыңды жеңу оңай. Ал қазір сондай әдіске жол бар. Әбілқайыр дүние салғаннан
бері, Темірлан тағына қарайтын уәлиеттер жеке-жеке бөлініп кеткен. «Ортақ
өгізден оңаша бұзау» деп қарайтын сұлтандарға, әмірлерге жалғыз әміршіге
бағынғаннан гөрі, әр уәлиетті бөліп билеу тиімді көрінген. Жауың өзі осындай
халде тұрғанда, неге оның осал жерін пайдаланбасқа? Жәнібек өз ойын іске
асыруға осы кездің дәл екенін еске алып, қыз беріп, қыз алысайық деп Жұнысқа
кісі салды.
Жаңа іргесін қалап келе жатқан қазақ хандығының Түркістан өлкесін қайтып
алудан да бөтен толып жатқан істері бар. Әскер құру, хан тәртібін орнату,
мемлекет заңын — жаңа «хан жарғысын» шығару, отырықшы аймақтар мен
көшпелі тайпалардан хан қорына, әскер ұстауға, мешітке, мемлекет ісін жүргізетін
адамдарға арналған салық, ғараж, ұшыр, зекет жинау. Сығанақ пен Созақты
алғаннан бері Қыпшақ даласы мен Моғолстан, Алтын хан, Қара теңіз жағасындағы
қалалармен сауда-саттық жұмысын күшейту — хан әсіресе көңіл бөлетін
мәселелер еді. Бұрынды-соңды Дәшті Қыпшақта қалыпқа түспеген осындай тың
істермен шұғылданып жүргенінде, Жәнібек қыс өтіп жаз шыққанын білмей қалды.
Жаз шыға Жәнібек өзінің көшпелі ел ұлы екенін есіне ұстап, қазақ елінің
дәстүрі бойынша, хан Ордасын Сығанақтан Сырдарияның сағасына көшірді.
Бұл ара шым үйлі, күндіз-түні шулаған базарлы, көшесіне адамы сыймай
жатқан қаладай емес, көк шалғын, ауасы да жеңіл, өрісі де кең, қамысты алқап.
Сырдария жағасына келіп қонғалы. Жәнібектің шаруасы бұрынғысынан да
көбейіп кетті. Сайрам хакімі Қатта бектен, Моғолстан ханы Жұныстан хабар келген.
289
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Бұл екеуі де Жәнібектің ұсынысына бірден құлап түспегенмен де, тақа «кет әрі»
еместігін білдірген. Сондай-ақ Сауран хакімі Құлмұхамед те кісі жіберген. Хан
ұсынысына ол терісқақпай жауап берген.
Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің
бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске
асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал
Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп
атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген
мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың басты
адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана
қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан
жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа
жұртқа елші жіберу, қонысқа жер бөлу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл
кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар,
хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес
апта сайын бас қосқан.
Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым
сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған
бәйбішесінің ордасына шақырттырды.
Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда,
кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел
тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен
сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер»
деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.
— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына
отырғызды да:
290
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз
құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын
аударды.
Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере
қоймаған-ды. Сәл толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына
шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне
тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген
қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай
шамын жағуға кірісті.
Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап
қойып әңгімесін бастады:
— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран хакімі
Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды естіген
шығарсың?...
— Еміс-еміс қана...
— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет
тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара
жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге
шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп
пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп
лақтырған болат қанжары болды.
Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн
қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп,
сиқыршы жандай жоғалып кетті.
Жәнібек тек:
— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.
Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып
қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан
291
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген
әлдекімнің өкінішті даусы шықты.
әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан
шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып
қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл
көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды
кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы
«құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа
адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан
ханымды көрді.
Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң
ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл
пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке
жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл
кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап
таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді
ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл
келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дәшті Қыпшақтың
өзінен шыққан, тіпті сонау Жайықтың арғы бетінен келген жау екеніне ешкім де
шек келтірмеді. Бұған киім үлгісі, көмкеруі, оюы куә еді.
Жағанды бүкіл ел-жұрт боп арулап қойып, жетісін бергеннен кейін, Жәнібек
тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келгеннен соң, оның беліндегі
қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған
қанжармен екеуін баласының алдына қойды.
— Көрдің бе, екеуі бірдей, — деді Жәнібек, — саған осы екі қанжар қандай сыр
айтып тұр?
— Бір шебердің жасағаны ма?
— Одан бөтен?
292
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
— Есіңізде ме, анам марқұмға Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға
тимеймін деп ант бергенімде менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған
қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі
орындалған тәрізді.
— Рас, анаң адал жан еді. Адал жүрегінен тілеген тілегі орындалды. Топырағы
торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың?
— Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған.
— Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Мекеге барған Ноғайлы хандығының бір
биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда
әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол Ноғайлы елінде болатын. Мына
қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан
келді. Бұдан не ұқтың?
— Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой.
— Дұрыс айтасың. Дәшті Қыпшақ жері — түйенің терісі тәрізді мол дүние.
Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға құмар. Тегі Түркістанға тым көңіл
бөліп кеткен тәріздіміз. Біз бұ жақта әуре болып жүргенде, Еділ бойындағы
Ноғайлы Темір би мен Астрахань Ордасының әміршісі Қасым сұлтан да бос
жатпағаны көрініп тұр... Қазан мен Қырым хандарымен тіл табысқандай ма, қалай.
Төрт жұрттың төртеуі де бізге дос емес. Түркістанды аламыз деп жүргенде, олар
Дәшті Қыпшақтың бүкіл батысын басып қалуға дайындалып жатпағанын кім білсін.
Жоқ, артыңды бекітпей тұрып алдыңды қармай берудің жөні болмас... Қандай
ақылың бар?
— Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей
қарай алатын жерге көшіру керек.
— Оның Ұлытау ма?
— Жоқ, Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алыс
кетпеу жөн. Дәшті Қыпшақ хандығы бұл жақтағы шекарасын қазір әжептәуір
бекітіп алды. Енді Сауранды жаулап алсаңыз өздері бүлініп жатқан Әбілқайыр мен
293
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Темірлан тақтарынан бәлендей қауіп әзірге туа қоймас... Қауіп дүмпуі Ноғайлы
жақтан. Дәл Ноғайлы хандығы болмаған күнде де, ар жағында Түрік патшалығы
бар. Біз о жақтан тым алыстап кеттік. Сығанақты — Бұрындық сұлтанға қалдырып,
хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала — Сарайшыққа көшірген жөн.
— Өзім де осылай болжап едім. Дәшті Қыпшақ хандығы болу үшін
қарамағымызда Еділ, Жайық, Жем, Торғай өзендерін жайлаған туыстардың бір
болғаны жақсы. Ал олар біздің құрығымыздың мойындарына түсуіне тым шалғай
жатқанын місе тұтып, бөліне жайылып жүрген түрі бар... Оның үстіне ар жағында
тағы қас жауларымыз тұр...
Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан
ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп
шешті.
Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты
— Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен баласы Жиреншеге тастап,
өзі Жайық бойындағы Дәшті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.
Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл
бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань,
Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті
«бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның
ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-
қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне
арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты. Оңаша отау, жеке хан
болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем,
Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған.
Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш
алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті.
Осылай бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дәшті Қыпшақ хандығына
294
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
күшпен бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дәшті Қыпшақтың
күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.
Әбілқайыр өзі өлместен бұрын Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды
өзінің бұрынғы атекесі Бай-Шайх ұйғырға тапсырған. Және оларға атеке етіп
бұрынғы күкілташы қосшы руынан шыққан Дәулет-Қожа бектің баласы Дарвиш-
Хұсайын-Қарашыңды тағайындаған. Бұл екеуі де Әбілқайырмен бірге Көк Орданы
тігіскен ер жүрек, сенімді адамдар болатын. Шайх-Хайдар өлгеннен кейін
Әбілқайыр тағына отыру Мұхамед-Шайбанидың кезегі еді. Өйткені оның әкесі
Шах-Будақ сұлтан Әбілқайырдың үлкен баласы. Ал өзі Шах-Будақтың Аққозыдан
туған тұңғышы. Екі жылдан кейін, Махмуд-Сұлтан туған. Екеуі де түрге келбетті,
алып күшті, жас жолбарыс тәрізді ер жүрек жандар. Оның үстіне екеуі де оқуға
зирек, өнер-білімге жақын. Хан маңындағы адамдар түбі әлемге Сайбан
тұқымының атын шығарар осы екеуінің бірі болар деп жоритын. Бар үміттерін
олар Мұхамед-әкім эль Тарази тойында ақтағандай да еді. Осындай үміт күткен
екі ханзаданы Әбілқайыр қайтыс болысымен, әмірлер кеңесі «көзіңнің
қарашығындай сақта» деп Әбілқайырдың ең сенімді, ең ер жүрек батыры
Қарашыңға тапсырған. Сол себептен бұл батыр өзін осы екі ханзаданың өміріне
жауапты санайтын. Жалғыз жанын құрбан етіп оларды қауіп-қатерден сақтауға ант
еткен.
Осы екі ханзаданы Шайх-Хайдар қаза болған ұрыстан алып шығысымен
Қарашың батыр Хаджитархандағы, яғни Астраханьдағы Жошының үшінші ұлы
Құтлық-Темірдің ұрпағы, Қасым ханға бірден тартқан. Мауреннахр жерінде жүрсе,
тірі қалуларынан Қарашың батыр күдіктенген. Астрахань тағына отыруға кезінде
Әбілқайыр үлкен жәрдем берген Қасым хан, қашып келген ханзадаларды құшағын
жая қарсы алған. Қарашың батырмен ақылдасып, Қасым хан Мұхамед-Шайбани
мен Махмуд-Сұлтанды жаудан жасырып бағуды Маңғыт руынан шыққан
Темірбекке жүктеген.
295
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Темірбек ханзадаларға тамаша құрмет көрсетіп, қызмет істей бастаған. Бұл
жағдай Әбілқайыр әулетіне жаны қас жауы, қай жерден қос бөрі шыға қалар екен
деп құлағын түріп отырған Айбақ ханға, моғол Ахмед хан мен Аббас бекке жеткен.
Бұлар көп әскермен Хаджитарханға қарай шыққан. Соғысуға күші жеткіліксіз
Қасым хан Темірбек пен Қарашыңды шақырып алып, екі ханзаданы
Хаджитарханнан Мауреннахрға қашырған.
Жолай бұларға Әбілқайыр тағына берілген бірнеше сұлтандар, батырлар
қосылып, өздерін қоршап алған Айбақ ханның әскерімен соғысады. Осы айқас-
та Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан, Қарашың үшеуі ханның інісі мен бір
баласын өлтіріп қоршаудан шығады. Соңынан қуып жеткен Ахмед ханның
қолбасшыларының бірі Қоныш-Қыпшақ батыр басқарған мың адаммен айқасып,
олардан тағы құтылып кетеді. Бұл айқаста әсіресе Мұхамед-Шайбанидің інісі
Махмуд-Сұлтан, Бахтияр сұлтанның балалары әлік пен Хамзе, Әбілқайырдың
баласы Сүйіншік аса ерлік көрсетеді.
Осы адамдармен ол Түркістан уәлиетіне келеді. Бұл мезгілдегі Түркістан
уәлиетінің әміршісі Ұлықбектен туған Мираншох-мырзаның немересі, Сұлтан
Ахмед, Яссы қаласының хакімі моғол Мұхамед-Мазит-тархан, Отырардың хакімі
оның баласы Құлмұхамет-тархан, Ташкент уәлиетінің әміршісі Сұлтан Махмуд-
тархан көптен көп Көк Ордаға мейлінше дос-жар адамдар. Бәрінде де қазақ
хандары жеңіп, билігімізден айырылып қаламыз ба деп зәре жоқ. Бұларға хакімі
әмір әбдуәли-тархан, қосшы әміршісі Ақсофы батыр қосылып, Мұхамед-Шайбани
мен Махмуд-Сұлтанды ту қылып көтеріп, құрып кеткен Көк Орданың шаңырағын
қайта көтеруді ойлаған. Бұлар Мұхамед-Шайбаниды Дәшті Қыпшаққа хан етіп
көтеріп, өздерінің қастары қазақ пен Жағатай хандарына қарсы күш етіп
пайдаланбақ болды. Осындай саясаттың арқасында осыдан екі-үш жыл бұрын
қашқын боп жүрген ханзадалар Дәшті Қыпшаққа қауіпті күшке айналды. Оның
үстінде Мұхамед-Шайбанидың өзінің жеке басының қасиетін, ер жүректігін,
ақылдылығын, оқығандығын қоссақ, шынында да, Дәшті Қыпшаққа бүгін болмаса
296
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
ертең нағыз қатерлі күн тууы сөзсіз еді. Осы қауіп іс жүзінде айқындала бастады.
Бұрындық Сарайшық жағына серуендеп кеткенде, Мұхамед-Шайбани Сығанақты
басып алды. Мұхамед-Шайбани жаққа шыққан қала ақсақалдары көмегімен,
осының алдында ғана Яссыға жорық салып, ештеңе өндіре алмай келген
Жиренше сұлтанға да Саураннан айрылу қаупі туды. Көп кешікпей ол да
Саураннан айырылды.
Ақ Орданың — қазақ Ордасының екі бірдей бұрынғы астанасын жоғалтуы
Жәнібек пен Бұрындыққа, Жәнібектің баласы Махмұд-Қамбар, Қасымдарға Дәшті
Қыпшақтың күншығысында қандай қауіптің туғанын анық көрсетті.
Бұл әрекеттердің бәрі де, тоқ етерін айтқанда, күшейіп келе жатқан қазақ елін
қайтадан басқа ұрып, кейін шегіндіру еді. Түркістан өлкесін кім алса, Дәшті
Қыпшаққа сол үстемдігін жүргізеді. Осы себептен Түркістан қалаларының
маңайында тағы төрт хандық түйісіп, қырғын басталуға жақын қалды.
Қазақтар Түркістан өлкесі арқылы өзінің ежелгі жері мен қалаларын қор-
ғап, хандық дәрежесін жоғалтпағысы келсе, Моғолдар бұл өлкені өздері басып
қалып, Жетісудан қазақ елін тайдыруды ойлады. Ал Темірдің быт-шыт бола
бастаған әмірлері Түркістан арқылы өздерінің бұрынғы Ақсақ Темір кезіндегі
патшалығын сақтап, Дәшті Қыпшақты қарамағында ұстап, сауда-саттығын
өркендетуді арман етсе, Әбілқайыр тұқымдары бұл өлкені қолына алып, бүкіл
Дәшті Қыпшақты қайтадан басқармақ болды. Осындай қарама-қарсы келген төрт
ниеттің тағдыры осы Түркістан өлкесіне кеп тірелді. Мұндай жағдайда Жәнібек
Жайық бойында қала алар ма? Кеше ғана өзі қожа бола бастаған Түркістаннан
айрылғысы келмеді. Түркістаннан айырылуы қайтадан қазақ хандығын жоғалтуы
еді.
Сондықтан
Жәнібек
Сарайшықты
тастап,
қайтадан
бұрын-
ғы қонысына көшуді ойлады. Түркістанды жаулап алу үшін құр ғана әскер емес, ол
жерді жайлайтын, бауыр басып қалатын ел керек. Сол себептен де ұлы жырау
Асан Қайғының:
297
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
«Қырыңды киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың.
Жемнен де елді көшірдің
Ойыл деген ойыңды
Отын тапсаң тойынды
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің»,
деп толғай ұрысуына қарамай, хандығының келешегін ойлаған Жәнібек бұл жолы
да өз айтқанынан қайтпады.
Жәнібек жорық үшін қайтадан қоныс етпек болған Шу, Сарысу бойын Асан
Қайғы жамандап: Мына шіркіннің екі жағы борбас екен; баланың іші
қуырылмайтұғын, пышағы қынынан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын,
ұрғашысы жат болатын жер екен» деп, не болмаса Жәнібектің көп елі жайлай
бастаған Қаратауды көріп: «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ,
жер азғыны мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел азғыны мұнда екен, аты
бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесінде қартаятұғын жер екен» деп Еділ мен
Жайық бойын тастамауды айтса да, Жәнібек көнбеді. Түркістаннан айрылса, Дәшті
Қыпшақтан айрылатынын, Ордасы жоқ, ошағы жоқ, азық-түлік, сауда-саттығы жоқ,
бөтен жұртпен байланыс жасай алмайтын көшпелі елді күншығысындағы
Әбілқайыр ұрпағы мен Темірлан тағы, күнбатысындағы Ноғайлы, Астрахань, Қазан
хандықтары бөлшектеп жұтып жіберетініне көзі жеткендіктен өз дегенінен
таймады. Ол енді ештеңеге қарамады. Өз жолының жөн екенін біліп
тұрғандықтан, Асан Қайғының дегеніне көнбеді. Бүкіл жұртты шұбырта тағы көшті.
298
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Келе сала Сығанақ үшін Мұхамед-Шайбанимен соғысуға дайындалды. Бірақ бұл
кезде Мұхамед-Шайбани әжептәуір күшейіп алған-ды.
Екі жақ Сауран мен Яссының ортасындағы кең жазық далада кездесті. Бұ жолы
ешкім де жекпе-жекке шықпады. Жәнібек бастаған қалың әскер екінді кезінде
Мұхамед-Шайбанидың шебіне ат қойды. Жау жағы да қарсы шапты. Бірақ
Мұхамед-Шайбани қулығын асырды. Қазақ әскерінің мақсаты қан майданда
жауын жалпы жеңу болса, Әбілқайыр Ордасының ойлағаны хан Жәнібекті құрту
еді. Бетпе-бет кеп тұра қашқан бір топ әскерді қуа түскен Жәнібек пен батыр Саян
кенет өздерінің Мұхамед-Шайбани мен Ақсофы батыр басқарған қосшы
омағының ер жүрек он сан жауынгерлерінің ортасына қалай түскендерін білмей
қалды. Алпыстан асқан Жәнібек қанша айбын көрсеткенімен, Мұхамед-
Шайбанидың қасындағы алып күшті жас батырға қарсы тұра алмады. Бетпе-бет
келіп қалғанда, ананың қос қолдап ұрған шоқпарының салмағымен омырт-
қасы үзіліп ат-матымен жер құша омақата құлады. Осы кезде сәл соңынан келе
жатқан батыр Саянның да жігіттері жолындағы жау шебін қамыстай бытырлатып
жетіп үлгерді. Жолбарыстай ақырып бір тобы Мұхамед-Шайбаниға ұмтылды.
Бірақ бір арманына жеткенін көзімен көрген хан баласы ұпайым түгел дегендей,
бұларға бұрылып та қарамастан астындағы жел жетпес күрең атына қамшыны
үсті-үстіне басып, өз тобына қарай құйындата жөнелді. Ал батыр Саян жерде
жатқан хан денесін алдына өңгеріп алып, екінші жағынан келіп қалған жау
тобынан сытылып шыға берді. Сөйткенше түн болып қараңғылық түсті. Ұрыс
тоқталды. Ай туа әскері ойсырап қалған Мұхамед-Шайбани, таңертеңгі ұрысқа
төтеп бере аламайтынына көзі жетіп, Яссы қаласына барып бекінбекші боп кейін
шегінді.
Ханы өлген қазақ әскері жауының соңынан қумады. Жәнібектің денесін ақ
кигізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұт билеп тұрған Созаққа беттеді.
Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы
сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді
299
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі
жүргендерінде бүкіл Дәшті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді
он шаршы құлаш жерге қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды,
енді өлім татуластырды.
Жәнібектің қырқын берісімен ел жиылып, кезегіне қарай Керейдің өзге
ұлдарынан батыр туған Бұрындықты ақ кигізге көтеріп хан сайлады. Бұрындық хан
болысымен Әбілқайырға еліктеп жұртты отырықшылыққа бейімдей бастады.
Бөген мен Шілік өзенінің түйіскен жеріне өзінің астанасы Бұрындық деген қала
салуға кірісті. Екі жағында екі өзен, түйіскен жерінің алдыңғы жағынан қамал
жүргізді. Бірақ бұл қаланы салып бітіре алмады. Самарқантқа қашқанында әдейі
кісілер жіберіп өртеп кетті. Бұл арада осы күнге дейін жұрт Бұзық деп атап кеткен
қорғанды қала орны әлі тұр. Бұрындық хан болған дәл осы күндері Ташкент, Яссы,
Отырар шаһарларын билеп отырған моғол хакімдері мен Темірлан әмірлерінің
жинап берген әскерлерін басқарып Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан
Созаққа аттанды. Бұ жолы да қырғын ұрыс болды. Қан судай ақты. Тағы да
Әбілқайыр балалары жеңіліп кейін шегінді. Бірақ Махмуд-Сұлтан Созақ билеушісі,
Жәнібектің ортаншы ұлы Махмұт-Сұлтанмен жекпе-жекке шығып, найзамен үстіңгі
ерні мен мұрынын алып түсті. «Шайбани-намеде» айтқандай, «тағдыр басындағы
бар ақылын мұрнынан қан етіп ағызды». Бірақ аттан құлап түскен Махмұт
сұлтанды қазақ жауынгерлері жау қолына қалдырмай бірден ат қойып аман
құтқарды.
Бір халықты өзбек, қазақ деген екі елге бөліп алған хандар тартысы шиеленісе
түсті. «Бұл тартыстың аяғы немен тынбақ?» — Өзгеден гөрі Қасым сұлтан көбірек
ойланды. Күрестің алғашқы кезеңі аяқталған тәрізді. Анасының анты орындалып,
өзін Қасым үшін құрбан етті. Ал әкесі Жәнібек, он жыл бұрын айтқанындай,
Мұхамед-Шайбанидың өзінен болмаса да, оның жауынгер батырынан қаза тапты,
туған ағасы Мұхамед-Шайбанидың інісі Махмуд-Сұлтаннан бет-аузы адам
қарағысыз боп жараланды... Бәрі осыдан он жыл бұрын анасына ант берген
300
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
күніндегі әңгімедей болып шықты. Осындай тартыс қанды кекке айналып бара
жатқан жағдайда, енді өзі сондағы анасына берген антын орындай алар ма?
Қасым ауыр күрсінді. «Жоқ, жоқ қайткен күнде де антты орындауы керек.
Анаға берген сөзін бұзса қарғыс атады...»
Әрине Бұрындық ханның әскери басшысы болып жүргенде бұл антын
бұзбайды, ал егер ертең алтын тақ-айдаһардың үстіне отыруға тура келсе қайтеді?
Апалы-сіңлілінің балалары түгіл, бір анадан, бір әкеден туған егізді айыратын,
бірін-бірі бауыздататын қанқұмар алтын тақ-айдаһар Қасым сұлтанды бүгінгідей
өз еркіне қояр ма?
Әй, қоймас. Алтын таққа отыру — өз басыңның айдаһарға айналуымен тең
емес пе? Тең, сөз жоқ тең.
Биылғы жыл Қасым сұлтанға ауыр тиді. Бұрындықтың орынсыз жұмсауымен
дайындықсыз тиісіп бір-екі рет Мұхамед-Шайбаниден жеңіліп қалды. Оның үстіне
хан тұқымын қанаушы санаған «Жалғыз көз» батыр, әлділерден опық жеген
малшы-жалшыларды жинап, Қасымның да екі қос жылқысын айдап әкетті. Сыр
бойының төменгі жағындағы балықшы ауылдарға апарып үлестіріпті деген сыбыс
та құлағына жеткен. Бірақ Қасым жылқысын іздеп ол ауылдарға аттанбады.
Өйткені, дәл осы кезде ең жақсы көрер әйелі Ханық-Сұлтан Ханша ұл тапты. Атын
Қасымның өзі Хақназар қойды.
Көп қатын алатын хан тұқымы балаға зар болмайды. Бірақ Қасым осы
Хақназарға өте қуанды. Өзінің ізін басар қазақтың әйгілі ханының бірі боларын
білді ме, күндік жерден ат шаптырып ұлан-асыр той істеді. Орақ барымталап алған
көп жылқысын енді ол сонау балықшы кедей ауылдарға ұлым үшін берген
садақам деді.
Достарыңызбен бөлісу: |