Бірінші талап бойынша ашық текшелер балалардың бойы жететіндей, ешқандай құрал- саймансыз оңай алатындай болып орналасуға тиіс. Оларда ойыншықтарға тұрақты орын бөлінеді. Ірі құрылысматериалдары үшін төменгі, мазмұнды- образды ойыншықтар үшін- одан жоғарылау, үстел үсті ойындары үшін ең жоғары текшелерді пайдаланға дұрыс. Ойыншықтар бірінің тасасына бірі қалып қоймайтындай орналастырылуы тиіс.
Ойнау үшін және ойнап болғаннан кейін жинап қоюға жұмсалатын уақытта үнемдеу үшін ірі құрылыс материалы әдетте құрылыс ойындары өткізілетін жерге жақынырақ жиналғаны дұрыс. Дидактикалық және мазмұнды- образды ойындар үшін ойыншықтар салатын кішкентай сөмкелердің болғаны жақсы, олармен бұл ойыншықтарды үстелге немесе ойын өтетін жерге апару, ойыннан соң жинау оңай болады. Бұл балаларды ойыншықтарға ұқыпты қарауға, ұйымшыл іс- әрекетке, тәртіптілік сезіміне тәрбиелейді.
Музыкалық дыбыс шығаратын ойыншықтарды үнінің жақсы сақталуы үшін әйнектелген шағын шкафтардың ішінде сақтаған жақсы. Ал дидактикалық ойыншықтар арнайы шкафтарда сақталады.
Түрі, көлемі, пішіні әдім, көз тартатын халықтық дидактикалық ойыншықтарды дұрыс орналастыру керек. Бірге орналастырылған мазмұнды- образды ойыншықтар- қуыршақтар, аңдар, үй жануарлары- өзіне шақырып, балаларды күтіп тұрған сияқты әсер етеді.
Ойыншықтарды сақтауда өзгерістер енгізіліп тұруы мүмкін. Қуыршықтарды оңай алып пайдалану үшін, олардың орналасуы,эстетикалық тұрғыда дұрыс болуы үшін қуыршақтарды қалай орналастыру керек екенін талқылауға балалар қатыстырылып тұрады.
Ойыннан соң ойыншықтар бұрышында толық тәрбие орнатылуға тиіс. Балаларды ойыншықтарды тәртіппен қалдыруға үйрету- оларды ерте жастан жинақылыққа, ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа, айналасындағылардың еңбегін құрметтеуге тәрбиелейді.