Қ-71 Қуантаев Н



Pdf көрінісі
бет6/10
Дата03.03.2017
өлшемі1,08 Mb.
#5986
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Үшінші тарау
ҚАЗА

129
ҚАРАӨЗЕК
бар десеңші. Ой қажытқан, уайым жеген адамның құр 
сүлдері  қалмақ.  Денсаулықты  кеміріп  жейтін  де  –  осы 
ой,  миыңды  атала  қылып,  жындандырып  жіберетін 
де – осы ой... Бірақ адам дүниедегі ең әлсіз мақлұхат: 
ойламай  тағы  тұра  алмайды.  Осындай  кепке  түскен 
Хақназар,  көзін жұмып жатса да, көңілі ояу, ауыр ойлар 
келгенде қалай құтыларын білмей қаны қайнайтын еді. 
Тек  ұйқыны  тілеген  сайын  мазақ  қылғандай  сайтанша 
сап ете түседі. Орныңнан тұрып еріксіз, –  ол да у, бірақ 
удың басын у алар деп ойлайсың ба, – еріксіз темекіге 
жүгінесің.  Қолқаңды  түтінмен  ыстап,  қақырып,  түкіріп 
келіп,  қайта  жатасың.    Көзді  тарс  жұмып,  келсе  екен, 
демалсам екен деп күдеріңді  үзбей, дәмеленіп жатасың 
– жоқ, атама, ұйқы енді ат-тонын біржола алып қашады. 
Жетпіс  жеті  атасынан  түк  қалдырмай  түрегелесің. 
Темекіңді  құшақтап,  Құрмашты  оятып  алмайын  деп, 
еппен  басып,  далаға  шығасың.  Меңіреу  қараңғы  түн. 
Аулада  ербиіп  біраз  тұрасың,  сенделіп  көше  кезіп,  үй-
үйдің арасын аралап келесің. Уһілеп келіп қайта жатасың. 
Ақыры, жаның ауырып, жүйкең шиыршық атып, ес кетті, 
жан шықты деген кезде көзің зорға ілінеді. 
Түнек ой – уайымнан, кәдімгі сары уайымнан балалап 
жататын.  Шешемді  қалай  асырасам,  қашан  келін 
түсіріп, немере сүйгізсем, елден кем қылмай, жұрттың, 
әсіресе табақтас болса да, іштей санасып жүретін көрші 
әйелдердің алдында сағын сындырмай, қалай қуантсам 
деген, өзімнің ертеңгі күнім не болмақ, ауылға барсам, 
жұмыс  жоқ,  өздері  қаңғырып  жүр,  қалада  көргенім  – 
барахолка, алдағы өмірім не болмақ, ел қатарына ілігіп, 
үй алып, түтін түтетуге жағдайым келе ме, оған ақшаны 
қайдан  табам  деген  түпсіз  уайым  көкіректі  кеміретін 
еді. Осының бәрі жинала келе түн ұйқысын төрт бөліп, 
санасын  сан-саққа  қашырар  еді.  Жақ  суалып,  маза 
қашқан  сондай  ауыр  түннің  бірінде,  есік  алдындағы 
орындықта  темекісін  түтіндетіп  отырып,  бір  нәрсеге 
көзі жеткен. Кісі баласы ешқашан ой түбіне жетпек емес 
екен. Тоғыз түрленіп, тоқсан құбылған, сан қилы, алапат 
сезімнің  буырқанысын  қоздатып,  сақараның  төсіндегі 
сары  сағымдай  бұлдыраған  опасыз  ойлар  ғой  ол.  Сар 

130
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
ізіне шөп салып жүріп іздесең де, күрмеуін шешуің екі 
талай. Алдамшы ойдан аяр сөз тумақ. Аяр сөз дүниені 
лайламақ. «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық 
боп көрсетпес шынның жүзін» деп ақын  бекер жазған 
ба.  «Шындық  көп,  хақиқат  –  біреу»  деп  әулие  бекер 
айтқан ба.
Қорғасыннан ауыр ойлармен осылай үш түн алысып, 
көрер  таңды  көзімен  атырған  Хақназар  сүзектен 
тұрғандай жүдеп кетіп еді. Қу жоқшылық кімнің сағын 
сындырмаған, кімнің сүйегін сырқыратпаған. Барлыққа 
ұмтылмаған кісі бар ма, дәулетке қол созбаған жан бар 
ма. Шешім ақыры шорт кесілген: басқа барар жер жоқ, 
қиядан өту керек. Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқтағы 
етігің ғана емес, алдыдағы ауданың тар болса.
Ақыры  амалсыз  келіскен.  Курьер  болуға.  Ернардың 
курьері  болуға.  Дәлірек  айтсақ...шабарманы  болуға. 
Барып  келетін,  алып  келетін...  Бірақ    шауып  келетін 
емес. Онысын бүгін, таңертең барғанда бірден айтқан, 
мен күмәнді, тайғақ іске жүрмеймін, қылмысы мүңкіген 
жұмысқа  баспаймын  деп.  Аярлығы  ма,  аянышы  ма, 
Ернар  күліп  жіберген.  Бұл  таза  бизнес  деген.  Басың 
ешқандай іске шатылмайды деген. Берісі осы Қазақстан 
аумағындағы, арысы ТМД шеңберіндегі қалаларға ғана 
барасың,  кейде  бүгінгі  тілмен  айтқанда,  алыс  шетелге 
де  шығып  қаласың  деген.  Рас,  жауапты  жұмыс,  ауыр, 
бірақ ақшасы мол жұмыс. Басқа тәуір жұмыс мен саған 
тауып бере алмаймын деген. Сүйтіп, Хақназардың жаңа 
тіршілігі басталған.
2.
Сұлулыққа  сын  бар  ма,  шеберлікке  шек  бар  ма,  өзі 
де көрікті, өзі де келбетті болса да, заманына сай жаңа 
түрге енген, батыстық, америкалық шаһарлардың сырт 
көрінісін  иемденіп,  күннен-күнге  құлпырып,  жасарып 
бара  жатқан,  тұрғын  халқы  құмырсқадай  құжынаған, 
бірақ  күндізгі  жолаушыға  милициясы  мазасыз,  түнгі 
жүргіншіге атыс-шабысы қауіпті, кавказдықтарды иттің 
етінен  жек  көретін,  азиаттарға  сақтықпен  қарайтын 

131
ҚАРАӨЗЕК
Мәскеу де, Жерорта теңізіне  еміне орын тепкен, мұнарасы 
биік мешіттері таң азаннан жар салып, шулы базарлары 
шұбатыла созылған қаптаған туристерінің ішінде адасып 
кете жаздайтын, ауасы қапырық, көшесі тар Стамбул да, 
жал-жал толқыны ыңырси ағып, кей тұстары биік болып 
келетін  қызылкүрең  жерқабаққа  екпіндей  соғылып 
жататын жайқын Енесу ортасын жарып өтетін, Сібірдің 
сыңсыған көкбұйра, ну орманына сұғына ұмтылған, бір 
кезде пролетариат қаласы саналатын, қазір де жұмысшы 
жұрты  көп  Краснояр  қаласы  да,  Өгем  тауларынан, 
Қазығұрттан ары өткенде, еңісте, кең жазыққа жайыла 
орналасқан, ескі шаһарынан бірер көзі ғана қалған, әйгілі 
жер  сілкінісінен  кейін  Одаққа  «біріккен»  империяның 
он  төрт  республикасы  салып  берген  кең  көшеге,  жаңа 
келбетке ие болған, сол советтік кейпі де, тәртібі де әлі 
мызғымай тұрған, бір заманда көшпелі жұрттың қаласы 
болып,  енді  ала  шапанды  ағайынның  астана  байтағы 
саналатын Тәшкен де – белгілі фирманың курьері болып 
жүргенде ат шалдырған жерлері еді. Ал алыстығы ұшқан 
құстың    қанатын  талдыратын  өзінің  алып  Отанын  екі 
күннің бірінде шарлайтын.
Құдайдың құтты күні жол жүре беру оңай ма, Хақназар 
қажыңқырай  бастаған.  Оның  үстіне  соңғы  барған 
Қарағанды, Жезқазған сапарында тапсырылған істің бір-
екеуі құрдымға кетіп, еңбекақысы дұрыс берілмей, мол 
ақша кесіліп қалған еді. «Екі-үш күнде мысты өткізудің 
мәселесімен  Қытайға,  Үрімшіге  жүресің,  дайындал» 
деді  созылған  қолын  әрең  алған  Ернар.  «Сызданған 
сорлы» деп ішінен бір сыбап офистен шыға сала таксиге 
отырған. Ештеңе ойлағысы, ешқайда қарағысы келмеді. 
Көзін жұмып еді, басы дыңылдап кеткендей көрінген соң 
қайта ашып алды. Сайн көшесімен өрлеп келеді екен. Оң 
жақ  беттегі  тал-теректің  түбінде,  арықтың  жағасында 
қармақты  қайсың  қауып,  ішім-жемге  қайсың  сыбаға 
тастап кетер екенсің деп, сандарын жарқыратқан, бет-
аузын  әлеміштей  бояп,  өткен-кеткенге  жұтына  қараған 
жезөкше  қыздар  тізіліп  тұр  екен.  «Шіркіндер  жылдан-
жылға көбейіп келеді-ау тіпті...» деп ойлады.
Есікті ашып кіріп келгенде-ақ:

132
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Бауырым! Сен ан жақта, мен мын жақта, Жат болу 
жараса  ма  біздің  атқа?!  Бармысың-ей,  бауырым!  –  деп 
Құрмаш бас салған. 
Жарты айға жуық бірін-бірі көрмеген еді. Сағынысып 
қалыпты.
– Уһ, шіркін-ай!.. Шаршағанымды енді сезе бастадым 
ғой... – деді Хақназар буы бұрқырап алдына келген сүтті 
шайдан бір ұрттап қойып, шалқайып креслоға жайғасқан 
кезде.
–  Өлең  төсек,  өзі  үйіңнің  қадірі  жаңа  білінді  ме, 
қаңғыбасым? – деді Құрмаш күліп.
– Айтпа.
–  Сақал-мұртың  өсіп,  көзің  алды  көлеңкеленіп, 
жолсоқты  болғаның  көрініп-ақ  тұр,  –  деді  Құрмаш  бір 
уақытта бұған зер сала қарап.
– Е... иә, таңертең поездан түсерде қырынуға ерініп 
ем,  ақыры  үйге  барам  ғой  деп...  Қазір  ваннаға  түсіп 
алмасам.
– Сүйткенің жөн.
–  Айтпақшы,  өзің  қалай...  жұмыс  табылып  қалған 
шығар,  –  деді  Хақназар  ыстық  шайдан  кейін  шекеден 
бұрқ ете қалған терін орамалмен сүртіп жатып.
– Қайдағы... – деді Құрмаш. –  Табақтай дипломның 
қу тамақты асырауға дәрмені жетпейтін болды ғой осы 
күні.
–  Жоқ,  –  деді  содан  соң  тағы  да.  –  Филармония, 
музыка  мектептері,  былайғы  мектептер...  жоқ,  ешкімге 
музыкант, домбырашы керек болмай тұр қазір. Музыкант 
көбейіп кеткен-ау деймін осы күні.
–  Қателесесің,  –  деді  Хақназар  нанның  бір  тілімін 
қолына  алып  жатып.  –  Қазір  кім  көп,  юрист  көп,  тас 
лақтырсаң, заңгердің басына тиеді.
– Хе-хе... Біз де оңып тұрған жоқпыз...
–  Ох,  айтпақшы,  –  деді  Хақназар  әлдене  есіне 
түскендегі әдетімен, – барахолкаға, контейнерге тұрсаң, 
қалай болады? Мен Ернарға айтайын. Жұмыс тапқанша 
біраз тиын-тебен жинап қаласың.
– Жаман болмас еді... Бірақ өмір бойы барахолка... – 
Құрмаш түңілгендей басын шайқаған. –  Сүйген ісіңмен 

133
ҚАРАӨЗЕК
айналысып,  өнеріңмен  күн  көре  алмағаннан  өткен 
қорлық жоқ екен.
–  Енді  қайтпексің,  Құрмаш,  –  деді  Хақназар 
романтикаға құмар, жаны таза досының күйінішін іштей 
түсініп отырса да. – Балапан басына, тұрымтай тұсына 
деген... Бір есебі болар.
–  Иә,  бір  есебі  болар...  Әзірге  тамадашылардың 
жанынан қалмай, тойда ән айтып, жүре тұрамыз...
– Өткенде Самал келіп кеткен Айгүлмен бірге, – деді 
Құрмаш бір кезде.
–  А-а...  –  Хақназар  мән  бермеген  адамша  шайын 
сораптай берген.
– Сені сұраған.
– М-м...
Сәл үнсіздіктен соң еңсесін жазып Құрмаш сұрақты 
қабырғадан қойды:
– Екеуің неге ренжісіп қалдыңдар, не боп қалды?
Хақназар не жауап берерін білмей:
–  Оны  қайтесің,  Құрмаш-ау...  Соны  айтпай-ақ 
қояйыншы, – деді.
–  Жоқ,  айтуың  керек,  –  деді  Құрмаш.  –  Самал  да 
ренжісіп  қалдық  дегеннен  басқа  жарытып  ештеңе 
айтпай  қойды.  Жарайды,  ол  айтпай-ақ  қойсын,  сен 
айтуың  керек  қой  маған...  Екеуіңді  жарастыру  қолдан 
келеді. Ой, осы қырсық мінезің-ай сенің!...
– Батырекесі, – деді Хақназар ас қайырдым дегендей 
бетін  сипап,  –  осы  әңгімені  қояйықшы.  Шаршап 
отырмын...
– Жарайды. Бірақ қашанға бүйтіп жүре бересіңдер, 
екі ай болды, міне.
–  Түбі  сөйлесеміз  ғой,  –  деді  Хақназар  орнынан 
тұрып бара жатып Құрмаштың иығынан қағып қойды. – 
Ваннаға түсіп алайын мен.
Асықпай, баптанып ваннаға шомылып, одан соң бірер 
сағат ұйқтап алғаннан кейін Құрмаш екеуі базар аралап, 
мол  қылып  үйге  азық  әкеліп,  ұзақты  күн  теледидарды 
қызықтап жатты. Ақыр соңында, қай арнаға қоссаң да, 
«мыльная  опера»  –  ұшы-қиыры  жоқ  латынамерикалық 
телесериалдары мен даңғырлақ музыкасынан басқа түгі 

134
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
жоқ,  ол  да  жалықтырып  жіберген  соң  етті  былқытып 
асып  қойып,  екеуі  екі  кітапқа  үңілген.  Бірінің  қолына 
қазіргі  детектив  саналып  жүрген  арзанқол  шығарма, 
екіншісінің қолына эротика керек деп жарты әлемді кезіп 
кететін былапыт қыздың басынан кешкендері жазылған 
ұзынсонар  дүние  ілініпті.  Лағып  кеткен  қисынсыз 
жерлерінен  біріне-бірі  үзінді  оқып,  «ой,  шіркін-ай, 
мұндай да болады екен-ау» деп күлісіп біраз жатты.
Балалық шақ, бал дәуренді сағынышпен еске алысып, 
өткен-кеткен  қысыр  әңгіменің  тиегін  ағытып,  екеуі, 
балбырап,  бабына  келіп  піскен  жас  бағыланның  етін 
асықпай жеп алды. Артынан бір-бір аяқ сорпа ішіп, тіс 
шұқуға кіріскенде:
–  Домбыраңды  тыңдамағалы  көп  болды,  –  деп 
өтініш жасады Хақназар. –  Жанды тербейтін бір жақсы 
күйлерден жіберші.
– Пожалуйста.  Еттен кейін қалай тартпайсың, – деген 
Құрмаш та.
Қас  қарайып,  іңір  түскен  мезгіл  еді,  күннің  ыстығы 
қайтты-ау деп балконның есігін ашып қойды.
3.
Домбырасының  құлақ  күйін  келтіріп  отырған 
Құрмаш  шешіле  сөйлеген.  Бұл  күй  түсінген  адамға  – 
күмбір, түсінбегенге – даңғыр деген. Әннен бұрын күй 
жаралыпты,  деді  сосын.  Есте  жоқ  ескі  заманнан  келе 
жатқан  аңызға  сүйенсек,  ең  әуелі  ештеңе  болмапты. 
Содан соң Жаратқанның өзі қараңғы түнекке нұр түсіріп, 
нұрмен  бірге  дыбыс  пайда  болған  екен.  Сол  дыбыстан 
бүтін  дүние  жаратылыпты-мыс.  Күй  дыбысының  әлми-
сақтан келе жатқанына осы бір кішкентай жайттың өзі 
дәлел бола алатын көрінеді.
Содан  соң  малдасын  құрып,  иығын  қомдап,  іштей 
сыйынғандай, күбірлей көзін жұмып отырды да, Құрмаш 
күй тартуды бастап кеткен. Әуелі өзі үшін керек, белгі-
сіз  бір  әуенді  шекіп  қағып  отырды  да,  күй  өнерінің 
құдіретін  көрсетейін  дегендей,  бір  заманда  атағы  жер 
жарған, уақыт оза ел ішінде есімі ұмытылған ұлы өнер 

135
ҚАРАӨЗЕК
иелерінің шығарған дүниесі болып саналатын, бірақ осы 
күні  халыққа  тиесілі  деп  есептелетін  бұдан  мыңдаған 
жылдар  бұрын  да  тартылып  келген  «Шақыру»  күйінен 
бастаған.
...Есте  жоқ  ескі  заманда  ен  даланы  еркін  жайлап, 
есепсіз мал, ерен дәулеттің арқасында тіршілігін кешіп, 
қайғысыз, қамсыз жатқан бір ел болыпты. Күндердің бір 
күнінде ел басына қайғылы күн туады. Жерден шыққаны 
белгісіз,  көктен  түскені  белгісіз,  жуандығы  келідей, 
ұзындығы  желідей  ордалы  жылан  қаптап,  жер  жүзін 
басып кетіпті. Мал-жанға бөрідей тиіп, шетінен талғамай 
жұта береді екен. Атан түйенің өзін аяқ серпуге шамасын 
келтірмей,  алты  қанат  ақ  орданы  орап  алғанда  үйдің 
керегесі күтірлей сыныпты. Мұндай сұмдықты көрмеген 
қалың ел қойша дүрлігіп, тау-тасты кезіп,  бас сауғалай 
қашыпты. Жыланның нөпірі қоя ма, қуып жүріп жалмай 
беріпті.  Әсіресе  қос  мүйізді  айдаһар  адамзаттың  қу 
сүйегін қалдырам деп алабөтен өшігіпті.
Қарсы  шабар  қайрат  жоқ,  қашып  кетер  шама  жоқ, 
қасапқа  ілініп,  қарап  тұрып  қырылып  бара  жатқан 
адам  баласы  ес  кетті,  жан  шықты  дегенде  құдайға 
жалбарыныпты,  жалғыз  Тәңірім-ау,  құтқара  көр  мына 
пәледен деп. Адамзаттың зары Жаратқанның құлағына 
жеткен кезде көк аспанды қақ айырып жіптіктей жарық 
сәуле  түсіпті.  Сол  жарық  сәулемен  қос  өркешті  түйеге 
теріс мінген Нұртөлі деген бала түсіпті. (Нұртөлі – нұрдан 
жаралған  деген  сөз  екен).  Нұртөлінің  қолында  аққу 
мойын қара қобыз, түсе салысымен сан қилы сарынды 
аңыратып қоя беріпті. Сол кезде сыңсыған үн, сиқырлы 
әуенге  арбалған  ордалы  жылан  сілтідей  тынып,  сүттей 
ұйыпты.  Көктен  түскен  Нұртөлі  қобызын  сарнатып 
қара  теңізді  бетке  алып  жүріп  кеткенде  қос  мүйізді 
аждаһа бастап арбауға түскен жылан көші соңынан ере 
берген  екен  дейді.  Сол  бетімен  Нұртөлі  өзіңің  күйін 
үздіге тыңдап, қимай келе жатқан көп жыланмен бірге 
қара  теңіздің  тұңғиығына  кіріп  кетіпті.  Сүйтіп,  қалың 
ел  қырғыннан  аман  қалыпты.  Көктен  түскен  Нұртөлі 
сондағы  «Шақыру»  күйін  қара  теңіздің  астында  күні 
бүгінге шейін тартып отырса керек...

136
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Құрмаш  бұл  күйді  домбыраға  салыпты,  сонысын 
ыңырантып,  ырғалтып  тартып  шыққан.  Содан  соң 
Қорқыттан  бастап  Саймақтың  «Сары  өзеніне»,  Кет-
Бұғаның  «Ақсақ  құланына»  түскен.  Одан  қайыра 
«Айрауықтың ащы күйін» тартып, Абылайханның «Жетім 
торысын» шұрқыратты.
Бір уақытта қонжығы суға кетіп, жар жағалай жүгірген 
«Жорға  аюды»  зарлатып,  ет  пісірімде  Марқакөлді 
айналып  шығатын  «Балжыңгер»  тұлпардың  шабысын 
дауылдатқан. Домбыра сағағын бойлай жүгірген қолына 
қарамай,  күй  әуезіне  елтіген  Құрмаш  өзге  әлемге, 
басқа  дүниеге  кіріп  кеткендей  айналасындағының 
бәрін  ұмытқан.  Өзгеше  сезімнің  құшағында  отыр. 
Құлағы  бітіп  қалғандай.  Тек  домбыраның  қос  ішегінен 
күмбірлей  төгілген  мың  сан  бояулы,  құдіретті  сазбен 
бірге өңі де өзгеріп, құбылып отырған сияқты. Түрлене 
шағылысқан  тоқсан  тоғыз  ырғақ  бес  саусақ  билеген 
пернеден  емес,  әлдеқайдан,  әлдебір  тылсым  дүниеден 
шығып  жатқандай.  Адам  жанының  үйірімін  дірілдете 
толқытқан, алпыс екі тамырды солқылдата қыздырған, 
көз  емес,  көңіл  ғана  түсінер  әсерлі  үн,  өрнекті  дыбыс 
кең  шанақ,  ұзын  мойын  домбыраның  ішінде  тұнып 
тұрғандай.
Бір кезде Құрмаш келесі күйді бастамас бұрын оның 
сөзін  айтып,  тағы  бір  аңызды  әңгімелеп  кетті:  Ертеде 
несібесін түзден теріп жеп, құралайды көзге атқан бір 
мерген  болыпты.  Бір  күні  аң  іздеп,  сағым  шалған  сар 
далада  өкпесі  өшіп,  өзегі  талып  келе  жатса,  бетегелі 
белде  жайылып  жүрген  шұбар  киікті  көріпті.  Беткейді 
құлдап,  сайды  жалдап,  ық  жағынан  келіп,  баспалап 
қараса,  желіні  жер  сызған  ешкі  екен.  Киік  –    көздің 
құрты  емес  пе,  аңсырап  келе  жатқан  мерген  «сенде 
жазық, менде азық жоқ» деп сол жерде садағын кезене 
бергенде, селт етіп басын көтеріп алған түз тағысына тіл 
бітіп, былай депті: «Ей, сұрмерген, атпа мені! Егіз лағым 
бар менің әлі бауырын көтермеген. Сол қарақтарымды 
аңсап, жүрегім езіліп, желінім дертіп келеді. Мұрсат бер 
маған,  лағымды  бір  емізіп,  соңғы  рет  бауырыма  алып, 
мауқымды  басайын,  содан  соң  өзіңе  қайтып  келем» 

137
ҚАРАӨЗЕК
депті.  Сенер-сенбесін  білмеген  аңшы:  «Жіберейін,  тек 
қайтып келмесіңе кім кепіл?» депті. Сол сәт аспан шарт 
етіп, нажағай жарқ етіп,  «мен кепіл» деп жерге Мұхаммед 
пайғамбар  түсіпті.  Бұған  қайран  қалған  мерген  киікті 
босатып, күн қызарып батқанша түн салбырап түскенше 
пайғамбар екеуі күтіп отырыпты. Төзімі таусылған аңшы: 
«Сіз мені бұйырған ризығымнан қақтыңыз-ау, алдап кетті 
киік!»  деп  санын  соғыпты.  Сонда  пайғамбар:  «Он  сегіз 
мың ғаламда мені ешкім алдаған емес, сабыр ет, аңшым» 
дегенше болған жоқ дейді, таңы жарқылдап шұбар киік 
те  жетіпті  ентігіп.  Мұхаммед  сөзінің  хақтығына  көзі 
жеткен  аңшының  сол  кезде  киікке  аянышы  ояныпты 
дейді. «Шұбар киік» осылай дүниеге келіпті деп, Құрмаш 
тербете  бастап,  бес  саусағы  маймаңдап,  бұл  күйді  де 
беріле тартқан.
Бұдан  кейін  «Ел  айрылғанға»  басты.  Арнасында  ұлт 
трагедиясы  жатқан  бұл  күй  Орманбет  би  өлгенде,  он 
сан ноғай бүлгенде заманында шығарылған екен. Әлде 
ағайынның  қамшысының  жуандығынан,  әлде  өзінің 
битке  өкпе  артуынан,  белгісіз,  әйтеуір  сонау  қиғылық 
жылдарында ордадан бұзылып, ортадан ойылған, қоныс 
теуіп,  мекен  қуған  ноғайлының  көп  жұрты  қазақтан 
сөгіліп, Еділ асқан екен. Қоныс аударып барған жері аузы 
түкті кәпірдің ортасы болыпты. Бұл қауым бесік белгісі, 
төсек үлгісі жоқ, алса – бітім, берсе – итім дегенді ғана 
білетін  ел  екен.  Атасы  бір,  асы  ортақ  қазақ  ағасынан 
бөліне көшіп, жатқа тізгін беріп, жақынмен жағаласқан 
қалың  ноғайлы,  содан  болса  керек,  саудалауды  көріп 
ордасы  бұзылып,  кеуделеуді  көріп  ортасы  ойылып, 
шылпара  болып  ыдырапты.  Тоз-тозы  шығып  тентіреп 
кетіпті. Нәсіл қаны, ұлт мүддесінен бір ұлыстың намысын 
жоғары қойып, әнтек іске аяқ басқан қайран ел аузының 
жұрт иланар киесінен, көмейінің жау жасқанар дуасынан 
осылай айырылыпты дейді. Жау аранына осылай түсіпті 
дейді. «Ноғай – қазақ айырылған» деп те аталатын бұл 
тарихи күй естір құлаққа тосаң, жүдеу көңілге ауыр екен. 
Құрмаш  тереңнен  суырып,  бауырымдатып  боздатып 
әкеліп, ащы үнмен қалт тынған. Тынымсыз жүйткіген бес 
саусақ дамылдап қалғандай.

138
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Күй  терең  сырлы  еді.  Менмен  би,  шолақ  көсемнің 
кесірінен  адасқан  халық...  жылы  орыннан,  жайлы 
қоныстан түп көтеріле көшкен жұрт... Оппадан қашып, 
орға  түскен,  арманы  адыра  қалып,  азаттығы  саудаға 
түскен  он  сан  жұрттың  көрген  қорлық,  тапаған  езгіге 
шыдамай  ажалға  ұмтылуы...  Қайғылы  жыр,  қасіретті 
күй.
Хақназар түпсіз, тұңғиық ойға беріліп кетіпті.
–  Әй,  бауырым!  Тұр  ұйқыңнан.  –  Саңқ  ете  қалған 
Құрмаштың даусын естіген соң ғана есін жинаған.
– Болды ма... Тағы бірдеме тартшы, – деді Хақназар. 
Күй  таусылып  қалды  ма деп қоңылтақсып отырғандай.
– Бір шай ішіп алайықшы, таңдайым қаңсып кетті, – 
деді Құрмаш орнынан тұрып жатып.
Екеуі түннің бір уағына шейін отырған.
4.
–  Бір  емес,  үш  контейнері  бар,  бермегенде  қайда 
барады,  өзіне  де  пайдалы  емес  пе,  –  деді  Хақназар 
барахолкаға кіре бергенде.
– Енді, өзің сөйлесесің ғой, – деген Құрмаш.
Барахолка  сол  қалпы.  Тіпті  күннен-күнге  зорайып, 
жапсарлас базарлары сағат сайын көбейіп бара жатқан 
сияқты. Құжынаған халық. У да шу. Кең жолға сыймай, 
іркес-тіркес тоқтаған, біріне-бірі жол бермей, ажылдап, 
гүжілдеп  тұрған  мыңдаған  машина.  Құмырсқаның 
илеуі  –  мынаның  қасында  баланың  ойыны.  Көп.  Өте 
көп халық. Түр-тұлғасы әр түрлі, тілі, сөзі сан қилы көп 
жүрт.  Қой  көз,  жазық  маңдай,  бидай  өңді,  дөңгелек 
жүзді – қазақ, қырғыз. Істік мұрын, жирен шаш, көк көз, 
шабдар – орыс, қақол; қоңқақ мұрын, қара шаш, қапқаз 
тұқымдас  жүндестер  –    күрт,  түрік;  қара  көз,  қушық 
шеке,  ала  тақиялы  –  өзбек,  тәжік...  Әрқилы  сипаттағы 
неше түрлі ел. Бірақ, дені – қазақ. Мәшиненің тұрағын 
күзеткен  қазақ,  базар  сыпырған  қазақ,  жүк  тасыған 
қазақ, қайыр сұраған қазақ, тәшкі сүйреген қазақ... Тегіс 
–    ауылдан  келгендер.  Биік  астаудан  жем  жеп,  кекіріп 
отырған  ел  азаматтары  «урбанизация»  деп  қуанған,  ал 

139
ҚАРАӨЗЕК
өздері  малды  талапайға  салып,  ауылды  өлтіріп,  енді 
қалаға келіп ештеңеге жарымай, тентіреп жүрген қалың 
қазақ. Базар жағалап, көрінгеннің есігінде жүріп, жетпіс 
жеті  атасынан  сауда  жасап  келе  жатқан  жаман  сартты 
басып озған қазақ қой бұл: ана жерден бес сомға сабын 
алады,  оны  мына  жерде  алты  сомнан  сатады,  қандай 
керемет...  Өнерді  үйрен  де  жирен.  Меліш  саудадан 
жалықса, төбедей-төбедей ала қап тиелген темір тәшкіні 
сүйрейді.  Одан  қалса,  байлардың  желідегі  құлынша 
тізіліп  тұрған  шетелдік  мәшинелерінің  шаңын  сүртеді. 
Жатқан өнер емес пе. Қалай осы уаққа дейін бұл қазақ 
іші  пыспай  ауылда  жатқан.  Мый  жетпейді.  Енді,  міне, 
шүкір заманға, қала шығып, базар жағалап, ел көріп, жер 
көріп жүр... Әсіресе ана қара сирақ ұлдарды айтсаңшы, 
біреудің топлиін майлап, біреудін суын сатысып, біреуге 
шөлмек  жинасып,  тыным  таппайды.  Талапты  ерге  нұр 
жауар  деген  осы.  Осылар  ғой.  Ұлттың  үміті,  елдің 
ертеңі...
Бұлар – Құрмаш екеуі төңіректі түтіндетіп шашлығын 
күйдіріп, ыстық майға самсасын шыжылдатып, шелпегін 
пісіріп  жатқан  үлкен  базардың  кіреберіс  аузынан  өтіп, 
азан-қазан  дүниенің  ішіне  кіріп  кеткен.  Қаптаған  киім, 
самсаған дүние. Ақшаң болса, бәрі табылады.
Екі  жігіт  катар-қатар  үстелдер  мен  контейнерлерді 
жағалап отырып, сүт пісірім уақыттан кейін бір айналма 
бұрышқа  келіп  тоқтады.  Хақназар  былғары  киімдер 
ілініп тұрған биік контейнердің сатушысынан әлдекімді 
сұрады.
–  Қазір  келіп  қалады  дейді,  –  деді,  содан  соң 
Құрмашқа бұрылып. – Күте тұрайық.
Екеуі  уақыт  өткізейік  деп  киім-кешектің  бағасын 
сұрап,  қаз  қатар  тізілген  контейнерді  жағалап  біраз 
жүрді.  Аздан  соң  бұдан  да  жалығып,  елеусіздеу  бір 
бұрышқа келіп тұрған.
Бір  кезде  сапырылысып,  ары-бері  өтіп  жатқан 
жұрттың арасынан біреу суырылып шығып:
–  Жігіттер,  шемішке  алыңыздар,  жақсы  шемішке,  – 
деп өтіп бара жатыр еді, жалт қараған Хақназарға жүзі 
таныс көрінген.

140
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
–  Тоқтай  тұрыңыз,  бірер  стақанын  алайын,  –  деген 
содан соң.
Қайратты  шашы  тікірейген,  орта  бойлы,  қара  жігіт 
бала  сүйрейтін  коляскаға  дорба-дорбасымен  толтырып 
салып алған шемішкесін көсіп алып тұқшыңдап қағазға 
салып  жатқанда  бажайлап  қараған.  Иә.  Жүзі  таныс. 
Бір  жерде  көрген.  Бірақ  қайдан  көргенін  есіне  түсіре 
алмаған.
– Тұра тұршы, бауырым, мен сені бір жерде көрген 
сияқтымын,  –  деді  қара  жігіт  коляскасын  итеріп  жүре 
берген кезде.
Анау да аңтарылып барып, бұған тесіле қараған.
–  Сен  де  таныс  сияқтысың.  Жүзіңді  былай... 
шырамытып тұрмын.
– СХИ-да оқымап па едің? – деді Хақназар.
–  Жоқ,  –  деді  қара  жігіт.  –  Бір  жиын-тойда  бірге 
болған шығармыз мүмкін, – деді содан соң.
– Мүмкін, – деді Хақназар амалсыз.
Әлгі  жігіт  таяқтастам  жерге  барғанда  ғана  есіне 
түскен. Тағы да айғайлап тоқтатып, қасына келген.
– Атыңыз кім еді?
– Алдоңғар, – деді әлгі жігіт.
Сол. Тек жүдеңкіреп, қартайыңқырап қалған ба қалай. 
Сақал-мұрты  өсіңкіреп,  жағы  сорайып  тұр.  Қайратты 
шашы ғана бұрынғыдай екен.
– Сексен алтыда Калининский РОВД-ға түстіңіз ғой? 
– деді Хақназар енді күмәні қалмай.
–  Е,  бауырым,  өзіміз  екенсің  ғой,  –  деді  Алдоңғар 
жымиып. – Сенің де жүзің таныс, қайдан көрдім деймін, 
әкем-ау...
–  Міне,  кездесу,  –  деді  қуанып  кеткен  Хақназар,  – 
қаншама жылдан соң.
– Иә, жеті жыл болыпты, – деді Алдоңғар.  – Жүрші, 
былай тұрып әңгімелесейікші өзі.
Алдоңғар  –  бұдан  жеті  жыл  бұрын  алғаш  қамауға 
алынған Хақназармен бірге КПЗ-да отырған Алдоңғар, 
–  содан  бері  өз  басынан  өткен  қилы  оқиғаларды 
қысқаша бір-екі ауыз сөзбен қайырды да, есіне бірдеңе 
түскендей:

141
ҚАРАӨЗЕК
– Айтпақшы, жәй жүрсіңдер ғой мына жерде? – деп 
сұраған.
– Біреуді күтіп тұр едік.
– Е, онда ол келгенше жүріңдер, үйге кіріп, шәй ішіп, 
сол жерде әңгімелесерміз, – деді Алдоңғар.
– Ой, жоқ, рақмет, күткен кісіміз келіп қалып жүрсе 
қазір, – деді Хақназар.
– Ол келгенше қайтып ораласыңдар, көп болса, бір-
ақ сағат айналасыңдар.
– Үйіңіз қай жерде еді, жақында ма?
– Үй, міне, тиіп тұр. Өжетте.
Ақыры «жүр, жүрдің» астына алған Алдоңғар екеуін 
базардан алып шыққан. Таяу жерде – Өжет поселкесінде 
тұрады  екен.  Онысы  әжептәуір  алыс  болып  шықты. 
Шамамен  бір  шақырымдай.  Көнуін  көніп  қалғанымен, 
бармаймын  деп  бас  тарту  Хақназарға  енді  ыңғайсыз 
көрінген.  Артта  келе  жатқан  Құрмаш  «әй,  анау  келіп 
қалмасын,  ары-бері  сенделіп  жүреміз  дегенде»  деді 
көлденең  көк  аттының  соңынан  аяқасты  еріп  кеткен 
Хақназарға ерегескендей.
–  Бұл  сенделіс  емес,  бауырым,  –  деді  борпылдақ 
топырақты кешіп алда келе жатқан Алдоңғар оның сөзін 
естіп қалып. – Жай сенделіс емес. Бұл да – мен сияқты 
баяғыда декабрьское событиеге байланысты істі болған 
жігіт, оны шақырып, үйден дәм татырмасам, маған сын 
емес пе...
–  Жоға,  менікі  әшейін  іздеп  келген  адамымызды 
жоғалтып алмайық дегенім ғой, – деді Құрмаш.
Алдоңғардың  үйі  есігінің  алдында  алақандай  ғана 
жері  бар,  үш  бөлмелі  қоржын  там  екен.  Құба  төбел 
ғана.  Сырты  –  ұзынды-қысқалы  тақтаймен  шегеленген 
ағаш  қоршау.  Шемішке  толы  коляскасын  ауланың  бір 
бұрышына итере салып, үйдің сыртқы есігін ашып:
– Ал төрлетіңдер, – деді. –  Әй, бәйбіше, тұр, қонақ 
келді, шайыңды қой! – деді сосын даусын шығарып.
Төргі  үйден  алдымен  он-он  бір  жастағы  қыз  бала 
шығып,  бұлармен  сыпайы  амандасып  қастарынан 
өте  шықты.  Содан  кейін  екі-үш  жастағы  жалаңбұт  ұл 
көрінген. Ол шыға сала әкелеп Алдоңғарды бас салды. 

142
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Артынша  басына  орамал  тартқан,  жүдеу  жүзді  әйел 
көрінген.  «Есенсіздер  ме»  деді  ақырын  ғана.  Жігіттер 
жамырай амандасқан. «Біздің қатын осы» деді Алдоңғар 
бұларды  төргі  үйге  шығарып,  қалың  көрпенің  үстіне 
отырғызып жатқанда. «Өзі аурушаң бейшара, соңғы екі-
үш ай ғана өңі түзеліп, аяқтан тұрғаны осы». Содан соң 
Хақназардың жайын сұрауға көшкен. Оның әнгімесінен 
кейін  өзі  туралы  ұзақ  естеліктің  тиегін  ағытты.  Сол 
ұсталғанда  бұны  СИЗО-ға  емес,  үш  әріптің
*
  түрмесіне 
–  подвалға  жауыпты.  Қылмысы  өзгеше,  саяси  мотиві 
басқа-мыс деп. Тергеуді көп созбапты. Үш жылға кесіліп, 
Қарағандының  түбіндегі  зоналардың  бірінде  отырып 
келген  көрінеді.  Қайтып  келгеннен  кейін  еш  жерге 
жұмысқа алмай бір жыл жүріпті.
–  Тоқсан бірінші жылы ақталдым, – деді Алдоңғар 
буы  бұрқырап  шай  келгенде.  –  Ақталдық  әйтіп-
бүйтіп  әйтеуір.  СМУ-де  істеп  жүр  ем,  прорабпен 
сыйыспай  шығып  кеттім.  Одан,  жігіттердің  басын 
құрап, құрылыс бригадасын жасап, калымға шықтық. 
Жақсы  тауып  жүр  едік,  биыл  пока  заказ  шықпады, 
содан  әзірге  бос  жатқанша  деп,  базарда  шемішке 
сатып жүргенім ғой...
Үйдің  іші  жадау  екен.  Емен  ағаштың  сыртындағы 
оңа  бастаған  бояуынан  ғана  емес,  сыртқы  пішінінен 
де  ескілікті  дүние  екені  танылатын  көне  камод  пен 
томашадай  ғана  қытай  телевизорынан  басқа  іліп  алар 
жөнді ештеңе көрінбеді.
–  Алып  отырыңыздар,  шай  ішіңіздер,  –  деді 
Алдоңғардың  әйелі.  –  Айып  етпеңіздер,  –  деді  содан 
кейін, – бүгін азық алуға да мұрша болмай кетті... 
Дастарханда  жапырақталып  туралған  нан  мен  ұсақ 
қанттан  басқа  ештеңе  жоқ  еді,  әйелі  содан  қысылып 
отырса керек.
–  Несін  жасырам,  қазір  қиыншылық  заман  ғой, 
өзіміздің  жігітсіңдер...    –  деді  Алдоңғар  әйеліне  бір 
қарап алып. – Иә... несін жасырам, басқа тартсаң – аяққа,  
аяққа тартсаң – басқа жетпейді, табыс аз, жақсы жұмыс 
жоқ,  оның  үстіне  калым  да  шықпай  кетті...  Айтпақшы, 
*  Бұл жерде: КГБ.

143
ҚАРАӨЗЕК
түу, ұмытып кетіппін ғой,  сендерді списәлні шақырып 
тұрып... жүз грамм...
Мәселенің қайда алып бара жатқанын аңдап Хақназар 
мен Құрмаш:
– Жо-жоқ, – деді азар да безер болып.
– А-а.., – деді Алдоңғар, – ыңғайсыз болды ғой өзі...
– Жоқ керек емес, Әлеке, – деді Хақназар, – біз арақ 
ішуді қойғанбыз, татып алмаймыз қазір...
– Қайдан білейін енді... Бұл әншейін енді, Хақназар, 
сенімен  аяқасты  кездескен  соң  ғой.  Асықпай,  жағдай 
түзелгенде арнайы қонақ боласыңдар ғой...
–  Әлеке,  –  деген  Хақназар  біраздан  соң,  шай 
ішіп  болып,  сыртқа  шыққанда,  –  біздің  барахолкаға 
келген  жұмысымыз  –  мына  Құрмашқа  бір  контейнер 
алып  беру  еді.  Осында  бір  бизнесмен  жігіт  бар  еді, 
таныс, соның бос тұрған екі-үш контейнері бар, біреуін 
Құрмашқа алып беруге келіскем. Қаласаңыз, сіз де біреуін 
алыңыз,  арзан  тауар  тауып  беруге  де  көмектесейін, 
табысы жақсы. Құрмаш екеуіңіз бірге істейсіздер.
–  Е,  бұл  қызық  болды  ғой,  –  деді  Алдоңғар  мына 
ұсынысқа  не  айтарын  білмей  қозғалақтап.  –  Енді... 
пайдалы, тәуір жұмыс болса, одан кім қашад...
–  Міне,  дұрыс  болды,  –  деді  Хақназар.  –  Жүрейік 
онда, күткен адамымыз да келіп қалған шығар.
Үшеуі  борпылдақ  топырақты  кешіп,  қара  базарға 
қайта тартқан.
5.
Ішкені  алдында,  ішпегені  артында  болыпты.  Екі 
аяқты  пенденің.  Молшылық  азаймапты.  Тоқшылық 
кетпепті.  Нұх  ғалайһисалам  түскенше  тіршілік  еткен 
адамзат  қауымынан.  Ішкен  мас,  жеген  тоқ,  қой  үстіне 
бозторғай  жұмыртқалаған  заман  екен.  Бірақ  жұмысы 
жоқтық, тамағы тоқтық адам баласын аздырмай қойған 
ба. Бұл қауым да адасыпты. Құдайын танымапты. Пұтқа 
табыныпты.  Кісінің  бағы,  тіршіліктің  тынысы  соның 
әмірімен  болады  деп.  Пәле-жала  сонымен  аласталады 
деп.  Мұны  білген  Алла  Тағала  соқыр  нанымды  түзеп, 

144
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
адасқан  қауымды  жөнге  сал  деп  Нұхқа  уәһи  түсіріп, 
пайғамбар қылыпты.
Нұх  –  қиыннан  қиыстырар  шешен,  жүрегі  жұмсақ, 
ақкөңіл,  аңқылдақ  адам  екен.  Қара  қылды  қақ  жарған 
әділ,  жер  қозғалса,  қозғалмайтын  сабырлы  болыпты. 
Жер  бетіндегі  адамзат  қауымының  арасында  жүріп, 
бойдағы  қайрат,  сөздегі  қуатты  бір  Алланың  жолына 
бағыштапты. Аллаға иман келтіріңдер депті. Көңілін дерт 
жайлап, көзін шел басқан қауымда не иман болсын, Нұх 
ғалайһисаламның сөзін естігенде алдымен мынаның есі 
дұрыс па деп күмәнмен қарапты. Содан соң көзінен жас 
аққанша күліпті.   Мынау  жынды екен, сайқымазақ екен 
деп. Сенбепті. Алланың хақтығына, бірлігіне ғана емес. 
Нұхтың  пайғамбар  екеніне.  Алланың  жіберген  елшісі 
екеніне. Әй, мақұлық, депті азған ел. Әй, мақұлық, жер 
астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Қырық адам 
бір  жақ,  қыңыр  адам    бір  жақ.  Бізді  жөнге  салатын 
кімсің  өзі?!  Бір  елі  ауызға  екі  елі  қақпақ,  тек  жүрсең, 
тоқ жүресің. Есің барда елің тап, депті жағалай ақылды, 
шетінен шешен қалың топ. Бұлар кісі екен  демейді ғой 
деп еш түңілмеген Нұх олардың сөзін көңіліне де алмай, 
бұрынғыша  уағызын  айтып  жүре  беріпті.  Білгішпен 
айтысып,  шешенмен  сөз  жарыстырыпты.  Ақылдымен 
қаржысып,  ғұламаға  үлгі  айтыпты.  Алғашқыда  Алладан 
түскен  нұрды,  нұрдан  шыққан  лепесті  білдіреді. 
Содан  соң  өмірдің  мәнін,  дүниенің  сырын  ашады. 
Ағарып  атқан  таңның,  қызарып  батқан  күннің  мәнін 
айтады.  Салбырап  түскен  түннің,  қиылып  туған  айдың 
себебін  ұқтырады.  Күннің  шығуы,  өзен  судың  ағуы, 
жердің  айналуы,  желдің  соғуы...  Жүздеген  мысал, 
мыңдаған  дәлел  келтіріп,  Алла  Тағаланың    хақтығын 
танытып,  құдіретін  көрсетеді.  Сүйтіп,  Нұх  тіл  безеп, 
саусақ  кезеп  күлген  бауырынан  көңілі  еш  суымай, 
насихатын айтып жүре беріпті. Жұрттың оянуын күтіпті. 
Ай  өте  ме,  жыл  өте  ме,  күндердің  бір  күнінде, 
мәлім  уақыт  болғанда  оның  сөзіне  нанып,  нәбилігін 
танып, 
идіғатын 
қабыл 
қылған 
кісі 
баласы  
көбейе  түседі.  Бірақ,  адасқан  қауым,  алжасқан  елдің 
бәрі  түзеліп  кете  қоя  ма,  әсіресе  көңіл  көзін  нәпсісі 

145
ҚАРАӨЗЕК
бітеген  билік  басындағы  мәртебелі,  ақсүйек  төре, 
олардың  шашбауын  көтерген  қалған  қарашы  жұрт, 
мына  делқұлы  Алласын  дәріптеп,  уағызын  қоймады-
ау,  деп  күліп  бас  шайқапты.    Әй,  Нұх,  депті  арасынан 
суырылып  шыққан    біреуі.  Әй,  Нұх,  сенің  қай  жерің 
пайғамбар,  қай  жерің  нәби,  өзіміз  сияқты  екі  аяқты, 
жұмыр  басты  пендесің.  Аллаң  елші  жіберетін  болса, 
періштесін  түсірмей  ме,  сендей  сорлыны  мазақ  қылып 
не  қылады.  Өзің  қара,  сенің    уағызыңа  ойдан  қашқан, 
қырдан  қашқан,  кембағал,  кем-кетік  бейшара  ғана  бас 
шұлғып отыр. Солай емес пе. Жаманды білетін, жақсыны 
түсінетін,  ақылға  бай,  ойға  шүлен  біз  сияқтылар  сенің 
ертегіңе  сенбейді  депті.    Әй,  Нұх,  депті  содан  соң 
екіншісі  атып  шығып.  Әй,  Нұх,  ішер  ас,  киер  киімге 
жарымай  жүрген  елді  жинап  алып,  қай  жерім  артық 
деп отырсың. Артық болсаң, біз сияқты тұрмыс кешіп, 
сән-салтанатқа бөгіп отырмайсың ба, депті. Сонда Нұх 
айтыпты,  алақаныңмен    бұл  дүниенің    жарығы  –  күн 
сәулесін тоса аласың ба, Алланың нұры да сондай деп. 
Сосын,  Алланың  мәужіт  екені  рас,  иман  келтірмеймін 
десең, өздерің біл депті. Әй, Нұх, депті аналар тағы да. 
Жақсы,  біз  Аллаға  иман  келтірейік,  бірақ,  қасыңдағы 
тобырмен  табақтас,  құтанмен  аяқтас  бола    алмаймыз. 
Кеше ғана есігімізде жүрген құлмен үзеңгі  қағыстырып 
қатар жүре алмаймыз, бізге – жоғары, мәртебелі жұртқа 
жеке дін бер, депті. Дін біреу, идіғат ортақ, депті Нұх 
сонда. Нәсілге, ұлтқа, тайпаға бөлінетін, бай мен кедей, 
төре,  құл деп  ажырайтын  дін болған емес. Болмайды 
да.  Ендеше  сендердің  сөзің  –  нәпсінің  тілегі,  депті. 
Мүбада  талабыңды  қабыл  етіп,    қасымдағы  жұрттан  
безсем, Алланың хақтығы қайда қалады? Хаққа  шүбәсіз 
сеніп,  жүрегін  берген,  өзімді  ұғып,  сөзімді  қолдаған 
жұртты қалай тастап кетпекпін. Осындай сөздің бықсуы 
–  надандық  емес  пе,  депті.  Сонымен  пұтқа  табынған 
менмен қауым мен Нұх ғалайһисаламның арасы ашылып, 
әлгілер Нұхқа, шын  нәби болсаң, кереметіңді көрсетіп, 
бізді  жазала,  әйтпесе  өзіңді  жазаға  кесеміз  деп  шарт 
қойыпты. Сонда Нұх бұларға қарап тұрып-тұрып... күліп 
жіберіпті. Алдың жарық болсын деп ем, адасқан  қауым. 

146
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Аса  сөйлеп,  асылыққа    кеттіңдер,  депті.  Кіммін  мен, 
нәби  болсам  да,  адам  баласымын.  Сендерді  жазалау 
қолымнан  келе  ме,  мен  де  әшейін  қарызымды  өтеген, 
борышымды  ақтаған  екі  аяқты  жанмын.  Алла  бір  деп 
уәһи  келді,  мен  соны  жеткізуші  ғанамын.  Жазалау  я 
жарылқау – Алланың әміріндегі іс депті.
Пайғамбар  –  Алла  табарака  уа  тағаланың  жер 
бетіндегі, адамзат арасындағы елшісі екенін, оның  соңы 
Мұхаммед ғалайһисалам екенін осы күні  бесіктегі бала 
да білер. Бірақ біз сөз етіп отырған заманға  шейін Хақтан 
уәкіл  келіп  көрмеген  екен.  Нұх  солардың  алғашқысы 
болыпты.  Тоғыз  жүз  елу  жыл    жасаған  ғұмырында 
адамзат  баласына  діннің  мәнін,  дүниенің  сырын 
түсіндірем деп жүріп тапқан пайдасы –  күлкі мен таба, 
мазақ пен жала екен. Бірақ дос тұтқан пендесіне Алла 
сабыр да береді, Нұх мұның  бәрін елең қылмай, асқан 
төзімділік,  алабөтен  шыдамдылық  танытыпты.  Күтіпті. 
Ұзақ күтіпті. Ел-жұртым оянар деп. Хақтың жолын таныр 
деп. Бірақ... өзінің қасында жүрген ат төбеліндей топтан 
басқасы  бет-бетімен  кетіпті.  Сөзін  тыңдамақ  түгілі, 
өзін балағаттапты. Сонда үміті қиылып, тілеуі кесілген, 
бауыр тұтқан жұртынан зәбір көріп, әбден күдерін үзген 
Нұх бір күні Аллаға жүгініпті. Амалсыз жүгініпті. Сөзге 
тоқтамаған, дінге көнбеген жұртқа қандай мәһле жасау 
керек деп басалқы сұрапты. Сол кезде Ха Тағаладан уәһи 
келіпті, дін ұстаған құт табар, жын қыстаған жұт табар, 
біреу үшін уайым жеме деп. 
Тағы  бірде адасқан жұрт енді дін ұстаған азғана елді 
азғырып,  оларды  Нұхқа  қарсы  қоя  бастағанда  екінші 
мәрте уәһи келіпті, Нұх, жер жүзіне топан су жіберем, 
кеме жаса өзіңнің үмбетіңе, деген. 
Содан пайғамбар жолдастарымен бірге, шеге, тақтай 
алып, кеме тұрғызуға кірісіпті. Мұны көрген баяғы жұрт 
айтыпты,  әй,  Нұх  уағыз  айтып,  ел  ақтаудан  басқаны 
білмеуші ең, енді ағашшы  болып шыға келіпсің, мұнда 
дария су мен теңіз жоқ, кемені атаңның басына жасап  
жатырсың  ба  деп.  Пайғамбар  бұлардың  сөзін  елең 
қылмай,  кемесін  жасай  беріпті.  Кесімді  күні  Алладан 
уәһи түсіпті, сабаға құйған қара су бұрқылдап тасыған 

147
ҚАРАӨЗЕК
кезде үмбетіңді ертіп,  әр жануардан бір жұп алып кемеге 
шық,  деген.  Жаратқанның  бұл  айтқанын  істегенше 
болған  жоқ  дейді,  жердегі  тұмадан  бұрқылдай  атқып 
көктегі  бұлттан  шелектей  төгіліп,  жер-дүниені  топан 
су  басып  кетіпті.  Гүрілдеп  аққан  алапат  су  көтеріліп, 
жал-жал  толқын  асқар  шың,  сеңгір  таудың  өзін  жаңқа 
құрлы көрмей қақпақыл ойнатыпты. Нұхтың кемесіндегі 
халықтан басқа адамзат қауымы қанша жанталасқанымен 
түгел  су  астына  кетіпті.  Су  сабалай  малтып  кетіп  бара 
жатқан сондай кісінің арасынан Нұх кенет өз ұлын көріп 
қалыпты.  Кенен  деген  осы  баласы  азған  елдің  тіліне 
еріп, әкеге қарсы шығып, адасып жүрген пенде еді. Бала 
–  бауыр  еті,  Нұх  шыдай  алмай  кетіп,  айғай  салыпты, 
ей, Кенен, балам, суға кетесің ғой, қарағым, иманыңды 
тап  та,  кел,  мін  мына  кемеге  деп.  Менмендіктің  шелі 
көзін жапса, не шара, өзім-ақ шығам, шаруаң болмасын 
депті сонда ұлы. Бірақ, қоя ма, гүрілдей көтерілген жал 
толқын Кененді басып қалып, жоқ қылып жіберген екен 
дейді. Көз алдында ұлынан айырылған Нұх Жаратқанға 
жалыныпты,  ия,  Раббым,  бала  –  бауыр  етім,  жаман  да 
болса,  жалғасым,  өзің  құтқара  гөр  деп.  Досым  Нұх, 
депті сол кезде сөзін естіген Алла, рас, ұлың – бөтенің 
емес,  бірақ  ол  өзіңе  қарсы  шығып,  өзегіңнен  тепкен, 
дінді  қорлап,  ойына  келгенін  істеген  мүртед  қой,  мен 
уәзипаңа  нанып,  уағызыңа  үн  қосқан  үмбетіңді  ғана 
құтқарам  дегем.  Ол  –  сенің  қаның  болғанмен,  жаны 
басқа,  пиғылы  бөтен  кісі.  Оған    бола  қайғырма,  сенің 
борышың  биік,  депті.  Аяушылық  сезіміне  шырмалған 
Нұх пайғамбар мойнында мәңгіліктің ісі тұрғанын сонда 
ғана есіне түсіріп, Иесіне тәубе айтыпты.
Жер  жүзін  басып,  дінсіздерді  біржола  аластаған 
топан  су  тез  құрғап,  Нұхтың  кемесі  Қазығұрт  тауының 
басында  қайраңдап  қалыпты  дейді  аңыз.  Сүйтіп,  оның 
кемесінен  тараған  адам  баласы  осы  күнге  шейін  өмір 
сүріп келе жатқан көрінеді. Жұрт Иесін тапты, бір-біріне 
қайырымды, енді топан су баспайды деседі... Бірақ... кім 
біледі, адамзат ғұмыры бүгінмен өлшенбейді ғой.
Хақназар осылай деп ойлайтын.

148
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
7.
Алматыға түске таяу кірген. Қорғастан шыққалы жер 
апшысын қуырған шетелдік машина қалаға төрт сағатта 
жетті.
Үрімшіден келе жатқан беті еді.
«Жоғарыдағы үлкен кісілер тапсырып отыр, жұмысты 
бүге-шігесіне  шейін  анықтап  кел,  барлық  вариантты 
ойластыр,  гонорарың  жаман  болмайды»  деп  еді  Ернар 
осы  жолы  Қытайға  жүрерінде.  Бүге-шігесіне  шейін 
анықталды.  Ақшалары  дайын.  Құжат  түзу.  Оған 
Хақназармен  бірге  барған  кісінің  де  көзі  жеткен. 
Комитеттің  адамы  ма,  барлаудың  адамы  ма,  әйтеуір 
бес  күн    болған  кісінің  жай  киіммен  жүрсе  де,  жүріс-
тұрысынан,  сөз  ыңғайынан  әскери  қызметкер  екені, 
темір  тәртіптің  адамы  екені  аңдалған.  Қалай  болса  да, 
міндет  атқарылып,  тапсырма  толығымен  орындалған. 
Енді  Қорғастағы  кеденмен  мәмілеге  келу  ғана  қалып 
еді.  Ол  Ернардың  өзінің  мойнында.  Тек  металл  дайын 
болсын...    Жол  бойы  шаршап  отырса  да,  ұйықтай 
алмаған.  Кірпік  қақпай  жолға  қарады  да  отырды.  Не 
ойлағаны есінде жоқ. Тек басы зеңгіп, көкірегі ауырлай 
бергеніне  қарағанда  жібі  түзу  ой  болмаса  керек.  Одан 
кейін... жалғыз екені есіне түскен. Қаладағы жалғыздығы 
емес. Атадан жалғыз екені. Ойлап отырса, туыс дейтін 
кімі  бар,  шешесінен  басқа.  Мұның  жолына  мың  қарап, 
тілеуін  тілеп  отырған  жалғыз  сол  кісіден  басқа.  Шеше 
де  жалғыз,  бұл  жалғыз.  Құйрық-жалсыз  жалғыз  туған. 
Бірақ  түпкі  мұң  мұнда  да  емес.  Атадан  алтау  тусаң  да, 
бір жалғыздық деуші ме еді. Сол рас. Рас сөз. Әйтпесе 
миллион  халық  тұратын  қалада  адам  жалғызсырай  ма 
екен. Қасында шешесі тұрса да, осы сезімді кешер еді. 
Иә. Қырқада қырық ағаң тұрса да, сен біреусің. Жаның 
бөлек. Саған ғана берілген аманат. Содан соң, әлбетте, 
жалғызсың.  Жалғызсырайсың.  Кенет  Хақназарға  мына 
бүтін  дүние  көшіп  кетіп,  сыбдыр  еткен  дыбысы  жоқ, 
меңіреу,  қараңқы,  иен  аспанда  жалғыз  қалғандай 
сезінді  өзін.  Іші  қуыс  жан  дүниесі  ұлып  қоя  берген. 
Даңғырлақ  темір  бөшке  сияқты.  Содан  кейін  біреумен 

149
ҚАРАӨЗЕК
әңгімелескісі  келді.  Кіммен  сырласады?  Әр  сөзіңе, 
әр  қимылыңа  күдікпен  қарап,  әңгімесі  жұғыспай  келе 
жатқан мына комитетчикпен бе. Мұнымен иін тірестіріп 
қатар  отырғанша,  тіленшімен  табақтас  болған  артық. 
Құрмаш... ие, Құрмаш бар ғой. Ыстық, қою, сүтті шайды 
ұрттап  қойып,  тек  соған  ғана  шер  тарқата  алар.  Үйге 
тезірек жеткісі келген.
Дүниеден  баз  кешпеген.  Бірақ  өзін  көпті  көрген, 
ұзақ жасаған жандай сезініп еді. Байырқалап, байыптап 
қараса, мына тіршілік мәнсіз екен. Бәрі алдамшы, бәрі 
бекер.  Осы  жүрісі  де.  Байлауы  жоқ  дүниенің  дәулетін 
жинаймын деген мына жүрісі де. Сүлк-сүлк етіп, жінігіп 
не  қуып  жүр.  Дүниеге  келген  соң  тіршілік  жасауың 
керек,  соны  қуып  жүрсің,  деді  бір  үн.  Ол  да  рас,  деді 
бұл. Бірақ көп жүрістен не қайыр, мол олжадан не пайда 
–  жанға тыныштық жоқ. Уілдеп жанталасқан, кеудеге 
сыймай  жалғызсыраған  мына  қу  жанда.  Баянсыз  бақ, 
жалған қуаныш ем бола ала ма бұл шіркінге. Білмейді. Не 
айта алмақ. Дүниеге шыр етіп келген пенденің о дүниеге 
өкініп,  күйініп  кетіп  бара  жатқанында  да  мына  өтірік 
өмір, алдамшы жарықтың сырын түсіне алуы неғайбыл. 
Түсінген  жан  бар  ма  екен.  Қу  жанға  тыныштық  тапқан 
кісі бар ма екен.
Қарап тұрса, айдауда жүргенінде де жалғызсырамаған 
екен. Есейгені ме, ендігісі не сұмдық. Өз елінде, еркін 
өмірде жүр. Жағдайы оңалып келеді. Түзелуге тиіс. Тек... 
бармақтай бақ берсін. Таудай талаптың заманы емес қой. 
Иә, бақ берсін. Бақ... Бақ дегеннің өзі не сол? Байлық 
па,  ақша  ма,  мәнсап  па,  атақ-абырой  ма?..  Айта  алмас 
еді. Үйткені бәрі бос әурешілік көрінген. Бақ – баянсыз, 
өмір – тиянақсыз. Төрт құбыласы түгел төре болсаң да, 
дүниеден көшеріңде көкейде түйіртпек кетпек. Жан иесі 
оны түсіне алар ма. Белгісіз. Бұл түсіне алмады. Түсінуге 
де қиын ғой. Бұйрықты күн қашан келер екен, деп ойлаған 
соңында. Бұйрықты күн: көзің жұмылады, жаның тыныш 
табады. Мәңгіге. Сонда барып уһ дейсің. Уһ. Қызық. Аз 
сүрсең де, көп жасасаң да, мына өмір шоп-шолақ екен-
ау. Қамшы сабындай деуші еді атасы. Қамшы сабындай. 
Мұның  ойынша,  ғұмыр  –  экранда  жарқ  етіп  көрінген 

150
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
бір-ақ  кадр.  Бір  ғана  сәт.  Сол  үшін  жанталасамыз.  Бір 
минуттік сәт екі минутқа жетсін деп. Түрлі-түсті, әдемі 
кадр  болсын  деп.  Ол  ертең  сөніп  қалады  ғой:  онда 
шаруамыз жоқ. Тек түрлі-түсті болсын... «И-и-ә. Ғаламат 
құпия  ғой  мына  жаратылыс.  Адамның  шақшадай  басы 
оған бойлай ала ма. Қайда-а оны шешу, осы уаққа шейін 
ұқпай  келе  жатса.  Тек  Алланың  еншісіндегі  құпия  ғой 
бұл» деп ойлаған. Еңсесі езіліп, көкірегі ауыр тартып бара 
жатқан соң мәшиненің әйнегін ашты. Күздің қара суығы 
ішке гуілдей лап қойған. Таза ауа. Лықылдап тұрған бас 
түзеліп, тыныс кеңіп сала бергендей көрінді.
Алматыға  түске  таяу  кірген.  Күз.  Күз  емес,  қыстың 
басы, ноябрьдің бел ортасы еді. Содан болар, қылаулап 
қар  жауа  бастапты.  Алғашқы  белгі.  Ертеңгі  аяздың 
белгісі.
–  Бүгін  ақша  ауысатын  күн  ғой,  –  деді  қасындағы 
серігі.
Хақназар жауап беруге ерінген. «А-а» деді де қойды.
Бірден  офиске  келген.  Офис  бұл  кезде  орталыққа 
көшіп,  алып  ғимаратқа  кірген  еді.  Іші-сырты  да 
түзеліп,  еуропалық  кеңсенің  кейпіне  енген.  Фирманың 
жағдайының жаман емес екенін айғақтап тұрғандай.
Мұндағы  жұрт  ары-бері  жүгіріп,  әбігер  болып 
жатыр  екен.  Хақназар  Ернардың  кабинетіне  кіргенде 
ғана  барып  ұққан.  Ресейдің  сабан  ақшасын  қазақтың 
теңгесіне айырбастап, ел соған жүгіріп жатқан көрінеді.
Басты нәрсеге салмақ салып, тапсырманың оң шешім 
тапқанын  қысқаша  баяндап  шыққан.  Көңіл  күйі  де 
көтеріңкі екен, Ернар ризашылықпен бас изеп:
– Дұрыс болыпты... – деді.
Содан  кейін  сейфтен  бір  бума  ақша  алып,  мұның 
алдына тастаған:
– Міне, Қазақстанның ақшасы! Осы еңбегіңе теңгемен 
төлейін.
Абылайханның  суреті  басылған,  шықырлаған,  судай 
жаңа  ақшаны  қолына  ұстаған  Хақназар  қайта-қайта 
аударыстырып қарай берген. Содан соң:
– Нағыз мемлекет болыппыз-ау! Ақшамыз шығыпты, 
не  арман  бар  енді  бізде!  –  деген.  Бойына  әлдеқайдан 

151
ҚАРАӨЗЕК
күш  құйылғандай  сезілген.  Көңілі  сенбей  бір  данасын 
суырып алып, ұзақ үңілді.
–  Керемет  екен  мынау,  Ернар!  Бұдан  соң  жаттың 
аузына құм құйылады. Тамаша жасапты, қайырлы, құтты 
болсын теңгеміз! – деді.
Арқалығы биік, зор, қара былғары креслоға көміліп 
отырған Ернар:
– Әй, бұл да инфляцияға түсіп, құнын жоғалтар әлі, 
–  деді  самарқау.  –  Долларға  не  жетсін  шіркін!  –  деді 
біраздан соң.
– Жоқ, өз ақшамыздың орны бөлек емес пе, елдігімізді 
көрсетіп тұр ғой, – деді Хақназар.
– Жә, жарайды... – деді Ернар есінеп, – Осы ақшаңды 
алып  демала  бер.  Қалған  еңбегіңді  кейін  аларсың. 
Боссың...
«Өй, ит... арам асқа тойып семірген ит» деді Хақназар 
үйге  бет  алып  келе  жатқанында.  «Қой,  бауырым»  деді 
содан кейін өзіне өзі. «Бұнымен байланысты үзу керек, 
бір күн болмаса, бір күн басына күн туса, аяқ-қолымды 
байлап берер. Қою керек мына жүрісті. Есеп айырысып, 
ақшамды алайын, содан кейін мұны желкемнің шұңқыры 
көрсін...»
Құрмаш үйде жоқ екен. Базарда жүрген болар, келіп 
қалар деп, асықпай ваннаға түсті. Содан соң газға шай 
қойып,  теледидарды  қосқан.  Ыстық    шайдан  екі  кесе 
ішіп,  қаласа,  жас  баланың  санасын  улап,  ел  ішінде 
жаңа ғұрып, жаңа салт кіргізе алатын керемет құдіреті 
бар  түрлі-түсті  жәшікте  Ресей  арнасынан  беріліп 
жатқан  шетелдік  мелодрамадан  басқа  түк  жоқ  екен. 
Актерлердің сөзімен аудармашының сөзі қосамжарлана 
шығып,  жүйкесіне  тие  берген  соң  ақыры  теледидарды 
да  өшіріп  тастады.  Сағатқа  қараған.  Алтыдан  енді 
кетіпті.  Құрмаштың  келіп  қалатын  уағы  болды.  Кешігіп 
жатыр. Жол бойы ұйқтамағаны есіне түсіп, шаршағаным 
басылар, сәл мызғып алайын деп төсекке қисайып еді, 
ұйқы келмеді. Қайта тұрып, далаға шығып, бұрылыстағы 
киоскіден  қобыратып  бес-алты  газет  сатып  әкелді. 
Оларды  қарап  жатып,  көзі  ілініп  кетіпті.  Бір  уақытта 
шылдыр еткен телефон дауысынан оянған. Қас қарайып 

152
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
кетіпті. Үй іші қаракөлеңке. Тұтқаны алған. Арғы жақта 
үн жоқ. Тек баяу ғана дірілдеген әлсіз дыбыс келіп тұрған 
сияқты.  Тамағы  құрғап  кетіпті.  Зорға  дегенде  «әлеу..» 
деген. Сонда ғана таныс үн келді. Таныс. Сүйкімді, нәзік. 
Көптен  естімеген  үні.  Сол  үн,  сол  нәзік  дауыс.  «Сен...» 
«Мен...» Бұл не айтарын білмеген. Сымның ар жағында 
тұрған қыз да, не айтарын білмесе керек, қайтадан үнсіз 
қалған. Бірақ жақын тұрғандай көрінген. Бұған – жігітке 
дәл қасында тұрғандай көрінген. Демі құлақ шарпиды. 
Дыбыссыз  тынысына  шейін  естіліп  тұрғандай.  «Қашан 
келдің...»  деді  нәзік  дауыс.  «Бүгін...»  Үнсіздік.  «Өзіңнің 
жағдайың қалай...» деді жігіт. «Жаман...» «Неге жаман?..» 
Қыз сәлден соң тіл қатқан: «Сен жоқсың қасымда...» «Сен 
жоқсың  қасымда...»  Мысқылдап  тұрғандай  көрінген 
жігітке. Тұтқаны тастай салғысы келген. Тастай алмады. 
Өзінің  бойынан  бөлек  тұрған  бір  белгісіз  күш  ұстап 
тұрғандай.  Еркінен  тыс.  «Кешірші...»  деген  қыз.  Жігіт 
түсінді. Бірақ аузына сөз түспеген. «Хақан...» деген қыз 
тағы  да.  Хақан.  Қандай  сүйкімді,  қандай  әдемі  үн  еді. 
Жүрегіне жақын. Жақын әрі алыс. Қазір алыс. Алыстан 
талып жеткен. «Мен кетіп барам...» «Қайда...» деді елең 
еткен жігіт. «Өзім туған қалаға. Алматы опа бермеді...» 
Жігіттің жүрегі шым ете қалған. «Мен сені сүйіп ем...» – 
деді нәзік үн. – «...Бірақ ...сен кешпедің... кешірмедің... 
Әлі де сүйем... Ұмыта алмаспын». Бұның айқай салғысы 
келген.  Мүмкін  айғай  салған.  Жоқ,  айғайлай  алмапты. 
Тек жүрек тұсының сыздап қоя бергенін сезген. «Тағдыр 
қоспады, қайтейін...» –  деді қыз тағы да. «...Қайтейін, 
тағдыр  қоспады...  Мен  кінәламаймын...  сен  де  мені 
кінәламашы...»  сонда  ғана  түсінген.  «Тоқта!..»  Тоқта, 
деген. Қайдасың? Қай жерде тұрсың?! Қазір кездесейік 
Осы қазір. Арыла сөйлесейік. Ұғынысармыз... Сенікі не 
сөз, басқа қалаға кетемің не... Қой оныңды. Жолығайық 
қазір!  Тұтқаның  арғы  бетінде  мүлгіген  тыныштық 
орнаған. Қас-қағым сәттік тыныштық. Жігітке ғасырдан 
ұзақ  көрінген.  Қыздың  көңілі  босап,  жылап  тұрғанын 
жан  дүниесімен  сезінген.  Өзінің  де  жан  түкпірінен 
мазасыз  дауыл  көтерілген.  «Алоу...»  Үнсіздік.  «Алоу...» 
Қыз  қайта  дыбыс  бермеген.  «Самал!  Неге  үңдемейсің, 

153
ҚАРАӨЗЕК
Самал?!» деді бір уақытта жігіт. Дың... дың... дың... Не 
істерін  білмей  аңырып  қалған.  Қыз  телефон  тұтқасын  
қоя салыпты.  
«Не болып кетті өзі?!» деген бір кезде жарқ  еткізіп 
бөлменің  жарығын  қосқан  соң.  Өңі  ме,  түсі  ме.  Өңі 
сияқты.  Бейуақта  ұйықтағандікі  ме,    басы  мең-зең. 
«Қайдан  звондады  екен?  Қай  жердан  тапсам  екен  деп 
ойлаған.  Содан  соң  есіне  түсіп,  асығыс  Самал  тұрып 
жатқан үйге телефон соқты. «Гу-ук, гу-ук». Тұтқаны ешкім 
көтермеген.  Мәңгіріп  біраз  отырды.  «Құрмаш  келсін, 
сонымен ақылдасармын» деп шешті содан соң. 
Бірақ сол күні Құрмаш келген жоқ.
8.
Ертеңгісін бастығырылып оянған. 
Таң баяғыда атып кетіпті. Үй іші жап-жарық. Азанғы 
тамағын  асығыс  ішіп,  Самалдың  үйіне  тағы  телефон 
соққан. Жауап жоқ. «Мүмкін сабағында шығар». Көйлек-
шалбарын  үтіктеп,  үсті-басын  жөндеп,  айна  алдында 
біраз  тұрды  да,  орталық  стадион  жаққа,  шет  тілдер 
иститутының оқу корпусына тартты.
Үзіліс болса керек, есік алдында қыздар қаптап тұр. 
Бірен-саран жігіт болмаса, бұл институт студенттерінің 
дені – қыздар еді. «Екінші ЖенПИ». Сықылықтай күлісіп, 
гу-гу  әңгімеге  кіріскен  қыздардың  бір  шетіне  келіп 
тұрды. Мына жігіт неғып жүр екен дегендей бірнешеуі 
бұған көз қиығын тастаған. 
Әрең  тапқан.  Самалды  емес.  Группалас  қыздарын. 
Жоқ, деді. Самал сабаққа келген жоқ, деді. Кеше? Жоқ, 
кеше де келген жоқ. Оқудан шығып кеткен жоқпа дейсіз 
бе? Жоқ, неге, оқып жүр. Рас, сабақтан көп қалады, бірақ 
оқуын тастаған жоқ әлі. Мүмкін ертең келіп қалар... Ал 
сіз кімі боласыз, деген сосын қыздар, бұған сүзіле қарап. 
Жай...  танысы  едім.  Жай  танысы  бұлай...  таң  атпастан 
іздемес болар...
Сыртта  тұрып  темекі  тұтатқан.  «Қайдан  табам 
енді...  Егер  шынында  оқуын  тастап,  кетіп  қалса...»  Сол 
кезде  көрші  корпуста  Айгүлдің  оқитыны  есіне    түсті. 

154
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
Француз  тілінің  болашақ  мамандары  сабағын  басқа 
оқу  корпусында  оқушы  еді.  Салып  ұрып  онда  барды. 
Айгүл де жоқ екен. Тойға кеткен кеше, деді бірге оқитын 
қыздары. Қайда... Кіммен... Онысын білмедік.
«Түсінікті  болды»  деп  ойлады  шығып  келе  жатып, 
«Құрмаш  та үйге  келген жоқ, демек екеуі бірге кеткен 
тойға».  Еңді  қайда  барарын  білмей  көшенің  ортасында 
аңырып  біраз  тұрды.  «Мүмкін...  Құрмаш  тойдан  келіп, 
қазір  барахолкада  –  жұмысыңда    тұрған  шығар»  деген 
бір ой келді. 
Такси  ұстап,  қара  базарға  жеткен.  Шу-шу  еткен 
жұрттың  арасымен,  анда  бір  соғылып,  мында  бір 
соғылып,  Құрмаштың  контейнеріне  ұшып  жетсе,  жуан 
қара құлып тұр.
– Амансыз ба, қайным. Құрмаш кеше тойға барам деп 
кеткен,  бүгін  келмеді  ғой,  –  деді  көрші    контейнерде 
сауда жасап тұрған Алдоңғардың әйелі.
– Саламатсыз ба, жеңгей, – деп амандасты Хақназар. 
– Алдоңғар қайда? –  деді содан соң.
–  Мына  «Заря  Востоктағы»  біреудің  пешін  салып 
берем деп кеткен бүгін.
– Ә-ә... – деді Хақназар. – Ол да келмейді ғой ендеше 
бұл жаққа.
– Келмейтін шығар, – деді әйел. Хақназар сандалып 
бекер келген екем деп, енді кетуге ыңғайлана бергенде:
–  Айтпақшы,  жақсы  келдің  ғой,  Хақназар,  тауар 
тасуға  көмектесіп  жібересің  бе,  айналайын?  –  деді 
Алдоңғардың әйелі.
– Тауарыңыз қай жерде еді? – деді Хақназар еріксіз 
бұрылып.
– Анау тұрған жерде.
Анау, тұрған жері – базардың арт жағында, бес жүз 
метрдей  жерде  тұрған  үлкен  қоймалар  екен.  Қытай 
коммерсанттары  тауар  қою  үшін  жалға  алған  көрінеді. 
Алдоңғар мен Құрмаш базарға шығарып сату үшін түрлі 
дүние-мүлікті осылардан сатып алып жүр екен. 
– Арзанға аласыздар ма бұл жерден? – деп Хақназар 
жолда келе жатып. 
– Жоға, құдай, қайдан арзан болсын, әйтеуір  оптым 

155
ҚАРАӨЗЕК
деген  аты  бар,  содан  кейін  аламыз,  үстіне  біраз  тиын-
тебен қосып сатамыз да сол баяғы, –деді әйел.
– Ақша көп кете ме сатып алуға? 
– Біраз кетеді енді... Бірақ, бір жаманы, тауар өтпей 
қалып, ақшамыз босқа кетеді кейде... Күнұзақ сол, тауар 
өтсе екен деп отырамыз. 
– Қытайлармен келісіп, паспортыңды, немесе залогқа  
бір дүниеңді қалдырып, былай алуға болмай ма тауарды? 
Сонда өткенінше сатып, өтпегенін қайтып әкеп бересің 
ғой, мысалы...
–    Е,  оған  көне  ме  қу  қытай...  Бұлар  да  әбден  тіс 
қақты, әккі боп алған ғой. Біз сияқты алыпсатардан аяқ 
алып жүргісіз, сосын шіренбегенде қайтеді... Ой, бұлар 
наглый боп алды ғой, – деді әйел басын шайқап. 
– Солай ма? 
– Ие. Озбыр болғанда, жаман. Қазір көресің өзің.
Зор, ұзын қойманың биік дарбазасы ашық тұр екен. 
Үстіндегі  жүгі  көк  брезентпен  жабылған,  соңында 
тіркемесі бар екі үлкен КамАЗ тұр. Кіріп-шығып жатқан 
адам көрінбейді. 
Бұлар  түпкі  жағы  алакөлеңкелеу  болып  тұрған 
қойманың ішіне кірген. Бірінің үстіне бірі үйілген алып 
қанар,  ала  қаптар.  Кейбіреуінің  ашық  тұрған    аузынан 
ойыншықтар  мен  үй  шаруасына  арналған  уақ-түйек 
заттар көрініп тұр.
–  Бұлар  қайда  кетіп  қалған,  бәтір-ау?  –  деді 
Алдоңғардың әйелі жан-жағына қарап.
Осы кезде КамАЗ-дың ар жағынан шыға келген  жеті-
сегіз адам бұларды көріп, бері қарай жүрді. Көбі қытай 
сияқты,  әлденені  айтып,  шүлдірлесіп  келеді.  Бұлар 
да  оларға  жарыққа  қарай  жүрген.  Сол  кезде  қолын 
безеп  бірдемесін айтып келе жатқан көзілдірікті қытай 
Хақназарды көріп қалды да, ентелеп  қасына жетіп кедді. 
Бір сәт тесіле қарап тұрды да серіктеріне мойнын бұрып 
бірдеңе деді. Бұл кезде аналар да таяп қалған.
– Сізді былтыр көргем, танып отырмын дейді, –  деді 
орыс тілінде, әлде қазақ, әлде ұйғыр екені белгісіз, топ 
ішіндегі қара торы жігіт. Аудармашы болса керек.
– Кімді? Мені ме? – деді Хақназар таңғалып.

156
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
– Иә, сізді, – деді аудармашы. Хақназар қасындағы 
қытайға  қараған.  Көзі  сығырайған,  орта  бойлы,  тайқы 
маңдай  қара  қытай.  Есіне  түсіріп  көруге  тырысқан. 
Мүмкін Үрімшіде...
–  Жоқ, – деді содан кейін. – Бұл кісіні мен көрген 
емеспін.
Қасында тұрған қытай аудармашының сөзіне  құлақ 
салып, үндемей тұрған, бір уақытта шаңқылдап кеткен. 
Өршелене сөйлеп, Хақназарды нұқып-нұқып жіберді. 
– Сіз бұл кісіні тонап кетіпсіз ғой? – деді аудармашы.
– Мен тонаппын ба?!
– Иә, сіз. Жиырма мың долларын ауыстырып берем 
деп,  қолына  муляж  тығып  кетіпсіз.  Былтыр,  осындай 
уақытта.
Хақназардың жүрегі су ете қалған.
– Енді есіңізге түсті ме? 
– Жоқ...
Бурадай  шабынған  әлгі  қытай  бір  кезде  мұның 
жағасынан  ұстап,  сілкілей  бастасын.  Аузынан  түкірігі 
шашырап, тынбай сөйлеген. 
Хақназар  жиіркеніп  кетті.  Таскенеше  жабысқан 
пәленің шеңгелін әрең ажыратып, итеріп келіп жіберді. 
Сүйткенше болған жоқ, әлгілер алды-артынан қаумалап, 
ұстай алған. Бұлқынып ұмтыла бергені сол еді, жаңағы 
қытай жарқ еткізіп бірдеңені суырып алып, бұған қарай 
сілтеп  қалды.  Оң  бүйірі  дыз  ете  қалған.  Келер  сәтте 
шып-шып етіп қан көрінді. 
–  Ойбай,  өлтірді!!  -  Алдоңғардың  әйелі  шар  ете 
қалды.
Пышақтап тастайды деп ойламаған болу керек, сасып 
қалған топ бұны жібере салып, әлгі қытайдың қолына, 
шаужайына жабыса кетті. 
Хақназар бүйірін басып, ауырсына отыра кеткен.

157
ҚАРАӨЗЕК
дан  бері  үш-төрт  жыл  өтсе 
де,    бас  кейіпкерімнің  кейінгі 
тағдыры өзіме беймәлім болып 
тұрған. 
сүйтіп  жүргенде,  бір  күні 
Құрмаштың    қазіргі  тұрып 
жатқан жерін таптым. Дәлірек 
айтсақ,  емделіп  жатқан  жерін. 
төрт ай болыпты, осында екен. 
тубинститутта. Өкпе ауруларын 
емдейтін 
институттың 
ауруханасында.
Наурыз айы кірсе де, көктем 
шықпай,  қыс  аяғы    созылып 
кеткен  бір  беймаза,  қараөзек 
шақ  еді.  сондай    күндердің 
бірінде  көктөбенің  етегінен 
орын 
тепкен, 
республика 
сарайының  артындағы    сол 
тубинститутқа  бардым.  күн 
шаңыттанып тұр еді, әрі алғаш 
келуім, зорға таптым.
Өңі  жүдеу  екен.  Бірақ 
жайдары  көрінген.  күттіріп 
қойғаныма 
ғафу 
өтінем, 
намазымды  оқып  шыққан 
бетім  осы  деді.  әуелгі  баста 
сөзіміз  жарасып  кете  қойған 
жоқ. 
Бірақ 
Хақназардың 
АВТОРДАН 
БІРАУЫЗ СӨЗ
(эпилог ретінде)

158
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ
жайын сұрағанымда, елең етіп, бірқыдыру әңгіме айтып 
берген. 
Хақназар  сол  жолы  Қалқаманның  ауруханасына 
жеткізіліпті.  Бірақ  бауырды  сойып  кеткен  жарадан  
оңалмай,  үш  күн  реанимацияда  жатып  көз  жұмыпты. 
Мен  ертеңіне  жеткенде  ес-түсін  білмей  жатты  деді 
Құрмаш.  сүйегін  ауылына  апарып  қойдық.  Шешесі  – 
уәзипа  апай  ұлының  жансыз  денесін  алғаш  көргенде, 
талып  қалды.  Қиын  болды  ол  кісіге.  Былтыр  барғанда 
көрдім, қатты шөгіп кетіпті... Не дейсіз? ә, жоқ пышақ 
салған  қытай    сол  күйі  ізім-қайым  жоғалды.  Ұстатпай 
кетті  ақыры.  Милиция  дейсіз  бе...  Жоға,  олар  да  таба 
алмады.  алдоңғар  сол,  уақиға  болған  күні  өзі  барып 
милицияны    алып  келіпті.  Ұстатпаған.  сол  күйі  Қытай  
асып кетсе керек. Шекарадан ары асқан соң керек қыла 
ма милицияңды... Үлкен шу болды ғой ол. Мүмкін естіген 
де  шығарсыз...  Ел  сан-саққа  жүгіртті.  Несін  айтасыз, 
ойбай,  олар  –  китайская  триада  –  қытайдың  баскесер 
мафиозниктері  екен,  оларды  ұстау  мүмкін  емес, 
өкіметтің де әлі келмейді екен деген әңгіме де  шықты ғой 
барахолкада. амалымыз таусылған соң Ернарға бардық, 
сенің қытайлармен байланысың бар ғой, көмектесерсің, 
мүмкін арасындағы біреуін танырсың деп. Қайда-а, мен 
ештеңе білмеймін, басымды қатырмаңдар деп ат-тонын 
ала  қашты.  Есігінен  де  қаратқан  жоқ...  иә...  Хақанның 
қазаға ұшырағанына,  міне, биыл күзде төрт жыл болады 
екен. Оған дейін мен де ауруханадан шығып қалармын. 
ау?.. Қалай деріңіз бар ма, сол қара базарда тұрып тауып 
алған дертім ғой бұл. күркілдеп жөтеліп жүрсек те, суық 
тиіп  қалған  шығар  деп,  уақытында  қаралмадық  қой. 
Енді, міне, ұзақ емделу керек болып тұр. Қайта, әйелім – 
айгүл күнде келіп, алдоңғарлар келіп, жағдайым жайлы, 
күйім  жаман  емес.  Дәрігерлер  ең  бастысы  көңілің  
көтеріңкі  жүруі  керек  дейді  ғой...  кім  қайда  дейсіз... 
ә,  самал  ма...  оны  да  біледі  екенсіз  ғой...  самалды... 
сол,  Хақан  көз  жұмғаннан    кейін-ақ  көрген  жоқпыз 
ғой.  Осында,  алматыда  дейді.  Бір  туристік  агенствода 
жұмыс істеп жүр екен деп естиміз. Бірақ көрген емеспіз. 
араласпаймыз  қазір.  Былтыр  жаңағы,  әлгі...  Ернар... 

159
ҚАРАӨЗЕК
әйелін  тастап,  осы  самалға  үйленді  деп  естігеміз,  рас-
өтірігін кім білсін...
Құрмашпен  қоштасып  далаға  шыққанда  күн    жауып 
тұр екен. сілбілеп тұрған, майда, салқын жаңбыр. тасада, 
бұрыш-бұрыш  қалтарыста  әлі  де  қар  бар.  көктайғақ. 
көктем байғұс бұлқынып жер астынан шыға алмай жатыр. 
Қараөзек шақ.  Бірақ... қашанға дейін тұрады бұл. әлі-ақ 
жұпар иісі бұрқырап көктем туар, жадырап, жайраңдап 
жаз келер. сол кезде  дүние жасарып, құлпырып шыға 
келмей ме.
сол күнге жеткізсін.
С о ң ы.
Алматы,
2001
 

161
ҚАРАӨЗЕК

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет