Байланысты: Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018
ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫБОЙЫНША ЗАТТЫҚ, ЖАЗБА, АУЫЗША ЖӘНЕ БАСҚА ДЕРЕК КӨЗДЕРІ §1 Археологиялық дереккөздер және олардың өлкетану жұмыстарына пайдаланылуы §1.1 Археология және оның әдістері Археология – адамзаттың тарихи өткенін заттай ескерткіштер негізінде
зерттейтін ғылым. «Археология» (өткен туралы ғылым) терминін алғаш рет
ежелгі грек философы Платон (б.з.д. 427-347 ж.ж.) қолданған болатын
(«архайос» – ежелгі, «логос» – ғылым, сөз). XVIII ғасырда бұл термин ежелгі
өнердің тарихы дегенді білдірген, қазір де кейбір елдерде археология «ежелгі
әлем өнері» дегенді білдіреді.
Алғашқы археологиялық қазба жұмыстары және оларды ұғынуға талпыну
ежелгі дәуірде әрекет етілді. Ежелгі рим ақыны мен ойшылы Лукреций (б.з.б. І
ғ.) тарихтың жазу шыққанға дейінгі орасан үлкен кезеңін тас, мыс, қола және
темір дәуірлеріне бөлді. Лукреций үлгісін әлі күнге дейін археологтар
қолданады.
Қайта өрлеу дәуірінде археология қайта жанданды. Сол кездері ежелгі грек
және ежелгі рим мүсіндерін, аспаптарын, әшекейлерін табу мақсатында
археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүрді. Археологиялық қызметтің
айқын дамуы XVIII ғасырдың 40-жылдары жүрді (Помпеидегі қазбалар), алайда
бұл қазбалар ғылыми сипатқа тек ұлы француз төңкерісінен кейін ғана ие
болды. Археология ғылым ретінде түпкілікті ХІХ ғасырда қалыптасты. Бұл
кезеңде Қосөзен мен Египеттің ежелгі өркениеттері ашылды. 1836 жылы дат
археологы Х.Томсен адамзат тарихының бастамасының үш кезеңі туралы
болжамды археологиялық жадығаттармен негіздесе, оны дәлелдеген және
жетілдірген Е.Ворсо болды. 1837 жылы француз археологы Э. Лартэ ежелгі тас
құралдарын жасаған адам мамонттың және басқа да қазып алынған
жануарлардың замандасы болғанын анықтады.
1869-1893 жылдары Г.Мортилье тас құралдарын хронологиялау үлгісін
жасап шықты. Ол енгізген терминдер (ашель, мустье және басқалары) әлі күнге
дейін қолданылады. 1865 жылы археолог және этнограф Д.Леббок тас ғасырын
екі дәуірге: палеолит және неолитке бөлуді ұсынды. ХІХ ғасырдың соңында
француз археологы Э.Пьет олар арасындағы өтпелі дәуір – мезолитті ашты.
Қола және темір ғасырлары да екі кезеңге – ерте және кейінгі деп бөлінді.
ХІХ ғасырдың соңында археологияға «энеолит» деген термин енді, яғни мысты
тас ғасыры, тас ғасырынан қола дәуіріне өту кезеңі.