2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
1996 жылы 30 қазанда Орал қаласында өткізілген Ғұмар
Қарашевтің шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық
конференцияда: Исатай Кенжалиев «Ғұмар Қарашев – халқының
ардақты ұлы», Н. Иманкулова «Ғұмар Қарашевтің қаны тамған
жер», М.Ж. Қайдаров «Ғұмар Қарашев біздің жерлесіміз, халқымен
мақсаты бір ақын», О.В. Родинова «Ғұмар Қарашевтің поэзиясы
туралы», С.Ғ. Шарабасов «Ғұмар Қарашевтің проэзиясындағы
сыншыл сипаттар мен әр алуан ізденістер», Ж.А. Ақбаев
«Ғұмар Қарашев және Алаш-Орда қозғалысы», А.Т. Гиляжева
«Қазақстан газеті ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси
проблемалар туралы», Б.А. Шканова «Ғұмар Қарашевтің әдеби
тілді қалыптастырудағы ролі», Зейнолла Мүтитегі «Ғұмар Қарашев
мұрасын мектепте оқыту» атты баяндамаларын жасап, оны
зерттеудің алғашқы жүйелі қадамдарына өз үлестерін қосқан еді.
Ғұмар Қараштың өмір жолына тоқталып өтуі барысында
осындай зерттеулерді басшылыққа алатын боламыз. Себебі, бұл
ірі тұлғаның да өмірі сан қилы және өлімі туралы оқиғалар да
беймағлұм, бұрын аты аталуы тиіс емес, қудалауға ұшыраған жан
болғандықтан, ол туралы деректер ашық болмағандықтан, әр түрлі
авторлар өздерінің зерттеулерінше әр алуан мағлұматтар беріп
келеді. Соның бірнешеуін салыстырып көруімізге болады.
«Айқап» журналының материалдарының қайта басылған
арнайы жинағында Ғ. Қараштың дүниеге келген уақытын 1876 жыл
деп көрсеткен болса [22, 299 б.], Қазақ Совет Энциклопедиясында
оның дүниеге келуі туралы мынадай мағлұматтар жарияланады:
«Қарашев Омар (Құмар, әдеби бүркеншік аттары – Мұштақ,
Оразақай т.б., 1876, Бөкей ордасы, Құрқұдық мекені, – 12.4.1921) –
XX ғасырдағы қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі» [23, 514 б.]. Боранбаева
Бақтылы өзінің «Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси
қызметі» атты диссертациясында оны 1875 жылы бұрынғы Бөкей
губерниясының Талов қисымындағы (уезіндегі) Борсы жерінің
Құрқұдық мекенінде (Қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек
ауданына қарасты) дүниеге келгендігін мұрағат материалдарына
сүйене отырып дәйектейді [24, 13 б.]. Баян Тіленшина да оның 1875
жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында туғандығын
атап көрсетсе [25, 4 б.], Мақсат Тәжімұрат ойшылдың туған
44
Ғұмар Қараш
жылы туралы түбегейлі зерттей келе, оған қатысты мәселелерді
пікірталастармен өрбіте түседі: «Ғұмар Қараштың өмірі мен
шығармашылығын зерттеушілердің барлығы да осыған дейін ақын
1876 жылы дүниеге келді деп жазып, айтып келді», – дей келе,
ақынның ұлы Бұрхан Қарашевтің «Мен әкем өлгенде 15 жаста едім,
ол өлгенде жасы 47-де еді» деген сөзін келтіреді де, ендеше, ақын
1873 жылы туған болып шығады деп есептеп шығарады. Сонымен
қатар Қалиолла Наушаевтың ауызша айтқан деректеріне де назар
аударып, ол ақынның 1875 жылы желтоқсан айында қазіргі батыс
Қазақстан облысы Казталов ауданындағы Қараоба ауылының
бұрынғы еңбек бөлімшесі тұрған жерде дүниеге келгендігі туралы
пікірін де келтіре кетеді. Сондай-ақ автор ойшыл ақынның өз
қолымен жазған мұрағат деректеріне сүйене отырып, 1875 жыл
екендігін де есептеп шығарады [26, 3–4 бб.]. Ғұмар Қараштың 1875
жылы дүниеге келгендігін өзі толтырған анкета бойынша анықтаған
И. Кенжалиев те мұрағат құжаттары бойынша осы айғақтарды
дәйектеп өтеді [27, 73–74 бб.].
Ендеше, біз де оның 1875 жылы сол Батыс Қазақстан өңірінде
дүниеге келгендігі туралы пікірлерді құптаймыз. Әрі қарай
Тәж-Мұрат Мақсат Ғұмардың рулық шығу тегіне назар аудара
отырып, ноғайқазақ екендігіне сүйеніп, олардың түпаталарына
тарихи тұрғыдан талдаулар жасайды да, қорытындысында, оның
тұқымдары 1750 жылдары Кіші жүз жеріне аяқ басқандығы туралы
ұйғарымға келеді [26, 4–10 бб.]. Ол шыққан түптегі ноғай екендігін
өзі де «Ноғайлы» деп аталатын өлеңінде атап көрсетеді, қазіргі
қазақ жеріндегі ноғайлар мекен еткен жерлерді де есіне алады:
Ноғайлы ер туысқан елім екен,
Кір жуып кіндік кескен жерім екен.
Бірге өсіп жамандығын көрмей кетсем,
Тілекте қадір ием берер ме екен?
[2, 148–149 бб.].
Ғұмар Қараштың балалық дәурені мен жастық шағы да
бастапқыда оңайға соқпаған, ол жастайынан әкеден айрылып,
өмірінің тауқыметін көре бастағанда туыстары асырап алған,
45
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
сол сәттен-ақ, ол өзінің ілім-білімге зеректігін байқатқан екен.
Мұстафа Ысмағұловтың пікірінше, дәулетті ағайындары баланы
Жанша есімді молдаға оқуға береді. Бұдан соң мешіт ұстаған молда
Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Одан әрі жас Ғұмар Ысмағұл
Қашғари молданың мектебінде білімін толықтырады. Кейіннен,
Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен молда болады деген иршат алып, өз
туған ауылы Құрқұдыққа молда болып қайта оралған екен. Сөйтіп,
1900 жылдары қазіргі Казталов ауданына қарасты Қараоба жеріндегі
Тіленшісай мекенінде ноғайқазақтар арасындағы медресесі бар
мешітке ауысып, жәдидше бала оқытуды ұйымдастырады [28].
Ол – өзінің жастық шағынан бастап, сауатты зиялы қауым
ретінде қоғамдық-саяси өмірге белсене араласа бастайды, іргелі
әлеуметтік мәселелер көтеріп, сол заманның ащы шындығын көре
біледі, Абай атамыздың жолын қуып, қазақ қоғамының сыншысы
ретінде ел ішіндегі, халықтың мінез-құлқындағы бірқатар
кемшіліктерді батыл айтады. Б. Тіленшина атап өткендей: «Ғұмар
шығармашылығы бір жағынан ауыр сынға ұшыраса, екінші жағынан
1936 жылы «Красная новь» журналында жарық көрген мақаласында
Ф. Березовский оны Абай дәстүрін жалғастырушылар қатарына
қойды» [28, 5 б.], – деп көрсетілген пікірлер де осының айғағы.
Осы тұста, айта кететін жайт, ол заманда материалдық жағдайы
нашар адамдардың ілім-білім алуға, ғылыми шығармашылықпен
айналысуына жарқын жол ашылмады, сондықтан, кедей-
кепшіктерден рухани тұлғалар шығып, әйгіленбеді. Ендеше, Ғұмар
Қараш бір қырынан кедейлікпен күрессе, екінші бір қырынан ғылым
мен білім алу жолында шыңдалған еді. Бірақ оны осы кедейшілдік
жолынан алып шығып, білім алуына туысқандары жәрдемдескен
деген деректер де бар [29, 4 б.].
Сонымен қатар Ғұмар Қараш Ресей және Кеңес Одағының
ықпалы мен жүргізіп отырған саясатын, оның ішінде өз
қарамағындағы шағын елдерге деген көзқарасын объективті түрде
екі жақты бағалайды: кемшіліктері мен ілгерішіл жақтарының
болғандығын да ашық айтады. Қазақ қоғамындағы кемшіліктердің
бірі ретінде – сауатсыздық пен білімсіздікті баса көрсетіп, оны жою
жолында бірталай еңбек сіңіреді. Ашық энциклопедиядан алынған
мәліметтерге жүгінсек: «1911–1913 жылдары алғаш Ордада, кейін
46
Ғұмар Қараш
Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығарысуға, оның саяси-
мәдени әлеуетін көтеруге атсалысады. Осы кезеңде қазақтың саяси
көзін ашатын, рухани жағын байытатын «Ойға келген пікірлерім»,
«Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш»,
Бәдел қажы», атты кітаптар жариялайды. Ол Ғабдолла Мүштақ
(Алланың зерделі құлы) атты бүркеншікпен «Айқап» журналы мен
«Қазақ» газетіне мақалалар жазып тұрады. Орынборда «Шайыр»
және «Көксілдір» атты жинақ шығарады... Мысыр мүфтиі Мұхаммед
Абдо мен пәлсапашы Жәлелатдин Афғани реформаларынан
хабардар болған... 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумын-
. 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумын-
да сабақ береді. Ордада ұйымдастырылған айына екі рет шығатын
«Мұғалім» атты журналды шығарушылар алқасына кіреді. Ол осы
журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. 1919 жылы
«Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі, әрі тілшісі болады. ...
Сөйткен тұлға 1921 жылы 12-сәуірде Құнаншапқан деген жерде
қашқын әскерилер қолынан мерт болады» [30].
Қысқаша өмірбаяны осы. Сөйтіп, оның өлімі де жұмбақ
күйінде қалып отыр. Егер ол арнайы қуғын-сүргінге тірі кезінде
ресми түрде үкімет тарапынан ұшырамаса, халыққа жағымды ұлт
көсемдерінің бірі болып, ағартушылық қызметі арқылы көптің
сауабын алса, Ресей патшалығына да, Кеңес Үкіметіне де ашық
қарсы шығып, халық жауы атанбаса (ол тек 1947 жылы ғана Үкімет
қаулысымен «Ұлтшыл» деп қараланған), Қазақстанға да еш зияны
жоқ жан болса, ауру-сырқаудан аман болса, оны кімдердің қолынан
қаза тапқан деген сауал туындайды.
Біздіңше, біріншіден, аласапыран заманда қазақ халқы
«қаңғыған оқтан» сақта дегендей, жай ғана белгілі бір қаруланған
топтар өлтіріп кеткен болуы ықтимал. Екіншіден, оған сырттай,
ашық түрде болмаса да, жасырын-жабық жаулары пайда болып,
Кеңес үкіметі үшін теріс пиғылды деген сылтаумен олардың
жандайшаптық ресми ұйымдары әдейі іздеп жүріп өлтірген болуы
да ғажап емес. Үшіншіден, зиялы ұлт өкілін қазақ арасындағы
бақталастық белең алған шақта, беделді біреулер әдейі өлтірткен
болуы да мүмкін. Дегенмен, осы орайда, оның туған немересі
Надежда Қарашеваның пікірлеріне де тоқтала кетсек; «Ғұмар
атамыздың қалай өлгенін, қай жерде кім өлтіргенін мен анық
47
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
білмеймін. Атамның үлкен баласы Басыр ағамнан сұрағанымда
былай деп жауап бергені есімде: «Атаңды бандылар далада келе
жатқанда шапқылап, қылышпен кескілеп өлтіріпті. Аты ауылға бос
қайтқан соң, ауылдастары ақынның бір пәлеге ұшырағанын түсініп,
ауыл болып іздеп шыққан. Сөйтіп, көп кешікпей «Құнаншапқан»
деген жерден дене қалдықтарын тапқан». Басыр ағамның осы
сөзіне сенемін. Зерттеушілердің әр түрлі пікірін оқыдым, меніңше,
дұрыстыққа жақыны – ағамның айтуы», – деп ой түйіндепті [31,
4–5 бб.].
Бұл жерде әрине, сол дәуірдегі «бандылар» дегеннің өзі шартты
ұғым: Кеңес үкіметіне қарсы шыққан ел ішіндегі «партизандық»
әрекеттермен шұғылданатын қазақтар ма, әлде жалпы «ақтар» деп
аталатын азаматтық соғыс өртін тұтандырушылар ма, большевиктер
ме, ешқандай да саяси астары жоқ, жай ғана қарақшылықпен
айналысатын әлдеқандай бір қылмыстық топтар ма? Өкініштісі,
ол да ХХ ғасырдың басындағы «қазақ ренессансының өмірі қысқа
зиялысының» құрбандарының біріне айналды.
«Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі (1875–
1921 жж.)» атты тарих ғылымдары бойынша диссертация қорғаған
Б.С. Боранбаева Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын
зерттей келе, оның өлімі туралы мәселелерге егжей-тегжейлі
тоқталады, мұрағат материалдары мен халық аузындағы естеліктерді
жинайды. Біз соның бірнешеуін келтіре кетуді жөн көрдік.
Х. Әжікеевтің айтуы бойынша, банды «Пименов отряды»
деген ел шетінде жортуылда жүріп, Ғұмарды қолға түсіріп, «нағыз
коммунист, совет үкіметінің сенімді адамы, продком өкілі», – деп
өшігіп кескілеп өлтіреді» [32, 2–4 бб.] Бұл оқиғаны Ө. Бекетов те
қуаттайды [33]. Орынбордағы Қазақ халық ағарту комиссариатына
жіберілген жеделхатта да: «Из Орды 135, через Уфу, Оренбург
Кирнаркомпрос: 12 апреля, убит злодейской рукою бандитов
киргизский общественный деятель, много работавший для нашего
народа, поэт, дорогой наш коммунист Омар Карашев» [34], – деп
баяндалған пікірлерді көре аламыз.
Шафқат Бекмұхамедов: «Омарды Анюхин, Поповтардың
бандысы өлтірді... Омарды бандыға өлтірткен елдегі бай кулактар
екені айқындалған болатын. Байлардың Омарға өшігуіндегі себеп:
48
Ғұмар Қараш
Бөкейлікте 1920–1921 жылдары байларға үлкен салық салынды.
Үкіметтің осы шарасын іске асырудың басы-қасында Омар болды»
[35], – деп ой түйіндеген болатын.
Ал Е. Ысмағұловтың мәліметі бойынша, 1921 жылы Ғұмарды
Алашорданың бандылары өлтірген [36]. И. Кенжалиев ел ішінде
«орыс бандысы» атанған Ефим Панченко төңірегіндегі деректер
бойынша: «Панченко Казталовка аупарткомына бір келгенде
жауапты қызметкерлерге Ғ. Қарашты қалай өлтіргенін айтыпты...
Ал 1953 жылдары аупарткомның жауапты қызметкері болған
Бәтима Берғалиева ақынды қалай өлтіргенін Панченкодан өз
құлағымен естігенін маған айтып берді...» дей отырып, одан әрі
тағы бір мынандай дерек келтіреді: «Өткен бір жылы драматург
И. Меңдіхановтың қызы Зылиха апай әкесі қаза болғасын, 1919
жылдың жазында Е. Панченконың кісілері келіп, үйімізді тінтіп,
керегін алып, көптеген кітаптарды, қолжазбаларды өртеп жіберді
деген еді. Ғұмарды өлтіргеннен кейін де, оның үйіне бейтаныс
адамдар келіп, үйін тінтіп, барлық қағаздарды, фото, т. б. құжаттарды
жойып жібереді», – деген ойларын түйіндейді [37, 206–208 бб.]
және келесі бір мақалаларында да Панченконың қызыл партизан
екендігін, оның қолынан тек Ғұмар Қараш емес, талай адам қаза
болғандығын мәліметтер келтіре отырып дәйектейді [38; 39].
Зейтін Ақышевтің естелігі бойынша: «1949–1952 жылдары
Талдықорған ауданындағы Шұбар орта мектебінің директоры едім.
Көксу ауыл шаруашылық техникумы бізбен іргелес. Оның дирек-
торы Бұрхан Ғұмарұлы Қарашев. Бұл кәдімгі ағартушы, ойшыл
Ғұмар Қарашевтің баласы. Екеуміз ниеттес, дәмдес, сырлас болдық.
Ол менен 4-5 жастай үлкен. Әкесін жақсы біледі. 15–16 жастағы
кезім, – дейтін еді Бұрхан. – Әкей бір күні атын ерттеп мініп, жақын
ауылдағы бір шаруасына жүріп кетті. Сол кеткеннен 2–3 күнге
дейін хабар болмады. Ағайындардың біреуі іздеп шыққан екен,
бір шағын тоғайдың ішінен өте бергенде атып жыққан болу керек,
өліп жатыр дейді... Олардың орнына қызылдар келіп, ойран салып
жүретін. Бірақ атқан ақтар деп лақап таратты. Қызылдар дегенге
бет қаратпады. Әркім өз жанынан қорқып: «Солай-ақ болсын» деп
қоя салды» [40, 16 б.] деген мәліметтер келтірілген. Дерек бойынша
Ғұмар қазасынан кейін 14 күн өткен соң, Бөкей губаткомы төрағасы
49
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
Мәжит Шомбаловтың бастауымен бір топ адам қол қойып, қызыл
әскер киіміндегі бандылар тобының жергілікті халықты жәбірлеп,
азық-түлік, малдарын тартып алып, қарсылық білдіргендерді
аяусыздықпен атып өлтіріп жатырғандығын хабарлап, Мәскеуге
және тағы басқа 4 жерге суыт жеделхат жіберген екен [41].
Самар
губерниясының
Күзебаев
болыстық
әскери
комиссариатында істеген Ш. Күсәпқұлов: «1920 жылдың сәуір
айында шаруалар көтерілісі басталды. Осы жылдары Николаев
уезінде (Самар губерниясы) Елисей Горин, Серов, Сарафанкин т.б.
сияқты бандылар тобының басшылары болды. Банды Сапожков
тобын жойғаннан кейін, бұлардың көпшілігі 1921 жылдың басында
Горин мен Серов тобына қосылды да, жоғарыда айтылған болыс
жерлерінде шамамен бандылардың түрлі қару ұстаған 4000 атты
әскері болды. Сондай-ақ бұларға банды Ғабитов Даминдар бастаған
башқұрт-қазақ отряды да қосылды. Сөйтіп, Гориннің бандылары
ауылдағы белсенділер мен ревкомның кедей коммунистеріне қарсы
шабуыл жасауды үдете түсті» [42] деген деректер келтіреді.
А. Қосыбаевтың қолжазба дерегі бойынша, Ғұмар өлтірілгеннен
кейін көп күн өтпей-ақ жоғарыдағы Ш. Күсәпкұлов естелігінде
келтірілген Серов жасағы ұсталып, Серовтың өзі әскери трибунал
үкімімен атылады [43].
Кейбір деректерде Ғұмардың өліміне ағайыны Нұрқайдың
тоқалымен арадағы сүйіспеншілік тарихына наразы өз руластары
да себепші болған дейтін әңгіме бар. Мәселен, Т. Жұнысовтың
дерегіне жүгінсек Ғұмар мен Жаманқыздың байланысы жөнінде:
«Ғұмар Нұрқай байдың тоқалы Жаманқызбен көңілдес болған.
Ол айналада бұл сырды білмейтін кісі жоқ. Бүгінгі ата жасына
келгендердің бәрі дерлік Ғұмардың әлеуметтік, қоғамдық,
азаматтық өмірі жөнінде ештеңе білмесе де оның Жаманқызбен
байланысын біледі. Ғұмар жөнінде жазушылар оның өмірінің
осы жағына жоламайды... Біздің одан неге қашқақтайтынымыз
белгісіз... Ғұмар өмірінің бұл көлеңкелі жағын да ашып көрсеткен
дұрыс. Ол оның биіктігін аласартпайды.
Қаза табарының алдыңғы күні Ғұмар Нұрқайдың үйіне
барып қонады. Нұрқай ол кезде алжудың аз-ақ алдындағы күй
кешіп жатады. Оның әулетінің билігі Жаманқыздың қолында
50
Ғұмар Қараш
болады. Жас, сұлу, ақылды, қайратты, тілді әйелдің алдына кесе-
көлденең тұруға Нұрқай төңірегіндегілердің батылы жетпейді.
Кәрілік жеңген Нұрқай Жаманқыздың қасы мен қабағына қарайды.
Оның ағайындары партия қатарына кіріп, елді советтендіруге
белсене араласып жүрген Ғұмардан да қорқады. Оған тісін қайрап,
жамандық жасағысы келеді-ақ, бірақ қолдарынан келмейді...Түн
ортасында Нұрқай ауылының Қапқай деген жігіті үш-төрт аттылыға
кездеседі. Тани кетеді: Савинканың орыстары. Біреуі – Ворон деген
банды... Сол түнде бандылар Ғұмарды ұстайды. Құнаншапқан
қыратының етегіне апарып қылышпен турайды. Араларында
не әңгіме болғаны, өлтірілуінің жайы белгісіз. Ешкім көрмеген.
Сырттай бақылаушы да болмаған» [44, 4 б.] Мақсат Тәж-Мұрат
оны Кеңестік шаруалар қолынан қаза тапты деп көрсетеді: «Ғұмар
Қараш 1921 жылы «әскери коммунизм» саясатына қарсы шыққан
шарулардың қолынан қазаланды: белгісіз біреулер қылышпен
турап, бір төбенің етегіне ет қылып үйіп кетеді» [45, 173 б.]
Ғұмар Қараштың сүйегінің жерленген жері туралы да пікірлер
де әр түрлі. М. Ысмағұловтың жазбаларында Ғұмар Қараштың
денесі өзі қаза болған Құнаншапқан дейтін төбенің етегінде деген
мәлімет береді. Құнаншапқан – қазіргі Жәнібек ауданының Борсы
мен Талов ауылының аралығы.
М. Тәж-Мұрат Казталов ауданы Қараоба селосының
көнекөз тұрғындары Бақыт Панғалиева мен Амантай Қабиевтің
мәліметтерінде Ғұмар Қараобадан батысқа қарай отыз,
Құнаншапқаннан он шақырым Айдаралыдағы қорымға жерленгенін
айтады. Сондай-ақ ғалым 1990 жылы Ғұмардың көзін көрген азын-
аулақ адамдардың бірі – Волгоград облысы, Палласов ауданы
Фурманов селосының тұрғыны Әшім Есқалиев ақсақалдың берген
мәліметін келтіреді: «Мезгіл 1921 жыл, егін жиналып біткен уақыт
еді, жүз қаралы ақ гвардияшы Ғұмекеңді Құнаншапқанда отырған
Нұрқай ауылы жағынан ат артына теріс мінгізіп алып келді. Әлі
есімде, топ біздің үйдің жанынан өте бергенде Ғұмекең әкеме
қарап: «Есеке, мыналар қинады ғой, сусын берші» деді. Әкей есі
шығып жүріп қымыз ұсынғанша айдауылдың бірі жекіп, Ғұмекең
мінген атты жондата шықпыртып алып кетті. Демімізді ішімізден
алып, қадағалап тұрдық. Жендетттер ауыл сыртындағы оба етегіне
51
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
апарып шапты. Көз байланғанда жеті қария барып сүйегін алып
келді. Ертесіне осы жатқан жеріне, ата-баба зиратына әкеліп
жерледік» [26; 46, 37 бб.].
Енді бұл пікірден өзгеше шежіреші Т. Жұнысов: «Әкем
Әжікейдің және басқалардың айтқандарын мен қағазға түсіріп
отырдым. Өзім үшін бабаларымыздың өмір жолын білейін деп
істедім. Олар үшін тайға таңба басқандай анық нәрсенің бір кезде
пікір алалығын тудыратынын кім білген... Ғұмар қайда жерленген
деп дал болудың қажеті жоқ. Ғұмардың мәйіті Құнаншапқанда...
Қарттар ақылдасып, арыстай азаматтың қанын тамызып алып
жүруді обалсынып, «шаһид» болды деп сол жерге қояды» [47, 6 б.]
Ғұмартанушы ғалымдардың бірі – Қ. Сыдиқов та оның өлімі
1921 жылы 12 сәуірде контрреволюцияшыл ақ бандылардың
қолынан болғандығын мәлімдейді.
Демек, ол жаулары мен өтірік дос жаулары, екі жүзді
жауларының қолынан, әдейі ұйымдастырылған жасырын
әрекеттерден қаза тапқан болса, мұндай ахуалды өзінің «Неден
қорқам?» деген өлеңінде, өз өлімін сезгендей сыңайда атап өткен
де болатын:
Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.
Дос болып бірге жүріп қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам.
Істері адамдыққа жанаспаған,
Жануар екі аяқты аңнан қорқам
[2, 123–124 бб.].
Өзі толғап кеткендей, оның өлімі шындығында осындай
жағдаяттардан туындап жатты. Денесін тілгілеп, азаптап
өлтірудің өзі «екі аяқты аң болу» емес пе? Бұл пікірімізді Мақсат
Тәж-Мұрат та дәйектейді, бірақ ол Ғұмар Қараштың өз өлімін
сезінуін Некрасовтың аудармасымен астарлы түрде бере білген
деп есептейді: «Ғажабы сол, Ғұмар да Кеңес өкіметінің алғашқы
адамжанды қалпы қайтып келмеске бет бұратынын сезген, тіпті
өзінің ақтық демі қашан таусылатынына дейін дәл болжаған, осы
52
Ғұмар Қараш
кепті өлерінің алдында Некрасовтан аударған «Соғыс қаһары»
өлеңінде ашық аңғартады» [45, 173 б.].
Ендеше, оның өлімі туралы мәселелерді анықтау және
дәйектемелер бойынша дәлелдеу болашақ тарихшы мамандардың
еншісінде. Себебі, тарих ғылымы қазірге таңда гендік инженерия
ілімімен бірлесе отырып, ата-текті анықтауда, туыстық-қандық
белгілерді таба білуде бұлтартпайтын ғылыми жаратылыстанулық
айғақтарға қол жеткізіп келеді. Осыған орай, болашақтағы тарих
шындығын ашудағы қуанышты бір жағдай – кез-келген мүрде
арқылы және оның туыстарын гендік тұрғыдан анықтау бойынша,
оның кім екендігін де дәл таба алатын жаңа әдістердің іске асуы.
Ғұмар Қараштың алған біліміне қатысты даулы мәселелердің
бірі – ол алғашқы діни білімінен кейін оқуын әрі қарай қайда
жалғастырғандығы туралы болып келеді. Төңкерісұлы деген
атаумен де баспа беттерінде жариялана беретін Сәбит Мұқанов
С. Сейфуллин оқыған лекциясын жазып алған бір естеліктерінде
оны Уфаның Ғалия медресесінде оқыған десе, Темірбай деген
бүркеншік атпен жүретін Сұлтанбек Қожанов оны Ғалияда емес,
Қазандағы Маржани медресесінде он жыл оқыды деп айғақтайды
[48, 5 б.]. Осы тұста бұл медресе Маржани Шигабудтин есімді ХІХ
ғасырда өмір сүрген татар білімпазы, теолог, тарихшы, философ
болған елге танымал ұстаздың атымен аталғандығын атап өтуіміз
қажет [49].
Келесі кезекте, оның туыстары мен қазіргі ұрпақтарына шолу
жасап өтпекпіз. Мәліметтерге жүгінсек: «Ағайыны Қабылатов
Әжікейден туған Садық, Асқар, Хакім және Шәкір дейтін төрт ұлды
Новоузенскідегі орыс мектебінде оқытады. (Ғұмар Қараштың төрт
баласының бірі Әлдейден тараса, Әжікей үшінші ұлы Ақбурадан
өрбиді. Ғұмар оқытқан Садық кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық
компартия комитетінің хатшысы, ал Хакім ҚазМҰУ-де араб тілінің
оқытушысы болып қызмет атқарады) [26, 44 б.]. Ал Ғұмар Қараштың
өзінің ұрпақтары туралы мәліметтерді еңбек соңындағы қосымшада
оның немересе Надежда Қарашевамен жүргізген әңгімелесуде
көрсетілгендіктен, оны тұтастай сол күйінде беріп отырмыз
(1 Қосымша). Сондықтан, алдымен, Ғұмар Қараштың жанұялық
өмірі және ұрпақтары туралы аз-кем ғана мағлұмат беріп өтпекпіз.
|