13
1 ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ
ҚЫРЫ
1.1 Сөз өнерінің төркіні һәм айтыс өлеңдерінің алғашқы түрлері
Сөз (тіл) – адамзат тіршілігімен бірге жасасып, қалыптасып, дамып келе
жатқан құбылыс. Жер бетіндегі жанды тіршілік атаулыдан адамды айырып
ерекшелейтіні – оның тіршілік иесі екендігін айғақтайтын артықшылығы да,
адамның ойлау санасы мен сөйлеу мүмкіндігі бар екендігі. Сонымен, анық
ақиқат – адам адам болғалы сөз (тіл) бірге жасасып, адамзаттың қарым-
қатынас, яғни сөйлесу, ұғынысу, ақпарат алмасу құралы болып келе
жатқандығы.
«...Сөз өнерін – бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және
күрделісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, асырып айтқан
болмаймыз. Қазақ халқының «Өнер алды – қызыл тіл» деген білгір тұжырымы
да тегіннен тегін тумаған-ды» [5, 13 б]. Қазақ публицистикасының
қалыптасып, даму жолдарын зерттеуші ғалым Б.Жақып: «Адамзаттың асыл
қасиеттерінің бірі – сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі
адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған не бір
оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен
айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз» [6, 3 б.], деп пікір
білдіреді.
Кез келген рухани немесе материалдық құндылықтардың алғышарттары
ой-сана таразысында пісіп жетілгенімен оның өмірге келіп, адамзат кәдесіне
жарауы сөз (тіл) арқылы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат, жәдігер болып
қалатындығы белгілі.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – деген халық даналығы
бекерге айтылмаса керек. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Сөз –
сүйектен, таяқ – еттен өтеді», «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады»,
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», – деп сөз қадірін ертеден түйсінген
халқымыздың өмір сүру философиясының түп төркіні де сөзбен, тілмен
байланысты дамыған.
Қазақтың кең байтақ даласында тіл тұтастығының сақталуы да көшпелі
жұрттың сөз өнеріне деген өзіндік ықыласын танытса керек. Алтай таулары мен
Маңғыстаудың қойнауында қоныстанған қазақтың тілі де, ділі де, діні де ортақ.
Әрине, тілде аздаған диалект болуы мүмкін, бірақ ол жалпы тұтастыққа
ешқандай нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Атшаптырым аймақта қоныстанған
көптеген ұлт-ұлыстар бір-бірін тілмашсыз түсіне алмайтын жағдайлар болады.
Еуропаның бес бірдей мемлекеті сиып кетердей аумақта отырған қазақ
халқының ұлттық болмыс, нақыш бояуларының ғасырлар бойы өз сипатын
жоғалтпай тұтастығын сақтауы таң қаларлық құбылыс. Әрине, зерттеуші
ғалымдарымыздың, тарихшыларымыздың бұған айтар уәж, пікірлері мол. Ең
алдымен көшпелі жұрттың бір-бірімен қоныстас болып, аралас жүруі тіл
тұтастығы сақталуының негізгі алғышарты, – дейді. Бұл уәжді біз де
қолдаймыз. Дегенмен де почта, телеграф сияқты байланысы жоқ көшпелі
14
дәуірде ел мен жердің, тілдің тұтастығын сақтап қалуда, далалық ақпарат
таратудың рөлі қандай болған деген әуестік әркімдерді де қызықтырары хақ.
Белгілі журналист-ғалым Қ. Шамақайұлы «Азаматтық журналистика бізге
жат емес» атты ғылыми мақаласында: «...Азаматтық журналистиканың дәстүрі,
тарихы тым әріде жатқанын аңғару қиын емес. Мерзімді баспасөз пайда
болудан бұрын қоғам өміріне, заман ағымына баға берген, оның дамуына ықпал
еткен еш нәрсе болмады деуге келмейді. Журналистикадан бұрынғы кезеңдерге
жатқызылатын
ауыз
әдебиеті,
жазба
мұралардың
өзінде
қазіргі
журналистиканың элементі жоқ деп айта алмаймыз», – [7, 92-93 бб] деп пікір
білдіреді.
Сондай-ақ зерттеуші-ғалым қазақ халқының ежелгі мәдениетінде, көшпелі
өмір салтында да адамзаттық журналистиканың классикалық үлгісінің элементі
жатқандығын айтады. Бұдан әрі автор өз сөзін: «Алыстан алты жасар бала
келсе, алпыстағы шал барып сәлем береді» деген сөздің түпкілікті мәнін
сапардан оралған жан мейлі үлкен болсын, мейлі кіші болсын оның көпті
көретіндігін, көрген-білген адамда жақсылықтың (ақпараттың) болатындығын,
жаңалықты білудің, хабар-ошар алудың маңыздылығын осы бір ауыз сөздің өзі
меңзеп тұрған жоқ па? деген ойларымен сабақтастырады.
Зерттеуші, ғалым Гауһар Әлімбек «Сөз мағынасы және ақпарат» атты
ғылыми еңбегінде сөздің ақпараттық сипатын былайша саралайды:
«-Сөз – ақпарат сақтаушы тілдік бірлік,
- Сөз – ақпарат жеткізу немесе тарату құралы,
- Сөз – ақпарат алу құралы,
- Сөз – ақпарат алмасу құралы,
- Сөздің грамматикалық мағынасы және ақпарат» [8, 164 б.].
Жалпы, тіл туралы, сөз өнері туралы тереңнен толғап, зерделі ой-пікір
білдірген ұлттың ғұлама ойшылдары, ғалым жазушылары көптеп саналады.
Белгілі тілші-ғалым Х. Нұрмұқанов өзінің «Сөз және шеберлік» атты
зерттеу еңбегінде осы жайға жан-жақты тоқталған.
«Сондай-ақ бұл проблема «Сөз өнері», «Өрелі өнер», «Жазушы және сөз
мәдениеті», «Сөзстан», «Стиль сыры», «Журналист және өмір», «Қаламгер
және
уақыт»
жинақтарымен
белгілі
ақын,
жазушыларымыздың,
сыншыларымыздың, ғалымдарымыздың (мәселен, Ғ. Мүсіреповтің «Суреткер
парызы», Ғ. Мұстафиннің «Ой әуендері», Ә. Тәжібаевтың «Өмір және поэзия»,
«Жылдар, ойлар», Т. Нұртазиннің «Шеберлік туралы ойлар», Б. Кенжебаевтың
«Шындық және шеберлік», З.Қабдоловтың «Жебе», Қ. Мырзалиевтің «Сөз
сиқыры», М.Балақаевтың «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері», Н. Уәлиевтің
«Сөз мәдениеті» т.б.) еңбектерінде қаралып, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газетінің
«Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Шеберлік туралы әңгімелейміз» рубрикалары
желісінде ұзақ жылдар бойы үзілместен сөз болып келеді» [9, 7 б.].
Бұл келтірілген деректер 1987 жылға дейінгі уақыттың кейбір еңбектерін
қамтыса, 1985 жылғы сәуір самалынан кейінгі қазақ тілінің тағдыры туралы
тереңнен қаузап, ашық, батыл жазылған шығармалар қаншама?
Сөз, тіл өнері, оның тағдыры туралы жазылған, айтылған толғақты пікірлер
жүздеген томдарға жүк болары сөзсіз.
15
ХІХ ғасырда қазақтың ойшыл ақыны Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де
түзел» десе, ХХ ғасырдың басында А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев,
С. Сейфуллиндер ұлт тіліне, сөз өнеріне қатысты ұрпаққа ұлағат болар
толғамды пікірлер айтқан болатын. Алыптар тобының бұл аманатын М. Әуезов,
С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафиндер тереңдете түсті.
Қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткері, ұлт зиялысы
А. Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.) еңбегінде сөз өнері, тіл
қисыны, сөз өнерінің ғылымы туралы теңдессіз теориялық қағидалар жазды.
«Тіл күшіне өлшеу жоқ, тіл көркемдігіне теңеу жоқ. Тіл өлгенді де
тірілтеді. Әлдеқашан қайтыс болған прототиптерді тіл жасаған ұлттық образдар
тірілтіп көз алдыңа әкеледі. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу.
Не өткір? Сөз өткір. Сөз құдіреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп
көрсете алады. Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды
тастай ете алады. Кірлі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлей алады. Түрлі-
түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе мен тіл байлығын таңдар едім.
Өйткені тіл байлығы – бәрінен сенімді байлық. Мұралардың ең қымбаттысы –
сөз. Сөз Күн шалмас қараңғы көңілді шалады, Күн жылытпас суық көңілді
жылытады. Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адам да, асыл
нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды». (Ғ. Мұстафин) [9, 14 б.].
Адамзаттың асыл қасиеті – сөз өнерін осылай деп бағалайтын болсақ, сөздің
асылы мен жауһарының алтын қазынасы саналатын айтыс ақындарының,
жыраулардың шығармашылық жәдігерлері халық үшін таптырмас құнды дүние
болмақ.
Халық публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын тереңнен қаузап,
зерттеген ғалым Б.Жақып бұл туралы өз еңбегінде көрсеткен: «Мемлекеттің
пайда болуымен бірге қоғамдық өмір де күрделене түсті, түрлі саяси
құрылымдар мен кәсіби саясаткерлер орын алды. Дәл осы кезде қоғамдық
ақпаратты таратуда қалың бұқараның ішінен өзінің көсемдігімен, ақыл-ой,
парасаттылығымен оқшауланып, суырылып шыққан шешендер белсенді рөл
атқарды» [6, 8 б.].
Қазақ ауыз әдебиеті тарихын зерделер болсақ, сөз өнерінің тізгінін ұстаған
би-шешендер, ақын-жазушылар өздері өмір сүрген қоғамның саяси-әлеуметтік
жағдайынан немесе халық мүддесінен тысқары болмаған. Қайта олар сол
қоғамның барлық қайшылықтары мен мақсат-мұраттарын өздерінің рухани
шығармашылығына арқау еткен.
Атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға ауысып фольклор үлгісінде
қазіргі заманға жеткен халық шығармашылығының асыл жәдігерлері әр
кезеңнің, әр қоғамның болмыс-бітімінен сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты белгілі
дәрежеде ақпаратпен қамтамасыз етті. Мәселен, «осыдан шамамен ХХХ
ғасырдай бұрын Еділдің шығысындағы ұлы Тұран жерінде, мал баққан спитама
жұртында, киіз туырлықты көшпелі Порушоспаның отбасында дүниеге келген,
адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар, ақын Заратуштра:
Біз тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа,
Күнге сиынамыз.
16
Күн жарық шашқанда,
Күн жылу шашқанда,
Жүз мыңдағандар
Құдіретті сезінеді,
Содан соң Мазданың
Сыйлаған жерінде
Жарық-нұр салтанаты үшін
Бақытын табады әркім
Бақыт сыйлайды әркім» [10, 14 б].
Көне түркі тегін, тарихын, дәстүр-салтын зерттеуші ғалымдар осыдан отыз
ғасырдай бұрын өмір сүрген Заратуштра ақынның осы мұралары арқылы,
қажетті ақпарат, мәлімет алары сөзсіз. Сондай-ақ Заратуштра заманындағы
бағзылық бабалардың діни наным-сенімдері тұрғысынан да біраз сырды
аңғаруға болады.
Екі мың жылдық дала жырын зерделей отырып, халқымыздың тұрмыс-
тіршілігін, наным-сенімін, қоғамдық болмыс-бітімі мен ой-өрісінің кемелдігін
тануға жетерлік мол ақпарат қоры бар екендігіне көз жеткіземіз.
Сөз (тіл) қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сондай-ақ насихат жыршысы
да. Жоғарыда келтірілген Заратуштра ақынның жырынан біз тек ақпарат қана
емес, сол заманның идеологиялық, яғни, насихатшылдық бояуын да байқаймыз.
Біздің заманымызға дейінгі 760 жылдар шамасында өмір сүрген Қарлұқ
Кегменер Үлгеұлынан қалған мұраға зер салып көрелік:
«Шығыстан келген қорқаулар тонауда туған жұртымды,
Құтқарар шара таба алмай, жүрегім менің бұлқынды.
Сүліктей сорып қандарын, өшірді талай түтінді,
Ұмытқалы қашан, бауырым, тамаша менен күлкіні.
Үстінде лыпа, қамбада түйір дәні жоқ,
Сонда да қиын боп тұр-ау толтыру апан-құлқынды.
Ерте ме, кеш пе, сенемін, бізге де бір таң атар,
Көрерме ем сонда тіріліп, «менменсінген шіркінді» [10, 18 б.].
Есте жоқ ескі дәуірден бүгінге жеткен осынау жыр-жәдігер қадым
заманның қатыгез тарихынан сыр шертіп, бабалардың зар-мұңынан хабардар
етіп тұрған жоқ па?
ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда тасқа таңбаланған бабалар аманаты сол дәуірдің
тарихи тұрпатын ғана баяндап қоймайды, сондай-ақ бағзылық бабаларымыздың
адами болмыс-бітімі, ақыл-ой кемеңгерлігінен де мол мағлұмат береді. Орхон
ескерткіштері деп аталатын «Күлтегін», «Тоныкөк» жазбалары бүгінгі ұрпаққа
жетіп отырған рухани құндылықтарымыздың асыл жәдігерлері емес пе?!
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, сөз өнерінің өшпейтін
құдіретіне тағы да куә болып, риясыз бас иесің.
«Дала поэзиясы – қазақи дүниетануды түсінудің, халықтың өзін-өзі
тануының қайнар бұлағы. Мұнда дүниенің қазақы ұлттық түсініктегі бейнесі,
философиялық және поэтикалық астары қабыса, асқан көркемділікпен
кестеленген. Халқымыздың кемел ойы, пәк гуманизмі, асыл мұраты, терең
сезімі, ұлт болып ұйысу тарихы, өкініштері мен сүйініштері – бәрі – оның
17
поэзиясында сайрап жатыр. Қазақ поэзиясы – қазақ халқының рухани
эволюцияның шежіресі іспетті» [10, 7 б.].
ХІІ ғасыр өкілі әйгілі Қожа Ахмет Иассауи заманына зер салып көрелік:
«...Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбаған,
Ғазиз жаның – аманаты Алланың.
Харамдықпен, ұқ, жиған мал – жалғанын,
Қарыш атты жылан қылар малыңды.
Дәурішпін деп жұрт алдында дәрпілдеп,
Жүз құбылып зар жүгірер әркімге.
Құдай үшін құлдық ұрмай нарқың не,
Шын дәуріштің тау мен шөп қой мекені...» [10, 49-50 бб].
Қожа Ахмет Иассауи заманы ежелгі қазақ даласында өзін исламның кең
қанат жаюымен қарастырылатыны да сол уақыттардан жеткен рухани
жәдігерлердің ақпараттық, насихатшылдық сипатынан деп түсінгеніміз
ойымызды қуаттай түседі.
Кеңестік идеология, коммунистік көзқарас аз ұлттарды бұратана халық деп
есептеп, олардың жазу-сызу өнері, ғылым-білімі болмаған, жабайы
көшпенділер деп қарауы тәуелсіздік таңы атқанға дейін жалғасты. Шовинистік
пиғылдағы, кеудемсоқ Еуропа зиялыларының кейбір «ғалымдары» Шығыс
жұртына, оның ішінде Орта Азия халықтарына менсінбеушілікпен қарау әдеті
әлі де салқынын сездіруде. Заман түбегейлі өзгеріп, ақ дегенің адал, қызыл
дегенің қаныпезер болып жатқан тұста, ұлт тарихын әділдік таразысына қайта
тартып таразылайтын ақиқи заман туды. Ел тәуелсіздігі түп-тамырымызға
терең үңіліп, оны ақиқат тұрғысынан тануға мүмкіндік беріп отыр. Тегіміздің
текті болғанын енді танып, біліп жатырмыз. Білім мен ғылымның адамзат үшін
қандай қажет екендігін бабаларымыз ертеден-ақ айтып, насихаттағанын
көнеден жеткен рухани жәдігерлеріміз арқылы біліп, байыптай бастадық.
«Ахмет Жүйнеки ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында өмір
сүрген ақын. Өз заманының білімпаз оқымыстысы болғандықтан, ақынды
«Әдиб Ахмет» (әдиб – оқымысты, жазушы) деп атаған. Толық аты-жөні – Әдиб
Ахмет ибн Махмут Жүйнеки. Жасынан зағиптың мехнатын тартқан. Туып
өскен елі – Түркістан қаласының маңындағы Жүйнек деген жер.
Ақынның «Ақиқат сыйы» атты кітабы – тәлім-тәрбие, адамгершілік, білім,
имандылық туралы ақыл-кеңестер беретін дидактикалық үлгідегі шығарма.
Небәрі 466 жол өлеңнен тұрады. Жиырма шақты тақырыпқа бөлінген. Аруз
өлең өлшемімен, түркі тілінде жазылған» [10, 51 б.].
«Бақыт жолы білім арқылы білінеді», «Білімсіз надан – құны жоқ бақыр»,
«Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді?», «Білімсіз тірісінде көрде жатқан
өлік сияқты» [10, 52 б].
Міне, бұратана, білімсіз, ғылымға ықыласы жоқ деген халықтың өкілі ХІІ
ғасырдың өзінде-ақ осылай ой толғап, халықты білім мен ғылымға шақырады,
насихаттайды.
Екі мың жылдық тарихы бар дала поэзиясының бетін парақтаған сайын,
мұндай ақпарат, мағлұматтарға барынша қаныға түсеміз. Бағзы дәуір
18
адамдарының ой-санасы, адами болмыс-бітімі, әлеуметтік жағдайы, көзқарас-
пайымдарының барлығы сөз өнері арқылы бедерленіп, рухани жәдігер ретінде
бүгінгі күнге жетіп отыр.
ХХІ ғасырдағы озық ойлы адамзат өркениеті, ғылыми-технологиялық
прогрестің барынша жетілген тұсында осыдан жүз мыңдаған жылдар бұрын
жер қойнауында қалған затты немесе сүйекті зерттеп, ғылыми байлам жасап,
жаңалық ашып жатады. Тіпті сол кездегі жер беті климатын, жан-жануар,
тіршілік әлемі туралы нақты зерттеулер жүргізіліп, ғылыми тұжырым
жасалынады.
Ал ғасырлар керуенін көктей өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырған рухани
жәдігерлерге (сөз өнері үлгілеріне) экспонат ретінде немесе өткеннің бедері
ретінде немқұрайды қарау саяздықтың белгісі болар еді.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ә. Қоңыратбаев: «...Қазақ фольклорында мал
бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау, бақсылық нанымдары, діни әдет-
ғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдері көп. Орыстар «бытовые песни» десе,
біз оларды «тұрмыс-салт өлеңдері» дейміз. Бұлардың көпшілігі анонимдік
түрде туып, халық аузында сақталған. Кейбіреулерінде тотемизм,
мифологиялық ойлау, бақсылық ұғымдар мен діни әдет-ғұрыптардың да ізі
бар» [11, 32 б.], – дей келе, қазақтың бақташылық жырларының мәні мен
мазмұндық ерекшелігіне жан-жақты тоқталады: «Төрт түлік мал жайындағы
жырлардың өзі тілек – бата түрінде айтылады.
Шаруаның бір түлік пірі – Шопан
Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.
Қойды аңдыған бәленің бәрін құртып,
Бықпырт тиіп, үні өшсін қасқыр апан.
Мал бағу қамынан туған бұл жырлардың енді бірі жыр формасында
айтылған.
Мен бір тілек тілейін,
Ай мүйізді, шоқпақтай,
Шүйделері тоқпақтай,
Тегене құйрық қошқарлы,
Малды берсең қойды бер!
Ұлды берсең бойлы бер,
Ақылы ортақ ойлы бер.
Халық жылқының етін, түйенің күшін, сиырдың сүтін дәріптеген... Әрбір
түліктің бабы болған. Сиыр қалың нуға, қоры үзілген буға бітем десе, қой қара
тасқа, жабағы жеген насқа бітем, жылқы бетегелі белге, найза ұстаған ерге, түйе
ащы көп сорға, ел ішінде зорға бітемін деген. Бұл қандай малға қандай қоныс
жайлы дегенді білдірмек» [11, 32- 33 бб].
Біз ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тұрмыс-салт өлеңдеріне жататын төрт түлік
малға қатысты бақташылық жырлардан бірді-екілі ғана мысал келтіріп
отырмыз. Ойымызды осы мысал төңірегінен өрбітер болсақ, тұрмыс-салт
жырларының өзі байырғы ата-баба тұрмысынан, халықтың мал шаруашылығы
жөніндегі таным-түйсігінен мол ақпарат беретіндігіне көз жеткіземіз. Алдымен
«Келтірмей қу, пір ата, қойға топан», – деген сөйлемге назар аударалық. Бұл
19
жердегі пір сөзі діни-наным сенімді білдіреді. Пірге сиыну ислам дінінде
сопылық (суфизм) ағымына жатады. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен
сыйынбай», – дейді Жамбыл ақын. Яғни, пірге сыйынып, тілек тілеу сол
уақыттың діни көзқарасын айғақтайтын ақпар. Екіншіден, төрт түліктің қандай
адамдарға лайық екендігін білдіретін ойлары – халықтың тұрмыс тіршілігіне
байланысты айтылған. Әр түліктің адамға әкелетін пайдасы, береке-ырысы
турасында меңзейді. Мұның астарында үлкен мән, малмен көзін ашқан халық
үшін аса құнды ғибраттың жатқандығы шүбәсіз.
Рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі – айтыс өлеңдері. «Айтыс –
халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың
қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі
де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке
адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың
формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше
тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының
шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады» [12, 5 б.].
Академик, жазушы С. Мұқановтың бұл пікірі толығымен айтыс өнерінің
публицистикалық сипатын айқындап тұр, деп айтуға болады. Зерттеу
барысында келтіргеніміздей азаматтық журналистика функцияларын өнер
өкілдері оның ішінде, әсіресе, ақын-жыраулар атқарғандығын М. Әуезов,
С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов сияқты жазушы, ғалымдардың пікіріне жүгіне
отырып, көз жеткізуге болады. Бұл ойымызды М. Әуезовтың: «Айтыс әр
заманда күнделікті тіршілікке төтелей қатысы бар жанр болатын» [12, 12 б.], -
деген сөзі қуаттай түседі.
Сонымен бағзы дәуірлерден бері халықпен бірге жасасып, қалыптасып,
дамып келе жатқан айтыс өнері де әр заманның бедерін, уақыт тынысын
айшықтайтын рухани жәдігерлеріміздің ең маңызды саласы болып саналады.
Айтыстың даму жолдарын зерттеуші ғалым М. Жармұқамедов өз еңбегінде
өнердің осы түрі туралы толғамды пікір білдірген үш зерттеушінің ойын
салыстырмалы түрде төмендегіше саралайды: «С. Мұқанов өз зерттеулерінде
қазақ айтыстарын:
1. Әдет-ғұрып;
2. Қайымдасу;
3. Жұмбақ айтысы;
4. Дін айтысы;
5. Ақындар айтысы деп топтастырады.
Бұл жерде автор жұмбақ айтысы мен дін айтысын жеке түр есебінде
ақындар айтысынан бөліп алып, оны тудырушылардың да бір кезде ақындар
болғанын, бұл айтыстардың мазмұн-сипаты мен жалпы ақындар айтысының бір
түрі екенін ескере бермеген тәрізді.
Орта мектепке арналған қазақ әдебиеті оқу құралында Қ. Жұмалиев
айтысты:
1. Бәдік айтысы;
2. Жар-жар;
3. Мал мен адамның айтысы;
20
4. Өлі мен тірінің айтысы;
5. Жұмбақ айтыс;
6. Салт айтысы; а) қыз бен жігіт айтысы;
б) ру айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар, – деп жетіге бөледі.
Мұнда ақындар айтысы салт айтысына қосылып талданып, өзіндік беті
айқын, өзекті сала – ақындар айтысының ара-жігі дараланып ашылмай қалған».
[13, 13-14 бб].
С. Мұқанов пен Қ. Жұмалиев пікірлерімен толық келіспеген
М. Жармұқамедов: «Қазақ айтыстарын жіктеп топтастырудағы кейбір даулы
мәселелер М.О. Әуезов зерттеулерінде ғылыми дұрыс шешімін тапқандығын»
[13, 14 б.] айтады. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті тарихының» алғашқы кітабы мен
соңғы басылуындағы айтысқа байланысты жазған тарауларында айтыс
өлеңдерін ірі екі топқа бөліп қарастырған. Олар:
1. Әдет-ғұрып айтысы;
2. Ақындар айтысы. Автор әдет-салт айтысына «Бәдік» пен «Жар-жарды»,
ал ақындар айтысына рушылдық, жұмбақ, дін айтыстарын жатқызады [13, 14
б.].
Осы жерде пікірлері келтірілген үш зерттеуші де (С. Мұқанов,
Қ. Жұмалиев, М. Әуезов) оларға өзіндік ғылыми байлам жасаған
М.Жармұқамедовтың жазбасында да бір анықтаушы сөз жетпейтін сияқты.
Біздің пікірімізше, қазақ айтыстарын топқа емес, түрге бөлген дұрысырақ болар
еді. Топтастыру жекелікті біріктіру ұғымына саяды. Ал түрге бөлу, бүтіндіктің
реңк – сипатын білдіріп тұрады. Мұны айтып отырғандағы себебіміз – Айтыс
өнері біреу. Уақыт, қоғам, дәстүр аталмыш өнерге (немесе рухани құндылыққа)
әр түрлі өң сипат, өзгеріс беріп отырған. Халықтық сипатқа ие болған, күй,
өлең-жырдың да авторы бар. Тарихта қалған жалғыз шумақ жырдың да авторы
бар. Жазу-сызудың болмауы салдарынан көптеген рухани құндылықтар халық
еншілігіне айналған.
Сондықтан да, айтыс өлеңдерін мазмұндық, пішіндік өзгешеліктеріне орай
ғалымдарымыз келтіргендей үш түрге бөліп қарастырғанның еш сөкеттігі жоқ.
Мысалы:
1. Әдет-ғұрып, салт айтысы: а) «Аужар», б) «Бәдік», в) «Жар-жар», г) «Мал
мен адамның айтысы», д) «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», ж) «Өлі мен
тірінің айтысы».
2. Қайымдасу айтысы: а) «Жұмбақ айтыс», б) «Дін айтысы», в) «Қыз бен
жігіт айтысы».
3. Әлеуметтік айтыс: а) «ХХ ғасырға дейінгі елдік-әлеуметтік айтыс», б)
«Қазіргі кездегі ұлттық сипаттағы айтыс».
Айтыс өлеңдерін мазмұн, пішініне қарай осындай үш түрге бөліп
қарастырсақ, ештеңеден ұтылмайтын сияқтымыз. Керісінше, ғасырлар бойы
қалыптасып, дамып келе жатқан төл өнеріміз – Айтыстың болмыс-бітімі
бөлшектенбей, өзінің тұтастығын, тамыры тым тереңде екендігін таныта түсері
хақ.
21
Ендігі мәселе – ауыз әдебиетінің бай мұрасының бір саласы болып
саналатын айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызына тереңірек
тоқтала кетсек. Сенім мен үмітті үздірмей, халықты үнемі келер күнге, болашақ
заманға жетелеп жігерлендіріп отыратын сөз өнері екендігі табиғи заңдылық.
«Тар жол, тайғақ кешудің» небір зобалаң сәттерінде де халқымыз болашағынан
күдер үзбеген:
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,
Сонда да үміт үзбе бір Алладан,» – деп ел аузында қалған осындай жыр
шумақтарынан немесе даналық сөздерден жан дүниесіне қуат алып, еңсесін
тіктеген. «Болған іске болаттай берік бол», «Сабыр түбі – сары алтын», «Кештік
өмірің болса, түстік мал жина» сияқты мақал-мәтел, қанатты сөздерді өздеріне
демеу тұтқан.
Сөз құдіреті адамды рухани тұрғыдан ғана қанаттандырып қоймаған, ол
сондай-ақ тәнге, яғни, биологиялық болмысқа да әсер ете білген. «Дертке дауа
жоқ деме», «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», «Ауырып тұрдың,
аунап тұрдың» сияқты сырқат жанға медеу болар дуалы сөздерді халық
даналығынан көптеп кездестіруге болады.
«Әр айтылған сөздің бойында өзіндік энергия бар. Қазіргі таңдағы
адамзаттың бүкіл әлемді жайлаған жаңалығының мағынасы – адам
мүмкіншілігі шексіз, оны тек дамыта алу керек. Яғни, адамның ең басты
қаруларының бірі – сөз күші. Сыртқа айтылған әрбір сөз, тіпті әрбір ой айналып
келіп өз болмысына ие болады» (А. Кәрібаева «Ана тілі газеті» 2008 ж. №52).
Газет бетіне «Сөз сиқыры» айдарымен жарияланған автордың бұл мақаласынан
«Жүйелі сөз жүйесін табады, Жүйесіз сөз иесін табады» деген халық
даналығының шындығына тағы да көз жеткізе түсеміз.
Сөз өнерінің ықпалы халықтық педагогикада үлкен рөл атқарған.
Перзенттің дүниеге келуінен, тоқым қағарға дейінгі аралықты қамтитын
тәрбиелік-тағылымдық мәні зор ырым-жоралғылардың барлығы сөз құдіреті
арқылы іске асып, дәстүрге айналған.
Ауыз әдебиетіндегі қиял-ғажайып ертегі, әфсаналардың өзі шындыққа
айналып («саққұлақ», «таусоғар», «көлтаусар», «ұшқыш кілем», т.б.), халық
медицинасы мен педагогикасын қазіргі ғалымдарымыз мойындап жатқан тұста,
бағзы дәуірден жеткен рухани мұраларымызға, оның ішінде сөз өнері түрлеріне
неге зейін қоймасқа?! Мысалы, айтыстың «Жар-жар» түрінде келтірілген
төмендегі шумақтарға зер салып көрелікші:
«Жігіт:
Қызыл қыршын замандас,
Қызыл қыршын, жар-жар-ау!
Қызыл қыршын ішінен
Қырғи ұшсын, жар-жар-ау!
«Әкем бар» дер арқаға
Медеу қылма, жар-жар-ау!
Алып кетер мал берген
Сен бір құссың, жар-жар-ау!
22
Қыз:
Түндігімнің төрт бауы
Бас буымды, жар-жар-ау!
Алты жеңгем сұрайды
Шашбауымды, жар-жар-ау!
Алты жеңгем сұраса,
Аласың да, жар-жар-ау!
Айналайын, жан әкем,
Қаласың да, жар-жар-ау!» [14, 18 б.].
Айтыстың «Жар-жар» түріндегі осы мәтіннің толық нұсқасын оқығанда
түсінгеніміз қыз бен жігіт сөз қағысуы барысындағы этикалық ұстанымның
биік дәрежесі дер едік.
Ұлт дәстүріндегі әдептілік пен ізеттілік, сыйласу үлгісі қыз бен жігіт
арасындағы айтыс түрлерінде көбіне жақсы сипат береді. Ата-ана, бауырларды,
өскен орта, туған жерді қимай, оған өзінің жүрекжарды сүйіспеншілік лебізін
білдіруі қазақ қызының биік парасатын танытып тұрған жоқ па?! Осы бір
шағын мысалымыздың өзінен ұлттық дәстүрдің озық үлгісін байқаумен қатар,
сол кезеңдегі тұрмыс-салттың да кейбір көріністерінен ақпарат алуға болады.
«Алып кетер мал берген, сен бір құссың, жар-жар-ау» сөздері сол уақыттағы
қыз алу жоралғыларынан хабар берсе,
«Түндігімнің төрт бауы
Бас бауымды жар-жар-ау!
Алты жеңгем сұрайды
Шашбауымды, жар-жар-ау!» – деген жыр жолдары дәстүрдің бағзыда
болған салттарынан сыр аңдатады.
Айтыстың ең көне түріне жататын «Бәдік» айтыстың мазмұны дерліктей
халықтың тұрмыс-тіршілігін, ел-жер сипатын, табиғаты, адамдардың зерде-
зейіні, таным-түйсігін боямасыз түрде алдыңызға жайып салады.
«Көшер болсаң, әй бәдік, Меккеге көш,
Кемпір миын мүжіген шекеге көш...
...Көшер болсаң, әй бәдік, Арқаға көш,
Қарағайды қақ жарған жөңкеге көш» [14, 27 б.].
Жырдағы «Мекке» атауына қарағанда айтыстың «Бәдік» түрі қазақ
даласында ислам діні орнағаннан кейін де, тіпті бертінге дейін жалғасып,
сақталып кеткендігін айғақтайтын сияқты. Әсіресе, тұрмыс-тіршілігі тікелей
мал өсірумен шұғылданатын қазақ халқының болмыс-бітімі «Бәдік»
жырларында айқын көрініс табады.
Сонымен, кезінде В. Бартольд, В.Радлов сияқты әйгілі зерттеуші-
ғалымдардың өздері таң қалып, мойындаған, қазақ тілінің қасиеті жайында
біраз мәселенің басы ашылғандай. «Түрік тілдес халықтардың ішінде,
тілдерінің ішіндегі ең бай, ең шұрайлы, ең түп-негіздерін сақтаған, ең әдемі, ең
бұлбұл тіл – қазақ тілі» [16, 9 б.] , – деп баға берген шетел ғалымдарының
пікірі ұлттық сөз өнеріміздің өресін биіктете түседі.
23
«Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» (Қаз дауысты Қазыбек би) деген
қанатты сөздің қадір-қасиетін бағамдай отырып, жоғарыда келтірілген ой-
тұжырымдар негізінде мынадай қорытындылар жасаймыз:
- сөз – адамзат руханиятының басты өлшемі. Жер бетіндегі саналы тіршілік
иесі адамның барлық іс-қарекеті, тұрмыс-тіршілігі, өнер-мәдениеті, ілім-білімі,
шаруашылығы, саясаты т.б. өмір сүру заңдылықтары тіл (сөз) арқылы жүзеге
асып, ғаламзат даму эволюциясының негізгі тетігі ретінде қарастырылады;
- халқымыздың ұлттық руханиятын танып-білу тенденциялары оның басты
қайнар көзі тілінде (сөзінде) екендігін танытады. Ананың сүті, бесіктің
әлдиімен тұла бойына дарыған танымдық қасиеттердің қуаты да жас ұрпақтың
санасына сөз арқылы дарып сіңетіндігін ұлтымыздың ғасырлар бойғы бай
дәстүрінен анық байқауға болады;
- халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын зерделей отырып, бағзы дәуірде
өмір сүрген ата-бабаларымыздың таным-түйсігін, тұрмыс-тіршілігін сөз
жәдігерлері арқылы танып-білуге мүмкіндік алдық. Мұның өзі сөздің
ақпараттық сипатын айқындаумен қатар мол мағлұмат, дерек көзі екендігін
танытады. Осыдан отыз ғасырдай бұрын өмір сүрген адамзат тарихындағы
тұңғыш пайғамбар, ақын Заратуштра жырлары, біздің заманымызға дейінгі 760
жылдар шамасында дүниеге келген Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы мұрасы, ХІІ
ғасыр өкілі Қожа Ахмет Иассауи тәмсілдері, ХІІІ ғасырдың басындағы Ахмет
Жүгінеки өсиетнамалары өздерінің ақпаратты-танымдылық, насихатшыл-
тағылымдық қасиеттерімен бүгінгі ұрпақтың рухани кәдесіне жарап отыр.
«Өмірде ғалымның аты, қаламгердің хаты өлмейді», – деген халық
даналығының шынайылығын да осыдан байқауға болады;
- ауыз әдебиетінің арналы салаларының бірі – айтыс өлеңдері. Табиғаты
өлең-жырға жақын қазақ халқына сөз өнерінің бұл түрі ежелден етене екені
белгілі. Қайымдасу сипатында өмірге келген қазақтың тұрмыс-салт
жырларының өзі халықтың әдет-ғұрпы мен тіршілігінен мол ақпарат-мағлұмат
береді. Әдет-ғұрып, салт айтысы түрлеріне жататын «Аужар», «Бәдік», «Жар-
жар», «Мал мен адамның айтысы», «Жан-жануар, хайуанаттар айтысы», «Өлі
мен тірінің айтысы» сияқты жыр үлгілері сол дәуірдегі адамдардың дүниелік
көзқарасы мен таным-түйсіктерінен хабардар етумен қатар, халықтың сол
кездегі өмір сүру заңдылықтарынан да мол мағлұмат-дерек береді.
Осы айтылған қорытынды ойларды саралай отырып, сөз өнерінің
ақпараттық сипатына ғылыми пайымдаулар жасаған зерттеуші ғалым
Г. Әлімбектің мына пікіріне жүгінуді жөн санаймыз. «Адамзаттың ғасырлар
бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесі, таным-түсінігі оның тілінен көрініс
табады. Ұлттың тілі – оның тарихи жады, әрі бүгіні мен болашағы. Халықтың
кешегі өткені де, бүгінгі көрген-білгені мен танығанының бәрі де тілінен, сөздік
24
құрамынан, сөздік қорынан орын алады. Ұлттың тілін білмей, оны терең
зерттемей тұрып, оның жанын түсіну, өткеніне бойлап, бүгінгі жай-күйін ұғу
мүмкін болмаған болар еді. Тілді халықтың ең қымбат мұрасы, қазыналы
сарайы дейтініміз сондықтан. Халықтың тілі оның баға жетпес қымбат рухани-
мәдени мұрасы болатын болса, сол мұраны құрайтын әр сөзге аса құнды
жәдігер ретінде қарай білуге тиістіміз. Өйткені сол сөздердің әрқайсысында
халықтың қалыптасу, даму кезеңдеріндегі таным-түсінігі, жинақтаған білімі
бейнеленген [8, 27 б.].
Ұлт руханияты өткеннен нәр алып, бүгінге пайымдау жасап, болашаққа
бағыт алады. Осынау ұлы сабақтастық тіршіліктің күретамыр, алтын арқау
желісі іспеттес. Дамудың қандай сатысына көтерілмесін, ешқандай халық,
тарихтың тәмсілдерінен тағылым алмай, келешекке көш түземесі анық. Бұл
жолда адамзат баласының рухани қуаты тіл (сөз) өнерінің қызметі қашанда
шешуші рөл атқаратыны ақиқат.
«Егер туған тілім бүгін жойылар болса, мен ертең өлуге даярмын», - деген
дағыстандық авар ақыны Расул Ғамзатовтың сөзінде үлкен астар, үлкен ұлылық
жатыр.
Жер бетін мекендеген қаншама ұлт-ұлыстар болмасын, олар өз тілімен, өз
дінімен, салт-дәстүр, мәдениетімен ерекшелентіні белгілі. Солардың ішінде,
небір зұлмат қан-қасап замандарды бастан өткеріп, саясат пен отаршылдықтың
«ұлы» нәубеттерінің ащы дәмін татып, ХХ ғасырдың соңғы он жылдығына
сүйретіліп сүлдесі зорға жеткен туған тіліміздің, Тәуелсіздіктің таңы атқан соң,
тамырына қан жүгірді. Ғасырлар қойнауында құм басқан, түріктің текті тарихы
дүр сілкініп, әлем өркениетіне өршіл рухымен қайта араласты. Ежелгі Ғұн, Сақ,
Оғыз, Көк Түрік дәуірінің дидарғайып суреттері санамызда қайта жаңғырып,
өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай әсерге бөлендік. Ең бастысы – қазақ тілі,
сөзі өлмепті.
Қадым заманғы рухани қасиетімізді жадымызда қайта жаңғыртқан
өлмейтін, өшпейтін Сөз өнері, сөздің рухы екендігіне шүбәсіз иландық!
Достарыңызбен бөлісу: |