Қ-71 Қуантаев Н



Pdf көрінісі
бет5/10
Дата03.03.2017
өлшемі1,08 Mb.
#5986
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
абылай аспас арқаның сары белі
Қуандық пен сүйіндік жайлайды елі.
Әуелеген әнді  ұйып тыңдаған жігіттер ара-арасында 
«уа, пәлі, міне, жігіт!» деп қошеметтеп отырды.  Әншінің 
құлаққа жағымды, биік дауысына сүйсініп қалыпты.
Қатар-қатар қаланған тастарың-ай, 
Мұнарланып көрінген бастарың-ай!..
Әнші жігіт бірте-бірте қай жерде отырғанын ұмытып, 
кең дүниеге шығып кеткендей желпіне шалқыды.  Тұла 
бойды  шымырлатқан  асқақ  әннен  Иманжүсіптің  кір 
жуып,  кіндік  кескен  туған  жердің  жұпар  ауасына,  екі 

88
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
жағы  қалың  шұбар,  көк  Есілдің  өзеніне,  бүркіт  асып 
басына  шығатын,  енді  «көзіме  бір  көрінші»  деп  аңсап 
отырған  Ерейментауына  деген  сағыныш  лебі  есіп  тұр. 
Ер  туған,  өткір  туған  асқақ  ақынның  ояз  бен  болысты 
«шатырлатып  сабаушы  ем  шеттерінен»  деп,  күшті 
рухын, өзін ешкімге теңгермейтін тәкаппарлығын жария 
қылатын мадақ сөздеріне келгенде жігіттер «уа, сабаз!», 
«ой, азаматым-ай!» деп қауқылдасып қалды.
Қазы-қарта жемейтін қайран басым, 
түрменің қара наны балдай болды...
Әннің  өн  бойынан  қуғында  жүрген  жігіттің  шеккен 
азабы мен көрген теперіші, қиын халі мен қилы тағдыры 
сезіліп  тұрды.  Жүйе-жүйені  босатып,  аза  бойды  қаза 
қылған ұзақ ән Хақназарға қатты әсер еткен.
Ән біткен соң жігіттер Иманжүсіптің ерекше өмірін, 
жоғалған әндерінің тағдырын сөз етісті.
– Ал онда құймайсыңдар ма, – деді біреу бір кезде.
–  Өй,  есімізден  тарс  шығып  кетіпті,  мыналар  ішкісі 
келіп отыр екен ғой, – деп күлді екіншісі.
Жігіттер қайта дуылдасып кеткен.
7.
Боз  қырау  өтіп,  арты  қиыршық  қарға  ұласқан. 
Алғашқы қар бір күн тұрды да еріп кетті. Іле декабрьдің 
ішінде жауған жапалақ қар қыс  түскенін аңғартқандай 
болды. Алматының қысы өзгеше: үскірік боран жүрмесе 
де, дымқыл, көк аязы жан шыдатпайды, алғашында аппақ 
болып  түскенімен, соңынан көкала жентекке айналатын, 
тобықтан ғана келетін жұқалтаң қар қыс бойы бекімей, 
күн райына қарай, бір еріп, бір тоңазып, езіліп жатады. 
Аяқ киімге обал, жеп қояды. Климат дымқыл болған соң 
ба, табаны төрт елі, ұлтаны қалың болса да, кез келген 
аяқ  киімнен  сыз  өтеді.  Лаж  болса,  ұлтарақты  күнде  
ауыстырып тұрған дұрыс... Калай болса да, басы қарлы 
мұзарт,  етегі  қалың  қарағай  Алматы  Алатауының  кең 
қолтығына  тығылған  осынау  көрікті  қала  Хақназарға 

89
ҚАРАӨЗЕК
ұнаушы еді. Жастық қызықтың жарқын үні, жадыраған 
күні  осында  жатқандай  көрінетін.  Балғын  сезім,    бал 
дәурен осы қаладан орын тепкендей сезілетін.
Бүгін  күн  суық  болды.  Бозарып  таң  атқаннан  қара 
қошқыл  аспан  өңін  бермей,  терістіктен  бір    ызғырық 
соғып  тұрып  алған.  Барахолкадағы  қалың  саудагер 
сияқты Хақназар да мұрыны қызарып, қолы көгеріп күні 
бойы  әрең  шыдады.  Әсіресе  табанынан  өткен  сыз  тас 
төбесіне бірақ шыққан. Суық өтпесін деп елдің көбі аяқ 
киімінің  ішіне  целлофан  төсеп  қояды,  онысы  әшейін 
ілдалда,  шын  аязда  қамсау  болмай  қалады.  Бүгінгі 
қара  суық  та  оңай  тимеді,  сауда  жасап  тұрған  жұрт 
дүние-мүлкін жинап, буып-түйіп, ерте жинала бастаған. 
Хақназар  да  жиналып,  контейнерін  асығыс  құлыптап, 
үйге асыққан.
Қоңырауды  сыңғыр  еткізіп  басқанша  болған  жоқ, 
есік ашылып, арғы жақтан ыржиып Құрмаш қарсы алды:
– Ә, міне, кімді айтсаң, сол келеді деген, сабаздың 
өзі де келді! – деді бұл кірер-кірместен дауыстап.
–  Үйде  қыздар  бар,  –  деді  сосын  жақын  келіп 
сыбырлап.
– Кімдер? – деді Хақназар сырт киімін іліп жатып.
Құрмаш кімдер екенін айтпақ болып аузын ашқанша, 
түпкі бөлмеден қолаң шашын желпіп тастап Самал шыға 
келген.
– Сәлем!
–  Сәлем!  –  деді  Хақназар  қыздың  дауыс  ырғағына 
салып.
Самалға еріп, жігіттерге қонаққа келген Айгүл деген 
ақсары қыз асүйде тамақ қамымен жүр екен.
Айгүлдің ашық-жарқын екені байқалған:
–  Міне,    қонақ  болып  келген  қыздарды  досыңыз 
эксплуатировать  етіп  жатыр,  –  деді  күліп  Хақназармен 
танысып жатқанда.
– Қайтесіз енді, Айгүл, – деді Хақназар да қалыспай, 
–  бұл  баяғы  шынжыр  балақ,  шұбар  төс  феодалдардан 
қалған тұқым ғой. Сіз – бергі жағын көріп тұрсыз, мені 
теуіп жұмсағанын көрсеңіз...
– А-а, сондай ма бұл кісі?..

90
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
– Сондай.
Азғана  ет  пен  жұмыртқа,  тағы  бірдеңе  деген  шөп-
шалам  қосылып  қуырылған  вермишель  иісі  мұрынды 
жарып,  буы  бұрқырап,  түпкі  үйдегі  дастархан  басына 
келгенде Хақназар да қарнының  ашқанын сезген. Ыстық 
тамақ пен шайдан кейін  бойы жылынайын деді.
Шай  үстіндегі  әңгіме  күннің  суығы,  базардың  
нарқы,  дүниенің  қымбаттауы  сияқты  тақырыптардың 
төңірегінде  болды.  Ауыз  жаппай    сөз  сөйлеп,  көңілді 
отырған  Құрмаш  шай  құю    мәртебесіне  ие  болған 
Айгүлді «Самалмен бірге  инязда оқиды, француженка» 
деп таныстырды.
– Қазақтың қызы сияқты ғой Айгүл, – деді Хақназар 
тәрелкедегі асты қасығымен көсіп алып жатып.
– Француз тілінде оқиды дегені ғой, – деді Самал.
–  Ой,  сен  де  қайдағы  бір  сөзге  жабысып...  –  деді 
Құрмаш.
Айгүл  мен  Самалды  бұрыннан  танитын  ол  Хақназар 
біле берсін деп ойлаған болуы керек, үйді көрсетем деп 
қыздарды қонаққа өзі арнайы шақырып әкелгенін, оның 
үстіне Айгүлді  Хақназарға таныстырсам деген ниетінің 
болғанын айтып, досына қараған.
– Е, дұрыс, жөн, жөн, – деді Хақназар. – Қуаныштымын,  
қыздар  келген  соң  ғой  үстіп  көңілді  отырғанымыз, 
әйтпесе екеуден екеу қалсақ, тамақты томсырайып алып 
ішетін едік қой.
– Самалды  мен де, біраз болды емес пе, танып қалдым 
ғой,  –  деді  содан  кейін.  –  Айтпақшы,  әлгі  кришнаитка 
қыздарыңыз аман ба, олардың халі қалай?
– Жаман емес, – деді Самал жымиып. – Сізге сәлем 
айтып жатыр.
– Сәлемет болсын. Өзіңіз қалай, Самал, ондай пәлеге  
ұшырап қалған жоқпысыз? 
–  Ол  не  пәле?  –  деді  Самал  түсінбедім  дегендей 
қасын керіп.
– Кришнаитка болып кеткен жоқсың ба дегенім ғой.
–  Жоқ...  Бірақ  болса  несі  бар,  –  деді  Самал.  –  Ол 
да  бір  сенім  ғой,  жақсылыққа  бастайтын,  адамның  
денсаулығын ойлайтын өзінше бір сенім ғой.

91
ҚАРАӨЗЕК
– Құрып қалсын ондай сенімі, – деді Хақназар қолын 
сілтеп.
–  Ой,  сен  де,  жоқтан  өзгені  әңгіме  қылып,  –  деді 
Құрмаш осы кезде.
–  Жоқ,  неге,  очень  интересно,  бұл  да  қазіргі 
жастардың басындағы үлкен проблема ғой, – деді Самал.
– Осының бәрі – пікір плюрализмі, сөз бостандығы 
деген  ұранды  пайдаланып,  демократия  деген  ұғымды 
желеу  етіп  шеттен  келіп  дәріптеп  жатқан  неше 
түрлі  сектанттардың  ісі,  мына  деградацияға  түскен 
қоғамымыздың  әлсіз  тамырын  басып,  шімірікпей 
жүргізіп отырған, астыртын насихаты, – деді Хақназар.
– Олардың насихатына өкіметіміздің өзі рұқсат беріп 
отыр емес пе, – деді Айгүл.
– Сол өкіметің ішіп-жеуден басқа түк білмейді, – деді 
Құрмаш  өзінің  мына  әңгімеге  қалай  араласып  кеткенін 
байқамай.
–  Бір  ұлт  бір  ғана  дінді  ұстамай,  әртүрлі  наным-
сенімге  бөлініп  кетсе,  мемлекетің  де  ұзаққа  шыдамай, 
быт-шыт болады, – деді Хақназар.
– Мы ведь светское государство, так что я не вижу 
в  этом  большой  опасности
*
,  –  деді  Самал  Хақназарға 
қарап.
– Бәрібір... мемлекет өзінің тағдырын ойласа, өзінің 
ұзақ жасауын тілесе, өз ішінде жүріп жатқан әр түрлі... 
не деуші еді әлгі... әр түрлі діни ағымдарға жол бермеуі 
керек,  жол  бергеннің  өзінде  бәрін  өзі  реттеп  отыруы 
тиіс, – деді Хақназар.
– Онда бұл демократияға қайшы келеді ғой, – деді 
Айгүл.
– Өй, сол демократия дегеніңнің өзін әркім әрқалай 
түсіндіріп  жүр  ғой,  сондықтан  оның  атын  жамылып, 
зұлымдықты  да  насихаттауға  болады  емес  пе,  –  деді 
Құрмаш.
–  Жо-жоқ,  –  деді  Самал  оның  сөзімен  келіспей.  – 
Демократия  –  халықтың  билігі  деген  сөз,  сондықтан 
халық  өзінің  көңілі  не  қалайды,  сонымен  айналысуы 
керек.
*  Біз зайырлы мемлекетпіз ғой, сол себепті бұдан үлкен қауіп көріп тұрғам жоқ. – ор.

92
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Уа,  шіркін-ай,  –  деді  Құрмаш,  –  халық  ешқашан 
өзін-өзі билеген емес тарихта, оны не белгілі бір әулет, 
не бір олигархиялық топ немесе бір саяси партия билеп 
келген. Билеп келеді де. «Демократия» деген ұғым – ол... 
әшейін бетперде саясаткерлер үшін.
– Неге, Америка штаттарында халықтың бәрі жақсы 
тұрмысқа  сол  демократияның  арқасында  жетті  ғой,  – 
деді Айгүл.
–  Бос  сөз  –  оның  бәрі.    Біздің  радио-телевидение 
солай  деп  шулап  жатқанымен,  оның  бәрі  –  даурықпа 
сөз, – деді Құрмаш.
– Сөзің дәлелсіз, Құрмаш, – деді Самал күліп.
– Халықтың билігі дейсің сен, Самал, – деді Құрмаш 
қолын  жайып.  –    Қолында  билік  тұрса,  сол  Америка 
халқының  өзі  неге  жұмыссыз  жүр?  Жезөкшелік  пен 
наркоманияң ол гүлдеп тұр!..
–  Жарайды,  мұның  бәріне  кінәлі  демократия-ақ 
болсын.  Сонда  халық  жақсы  тұрмыс  құрып,  бақытты 
тіршілік ету үшін қандай қоғам керек деп ойлайсыңдар? 
– деп сұрады Самал.
– Адамзат тарихында идеал қоғам болмаған, – деді 
Хақназар.
– Вот, видите, сами признались
*
, – деді Самал. – Ал 
қазіргі біздің өмірімізде демократиядан артық қоғамды 
көре алмай отырмын.
–  Демократия  –  жаңа  айтылып  жатыр  ғой,  күрделі 
ұғым,  –    деді  Хақназар.  –  Демократия  деп  әр  нәрсеге 
ерік бере берсек, анархияға тап болуымыз ғажап емес. 
Мемлекет  өз  ішіндегі  әр  қилы  кереғар  ағымдарға 
тыйым  сала  алмай,  қазіргі  тілмен  айтқанда,  әлгі...  әр 
түрлі сыртқы, ықпалды күштерді реттей алмай отырса, 
ол  анархия  емей,  немене.  Қазір  де  өздерің  байқап 
отырсыңдар ғой, ТМД елдерінің де хаоста тұрғанын, – 
деді Хақназар.   
–  Коммунистік  империяның  илеуінен  шыққан  соң 
сондай  кепке  ұшырауымыз  түсінікті  де  ғой,  –  деді 
Құрмаш.
Әңгіме қыза түскен.
*  Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз де мойындадыңыз. – ор.

93
ҚАРАӨЗЕК
8.
–  Бәрібір  мемлекеттік,  ұлттық  идеологиясыз  сол 
мемлекеттің өзі ұзақ өмір сүре алмайды, – деді Хақназар 
екінші мәрте ыстық шай келгенде.
– Ол рас, – деді Құрмаш. – Бірақ қандай идеологая 
керек, міне, мәселе сонда ғой.
–  Фу-у,  жігіттер,    мен  шаршап  кеттім  сендердің 
дауларыңнан, – деді шай құйып отырған Айгүл.
–  Мен  байқап  отырмын,  Хақназар,  сен  консерватор 
екенсің, – деді Самал.
Хақназар күлді:
– Мүмкін.
– Иә, осымен доғарайық дауды. Бізсіз де қу сөзден 
қуырдақ қуырған, алаяқ саясаткер толып жатыр, – деді 
Құрмаш.
– Вот именно. Политика – грязная вещь
*
, – деді Самал.
– Ой, Самал, қайтайық біз, қараңғы түсіп кетті ғой, 
– деді Айгүл бір кезде, – құрметті мырзалар, шай ішіп 
болсаңдар, дастарқанды жинайын.
–  Өзіміз-ақ  жинаймыз,  Айгүл,  тұра  берсін,  –  деді 
Хақназар.
– Қайда барасыңдар мына екі кештің арасында. Қона 
кетіңдер... – деді Құрмаш.
–  Иә,  қайтайық  біз,  жігіттер,  –  деді  Самал  да.  – 
Жақсы отырдық, енді    бізді шығарып салыңдар.
Дала  ызғырық  екен.  Кешкі  қаланы  қалың  тұман 
басыпты. Сонау жерде өтіп бара жатқан мәшинелердің 
жарығы  ғана  көрінеді.  Такси  тез  тоқтай  қоймаған 
соң  төртеуі  үш-төрт  жүз  метрдей  жүріп  барып,  Саин 
көшесіне шыққан.
–  Сонымен  тауға  қашан  барамыз?  –  деді  Құрмаш 
Айгүлдің белінен ұстап.
– Қандай тауға?
–  Өзің  ғой  бағана  Медеуге  барайықшы,  бармағалы 
көп болды деп отырған.
– А-а... Ол есімнен шығып кетіпті ғой, – деді Айгүл. – 
Жексенбі барайық.
*  Міне, дәл өзі, саясат – лас нәрсе. – ор.

94
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Мына  екі  кісі  қалай  қарайды  екен  оған?  –  деді 
Құрмаш қатар келе жатқан Хақназар мен Самалға қарап.
Қарсы емеспін, – деді Самал. 
Хақназар үндеген жоқ.
– Хақназар, сен ше, барғың жоқ па? – деді Айгүл.
–  Жоқ, ә, жексенбі дейсіңдер ме, барам, барам ғой...
– Бұның жексенбі жұмысы бар ғой, соны ойлап келе 
жатқан шығар, – деді Құрмаш. – Ничего, Самал баратын 
болса, Хақназар да қалмайды.
– Оны қайдан біле қойдың? – деді Самал.
–  Үйбәй-ау,  елдің  бәрі  біліп  отыр  ғой  Хақназардың 
сені ұнатып қалғанын, – деді Құрмаш ерекше саңқылдап.
– Досың бір көрген кісіні ұната бере ме?
–  Ұмытып  қалыпсың  ғой,  Самал,  мен  сені  осымен 
үшінші  рет  көріп  тұрмын,  –  деді  бұл  үнсіз  қалғанды 
ыңғайсыз көріп.
– А, есіңде екен ғой...
– Әлбетте..
Осы  кезде  қол  бұлғап  тұрған  Айгүлдің  қасына  шиқ 
етіп  бір  мәшине  келіп  тоқтай  қалды.  Бәрі  жамырай 
ұмтылған.
–  Жақсы,  біз  кеттік,  –  деді  қыздар  таксиге  отырып 
жатып. – Жексенбіге шейін. Пока!
– Жақсы, жолдарың болсын!
– Қалай? –  деді Құрмаш бұлар үйге келіп жайғасып 
отыра бастағанда.
–  Не  қалай?  –  деді  Хақназар  досының  не  айтқысы 
келгенін түсінбей.
– Самал қалай, қандай қыз деймін, дурак...
– Жаман емес сияқты.
–  Жақсы  қыз,  –  деді  Құрмаш  дастарқандағы  ыдыс-
аяқты  жинап  жатып.  –  Өзі  де  үріп  ауызға  салғандай 
әдемі  ғой,  әлде  сен,  маубас,  бағанадан  бері  ештеңе 
көрмей, ұйықтап отырсың ба?
Хақназар шаршағанын енді сезген еді, аяғын  керуетке 
артып тастап, текеметке жантая кетті.
– Өзі саған кет әрі емес секілді, – деді Құрмаш.
– Па, шіркін, оны қай құмалақшың  айтыпты? 
– Білеміз ғой, бала емеспіз... Кстати, көз салып жүрген 
жігіттер де аз емес, есіңде жүрсін. 

95
ҚАРАӨЗЕК
–  Осының  бәрін  қайдан  білесің?  –  деді  Хақназар 
көзін жұмып.
– 
Қызықсың, 
туған 
күндерде, 
анау-мынау 
отырыстарда бірге болып жүрміз ғой. 
–  Сен  одан  да  маған  мынаны  айт,  –  деді  Хақназар. 
–    Ел  аман,  жұрт  тынышта  Айгүл  деген  қызыңның  бар 
екенін бүгін ғана біліп отырмын, бұрыннан неғып айтпай 
жүрсің, шпион?
–  Пәлі,  сен  қызықсың,  Хақан.  Осы  күні  қыз  табу 
қиын ба? 
– Сен сияқты сері жігіттер үшін, әрине, қиын емес.
Ыдыс-аяқты  жинап,  үстелді  орнына  қойып,  үйді 
ретке келтіріп болған Құрмаш Хақназардың қасына келіп 
отырды.
– Анау жолы той тойлап кеттім емес пе... Сол кезде 
Самалмен бірге келіпті тойға. Сонда іліп түсірдік қой!.
– Молодец. Құтты болсын, тамаша қыз екен. 
–  Енді,  бауырым,  біз  анау-мынау  қызды  ертпейміз 
ғой!
Мынау  не  деп  тұр  дегендей  Хақназар  басын  шалт 
көтеріп Құрмашқа қарап қалды да, жорта мардымсыған 
түрін көрді, артынша екеуі де еріксіз күліп жіберген. 
9.
Алла Тағала екі күнде қара жерді жаратыпты дейді. 
Төрт күнде сол жердің асты-үстіне бұл дүниенің  керегі 
мен кереметін, қасиеті мен байлығын толтырып, тіршілік 
дүниесін үйлестіріп, бір сыпатқа кіргізіпті. Содан соң, 
көк пен жерге «екеуіңе де ес үрлеп, ерік бердім, әміріме 
жығыласыңдар  ма?»  деп  сұрапты.  «Ықтиярмыз  бір 
өзіңде» депті сонда көк пен жер. Бұдан кейін ғана Алла 
Тағала көзіне көрінетін және көрінбейтін құбылыстарға 
дем берген екен. Ізгіліктің иесі – періштелерін жаратып, 
олардың  бойына  рахым  мен  шапағат  құйыпты.  Жан 
бітісімен періште қауымы Аллаға сыйынып, құлшылық 
етуге  кірісіпті.  Күндердің  күнінде  құдіреті  күшті  Алла 
балшықтан    алғашқы    кісі    –  Адам-Атаны  жаратыпты. 
Мұны білген періштелер «біз өзіңді ықыласпен ұлықтап, 

96
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
ыждаһатпен мадақтай алмадық па, Жаратқан ием» деп 
сары  уайымға  түсіпті.  Сонда  Алла  айтыпты:  «Адам  – 
менің  орынбасарым  болмақ,  бұның  байыбына  сендер 
әлі  жетпейсіңдер.  Сондықтан  оған  жан  біткен  сәттен 
бастап  жүгініп,  тағзым  етуге  тиіссіңдер»  деп.  Әмәнда 
Алланың әмірін құп алатын періште қауымы өздерінің 
білімді  екенін  білсе  де,  Адамға  келіп  бас  иіпті.  Тек 
оттан жаралған кәрі Ібіліс қана бас тартқан екен. Бұған 
қайран қалған Алла Тағала: «Адам – менің құдіретіммен 
жаратылған, неге ізет жасамайсың» деп сұрапты. Ібіліс 
сонда:  «Өзіңнің  құдіретіңе  шәк  келтірмеймін,  бірақ 
мен  адамнан  бұрын  жаратылғам,  әрі  одан  әлдеқайда 
білімдімін,  әлдеқайда  күштімін,  менімен  шендесе 
алмайды» деп жауап беріпті. Содан соң кеудесін керіп: 
«Менің  нәсілім  де  асыл:  оны  балшықтан,  мені  оттан 
жаратқансың,  мен  қалай  оған  бас  июім  керек?»  депті 
тағы  да.  Сонда  Алла  Тағала  әміріне  елең  етпей,  сөзін 
екі  айтқызған  құлының  бұл  қылығына  қатты  ренжіп, 
оны  жоқ  етпек  болыпты.  Мұны  көрген  Ібіліс  аяғына 
жығылып,  «қиямет-қайымға  шейін  тірі  жүргізіңіз»  деп 
жалбарына кеңшілік тілепті. Мейірімі мол Алла кеңшілік 
беріп,  «бірақ  азғынға  жұмақтан  орын  жоқ»  деп  оны 
шығарып жіберіпті. Сонда Ібіліс онда «қиямет-қайымға 
шейін өзің жаратқан Адамды азғырып, саған сенбейтін 
қыламын,  сенсе  де  қасыңа  шерік  қосам,  ол  болмаған 
күнде Хақ жолынан аудырып, нәпсінің құлы етем» депті 
кетіп бара жатып. «Е, жарайды» – депті кеңшілігі шексіз, 
шебер  Жаратқан  –  «қиямет-қайымға  дейін  Адаммен 
күресуіңе  рұқсат  берейін».  Ібіліс  сүйтіп  азғын  жолға 
түскен  соң  Хақ  Тағаланың  өзі  мәртебесінің  жоғары 
қылып  жаратқан  орынбасары  –  Адам-Сапиоллаға  он 
сегіз  мың  ғаламның  сырын  ашып,  сау  ақыл,  сәулелі 
білім  сіңіреді.  Сосын  періште  қауымын  шақырып: 
«Сендер  де  Ібіліс  сияқты  өздеріңді  ақылды,  білімді 
санайсындар, шын білсіңдер, ал он сегіз мың ғаламның 
атын  айтыңдаршы»  депті.  Ғылым  иесі  –  Алланың 
парасатын  шексіз  екенін  білетін  періште  қауымы  бұл 
сауалға  жауап  бере  алмай,  Адамның  артықшылығын 
мойындаған  екен.  «Дүниенің  сырын  мен  ғана  білем, 

97
ҚАРАӨЗЕК
әрі  сендердің  ішкі  ойыңды  да  естимін  деп  айтпадым 
ба  сендерге»  депті  Алла.  Періште  қауымы  сол  кезде 
Адамның жаратылуының сырын түсініпті дейді.
Күн  өтті  ме,  түн  өтті  ме,  жұмақтағы  мерзім  бізге 
беймәлім:  әйтеуір  бірде  Адам-Сапиолла  отырып 
Жаратқанға өтініш айтыпты, «Мен жалғызсырап жүрмін, 
серік  тауып  берші»  деп.  Алла  «Рас-ау,  жалғыздық 
маған  ғана  жарасқан,  қой  бұған  бір  серік  болар  жан 
иесін  жасайын»  деген  ойға  құлап,  Адамның  сүбе 
қабырғасынан Хауаны жаратқан екен. Содан соң рахымы 
мол Алла екеуіне былай деп уәһи жеткізіпті: «Құдіретті 
хикметіммен  сен  деп  өз  рухымды  құйдым,  періштені 
аяғыңа жықтым. Сен деп Ібілістен мархабатымды алып, 
бақилық  жұмақты  саған  тиесілі  еттім.  Опасыздық 
жасасаң,  тозақтың  азабын  бұйырамын.  Сосын:  Ібіліс 
бастаған  шайтан  қауымы  жаулық  істейтінін  ұмытпа». 
Бұдан  соң  Хақ  тағала  Адам  мен  Хауаға  жұмақтағы 
жемісті  жеуге  рұқсат  беріпті.  Сүйтсе  де,  бір  өзгеше 
жеміс ағашын көрсетіп: «Бұған жуымаңдар, нәсіп еткен 
рахатты  ғұмырыңды  сүріп,  ырғын  жеміске  тойыңдар, 
бірақ мынаған жолап, бұның жемісін жесеңдер – маған 
қиянат  істегенің»  депті.  Содан  Адам  мен  Хауа  көздің 
жауын  алып,  құлпыра  түрленіп  тұрған  қоңырсалқын 
бейіште  жүріп,  оның  ерекше  ләззатты  жұпар  иісіне, 
дәмі алабөтен кәусәр суына құмарлары қанбай, мәңгілік 
рахатқа  батып,  Алланың  сүйікті  құлы  болып  жүріпті. 
Өзінің жұмақтан қуылғанын, қарғысқа қалғанын Адам-
Атадан көрген іші тар, пиғылы теріс Ібіліс оның  бақытты 
тіршілігінің  шырқын  бұзбаққа  ниет  бекітіп,  басқа 
кейіпке  еніп  жұмақтың  бағында  жүрген  Хауаға  келіп 
жолығыпты.  Өзіне  іш  тартып,  күлдіргі  сөз,  қызықты 
әңгіме  айтып  отырып,  арасында:  «Алланың  сендерді 
әлгі    ағашқа  жолама  дегені  –  сендердің  періштеге 
айналып, жұмақта мәңгі қалмасын деген ойы ғой» депті. 
Бұған сене қоймаған Хауаға «Өзің білесің, бірақ нағыз 
жұмақтың дәмі әлгі ағашта» депті де кетіп қалыпты. Екі 
ойлы болып қалған Хауа, әрі-сәрі болып тұрып: «Ақыры 
мені ешкім көріп тұрған жоқ, дәмін көрсем, көрейінші» 
деп тыйым салған тоғайдың жемісінің біреуін үзіп алып 

98
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
аузына салса, машалла, дәмі тіл үйіргенде жанын қоярға 
жер  таппапты.  Осы  кезде  келіп  қалған  –  Адам-Атаға 
ол  «мына  жемістің  дәмін  татпасаң,  жұмақта  жүргенің 
бекер  екен»  деп  өзінің  қайран  қалғанын  айтыпты. 
Баста азар да безер болып көнбеген Адам-Ата да ақыр 
соңында жемістің дәмін татып қояды. Сол кезде аспан 
қақ айырылып, «аманатқа қиянат жасасаңдар, сендерге 
тозақ  тиесілі!»  деген  Алланың  қаһарлы  бұйрығы 
жетіпті. Сонда ғана Адам мен Хауа не істегендерін енді 
ұғып, құлшылық етіп: «Уа, раббы Иеміз! Опа бермедік, 
азғынның тіліне ердік, білмей шоқ  бастық, бір жолға 
кешіріңіз,  есіркеңіз»  деп  жалбарыныпты.  «Кешірдім»  
депті  соңда  шапағаты  мол  Жаратқан,    бірақ  жұмақ 
сендерге енді тұрақ бола алмайды. Фәни дүниеге – жер 
бетіне жөнелтем. Рахат ләззатың, бақыт дәуренің озды, 
жаңа  тіршілігің,  ұзақ  сынағың  басталды.  Жер  бетіне 
түскен  соң  екеуің  жұп  болып,  ұрпақ  көбейтесіңдер. 
Зәу-затыңмен  қосып  сынақтан  өтесің.  Ібілістің  тіліне 
еріп, азғын жолға түскенің – тозаққа, менің хикметімді 
түсініп, Хақ жолына бас қойғаның – жұмаққа барасың. 
Қиямет-қайымға шейін солай болмақ. Барыңдар!»
Міне,  неше  ықылым  өтті:  адамзат  баласы  иман  мен 
азғындық, оң жол мен теріс сүрлеу, сау ақыл мен сырқат 
сана, мейірімділік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, 
жақсылық пен жамандық сияқты неше алуан сынақтан 
өтіп, жер үстіндегі тіршілігін кешіп келе жатыр екен...
10.
– Да-а... Өте мұңды әңгіме екен. Сонда бәріміз Адам-
Ата мен Хауа-Анадан тарағамыз ба? – деді Самал.
Екеуі  Медеу  мұз  айдынының  төр  жағындағы  
шатқалды  бекітіп,  көлденең  үйілген  биік  бөгеттің 
баспалдағымен төмен түсіп келе жатқан. 
Жапалақтап  қар  жауып  тұрған,  үп  еткен  жел  жоқ, 
өзгеше  бір  күн  еді.  Тау  іші  ақ  ұлпа  мамыққа  оранып, 
бұйығып жатыр. Мүлгіген әлем. Құлаққа ұрған танадай 
тыныштық.  Тек  өздері  сияқты  қыз-жігіттердің,  жас 
балалардың сыңғырлаған күлкісі ғана естіледі. Салқын, 

99
ҚАРАӨЗЕК
саф ауа бойыңды сергітіп, тынысыңды  кеңітіп, басыңды  
шайдай ашып жібереді екен.
– Әрине, – деді Хақназар оң қолын беріп баспалдақтан 
Самалды түсіріп алған соң.
Екеуі сол қолдағы жотаға  беттеген.
–  Адам-Атадан  тарасақ  бәріміз,  онда  екеуіміз  де 
туыс болып шықтық қой, – деді Самал күліп. Басындағы 
құндыз бөркін алып, қарын сілкіп түсіре бастады.
–  Әрине.  Адам  баласының  бәрі  біріне-бірі  туыс, 
бауыр ғой, – деді Хақназар еңкейіп, ұлпа қарды уыстап 
алып жатып. 
Онда сен менің бауырымсың, Хақан, – деді Самал.
Хақназар  жалт  қараған,  қыздың  сөзінен  өзімсінген 
жылулықтың, ерекше мейірдің сәулесі байқалған.
– Рақмет, – деген Хақназар аузына басқа сөз түспей. 
– Сен онда менің қарындасымсың, – деді жымиып. 
Содан кейін қапелімде не істерін білмей малақайын 
шешіп, бұл да сілкілей берген.
– Уа,  пәлі! Мыналар қар ойнап жүр ме, немене?! 
Құрмаш екен. Анадайдан саңқылдап келе жатыр.
Айгүл екеуі  бағана мұзайдын жақты, түстеніп, тамақ 
ішетін  кафелерді  көріп  келеміз  деп  кеткен.  Ет  асым 
уақыттан кейін келіп тұрғаны – осы.
–  Екеуіңді  төменде  әлі  күтіп  отырмыз,  әлі  күтіп 
отырмыз, бізді кісі қатарынан шығарып тастағасыңдар-
ау  деймін!  –  деді    Құрмаш  сампылдап.  –  Жүріңдер, 
катокқа  барайық,  әйтпесе  соңыра  ел  қаптап  кетіп, 
конькисіз қалармыз. 
Мұзайдын  манағы,  таңертеңгідей  емес,  қары 
жарқырап,  жайнап  кетіпті.  Ел  аяғы  да  көбейіп,  коньки 
тепкен  жастардың  көңілді  үні  естіледі.  Бұлар  келсе,  
Айгүл прокатта кезекте тұр екен.
Бұрын    Медеуге  келсе  де,  Хақназар  мұзайдында 
коньки теуіп көрмеген еді. Қыздар да, Құрмаш та өзінің  
ар жақ, бер жағы шығар деп ойлаған, сүйтсе, бұл тобығы 
ұстамай, коньки тайып кете ме деп, қалт-құлт етіп әзер 
тұрғанда, мыналар ұшқан құстай зуылдап ала жөнелген. 
«Қап,  ұят  болды-ау»  деп  коньки  теуіп  үйренбегеніне 
өкінген.

100
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Көзді  ашып-жұмғанша  екі  беті  бал-бұл  жанып,    бір 
айналымды  жүгіріп  өтіп  Самал  келді.  Артынша  Айгүл 
мен Құрмаш та келген. Хақназардың кірерге тесік таба 
алмай тұрғанында шаруасы жоқ: 
–  Өй,  сен  тізең  қалтырап  әлі  тұрсың  ғой,  қап, 
тұсауыңды кесу керек екен ғой, бала! – деп күліп жіберді 
Құрмаш.
–  Сен  қайдан  үйреніп  алғасың-ей,  шайтан?  Коньки 
көрмей өскен сияқты едік қой... – деді Хақназар.
–  Алматыда  бәленбай  жыл  айға  бата  қылып  жүрді 
дейсің бе? – деді Құрмаш тістерін ақсита ыржиып.
– Қап, бәлем, енді қолға алғаным осы болсын.
Әйткенмен  қолтығынан  екі  қыз  сүйреп  жүрген  соң 
айдында  болған  бірер  сағаттың  ішінде  коньки  тебуге 
біраз  жаттығып  қалды.  Бірақ  үйренбегендікі  болса 
керек, конькидің бәтіңкесі аяқты қажап, тобығы ауырып 
қалды  да  бір  шетке  келіп  отырды.  Содан  соң  шыр 
көбелек  айналып,  бірін-бірі  қуаласып  жүрген  жұрттың 
қызығына қарап уақыт өткізген.
Бәрінен  бұрын  дәл  қар  жауған  күні  тауда 
жүргендеріне  ерекше  қуанысқан.  Самал  мен  Айгүл 
ыстық тамақ алдырып, таза ауада шай ішкен кезде тіпті 
көңілді отырды. 
–  Таза  ауада,  ен  далада  ішкен  асың  сіңімді  болады 
ғой,  –  деді  Хақназар  буын  бұрқыратып  шашлық  алып  
келген соң.
– Айтпа, Хақан, әсіресе бүгінгідей қар жауып тұрған 
күні десеңші, – деді Құрмаш.
–  Бұл  идеяның  авторы  кім  еді?  –  деді  Хақназар 
қыздарға  қарап.
– Ненің?
– Медеуге шығайық деген ұсыныстың? 
– Айгүл ғой, – деді Самал. 
–  Түу,  Айгүл,  –  деді  Хақназар.  –  Сен  болмасаң, 
қаншама қызықтан құр қалады екенбіз ғой. 
–  Баяғыда,  –  деп  әңгіме  бастады  Құрмаш,– 
қазақтың  көшпелі  дәуренінде,  алғашқы  қар  түскен 
қансонар күні бүркітін алып, тазысын ертіп бір жігіт аң 
қағуға  шығыпты.  Қанжығасы  майланып,  бірер  түлкіні 

101
ҚАРАӨЗЕК
қиындықсыз-ақ  түсіріп,  аңшылықтың  қызығына  батып 
жатса  керек,  артынан  ауыл  жақтан  бір  хабаршы  келіп, 
«Уай, бәленшеке, сен мұнда бүйтіп жырғап жүргеніңде 
атаң өліп қалды ғой, атаң!» депті. Сонда әлгі аңшы жігіт 
тұрып:
«атам өлсе, қойылар,
атан өлсе,  сойылар,
Мұндай қызық қансонар,
Енді қашан жолығар», – 
деп аңның ізіне түсіп  тартып кетіпті. Сол айтпақтайын, 
бұрқақтап қар жауып тұрған мұндай  жексенбі күн ылғи 
бола бермес. 
–  Сонда  түлкі  алған  аңшы  өзің  болдың  ғой,  –  деді 
Хақназар.
Қыздар  күліп жіберді.
–  Бәріміз олжалымыз, – деді Құрмаш қолын сүртіп 
жатып. –  Осындай көңілді күннің өзі – үлкен олжа.
11.
Әдеттегідей  таңғы  жетіде  барахолкаға  жеткен. 
Контейнерін  ашып  тастап,  тауарларды  жайма  үстелге 
шығарып, қаз-қатар тізе бастаған  кезде Ернар келді.
– Салам.
–  Хал  қалай?  –  деді  Хақназар  Ернардың  былқ-сылқ 
еткен жұмсақ қолын алып.
– Жағдай былай болып тұр, –  деді Ернар темекісін 
тұтатып  жатып,  –    бүгін  бір  сделка  жасауымыз  керек. 
Сен менімен жүр!
– Қайда? – деді Хақназар.
–  Оны  бара  көреміз.  Жина  дүниеңді!  Жаңа  ғана 
шығарған  тауарын  асығыс  контейнерге  жинап,  есігін 
бекітіп, екеуі Ернардың мәшинесіне келіп отырған.
Мәшиненің  іші  жылы  екен,  пеші  қосылып  тұр.  «Әй, 
дүние-ай, қақаған аязда барахолкада қақшиып тұрып бір 
күні денсаулықтан  айрыламыз-ау» деп ойлады Хақназар 
осы кезде.
– Та-ак, – деді Ернар бұлар ұзыннан-ұзақ  шұбаған 
базарлардан  өтіп,  қалаға  кіріп  келе  жатқанда.  – 

102
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Хақназар,  мен  әлгі  қытайыммен  байланысты  үзетін 
болдым.  Сол  үшін  үйдің  телефонын  да  ауыстырып 
тастадым кеше. Жаңадан ашқан офисімді, само собой, 
таба алмайды.
– Не болып қалды байланысыңды үзетіндей? – деді 
Хақназар.
– Болды енді, мен одан тауар алмаймын, сондықтан 
бұдан былай керек емес ол маған.
–  Бес  жүз  доллар  тапқың  келе  ме?  –  деді  Ернар 
сәлден соң.
– Ол не қылған оңай ақша? – деді Хақназар.
–  Сен,  давай,  көп  сөзді  қой,  көмектес  маған  бүгін. 
Өзің де бес жүз тауып, олжа түсіресің. 
– Қалай? – деді Хақназар.
Ернардың    ширығып,  тағатсызданып  отырғаны  
байқалады. Қолсағатына қайта-қайта қарай береді.
– Бүгін қытайды лақтыру керек, – деді содан соң.
– Лақтырғаны қалай?
– Былай. Қытай екеуіміз үш «КамАЗ» дүниені саттық 
қой. Тауарын өткізіп беріп, мен де біраз ақша жасадым, 
бірақ  қытай  шаш  етектен  пайда  түсірді.  Сол  бәленбай 
миллион  сабан  ақшасына  доллар  алады  бүгін.  Қазір 
сағат онда.
– Содан.
– Содан мен оны лақтыруым керек. Қазір үйге кіріп 
«кукламды» алып  шығам.
Ернардың  айтып  отырған  «кукласы»  –  АҚШ-тың 
кәдуілгі, шын долларынан аумайтын, қуыршақ ақшалар 
екен.  Үйінен  соның  бір  топ  бумасын  алып  шықты  да, 
Хақназарға:
–  Жағдай  былай,  –  деді.  –  Міне,  бір  жыл  болды 
қытаймен  жұмыс істеп жүргеніме, оның тауарын өткізіп 
берем де, деревянный акшасына доллар тауып берем. 
Ол маған сеніп алған. Енді сол сенімді аузы-мұрнынан 
шығару  керек.  Ол  үшін  былай  істейміз:  оған  бүгін 
сағат  онда  доллар  тауып  берем  дедім  ғой.  Орталық 
стадиондағы  обменниктің  алдында  кездесеміз.  Сен 
мына  кукланы  қалтаңа  салып  алып  такси  ұстап,  сол 
жерде  тұрасың.  Мәшинеңнің  ішінде  отырасың.  Біз 

103
ҚАРАӨЗЕК
шақырғанда,  қытайдың  мәшинесіне  келіп  отырасың, 
–  қытай  басқа  жерге  бармайды,  қорқады,  –    сосын 
долларды  бересің  де,    деревяшкаларды  санап  алып, 
мына  сөмкеге  салып  таксиіңмен  кете  бересің,  тура 
менің  офисіме  тарт.  Мен  қытайды  шығарып  салып, 
соңыңнан келем.
–  Е-е...  –  деді  Хақназар  Ернардың  сделкасын  енді 
ғана түсініп. – Жоқ, Ернар, – деген содан соң іле-шала. 
– Мынауың мүңкіген қылмыс екен. Басым екеу емес, мен 
ондай іске шатылғым келмейді. Басқа біреуді тап.
–  Да  ты  что?  –  деді  Ернар  мынау  не  деп  тұр 
дегендей көзін бажырайтып. – Хақназар, бұл жерде сен 
қорқатындай ешқандай қауіп жоқ. Мен сені подставить  
еткелі  жатқаным    жоқ  қой...  Мәшинеде  отырып, 
ақшаңды санап аласың да, жүре бересің. Менде арнаулы 
аппарат бар, қытайды алдау үшін сол аппаратпен мына 
куклаларды  өтірік  тексерген  болам,  саспа,  бәрін  шын 
қылып  көрсетеміз.  Ал  қытай  маған  сенеді,  бұрын  да 
доллар алып жүрміз ғой.
Хақназардың  басында  «апыр-ау,  дайын  тұрған  бес 
жүз доллардан қағылып нем бар, күнде базарда суықта 
отырып,  тиын-тебеннің  басын  құрай  алмай  жүргенде, 
мынауың  тамаша  емес  пе»  деген  ой  жылт  ете  қалған. 
«Жоқ, арамнан тапқан мұндай ақша жұғын болмайды, аз 
өмір көрген жоқсың, Хақназар, қылмысқа бармасаңшы» 
деген  тағы  бір  ой  пайда  болды.  «Мұндай  олжалы  күн 
қайта  айналып  келмейді,  өзіңнің  бүгінгі  тіршілігіңді 
ойласаңшы» деп әуелгі ой қайта қалқып шыққан.
– Сен қызықсың, Хақназар, – деді Ернар мәшинесін 
от  алдырып  жатып.  –  Бұйырған  нәпақаңды  қолдан 
жіберейін  деп  тұрсың.  Несіне  қиналып  тұрсың,  миым 
жетпейді...  Кеше  осыны  Эдикке  тапсырып  едім,  ол 
ақымақ түнде казинода бірдеңе бүлдірген бе, милиция 
алып кетіпті... Әйтпесе сол-ақ қатыратын еді.
–  Бауырым-ау,  уақыт  тығыз  болып  тұр  ғой,  –  деді 
Ернар үлкен жылдамдықпен келе жатып Абай көшесіне 
кілт бұрылған сәтте. – Көмектес енді, бір көмегің болсын!
–  Жарайды,  –  деді  манадан  екі  ойлы  болып  тұрған 
Хақназар.

104
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
– Міне, осылай демейсің бе, – деді Ернар ризалығын 
жасырмай.
Қойын-қонышындағы  қуыршақ  доллар  сып  етіп 
жерге түсіп кететіндей, ұятты іс істеп тұрғаннан әрман 
қысылған Хақназар жан-жағына жалтақтап, әбден мазасы 
кетті.  Сүйтіп  тыпыршып  тұрғанында  сұр  «девяткасын» 
аңыратып әкеліп, кілт тоқтаған Ернар мәшинеден шығып, 
бері беттеді. Содан соң екеуі «девятканың» қасына келіп 
тоқтаған «Волганың» ішіне кіріп, артқы орындыққа келіп 
жайғасқан.
Бәрі  ойдағыдай.  Артқы  орындықта  шалқайып 
отырған, көзілдірікті қарасұр қытай да, сөйлеген сайын 
сойдиып  қасқа  тісі  көрінетін  алдыңғы  орындықта 
отырған  екінші  қытай  да  орысша  екі-үш  ауыз  сөздің 
басын  әрең  құрайтындар  екен.  Екеуінің  сенімді 
адамы  болса  керек,  рөлде  отырған    әлде    ұйғыр, 
әлде  қазақ,    қасқабас  жігіт  ағасы  аудармашының  да 
қызметін  атқарады  екен.  Екі  қытай  ештеңе  сезбеген, 
тек аудармашы ғана Ернар долларды мұқият «тексеріп» 
жатқанда, Хақназарға бір қарап, «мынауың сенімді адам 
ба» деп екі-үш рет қайталаған. Десе де, Ресейдің сабан 
ақшасы толған қанардай сөмке қолына тиіп, Ернардың 
офисіне  жеткенде  ғана  мойнынан  ауыр  жүк  түскендей 
Хақназар «уһ» деп бірақ жеңілдеген.
Ернар бес жүз долларды сықырлатып қолына ұстата 
салып:
–  Мінекей,  бауырым,  еңбегің  үшін!  –  деп  сөмкедегі 
ақшаны қайта санауға кіріскен.
–  Мені  қашып  кетеді  деп  ойламадың  ба  осыншама 
ақшаны  алып?  –  деп  сұрады  Хақназар  кетуге  жиналып 
жатып.
– Ойладық қой, неге ойламаймын, – деді Ернар. –  бұл 
істі  Эдикке  емес,  саған  сеніп  тапсырғаным  да  сол  ғой. 
Сен,  Хақназар,  әзірге  сөмкемді  алып,  тайып    тұратын 
жігіттердің қатарында жоқсың...
Хақназар басын шайқап, офистен шығып кетті.

105
ҚАРАӨЗЕК
12.
Соңғы  екі-үш  жылдың  ішінде  араның  ұясындай 
құжынап,  балалаған  жәндіктей  қаптап  кеткен    жеңіл 
машиналар  ғана  жүретін  орталық  көшелерде  қар 
көрінбейді.  Бордюрдың  теріскей  жағын  ала  үйілген,  
тозаң  мен  ыс  қонып,  сұрғылт-қошқыл  түске  енген 
кірлеуіт  мұз  болмаса,  Алматының  ішінде  мол  қар    да 
жоқ еді. Әйткенмен қыс ызғарлы. Аяздың  сағы әлі сына 
қоймаған. 
Бүгін  бір  ерекше  жарқырап,  тас  төбеге  ерте  шығып  
алған  күн  бесінге  ауған  кезде  екеуі  Төлебаев  көшесін 
құлдилап төмен түсіп келе жатқан. Хақназардың  ойдан-
қырдан жинаған қызықты әңгімелері тәмам болған соң 
естелік айтуға көшкен кезі еді. Бір жерден оқығаны бар 
болатын, ғылыми-техникалық революцияның жетістігін, 
кино  мен  телевизияның  өркенін  бастан  кешіп,  енді  
компьютер мен интернетке бас қойған осындай уақытта 
адам баласы үшін  мемуар оқу ғана қызықты деп. Сол 
сөз  еске  түсіп,  балалық  шағын  еске  алып  келе  жатқан. 
Бірер мәрте Самалдың сүйріктей саусақтарын ұстап, аяз 
сорған аққұба өңіне, ұзын кірпікті, тұңғиық қара көзіне 
қарап қойды: көңілі көтеріңкі көрінген.
Шуылдаған  моторлы  көліктен  алыс,  ортасында 
жасыл  шырша  өскен,  аллея  іспетті  біршама  тыныш, 
түзу  көшенің  аяқ  жағына  да  жетіп  қалыпты.  «Мынау 
қай көше?»  деп сұраған Самал дәл бір қалаға алғаш рет 
келіп тұрған жандай. «Төле би» деді Хақназар да ресми 
мәлімет  жасап  тұрған  кісіше.  «Төлебаевпен  түсіп,  Төле 
биге шықтық» деді сосын. «Төлебаев – Төлеби...екеуі де 
Төле...бірі бай, бірі би... қызық  ә» деді Самал күліп. 
Кинотеатрдың  кассасында  тірі  жан  жоқ  екен. 
Афишаға қараған. Кешкі сеанстардың бәрі Голливудтың 
фильмдері  екен.  «Доллар  құсап  біздің  елді  енді 
америкалық фильмдер жаулай бастапты» деді Хақназар. 
Иә, солай ғой ол, деді Самал. Бірақ екеуіне қандай кино 
болса  да,  бәрібір  еді.  Бірге  жүрсе,  бірінің  алақанын 
бірі ұстап осылай бірге тұрса, бірге отырса ғана болды, 
қалған дүние бәрібір сияқты.

106
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Екі жастың жарастық тапқан бір қызықты күні еді.
Билет  алған.  Киноға.  Кешкі  бестегі  сеансқа. 
Сосын  сағатқа  қарасқан.  Әлі  жиырма  бес  минут 
бар  екен.  Кассаның  алдында  тұра  беруді  қолайсыз 
көріп,  босағадан  өткен.  Кинотеатрдың  іші  жылы 
екен.  Алдымен  даладай  кең  залды  айнала,  кино 
жұлдыздарының  қабырғада  қатар-қатар  ілініп  тұрған 
портреттеріне,  кинофильмдерден  түсірілген  үзік-
үзік кадрлар суретіне қарап біраз жүрді. Келер сәтте 
Самал  ресейлік  кинорежиссерлер  мен  актерлердің 
аты-жөнін,  туған  жылы  мен  өмірбаянын,  олардың 
қандай  фильмдерге  түскенін  айтып  зуылдатқанында, 
Хақназар  еріксіз  аузын  ашып  қалған.  «Жаңа  фильм» 
деген журналды бала кезімнен жаздырып алушы едім, 
содан қалған нәрсе ғой» деп күлді Самал. Содан кейін 
екеуі күні бойғы жүрістен шаршағанын енді сезгендей 
залдың бір бұрышында тұрған арқалы орындықтардың 
біріне келіп жайғасқан. Иығына басын сүйеп отырған 
қыздың иығына төгіліп түскен қолаң шашынан ерекше 
бір  жұпар  иіс  аңқиды  екен.  Хақназар  шашынан 
сипағысы  келіп  кетті.  «Әңгіме  айтшы»  деді  қыз.  «Не 
айтам, бар әңгімені түгел тауыстым» деді жігіт. «Онда 
мен айтайын» деді қыз. «Ал айта ғой, тыңдайын» деді 
жігіт  қыздың  шашынан  сипап.  «Ой...  менде  де  айтар 
әңгіме  жоқ  екен»  деді  қыз  сәл  үнсіздіктен  кейін. 
«Кел, одан да үндемей, бір-бірімізбен іштей сөйлесіп 
отыра берейік» деді содан соң. «Ол да жөн екен...» деп 
қостады жігіт.
Екеуі  жарты  сағаттың  қалай  өткенін  де  байқамай 
қалған.  Кино  басталмапты.  Жиналған  ел  жоқ,  кішкене 
күтейік  деп  шешкен  шығар,  десті  бұлар.  Он  бес,  әлде 
жиырма  минут  өткен  соң  ба,  кассир  әйел  есіктен 
сығалап,  «жас  адамдар,  кешіріңіздер,  көрермен 
халық  жиылмағандықтан,  кино  қойылмайтын  болды, 
билеттеріңізді өткізіп, ақшаларыңызды ала қойыңыздар» 
деген.
«Киноға тірі пенде келмейтін де заман болады екен-
ау» деді Хақназар далаға шыққан соң. «Қазір халықтың 
кино көретін уақыты да жоқ қой, – деді Самал, – не до 

107
ҚАРАӨЗЕК
отдыха».  «Иә...»  –  деді  Хақназар.  –  «Бір  жапырақ  нан 
таба алмай жанталасып жүрген ел киноңды не қылсын...» 
«Оның  үстіне  қазір  не  түрлі  телеарналар  көбейді  ғой, 
киноның неше атасы көрсетіледі, кинотеатрды қайтсін» 
деді тағы да көше бойлап келе жатып. «Үйде қазір көбі 
видео да ұстайды ғой, содан кейін келмейтін болар» деді 
Самал жігітті қолтықтай бере.
Қайда барамыз деп дағдарып біраз тұрған. Абитуриент 
болып Алматыға алғаш келгенде бір көргенін, одан соң 
қайта  бас  сұқпағанын  еске  алып,  бір  кезде  Хақназар 
хайуанаттар  паркіне  баруға  ұсыныс  жасады.  «Ура, 
барайық!»  деді  Самал  балаша    қуанып.  Екеуі  жаяу 
келе  жатып  балмұздақ  алған.  Тамағым  ауырады  деп 
Хақназардың  өзі  жемеді.  Бұған  қызықпайтын  да  еді. 
Есесіне Самал жақсы көретін болып шықты.
Жаздыкүнгі ажары жоқ, кісі аяғы да саябыр тартып, 
иесіз  жұрттай  қаңырап  қалған  Горький  паркін  көктей 
өтіп, түпкі жақта орналасқан хайуанаттар паркіне келген. 
Мектеп  жасында  балалар  мен  жас  сәбилерін  ерткен 
некен-саяқ кісі болмаса, тордағы аң мен құсты қызықтап 
жүрген жан көрінбейді.
Келуін  келсе  де,  табаны  қызатын  болса  керек,  бір 
орнында тұра алмай, ұзындығы екі-үш-ақ құлаш тордың 
ішінде тілі салақтап ары-бері  жүгірген жүдеу қасқырды 
көріп, «қайқаң қағып көкке шығатын күніміз енді тумайды 
ғой, қайтейік» дегендей, қанатын қағып қойып, аумағы 
зор,  биік  тордың  ішіндегі  талдың  басында  шаңқылдап 
отырған ақбас күшігендерді көріп Хақназар жан дүниесі 
төңкеріліп, керемет аяп кеткен. Осыдан жеті-сегіз жыл 
бұрын көргенде мұндай сезімді кешпеген сияқты еді.
Бәрінен  бұрын  екеуіне  етектей  құлағын  баяу  ғана 
қағып  қойып,  маңғаз  қалыпта  тұрған  үлкен  піл  ұнаған. 
Парк  қызметкерлері  тамақ  беруге  рұқсат  етіп,  жас 
балалар  өздерімен  бірге  ала  келген  жеміс-жидектерін 
пілге ұсынып тұр екен. Хақназар мен Самал қолдарында 
ештеңе  болмағанына  «қап!»  деп  өкініп  қалды.  Иіріле 
жылжыған жыланның, шықылықтаған құстың түр-түрін 
көріп,  таңдай  қағысқан.  Өзгеден  гөрі,  тоқтап,  үңіліп 
қарағандары – қолды-аяққа  тұрмай, қышқыра секіріп, 

108
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
торды  өрмелеп,  тыным  таппай  жүгірген  маймылдар 
болды. Әсіресе домалақ көздерін жыпық-жыпық еткізіп, 
бастарын  бұлғаңдатып,  неше  түрлі  ерсі  қимыл  жасап, 
алдарынан  кетпей  қойған  кішкентай  маймылға  қарап 
екеуі ішек-сілесі қатқанша күлген.
Екеуі де бақытты еді.
13.
Хақназар жат қоғам, жаңа заманда өмір сүріп жатқан.
Жер бетіндегі үлкен құрылықтардың бірін «жабайы» 
аборигендерден  тазалап,  одан  аман  қалған  кейінгі 
тұқымын  тұздай  құртып,  «жаңа  дәуірді»  бастаған  
алпауыт  державаның бір миллиардері (ұмытпаса, аты-
жөні    Арманд  Хаммер  болса  керек)  айтыпты  деген  сөз 
есіне    түсіп  еді.  «Ақшаны  революция  кезінде  жасау 
керек»  депті  әйгілі  бай.  Қазіргі  жұрттың  лауазымды 
қызметте  отырған  қарынды  шенеуніктен  бастап  ең 
аяғы көше алаяғына дейін осы  «принципке» жығылатын 
болса  керек.  Алтын  теңгені  тасқаяқтай  қағыстырған 
бизнесмендердің,  оларды  «қанаттыға  қақтырмай, 
тұмсықтыға  шоқыттырмай»  жүрген  жуан  жұдырық 
жігіттердің,  тайғақ,  тұманды  істермен  айналысатын 
тағы  басқа  «кәсіпкерлердің»  қоғам  ауысқан  алас-күлес, 
аласапыран  заманды  пайдаланып  қалғысы  келетіні 
сырт  көзге  анық  байқалатын.  Бейқам  жатқан  халық 
мұзарт шыңнан көшкін құлап, аспан қақ айрылып, жер 
жүзін топан басқан алапат сұмдыққа кез болғандай көзі 
қарауытып,  көңілі  үркіп  есеңгіреп  қалған  еді.  Ақыры... 
ел  «ақылды  болсаң,    неге  байымайсың?»  деген  тезиске 
құрылған  жаңа    өмірге  көндіге  бастап  еді.  Қайтесіз 
енді...  француздың  бір  философы  айтқандай,  «адам  – 
адамға қасқыр» шығар...
Расында  да  қара  құйын  соғып  өткенде,  ұлы    үрей 
басталған  еді.  Елде  «революция»  жаманды-жақсылы 
болса  да  өнім  беріп,  елді  асыраған  өндіріс  ошақтары, 
тіршіліктің ұйтқысы болып  отырған  ауылдың бұрынғы 
шаруашылықтары  кәкәй  деп  жарияланды.  Қырда  да, 
ойда  да  жұмыссыздық  басталып,  ұйыққа  батқан  ел  не 

109
ҚАРАӨЗЕК
істерін  білмей  аласұрды.  Болашағын  колхоз-совхозға, 
зауыт-фабрикаға  артып  қойған  жас  мамандар  қайда 
барарын  білмей  дағдарған.  Сүйтіп  тұрғанда...  амал 
табылған. Бұратылып өлмес үшін қалың ел базар кезіп, 
тамағын  айыруға  тиіс  еді.  Базарлы  экономика  ғой. 
Ендігі  мақал...    «өзен  емес»,  «базар  жағалағанның  өзегі 
талмайды» болды.
Тапа-тал түсте автоматпен атып өлтірген кісіні көріп, 
жұрт  жас  банкирге  ме,  жоқ  боқмұрын    фирмачқа  ма, 
жоқ,  әлде  бұлардың  артында  тұрып,  алтын  астаудан 
жем жеп отырған әлдебір «ағайға» ма,  әйтеуір біреуіне 
«қарызға  кіріп»,  жазықты  болған    кезекті  бір  кәсіпкер 
екенін айтпай-ақ білетін болды. Мұны ғана емес, көшеде 
көзін сатқан тіленшіні байқап, жуан жұдырыққа салығын 
төлеп,  бастан  құлақ  садақа  деп  тәубе  айтып    отырған 
базаршы  саудагерді  көріп,  киоскісі  өртеніп,  зар  илеп 
қалған  ұсақ  кәсіпкерді  көзің  шалып,  «ақылды  болсаң, 
неге  байымайсың?»  деген  «принципке»  құрылған  ұлы 
өзгерістердің басталғанын жан дүниеңмен сезесің. 
Тіпті  бір  кезде  кісі  өлтірген  қанішер,  ел  тонаған 
баукеспенің аты жер жарған фирманың иесі болып шыға 
келгенін де көз көрді. Қарағай басын шортан шалғанның 
әкесі сонда басталған... 
Хақназар    бұрынғысынша  барахолкада  жүрген 
еді.  Барахолка  –  астанадағы  ең  үлкен  базар.  Бұл  кезде 
барахолка  (орыстың  «барахло»  –  «кәкүр-шүкір»    деген 
сөзінен  шығып,  ел  аузында  қалыптасып  кеткен    атау)
қара  қытайдың  кәкүр-шүкірін  –  бірақ  уақ-түйек  болса 
да, тұрмысқа қажет дүниесін – сатуға көшкен.
–  Уай,  жол  бер,  жол!  Дорогу!  –  дейді  айғайлап  бір 
кезде  инженер  болып  істеген,  енді  зор,  алабажақ 
қанарды қоларбаға тиеп, итіңдеп сүйреп жүрген, қамал 
бұзар қырықтағы қазақ жігіті. 
–  Самса,  ыстық  самса!  Жігіттер,  ыстық  самса 
алыңдаршы, – деп жалынады бір заманда қолын алтын 
менен күміске малып, жылы кабинетте отыратын маңғаз 
бәйбіше.
–  Польский  тауар,  өзім  барып  Калининградтан 
әкелдім,  арзан,  алыңыз,  –  дейді  бір  кездегі  мектеп 

110
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
мұғалімі, қазір қытайдың арзанқол киімін сатып отырған 
секпілбет орыс әйелі.
Жұрттың  бәрі – осы барахолкада. Кім жоқ  дейсің 
мұнда. Жақсы мен жаман да, аяр мен алаяқ та, ұры мен 
қары да, жетім мен жесір де. Бәрін табасың. Хақназар бір 
күні тіпті лагерьден босанып шығатын кезінде ШИЗО-
да бірге отырған қалта ұрысы – Колянды да көрді. Бес-
алты  жігітті,  сірә,  сыбайластары  болса  керек,  қасына 
ерткен, қолына алтын балдақ тағып, қызыл қошқыл түсті 
шолақ тон киген карманникке жал бітіп, қоң жиналған 
болуы  керек,  зорға  амандасқан.  Хақназардың  осында 
істеп жүргенін естіп, дүние тар ғой, әлі де жолығармыз 
деп  кетті.  Бұлардың  базарды  қарайтын  мілитсамен 
ым-жымы  бір  екенін  Хақназар  білетін.  Төлемді  қолма-
қол  жасайтын  ірілі-ұсақты  саудагердің  соры  –  осы 
карманниктер. Бұлардың базарда жүрген жұртты қалай 
қан қақсататынын көзімен де талай көрді. Бір күні сонау 
Омбыдан келіп сауда жасап жүрген татар жігітінің ішкі 
қалтасынан  он  бес  мың  долларды  жымқырып  кетіпті. 
Оны жұмыс аяғында бірақ білген әлгі жігіт өз көзіне өзі 
сенбей, үсті-басын мың рет сипалап, басқан ізімен жүз 
рет қайта жүріп өтті. «Мүмкін емес» деп басы қалтақтап 
кеткен сорлы бір уақытта қалтасындағы бір бума ресей 
сомын  шашып  жіберіп,  жерге  тізерлеп  отыра  кеткен. 
«Жиған-тергенің  қолды болғаннан кейін ендігі өмірдің 
маған  керегі  не?!»  деп  тасқа  ұрғылап,  шекесінің  қан-
даласын шығарып, өкіргенін көргеніңде, жер басып тұра 
алмайсың.
Мұндай оқиға базарда жиі болады.
Хақназар  бір  күні  үйге  телевизор,  өзіне  киім-кешек 
алайын  деп,  Ернармен  бірге  бизнесмен  қытайды 
«лақтырып»  кетіп  тапқан  ақшасын  көйлегінің  төс 
қалтасына  салып  базарға  ала  келген  еді.  Түстен  кейін 
өзінің  контейнерін  жауып,  киім  қарауға  шығып  келе 
жатқанда  қалтасына  қол  салса...  жоқ!  Бес  жүз  доллар 
жоқ! Басқан ізін, отырған жерін қарап өтті – жоқ! Зым-
зия! Алғашында кімнен көрерін білмей қатты абдырған. 
Артынан ашу қысты. Содан соң осынша бейқамдығына 
қарадай жыны келіп, өзін-өзі әбден сөккен. Үйге келген 

111
ҚАРАӨЗЕК
соң  ғана  «қой,  сабыр,  сабыр,  желмен  келген  ақша 
желмен  кетеді»  деп  өзіне-өзі  басу  айтқан  болды.  «Мал 
ашуы – жан ашуы» дегеннің қандай болатынын тұңғыш 
рет сонда түсінсе керек...
14.
–  Қазақстан  бай!  –  деді  Ернар  салқын  вискидің 
артынан қалың, майлы шоколадты кертіп жеп жатып.
Екеуі  орталықтағы,  салтанатты,  сәулетті  ресторан-
дардың бірінде отырған. Ернар үлкен бір іс тындырып, 
өз тілімен айтқанда, «сделка жасап», ақшасына су жаңа, 
сүйріктей  сұлу  «Мерседес»  алып,  соны  «жуып»  отырған 
еді.
– Қазақстан бай! – деді Ернар тағы да екі көзі күлімдеп. 
Екі көзінен ғана емес, отызға жетпей-ақ бұлтиып шыға 
бастаған қозы қарнынан, әлі де жас, балғын жүзінің сәнін 
бұзып, иек астынан белгі беріп келе жатқан бұғағынан 
тоқшылықтың нышаны байқалатындай еді.
–  Өзің  қара,  Хақназар.  Қазба  байлықтың  бәрі  бар 
ғой  бізде:  алтын,  күміс,  мұнай,  түрлі-түсті  металдың 
неше атасы, алюминий, мыс, жез, мырыш, хром, уран... 
Тағы не бар еді, құдай-ау, бәрі бар ғой, бәрі бар! Так что 
біздің болашағымыз алда...
Маңызды нәрсе айтқандай мекіреніп, бос рюмкелерге 
виски құюға кірісті.
Хақназар  үндеген  жоқ.  Тағамның  түр-түрінен 
қайысқан  дастарқанға  бір,  әрі  кең,  әрі  сәулетті 
ресторанның  ішін  мұңды  әуенге  толтырған  скрипкашы 
қызға бір қарап қойып, темекісін тұтатқан.
–  Міне,  –  деді  Ернар.  –  Мен  паханның  (әкемнің 
дегені  болса  керек)  каналдарының  арқасында  шетелге 
түрлі-түсті  металл  өткізетін  бір  кішкентай  операцияға 
ғана қатысып, мына тачканы сатып алдым. Ал қаншама 
қазба байлықты шетелге эшелонымен шығарып жатқан 
жоғары  жақтағы  кісілерді  айтсаңшы!  Олар  не  только 
миллионер,  олар  скоро  миллиардер  болады.  Во!  Кел, 
алып қояйық!
Хақназар бүгін вискиден бас тартпап еді. Соны көрген 
анау тағы бір бөтелкесін алдыртқан.

112
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Болады,  Ернар,  керегі  жоқ!  –  деген  Хақназар.  – 
Алмай-ақ қой екіншісін.
–  Саспа,  үйіңе  жеткізіп  тастаймын,  оның  несіне 
қорқасың?
– Жоға, мәшинеңді қалай жүргізесің сен? ГАИ ұстаса, 
не демексің?
– Ол иттердің емі – бес қағаз, – деді Ернар ықылық 
атып.
Сосын  шалқайып  отырған  күйі  Хақназарға  қарап 
күлген.
– Осы сен, Хақназар, кейде бала болып кетесің. Жас 
бала емессің, ыстық пен суықты көріп, ащы мен тұщыны 
татып, от пен оқтан өтіп келдің дегендей... Бірақ кейде 
өмірдің қарапайым заңдарын түсінбейсің.
– Мүмкін, – деді Хақназар жымиып.
– Эх, Хақназар, өмір алда ғой!.. Келші, екеуіміз сол 
үшін  алып  қояйық.  Кәне,  ұста,  ұста!...  Ал  кеттік!...  Түу, 
дәмін-ай мынаның!
–  Үлкен  бизнеске  кірейін  деп  жүрмін,  –  деді  бір 
уақытта. – Қалай қарайсың?
– Оң қараймын, – деді Хақназар.
«Уа, бәрекелді, азаматым-ай!» деген қолпашты күткен 
болса керек, Ернардың мына сөзге көңілі толмай қалды. 
Онысын өзі де жасырмаған.
–  Осы  сен  қызықсың...  Жан  беріп,  жан  алып  еңбек 
майданында  жүрген  жолдастарыңа  бір  жылы  сөзіңді 
қимайсың,  –  деді  алдындағы  тамағынан  бір  шанышқы 
алып, аузына салып жатып.
–  Осыншама  байлық  бар  жеріміздің  астында, 
–  деді  Хақназар  бір  кезде.  –  Алақандай  Кувейт 
халқы  мұнайдың  арқасында  асып-тасып  отыр. 
Дүниеге  келген  әрбір  нәрестеге  мемлекет  азаматым 
деп,  банктен  жеке  есепшот  ашып  беріп,  мұнайдан 
түскен  пайданың  белгілі  бір  процентін  соған 
салып  отырады  екен.  Сонда  кәмелетке  толғанша 
баланың  шотында  өміріне  жететін  ақша  жиналып 
қалатын  көрінеді.  Міне,  өмір.  Ал  біз...  мұнай  да 
бар,  қазба  байлық  та  бар,  Менделеев  кестесіндегі 
элементтердің  бәрі  бар  деп  ісіп-кепкенде  сондаймыз, 

113
ҚАРАӨЗЕК
кәне жақсы өміріміз? Байлықты шетке шығарып, сатып та 
жатыр екеміз, қайда сол ақша? Халық неге аш, жалаңаш? 
Жетпіс проценті қоңыз теріп жүр, қазба байлықтан не 
пайда?
–  Сен  как  будто  соның  бәрін  мен  жеп  жатқандай 
сөйлейсің ғой, – деді Ернар бұған тесіле қарап.
–  Сені  айтып  отырғаным  жоқ,  қуыстанбай-ақ  қой... 
Ана..,  –Хақназар  көзімен  төбені  көрсетті,  –  ана  жақта, 
жоғарыда отырған, «мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін 
басымды тіккен адаммын!» деп айдың-күннің аманында  
жау түсіргендей күпініп отырған шенеуніктеріңді айтам. 
Құдай-ау,  ішкен-жегені  қайда  кетіп  жатыр,  тойымы 
жоқ па, немене? Ей, сол, сатып жатқан байлыққа елдің 
тұрмысын көтермей ме, өндіріс ордасын ашып, жұмыс 
тауып бермей ме?
Ернар төмен қарап отырған. Бір кезде басын көтеріп:
– Қызғаныштың қызыл иті ішіңді жеп бара жатыр-ау, 
– деп ырсия күлді.
Хақназар да еріксіз күлген.
– Олай емес, Ернар, – деген. – Сондай сөз бола ма? 
Мен  анау...  ішкен-жегенін,  ұрлап  сатқанын  шетелдік 
банкілерге  жинап  жатқандарды  айтам.  Соншама 
байлықты  тегін  иеленіп,  борсықша  семірген,  енді  түк 
көрмегендей беттері жылтырап отырғандарды айтам...
–  Тілің  ащы,  Хақназар,  –  деді  Ернар  езу  тартып. 
Рюмкені көтере бере, қайта орнына қойған. – Бірақ сен 
оларды да көре алмай, қызғанып отырсың...
– Түу, сен... Мен анау жұмыс таба алмай сенделген, 
бала-шағасын  үйде  шулатып  тастап  кетіп,  тамақ  іздеп 
тентіреген елді көріп, ашынып айтам.
–  Ит  басына  іркіт  төгілген  заманды  аңсайсың  ғой... 
Сенің  қимаң  қышып  отырған  сол  елдің  ішінен  біреу 
үкімет басына келсінші, ол да осыны  істейді. 
–  Елдің  бәрі  ынсапсыз  емес,  қанағат  қылатын,  ел 
қамын жейтін азаматтар да табылады.
–  Сен    өзің  халықшыл  болып  кетіпсің  ғой,  –  деді 
Ернар осы жерде шыдай алмағандай галстугын босатып, 
көйлегінің жағасын ағытты. – Нағыз коммунист екенсің...
– Коммунистер ел қамын ойлаған емес. 

114
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Қалай?..  –  деді  Ернар  таңданып.  –  Ел  қамын 
ойлаған  солар  ғой.  Басқаны  қойшы,  мал  бағып,  көшіп-
қонып  жүрген  жабайы  қазақты    кісі  қатарына  қосқан 
осы  коммунистер  емес  пе  еді.  Сауатсыз,  қараңғы 
халықты  жаппай  оқытып,  қолын  аузына  жеткізген, 
электрдің  жарығын,  техниканың  озығын  әкеліп  берген 
коммунистер емес пе еді. Оны ұмытпа!.. 
–  Мұның байыбына барып отырған жоқсың, Ернар,      
–  деді  Хақназар.  –  Көшпелі  мәдениеттің  өзіндік 
ерекшелігіне  тоқталып  жатпай-ақ  қояйын.  Сен  жабайы 
деп отырған  атаңды оқытқан коммунистер емес. Мың 
жылдар  бойы  өзінің  жазу-сызуы  болған  ұлтты  дүмше 
деп  жариялап,  әліпбиін  сасық  деп  лақтырып  тастаған, 
алдымен латынды, сосын кирилді күштеп таңған – осы  
коммунистер.  Ал  қазіргі  ұғымдағы  цивилизацияны  
әкелген  коммунистер    емес.  Оларсыз-ақ  техника  мен 
электрге  қолы  жеткен  араб  елдері  мен  мына  Иран 
болып-толып  отыр  ғой.  Электрді  большевиктер  ойлап 
тапқан  емес.  «Ильич  шамы»  деп  ұялмай-қызармай 
иемденіп  алып,  өздерін  барынша  дәріптеген.  Әйтпесе 
төңкерістің  жауы,  халықтың  жауы  деп    миллиондаған 
кісіні  жазықсыз  атып,  асып,  айдауға  жіберетін  сол 
баскесер коммунистер не біледі дейсің. Басқаны қойшы, 
мына  сен  жабайы  болған  деп  түкіріп  отырған  ұлтыңды 
үйіндегі  азық-түлігін  тартып  алып,  қолдан  ашаршылық 
жасап,  дүние  жүзінің  көзін  бақырайтып  қойып  тең 
жартысын  32-ші  жылы  шыбынша  қырып  салған  –  сол 
коммунистер емес пе!
– Ол кезде заман солай болды...
–  Заман  солай  болды  деген  –  әншейін  сөз.  Қазіргі 
былық-шылықты  да  заманға  жауып  отырмыз  ғой,  сол 
сияқты...
– Қазір, міне, – деді Ернар. – Өзің айтып отырсың, 
және  оның  құпия  несі  бар,  елдің  бәрі  біліп  отыр: 
жоғарғы  эшелондағы  өкіметтен  бастап  бәрі  ұрлықпен, 
алыпсатарлықпен  айналысып  жатыр.  Бұлар  коммунист 
емес  қой...  Көрдің  бе  сондықтан  мәселе  партияда  да 
емес.
–  Қата  айтасың.  Билік  басында  отырғанның    бәрі  – 

115
ҚАРАӨЗЕК
тонының  өңін  айналдырып  алған  кешегі  коммунистер. 
Кешегі  сексен  алтыда  өз  ұлтын  ұстап,  экстремист, 
террорист деп жүзі жанбай жаһанға жар салған сатқын 
иттер. Бүгін, міне, солар «мен алаңда жастарды бастап 
жүргем» деп жағалай ұлтшыл болып шыға келді.
–  Өзің  сол  сексен  алтының  кесірінен  жапа  шеккен 
соң айтып отырсың ғой осыны, Хақназар.
–  Одан  ғана  емес.  Екіжүзді  саясаткерлердің  көзді 
бақырайтып  қойып,  теледидардан  өтірікті  соғып 
тұрғанын көріп жыным келеді.
– Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген.
–  Бұлар тазы болып, олжа түсірсе, арман не... Шошқа 
құсап жер байлығын, ел ырыздығын құныға жеп жатыр.
–  Бұл  әлі  ештеңе  емес,  Хақназар,  –  Ернар 
бұл  әңгімеден  шаршап  кеттім  дегендей,  бетін 
тыржитып,  рюмкелерге  қайта  виски  құя  бастады. 
–  Бұл  әлі  ештеңе  емес.  Міне,  қазір  приватизация 
деген  үлкен  науқан  басталғалы  тұр,  осыған  арнап 
мемлекеттік  мүлікті  жайғастыру  деген  арнаулы 
комитет  құрылды,  зауыт-фабрик,  кен  орындары, 
дүкен,  демалыс  үйі...  тағы  не  бар  еді,  в  общем 
мемлекет құзырында не бар, соның бәрі – түгел жаппай 
жекешелендіріледі. Тонағанның әкесін сол кезде көресің.
–  Тістегеннің  аузында,  ұстағанның  қолында  енді 
кетеді десеңші...
–  Ол  да  ештеңе  емес...  Жер  сатылатын  болады  әлі! 
Жер жеке меншікке беріледі, үлкен саясаттың бықсығын 
сонда  көресің...  Жә!  Қояйықшы  осымен,  бас  ауырып 
кетті. Кел, одан да мынаны алып қояйық...
15.
Жарықтық  наурыз  айының  басынан  қызылжілік 
болып  тұрған  биылғы  қыс,  асығыс  шаруасы  болып, 
әлденеге асыққан жанша екі-үш күнде шұғыл жиналып, 
кәрі  сүйегін  сықырлатып,  ескі  текеметін  сүйретіп, 
жымын  білдірмей  терістікке  қарай  суыт    кетсе  керек, 
тал-тоғай  бүршік  атып,  бүр  жармаса  да,  жер  қарайып, 
ерте келген кәрі ұзақтың қаздаң басқан жүрісінен, көңіл 
сенбегенімен,  көктемнің  келгенін  көз  көрді.  Дегенмен 

116
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
таңға жуық су қабыршықтанып, ауадан ызғырық табы, 
әлі  де  болса,  кетпей  тұр  еді.  Кісі  аяғы  баспайтын, 
мәшине дөңгелегі жүрмейтін қалтарыс бұрыш, қаға беріс 
қылтада  цементпен  шегенделіп,  темірмен  құрсауланып 
тасталған  жуан,  кәрі  еменнің,  сұңғақ,  сымбатты  ақ 
қайыңның түбіндегі, күн түспейтін жақтан орын тепкен 
аңсағай үйдің теріскей іргесіндегі қошқылданып, іртік-
іртік болып, түсе бастаған жұқалтаң қар үйінділері ғана 
ақбас  қыстың  көзіндей  ойдым-ойдым  болып  жатыр. 
Тоң  басқан  қара  жердің  бүйірін  теуіп  шығып,  қылтия 
бастаған көкпен бірге буыны бекіп, бұғанасы қатқан жас 
көктем  бәрібір  түптің  түбінде  күннің  шуағын  төккізіп, 
ызғырықты жұтып қоятыны байқалады. Соны растағысы 
келгендей  күннің  де  шырайы  кіріп,  жылымықтана 
бастаған. Бірақ «қардың басын қар алар жауып тұрып» 
деген  ескі  қағида  есіне  кеш  түсті  ме,  әлде  тусырап 
жазғытұрым  шыкқанша  қыстан  қалған  иіс-қоңысты 
кетірейін  деді  ме,  кім  білсін,  көзге  ілінер  қар  болмаса 
да, көкек айы кірер кезде күн күрт суытып, жылымшы, 
қырбық  қар  ұшқындап  жауа  бастаған.  Күні  бойы 
жауды. Расында да, осы қар еріген соң ғана жер-дүние 
құлпырып сала берген. Әуелі қыс бойы түнеріп, еңсені 
басып тұрған, қабағы ашылса да, жылы рай, жайдарлы 
жүз танытпаған аспан көк  шайдай ашылып, одан сайын 
биіктей берген. Қыс бойы көрінбеген, енді бой жазып, 
айдынды  аспанға  жүзе  шыққан  ұлпа  бұлттардың  өзін 
қызғана  ма,  теріскейден  соққан  ескек  жел  оларды 
жаңа  жазылған  ақ,  таза  дастарқанға  шашылған  түйе 
бауырсақша ту-талақайын шығарып ыдыратып жіберген. 
Одан  соң  қара  түн  тұтамдап  қысқарып,  жарық  күн 
шыжымдап ұзарған сайын жылы шуақ біртін-біртін ауаға 
жайылар  еді.  Қара  жер  балбырап,  дүр  етіп  жапырақ 
шығып,  жазғытұрғы  жұпар  иіс  те  аңқи  бастаған. 
Айналасы  бірер  жетінің  ішінде-ақ  үлкен  қала  жасыл 
дүниенің  құшағына  оранып  қалған  еді.  Көңіл  көтеріңкі 
болатын. Қара табаннан өткен неше жылғы сыз бен суық 
жілік-жілікті бойлай тұла бойына өтіп кеткен соң жылуды 
аңсаған ескі сүйегін күншуаққа еріксіз алып шығар кәрі-
құртаң  ғана  емес,  бүтін  адамзатқа,  жан-жануарға,  иісі 

117
ҚАРАӨЗЕК
тіршілік иесіне серпіліс әкелетін жазғытұрғы шақ көңілді 
көтертпей де қоймас еді. Әсіресе жас дәурен – жиырма 
бестен  енді  асқан  екі  дос  –    Хақназар  мен  Құрмаш 
қуанышты еді. Құрмаш оқуын бітіріп жатқан. Дипломға 
да қол жетер сынық сүйем жер қалдырып, мемлекеттік 
емтиханды үздік тапсырып келген соң  алдымен  өзінің 
курстастарымен  бірге  тойлаған.  Келесі  күні  Құрмаш, 
Хақназар екеуі Айгүл мен Самалды ертіп Медеуге шығып 
кетті. Әсілі, Құрмаш та Хақназар сықылды базарлы орта, 
шулы  жерден  қашып,  ауаша  жерде,  орайы  келсе,  қала 
шетінде,  табиғат  аясында  дем  алғанды  ұнататын  еді. 
Күн жылына ен далаға шығып бой жазуды аңсап жүрген 
қыздар да қуана келіскен.
Қыстыкүні  де  өзінше,  өзгеше  сұлулықтың  аясында, 
қалың  қардың  астында  балбырап  тәтті  ұйқыда  жатқан 
Медеудің  шатқалы  жазғұтырым  мүлде  басқа  кейіпке, 
жаңа  түрге  еніп,  құлпырып  кетіпті.  Жайнап,  жасарып 
кетіпті.  Көкжасыл  дүниеге  малынған  кең  дүниеге 
арылдап  шыға  бере,  ентіге  жөтелген  «Икарустың» 
маңдай шынысы мен жапсарындағы аумақты әйнегінен 
алдымен  етегінен  ұшар  басына  қарай  тербетіле, 
жарыса  өскен  биік  қарағайлы,  сұңғақ  самырсынды, 
жасыл  шырша  аралас  қалың  жынысты  кең  аңғар  көзге 
түсер  еді.  Меңіреу  тыныштыққа  малынып  жатқан 
бұла  табиғаттың  шырқын  бұзып,  жотаға  күшеніп  әрең 
шыққан ауыр автобустың артқы тұрбасынан лақтырған, 
шуда жүндей атқып-атқып шыққан лас, қою қара түтін 
адамзат әкелген тарақиаттың жарқын үлгісін көрсеткісі 
келгендей  шайдай  ашық,  шыныдай  мөлдір,  таңғы  таза 
ауаға  жөңкіліп  барып,  шудалана  тарай  бастаған.  Саф, 
жұпар иіс бергі аялдамадан тоқтаған автокөліктен дік-
дік  етіп  түсе  қалған  жолаушылардың  мұрнын  жарып, 
тынысын  кеңейтіп,  сергітіп  сала  берді.  Асфальт  жолға 
түсіп  алып,  қырқада  менмұндалап  тұрған  аумағы  тай 
шаптырым  алып  спорт  кешенін  бетке  алып,  асықпай 
басып  өрге  қарай  жылжыған  қыз-жігіттің  құлағына 
шырылдаған құстардың үні талып естілген. Алда жасыл 
түгі жайқала тербеліп, тал-тоғайы төгіле ұмсынып тұрған 
кен шатқал жатыр.

118
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
– Қандай тамаша!
– О-о, рас, қандай керемет!
Өздерімен  бірге  автобуспен  келген  он  шақты 
жолаушы:  жас  қыз-бозбала  мен  балаларын  ертіп, 
рюкзактарын  арқаларына  асып  алған  бір-екі  кісі  оң 
жақтағы  шыршалы  тауға  қарай  беттегенде,  бұлар 
техника  күшін  танытардай  болып  тұрған  биік,  зор 
бөгетке  салынған  баспалдаққа  қарай  жүрген.  Құрмаш 
пен  қыздар  баспалдақтың  саны  қанша  деп  таласып 
келеді,  Самал  мен  Айгүл  сегіз  жүз  сексен  бес  десе, 
анау сегіз жүз отыз бес деп бой бермейді. Ақыры ұзын 
басқыштың  қанша  қатары  бар  екен  деп  төртеуі  ұшар 
биікке шыққанша санап бармақшы болып келісті. Бірақ 
айтуға ғана оңай екен, сонау басқа жеткенше ентігісіп те 
қалды. Тіпті оған жетпей-ақ, орта жолда қыздар «қойшы, 
дем  алайықшы»    деп  алақандай  жазыққа  орнатылған 
орындықтардың  біріне  отыра  кеткен.  Қызық    әңгімеге 
кіріскен  соң  басқыш  санау  миссиясы  естен  шығып  та 
кетіп еді.
Үлкен жолаушы сөмкесіне салып алып шыққан тоқаш, 
колбаса, шпрот, тағы бірдеме деген консервілер, алма, 
шабдалы  сусынымен  бірге  жігіттердің  қызыл  шарабы 
мен  коньягы  бар  еді.  Жөн  ғана  лүп  етер  самал  жел 
ескен  биік  бөгеттің  төбесіне  шыққан  соң  кең,  жалпақ 
орындықтардың  біріне  кішігірім  дастарқанды  жайып 
жіберіп, әкелген тағамдарын қоя бастаған.
–  Мә-ә,  Құрмаш,  госэкзаменнен  өтіп  алып,  бізге 
осылай  ғана  жуып  құтылмақшысың  ба?  –  деді  Самал 
күліп.
– Оу, өздерің ғой Медеуде отырайық деген... – деді 
Құрмаш колбаса тіліп жатып.
–  Ладно,  припомним,  припомним
*
,  –  деді  Айгүл 
саусағын безеп.
–  Қаланың  сасық  ауасын  жұтып,  тар  кафеде 
отырғанша  мынау  дұрыс  емес  пе,  –  деді  Хақназар 
консервіні ашып жатып.
Таңертең ертерек тұрып, үйден бір шыныаяқ шай іше 
салып  шыққандікі  ме,  әлде  расында  екі-үш  сағаттың 
*  Жарайды, есте болсын, есте болсын. – ор.

119
ҚАРАӨЗЕК
ішінде  мезгілі  келіп  қалған  ба,  әлде    таудың  салқын, 
таза ауасы тәбетті ашып жіберді ме, қарындары ашқаны 
да  сезілген.  Құрғақ  тамақтан  ауыз  тиген  соң  Хақназар 
бірге  ала  шыққан  құртақандай,  пластмас    стақандарға 
қыздарға  «Кагордан»,  өздеріне  коньягынан  мөлдіретіп 
құйып қойды да:
–  Ал,  қыздар,  кез-келген  пенденің,  көлденең  көк 
аттының    қосына  қона  бермейтін  ерекше  бақ,  өзгеше 
талайға  ие  болған,  кеудесіне  құдіреті  күшті    құдайдың 
өзі  үлкен  дарынның  ұрығын  сепкен  қасиетті  жан  – 
біздің  досымыз  Құрмаш  мемлекеттік  емтиханын  беске 
тапсырып,  өзінің  шашбауын  көтеріп  жүрген,  бірақ 
музыка деген нәзік өнерді  түсіне бермейтін, оның үнінен 
мақұрым қалған біз сияқты қарабайыр достарына, міне, 
аман-есен өткенін  жуып бергелі отыр... – деді.
– Неге қарабайыр?.. – деді Самал.
–  Сөзін бөлмейік... – деді Айгүл.
– Ой, қырт!.. –  деді Құрмаш күліп.
–  ...жуып  бергелі  отыр.  Бұл  анау-мынау  қыздың 
қолы жете бермейтін, бірақ Айгүлдің өзі құрық салған 
осындай  ер-азаматтың  түсінігі  бар  екенін  көрсетсе 
керек...  Іһм...  иә,  көрсетсе  керек.  Сүйтіп,  бес  минутсіз 
табақтай    дипломға  ие  болған  Құрекең    бізді  тауға 
шығарып,  міне,  Медеудің  төріне  отырғызып  қойды. 
Арамыздан  суырылып  шығып,  бірінші  болып  диплом 
алғалы  тұрған,  енді  біз  сияқты  студенттерге  төбесінен 
қарайтын  правоға  жеткен  бауырымыздың  қуанышына 
ортақпыз.  Сонымен,  тойға  жайылған  мына...  скромный 
дастарқанды, –  үлкен той алда, диплом  алғанда, – ашық 
деп  жариялаймын.  Әуелгі  айтылатын  тостың  құрметі 
біздің шаңырағымыздың атынан Самалға беріледі...
– Ура!.. – деді Айгүл.
Самал жымиып, кекілін желпіп тастады да стақанын 
қолына алды.    
–  Ал  Құрмаш,  соңғы  емтиханды  беске  тапсырып 
шығуыңмен...
– Рақмет.
–  Не  айтам...  Енді  біраз  уақыттан  соң  диплом  да 
қолыңа тиеді ғой, сол дипломың құтты болсын, игілігін 

120
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
көр,  тойың  тойға  ұлассын,  Айгүл  екеуіңнің  тойыңа 
жетейік! Сол үшін!
–Уа, пәлі!
– Ура-а!
Төртеуі  ғана  болса  да,  айналаны  бастарына  көтере 
шуылдап, бірінің сөзін бірі қошеметтеп, күлісіп отырды. 
Құрмаштың дәу сөмкесінің ішінде шағын магнитофон да 
бар  екен,  оны  алып  шығып,  –    қыздар  бағанадан  бері 
осылай  істеу  керек  еді  десіп  жатты,  –  алып  шығып, 
әлдебір  көңілді  әуенді  ойнатып  жібергенде,  даладағы 
отырыс енді қызық бола бастағандай көрінген.
–  ...  Студенческий  анекдот
*
,  –  деді  қолын  көтеріп, 
өзінің тілегін айтып болған кезде. –  Құрмаш сияқты бір 
студент...
–  Шырағым,  мен  студенттіктен  кеткелі  қашан...  – 
деді Құрмаш.
–  Жарайды,  әйтеуір  бір  студент  болсын  онда.  Сол 
студент білегінде...
– Өзім сияқты демейсің бе, –  деді Самал.
– Мен заочникпін ғой.... Иә, сонымен бір жалаңаяқ 
студент  сабақтан  шығып,  білегінде  іліп    алған  плащ 
сияқты бірдеңесі бар, троллейбусқа мініпті. Белдеуден 
ұстап, далаға телміре қарап тұрған оның  жүдеу жүзіне 
көзі  түскен  бір  кемпір  отырып-отырып:  «Қарағым-
ай,  студентсің-ау  деймін»  депті.    «Иә»  деген  анау. 
«Беске  оқитын  боларсың»  депті  кемпір.  «Оны  қайдан 
шығардыңыз?» «Өңің жүдеу  болғасын айтып жатқаным 
ғой, айналайын» депті кемпір. Сонда студент:  «Жоқ, апа, 
мен үшке оқимын,  беске оқитын  мына Смағұлов қой» 
деп білегіндегі плащын көрсетеді дейді.
–  Ха-ха-ха  –  деп  жамырай  шыққан  күлкіні  бөліп 
Хақназар:
–  ...сол  сияқты,  Құрекеңнің  де  ашқұрсақ  жортып 
жүретін  студенттік  шағы  кетті,  енді  үлкен  маман  иесі 
болып, қызметке тұрсын!
– Айтқаның келсін!
– Дұрыс айтады! 
Бұдан  өзге  де,  өздеріне  қызық  көрінген  түрлі 
*  Студенттердің қағытпасы. – ор.

121
ҚАРАӨЗЕК
әңгіменің  басын  шалып,  қауқылдасып,  дабырласып 
ет  асым  уақытты  өткізген.  Бұл  кезде  төбеге  өрмелеп 
шығып қалған күн шекені қыздыра бастаған еді. Бұлар 
тұрған бөгет басына да адам жиылып қалыпты. Кейбірі 
өзара шүңкілдесіп, кейбіреуі бөгеттің  арғы жағындағы 
сай табанына  үңіліп, жалпақ жазаңды қызықтап қарап 
тұр.  Шарапты  тауысып,  коньякты  орталап  қалған 
Хақназарлар  жиналып,  етекке  түсуге  ыңғайланды. 
Қыздар басқышпен емес, айналма жолмен түсейік деп 
ұсыныс айтқан соң, уақыт мол, алыс та болса, мәшине 
жолына түскен. 
Тау бөктерін  кесіп, қия беткейді жарып жасаған  жаңа 
автотрасса  Шымбұлаққа  баратын  жол  ретінде  салынса 
керек. Екі-үш мәшине қатар сиятындай кең екен. Бұлар 
сол  жақтарында  тік  көтерілген  алып  таудың  басынан 
қарға ұшырмас сеңгір көк шыңдарын, одан төмен қарай 
бұйра  жалға  ұқсап  ұйыса,  жарыса  өскен,  ит  тұмсығы 
батпас  ну жынысты қызықтап түсіп келеді. Етектегі кең 
шатқал  алақандағыдай  анық  көрінеді.  Дүниежүзілік 
рекордтарды жасап берген, аузымен құс тістеген небір 
конькишілер  келіп,  тамсанып  кеткен,  жанына  барсаң, 
биіктігі  қырық құлаш тас қабырғалары зорайып, еңсеңді 
басып  тұратын,  әлемге  әйгілі  мұзайдын  ғимараты 
кішірейіп, терең, кең,  алып астаудың  ішіндегі ойыншық 
секілденіп  аяқтың астында жатыр. Оның арғы жағында 
кейбірі  аялдаманы  қоршай,  кейбірі  қолаттағы  дөңеске 
орналасқан  кафе,  ойын  алаңы,  қонақүйлер  сіріңке 
қорабындай болып көрінеді екен.
Бұлардың  жүргенінен  тоқтауы  мен  бел  жазып 
отыруы көбейіп, етекке ұзақ жүріп түскен. Мұзайдынға 
жақындағанда, тауға келген елдің көбейгенін байқады. 
Бірақ  елең  еткізгені  –  әудем  жерде  әр  нәрсеге  үңіліп, 
қуысты тінтіп, бірдеңе іздеп жүрген, ана жерге шоқиып, 
мына  жерге  жүрелей  отыра  қалып  әлденені  өлшеп 
жүрген,  кейбірі  формада,  көбісі  жай  киінген,  бірақ 
қай қызметте екені бір көргеннен аңдалатын он шақты 
милиционердің жүруі еді.
– Бұлар не іздеп жүр екен? – деді Айгүл.
– Түскен із, шашылған оқ іздеп жүрген шығар, –  деді 

122
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Хақназар.  –  Әне,  біреуі  гильза  ұстап,  үңіліп  тұр  ғой, 
демек бұл жерде түнде атыс болған.
– Поня-ятно, – деді Самал,  – очередная бандитская 
перестрелка...
*
–  Пай-пай,  шіркін,  анаң  қараңдар,  –  деді  осы 
кезде  Құрмаш  даусын  қаттырақ  шығарып,  –  Өй, 
о  жаққа  емес,  атыс-шабыс  көрмеп  пе  едіңдер, 
мына  жаққа! Е-е...  Нағыз  той-думанға қарасаңдаршы!..
Құрмаш  нұсқаған  жақта  –  мұзайдынның  алдында, 
шашлық  пісіретін  мангалдары  тізіле  түтіндеп  тұрған 
кафелердің  маңында  іркес-тіркес  келіп  тоқтаған 
«Линкольн»,  «Мерседес»,  «БМВ»  сияқты  шетелдік 
мәшинелердің  соңғы  модельдері  бастап,  ақ,  көк, 
қызыл ленталармен әрленген автокөліктердің жанында 
дуылдасып, шуласып, мәз-мейрам болып жүрген жастар 
толып  жүр  екен.  Аппақ  той  көйлегін  киіп,  фатасын 
төгілдіре  анадайдан  жарқырай  көзге  түсіп,  жайраңдап 
жүрген  қалыңдықтар  мен  бірі  –  жаңа  костюм-
шалбарымен  бірге  қатып  қалғандай  ыздиып,  бірі  –  екі 
езуі екі құлағына жетіп ыржиып тұрған күйеу жігіттер. 
Бұлардың тобынан мол қуаныштың, ерекше салтанаттың 
лебі еседі екен. Мына көріністі көрген бетте-ақ:
–  Ва-а!..  Қандай  әйба-ат!  Просто  прелесть!  –  деп 
Айгүл мен Самал шу ете түскен.
–  Біз  қашан  осылай  аппақ  «Мерседеске»  мініп, 
ақ  көйлек  киіп  жүреді  екеміз,  Айгуля,  –  деп 
әсіресе  Самалдың  қатты  қызыққаны.  Сосын  көз 
қиығымен Хақназарға қараған.
Бұл болса, бір жөткірініп қалды:
–  Қой, состиып тұрмай, кетейік... Біздің қуанышымыз 
өзімізге.
Той  салтанатынан  көз  айырмай,  тамсана  берген  екі 
қыздың  көзін  әрең  айырған  Хақназарлар  еңіске  қарай 
түсе  бергенде,  қастарынан  баяу  сырғып  кетіп  бара 
жатқан  қара  «Мерседес-500»  тоқтай  қалған.  Бір  жақ 
әйнегі баяу төмен түсіп, Ернардың басы көрінді.
–  Жастарға  жалынды  сәлем!  Қалайсың,  Хақназар, 
қыдырып жүрсіңдер ме бүгін?
*  Түсінікті, қарақшылардың кезекті атысы... – ор.

123
ҚАРАӨЗЕК
–  Ә,  хал  қалай?  –  деп  амандасқан  Хақназар  да. 
Хал-жағдай  сұрасып,  жылы  қабақ  танытқан    Ернар 
бұлардың қалаға түсіп бара жатқанын білген соң алғыс 
айтып,  бас  тартса  да,  жүріңдер,  мен  бос  кетіп  барам 
деп    мәшинесіне  болмай  отырғызып  алды.  Көңілді 
екен.  Жаңағы,  үйленіп  жатқан  жігіттердің  біреуі  бір 
аулада  өскен  жолдастарының  бірі  көрінеді,  сол  қолқа 
салып қоймаған соң (өз сөзі), қуанышына ортақ болып, 
осында келген кезі екен, енді сағат үште тығыз шаруасы 
болғаннан  кейін  асығыс  қалаға  түсіп  бара  жатқан  беті 
көрінеді. Ернар әңгімесін  айта отырып, «қыздарыңмен 
таныстырсаңшы»  деп,  Айгүлмен,  сосын  Самалмен, 
соңында  Құрмашпен  танысты.  Бүгін  Құрмаштың  соңғы 
емтиханнан  өткен  күнін  атап  өтейік  деп  Медеуге 
келгендерін,  енді  шаршап  қайтуға  бет  алғанын  айтып 
жатқан Хақназарға «бәрекелді, жөн болған» деп қойды.
– Қыздар, қайда оқисыздар? – деді содан кейін.
– Шет тілдер институтында, – деді Самал.
– Жақсы, жақсы, өте жақсы... Ағылшын тілі шығар...
– Ағылшын мен француз тілінің маманы бұл кісілер, 
– деді Хақназар.
– Бәрекелді... Ағылшын тілін үйрену керек еді маған. 
Үлкен бизнесте тіл білмеген жаман екен... –  деді Ернар 
маңдайшадағы айнадан артқы орында отырған қыздарға 
көз салып.
Жүйрік  көлік  қоя  ма,  ананы-мынаны  айтысып 
отырып, қалаға тез-ақ жеткен. Хақназарларды «Арман» 
кинотеатрының  жанына  түсіріп,  айып  етпеңіздер, 
әуежайда  біреулер  күтіп  отыр,  асығыспын  деп,  Ернар 
ары қарай құйындатып кетті.
16.
Бірауыз  сөз  айтпаған.  Ендігі  сөздің  дәмі  жоқ  деп 
шешкен  еді  іштей.  Бидай  өңіне  шырай  беріп  тұрған, 
бар  қанын  ішіне  тартып  алып,  сұп-сұр  болып  тұрған 
Хақназар  әуелі  не  істерін  білмеген.  Есесіне  төсекте 
жатқан  Самалдың  айтпағы  көп  секілді  көрінген.  Бірақ 
көмекейіне    келіп  тығылған  көп  сөздің  қайсысын 

124
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
айтарын білмегендей еріні дір-дір етіп, көрпенің шетін 
тістелей берген.
Таң  атып  келе  жатыр  екен.  Жаздың  бозғылт  таңы. 
Балконға шығып, темекісін тұтатқан Хақназар айналаға 
көз  тастаған.  Қараңғылық  өзінен-өзі  жұтылып, 
шағырмақтана жанған жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп, 
күншығыс  беттен  боз  бояу  жүгіріп,  қаракөк  аспанға 
еппен  тарап,  жайылып  бара  жатыр  екен.  Әлдеқайдан 
талып  естілген  торғайдың  үнін  тыныш,  бұйығып 
жатқан көшені жалғыз өзі басына көтеріп, гүрілдеп өте 
шыққан бір мәшиненің дауысы басып кетті. Біріне-бірі 
тығылыса өскен тал-теректің енді жайқала бастаған жас 
жапырақтары ақырын ғана сыбдыр қағады. Салқын  ауа 
өзі  де  мазасы  қашқан  ұйқысын  шайдай  ашып  жіберді. 
Көмейлете  жұтып-жұтып  жіберген  темекісінің  ащы 
түтіні тамағын тіліп өтіп, көзінен жас шыққанша қақала, 
ұзақ жөтелген. Содан соң темекісін лақтырып жіберіп, 
бөлмеге кірді де апыл-ғұпыл киіне бастады.
– Хақан... қайда барасың... таң атпай... – деді Самал 
ақырын ғана.
Құмығыңқы  үні  көп  құқайды  керіп,  әбден  жапа  
шеккен  адамдікіндей  зорға  естілген.  Хақназар  үндеген 
жоқ. Көйлегін асыға түймелеп жатқан, көріп отыр: Самал 
кішірейіп, бүрісіп қалыпты.Үстіне бір шелек, тастай суды 
құя  салғандай.  Жүзін  жауып,  қобырап  тұрған  қолаң 
шашын әлсін-әлсін қайыра береді.
Бұл  кезде  киініп  алған  Хақназар  қалай  кетерін 
білмегендей,  қораптан  бір  тал  сигарет  суырып  алып 
аузына  қыстырған.  Қыстырып  жатып  қызға  тесіле 
қараған.  Самалдың  қандауырдың  жүзіндей  қайқы 
кірпігінде қос тамшы жас ілініп тұр екен. Бұл қарағанда 
тұнық  жанарын  тайдырып  әкеткен.  «Ендігі  тұрысым 
не»  деп  ойлады  Хақназар.  «Ой,  сүмелек  ит,  қазыққа 
байланып қалдың ба соншама, немене» деп сөкті сосын 
өзін-өзі іштей. 
Кілт бұрылған. Кілт бұрылып, жатын бөлмеден атып 
шыққан.  Бірақ  кіреберісте  тұрған  туфлиін  қараңғыда 
таба алмай бөгеліңкіреп қалды. 
– Хақан... қайда кеттің... 

125
ҚАРАӨЗЕК
Самал түнде  киетін  іш көйлегімен бері шығып келе 
жатты. Жұқа көйлектен анық көрінген сұңғақ, талдырмаш  
бойы, саздауға біткен солқылдақ өрім талдай сымбатты 
денесі  терезеден  түсе  бастаған    болмашы  жарықта, 
алакөлеңкеде сұмдық әдемі  көрінеді екен.
Аяғын киіп алған Хақназар бойын жазып бері қараған. 
Тағы  не  айтасың  дегендей.  Екінші  мәрте  тайдырып 
әкеткен көзінен тынымсыз бұршақтаған жасты сүртпей, 
аяғының басына қараған Самал сөйлей алмай қалды.
Тек жігіт бұрылып, есіктің аузын бұрап аша бергенде 
ғана:
–  Хақан..  тоқташы,  бәрін  айтып  берейін...  түсінші... 
Тоқташы!.. – деп ұмтыла бергендей көрінді. 
Хақназар  тоқтамаған.  Есікті  бар  күшімен  тарс 
жауып, басқышпен жүгіре төмен түсіп бара жатқанында 
Самалдың «Хақан!» деп құмыға, жарықшақтана шыққан 
даусы естілген.
Подъезден  атып  шықанда  әуелі  не  істерін,  қайда 
барарын  білмей,  аңырып  тұрды.  Бір  уақытта  аузында 
темекі тұрғаны есіне түсіп, сіріңке жағып тұтатты. Бір-
екі  рет  сорып  қалып  еді,  сасық  түтіннің  иісі  келген. 
«Тфүу!»  деп  түкіріп  жіберді.  Фильтр  жағымен  тұтатып 
жіберіпті. Содан соң жарық біліне бастағанын көріп кең 
жолға түсіп алып, жүріп кетті. 
Іші алай-түлей еді. Бусанып, буырқанып барып жалын 
шаша  атылған  жанартаудай  ішкі  дүниесі  ойран  болып 
жатыр  еді.  Риясыз,  сенген  көңілін  кірлетіп  алғандай. 
Кеше  Медеуден  қайтқан  соң  Құрмаш  той  жалғасады, 
менімен  жүресіңдер  деп  Хақназар  екеуі  жалға  алған 
(бұл кезде олар микроауданда тұрып жатыр еді) пәтерге 
қыздарды  алып  келген.  Той  тойлап,  ән  айтқаннан 
жалыққан  соң  телевизор  қараған.  Одан  жалыққан  соң 
қайта шай ішкен. Ақыры ымырт үйірілген кезде Самал 
үйге қайтпақшы болды. Хақназар оны таксимен жеткізіп 
салып, үйінде апа-жездесі жоқ болып шыққан соң алғаш 
рет қасында қонып қалып еді...
Тұнығы  лайланыпты.  Әлдекім  ішкен  асына  түкіріп 
кеткендей.  Басқа  –  басқа,  мұны  күтпеп  еді...  Жан 
дүниесінің  бар  асылын  біреу  іреп  отырып  суырып 

126
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
алғандай. «Сенген қойым сен болсаң» деп ойлады келе 
жатып. Қайда келе жатыр... Басы ауған жаққа. Бас ауған 
деген осы болады. Сеніскен, сенген дәурен осылай өтеді. 
Әй, Самал-ай!.. Сеніп ем ғой саған. Жеті ай бойына мені 
осылай алдап келдің бе... Жеті ай бойы. Аузым салпиып, 
ұртым салбырап, қыздың өтірігін шындай көріп жүрген 
өзіме  обал  жоқ.  Сол  керек  өзіме!..  Хақназар  бір  кезде 
астыңғы  ерінін  тістеп,  жұдырығын  түйіп  алғанын 
байқады.  Жан-жағына  қарап  аңтарылып  тұрған.  Бұл 
уақытта ұясынан көтеріліп келе жатқан күннің қызғылт-
сары  шапағы  нұрлана  шашырай  көрінген.  «Қой,  үйге 
қайтайын, сенделіп қайда бара жатырмын» деп ойлады 
бір уақытта.
Иіні түсіп, басы салбырап келе жатқанда да басынан 
«тұнығың  лайланған»  деген  сөз  кетпей  қойған.  Біреу 
саусағымен  көрсетіп,  күліп  тұрғандай.  «Таза  деп  сүйіп, 
сүйсініп жүрген мөлдірің осы ма» деді бір ой. «Қызықсың 
сен,  жігітім,  жиырмадағы  қыздың,  оның  үстіне  әдемі  
қыздың осы уақытқа шейін жігіті болмады деп жүрмісің» 
деген екінші бір ой. «Осы уаққа шейін бір сүйген жігіті 
болса,  неге  алдап  жүр  мені,  жақсы  көрем  деп»  деді 
алдыңғы ой. «Соны да сөзім деп, оны сүйген жігіті екенін 
қайдан білдің» деді жаңағы ой. «Сүйген жігіті болмаса, 
осылай... болар ма еді...» деді тағы да әуелгі ой. «Мүмкін 
бір қиын жағдайға душар болған шығар, Самалдың өзі 
де  айтар  сөзім  бар  деп  жүруші  еді  ғой,  жаңа  да  жай-
жапсарын  түсіндірем  дегенде  өзің  ғой  сызданып  кетіп 
қалған...»  «...Намыссыз  жігіт  қана  судай  сапырған 
өтірікті тыңдап отырмақ» ... Тағы бір ой... Хақназардың 
басы зеңгіп ауырып кетті. Көкірегі тас артып қойғандай 
ауырлап  кетіпті.  Өзін,  не  көрсе  де,  көтеріп  алатын  ез, 
исалмас  аңқау,  топас  сезінді.  «Бәрі  бітті  осымен»  деді 
бір  уақытта.  Арақ  ішкісі  келген.  Айналасына  қарап 
еді,  көше  шетінде  қаздай  тізілген  киоскілердің  бәрі 
жабық  тұрғанын  көріп,  таң  енді  атып  келе  жатқаны 
есіне түскен. «Бәрі де бітті» деп ойлады содан соң тағы 
да.  «Махаббаттың  соңы  осылай  ойран  болмақ...  Әлде 
бұл  махаббат  емес  шығар...»  деді  өзіне,  шыдай  алмай 
темекісін  тұтатып  жатып.  «Беріле  сүйген,  құлай  сүйген 

127
ҚАРАӨЗЕК
сезіміңді  енді  махаббат  емес  деп  жоқ  қылмақсың  ба» 
деді біреу сыбырлап. Жер астынан шыққандай. Кім екен 
деп  айнала  қараған.  Сонау  жерде,  аялдамада  тұрған 
кәрі  шалдан  басқа  ешкімді  байқамады.  Өзінің  дауысы 
сияқты. Өзінің ойы. Жылағысы келген бір кезде, «Басыңа 
іс түскенде бүйтіп қайғырмап едің ғой, Хақназар-ау. Сап, 
сап, бас көңіліңді...» деп өзін әзер уатқан.
Көше  жағалап  келе  жатып  келесі  аялдамаға  таяй 
бергенінде сырт етіп бір киоскінің сыртқы есігі ашылып 
жатқанын көріп қалды. Хақназар әлдене есіне түскендей 
жүгіріп  барды.  Шошып  кеткен  сатушыны  –    қолына 
кілт ұстаған балаң жігітті – дәл бір бауырын көргендей 
қапсыра құшақтап, арақ сұраған. Анау арақ жоқ дегенде 
алабұртқан көңілі су сепкендей басылып: «Енді нең бар?» 
деді. «Сыра бар» деді анау. «Әкел!» Қақпағын ашқаннан-
ақ  быж  етіп  атқып  шыққан  ақ  көбігі  бураның  езуінен 
аққан жындай аузынан аса төгіліп, таусылмай қойғаннан 
кейін  не  болса  о  болсын  деп,  қылқылдата  жұтып 
жіберген. Жылымшы, қытай сырасы кермек татиды екен. 
«Әй суығы қайда мынаның?..» деген содан кейін жаңағы 
сатушыға қарап. «Кәледелнік бұзылып қалған, братан...» 
деді анау. «Тфу...» Ең аяғы сырасы да жылымшы, сырасы 
да өтірік... Не болып кетіпті мына дүние. Ақыры ішінде 
түтіндеп  жатқан  шоқты  басайыншы  деп  ұзын,  жуан 
бөтелкенің жартысына дейін ішіп, қалай болар екен деп 
біраз тұрды. «Арақ керек» деп ойлады сосын. Өзін одан 
ары  қытайдың  жылымшы  сырасымен  қинай  бермейін 
деп  шөлмекті  арықтың  жағасындағы  көк  шөпке  дүңк 
еткізіп тастай салды. Ғашықтық дерті буған жігіт көңілін 
намыспен суарылған алмас қылыш тілгілеп келе жатыр 
еді.  Бір  уақытта  өзінен-өзі  жиреніп,  мырс  етіп  күлген. 
«Мынауың  жалған  намыс,  Самалдың  сөзін  тыңдауың 
керек  еді,  сонда  ғана  түсінетін  едің  оны»  деді  басына 
келген  бір  ой.  «Ақымақ  есек,  қайта  кірер  есікті  қатты 
серпіп  жаппа,  жапқан  екенсің,  қайта  бару  ұят!»  деді 
іштегі  бір  үн.  Басы  үгітіліп  бара  жатқандай  көрінген. 
Махаббат  пен  өзімшілдік  сезімі  таласқа  түскен  соң  ба, 
жүрегі біз сұғып алғандай қатты шаншып кетті.
Үйге сүйретіліп әрең жеткен.

128
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
1.
ананы 
тұрмыс 
билейді» 
деген  сөз  кімнен  қалып  еді. 
Марксшілерден  бе,  буржуазия 
теоретиктерінен бе... Хақназар 
өз  ойына  өзі  күлген.  Бірақ... 
ақша  керек  еді.  Өзіне  керек 
еді.  Бұл  күнде  жұмыссыз 
қалған,  бірақ  елу  жеті  жасқа 
жетіңкіремей,    зейнетақыға 
ілінбеген  ауылдағы  шешесіне 
де  керек  еді.  Кімі  бар  бұдан 
басқа,  кімге  сүйенеді  шешесі 
енді.  Осылар  еске  түскенде, 
жанын  қоярға  жер  таппайтын. 
«Қарғам-ау,  жасың  келді  ғой, 
үйленсеңші, ауылға қайтсаңшы, 
мен  үстіп  иен  үйде,  жападан-
жалғыз  қашанға  отырам...» 
деп  еді  ана  жолы  телефонмен 
сөйлескенде.  Жүрегі  зырқ  ете 
түскен.
Шешемен 
сөйлескен 
күні  түні  бойы  дөңбекшіп 
шыққан.  Басына  қай-қайдағы 
ойлар  келіп,  ұйқтай  алмады. 
Дүниеде ойдан тылсым, ойдан 
тиянақсыз,  ойдан  ауыр  не 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет