Еліктің Айтолдыға сауалы
Елік айтты: — Ұқтым, түгел түсіндім,
«Тілсіз — өлік» дегенді еске түсіргін!
Тілсіз кісі екі-ақ түрлі, білерсіз —
Бірі — сақау, бірі — надан, жігерсіз.
970 Сақау тілі — сөзге кенде, анық тас,
Біліксіздің сөзі сөз боп жарытпас.
Біліксіздің тілін тыйған жөн болар,
Білімдінің сөзін жиған жөн болар.
Білімдінің сөзі жерге сумен тең,
Су келген жер гүл көмкерген ну көркем.
Білімдінің нұрлы сөзі сарқылмас,
Тұнып аққан бұлақ көзі тартылмас.
Білімділік — шым бүркеген бір ұйық,
Бұрқырар су, аяқ бассаң, құйылып...
975 Білімсіздің көңілі — құм, құнсыз шөл,
Шөп те шықпас, тойып бермес құйсын көл!..
Айтолдының Елікке жауабы
Айтолды айтты: — Елбасы ұққан жайы бар,
Тіл — дұшпаның, тірлігіңнен айырар.
Тірі кісі сөзін неге айтпайды,
Айтар сөзді айтады ашық, қайтпайды.
Сауал берсе — шеш тіліңді, жасырма!
Сұрамаса — ділмарсыма, тасынба!
Бақсаң, бейне еркек, Елік, сауалың,
Зайыбындай, білсең, берер жауабың.
980 Бір əйелге — бір еркектен, тегі, біл,
Туса туар екеу ара егіз ұл!
(Екеуінен туар бала не түрлі,
Бір сауалдан туған жауап секілді!)
Еліктің Айтолдыға сауалы
Ұқтым түгел, — деді Елік, — бəрі шын, —
Ұғындыршы мына сауал мəнісін:
Сен көп айттың тілдің кесір, зиянын,
Пайда бар ма? Айтшы соның сияғын?
Тілді тістеп, жүрсең қорқып, күрсініп,
Есіл сөзің кетпей ме өліп, тұншығып!?
Айтолдының Елікке жауабы
Айтты Айтолды: — Білер олжа, киесін,
Толғаған жан тауып тілдің жүйесін.
985 Сөздерінің бірі — қоқыс, бірі — қақ,
Наданды жұрт теңер малға тілі жоқ!
(Бос сөз шығар білімсіздің тілінен,
Мал дер оны білімділер түңілген.)
Желбуаз сөз — қара құлық айғағы,
Ойсыз басқа түсер қаңғып қайдағы.
(Қара құлқы — текке лағып сөйлеген,
Қара басты сондай лақпа сөз жеген...)
Көпірме сөз — басқа пəле төндірер,
Есті сөзден, құрығанда, ел жөн білер.
Надан тойса — сөзге өгіздей жайылар,
Семіріп құр сөзден — күйіс қайырар.
136
137
Сəл тойынса, тіл қайырар жата қап,
Сол қылқы үшін малды мал деп атаған.
990 Ақылды адам тəнді арытып, ой бағар,
Жан семіртер, ой семіртер, ойланар...
Тəн семіртер — нəр ауыздан сіңеді,
Жан семіртер — сөз құлақтан кіреді.
Білімдінің бар екі ерек белгісі —
Жүзі жарқын оны білсе ер кісі.
(Бірі — тіл де, екіншісі — ауызы,
Тұтса екеуін, көл-дария табысы.)
Тіл мен нəпсі, тия алған бұл екеуін,
Қолына алар қазынаның жетеуін.
Ерік керек тіл, құлқынды тежейтін,
Білік керек тіл, құлқынды теңейтін.
Достарыңызбен бөлісу: |