Р. Сыздык 1-том indd



Pdf көрінісі
бет164/180
Дата19.02.2023
өлшемі1,9 Mb.
#69286
түріБағдарламасы
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   180
Байланысты:
Абай Р Сыздықова

Жаңа сөздер
(неологизмдер)
Абай қазақ тілінің төл сөздері мен тұрақты тіркестерін еркін 
және өнімді пайдаланумен қатар лексикалық қорды көптеген 
жаңа сөздермен және фразеологизмдермен толықтырды. Бұған 
ақынның шығармашылық қырларының кең тақырыптылығы, 
проза жанрына, оның ішінде публицистика мен ғылыми 
жанрларға баруы, орыс әдебиетінен аударма жасауы жене по-
этика қажетін өтейтін тың элементтерді іздеу әрекеттері се-
беп болды. Абай тіліндегі жаңа қолданыстарды тілдік немесе 
лексикалық және стильдік жаңа сөздер деп айырып қарастыру 
қажет. Абай – өз заманын жан-жағынан алып сөз еткен қаламгер. 
Сондықтан ол, бір жағынан, өз дәуіріндегі қазақ қоғамының 
рухани және заттық дүниесіне енген жаңалықтарды, соған орай 
лексикалық қазынасына енген жаңа сөздерді өз тұсындағы тіл 
тәжірибесінен алып қолданса, екінші жағынан, сол қазынаға 
біраз жаңа қорды өзі жасап қосты. Әсіресе, Абай қаламынан 
туған жаңа сөздердің дені болып келетін дерексіз ұғым атаула-
ры – оның теология, философия, этика, мораль тақырыптарын 
сөз етуінің жемісі. «Қара сөздер» деп аталатын прозалық ту-
ындысында қоғам өмірі, қоғамның заң-законы, адамның мінез-
құлқы сияқты тақырыптарды сөз ету үстінде бұрынғы кейбір 
атауларды жаңаша ұсынуға, жоқтарын жасауға, барларының 
мағынасын айқындап бір ұғымда тұрақтандыруға мәжбүр 
болды. Жаңа сөздер жасауда Абай бірінші кезекте жұрнақ, 
жалғау, содан соң мағына жаңғырту, сөз тіркестіру амал-


350
дарын пайдаланды. Олардың бірқатарын тұрақтандырып, 
терминдік дәрежеге көтерді. Мысалы -лық жұрнағы арқылы 
тоқтаулылық, байлаулылық, тиянақсыздық, қорғалауықтық, 
күлкішілдік, ершілік т.б., -мақ жұрнағы арқылы сезбек, сүймек 
т.б. тәрізді туынды тұлғалар жасап, оларды нақты дерексіз ұғым 
атаулары етеді. Мыс.: «әрбір нәрсеге қызықпақтық», «Арылмас 
әдет болды күлкішілдік», «Өршілдікпен лағынетке болған ду-
шар», «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек». «Ішпек, 
жемек, кейімек, күлмек, көңіл көтермек, кұшпақ, сүймек, мал 
жимақ, мәнсап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл 
нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар». Абай қаламынан туған 
жаңа элементтердің бір тобы – лексикаланған тіркестер, 
яғни, көбінесе екі сөздің тіркесіне -лық жұрнағы жалғасып, 
бір дерексіз ұғымды білдіретін күрделі атаулар. Мысалы: 
қызба бастық, әсем салдық, күлкі тоқтық, өнер жоқтық, есі 
барлық, зор болғандық, адам жаулағандық сияқты тіркестер – 
қазақ әдеби тілінде Абайға дейін кездеспеген тұлғалар. Абай 
мұндай жаңа тіркестерді өлеңдерінде де, прозасында да жүйелі 
түрде қолданып, лексика қазынасына қосқан. Абай тіліндегі 
жаңа сөздер тек дерексіз зат есімдер емес, етістіктер тобын-
да да бар. Мысалы, қайраттысу, әсемсу, сәнсу, қалжыңшылсу, 
жарамсақсу, серкесу, жер тәңірсу, қалжың бассу, еңбегі жоқ 
еркесу сияқгы қимыл атаулары – тек Абай текстерінен табы-
латын жаңа қолданыстар. Грамматикалық зерттеушілер түркі 
тілдеріндегі -сы (-сі) жұрнағы есім тұлғаларынан сөйлеуші 
өзін не өзге біреуді біреуге немесе бірдеңеге балап көрсететін 
я болмаса бір нәрсені істеген істемеген етіп танытатын етістік- 
тер жасайды деп анықтайды. Мысалы, мырзасу, батырсу, 
білгенсу, жазғансу дегендерде сөйлеуші өзін не басқа біреуді 
мырзаның, батырдың қылығын, сипатын иеленген жанға не-
месе бір нәрсені білген, жазған адамға балау мағынасы бар. 
Сонымен қатар бұл жұрнақ жалғанған сөздің мағынасында 
семантикалық қосымша реңкі және болады, ол сөйлеушінің 
өзін не өзгені біреуге не бірдеңеге жай балай салу емес, ұқсауға 
тырысу немесе көлгірсу реңкін қоса береді. Абай -сы жұрнақты 
туынды сөздердің осы реңкін жақсы пайдаланған. Мыса-
лы, «Ұққыш жансып шабынар», «Жер тәңірісіп кермағыз» 
дегендерінде ұққыш жанға, жер тәңіріне жай ғана ұқсау емес, 


351
ұққыш жан жер тәңірі емес екенін, тіпті оларға ұқсамаса да 
ұқсап баққан, көлгірсіген реңк бар. Туынды етістік жасайтын 
-сы жұрнағын пайдалануда Абайдың жалпыхалықтық тіл нор-
масынан сәл ауытқитын ерекшелігі бар. Абай бәлсіну, сәнсіну, 
керексіну деп, жалпы тіл нормасында қалыптасқан тұлғаларды 
емес, бәлсу, сәнсу, керексу деп жұрнақты түбір сөзге тікелей 
жалғайды, сол арқылы бұл туынды тұлғалардың мағыналық 
бояуын қалыңдатады. Мысалы, «Ел керексу» дегені елді 
керексіну деудің орнына келіп тұр. Бір қарағанда, мұндай 
тұлғалар тосын, нормадан ауытқу сияқты болып көрінгенмен, 
бірде экспрессивтік мән алып, бірде ұйқас, өлшем құрауға 
жәрдемдесіп, жиі қолданылғандықтан және өлеңнің идеясын 
ашуда кедергі, яғни түсініксіздік тудырмайтындықтан, Абай 
тілінің бір ерекшелігі ретінде орын алады. Абай шығармалары 
тілінде көптеген төл сөздердің мағыналары жаңғыру (ауы-
су, тарылу не кеңею) арқылы айқындалып, біразы терминдік 
дәрежеге көтерілді. Бұл ретте әсіресе қоғамның әлеуметтік 
топтары мен экономика, сауда-саттық, заң, әкімшілік салала-
рына қатысты ұғым, зат атауларын білдіретін төл немесе кірме 
сөздер көзге түседі. Олардың ішінде кейбіреулері (мысалы, бо-
лыс, жатақ, шаруа, закон, законшік, арыз, іс, қызмет, шығыс, 
өсім, өсімкер, алыпсатар, атқамінер, пайда, кеспе т.б. нақтылы 
ұғым атауы ретінде терминге айналды. Әрине, бұлар – тек 
Абай тудырған жаңа сөздер емес, сол тұстағы жалпыхалықтық 
тілдегі жаңа ұғым атаулары. Бұлардың көбі мағына жаңғырту 
арқылы пайда болған, олар – жұрнақ арқылы жасалғандармен 
салыстырғанда аса көп те емес, дегенмен Абай мен оның 
тұсындағы ауызша, жазбаша тілде кеңінен орын ала бастаған 
лексикалық құрам бөлігі. Жаңа сөз жасаудың өзге тәсілдері 
Абай тілінде өріс алмаған.
Екі түбірді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау қазақ тілінде 
бар тәсіл болғанымен, бұл жолмен Абай жаңа сөз жасамаған. 
Оның шығармаларында кездесетін елубасы, атшабар тәрізді 
сөздер (олардың өзі арабша жазылған) қолжазбалар мен 
кітаптарда бір-бірінен бөлек таңбаланған. Абай туындылары 
емес, сол кезеңдегі жалпы қолданыстағы жаңа сөздер, жаңа 
құрылымдардың ең үлкен түрін Абай фразеология саласын-
да жасаған. Соны фразеологизмдер жасауда перифраза жиі 


352
қолданылған. Тек перифразалау үшін емес, жалпы жаңа об-
раздар жасау үшін Абай семантикасы жағынан қатыспайтын 
сөздердің тіркестерінен жаңа фразеологизм жасайды. Мысалы, 
тентек жиын, саңырау қайғы, жабырқаңқы сөз дегендерде 
алдыңғы сын есімдер – адамға қатысты айтылатын сөздер, ал 
мұнда адам емес, жиын, қайғы, сөз сияқты дерексіз ұғымдардың 
сипаттамасы ретінде берілген. Бұл – Абайда жүйеге айналған, 
кеңінен қолданылған тәсіл және ол кейбір зерттеушілер 
танығандай, орыс әдеби тілінің ғана әсері емес, бұрыннан 
қазақ әдеби дүниесінде сирек болса да кездесетін, үлгі-моделі 
бар амал (мысалы, Дулатта ойдың мөңіреп жұртқа қайтуы, 
ақылды көңілдің құтысына құю, Шәңгерейде ақ ниеттің 
тотығуы т.б.). Фразеологизмдер саласында жүйелі түрде Абай 
жүргізген тағы бір жаңалық – бұрынғы фразеологизмдердің 
компоненттерін өзгертіп қолдану, сол арқылы тың ассоциа-
ция туғызу. Мысалы, Абайдың уайым жеу тіркесін қайғы жеу, 
өсекке таңу дегенді өсекке салу, ауызға сөз түспеу дегенді тілге 
сөз түспеу деп беруі – кәнігі тіл нормасын бұзу емес, стильдік 
өң беру, өлең өлшемі, ұйқасы талабын өтеу т.б. сияқты әр алуан 
мотивпен жасалған құбылтулар. Сөйтіп, Абайдағы лексикалық 
жаңа сөздер бірнеше түрлі мақсат көздеп жасалынған: бірі – 
шығармаларының әр қырлы тақырыбына қарай өзі қолданған 
жаңа ұғымдарды қазақтық атау, бұл салада әсіресе дерексіз 
ұғым атаулары көзге түседі, екіншісі – образ жасау үшін 
стильдік жаңа сөздер қолдану, бұған -сы жұрнағымен келген 
етістік сөздері дәлел болады. Абай тілінде сол кезеңдегі жалпы 
қазақ тілі үшін жаңа сөздер болып табылатын бірсыпыра атау-
лар еркін және молынан қолданылған. Бұған әсіресе әлеуметтік 
саяси-экономикалық мәдениет, оқу-білім салаларына қатысты 
мағына жаңғырту арқылы және өзге тілдерден сөз қабылдау 
арқылы жасалған жаңа тұлғалар жатады. Бұл реттегі Абай 
тілінің ерекшелігі кейбіреулерінің мағыналары айқындалып, 
бір ғана ұғымда тұрақталып, терминдік дәрежеге көтеріледі 
(шаруа, жатақ, арыз, іс, қыізмет, өсім, болыс, партия, кан-
дидат т.б.).
Әдеб.: Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. - Алматы, 
1968; Сыздықова Р. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби 
тілінің тарихы. - Алматы, 1984.


353


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   180




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет