19
білімінің саласы, тіл біліміндегі бағыт деп түрліше
атағандарын да көруге
болады. Ғалымдар арасында талас тудырып келген бұл мәселелер 2017
жылдардан бергі зерттеулерде шешімін тауып келеді.
Бұл мәселеге қатысты Э. Хауген ғылыми білім саласының қалай
аталатыны айтарлықтай маңызды емес деген ой айтады. Дегенмен зерттеуші
басқаларына қарағанда мағынасы кең «тіл экологиясы» терминін қолдану
жөнінде ұсыныс айтады: «Экология тек сипаттаушы ғылымның атауы ғана
емес, оның қолданылуы экологиялық сауықтыру қозғалысының байрағына
айналды деп болжам жасауға болады. Тілге қатысты бұл термин тілдердің
таралуы мен сақталуына мүдделі кәсіби емес мамандар арасында да
қызығушылық тудыруы мүмкін. Экология
статикалық ғылымды емес,
динамикалық ғылымды талап етеді» [3, р. 21]. Жаңа идеяны ұсынған Э. Хауген
үшін терминология мәселесі алғашында маңызды болмаса керек. Себебі ол
кезде бұл салада жұмыс істейтін ғалымдардың аз болуымен қатар,
концептуалдық аппараты да тиісті деңгейде қалыптасып үлгермеді. Оның
үстіне Э. Хауген «тіл экологиясы» терминін енгізген кезде қазіргі
эколингвистерді алаңдатып отырған эколингвистиканың түрлі бағыттарын бір
терминге біріктіру мәселесі тумаған болатын.
Лингвоэкология мәселелеріне арналған талдамалы шолу еңбектерінде
аталған ұғымдарды дифференциациялауға жасалған талпыныстар да бар. Ондай
еңбектердің қатарына шетелдік ғалымдар А. Филл, Х. Пенц, А. Стибб,
П. Мюльхойзлердің, орыс тіл білімінің өкілдері А.А. Полухин, С.В. Ионова,
В.П. Коровушкин, Н.А. Курашкина, И.Н. Потеряхина, А.А. Громорушкина,
А.П. Сковородниковтің, т.б. зерттеулерін жатқызуға болады.
А. Стибб эколингвистиканың заманауи
өркениеттің дамуына кедергі
келтіретін экологиялық дискурсты зерттеумен айналысатынын айтады.
А. Стибб үшін эколингвистика – тіл білімінің саласы емес, пәнаралық білім
саласы. Атауындағы «эко» дискурстың экологиялық призма арқылы
қарастырылуымен байланысты, ал «лингвистика» лингвистикалық талдау
әдістерін қолданумен түсіндіріледі. Ғалымның пікірінше, эколингвистика –
түрлі білім саласының өкілдері, ғалымдары мен зерттеушілері
жұмыс істейтін
өте үлкен бағыт [27].
Х.Г. до Коутудың анықтауынша: «Эколингвистика – тілдік феномендерді
зерттейтін платформа». Ғалым экологиялық зерттеу амалын тілдегі
фонетикалық та, фонологиялық та талдауға қолдануға болатындықтан,
эколингвистиканың аумағы әлеуметтік лингвистика мен экокритикалық
дискурс-талдаудан да ауқымды деген ой айтады. Осылайша Х.Г. до Коуту
бойынша, эколингвистика – түрлі тілдік феномендерді зерттеуге арналған
платформа, біріктіруші бастау нүктесі. Ол тіл экологиясының орнына таңбалар
экологиясы ұғымын қолдануды ұсынған, яғни эколингвистиканы семиотикаға
жақындатқан ғалымдардың пікірін келтіре отырып,
экологияның концептілерін
пайдаланатын эколингвистиканың гуманитарлық ғылымға жатпайтынын
айтады [28].