Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарындағы айтыстың



Pdf көрінісі
бет8/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

 
2.2 Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарындағы айтыстың 
идеологиялық маңызы 
ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдарының орта кезінен бастап, Кеңес Одағында 
саяси-экономикалық тұрғыдан біршама ілгерілеулер бел ала бастады. Алып 
империяға айналған коммунистік жүйе өзінің темірдей қатал тәртібін орнату 
жолында бұрын-соңды тарихта болмаған қатыгездіктерге барды. Мемлекетті 
ішкі-сыртқы «халық жауларынан» тазарту науқаны жүйелі жүргізіліп, 


86 
коммунистердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған уақыт еді. 
Қанаушы тап өкілдері ретінде, халықтың ауқатты, лауазымды адамдарын атып-
асып, жер аударып болған, қызыл большевиктер енді елдің сөзін сөйлеп, 
серкесі болып жүрген ұлт зиялыларына ауыз сала бастады.
Ел басына күн туған осындай аласапыран кезеңді көзімен көріп, жүрегімен 
сезініп өскен Гүлнар Дулатова «Ардақтап өтем әкемді» атты естелік 
мақаласында: «Бүкіл Совет Одағын шарпып өткен, заманның аумалы-төкпелі 
30-жылдарында мыңдаған жазықсыз жандардың текке айыпталып, лагерьлер 
мен түрмелерде ұсталып, азап шегулері – естен шықпайтын уақиға. Одан біздің 
семьямыз да шет қалған жоқ. Сол уақытта басыма қауіп-үрей төніп, «қыл 
көпірдің үстімен» жүргендей қорыққанымды ұмытқаным жоқ» [74, 538 б.] , –
деп жазады.
Уақыт тынысы, қоғам болмысы сол дәуірдің кескін-келбеті, тіршілік 
қағидаларын айқындайтын құбылыс. 30-жылдарда қазақ халқы бастан өткерген 
аумалы-төкпелі кезеңді тектен-текке тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. «Малым 
жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», – деген ұстаныммен 
ғасырлар бойы даланың дегдар заңдылығына сүйеніп өмір сүрген қазақ халқы 
осы айтылған үш бірдей қасиетінен бар жоғы он-он бес жылда ада болса, ондай 
елдің енді қайтіп еңсе тіктеуі де екіталай еді. Дегенмен де малы мен жанын 
берсе де, қайран халық ары үшін арпалысып бақты... 
Отызыншы жылдардағы ел басына түскен ашаршылық пен нәубетті 
көзімен көріп, жанымен сезінген халық ақындары қырқыншы жылдың 
қырқасына осындай үреймен келіп еді.
Әрине, жүрек түкпіріндегі үрей, былайғы іс-әрекетте, күнделікті өмірде 
басқаша сипатта көрінді. Ұлы Ленин әперген «теңдік», коммунистер әкелген 
«бақыт», бұқара халықты жарқын болашаққа бастай білді. Ел басына күн туған 
1941 жылдан бастап қазақ ұлты да Кеңес Одағының өзге халықтары сынды бір 
тудың астына жиылып, ұлы Отанды жаудан қорғауға күш салды.
Қашанда саяси-әлеуметтік мәселелерді насихаттап жырлап жүретін халық 
ақындары да бұл ұлы науқаннан тысқары қалған жоқ.
«Соғыстың басталғанына апта өтпей-ақ, 26 маусым күні Батыс Қазақстан, 
Гурьев (қазіргі Атырау) облыстарының ақындары Гурьев қаласындағы 
мұнайшылар сарайына жиналып кеңесті.
Атыраудың ақсақал ақыны Жанқабылов Сәттіғұл өзінің сөзінде: «Біз халық 
ақынымыз, сондықтан да барлық еңбегімізді халыққа, халықты отаншылдық 
рухта тәрбиелеу ісіне жұмсаймыз», – деді. Жармұқан Айтжанов: «Біз жеңеміз!», 
– деген патриоттық жырын мәслихат үстінде шығарып айтты[75, 3 б.]. 
Ұлы Отан соғысы кезіндегі ақындар айтысына арналған «Қаһарлы сөз 
қамал бұзады» атты жинақтағы алғы сөз ретінде берілген ғалым Көбей 
Сейдеханұлының «Ақберен айтыс» атты мақаласында келтірілген бұл деректе 
әрі қарай халық ақындарының мәслихаты сол жылдың 26-28 күндері 
Қызылордада, 24-25 маусымда Қарағандыда ұйымдастырылғаны айтылады.
Халық ақындары бас қосқан бұл мәслихатарға Қазақстанның сол кездегі 
Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан 
облыстарының өкілдері қатысады. Маусымның 30-ы күні Ертіс өңірінің 


87 
(Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар) облыстарының ақындары өз 
мәслихаттарын өткізеді.
Қазақстанның барлық аймағын қамтитын бұл келелі мәслихатқа сол кездегі 
айтулы ақындар Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев, 
Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Маясар Жапақов, Орынбай Тайманов, 
Әлібек Бәйкенов, Қазанқап Байболов, Төлеубай Үркінбаев, Жақсыбай 
Жантөбетов, Елеусіз Байырбеков, Айтбай Белгібаев, Ілияс Манкин, Омар 
Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Игібай Әлібаев, Сәби Әзденбаев, Төлеу Көбдіков, 
Нұрлыбек Баймұратов, Естай Беркімбаев, Сапарғали Әлімбетов, тағы басқалар 
қатысты.
Осы келтірілген деректердің өзі-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында айтыс 
өнері үлкен мемлекеттік, қоғамдық маңызға ие болғандығын көрсетеді. 
Айтыстың ақпараттық қырынан бөлек, оның үгітшілдік, насихатшылдық 
сипаты Ұлы Отан соғысы жылдары анық байқалды. Әсіресе, патриоттық 
тұрғыда халықты бірлік пен ынтымаққа, еңбекке, Отанды сүюге қорғауға 
үндейтін айтыс жырлары сол кезеңнің ең тиімді насихат құралы бола білді. Бұл 
туралы М. Әуезов: «Советтік патриотизм – қасиетті, ардақты сезім. Ел 
ақындары совет патриотизмінің жаршысы. Әр ақын өз өлкесінің жақсылығын 
мадақтаумен жалпы совет халқының патриоттық сезімін өсіріп, күшейте түседі. 
Сүйікті Отанды қорғау жұмысы, жаумен беттесуде ғана емес, майданды тыл 
көмегімен үздіксіз жабдықтауды талап етеді», – [73, 20-21 бб] деп жазды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысы 1966 жылы «Жазушы» 
баспасынан жарық көрген Айтыстың үшінші томында жарияланды. Бұл 
жинақта 1940-1945 жылдар аралығында өткізілген он жеті айтыс 
топтастырылған. Сондай-ақ, «Қаһарлы сөз қамал бұзады» деп аталатын кітапта 
Ұлы Отан соғысы жылдарында өткен ақындар айтысы туралы жан-жақты 
мағлұмат бере отырып, 1942, 1943, 1944, 1945 жылдарда өткізілген жиырма екі 
айтыстың толық нұсқасы жариялаған. Бұл жинақ Ұлы Отан соғысы жеңісінің 
елу жылдық мерейтойы қарсаңында 1995 жылы «Ғылым» баспасынан жарық 
көрді.
Ел басына күн туған қысылтаяң шақтың өзінде үкіметтің халық 
шығармашылығына осыншалықты көңіл бөліп, жыл сайын ақындар айтысын 
өткізіп тұруы кездейсоқтық емес еді. Ең бастысы, тылдағы еңбекші қауымды 
жігерлендіріп, еселеп еңбек етуге баулу сол кездегі Кеңес Одағының басты 
идеологиялық мақсаты болды. Бұл туралы зерттеуші ғалым С. Қирабаев «Соғыс 
және әдебиет» атты мақаласында былай деп жазады: «Жауға қарсы мейірімсіз 
күрес пен Отан қорғау идеясы әдебиеттің алдында тұрған жаңа міндеттерді 
белгіледі. Совет әдебиетінің халықтың принципін негізге ала отырып, жаңа 
дәуірдің әдебиеті еңбекші бұқараны Отанға берілгендік пен ерлікке, жеңіске 
сенім рухында тәрбиелейтін нағыз саяси үгітші және ұйымдастырушы болуға 
тиіс болды» [76, 78 б.]. 
Сондай-ақ, осы мақалада Отан сүю мен ел қорғау тақырыбы бұл кезде 
жазба әдебиетпен қатар, халық поэзиясының да жаңа сапаға ие болып, дамуына 
мол мүмкіншіліктер ашқандығын жазады. «Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс 
Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Орынбай Тайманов, Омар 


88 
Шипин, Ілияс Манкин, Доскей Әлімбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай 
Бекежанов сияқты ақындар өздерінің отаншылдық рухтағы патриоттық жыр-
толғауларын шығарды. Олардың өнері соғыс кезінде айтыстың жаңғырып 
тууына себепкер болды» [76, 81 б.], делінген аталмыш мақалада.
«Айтыстың жаңғырып тууы» шынында да соғыс жылдарындағы ақындар 
айтысында жаңаша реңк, соны сипатқа ие болды. Бұған себеп – сол кездегі ел 
басына күн туған ереуіл заманның халықтың көңіл-күй, психологиясына 
тигізген әсері. Бұл туралы жоғарыда келтірілген С. Қирабаевтың мақаласында 
жан-жақты жазылады. Онда халық ақындарының зұлым жаудан Отанымызды 
қорғаудағы халықтың жеңімпаз қуатын, халықтар туысқандығын, партияның 
ұйымдастырушылық қызметін, майдандағы ерліктерді жырлаған шабытты 
толғаулар, өлеңдер туғызғандығы жайлы айтылады. Соғыс жылдарында 
өткізілген ақындар айтысының ерекшелігі мен бұрынғы айтыстарға қарағанда 
әлеуметтік жүгінің зор, міндетінің маңызды екендігі жөнінде 1943 жылдың 4 
желтоқсан күні Алматының Мемлекеттік академиялық опера және балет 
театрының үйінде өткен ақындар айтысында С. Мұқанов жасаған баяндамада 
жан-жақты айтылады. Баяндамашы соғыс кезіндегі ақындар айтысының 
ерекшелігін былай деп түсіндіреді:
«...Бүгінгі айтысы ақынның, 
Емес ру таласы...
Сондықтан олар айтыста, 
Сынасса егер аяспай,
Бір-біріне түсірген, 
Емес ол сын жарасы.
Ұлы Отан соғысы, 
Күндерінде сынасу, 
Жауды жылдам жеңудің,
Қарастырған шарасы» [75, 23-24 бб]. 
С. Мұқанов баяндамасында келтірілген бұл өлең жолдары Ұлы Отан 
соғысы жылдарындағы ақындар айтысына үлкен жауапкершілік, жаңаша 
талаптар қойғандығын аңғартады.
1940-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысын зерделей 
отырып, айтыскерлердің идеологиялық һәм саяси тұрғыдан дайындығы мол, 
сауатты болғандығын байқаймыз. Бұл туралы зерттеуші К. Сейдеханұлы да 
«Ақберен айтыс» атты ғылыми мақаласында, жақсы айтып өтеді.
«Ақындар өз ауылының, руының немесе жеке басының намысын 
жыртпайды, әріптесін де ол жағынан кемсітпейді, ұсақ-түйекті қазбалап, «жеті 
атасынан», жаратылысынан мін іздеп мұқатуды көздемейді, жалпы халықтық, 
қоғамдық, елдік, адамшылық, азаматтық мүддені алға тартады. Мадақтаса 
достықты, ерлікті, адалдықты жыр етіп, соған үгіттейді, мансұқтаса 
жауыздықты, ездікті, жалқаулықты, жауапсыздықты, надандықты түйреп, содан 
жирендіреді. Айтыстың нысаны – ақынның жеке басы емес, оның ұжымы, 
кәсіпорны, шаруашылығы, ауданы, облысы» [60-58]. 
Мысалы, 1943 жылғы Шашубай мен Көшен ақындардың айтысынан екі 
ақынның да соғыс һәм тыл еңбеккерлерінің жағдайынан мол хабардар екендігін 


89 
байқаймыз. Айтыста соғыс кезіндегі Қазақстанның өнеркәсіп, өндіріс 
орындарының Отанға тигізіп отырған пайдасы, жауды жеңуге қосып отырған 
үлесі нақы мысал-деректермен жырланады.
«Көшен: Жау төнсе каһарланып оқ боратқан,
Күші бар тау бұзарлық неше батпан.
Соғыстың зор құдайы – зеңбіректер, 
Құтырған қасқырлардың жынын қаққан.
Автомат, пулеметтер шалғыдай-ақ, 
Дұшпанды қарсы келген шөпше шапқан.
«Катюша» майдан күйін ойнап берсе,
Сұмдардың арам қаны сел боп аққан» [75, 74 б.]. 
Ақын бұдан әрі көмірлі Қарағандының завод, шахталарын мадақтайды. 
Көмір өндіруші машиналардың неше алуан механизмнен тұратындығын, 
моторлы науаның қара алтынды сыртқа көл қылып ағызатынын да жырлайды. 
Құрыш, шойын қорытатын домна пештер де назардан тыс қалмайды.
«Саны көп, қырғын қыран-самолеттің
Моторы, білесіз бе, нендей заттан? 
Ол дағы көмір менен темір тегі, 
Шарболат қайнап-пісіп, шыққан оттан» [75-74]. 
Халық ақыны Көшен Елеуұлының соғыс кезіндегі өнеркәсіп, өндіріс 
саласын көзбен көріп, қолмен қойғандай етіп жырлауы сол уақыттың адамдарға 
салған ауыр салмағы мен маңызды міндеті деп бағалаған жөн.
Соғыс жылдарындағы ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі сыни 
көзқарас пікірлердің мол ұшырасуы болып табылады. Айтыс жырларының 
табиғаты поэзияға тән болғанымен, мазмұны көбіне публицистика 
функцияларын 
атқаратындығына 
зерттеуде 
бірнеше 
мәрте 
ғылыми 
дәйектемелер келтірген болатынбыз. «Сын өнері» атты зерттеу кітабында 
ғалым Д. Ысқақұлы әдеби сын мен баспасөздің байланысы туралы ойларын 
тұжырымдай келіп, В.Г. Плехановтың сынның публицистикалық сипатын оның 
ғылыми жағымен байланыстыратын пікіріне тоқталады: «Объективті сын шын 
мәнінде ғылыми болғанда ғана публицистикалық сипатқа ие бола алады. Егер 
өнердің мәңгілік заңдары өмір сүретін болса, белгілі бір тарихи кезеңдерде 
публицистика көркем творчество ауылына да баса көктей кіріп, өз үйіндегідей 
іс-әрекеттер жасайды. Әдеби сын да солай.» [77-25]
Айтыстағы ақындардың өзара сыны туралы М. Әуезов зерттеулерінде 
жазылған. Онда, патриоттық сана шабытын билеген ақындар Отанның зейнеті 
үшін жақсы істі мадақтап, елді қызықтыратындығы, сондай-ақ жаман істі 
масқаралап жою әрекетінде, сондықтан қандай айтыс болса да өзара сынсыз, 
өтпейтіндігін айтады. Мысалы, 1943 жылы өткізілген Құмар мен Сұраубай 
ақындардың айтысында аталмыш мәселе жан-жақты көрініс табады. Айтыс 
барысында Сұраубай ақын мұнай шығару цехының начальнигі Шелепиннің 
жағымсыз, салдыр-салақ әрекетін сынға алады: 
«...Жалқаулар да аз емес, 
Шелепин оны көрмейді.
Өзімшілдік беделмен,


90 
Есітпеген құлағы. 
Бақылау жоқ, күту жоқ,
Ремонты бітпейді.
Мезгілдің өткен біразы 
Промгараж бастығы,
Қамысбаев жолдастың 
Байланысы аз болған, 
Салқындықпен қараған.
Бұл жүрісі өзіне 
Лайқат болып жараған.»[13-120, 121] 
Сұраубай ақынның бұл айтқан сын уәждеріне Құмар ақын шамданбайды. 
Керісінше, бұл сыннан қорытынды шығаруға уәде бере отырып, қарсылас ақын 
жағындағы кемшіліктерді нақты деректер келтіре отырып, қарсы сынға алады. 
«Уа, Сұраубай, Сұраубай, 
Еңбек ерін жақсы мақтадың, 
Кемшілікті жасырып 
Жалқауды неге сақтадың?» [13-121] 
Ақындар айтысы тарихын зерделейтін болсақ, қай ғасырда, қандай 
қоғамда болмасын, сөз сайысының басты ерекшеліктерінің бірі сыни көзқарас 
төңірегінде өрбуі болып табылады.
ХІХ ғасырдың еншісіндегі рулық-тайпалық сипаттағы айтыстарда да 
сынау, мінеу әрекеттері арқылы айтыс өзінің әлеуметтік беделін, мазмұндық 
ерекшелігін көтеріп отырған. Кемшілікті сынау, жаман әдеттерді мін ретінде 
бетке айту айтыс табиғатына тән құбылыс. Әсіресе, жолдастық сын деп айдар 
тағылған бұл жағдай Кеңес дәуірі тұсындағы ақындар айтысында айрықша 
белсенділік көрсетті. Ғалым Д.Ысқақұлы «Сынның публицистикалық сипаты» 
атты зертеуінде: «Публицистиканың негізгі мақсаты бүгінгі күннің өзекті 
өңірлерін жырлау деп ұғынсақ, сынның да басты мұраты – қазіргі әдеби 
процестің зәру проблемаларын көрсету». Бұл ретте В.Дементьевтің «біздің 
сынымыз қозғалмалы публицистика болуы тиіс» дегенінің жаны бар. Бұл 
тұрғыдан келгенде публицистика мен әдеби сынға қойылар талап бір. Ол – 
бүгінгі күннің жырын жырлау» [77-24]. 
Ғалымның бұл тұжырымы сынның әдеби процеске қатыстылығын меңзеп 
тұрғанымен, публицистика жанрының сыншылдық рөлін айқындауда өте 
орынды айтылған. Айтыс өнерін жырмен өрілген публицистика дейтін болсақ, 
ғалымның бұл уәжі зерттеу мақсатынан аса алшақ жатқан жоқ. 
«Публицистиканың негізгі мақсаты – бүгінгі күннің өзекті өңірлерін жырлау» 
ұғымы Ұлы Отан соғысы жылдарында да айтыс жырлары арқылы өз қуатын, өз 
күшін барынша таныта білді.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар айтысының тағы бір 
ерекшелігі – жыр мазмұндарының дерек пен дәйекке құрылғандығы. Бұл 
айтыстарда ақынның жеке басының мінінен гөрі халықтың әлеуметтік жағдайы, 
шаруашылығы, өнеркәсіп-өндіріс ошақтарының тыныс-тіршілігі, жетістігі, 
кемшілігі молырақ сөз болады. Тағы бір айта кететін ерекшелік – ол 
ақындардың қоғамдық ахуалға объективті түрде қарауы болып табылады. 1941-


91 
1945 жылдар аралығындағы кез келген айтыс өзінің шынайы әрі деректілігімен 
құнды. Айтыс ақындары тек кемшілікті ғана жырламайды, сондай-ақ сол 
уақыттағы толағай табыс, ерен еңбек үлгілерін асқақ сезіммен суреттейді.  
«Шашубай: Бұл күнде мыспен күптеп босағамды,
Шынтақтап Бектау-ата, босағаңды. 
Жастанып шалқар көл мен Дересенді 
Байлығым болып жатыр осы араңды.
Дариям қандай болса, қазынам сондай,
Шоқтығым Алатаудан аса алады» [13, 87 б.] дейді. 
Немесе, Маясар мен Нұрлыбек ақыдардың айтысындағы мына бір жыр 
шумақтары, сол кездегі Қазақстанның өндіріс ошақтары жайлы кесек-кесек ой 
айтып, мол мағлұмат ақпарды алдыңызға жайып салады.
«Маясар: Ақыным толғана бер құлақ салып,
Өндіріс кен-дария жатқан ағып. 
Әйгілі аты шыққан Қоңыратыма, 
Тең келер дүниеде бір-ақ алып.
Жезқазған, Ақшатауым жер кіндігі, 
Жол берген күллі өндіріс кейін қалып» [13, 114 б.]. 
Публицистика жанрын зерттеуші, ғалым М.И.Стюфляеваның «Образные 
ресурсы публицистики» атты еңбегінде мынадай ойлар айтылады: 
«Публицистикалық мақала – заманымыздың қоғамдық-әлеуметтік саяси 
мәнінің зор лебін, оның тек бүгінгісі ғана емес, өткендігін баяндауымен бірге 
келешегіне де көз тастайды. Публицистика – бүгінгі күннің әлеуметтік күрделі 
мәселелерін қозғайтын, дәуірдің негізгі міндеттерін көтеріңкі үнмен, тартымды 
тілмен жарқын баяндайтын шығарма. Публицистика негізінде қоғамдық ой-
пікірлер, оның қайшылықтары мен тартыстары, қоғамдық құбылыстар мен 
оқиғалар, фактілер жатады» [28, 15 б.]. 
Ғалым пікіріне жүгінер болсақ, біз сөз етіп отырған айтыс жырлары 
толығымен осы айтылған талап-қисындарға жауап беретіндігіне шүбә 
келтірмейміз. Әсіресе, ғалымның «дәуірдің негізгі міндеттерін көтеріңкі үнмен, 
тартымды тілмен баяндайтын» ұғымдары, қазақ айтыс ақындарының 
шығармашылық табиғатына өте сай келетін сипат. Бұл туралы Ұлы Отан 
соғысы жылдарындағы ақындар айтысын зерттеп, оған баға берген ғалым
К. Сейдеханұлы да жақсы айтқан. Ғалым өз пікірінде сұрапыл соғыстың құлақ 
естіп, көз көрмеген қасіретіне қарамастан, өзінің әділетті күресінде жеңіске 
жететініне шүбәсіз сенген халықтың асқақ рухын осы айтыстардан да аңғару 
қиын еместігін айтады.
Сондай-ақ рух бар жерде шабыт бар екендігін, майдан мен тылдағы теңдесі 
жоқ ерліктің де, телегей-теңіз поэзияның да қуат алар қайнары – шабыт, 
ерліктің өзі – поэзия, поэзияның өзі – ерлік екенін ұғамыз деп жазады. 
Публицистиканың көркем шығармадан басты – айырмашылығы оның 
деректілігі мен нақты фактілерге құрылуы дейтін болсақ, бұл қағидадан айтыс 
жырлары да алшақ кетпейді.  
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыс жырларында жер-су, елді-мекен 
атаулары, Қазақстанның ауыл шаруашылығы, колхоз, шаруа бірлестіктері, ірі 


92 
өнеркәсіп ошақтары, көптеген адамдардың есімдері, тіпті, өндіріс-шаруа құрал-
жабдықтарына дейін назардан тыс қалмай, тілге тиек болады. Бұл көрініс соғыс 
жылдарындағы ақындар айтысының екі қырлы сипатын айқындайды.
Біріншіден, соғыс жылдарында айтыс ақындарына аса үлкен 
жауапкершілік жүктелгенін аңғартады. Айтыстың өткізіліп тұруына сол 
кездердегі ұлт зиялылары С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов,
А. Жұбанов, Е. Ысмайылов, Қ. Қуанышбаев сияқты ақын-жазушы, ғалымдар ат 
салысып, түрткі болғанымен, ең бастысы мемлекеттік ресми орындардың 
аталмыш өнерге мүдделі болуынан деп түсінген жөн. Олай деуімізге 1943 
жылы Алматыдағы Қазақстан мемлекеттік академиялық опера және балет 
театрында өткен жыр додасына сол кездегі «Қазақстан КП(б) Орталық 
Комитетінің бөлім меңгерушісі Сейтқали Ахметов, Қазақ ССР Министрлер 
Кеңесі өнер басқармасының бастығы Серғали Толыбековтердің келуі, сондай-
ақ Қазақстан Коммунситік партиясы Орталық Комитетінің хатшылары 
Жұмабай Шаяхметов, Ахмет Қойшығұлов, Ілияс Омаров, Қазақ ССР Жоғарғы 
Кеңесі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев, орынбасары Шекер 
Ермағанбетова, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов, 
Кеңес Одағының Маршалы С.М. Буденный, СССР Жазушылар Одағының 
хатшысы В.В. Вименевскийлердің [75, 21 б.] келуі ақындар айтысына деген 
мемлекет басшыларының көзқарас, пікірінің дұрыстығы һәм мүдделілігін 
көрсетсе керек.
Айтысқа мемлекеттік деңгейде мән берілуі, сөз жоқ, ақындарға зор 
жауапкершілік, үлкен міндеттер жүктейді. Соғыс жылдарында өткізілген 
айтыстың көркемдік, мазмұндық деңгейінің жоғары болуы, осындай 
талаптардан туындағаны ақиқат. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақындар 
айтысының екінші қыры да осы айтылған жағдаяттардан туындайды. Себебі 
ақындарды айтысқа дайындау барысында, иделогиялық-саяси тұрғыдан үлкен 
семинар-кеңестер өткізілгені мәлім. Ол кеңестерде ақындардың қай тақырыпта 
қалай жырлауы ғана емес, сол кездегі Қазақстанның саяси-экономикалық 
ахуалы, соғыс жағдайы, тыл өмірі сияқты келелі мәселелер түбегейлі 
ақындардың ой елегінен өткізілген. Ұйымдастырушылар әсіресе, айтыстың 
идеологиялық маңызына ерекше мән берген. Ақындардың бірінің сөзін бірі іліп 
әкетіп, тақырыпты бүге-шігесіне дейін білуі, әрі мүдірмей жырлауы осыны 
аңғартады.
Мәселен, 1943 жылғы Жақсыбай Жантөбетов пен Есдәулет Қандеков 
арасында 
өткен 
айтыста 
ақындар 
сол 
кездегі 
колхоз, 
совхоз 
шаруашылықтарының жетістіктерін, табыстарын жіпке тізгендей баяндайды. 
Бір-бірінің кемшілік жақтарын да тілге тиек етуді ұмытпайды. Айтыс 
барысында цифрлы мәліметтерді тәптіштеп жырлауына қарағанда ақындардың 
бұл сөз сайысына мол дайындықпен келгендігі байқалады.
Жақсыбай: «...Өзің мақтан, кең өріс жерің қанша? 
Айтып бер білген болсаң малың қанша? 
Бухгалтердің есебін менен сұрап, 
Пысықтанып осы жерден табылғанша. 
Есдәулет: 
... Қой, ешкі сексен үш мың толды басқа,


93 
Алты мың жылқы және үш мың шошқа.
Сегіз мың сиырым бар толған өріс, 
Сыртында мына санның түйе басқа» [13, 151-152 бб]. 
Жамбыл облысы, Красногор ауданының атынан айтысқа түскен Есдәулет 
ақын келтірген бұл цифрлы мәліметтер нақты шындық болса, соғыс 
жылдарындағы ауданның шаруашылығы жаман болмағанға ұқсайды. 
Публицистика дәуір тынысы, замана жаршысы дейтін болсақ, айтыста 
келтіріліген осы деректердің өзі-ақ соғыс жылдарындағы Қазақстан ауыл 
шаруашылығы жағдайынан біраз ақпар-мағлұмат беріп тұрғаны сөзсіз. Сондай-
ақ өнеркәсіп, өндірісі тақырыбын арқау еткен Шашубай мен Болман 
ақындардың айтысында нақты дерек көздері мол ұшырасады. Мұның өзі соғыс 
жылдарындағы Қазақстан ауыр өнеркәсіп, өндіріс ошақтарының экономикалық 
жағдайынан хабардар болуға мүмкіндіктер береді.
Шашубай: «.Мақтадың, Болман шырақ, комбинатты,
Есіңе аламысың майдан жақты.
Алты айда кем бергенін білемісің, 
Екі жүз отыз мыңдай снарядты? 
Балқашқа берген кенің тат боп шығып,
Бес жүз тонна мыс соңынан жетпей қапты.
Болман: 
...Заводым отырған жоқ отқа қарап,
Майданның керегіне жатыр жарап.
Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс 
Сізді де соңғы екі айда қалды жанап...» [13, 188-190 бб]. 
Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысын зерделей 
отырып, көз жеткізген тағы бір мәселе – жыр сайыстары белгілі бір тақырып 
ауқымымен немесе жекелеген аймақ мәселелері төңірегінде шектелмегені. 
1941-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысы тұтастай Қазақстан 
экономикасының барлық саласын қамтумен ерекшеленеді. Мәселен, айтыста 
колхоз, совхоз шаруашылықтарының жетістігі һәм кемшін тұстары тұтастай 
дерліктей көрініс табады. Бұл тақырып әсіресе, Сәттіғұл мен Құмар, 
Шаймерден мен Мұзарап, Орынбай мен Әлібек, Қазанқап пен Нартай, 
Жақсыбай мен Есдәулет, Сұлубике мен Зейнеп айыстарында айрықша көрініс 
береді. Бұл айтыстар құр мадақ, қызыл сөзден ада, керісінше нақты дерек, 
мәліметтерді сөйлетуімен ерекшеленеді.
Осы уақыт еншісіндегі ерекше мән берілген мәселенің бірі сол кездегі 
Қазақстан көмір индустриясының экономикалық ахуалы болды. Бұл 
тақырыптың тереңнен қаузалып, жырлануына оның Кеңес үкіметі үшін аса 
маңыздылығы һәм қажеттілігі себеп болғаны белгілі. Шахта, завод, 
фабрикалардың соғысқа қажетті өнімдерді іркіліссіз шығарып тұруы, соғыс 
кезіндегі қатаң талаптардың бірі болды. Оны айтыс ақындары да жақсы түсінді.
Шашубай мен Көшен ақындардың айтысында осы мәселе жеріне жеткізіле 
жырланған.
Көшен: 
«...Тұмсығын фашистердің мыспен қарып
Былтырғы олқылықтан мен де арылдым... 
Балқытқан мың тонналап болат темір, 


94 
Орасан заводтардың жаны – көмір! 
Майданға қару-жарақ, азық-түлік,
Таситын темір жолдың қаны – көмір...» [13, 89 б.]. 
Немесе, Нұрлыбек пен Маясар ақындардың айтысындағы мына бір 
шумақтар тақырып маңыздылығын ғана емес, ақынның соғыс жағдайын, әрі 
Қызыл Армияға, оның Отанға аса керек қару-жарақтың қандай жолдармен 
өндірілетінін өршіл рухта жырлайды.
Маясар: 
«Жайланып бекіністе жатқан торып,
Жабылып жауға шапса жетпіс полк. 
Бір ғана атысарлық оқ жасауға, 
Бір күнгі болат жезім жетер толық... 
Алты жүз ауыр танкі салып ойнақ, 
Ұмтылса жау қамалы қалар жайрап. 
Соларға оқ өтпейтін сауыттардың, 
Құрышын мен беремін күнде сайлап...» [13, 114-115 бб.]. 
Сол кездері іргелі өндіріс-өнеркәсіп Қарағанды шахтасы, Жезқазған, 
Балқаш, Қоңырат, Ақшатау кенттерінің экономикалық ахуалы айтыс 
жырларының негізгі арқауы болды.
Әрине, соғыс жылдарындағы айтыстың бәрі елді, халықты жігерлендіру 
рухында толағай табысты зор шабытпен жырлаған деп кесімді пікір айтуға 
болмайды. Қарсылас ақындар өз жетістіктерін жырлаумен қатар, екінші жақтың 
кемшілігін де жақсы білген. Ол айтылған кемшіліктер жай тұспалдау сөз 
немесе «ұзын құлақтан» жеткен хабар емес, нақты дерек-дәйектерге құрылған. 
Мысалы, Көшен Елеуовпен айтысында Шашубай ақын Қарағанды 
шахтасындағы кейбір келеңсіздіктерді былай деп сынға алады: 
«...Көшенім, неге керек артық мақтан,
Сен одан тілімді алсаң ерте сақтан.
Бере алмай жер астына бос вагонды 
Малтығып жатқан жоқ па талай шахтаң? 
Бос өткен шахталардың уақытын 
Есептеп көмірге әкеп болсаң шаққан. 
Бұл дертке ұшыраған шахталардың 
Борышын болар едің немен жапқан? 
Жөнелткен көміріңнің күлі көп боп,
Заводтар тірегіңе айып таққан...» [13, 98 б.] 
Мұндай кемшіліктерді сынау үрдістері ауыл шаруашылық мәселелеріне 
қатысты айтыстарда да жиі көрініс береді. 1944 жылдың 12 сентябрінде 
Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған Гүлжамал 
Шәукебаева (Шиелі) мен Қуаныш ақынның (Сырдария) айтысында сол кездегі 
колхоз тұрмысы сынға алынып, былайша жырланады:
Гүлжамал: «...Есітем ауданыңның көп колхозы, 
Күте алмай күйзелтіпті биыл малын. 
Биікке су шықпайтын жарма қазып,
Қинапты кейбір аулың босқа жанын. 


95 
Колхозың Киров ердің атындағы
Нашарлықтан болып жүр жұртқа мәлім...» [13, 168 б.]. 
Баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарымыз, сол бір сұрапыл жылдар 
шежіресі туралы былай деп жазды: «...Осы кезден бастап жау талқан болғанға 
дейін Қазақстан баспасөзі, бүкіл еліміздің баспасөзімен бірге, өзінің 
оқырмандарымен соғыстың сұсты да әсерлі тілімен сөйлесті. Сол бір кездегі 
баспасөз 
қаһарлы 
жылдар 
шежіресін, 
патриотизм 
мен 
жалынды 
публицистиканың таңдаулы үлгілерін көрсетті...» [75, 193 б.]. 
Соғыс жылдарындағы Қазақстан баспасөзі жайлы айтылған бұл пікірді 
келтірудің өзіндік мәні бар. «Соғыстың сұсты да, әсерлі тілмен сөйлеуі» тек сол 
уақыттағы кәсіби журналистерге ғана емес, патриотизм мен жалынды 
публицистикалық жырлардың асқақ үлгісін көрсеткен айтыс ақындарына да тән 
қасиет еді. Ол кездегі айтыстың көпшілік қызықтайтын думан немесе көрермен 
көңілін көтеретін өнер кеші деп емес, деректі-ақпараттық танымы мол 
үгітшілдік-насихатшылдық 
сипаты 
басым, 
публицистиканың 
ауызекі 
үлгісіндегі шамырқанған халық шығармашылығы деп бағалаған жөн.
Айтыс өнері тарихында 1941-1945 жылдар аралығында өткізілген жыр 
сайысын мазмұндық тұрғыдан ерекше екшеп айтуға болады. Бұл жылдардағы 
айтыс өзінің ақпаратты-деректілігі тұрғысынан өзінен бұрынғы һәм кейінгі 
айтыстардан анағұрлым бай және моральдық, әдеп нормаларын мейлінше 
сақтай білуімен бағалы. Ақындардың жеке басына мін тағуы былай тұрсын, бұл 
жыр сайыстары қарсылас жақтағы кемшіліктерді айтқанда, ол кемшілікке 
барша Қазақстандық еңбекшілердің де алаңдаулы екендігін, содан тезірек 
арылудың қажеттігін үлкен достық, әріптестік ниетте жеткізеді.
1945 жылы өткізілген Қалқа Жапсарбаев пен Қуат Темірбаевтардың 
айтысы тұтастай деректі мәліметтерге құрылған.
Талдықорған, Павлодар облыстары атынан сынға түскен қос ақын да сол 
кездегі екі аймақтың барлық болмыс-бітімін жырмен өріп шығады. 
Павлодарлық Қалқа ақын өз облысының жетістігін нақты деректер келтіріп 
жырлайды. Сөз кезегінде Талдықорған облысының шаруашылық ахуалын 
сынай отырып, Қуат ақынды әріптес ретінде қайрап, жігерлендіріп 
отырғандығын да аңғаруға болады: 
«Биеннің өлкесінде жердің нуы,
Қыдырдың шығып жатқан қайнап буы. 
Басынан берекелі Ақсу-Лепсі, 
Белгілі ежелден-ақ диқан туы.
Елі бай кем болмаған мал мен бастан, 
Бір кезде ең дәулетті шалқып тасқан.
Жоспардан биыл Ақсу құтылмапты,
Сол жердің берекесі неден ашқан?» [78, 248-249 бб]. 
Егер, осы айтыстағы екі ақынның жырын қара сөзбен баяндайтын болсақ, 
дерек пен дәйекке толы, ақпараттық сипаты басым көркем публицистикалық 
шығарма болып шығары сөзсіз.


96 
Соғыс жылдарындағы айтыстарды шола отырып, айтыс ақындарының сол 
кездегі журналист тілшілердің қызметін атқарғандығына шүбәсіз көз 
жеткіземіз. Аудандарда, колхоздарда орын алып отырған кемшіліктерді 
бұлтартпас фактілермен шегелей айтуы осыған дәлел болса керек.
Қалқа: 
«...Сіздің Ақсу ауданы 
Қырық төртінші жылы көктемде 
Тұқымын түгел сеппеген,
Екі пұт бидай апарса –
Бір пұтын сеппей ептеген; 
Он бидайдың орнына –
Жалғыз-ақ бидай көктеген ...» [78, 253-254 бб]. 
Өз кезегінде Қалқа ақынның сынына жауап бере отырып, Қуат ақын 
қарсыласын төмендегіше кемшін деректермен сынға алады. 
Қуат:
«...Ауданыңды алғанда, 
Анықтап көзді салғанда, 
Қаншама сиыр, қой, ешкі, 
Жүз елу ат өліпті. 
Осыным да жалған ба?..» [78, 254-255 бб]. 
Жалпы, соғыс жылдарында өткізілген қай сайысты алып қарасақ та, 
ақындарды сезім күй ауанынан гөрі күнделікті өмірде, қоғамда болып жатқан 
түрлі проблемалардың көбірек толғандырғанын аңдаймыз. Бұл жағдай бәлкім 
соғыс уақытының қатаң талабынан немесе сол дәуірдегі саяси идеология 
мүддесінен туындаса керек. Айтыстағы елдік, отандық тұрғыдағы мәселелер 
ақындардың өзара сыни-пікірлері арқылы өрби отырып, табысқа ерен еңбек 
етуге шақырған патриоттық рухтағы насихатқа ұласады. 
«...Аянбай қайрат жұмсалық, 
Көмбеміз біздің алыста, 
Шаруа кетсін теңеліп,
Ел табысқа кенеліп, 
Мемлекетке қарызды, 
Артығымен берелік, 
Үш жүзден алып қызылша 
Еңбекке астық бөлелік 
Қазақстанның тойында –
Табыспен рапорт берелік!» [78, 261 б.]. 
1943 жылғы республикалық айтысты ашқан жыр алыбы Жамбыл сөзі соғыс 
жылдарындағы қолына домбыра ұстаған ақындарға үлкен сенім, зор шабыт 
берді. Әрі Жамбыл ақынның бұл арнау жыры сол кездегі ақындар айтысының 
жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымда өрбитіндігін сипаттап берді.
Мәселен, ақынның: «Алатаудан, Арқадан,
Ақындарым келіпсің. 
Тілдерінен бал тамған, 
Жақындарым келіпсің. 


97 
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр,
Бас қосқалы келіпсің. 
Жүрген жері думан жыр,
Сендер елге көріксің...» [75, 61 б.] деген жыр жолдары ел 
басына күн туған уақытта ұлт болып бірігуді, зұлым жауға тұтас халық болып, 
тойтарыс беруге үндеген ақындық, азаматтық үлкен рухты танытады. Ақынның 
осы екі шумағының өзі соғыс жыдарында өткізілген айтыстың жалпыұлттық, 
мемлекеттік сипатта болғандығын аңғартады. Халық поэзиясының ірі өкілі, екі 
ғасырдың куәсі Ж. Жабаевтың жыр толғаулары соғыс кезінде үлкен 
идеологиялық насихат құралына айналды.
Бір ғана «Ленинградтық өрендерім» деп басталатын әйгілі толғаулық 
тарауы патриоттық жыр ретінде кеңінен насихатталды.
Соғыс жылдарындағы Жамбыл шығармашылығы туралы зерттеушілеріміз 
көптеген мақала-зерттеулер жазды. Көрнекті әдебиет сыншысы Мұхамеджан 
Қаратаев «Жамбыл – халық поэзиясының алыбы» атты мақаласында 
төмендегідей пікірлер келтірген: «Соғыста Жамбыл өлеңдері қарулы құралға 
айналды. Жүздеген соғыс бөлімшелерінен, соғыс аэродромдарынан, корабль 
борттарынан Жамбылға тынбай ағып хаттар келіп жатты. Олар ақын 
өлеңдерінің күш-қуат әсері автомат, бомбардировщик, танк және «Катюша» 
секілді жаудың күл-талқанын шығаруға жәрдем бергенін жазады. ...Фашизмді 
тізе бүктірудің 20 жылдық мерекесінде КПСС Орталық Комитетінің бас 
секретары Л.И. Брежнев: «Жамбыл жеңіске жету жолында өз творчествосымен 
көмектескен ақындардың бірінен саналады», – деп атады [30, 35-36 бб.]. 
«Соғыс және әдебиет» атты мақаласында ғалым С. Қирабаев: «Ұлы Отан 
соғысы дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деп дәуірленіп жүрген әдебиет, мезгілі 
жағынан онша ұзақ уақыттың жемісі емес» [76, 78 б.], – деп пікір айтады. 
Сондай-ақ аталмыш мақалада – мұның небәрі төрт-ақ жылдың әдебиеті 
екендігін айта келіп, соған қарамастан соғыс кезінің әдебиеті тарихта жиі 
кездесе бермейтін қоғамдық дамудың жеделдігі мен халықтық энтузиазмнің 
әдеби бейнесін терең таныта алатын әдебиет болып, тарихи бағаланғанын, 
мұның басты сыры совет әдебиетінің халық өмірімен тығыз байланысында, 
халықтың көкейкесті арманын жырлай білген реалистік сипатында еді», – деп 
жазады.
Әрине, бейбіт заман өлшемінде төрт жыл соншалықты көп уақыт емес. 
Бірақ жиырма миллион адамның өмірін қиған сұрапыл соғыс уақытының 
зардабы ғасырларға жетер қайғы-қасірет әкелгені анық. Сондықтан да 
соғыстың әр күні айға, айы жылға бергісіз болғаны белгілі. «Әдебиеттің халық 
өмірімен тығыз байланыстылығын» біз 1941-1945 жылдар аралығында 
өткізілген ақындар айтысынан анық байқадық. Қазақ әдебиетінің үлкен бір 
арнасы халық шығармашылығы деп танысақ, бұл тұрғыда айтыс ақындарының 
де ерекше белсенділік көрсеткенін зерттеу барысында айтып өттік.
Ең бастысы, ел басына күн туған, сұрапыл соғыс жылдарында қазақтың 
төлтума өнері айтыстың халыққа, қоғамға белгілі дәрежеде қызмет ете 
білгендігі.


98 
«Біздің түсінігімізде публицистика – өз кезеңіндегі қоғамдық өмірдің 
өзекті проблемаларын, құбылыстарын және процестерін жедел түрде көрсететін 
шығармашылықтың бір түрі және оның өзіндік ерекшелігі – саяси тұрғыдан 
күштілігі мен жанды бейнелілігінде, ал басты әлеуметтік міндеті – адамдардың 
қоғамдық пікірін қалыптастыру» [6, 211 б.]. 
Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуші, ғалым
Б. Жақып еңбегінде келтірілген бұл пікір негізінен жазба публицистикалық 
шығармаларға бағытталып айтылғанымен, 1941-1945 жылдар аралығында 
өткізілген халық ақындары шығармашылық мұрасының табиғатына да жат 
еместігіне зерттеу барысында толық көз жеткіздік.
Кеңес дәуіріндегі айтыстың өміршеңдігін сақтап қалуда ұлтымыздың ұлы 
тұлғалары М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсіреповтердің сіңірген еңбегі ерекше 
болды. Мәселе, осы ұлт зиялыларының ақындар айтысы жайлы айтқан кеңестік 
реализм тұрғысындағы ойларында емес, ең бастысы ұлт руханиятының 
жанашыры ретінде өнердің тоқырап, тоқтап қалмауына қол ұшын созып, 
қамқор, қорған болғандықтары еді. Айтыстың үгітшілдік, насихатшылдық 
күшін кеңестік билікке желеу ете отырып, ұлт зиялылары 1941-1945 жылдары 
өнердің тынысын бір кеңейтіп берді.
С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов ұсыныс-тілектерін қабыл алған атқарушы билік 
орындары айтысты соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерін рухтандыратын 
идеологиялық құрал ретінде пайдалануға бірден пейіл білдірді. Әкімшіл-
әміршіл жүйенің ақындар айтысын өткізу жөніндегі ұсыныстары жер-жердегі 
халық ақындарының ел алдына қайта шығып, өнердің өршіл рухын тағы бір 
мәрте қанаттандыруына мүмкіндіктер берді. Сөз жоқ, Ұлы Отан соғысы 
жылдарындағы ақындар айтысы зор белсенділікпен жүйелі ұйымдастырылуы 
арқылы әжептеуір деңгейге көтерілді.
Айтыстың мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы айтыс өнері үшін екі 
бағытта тиімділік жағдайын туғызды. Біріншісі, тоқырап қалған өнердің рухы 
қайта көтерілуі болса, екіншісі шын мәнінде тылдағы бұқара халықты 
жігерлендіріп, басқыншы жауға қарсы күресуге үгіттеп, аянбай еңбек етуге 
шақырды. Сол кездегі тылдағы еңбекшілердің ерен еңбегі, жауды жеңудің 
бірден-бір негізгі күші болғаны рас. Алматыда, Қарағандыда өткізілген 
республикалық ақындар айтысы өзінің жалынды идеологиялық, үгітші-
насихатшылдық қырларымен сол кездегі еңбекші халықтың намыс-жігерін 
қайрай білді. Қарағанды көмір шахталарындағы кеншілердің атқарар 
міндеттерінің маңыздылығын айтыс ақындары нақты көрсетіп, шегелеп айтып 
отырды. «Майданға қару-жарақ, азық-түлік, Таситын темір жолдың қаны 
көмір!» [13-87] Көшен. Айтыста кездесетін кейбір цифрлы мәліметтердің өзі, 
халық жігерін еселеп, еңбек етуге шақырған тиімді тәсіл ретінде көрініс тапты. 
«Жақсыбектің тапсырған артық мысы, Бір миллион патронға таяп қалды» [13-
102] Шашубай. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық ақындары айтысқа 
үлкен дайындықпен, тыңғылықты ізденіс, кеңеспен шыққандығын айтыс 
барысында келтірген дерек көздері мен сөйлем мағыналарынан анық байқауға 
болады. Мәселен, Қарағанды кеншілерінің намысын қозғап «Өр Донбасс жау 
қолында қалғанында, Майданды жабдықтауға жараған-ды» [13, 115 б.] деген 


99 
Маясар ақын сөзі майдан шебінен алыс Қарағанды кеншілерінің жігерін жани 
түскені сөзсіз. Немесе айтыс ақындарының халық алдында айтқан «Оралып 
қара жылан жармасқанда, Кім не істеп, не қойды Отан үшін» [11-115] 
(Нұрлыбек), сөздері әрбір совет адамының Отан алдындағы міндетінің 
маңыздылығын әйгілей түседі. Сондай-ақ, ел санасын рухани тұрғыдан 
жігерлендіруде айтыс ақындары дәстүрлі халық шығармашылығында 
кездесетін бейнелі, образды сөздерді де қолданып отырды. «Тілдің өткір 
семсерін, фашистерге ендіріп» [13, 119 б.] (Сұраубай). Батырлар бұған мініп 
жауға аттанса, Ойрандап жау ордасын қан қылады» [13, 133 б.] (Орынбай) 
«Секілді қыран бүркіт шабытым бар, Қордаймен социалдық жарысым бар» [13, 
148 б.] (Жақсыбай).
Бұл мысалдардың барлығы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айтыс 
өнерінің мазмұндық мәні мен көркемдік деңгейінің қандайлық дәрежеде 
болғанынан хабардар етеді. Ақындар айтысы дәл 1941-1945 жылдар 
аралығындағыдай бұрын-соңды саяси-әлеуметтік маңызға ие болып, қоғамдық 
мәні артқан жоқ деп айтуға болады. Оның басты себебі айтыс өнеріне, ресми 
биліктің ыңғай танытып, оны өз мүдделеріне пайдалана білгендігі. Екіншіден, 
айтыс өнері осы жылдар үрдісінде мазмұндық, пішіндік тұрғыдан біраз 
өзгерістерге ұшырады. Айтыскерлердің мол дерек көздері мен цифрлы 
мәліметтерді пайдалануы жырды мазмұндық тұрғыдан байыта түсті. Бұл үрдіс 
кеңес дәуірінде өткізілген ақындар айтысына жаңаша мазмұн, түр, сипат, реңк 
қалыптастырды. Ұлттық айтыс өнерінде жаңа лексикондардың көрініс беруі 
жиілеп, орысша сөздік атаулар мен термин сөздер жиі ұшырасатын болды. Бұл 
сипат ел тәуелсіздігін алғанға дейінгі айтыс жырларында жалғасып отырды. 
Айтыстың әлеуметтік маңызын көтеру әрекетіне байланысты туындаған мол 
ақпар, дерек көзін қамтып айту тәсілі, ақындардың тыңғылықты дайындықпен 
(алдын-ала жазып алу) шығуын міндеттеді. Мұның өзі ғасырлар бойы 
қалыптасқан айтыс өнерінің басты критерийі суырыпсалмалықты белгілі 
дәрежеде тежей бастады. Осындай «өзгеріс», «жетістіктерге» қарамастан айтыс 
өнері 1941-1945 жылдар аралығында халқына қалтқысыз қызмет жасады. Елдің 
рухын оятып, басқыншы ортақ жауға қарсы аянбай күресуге жұмылдырды. 
Айтыс ақындарының әрбір сөзі жауға атылған оққа пара-пар болды. Халықты 
бірлік пен ынтымаққа, ерлік пен өрлікке шақыру, айтыс өнерінің табиғатына 
тән қасиет. Ұлы Отан соғысы жылдарында да айтыс ақындары осы міндет 
үрдісінен шыға білді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет