«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


 КҮНТУДЫ ЕЛІКТІҢ ӨГДҮЛМІШТІ ШАҚЫРҒАНЫ



Pdf көрінісі
бет53/161
Дата19.05.2023
өлшемі1,69 Mb.
#95066
түріБағдарламасы
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   161
Байланысты:
5 том Құтадғу білік толық түсіндірме

24. КҮНТУДЫ ЕЛІКТІҢ ӨГДҮЛМІШТІ ШАҚЫРҒАНЫ
ТУРАЛЫ АЙТЫЛАДЫ
Күтті Елбасы ауыр қаза ақырын,
Айтолдының ұлына айтты ақылын.
«Елжіреме, — деді Елбасы, — түңілме,
Қайғы өтеді, шаттық келер түбінде.
1550 Саған ғана тиісті емес бұл қаза,
Күйінемін, маған тиген бұл жаза,
Күңіренбе, ерік берме зарыңа,
Қызмет ет, жақын жүріп жаныма,
Атаң өлді, мені атам деп санағын,
Маған ұл бол, мені əкеңе балағын!»
Өгдүлміштің Елікке жауабы
Жерді сүйіп, бұл Өгдүлміш деді еріп:
«Елге еге боп, ұзақ ғұмыр сүр, Елік!
Қызметшіңмін, құлыңмын мен қолыңда,
Қыршын жаным пида сенің жолыңда.
1555 Бар өмірін атам саған арнады,
Мен де солай өтсем, болмас арманым!»
* * * 
Бала Еліктің ақ ниетін көрді анық,
Атасының өсиетін берді алып.
Елік хатты оқып, тағы кейіді:
«Амалым не! Теңіз еді зейіні!
Енді, қайдам, сендей адам туарын,
Төрім жүдеп, қақпам қалды қуарып.
Тірлігіңде қызметіңді сіңірдің,
Өлеріңде қимай мені жүгіндің!
1560 Оны өтемей жаным қалай жай табар,
Хақыңды енді тəңір өзі қайтарар!
Жан разы, қайырылсам да қанаттан,
Мың есе артық қайтарады жаратқан!»


 176
177
* * *
Сөзін үзіп, Елік жасы сорғалап,
Сүйретіліп кетті өксіп, жорғалап.
Кірді үйіне күңіреніп, қамығып,
Аза тұтты көп күн қара жамылып.
* * *
Аза тұтты баласы да қайғырып,
Үлестірді кем-кетікке байлығын.
1565 Əке орнын күтіп ұлы табына,
Жақсыларды жақындатты жанына.
Өмір сүрді ата сөзін ұстанып,
Бағы жанды, маңдайына құт дарып.
Енді тыңда ақылды жан не деді,
Елдің ісін бастан кешкен біледі:
«Ата сөзін қасиетте, құрметте —
Аталы сөз шығарады нұр-көкке!
Ата-анаңның қуанышын еселе,
Құт, құрметке бөленеді пешенең!..»
1570 Елік те енді қуат тасып, өрледі,
Əділ заңды күн-түн демей жөндеді.
Байыды жұрт, кенелді елі тегінде,
Дұға қылып, мадақтады ел бегін де!
* * *
Елік бір күн жалғыз өзі қалғанда,
Кітап оқып, қара көзі талғанда.
Іші толып, көңілді мұң қаптады,
Сырласатын тірі пенде таппады.
Айтолдыны еске ап, өзін демеді:
«Ай, дариға, асқан ерен ер еді!
1575 Ізгі досым, сарайымның көркі еді,
Елге адал қызмет етті тер төгіп.
Қурады орны, қалды иесіз ісі де,
Қайдан табам, сенем қандай кісіге!»
Өгдүлмішті алды есіне, ойлады:
«Ұят бопты-ау, оны ұмыта қойғаны...
Өлерінде Айтолды айтқан аманат,
Ұлы еді ғой. Оны ұмыту жаман-ақ.
Атасы өлсе — ұлы тірі, табайын,
Бірі кетсе, бірін қолға алайын!»
* * *
1580 Тез арада Өгдүлмішті алдырды,
Жабылды есік. Тек екеуін қалдырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   161




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет