Р. Сыздык 1-том indd



Pdf көрінісі
бет163/180
Дата19.02.2023
өлшемі1,9 Mb.
#69286
түріБағдарламасы
1   ...   159   160   161   162   163   164   165   166   ...   180
Байланысты:
Абай Р Сыздықова

Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей 
Жырын тыңда Дулаттың...
Мұндағы тақырып – ақынды таныстыру, алдыңғы 8 тармақ 
екі-екіден бөлініп, өзара ұйқасқан (нуынан, буынан, суынан), 
ең соңғы 10 тармақ жоғарғы ұйқастан тыс Дулаттың деген 
сөзбен аяқгалады. Келесі 6 жол – бір шоғыр, мұндағы тақырып 
– жырын тыңдауға шақырған ақынның қандай екендігін таны-
стыру, бұл шоғырдың өз ішінде ағызып, тамызып, тойында, 
ойында деген ұйқастары бар, ең соңғы жолы Дулаттың деген 
сөзбен аяқталады да алдыңғы шоғырдың соңғы тармағымен 
ұйқасады. Алты жолдық 3-шоғыр да ақындық қуатты 
танытуға арналған. 4-шоғыр осы ақындық қуатты неге, кімге 
жұмсайтынын білдіреді, соңғы тармағы улаттым деген сөзді 
ұйқасқа шығарады. 5, 6-шоғырлар да осылайша әрқайсысы 
бір-бір шағын идеяны сөз етіп, ең соңғы тармақтары арқылы 
өзара ұйқасады. Сөйтіп, алты шоғыр бір ұйқасқа құрылып, 
өлең тұтастығын құрайды. Бұл – нағыз жазба поэзия үрдесінен 
шыққан композиция. Дулаттың едәуір шығармасы осындай 
құрылыммен ұсынылған. Бұл тәсілдің алғашқы көрінісі Дулат-
тан басталса, оны жүйеге айналдырып, әрі қарай бекіткен Абай 
екенін білеміз.
Жоғары дамыған поэзияның басты белгілерінің бірі – 


347
поэтикалық образдар жүйесінің әр сипатты, алуан түрлі бо-
лып келетіндігі. Поэтикалық образ жасаудың тілдік механизмі, 
яғни образдың тіл арқылы берілуі де Дулатта дағдыдан тыс, 
жаңа түрлерімен көрінеді. Мысалы, мағыналары жағынан бір-
бірімен тіркеспейтін сөздер болады. Айталық, дерексіз (аб-
стракт) ұғым атауы мен деректі (нақты) заттардың немесе адам 
мен жан- жануарлаға тән сын-сипат пен іс-қимыл атаулары 
бір-біріне жуыспауы керек. Ал көркем әдебиетте, оның ішінде 
поэзия тілінде образ жасау үстінде мұндай мағыналық кереғар 
сөздерді тіркестіру – ұтымды көркемдеуші амалдардың бірі 
болып саналады. Мысалы Абай жүрегім менің қырық жамау 
қиянатшыл дүниеден дегенінде ауылдары алшақ сөздерден 
қырық жамау жүрек, қиянатшыл дүние деген соны тіркестер 
жасаған. Бұл тіркестерді құрап тұрған сөздер – тіркесімдік 
қасиеттері бір-біріне жуыспайтын элементтер: қырық жамау 
не киім, не төсек-орын болса керек, ал бұл жердегі жүрек сөзі 
«көңіл, сана-сезім» мағынасында тұр, демек, дерексіз ұғым ата-
уы. Соған қарамастан, бұлар тіркесіп, «көп жапа шеккен, зар 
илеген көңілім, ішкі дүнием» дегеннің соны образын жасауға 
жұмсалған. Қиянатшыл дүние де осы іспеттес. Қиянатшыл 
адам болса керек еді, бірақ Абайдың дүниесі қиянатшыл 
сипатқа ие болып тұр. Міне, осы тәсілді көпке дейін Абайға 
орыс әдеби тілінің әсерінен пайда болған тың амал деп келдік, 
өйткені, бұл XIX ғасырдағы орыс поэзиясында кеңінен өріс 
алған ұтымды тәсілдердің бірі болғаны аян. А.С.Пушкин, 
М.Ю.Лермонтовтарды оқып, игеріп, оларды аударуға барған 
Абайдың назарына, әрине, орыс тілінің көркемдеу амалдары 
ілігуі мүмкін. Бірақ дәл осы тұста Абайға орыс көркем сөзі 
емес, қазақтың төл поэзиясының тілі үлгі болған. Ілгерірек 
уақыттардағы ақын-жыраулар тілінде бұл амал ара-тұра 
кездесетін болса, XIX ғасыр ақындарында едәуір жандана 
бастайды. Әсіресе Дулат өлеңдерінен әділетке шөлдеу, жыр-
мен жуыну (Кеудеме қайғы толған соң, Тұнық жырмен жу-
ынам), арманды төгу (Күндіз күлкі бермеген. Түнде ұйқы бер-
меген. Көзінен төкті арманды), жетімдіктің белі, көңілдің 
құтысы сияқты тіркестердің, сонылығы осылар қатысқан 
өлең жолдарының экспрессиясын (әсерін) күшейтіп, бұрын 
айтылмаған тың образдар жасап тұр. Мысалы, Әкеңнің айтқан 
аз сөзін құтысына көңіліңнің төгіп алма, дәлдеп құй деген 


348
жолдарында ақын көңілдің құтысы, ақылды құтыға құю деген 
тіркестерді «қиыннан қиыстырады», өйткені бұлардағы сөздер 
«түтіні бөлек»дүниелер: құты – нақты зат, сауыт, ал көңіл – 
қолмен ұстап, көзбен көріп, құтыға салуға болатын нақты зат 
емес, соңдай-ақ оны суша, сүтше құюға да болмайды. Бірақ 
поэтика, яғни өлең тілі бұлайша «норма бұзуға» бара алады. 
Көркемдеу тәсілдерін іздеу, оларды құбылтып отыру – асқан 
зор талант иесінің, қас шебердің, үлкен ақынның арқалайтын 
жүктерінің бірі.
Жалпы өлең сөздің, оның ішінде жазба поэзияның да 
көркемдік сипатын танытатын тәсілдердің және біреуі – 
белгілі бір затты, құбылысты, іс-әрекетті бейнелей суреттеп, 
өзгеше атау болса (оны ғылымда перифраз деп атайды), мұнда 
да ақынның тапқырлық, әр нәрсенің қыр-сырын танушылық 
қабілеті күшті болмаққа керек. Бұл орайда да Дулат ақынның 
сөз құдіретін танушылық қасиетіне тәнтіміз. Мысалы, өткен 
ғасырдың орта тұсындағы қазақ қауымының мәдени-әлеуметтік 
күй-жағдайын бейнелейді: Толқынды теңіз заманнан, Сенімді 
кеме болмаса, Жел қайықтен өтер ме? деп, қалтылдаған 
қайыққа теңейді.
Теңеу, салыстыру дегендер де – қазақ поэзиясы үшін кәнігі, 
көркемдеу амалдары. Дулат пен Абай сияқты ақындардағы 
қазақ құлағы үшін тосын теңеулер мен метафоралар да ақындық 
таланттың қүшін танытады. Мысалы, Дулаттың:
Күнәм жойқын, тәубем аз,
Тіршіліктен не таптым!
Дүние – жемтік, мен – төбет,
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып, әркіммен 
Не қапқыздым, не қаптым... – 
деген өлең жолдарындағы теңеулер мүлде тың. Бұрын жалған 
дүние, алдамшы дүние, қайран дүние деп сипаттап келген-
мен, дүниені жемтікке балау – қазақтың наным-сеніміне жат 
түсінік, ал ақынды сол жемтікті аңдыған төбетке теңеу тіпті 
шендестіруді «бастан асырып жіберу» болып көрінеді. Ойшыл 
ақын, парасат иесі – төбет бірде өзгелерге өзін қапқызады, бірде 
өзгелерді өзі қабады. Бұл – өмір шындығы, бірақ сол шындықты 
суреттеу сипаты соны. Ол – ең алдымен, өзіне дейін сан ғасыр 
бойы қазақ қауымының көркемдік-эстетикикалық қажетін


349
өтеп келген ақын-жыраулар поэзиясының, бай ауыз әдебиетінің 
барша байлығын шебер, еркін пайдаланған ақын. Мысалы,
оның өлеңдеріндегі тұғырдан түсу, олжаны ортаға салу, 
жағасы сөгілу сияқты етістікті тіркестер де, айбарлы ақ орда, 
шаншулы найза, алтын қарғылы арлан, кең қоныс, еркін 
өріс сияқты эпитетті тіркестер де – кәнігі, баршаға ортақ 
дүниелер. Ақын құдіреті – осыларды орнымен, шебер жара-
та білгендігінде. Дулат – Абайдың алдында өткен қазақ сөз 
зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Дулатты ауызша тарап кел-
ген ақын-жыраулар тілі мен Абай бастаған жазба әдеби тілді 
жалғастырған көпір деп тану қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   159   160   161   162   163   164   165   166   ...   180




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет