Философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Мырзалы



Pdf көрінісі
бет3/44
Дата19.02.2023
өлшемі0,84 Mb.
#69088
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44
Байланысты:
Kulsarieva Kazirgi zaman madeniety

 



 
 
 
 
 
 
1. 
ҚАЗІРГІ ЗАМАН ЖƏНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН 
МƏДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК 
 
1.1 «Қазіргі заман»
ұғымының хронологиялық шектері 
 
 
Қазіргі заман дегеніміз нені білдіреді? Ең алдымен осы 
сұрақтың жауабын тауып, осы мəселенің бетін ашып алған жөн. 
Қазіргі шақтың өткен шақ пен болар шақтың ортасында 
тұрғандығы кім кімге де болса мəлім. Ал сол грамматикалық 
құрылымда анық нəрсе мəдениет тарихына келгенде дəп сондай 
анықтық таныта ма? Əрине, олай деп айту қиын. Өйткені адам-
зат мəдениеті тарихына қатысты тек мерзімдік, шақтық тұрғы-
дан сөйлеу дұрыс болмас.
Адамзат мəдениетінің өткені қазіргісінде, қазіргісі болаша-
ғында тыныс табары да мəлім. Дей тұрғанмен, осы ортада уа-
қыттық-мерзімдік тұрғыдан болсын, мағыналық-мəндік тұрғы-
дан болсын қойылған сұрақты қанағаттандырар жауап іздеген 
жөн. Ендеше, біздің өзіміз қатынасушысы да, тұтынушысы да, 
жасалуына куəгері де болып отырған қазіргі мəдениеттің пара-
дигмалары күні бүгін ғана пайда бола қалмағаны белгілі. Оның 
мазмұндық желісі, құндылықтарының сұрыпталуы, қазіргі даму 
деңгейіне жеткізген техника-технологиялық, ақпараттық, əлеу-
меттік алғышарттары үстіміздегі ғасырдан əріде даярланғаны 
мəлім. Сондықтан да біз уақыт жебесінде тым алыстамасақ та, 
ХХ ғасырды осы қазіргі заман мəдениеті ұғымына сыйғыз-
ғанымыз жөн. Сонымен, ХХ ғасыр мен осы табалдырықты 



енді аттап үлгерген ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығы 
мерзімдік тұрғыдан қазіргі заман мəдениетінің хроноло-
гиялық шектері болмақ.
Адам əлемінде болсын, адамзат мəдениетінде болсын жоқтан 
ештеңе пайда болмайды. Осы қазіргі заман мəдениетіне алғы-
шарт болған, осы кезеңнің құндылықтарын даярлаған мəдени 
дəуірлер қандай? Бұл сұраққа жауап беру үшін сонау Ренессанс-
тық гуманизмнің қалыптасуын, Реформацияның зайырлылық 
принципіне жол ашуын, Ағартушылық дəуірінің жалпылай 
сауаттылық пен білім құндылығын алға тартқандығын еске алу 
керек. Осы аталғандардың барлығының бір сөзбен айтқанда 
əлемді секуляризациялауға, яғни діни билік уысынан шығаруға 
жəне соның нəтижесі ретінде адамның жеке тұлғасының қадір-
қасиетін дəріптеуге алып келгендігін айта аламыз.
Осы тұста есімізге Фридрих Ницшенің «құндылықтарды 
қайта қарау» жəне «Құдайдың өлімі» туралы концепциялары 
түседі. Əлгіде айтқан мəдениеттің секуляризациясы «Құдай 
өлімі» феноменімен тығыз байланысты. Өйткені «Құдайдың 
өлімі» əлем мен адамның дербестігін, өз алдына бар болмысын 
мойындауды білдіреді. Бұрындары бұл əлемнің де, ондағы 
тіршілік етіп жатқандардың ішіндегі адамның да болмысының 
мəн-мағынасы одан сыртқары тұрған жоғары күш – Құдай 
арқылы айқындалатын. Ендігі жерде адамзат өз өміріне де, өзін 
қоршаған əлемге де өзі мəн бермекке бет бұрған. 
«Құдай өлімі» немесе басқашалап айтқанда, нигилизм (латын 
тілінің «ештеңе», «түк те емес» деген сөзінен таралатын тер-
мин), яғни қалыптасып қалған салт-дəстүрлерді, қағидалы нəр-
селерді жоққа шығаратын көзқарас сол кездің дағдарысқа 
ұшырап, тығырыққа тірелген құндылықтарын қайта қарауға жол 
ашты. Себебі нигилистік жоққа шығарусыз жаңа құнды-
лықтарға орын босату мүмкін болмаған еді.
Осы феномендерді ой елегінен өткізіп, оның мəнін ашуға 
тырысқан экзистенциалист философ, ХХ ғасырдың кереғар 
болса да керемет ерен тұрған ойшылы – Мартин Хайдеггер 
«Құдайдың өлімі» туралы былай деген: «Құдайдың өлімін» 
христиандық құдайдың мəн-мағына əлемі мен адамның түпкі 



мақсатын анықтау билігін жоғалту деп түсіну қажет. Бұл 
жердегі «Христиандық құдай» деп отырғанымыз жалпы алғанда 
«сезімнен тысқары жатқан» əлем туралы көзқарастың барлығын 
қамтушы. Оған «идеалдар» мен «нормалар», «принциптер» мен 
«ережелер», «мақсаттар» мен «құндылықтар» дегеннің барлығы 
кіреді. Олардың барлығы бұған дейін тіршілік əлемінен тысқары 
жатқан еді, солар ғана осы күйбең тіршілікке мəн-мағына берген 
еді. Нигилизм сол «жаратылыстан, сезімнен тысқары жатқан» 
биіктіктің тепе-теңдігін бұзды, оның тұғырын шайқалтты деуге 
болады. Нигилизм қарапайым ғана еш бөтен қасиетсіз 
тіршіліктің өзінің тарихының басталуын аңғартады. Сонда 
білінер-білінбес те болса христиандық Құдай өлімі басталады. 
Əрине, ол Құдайға сенушілер бірден жоғалып кетпейді. Ол 
құдайға сену əлі де болса ұзақ жылдар бойына созылуы мүмкін. 
Бірақ ол да бір осыдан мыңдаған жылдар бұрын сөнген 
жұлдыздың жарығының жерге жететіндігіндей бір нəрсе» (М. 
Хайдеггер. Время и бытие. М.,1993. 67 б.). 
М. Хайдеггердің артын іле-шала осы «Құдай өлімі» феномені 
туралы ой қорытқан Альбер Камю болды. Ол үшін «Құдайдың 
өлімі» əлемге Абсурдты əкеледі. Демек, адамның іс-əрекеті де, 
оны айнала қоршаған шындық та – бəрі-бəрі мағынасыз, мəнсіз 
тіршілік. Адамның күйбең өмірі таудың басына ауыр тасты 
күндікке өрмелетіп жеткізе алмаған Сизифтің ит-əлек тіршілігі 
іспеттес. Ендеше, қасиеттілік те жоқ, күнəһарлық та жоқ, 
өйткені бұл əлемде бəрі бірдей мағынасыз.
Нигилизмнің арты адамды құдайдандыруға апарады. Оның 
да кереметтігі шамалы, өйткені тоталитаристік режимнің бар-
лығы дерлік адамға, жеке басқа табынуға негізделген. Бұрынғы 
шіркеу, немесе діни билік орнын мемлекеттік билік жаулап 
алады. Ақыр аяғы біз ХХ ғасырда тоталитарлық режим сұмдық-
тарының – фашизм, социалистік режимдегі қуғындаулар жəне 
т.б. келеңсіздіктердің куəсіне айналдық. 
Тағы бір айта кететін жай – қазіргі заман мəдениетінің 
маңызды-маңызды деген сипаттамаларының қайткен күнде де 
еуропалық мəдениетпен, сонда қалыптасқан құндылықтар 
жүйесі мен техника-технологиялық жетістіктермен тығыз 



байланысты екендігі. Адамзат тарихында еуропалық мəдени 
өнімдер өтімді болып тұрған қазіргі заман сол мəдениеттен 
туындаған ақпарат алмасу құралдарының əлеуеттілігіне байла-
нысты екендігін де айта кету керек. Бұл тұста Еуропада 
қарқынды даму тапқан баспа ісі мен компьютерлік технология-
ларды меңзеп отырмыз. Ал «жағдай үнемі солай болып па еді?» 
деген сұраққа тарихқа қиянат келтірмейтін шыншыл зерттеу-
шілер, тарихшылар «жоқ» деп жауап беретіндігі мəлім. Алысқа 
бармай-ақ, ортағасырларды алайық. Онда əлемдік өктемдіктің 
де, ғылыми-ақпараттық танымалдылықтың да араб-мұсылман 
мəдени аймағымен байланыстылығын көрсетуге əбден болады. 
Алма-кезек дүние деген осы. 
Сонымен, қазіргі заман мəдениеті қаласақ та, қаламасақ та, 
əйтеуір, көбінде батысеуропалық мəдени дəстүрдің өркендеуі 
мен жаһандық деңгейде қамтылуымен анықталады. Бұл құбы-
лысты вестернизация десек те, мəдени еуроорталықтық десек те 
жарасады. Қазіргі батысеуропалық мəдениеттің бесігі деп көне 
грек антикалық мəдениетін көрсету-көрсетпеу даулы мəселе 
болғандықтан, біз ешкім күмəн келтірмейтіндей негізге иек 
артқанымыз жөн, яғни батысеуропалық мəдени дəстүр ірге-
тасын Ренессанстық жəне Жаңа дəуірлік кезеңдерде қалыпта-
сып үлгерген құндылықтық қатарға сілтемелегеніміз оң. Сол 
құндылықтар қандай болған еді?
Танымның, іс-əрекеттің, жарқын болашақтың негізі ретінде 
ақылды алатын рационализм, жеке тұлғаны абсолютті құнды-
лық көзі етіп алатын субъективизм, ғылыми білімді жарату-
шылық, іскерлік идеалы мен мамандану машығы – міне, осылар 
батыс-еуропалық басым құндылықтар легі ретінде жалпы 
алғанда қазіргі заман мəдениетінің іргетасын қалады. 
Жалпы, мəдениеттану ғылымында мəдени-əлеуметтік өзге-
рістер, олардың себептері мен салдары туралы мəселелер өте 
терең қарастырылған болатын. Ол біздің қазіргі кезеңдегі 
ғылыми таным шекарасында жеткілікті түрде талдауды қажет 
ететін орасан көп деректік материалдардың жиналып қалғанды-
ғымен де байланысты. Оның үстіне, осы кейінгі тарихтың ерек-
шелігі оның өндірістік революциялардың, дүниежүзілік соғыс-



тар мен əлеуметтік күйзелістердің зардабының адамзаттың
өмірінің сала-саласына əсер ететіндігіне байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда бұдан бұрынғы кезең ұрпақтарын 
салыстырар болсақ, онда олар қазіргілерге қарағанда тыныш 
өмір сүрген: ешқайда асықпаған, күнделікті өзгерістерді көксе-
меген жəне баяу да болса болмай тұрмайтын өзгерістерді аса 
байқай қоймаған.
Қазіргі əлемнің қарқынының жеделдеуі – тарихи үдемелі 
прогрестің заңдылығы. Алдыңғысымен салыстырғанда əрбір 
келесі келетін дəуірдің өмір кезеңі қысқарақ болатындығы 
туралы мəдени зерттеулер саласында біраз теориялар барлығы 
да белгілі. Алғаш рет терең тарихи толқындардың өмір жасы-
ның ұзақтылығының қысқаруы туралы идеяны Фернан Бродель 
айтқан болатын.
Соңғы онжылдықтарда адамзат өзінің бүкіл тарихында жаса-
ған жаңалықтары мен өнертапқыштықтарының 70-90 пайызын 
жасап қойғандығын мамандар есептеп берсе керек. Мəдениеттің 
дамуының жылдамдауының өлшемінің бірі ретінде, мəдени 
жаңашылдықтың “өміршеңдігінің”, сұрыпталуының өлшемі 
ретінде ақпараттық үдеру принципі алға тартылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет