Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


XIX ғасырдағы ақындар айтысының ақпараттық сипаты мен



Pdf көрінісі
бет5/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

 
1.3 XIX ғасырдағы ақындар айтысының ақпараттық сипаты мен 
көркемдік ерекшелігі 
1967 жылы "Мектеп" баспасының жарық көрген "Ертедегі қазақ әдебиеті 
хрестоматиясы" кітабында құрастырушылар тарапынан айтыс жанрының тууы 
жайында мынадай деректер келтіріледі: "Ең көне әдеби шығарманың бірі – 
Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" (1069) атты дидактикалық поэмасы. XI 
ғасырда жазылған бұл поэма төрт кейіпкердің арасындағы бақыт туралы сөз 
жарысына – диалогқа құрылған. Шығарманың бұл ерекшелігі айтыс жанрының 
тууы жайында көптеген қызықты деректер береді. Тым ерте туған айтыс 
өнерінің қырғыз (айтышуу), өзбек (лапар), қарақалпақ (жуаб) халықтары 
арасында, әсіресе, қазақ ішінде (айтыс) мол дамығаны мәлім. 
Ендеше сөз сайысы - айтыс жанрының тууы, тарихи даму жолдары жайлы 
кейбір мәселелердің жауабын Жүсіп Баласағұн поэмасынан іздейтініміз ақиқат, 
біз солай етуге тиістіміз де" [18, 13-14 бб]. 
Ақындар айтысының пайда болуы жөнінде зерттеудің "Қайымдасу 
тәсілдерінің қайнар көзі және қалыптасу кезеңдері" атты тарауда аз-кем айтып 
өткен болатынбыз. Сондықтан да жоғарыда ғалымдар келтірген Жүсіп 
Баласағұн еңбегіне байланысты айтылған ой-тоқтамға біздің де келіскеніміз 
жөн. Ең бастысы айтыстың қай дәуірде пайда болғандығы емес, оның 
әлеуметтік мәні мен халықтық мұрат-мақсатын айқындап, өміршеңдік 
сипаттарына ден қою болып табылмақ. 
Уақыт, қоғам дамыған сайын өркениеттің барлық рухани тамырлары өсіп, 
өніп үнемі жаңару, жаңғыру үрдісін бастан кешіп отырады. Тамыры тым-тым 


35 
бағзы дәуірлерден бастау алатын ақындар айтысы да уақытпен бірге жасасып, 
қоғаммен бірге дамып, өсіп-өркендеп отырған өнер түрі.
Ал өнер дегеніміздің өзі адамзат ақыл-ойын үнемі жандандырып, 
жаңғыртып отыратын рухани құндылықтардың алтын бастауы.
Айтыс өнері – халықпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан өнер. 
Қазақтың айтысы тек көңіл көтеретін өнер түрі ғана емес, ол сондай-ақ 
тарихтың батпан жүгін арқалап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші ақпарат көзі, 
нақтылай айтсақ – заманалар шежіресі. 
Кезінде академик, жазушы Сәбит Мұқанов: «Халықтың ақынды жақсы 
көруіне себеп – ақынның тіл шешендігі ғана емес, ақынның халыққа сүйкімді, 
сүйікті болуына бас себеп – олардың айтыста я басқа шығармаларда халық 
тұрмысының шындығын суреттеуі, халықтың қуанышына да, қайғысына да 
көңілмен ортақтасуы» [12, 9 б.] – деген еді.
Айтыс өнерінің элементтері қазақ фольклоры жанрларының барлығында 
көрініс береді. Ертедегі көпшілік түрде айтылатын «Тұрмыс-салт
жырларындағы» «Жар-жар», «Бәдік» сияқты айтыс түрлерінен бөлек, сөз 
жарыстыру яғни қайымдасу элементтері батырлар жыры, лиро-эпостық 
ғашықтар дастандарында жиі кездеседі. Бұл туралы М. Жармұхамедов 
«Айтыстың даму жолдары» атты еңбегінде жан-жақты айтып өткен. Онда 
«Алпамыс» жырындағы «Алпамыс пен Бадамшаның» жар-жар үлгісіндегі 
айтысы, сондай-ақ «Қыз Жібек» дастанындағы Төлеген мен Жібектің, «Қозы 
Көрпеш - Баян Сұлу» жырындағы Қозы мен Қодар, Айбас пен Баян, Таңсық 
қағысулары айтыс элементінің әдемі сипатын танытатындығын жазған.
«Айтыс өлеңдері» атты ғылыми мақаласында М. Әуезов: «Анығында, 
қазақ фольклорындағы ең бай жанр – айтыс...» – деп пікір білдіріп өтеді.
Шынында да халық фольклорының бай мұрасы бізге жыр үлгілері түрінде 
көбірек мәлім. Оның ішінде айтыс өлеңдерінің алар орны қомақты. Тасқа 
қашалып жазылған жәдігерлердің өзі жыр үлгісінде оқылады.
«Қазақ халқының ақындық өнерге бейімдігі туралы Ш. Уәлиханов 
қалдырған сипаттамалар нағыз шындықты дөп басады. «Поэзияға бейімділік, 
әсіресе бірден төгіп айтқыштың барлық көшпенді расалардың ерекшелігі» дей 
келіп, ғалым күрделі салыстырулар жасайды. Көшпенді бәдәуилердің 
кішкентай баласына дейін қойылған сұраққа табанда өлеңмен жауап 
беретіндігін еуропалық саяхатшылар талай рет таңдана жазғанын еске ала 
отырып, мұндай дәстүр жалпы түркі-монғол нәсіліне де тән екенін 
тұжырымдайды» [20, 77 б.].
Сонымен, ақындар айтысының даму эволюциясы уақыт өткен сайын, өзінің 
қоғамдық маңызы мен рухани қуаты тұрғысынан толығып дами отырып, XVIII–
XIX ғасырларда қазақтың толыққанды төлтума өнері ретінде биік шыңға 
көтерілді. Бұлай деп кесімді пікір айтуымызға «Қазақ әдебиеті тарихы» 
кітабындағы ( Бірінші кітап, I том) айтыс өлеңдеріне қатысты тарауда, қазақ 
фольклорындағы айтыс жанры, есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылып 
келгендігі айтылады, сондай-ақ халық сүйген жанр болғандықтан, көпшілік мол 
қолданғандықтан бұл жанр Октябрь революциясынан кейін де Советтік 
Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келеді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ 


36 
фольклорында топ-топ болып өзінше хормен айтылатын, ескі салт өлеңдерінен 
басталып, содан бері келе жатқан ақындар айтысынан өрістеп ауысқан тәрізді. 
Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI–XVII–XVIII ғасырлардың 
ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ, сол ғасырларда да айтыстың 
мол болуы даусыз» [21, 674 б.] деген пікірлер келтіреді. Дегенмен де XVI–
XVII–XVIII ғасырлардағы айтыс үлгілері сақталмағанымен сол кезеңдердегі 
ақын-жыраулар жыр-толғауларының біразы бүгінгі ұрпақ кәдесіне жарауда. 
Бұл туралы біз зерттеуіміздің «Жыраулық, шешендік үлгілердің айтыс өнеріне 
әсері» атты таруда толығырақ тоқталатын боламыз. XVIII ғасырдың соңы мен
XIX ғасырда өткен айтыс ақындарының мұрасы барынша жинақталып, әр 
айтысқа қысқаша түсініктеме берілген жүйелі еңбек Қазақ ССР Ғылым 
академиясына қарасты М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 
шығарған «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының бірінші, екінші томдарында 
топтастырылған. Бұдан ертеректе «Жазушы» баспасынан 1965, 1966 жылдары 
жарық көрген «Айтыс» топтамасының үш томдығында аталмыш мұра 
үлгілерінің мол қоры қамтылған.
Енді осы жинақтарға енген айтыс түрлерінің мазмұндық, көркемдік 
ерекшеліктеріне бүгінгі күн тұрғысынан ғылыми сипат беруге талпыныс жасап 
көрелік.
Алдымен халық жадында сақталып, бүгінгі дәуірімізге жетіп отырған 
ақындар айтысы тарихында өзінің мазмұн мен өзектілігі, көркемдігі 
тұрғысынан жүздеген, тіпті одан да мол шығармашылық мұраның ішінен 
мойны озып, барша халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп, ауыздан-ауызға 
тарап, абыройы аспандаған айтыстарды тілге тиек етіп өтсек.
Айтыс десе халықтың есіне ең алдымен әйгілі «Біржан-Сара», «Сүйінбай 
мен Қатаған», «Шөже мен Кемпірбай», «Жамбыл мен Құлмамбет», «Сүйінбай 
мен Тезек төре», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс» сияқты жыр 
сайыстарының түсетіні белгілі. Ел ішінде өтіп жататын жиын-той, ас беру 
сияқты түрлі халықтық дәстүр-салтқа байланысты мерекелерде немесе 
жәрмеңкелерде, жұрт жиналған жерлерде ақындар айтысы болып тұрған. 
«Қайымдасу», «Қағысу» сияқты айтыстың ыңғайлы жеңіл түрлері көбіне 
осындай бас қосуларда көрініс береді. Ал ел мен жердің тағдыры сынға түсер, 
салмақты, салиқалы жиындар мен кеңестерде немесе әйгілі адамдардың асында, 
айтыс өнерінің ең таңдаулы майталмандары ғана сынға түскен. Мысалы, 
«Сүйінбай мен Қатаған айтысының» өмірге келуіне сол кездегі көршілес 
жатқан қазақ-қырғыз халықтарының тарихындағы елеулі оқиғалар себеп 
болған.
«Қырғыз ханы Орманның асына бару қазақтар үшін үлкен дайындықты 
қажет етеді. Өйткені онда рудың емес, тұтастай ұлттың, халықтың намысы, 
абыройы сынға түсетін болған. «Қырғыз ханы Орман үлкен ас береді деген 
хабар көршілес қазақ еліне алты ай бұрын тарайды. Орман Жетісу бойын 
мекендеген, қазақ руларын билеп-төстеп отырған Тезек төреге арнайы шақырту 
хат жібереді. Хат иесі Тезектен: ақын, жыршы, бүркітші, палуандарды ала 
келуін өтінеді.


37 
Атақты ас қырғыз жерінде, Ыстықкөл жайлауында, XIX ғасырдың орта 
шенінде өтеді. Асқа қазақ-қырғыздың ақсүйек, би-болыстары мен манаптары 
және қарапайым бұқара халық та көп жиналады» [22, 110 б.]. 
«Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» өзіне дейінгі һәм өзінен кейінгі өткен 
ақындар айтысының ішіндегі ең шоқтығы биік туынды. Ең алдымен бұл 
айтыстың идеологиялық қуаты өте әсерлі. Мұнда ұлт тұтастығы, бірлік, 
ынтымақ, отанды, жерді сүю сияқты патриотизмге толы үлкен рух күші бар. 
Басына іс түскенде ғана өзінің қазақ екендігін түсініп, былайғы бейбіт күндері 
руға, жүзге бөлініп жүретін елдің осы айтыс арқылы тағы бір ымыраға келгені 
анық. Публицистика тарихын зерттеуші ғалым Б. Жақып: «Публицистика 
белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің 
саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол 
қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып 
баяндайды. Публицистика дегеніміз – заман тарихы, дәуір тынысы, өмір 
шежіресі» [6, 23-24 бб] , – деп пікір білдіреді.
Бұл пікірді Сүйінбай ақын айтысын талдау, бағалау барысында бекер 
келтіріп отырған жоқпыз. Дәлірек айтсақ, Сүйінбай Аронұлы өз уақытының 
қайраткер тұлғасы. Сүйінбай ақын да өз заманындағы қоғамдық мәселелерді 
сырттай қабылдамай, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып көрсетеді. 
Мысалы, Тезек төремен айтысындағы Сүйінбайдың мына сөздеріне зер салып 
көрелік: 
«Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп, 
Сәлемін пайғамбардың берейін деп 
Аттандырған екі ұрың қолға түсіп, 
Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп?! 
Ассалаумағалайкүм, Тезек төре, 
Елден жылқы қоймаған кезеп төре 
Телі менен тентекті тыят десе, 
Өзің ұрлық қыласың, әттегене!» [22, 103 б.] 
Сүйінбайдың ақындық, азаматтық ұстанымының қандай болғандығын, 
шығармаларының әлеуметтік мәні мен көкейкестілігін, оның айтыс өлеңдерінен 
анық байқауға болады.
Шығармаларына халықтық мақсат-мұратты өзек етіп, елдік мәселелерді 
қозғайтын ақындарды қазақ қашанда құрметтеп, олардың өнерін қолма-қол 
жаттап алып, үлгі-өнеге ретінде насихаттап отырған. Әрине, өнерді қара 
басының қамы үшін пайдаланған ақындар да болған. Осындай бір мәселе 1830-
1831 жылдардағы Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы поляк 
революционері Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы 
жазбаларында» көрініс тапқан.
«Аягөз, 12 июнь. Г.З-ге хат... Осы мереке кезінде мен алғаш рет 
өлеңшілерді тыңдауға мүмкіндік алдым. Бұлар қазақ трубадурлары, даланың 
бардтары – ұлы ақындары. Олардың өлең шығаруы мен қазақтардың көбіне тән 
орындау дарыны осы халықтың ақыл-ой қабілетін тамаша айғақтайды». 
Саяхатшы қазақ даласындағы айтыс өнеріне осылайша тамсана отырып, қазақ 


38 
киіз үйі шаңырағының астында көргенін готикалық қорғанның тас күмбездері 
астындағы вассалдарымен масайрап отырған баронның тойына теңейді. Бұдан 
әрі Янушкевич Орынбай ақынның шекара бастығы жандаралдың келу 
құрметіне арнаған мадақ жырын келтіреді. «Жандаралдың келуін қазақтар жыл 
сайын асыға күтеді және ол қазақтар үшін көктемде жарқырап шыққан күн 
секілді. Бұл – бақыт, дейді ол арқасы қозып. Жандаралдың жақындап келуі 
жөніндегі хабар Кенесарыны қайтадан Қарақұм шөлейтіне қуып тастайды. 
Өзінің осыдан үміткер екендігін айтып, ол жандаралдың бойындағы 
жақсылықты дәріптейді» [23, 78 б.]. 
Бұдан әрі Орынбай Құнанбайды біраз мақтайды. Барақ сұлтанға келгенде 
арқасы тіптен қозады. «Уа! Өлеңші байғұсты хандардың әйгілі әулеті Барақ 
сұлтаннан артық сыйлыққа қарық қылатын қайсың барсың? (Барақ күледі.) Уа! 
Барлық жерде де, барлық уақытта да ұлы сұлтан Барақ! Даланың бас батыры – 
сұлтан Барақ! Уа! Даланың төрт құбыласын тек Барақ есімі шарлауы тегіннен 
тегін емес! Барақ! Барақ! Ол өлеңді айтып бітірді, атаққұмар үлкен ақынның 
мадағына елтіген біздің қаһарманымыз орнынан атып тұрып, шапанын шешті 
де, оны ақынға лақтырды: – Саған бір түйе мен бір жүйрік ат менен! – деді ол». 
[23, 79 б.]. Саяхатшы бұдан әрі ортаға Жанай ақынның шығып: «Сен өзіміздің 
сұлтандарды дәріптедің, өйткені олардың шапандары мен жылқыларын тәуір 
көресің. Мен болсам, сормаңдай мүсәпірмін, жылмың қағып, ешкімге 
жарамсақтануды жаратпаймын. Сен әркімге бір жарамсақтанасың,аш төбеттей 
майлы сүйек күтіп жаутаңдайсың, менің айуан болғым келмейді... Өзіңді 
өлеңші деп атауға қайтіп қана аузың барады? Сенің өлеңің ақы төлеген адамға 
ғана арналады!.. Егер сен шын өлеңші болсаң, өлгендер туралы неге 
айтпайсың? Арамызда қазір жоқтардың ерен еңбегін неге жырламайсың? Осы 
иен далада бір кезде өмір сүрген әкелеріміз бен аталарымызды неге 
мадақтамайсың? Бағзы заманда даланың қандай болғанын сен осы білетін бе 
едің? Абылай заманында кім болған едік біз?» [23, 80-81 бб], – деп айтқан 
түйдек-түйдек тегеурінді сөздерін келтіреді. 
А. Янушкевичтің жазбаларында келтірілген бұл деректер сол уақыттың 
шынайы көрінісін, ақындардың дәреже-деңгейін, пайым-түсінігінен мол хабар 
береді. Айтыста пікір қайшылығы, ой қақтығысы болмаса, ол айтыстың 
мағынасы мәнсіз, құр сылдыр сөз болып қана шығады. Сондай-ақ ондай 
айтыстар тез ұмытылып, халық жадында сақталмайды. Янушкевич сөз қылып 
отырған Орынбай мен Жанайдың айтысы да стихиялы түрде туып, пікір 
қайшылығы арқылы өрбіп, тыңдарманын тарта білген. Екеуі де өз пікірі, өз сөзі 
үшін толғақты, тартымды ойлар айтуға тырысқан. Көмекейден кесек-кесек сөз 
төгіліп, тыңдаушының айызын қандырған. 
Осы айтыстың басынан аяғына дейін куәсі болып, оны шамасы келгенше 
есте сақтап, мағынасын қағазға түсіруге тырысқан поляк саяхатшысы
А. Янушкевичтің мына пікірлерін зерттеу өзектілігіне қатысты болғандықтан 
тұтастай бергенді жөн көрдік. 
«Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы 
санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым 
ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы 


39 
қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры 
есітпеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгін, оқи да, жаза да 
білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры 
жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. 
Сонда бұлар тағы жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған 
маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық 
осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет 
дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ 
даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады. Сормаңдай 
құл-құтандарды менсінбейтін Үндістанның жоғары касталары сықылды өзіне 
жоғарыдан қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын 
алатын кезі келеді»… [23, 82-83 бб]. 
Көзі ашық, көкірегі ояу, Еуропаның зиялы қауымы ортасынан шыққан 
поляк саяхатшысы өзі куә болған би-шешендердің келелі сөздері мен айтыс 
ақындарының толғауларына осыншама таң қалып, баға беруін кездейсоқтыққа 
жатқызуға бола ма? Әсіресе, "Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан 
халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына 
аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады... Бұл көшпенділердің 
құрметті орын алатын кезі келеді..." [23, 84-85 бб] деген сөздері бүгінде 
шындыққа айналды. 
Қазақтың таланты мен өнерін XIX ғасырда бас иіп мойындаған поляк 
азаматының сәуегейлігіне еріксіз таң қаласыз. 
Айтыстың алтын ғасыры атанған XIX ғасырдағы от ауызды, орақ тілді 
ақындардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Шөженің айтыстарының ішінде ел 
есінде сақталып, күні бүгінге дейін әңгіме өзегі болып, айтылып жүргені Балта, 
Кемпірбай ақындармен арада болған сөз қағысулары. Әрине, Шөже көп 
айтысқан ақын.Бірақ жоғарыдағы екі ақынмен болған айтысы Шөженің даңқын, 
ақындық тапқырлығын ел ішіне тез әйгіледі. Фольклоршы, ғалым М. Көпей 
жинағына енгізілген бұл айтыстар өзінің түп нұсқасына көп жақын шығармалар 
ретінде бағаланды. Шөженің Балта ақынмен айтысуы туралы М. Көпей 
төмендегіше деректер келтіреді: "Ақын Шөже өзі соқыр, түбі, тегі – қырғыз, 
Қуандық ішінде өсіп өнген. Быжынаған құрттай қалың Қаракесектің бір ұлы 
жиын айтысында Қаракесек ақыны Балта ақынмен айтысқан. Бұл асқа "соқыр 
Шөжені Тәттімбет ертіп келген екен" [24, 223 б.]. 
Осы аста Шөже мен Балта ақын кездеседі. Бір-бірін мадақтап, сипай 
қамшыласып отырған ақындардың сөзі бірте-бірте шиеленісе түседі. 
«Балта:
Бұ соқыр теңін таппай ойнайды екен, 
Алдымда Балта бар деп ойлай ма екен? 
Қуандық, Сүйіндікті бірдей жеуін 
Қу соқыр көні кепкен тоймай ма екен?! 
Шөже: 
Ұры Балта, білдірдің ұры атыңды 
Ұрлықпенен келтірдің ұятыңды! 
Көл қорыған қызғышты көп көргенмін 


40 
Топшыңнан сындырамын қанатыңды!» [24, 227 б.] 
Осы сөздерден кейін-ақ айтыс шиеленісіп жүре береді. Жалпы, пікір 
қайшылығы, ой қақтығысы болмаған жерде шындық та көп айтылмай, 
бүркемеленіп қала беретіні заңдылық. Бұл туралы халықтың өзі де жақсы 
түсініп: «Айтыс деген тумайды жайшылықта, нағыз айтыс туады қайшылықта», 
– деп айтқан. Айтыстың жалпы сипаты рулық намыс тұрғысынан өрілгенімен 
мұнда сол уақыттағы қоғамның тыныс-тіршілігі, билік адамдарының бет-
бейнесі жақсы ашылған. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қуандық, 
Сүйіндік елінің тұрмыс жағдайы, сол кездегі тұлғалардың елдік, бедел абыройы 
да айтыста айтылып өтеді. Ең бастысы ел билеп отырған хан-қара өкілдерінің 
«теріс» қылықтары ащы түрде әшкереленеді. Бүгінде бүкіл БАҚ-ы жарыса 
жазып, заман проблемасы ретінде көтеріп жатқан парақорлық, жемқорлық 
мәселелері XIX ғасырда да болғандығын осы айтыста айтылған ақпарат-
мәліметтерден-ақ жақсы аңғаруға болады. Мәселен Шөженің: 
«Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан, 
Жан өтпес пара жеуге мына отырған Алшынбайдан. 
Тұқымың ұрлықпенен күнелткенсің, 
Қашып жүріп күнелттің Өтебай, Наушабайдан» [24, 228 б] деген 
сөздерінен сол замандағы билеуші таптың типтік тұлғасын тануға болады.
Немесе, сол айтыстағы Балтаның: 
«Кезбе соқыр деген соң, кезбе соқыр, 
Осы сөзің өзіңе жөн бе соқыр? 
Төрде отырған хан, қара – бәрін мінеп, 
Ел түзелтіп жүруші сен бе, соқыр? – деген сөзіне Шөженің: 
Ұры шіркін, қорықпайсың бір құдайдан, 
Салымым бар бұрыннан-ақ осындайдан 
«Соқыр, соқыр», – дейсің де, еш қоймайсың 
«Соқыр» – десең, құтылсайшы мына отырған Құнанбайдан!» [24, 
228 б] деп жауап қайтаруында үлкен мән жатыр. Айтыста басынан аяғына дейін 
тыңдаған, немесе бүгіндері оқыған адам «соқыр» сөзінің төңірегінде қаншама 
табалау мен мұқатудың тұнып тұрғанын аңғарар еді. Өйткені сөз қағысу 
барысында Балта Шөженің соқырлығына небір құйтырқы сөздерді 
сабақтастыра өріп: «Қу соқыр көні кепкен тоймай ма екен?» – деп жемқор, 
мешкей ретінде әжуалаған болатын. Енді сол сөзі өзіне пәле болып жабысқалы 
тұр. Бұл айтыста Балта ақын жеңіледі. 
Шөже ақынның айтулы сөз қағысуларының бірі Кемпірбаймен арадағы 
айтысы. Осы уақытқа дейін айтыс өнерінің барометріне айналған бұл сөз 
сайысы несімен құнды? Қандай ерекшелігімен халық жадында сақталды деген 
сұрақтарға әркімдердің айтар уәжі дайын. Ол Кемпірбай ақынның сөзге қонақ 
беріп, өзінің жеңілгенін мойындауы. Рас, сөз жоқ бұл айтыстың даңқын 
шығарған Кемпірбайдың: 
«Тоқтадым аз ғана көптен келіп, 
Тұр едім өзім-дағы сезіктеніп 
Соқырға жан-жеңбеген соқтығам деп, 


41 
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп» [24, 236 б.] деуі, аталы 
сөзді аттан түсіп тыңдайтын қазақ деген халықтың дегдар қасиетін 
айшықтайтын құбылыс. 
Кемпірбай мен Шөже айтысын талдай отырып, сол заман ақындарының 
асқан сұңғылалығы һәм айтысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын 
еңбекқорлығы дер едік. Ақындар өз қарсыласын мұқату, тұқырту немесе сөзден 
ұстап ұту үшін мол ақпар, мәлімет жинақтайтын болған. Ол мәлімет – ақпарлар 
кейде қарсыласының жеке басына байланысты болып келгенімен көп жағдайда 
халықтың басындағы әлеуметтік-саяси, ел арасындағы елеулі оқиғалардан да 
біршама хабар беріп отырады. Бұл жағдайлар Шөже мен Кемпірбай арасындағы 
айтыста да көрініс береді: 
Кемпірбай: «Шілденің он бесінде сауын айтып, 
Жаныстың Сәтбайының асы болды. 
Шөже: Қап-қара Қаракесек күңнен туған, 
Би болып Қазыбегің белін буған. 
Кемпірбай: Әкең Қаржау Жайықтың құлы емес пе? 
Шешең Шама төренің күңі емес пе? 
…Кеше Кенесары қырғызды үркіткенде, 
Әкең Қаржау Қаройда аштан қалған 
Қаңғырып Қараөткелге шешең барған, 
Пақырлық неше түрлі күйге салған 
Шежиров деген орысқа шошқа бағып, 
Мұжықтың сухарынан қорек алған» [24, 230-232 бб]. 
Мұнан әрі Шөже: «Ақтабан шұбырынды – Алқа көл сұлама» заманында 
қырық кісің тамақ іздеп жаяу кеткен. Кеңтүбекте қайың шауып күнелткен» – 
деп арғы замандардағы оқиғаны қозғай келіп, «Қатынын орта жолда нанға 
сатқан, кедейлік сенен маған қашан жеткен», – деп түйреп өтеді. Осы келтірген 
деректерден-ақ екі ақынның да бір-бірін жақсы зерттеп, білгендігі аңғарылады. 
Осының өзі айтыс өнерінің заманалар шежіресінен, ел тарихынан сыр шертетін 
ақпарат көзі екендігін тағы бір дәлелдей түседі.
Аталмыш айтыстың тағы бір ерекшелігі сөз қағысу барысында дін ислам 
тақырыбының терең қаузалуы. Жұмбақтап айтысу сипатында өрбитін дін 
тақырыбына екі ақынның да алғырлығы, білімпаздығы жақсы жағынан көрініс 
табады. Бұдан XIX ғасырда қазақ халқы ислам дінін мейлінше терең танып, оны 
дәстүр мен салт, өнер сияқты рухани құндылықтарға сіңіріп, сабақтастыра 
қарайтындығын аңғарамыз.
Айтыс өнерінің асыл жәдігері, халық мұрасының інжу-маржаны – Біржан 
сал мен Сара қыздың қиссасы. Айтыс жырларының ішінде көркемдік тұрғыдан 
бұл айтысқа теңдесер шығарма некен-саяқ. «Айтыс» кітабының бірінші 
томында (1965 ж.Алматы.Жазушы.) аталмыш сөз сайысы «Қисса Біржан сал 
мен Сара қыздың айтысқаны» деп аталады. Тақырыптың бұлай қойылуы да 
«Біржан – Сара» айтысының лиро-эпикалық туындыларға жақындығын 
аңғартады. Бұл айтыста XIX ғасырда қазақтың қабырғалы екі тайпасы Арғын- 


42 
Найманның сол уақыттағы болмыс бітімі барлық қырынан көрініс табады. Екі 
рудың да игі жақсыларының кісілік келбеті мен бақуаттылық салтанаты жыр 
арқауына айналады. Әсіресе, сөз өнерінің теңдессіз жақұттарының қос ақынның 
да көмейінен кәусардай төгілуі айтыстың ажарын тіптен аспандатып жібереді.
Біржан: «Алтын менен күмістің нақысындай 
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері!» 
«Ақ иық, мұзбалақпын жерге түспес, 
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес» 
Сара: «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың 
Лебізім шырынындай шәрбат судың 
Қаққанда төңкерілген қас бітісім 
Ашылған айбатындай жібек тудың» [25, 402-414 бб]. 
«Айтыстан тапқырлықпен қатар әдептілік, мөлшерлік, тартымдылық, 
сыпайылық сияқты шарттар да қатар талап етілетіні әуелден аян. Дөкірлік, 
тұрпайылық ешқашан ибалы ақын аузынан шықпаса керек. Тіпті әріптес 
жағының мінін айтқанда да шектен шығу жараспайды» [26, 187 б.]. 
Осы айтылған тұжырымға жүгінер болсақ, қазақ айтыстарында этикалық 
нормалардың сақталу деңгейі қандай деген сауалдың мазалары орынды. 
“Мазалары” дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Жеке бастың мінін айту 
немесе тұтас рудың, тайпаның кемшіліктерін тұрпайы сипаттайтын 
айтыстардың баршылық екендігін жасырғанымыз орынды болмас. Қатты 
батырып айтудың айтысқа әкелер жақсылығы тек шиеленіс арқылы
шындықтың дүниеге келуі ғана.
Дегенменде ибалық, әдеп, кісілік пен кішілік сияқты адами қасиеттерді 
айтыс өнерінде жиі ұшыратамыз. Өзіміз мысалға алып отырған “Біржан – Сара” 
айтысынан осы келтірілген екі сипатты да байқаймыз.
Әуелде, бір-бірін қатты қағатулармен бастаған ақындар: 
Сара: «Құтырмай жайыңа жүр жанды делбе, 
Келіп кісі болма сен біздің елге. 
Сөз білмейтін жеріңе мақтана бер, 
Бұл жақта құр айғайың кетер желге. 
Біржан: Ызғарлы көрінеді сөзің суық, 
Болдырып түстен кейін сандырарсаң. 
Байталсың қапелемшіл бір жел қуық,» [27, 417- 418 бб]. 
айтыс соңында жүрек елжіретерліктей аяулы, ардақты асыл сөздермен үлкен 
өрелік танытады.
Біржан: «Шырағым, Сара сендей тумас бала! 
Шежіре туармысың мұндай дана! 
Сара: 
Қош Біржан, сау бол дедім сағым керім, 
Арда күрең жігітсің алым-берім» [27, 424-426 бб.]. 
«Біржан – Сара» айтысы әлеуметтік мәні мен идеялық асқақ мұраты 
тұрғысында ел жадында сақталар рухани құндылықтың өшпес туындысы. Бұл 


43 
айтыс Адам, Қоғам, Ар-намыс ұғымдарын сәтті сабақтастыруымен ұрпақ 
санасына ұлы дала дәстүрінің өршіл рухын ұялатады. 
Айтыс өнерінің тарихында сүбелі сөз қағысулары жиі болғандығын және 
ондай жыр сайыстары елдің есінде ұзақ сақталатынын, айтысушы ақынның 
кейбір сөздері мақал-мәтел, қанатты сөзге айналып кеткендігін халық 
фольклорынан жақсы білеміз. Мысалы, Кемпірбайдың «Бағасы жоқ соқырмен 
айтысам деп, жығылдым төрт аяғым көктен келіп», Сараның «Шықпайды 
Жиенқұлға келгенде үнім», Әсет «Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай», сияқты 
көптеген сөз тіркестері күні бүгінге дейін мағына мәнін ашу немесе тілге тиек 
ретінде сөздік қолданыста жүр. 
«Айтыс өлеңдері» атты мақаласында М. Әуезов фольклордың басқа 
жанрларына 
қарағанда 
ақындар 
айтысында 
қыздардың, 
әйелдердің 
қатынасының көп жүретіндігін айтады. Мұның өзі, – дейді зерттеуші
«айтыстың басқа өнер түрлеріне қарағанда үлкен өзгешелігі. Анығында, қазақ 
фольклорындағы ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен 
айтыстарды қарасақ, солардың көптен-көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел 
ақындар арасында болған айтыстар екенін көреміз» [18, 288 б.]. Шынында да, 
халықтың асыға тосып, қызға тамашалайтын айтыс түрі, «Қыз бен жігіт» сөз 
қағысулары екендігі белгілі. Айтыс тарихына зер салсақ «Ұлбике мен Күдері 
қожа», «Қыз Болық пен Елентай», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», 
«Кеншімбай мен Ақсұлу», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс», 
«Омарқұл мен Табия», «Қыдырбай мен Табия», «Жүсіп қожа мен Шөкей қыз», 
«Әжек пен Шәріпжамал», «Қадиша мен Ысқақ», т.б. айтыстарды молынан 
ұшыратуға болады. 
«Қыз бен жігіт» айтысының бүгінге жеткен қомақты мұрасы 60-80 
жылдары жарық көрген «Айтыс» жинақтарында топтастырылған. Осы 
айтыстардың қай-қайсысы болмасын мағына-мазмұнымен, әлеуметтік бояу 
реңкімен, әр кезеңнің тынысын, уақыт бедерін бейнелейтін мұралар. 
Айтысушы ақындардың әрбір сөзі, шумағы сол заманның сыры мен жырын 
бүгінгі ұрпаққа ұлағаттап тұрған тағылымды ақпарат көзі деп қабылдасақ 
қателеспейміз. 
Мысалы, Әсет пен Ырысжанның айтысын қыз бен жігіт қалжыңы ретінде 
немесе көпшіліктің көңілін көтеру үшін дүниеге келген әшиясыз сөз қағысы 
деп түсінсек қателескен болар едік. Ғылыми тұрғыдан бағалар болсақ, бұл 
айтыс: философиялық сипаты басым, дәуір үні мен дидарын боямасыз 
баяндайтын, жырмен өрілген нағыз публицистикалық шығарма дер едік. 
«Публицистикалық шығармашылық дегеніміз, бұл шындықты деректі 
түрде жеткізу. Осы деректіліктің өзіндік эстетикасы, әдістері, формалары бар. 
Ал, олар болса, публицистиканы қалыптастыру кезеңінде терең мән-мағына 
алады» [28, 14 б.], – дейді публицистика жанрын зерттеуші белгілі ғалым
М.И. Стюфляева. 
Олай болса Әсет пен Ырысжан айтысы да осы келтірілген теориялық 
тұжырымға барлық болмысымен сай келіп тұр. 
Әсет пен Ырысжан айтысы әдеттегідей бір-бірінің тамырын басып, аңдысу 
сипатында өрбіді. Он алты, он жетілердегі қыз-бозбаланың сыпайы сөз 


44 
қағысулары бірте-бірте шиеленісіп астарлы сөз жұмбақтасу түріне көшеді. 
Айтыстың көкейкестілік қуаты да, ақындардың азаматтық көзқарас, 
білімпаздағы да осы тұста көрінеді. Әсіресе, Әсеттің қыз жұмбағын сол 
заманның әлеуметтік жағдайларымен сабақтастыра өріп қайтаруы, дәуір 
дидарының біраз болмасынын хабардар етеді. 
«Қазақтың Сарыарқада елі жиі, 
Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі. 
Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс, 
Баулыған сегіз лашын – сегіз биі. 
Бақты кісі күледі бағы кемге, 
Құдайдың риза боп берген демге. 
Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы, 
Үш жылда нәр татқаны он бес теңге [29, 351 б.]. 
Сол уақыттағы қоғам келеңсіздігін осылайша ашып көрсету, айтыс 
ақындарының азаматтық, халықтық мұрат мүддесін танытса керек. ХХІ 
ғасырдағы Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысында да, дәл осы 
тақырып, осы проблема күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл туралы біз 
зерттеуіміздің келер тарауларында кеңірек тоқталатын боламыз.
Азулы, айбынды айтыстардың бір – Жамбыл мен Құлмамбет ақындардың 
арасында өткен сөз сайысы. Кезінде орыс жазушысы Алексей Толстой: 
«Жамбылдың қуаты оның творчествосының халықтығында, оның шабытының 
қайнар бұлақ көзі – қазақ халқының және оның біздің заманда жүзеге асқан 
талай ұрпағының арманы мен үміті» [30, 21 б.], деген екен. Жыр алыбы 
Жамбыл да, құлан аяң Құмамбет те айтыс өнерінің қайталанбас құбылыстары. 
Төлтума айтыс өнерінің кең қанат жайып, өзіндік мектеп қалыптастыру 
жолында , Жетісу өңірінің ақындық жыршылық дәстүрінің жөні бөлек. «Екейде 
елу бақсы, сексен ақын, ұқсайды жын қаққанға кешке жақын» деген сөздің 
шығу төркіні де осыны меңзейді. 
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы несімен құнды дегенде ең бірінші уәж бұл 
сөз сайысының тағылымдық-тәрбиелік мәнінің тереңдігі дер едік. Сондай-ақ тіл 
құнарлылығы мен сөз қасиетінің жарқырай көрінуі, айтысты мейлінше 
ажарландыра түскен. Енді “тағылымдық-тәрбиелік” деген сөзімізге ғылыми 
байлам жасап көрсек. «Жеті атасын білмеген ұл жетесіз» – дейді дана 
халқымыз. Кеңес заманы уақытындағы кейбір зерттеушілеріміз айтыс өнеріне 
де коммунистік идеология тұрғысында баға беріп келді. Мәселен, айтыс 
мазмұнынан таптық, рулық көзқарастар іздеу тенденциялары кең етек алды. 
«Публицистикаға ең керегі ой, жан тербер пікір. Байыптай қараған адамға 
айнала – тұнып тұрған публицистика. Небір мәнді оқиғалар, проблемалар, 
ғажап адамдар бар. Сол проблемалардың мәніне, адамдардың жан-дүниесіне 
үңілсе, міне нағыз публицистика осы» [28, 15 б.]. 
Теоретик ғалымдарымыз дәл осылай деп пікір білдіріп, жатқанда, 
заманның сыры мен мұңын, түрлі оқиға, проблемаларды жырларына арқау етіп, 
айналасындағы адамдардың жан-дүние, адами кескін-келбетін сөз құдіреті 
арқылы кестелеген айтыс ақындары шығармашылығын неге нағыз 
публицистика деп танымасқа. Мәселен, Жамбыл мен Құлмамбет айтысын өз 


45 
дәуірінің барлық болмыс-бітімін жырмен бедерлеп бүгінгі күнге жеткізген 
ақпаратты – танымды мұра деп айтуға әбден негіз бар.
Құлмамбет жырында: Домалақ ананың төрт ұлынан тарайтын игі 
жақсылардың барлығының есімі үлкен құрметпен аталады. Бұл адамдар сол 
кезде шаңырағына дәулет біткен, сөзі уәлі, аузы дуалы ел ішінде құрмет, 
беделге ие болған тұлғалы азаматтар. Айтыста осы адамдардың тек байлығы 
ғана мадақталмайды, сондай-ақ кісілік, дегдарлық кескін-кейіптері де сәтті 
сомдалады. 
«Баласы Өтегенің Нұрақан бай, 
Хан Шәйбек қара үңгірде жатыр былай. 
Көбікбай, Қарабаймен алыс жатыр, 
Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай. 
Және бар Тілеуқабыл, Үсембайым, 
Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын. 
Алма тартқан кісіге ат береді, 
А, Жамбыл, білуші ме ең мұның жайын? 
Тағы бар Жайылмаста молла Сәтім, 
Бақ пен қыдыр іздеп кеп жалғасатын. 
Дәулеті Сегізбектің серке болды, 
Салмағы қорғасындай қол басатын» [31, 188 б.]. 
Кеңес заманындағы зерттеулерде Құлмамбет Жамбылмен айтысқанда өз 
руының байларын, олардың малын, дәулетін мақтады, сондықтан жеңілді 
дейтін біржақты пікірлер айтылды. ХІХ ғасырдағы қай айтыс ақыны болмасын 
өз тайпасын, өз руын, өлкесін тілге тиек етіп, оның байлығын, әлеуметтік 
жағдайын, өнерін, ел ішіндегі әйгілі тұлғалары – батыр, бағлан билері мен 
шешендерін, топ бастаған көсемдерін жырға қосып, мадақтады, солармен 
мақтанды. 
Бүгінгі тәуелсіз елдің ой талқысымен таразылар болсақ, оның ешқандай 
айып-шамы жоқ. Қайта, елін-жерін, сол елдің ұлықтысын сыйлап, құрметтеу 
ұрпақты тәрбие-тағылымға, патриотизмге баулитын жол емес пе? Бұндай 
тәсілдер Біржан сал, Шөже, Орынбай, Жанақ сияқты т.б. көптеген 
айтыскерлерге де тән. Ең бастысы, қандай көзқараста болмасын ақын-жыраулар 
мұрасы, өзі өмір сүрген уақыт тынысын танытатын рухани жәдігер екендігі. 
Кімге қандай ой, мақсат керегін сол қоғамның тізгінін ұстап отырған саяси 
топтың ар-ожданына байланысты. Әрине, жоқ-жітіктің мұңын жоқтап, 
«парақор», үстемшіл билікке тура қарап, шындықты айту айтыскердің нағыз 
азамат ақын екендігін айғақтайтын сипат. Бұл тұрғыдан Жамбыл ақынның жөні 
бөлек екендігін жоғарыда айтып өттік. Жамбыл шығармашылығы екі дәуірді 
ендестіріп, халық поэзиясы мен жазба поэзияны шендестіріп, дәстүр 
сабақтастығының мызғымас алтын көпірін салып берді. Жамбыл жыры – дәуір 
үні. 
Жанақ пен Түбек айтысы да сөз қағысу өнерінің өрелі үлгілеріне жатады. 
Орта жүздің іргелі екі тайпасы Арғын, Найман өкілдері ретінде, әдеттегідей 


46 
жақсылары мен жайсаңдарын тілге тиек ете отырып, сол кезеңнің тіршілік 
қаракеттерінен сөз қозғайды. Айтыс барысында аңдағынымыз қыр елінде 
өнеркәсіп нышандарының бой көрсете бастауы. Дәулетті малмен бағалайтын 
қазақ ұғымына қазба байлықтың, яғни жез, алтын, мыс атауларының кіре 
бастауы, қазақ даласының сол кездегі саяси – экономикалық акуалынан 
хабардар етеді. 
Жанақ: 
«Біздерді «шу!» дегенде өлең басты, 
Өлең айтсаң аруақ сенен қашты 
Кесер бас, жүрер аяқ жылқыңды айтшы, 
Ұрыдай не қылайын жатқан тасты. 
Түбек: 
Еліңіз бермейді екен қайыр-зекет, 
Салыпсың мал орнына қырға бекет. 
Алтын менен күмісті кемітесің, 
Еліңде жамбы түгіл, жезің де жоқ» [32, 74 б.]. 
Атақты Паустовский: «Орыс тілінің әуенділік байлығының барлық құдіреті 
маған өлең (стих) арқылы ашылады. Былай қарағанда ол сөздер өлеңде жай 
ғана, қарапайым айтыла салғандай ғой. Бірақ сонысының өзі ғажап дүние емес 
пе? Көпіршіген тасқын ағыны ағаш бұтағын қалай қағып ала жөнелсе, өлең 
сөздері де мені солай жұлып ала жөнелген. Мен төңірегімді түгел өлеңнің 
мөлдір заттары арқылы көремін» [33, 92 б.], – депті. 
Паустовскийдің бұл пікірі қазақтың ақын-жырауларына да тән қасиет. 
Жоғарыда сөз қылған Жанақ – Түбек айтысы да өзінің саф алтындай сөздері 
арқылы ой мен тілдің ғажап үйлесілімділігін танытады. Біздің түсінігімізде 
«көпіршіген тасқын ағынындай, жұлып ала жөнелетін» адуындылық нағыз 
қазақ ақын-жырауларының бойына тән мінез. Зерттеу барысында айтып өткен 
Сүйінбай, Жамбыл, Әсет, Кемпірбай сияқты от ауызды, орақ тілді 
ақындарымыз заманында «мұз шайнап – от бүріккен» нағыз сөз дүлдүлдері 
болған. 
Әу баста айтыс үлгісі ретінде танылып, уақыт өте Кемпірбайдың Әсетпен 
қоштасуы (бақұлдасуы) жыр түрінде айтылса, бүгіндері терме-ән сипатында 
орындалып жүрген бұл туынды туралы ғалымдарымыз жақсы пікірлер 
білдірген. Кең тынысты, асқақ пафоспен өрілген, өршіл рухты бұл туынды 
қандай қасиетімен халық жүрегінен орын алып, ықыласқа бөленді? Кейде көзге 
көрінбейтін, сөзбен өрілмейтін, көңілмен ғана түйсінетін тылсым сырлар 
болады. Білесің, түсінесің, бірақ айта алмайсың. Мұндай жағдай әсіресе 
поэзиялық туындыларда жиі кездеседі. Бұл туралы орыстың ұлы сыншысы
В.Г. Белинский жақсы айтқан: «Онда (поэзияда Қ.А.) кісіні ынтықтыратын, 
айтып жеткізгісіз көркемдік пен сәулет те бар, онда барлық рахат, барлық 
творчестволық арманның сусыны бар, онда тілдің барлық мелодиялық және 
гармониялық байлығы, ұйқасымы бар, онда барлық ақындық терең сырдың 
өзегі жатыр» [34, 118 б.]. 
Кемпірбай мен Әсеттің сөз қағысуы, ақындар айтысы ретінде «Айтыстың» 
бірінші томына ( Алматы, Жазушы. 1965) кіргізілген. Сондықтан бұл 


47 
туындының түп негізі жыр-термеден гөрі айтыс жанрына жақын. Дегенменде 
мұны, Әсет пен Кемпірбайдың айтысы деп кесіп айтуға да болмайды. Бұл сөз 
қағысуда екі ақын айтыспайды. Оны бүгінге жеткен жыр үлгісінен анық 
байқауға болады. Сөз қағысу деп шартты түрде алып отырмыз. Мұнда тек 
Әсеттің ауырып хал үстінде жатқан Кемпірбайға амандасуы, оған 
Кемпірбайдың берген жауап жыры ғана келтірілген.
Бақұлдасу сипатында өрілген жыр мазмұны халқымыздың өнерге, өнер 
иесі ақынға деген дегдар қошеметінің, өмірге деген көзқарас түйсігінің бекзада 
болмысынан сыр шертеді.
Өмірге ғашықтық, өмірге іңкәрлік ұғымдары көзге көрінбес нәзік сезім 
қылының бойында өріліп адамды асқақ арман, биік мұраттарға бастайды. 
Тыңдаушыны тылсым күш баурап, өмір мен өлім сәтіндегі арпалыс санаға рух 
беріп қанаттандырады.
«Ассалаумағалайкүм, нар Кемпірбай, Науқасқа шипа берсін патша Құдай,»
деп басталытын Әсет жыры, хал үстінде жатқан Кемпірбай ақынға рух беріп 
«кәрі тарлан» дүр сілкініп, өзінің әйгілі толғауын төгілдіріп жібереді. 
«Мойынға әзірейіл салса құрық, - 
Білемін ғаріп жанның құтылмасын 
Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе, - 
Білемін, енді өзімдей ұл тумасын... 
Суырған қынабынан наркескендей, 
Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын. 
Көңілді Әсет сұрап келгенінде, 
Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын... 
Боз шапса, боз озбай ма буырылдан, 
Мен шапсам, жер танабы қуырылған...” [35, 99 б.].
Жоғарыда келтірілген «көпіршіген тасқын ағынындай, жұлып ала 
жөнелетін» ақынға тән сипат Әсет пен Кемпірбай сөз қағысуында осылай 
ерекше көрніс береді. 
Ақын – халық перзенті. ХХ ғасырға дейінгі қай айтыс ақынының 
шығармасына зер салмаңыз да, олардың “Үш жүзге аты мәлім” болғандығын, 
қазақтың кең даласының қай қиыры болмасын, оларға таныс, туыс екендігін 
аңғарамыз. 
«... Сәлем де Арқадағы хан, қараға, 
Хан Бертіс, Қарқаралы жандаралға, 
Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін, 
Қараөткел таныс едім екі араға. 
Семейде топырағым болар білем, 
Кемпірбай дұға қылсын бишараға!..» [35, 100 б.].
Кемпірбайдың аманат сөзі іспеттес бұл жыр жолдары, ақынның бүкіл қазақ 
даласына белгілі болғандығын көрсетеді. Хат-хабар, пошта-телеграфы жоқ 
көшпелі қазақ сахарасында ақпарат-жаңалық таратушы ақын-жыраулар мен 
түрлі өнер адамдары болғандығын осы мысалдар арқылы көруге болады. 
Айтыстың көбіне халықтың мол жиналған, шоғырланған кездері – жиын, той, 
ас, жәрмеңкелерде өтетіндігін зерттеу барысында айтқан болатынбыз. Ал, ол 


48 
дегеніңіз ұлы далада шашырай қоныстанған қазақ ауылдары үшін ақпарат, 
хабар, жаңалық алудың ең тиімді жолы болды. Ел бір-бірінің амандық-
саулығын, саяси-әлеуметтік, шаруашылық сияқты маңызды мәселелер барысын 
осындай жиындарға қатысқан адамдары арқылы біліп отырды. «Ел құлағы 
елу», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» сияқты мақал-
мәтелдер де осы жағдайларға байланысты шыққан. 
ХІХ ғасырдағы ірі айтыс өкілі – Кеншімбай ақын. «Кеншімбай Қабанұлы 
Кіші жүздің, Жаппас руының Қаракөз бөліміне қараған Құрманай аталығынан. 
Кеншімбай мен Ақсұлудың айтысы революциядан бұрынғы мерзімді баспасөз 
бетінде жарияланған. Ол басқа да көптеген ақындармен айтысқан, оларды 
жеңіп, өзінің шеберлігін, дарындылығын көрсеткен. Жасынан ақындыққа үйір 
болған Кеншімбай біреудің мінін көрсе, жасырмай бетке айтатын батыл, от 
ауызды, өткір тілді болды» [36, 545-546 бб.]. 
Бізге жеткен Кеншімбай мен Ақсұлу айтысы да өзінің әлеуметтік мәні мен 
көркемдік ерекшелігі жағынан бірегей жыр сайыстарының бірі. Сол уақыт 
ақындарына тән рулық сипатта өрбіген сөз сайысы Кіші жүз қазақтарының 
тұрмыс-тіршілігі, іс-қарекеттерінен біраз мағұлмат береді. 
«Жұрт маған: «мына тойды баста!» – деді, 
Айтысып ақын шықса баспа, – деді. 
Бір қыз бар аты Ақсұлу біздің елде, 
Он жеті осы биыл жаста, – деді. 
Айтысып осы қызды жеңе алмасаң, 
Сен онда ақындықты таста, – деді» [36, 326-327 бб], деп басталатын жыр 
сайысы Ақсұлудың бұған дейін талай ақынды жеңгенін, оның да осал емес 
екендігін паш етеді. Бұдан әрі Жағалбайлы мен Жаппас руларының байлары, 
белгілі оқыған зиялы адамдары жайлы екі ақын да барынша кестелі сөз 
өрнектерін төгеді. Арқа, Жетісу өңірлеріндегі айтыс дәстүрінің әдіс-тәсілдері, 
шеберлік тұрғысындағы амалдары да Батыс өңірінің ақындарына тән. Кейінгі 
кездері зерттеушілеріміз Жетісу, Сыр, Арқа, Батыс дәстүрі деп өнерді түрлі 
мектептерге бөлетіндігін білеміз. Бұл күйшілік, әншілік сияқты өнерге қатысты 
айтылғанымен айтысқа келе қоймайтын сияқты. Айтыста әр өлкенің ән-әуез 
тұрғысындағы өзгешеліктері болуы мүмкін, бірақ мазмұндық, пішіндік 
тұрғыдан қазақ айтысын бөліп-жаруға болмайды. Айтыстағы жыр бастау, сөз 
қағысының өрілуі, ой пікір қайшылығы, ақындардың бірін-бірі қағытуы сияқты 
шеберлік шарттары қазақ айтыстарының барлығына ортақ қасиет. Кеншімбай 
мен Ақсұлу айтысындағы көптеген ерекшеліктер мазмұндық, көркемдік 
тұрғысынан Біржан – Сара айтысына келіңкірейтіні де сондықтан болар. Бұл 
тек осы екі айтысқа ғана қатысты емес, қыз бен жігіт айтыстарының 
көпшілігіне тән құбылыс. Мысалы, Кеншімбай мен Ақсұлу айтысында 
Ақсұлуға мынадай сипаттама беріледі: 
«Аққожа, Балқожадан асқан бала, 
Өзі де артық көркем шырайлы еді. 
Сымбаты өзге қыздан озығырақ. 
Ақ құба, бидай өңді, қынай белді. 
Ол қызбен айтысым деп әуре болма, 


49 
Айтысып жеңе алмайсың оңай, – деді» [36, 327 б.]. 
Біржан – Сара айтысында да Сара қыздың абыройын аспандатып көтереді: 
«Қызы екен Тастанбектің ақын Сара, 
Бәйгеден күнде келген жалғыз қара. 
Қыз да болса ақынның жүйрігі екен, 
Көрмедік сөзді адамды ондай дара» [27, 399 б.] 
Жалпы, «Қыз бен Жігіт» айтыстарында, сюжеттік, логикалық, стильдік, 
пішіндік тұрғыдағы ортақ ұқсастықтарды анық байқауға болады. Атап 
айтқанда, «Біржан – Сара», «Үмбетай мен Нұрила», «Әсет – Ырысжан», 
«Кеншімбай – Ақсұлу» айтыстары сюжеттік құрылым-құрылысы, тілдік-
стильдік ерекшеліктері, тұрғысынан көркемдік дәрежесі биік туындылар. 
ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы тарихына шолу жасай отырып, аталмыш 
өнердің биік дәрежеде кемелденіп, кең қанат жайғандығын көреміз. Айтыс 
белгілі бір аймақта, өңірде немесе жекелеген ру-тайпаларда ғана емес, жалпы 
ұлттық сипатқа ие болған кезі де осы ғасыр еншісіне жатады. 
Біздің бұлай деуімізге сол уақыт ақындарының шығармаларындағы 
деректер куәлік береді. Мәселен, Біржанның Сараны іздеп баруы нені 
аңдатады? Сондай-ақ Біржанмен айтысқанда Сараның: 
«Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып, 
Жеңген жоқ Кеншімбайды о дағы аңдып. 
Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан? 
Жаманын көтереді арғын сән ғып» [27, 409 б.] – деген 
сөздерінен сол кездегі айтыс ақындарының есімі барша қазаққа мәлім – таныс 
болғандығын байқаймыз. Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысында да осы 
сипаттағы ақпарат сарынын аңғарамыз. Аталмыш айтыстағы Бақтыбайдың: 
«...Шортанбай, Шөже, Орынбай 
Қаз дауысты Қазыбек, 
Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай, 
Солармен кірген ажары, 
Екейден шыққан Сүйінбай, 
Қасқарау, Жайнақ, Сұрабай 
Кірген екен ажары» [37, 491 б.] – деген жыр жолдары, 
қазаққа аты мәшһүр ақындарды атап қана қоймайды, елдің – елдігі, халықтың 
қалаулысы батыр-билердің өзі маңайындағы өнер адамдарымен беделді
абыройлы екендігін меңзейді. Бұдан шығатын қорытынды, өз заманында айтыс 
ақындары, елдік, халықтық мүдделерді жырлай отырып, қоғамдық маңызды 
мәселелердің оң шешімін табуына ықпал еткен. Айтыста айтылған әр сын, ру – 
тайпа намысына мін болып тағылған. Сондықтан да айтыскер ақынның 
қарсылас ақын жағына айтқан уәжді сындарына, сөзге төрелік еткен би-шешен, 
хан-төрелер тоқтап отырған және одан қорытынды шығаруға тырысқан. Мұны 
ХІХ ғасырда өткен көптеген айтыстардан көруге болады.
ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі – суырыпсалып 
айтысумен қатар жазба айтыс өнерінің де жақсы дамығандығы. Бұл көрініс сол 
кездегі айтыс ақындарының көбі сауатты, көкірегі ояу, көзі ашық, зерделі 


50 
болғандығын танытса керек. Жазба айтыс екі ақынның немесе үш, одан да көп 
ақындар арасында туындап отырған.
Мәселен, «Кете Жүсіп, Жұбанияз, Құлназар» ақындардың арасында болған 
жазба айтыс, сол уақыттағы сөз қағысудың озық үлгілеріне жатады. Үш 
ақынның да айтар ой, қозғаған мәселесі бір-бірімен қабыса өріліп, тұтас бір 
мазмұндық сипатқа ие болған. Айтыстың бұл түрінде де адамгершілік, сезім, 
ұждан мәселелері сөз болып, ақындар өз көзқарас, пайымдарын кестелі жырмен 
өре білген. 
Кете Жүсіп, Тұрымбет жырау, Жиенбай жыраулардың жазба жырлары 
көркемдік тұрғыдан ғана емес, жырлап отырған мәселелері тұрғысынан да 
танымдық деңгейі жоғары туынды. 
«Айтыс» мұрасына шолу жасай отырып жазба айтыс Сыр өңірінің ақын-
шайырлары арасында қатты дамығандығы байқалады. «Алты ақынның өмір 
туралы айтысы», «Ырысты мен он алты ақынның айтыстары» да өз уақытының 
үні мен пайым-парасатынан мол хабар береді. 
Айтыс өнерінің ерекше бір қыры немесе теңдессіз шеберлігі ретінде 
ақындардың бір-бірімен жұмбақтасу арқылы сөз қағысуы дер едік. Өлең 
өрнегімен жұмбақ айту және оны қарсыласының көркем жырмен кестелеп 
шешуі, әрі сол жұмбақтың сұрақ, жауабы күнделікті тіршілікпен, сол уақыт 
тынысымен өзектес өрілуі – сөз жоқ, үлкен білімділікті, шеберлікті танытатын 
құбылыс. Мысалы, Байдырақ сері мен Саржан сұлу айтысында:
Саржан: «Халық сүйер бір нәрсені хақтан тілеп, 
Берсе егер бұл тілегін шат боп күлмек, 
Осындай тілек алып тұрса дағы, 
Келгенде жеркенеді жадап-жүдеп. 
Байдырақ: 
«...Жаңбыр ғой халық тілеген бұл тілегі, 
Жаңбырдың тіршілікке зор керегі. 
Құдайдан тілеп мұны алса дағы, 
Көп жауса мезі болып жек көреді» [38, 407 б.] 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, айтыстың рулық сипатта өрбуін немесе бай-
манапты мадақтауын ақындардың өресіздігі, пайдақұмар пенделігі ретінде 
жағымсыз түрде бағалауға болмайды. 
Өнердің кез келген түрі болсын, ол – жекелеген бай-манаптың немесе 
қолында билігі бар күштінікі емес. 
Өнер әлімсақтан халыққа қызмет етіп, оның қуанышы мен қайғысын, мұңы 
мен мұқтажын өтеп келе жатқан рухани құндылық. Көшпелі қазақ сахарасында 
өркен жайып, қалыптасқан айтыс өнері де әр кез туған халқымыздың кәдесіне 
жарап келді, алда да солай жалғасын таба бермек. 
Кез келген өнер түрінің ақпаратты-танымдылық сипаты болатыны белгілі. 
Әсіресе, біз сөз етіп отырған айтыс ақындарының мұрасы, ел өмірі мен халық 
тарихын таразылауда мол мағлұмат берері сөзсіз. ХІХ ғасыр қазақ халқы үшін 
саяси-әлеуметтік һәм тарихи тұрғыдан сындарлы заман болды. Ресейдің 
отарлау саясаты мен көршілес Қытай, Қоқан биліктерінің қысымы, қазақ 


51 
даласында бекініс-қамалдардың салынуы, елдің әлеуметтік-саяси болмысына 
үлкен әсерін тигізді. Қазақ жеріне жат елдерден қоныс аударушылардың 
көбеюі, қазба байлыққа қызығушы шетел кәсіпкерлерінің келе бастауы, Ресей 
мен Қытайдың саяси-экономикалық, сауда-саттық келісім шарттары 
ұлтымыздың далалық өркениетіне кері әсерін тигізе бастады. Хандық биліктің 
жойылып облыс, губерниялық әкімшіліктердің орнығуы халықтың рухани 
болмысына, дәстүр-салтына, шаруашылығы мен тұрмысына елеулі өзгерістер 
енгізді. 1836-1838 жылдардағы ішкі Бөкей ордасындағы, 1837-1847 
жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің 
басталуына тарихтың осындай қысталаң сәттері себепші болған еді. Ғасырлар 
бойы сайын сахарада далалық өркениеттің дегдар қасиетімен тәрбиеленіп өскен 
халыққа ХІХ ғасырдағы осындай қиыншылықтар оңай соққан жоқ.
Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар халықтың көзқарас 
санасына да әсер етпей қоймады. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-
тіршілігі, қам-қарекеті, әлеуметтік ахуалы қандай деңгейде, қандай жағдайда 
болғандығын, әрине, сол заманның тарихи шежіресінен, шығармашылық 
мұрасынан іздеуіміз заңдылық. Айтыс жырларынан тарихтың сол бір 
кезеңдерін документальды түрде көріп, тани алмасақ та, жалпы болмыс 
сипатын, ұлттың әлеуметтік жағдайын бағамдау барысында мол мағлұматтар 
аламыз.
Айтыс жырларында кездесетін сауда-саттыққа, өнеркәсіп орындарына 
байланысты айтылған ойлар сол уақыттағы қазақ қоғамының әлеуметтік-
экономикалық өзгерістерінен хабар берсе, жекелеген саяси оқиғалар көрінісі 
елдің тарихи ахуалының қандай болғандығын танытады. Ел ішіндегі 
адамдардың мінез-құлық, іс-әрекеттері арқылы сол уақыттағы қазақ қоғамының 
кескін-келбеті, тіршілік болмысы суреттеледі. Жекелеген сөздік атаулар 
арқылы көптеген мағлұмат, ақпарат көздерін аршып алуға болатындығын 
бүгінде лингвист-тарихшыларымыз дәлелдеп отыр. ХІХ ғасырдағы айтыс 
жырларында кездесетін шаруашылық, сауда, өнеркәсіп салаларына байланысты 
айтылған ойлар қазақ халқының саяси-экономикалық болмысын танытса, 
мәдениет, ағарту ісі, әдебиет, өнер жайындағы мағлұматтар елдің рухани 
деңгейінің кескін-келбетін сипаттайды.
Осы келтірілген қоғамдық салалардың қайсысы болмасын айтыс 
жырларында сөздік тұлға, сөйлем, нақыл, өсиет немесе тұтас логикалық жүйе 
түрінде көрініс тауып отырды.
Бұл туралы аталмыш тарауда жан-жақты айтылып, нақты мысалдар 
келтірілді. Қандай шығармашылық иесі болмасын, ол ең алдымен – өз 
дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол қалдырған шығарма арқауы да сол замана 
шындығы болып табылады. Халқының мәдени, рухани, әлеуметтік-тұрмыстық, 
саяси-экономикалық өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, 
суреттейді. Ешқандай шығармашылық иесі болашаққа арнап немесе келер 
күннің еншісіне лайықтап рухани дүние қалдырған емес. Айтыс ақындарының 
да шығармашылығы өз дәуірінің шындығын шынайы жеткізе білуімен құнды. 
Айтыс жырларында кездесетін ой-толғам, пікірлер уақыттың рухани жемісі. 
Оның деректілігі мен ақпараттық құндылығын сөз ете отырып, тағылымдық-


52 
тәрбиелік мәніне де назар аудару қажет. Рухани мұраның құндылығы да 
осындай қырлармен өлшенсе керек.
Айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін айқындайтын ерекшеліктің бірі ой 
қақтығысы, пікір қайшылығы екені рас. Хан-сұлтанды, бай-манапты мадақтау 
немесе сынау, ел ішіндегі келеңсіздіктерді көрсету, ақындардың бір-бірін 
мінеуі, ру-тайпа, өскен жерін аспандата жырлап, қарсылас ақынның шыққан 
жеріне, тегіне тіл тигізу сияқты сипаттар айтыс жырлары мағынасына 
сыйымды, табиғатына тән ұғымдар. Бұған «ескіліктің сарқыншағы», 
«білімсіздік», «рушылдық», «өресіздік» деп баға берудің еш қажеті жоқ. Егер 
айтыс жырлары осы келтірілген тақырыптардан ада болса, онда оның 
әлеуметтік, қоғамдық маңызы да ашылмас еді. Айтыс жырларының өміршеңдігі 
де оның шындығымен, өзектілігімен өлшенері анық. ХІХ ғасырдағы айтыс 
жырлары өзінің осындай күрделі психологиялық, өзекті өткір мәселелерді 
көтеруімен ерекшеленеді. Қоғамның көлеңкелі, күнгей тұстары, адамдардың 
жақсысы мен жаманы сияқты әлеуметтік теңсіздік адамзат тарихының барлық 
кезеңіне тән құбылыс. Ал, кейінгі ұрпақ тарих талқысынан өткен сол дерек-
ақпарат көздерінен тек шындықты іздейді. Бұл тұрғыдан келгенде ХІХ 
ғасырдағы айтыс жырлары өз миссиясын толық атқарып тұр деуге болады. 
Айтыста сөз болған әрбір мәселе, әрбір жағдаят сол уақыттың бедерін 
көрсетеді. Мұның өзі айтыс өнерінің ұлт тарихындағы қажеттілігін 
айқындаумен қатар, халықпен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан рухани 
құндылық екендігін танытады.
ХІХ ғасырдағы айтыс жырларын объективті түрде бағалайтын болсақ, 
аталмыш өнер түрі сол уақыттың бүкіл болмыс бітімін, тарихи шежіресін 
жасады. 
Осы ғасыр еншісіндегі айтыс бізге ана тіліміздің асылы мен жақұтын, яғни 
сөз жауһарларын мұра етті. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-жоралғыларының 
ең озақ түрлері де айтыс жырларында көрініс берді. Халықтың саяси-әлеуметтік 
жағдайлары да ХІХ ғасыр айтыскерлерінің мұрасында жан-жақты жырланды. 
Көшпелі елдің тұрмысы, шаруашылығы, экономикалық ахуалы да айтыс 
жырларында барынша баяндалды. Ар-ождан, иман, дін, діл мәселелері де 
тағылымдық-тәрбиелік тұрғыдан тереңнен қаузалып қарастырылды.
Айтыста келтірілген жекелеген рулық-тайпалық сипаттар тұтастай қазақ 
халқының ұлттық тарихи болмысын жасап шығарды.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет