22
Ақырет. Ақирет. Аллаһ тағала адамдарды есеп-қисап үшін қабірлерінен
тірілтіп, олардың арасында төрелік етіп, іс-амалдарының қарымтасын беретін мез-
гіл. ةرخلأا «ақырет» сөзі араб тілінде «соңы», «аяғы» деген мағыналарды береді. Бұл
дүниенің аяқталуына байланысты ұғым ақырет аталады.
Ақыретке иман келтіру
діннің басты тіректерінің бірі болып табылады. Қазақ тіліне ислам дінімен бірге
сіңген бұл ұғым қазақ танымында терең орын алған. Қазақ тілінде бұл сөздің ақи-
рет, ақірет, ахирет сияқты жазылу варианттары кездеседі. Бұл сөздің бірнеше жа-
зылу вариантының болу себебі қадим жазу мен төте жазудан кирилл әліпбиіне көш-
кенде орын алған болуы мүмкін.
«Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас» (Абай, Тол. Жин).
«Көрген
жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме, сен енді жазалама.
Шын болса табысармыз ахиретте,
Әзірше, жаным, мені мазалама» (М.Мақатаев, Шығ.).
«Ақырет» ұғымы о дүниемен байланысты болғаннан
кейін онымен байла-
нысты тіркестер де көп. Мысалы, ақырзаман, ақырет күні, ақырет сапар, ақыреттік
дос, ақыреттегі сөзін айтқызды, ақыретте екі қолым жағаңда, ақыретке қалдырдым,
ақыретшіл, ақырзаман орнатты, ақырзаманды төндірді,
ақырғы дем, ақырғы жол.
«Ахирет жолын білсін деп,
Беріп едім молдаға.
Ат қызығын көрсін деп,
Мінгізіп едім жорғаға.
Артында
қалған сол залым
Қылмады дұға молама.
Не жазығым бар еді,
Жасаған Жаббар құдаға!» (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
«Өлетін мезгіл, ақырзаман.
Ақырет күні
болғанша,
Ойымда сені көрмек жоқ,
Ойнап-күліп жүрмек жоқ» (Батырлар жыры).
«Ораза, намазыңды әсте қойма,
Құрбан шал, ақыреттің қамын ойла.
Пітір
бер мезгілінен қалдырмастан,
Оразаның сауабын, жаным жойма!» (С.Торайғыров, Алаш ұраны).
Қазақ тілінде кейде астарлап, кебінді де «ақырет» деп айтады. Мысалы,
«Дүние деген шолақ депті,
Жан кеудеге қонақ депті.
23
Ақырет
деген бір киім,
Алып қайтар сол-ақ депті» (Үш ғасыр).
«Тілеубайдың сүйегіне түскен замандастары суық денесін ақыретке орады»
(З.Шашкин, Ұядан ұш).
Достарыңызбен бөлісу: