9 – дәріс. Сабақтың психологиялық талдауы педагогикалық талдауы педагогтың проективті рефлексивті іскерліктерінің бірлігі ретінде Сабақ – оқытудың сыныптық-сабақтық жүйесінде педагогикалық үрдістің аяқталған бөлігі. Н.М.Верзилиннің бейнелеп айтуы бойынша, «сабақ-ол күн, оның айналасында айналып жүрген планеталар –оқу сабақтарының барлық түрлері».
«Сабақ» түсінігінің екінші аспектісін, М.И.Махмудовтың тұжырымдамасына сай былай құруға болады: «Сабақ дегеніміз- оқыту үрдісіндегі білім беру, дамыту мен тәрбиелеудің міндеттерін шешу мақсатындағы оқытудың мазмұнын, формаларын, әдістерін және құралдарын мұғалім мен оқушылардың белгілі құрамының өзара мақсатты әрекеті үрдісін ұйымдастыруға бағытталған дамитын және жылжымалы формасы».
Сабақтың қызметі оқытуды ұйымдастырудың түрі ретінде аяқталған мақсаттық жетістіктерден тұрады. Мысалы, бір жағдайда ол кең көлемді мазмұны бола тұрып оның бір бөлігінің біртұтас мазмұнын толық меңгеруге бағытталады, ал келесі бір жағдайда қабылдау және есте сақтау деңгейіне қарай жүйе жартылай меңгеріледі. Бірінші жағдайда тұтас жүйе түріндегі сабақтың құрылымы тұтас үрдіс ретінде оқыту құрылымын қайталайды, екінші жағдайда –оқытудың тұтас үрдісін жартылай көрсетеді. Ол-дегеніміз оқытудың ұйымдастыру формасы ретіндегі сабақ ерекшелігі мақсатқа шартталады және толық оқу үрдісінде әр сабақтың жеке алғандағы орнына байланысты. Әрқашан сабақ сұрау қажет пе, үй тапсырмасын орындау міндетті ме, ұжымдық немесе топтық жұмысты қалай ұйымдастырған дұрыс, оқушылардың дара қабілеттерін қалай есепке алған дұрыс, ағымдағы сабақты өткен немесе келесі сабақпен қалай байланыстырған жөн? Бұл сұрақтар оқыту үрдісінің қарастыруы бойынша өте мәнді емес. Олар тек оқытуды оңтайлы ұйымдастыру немесе сабақ құрылымы мен түрлерін жоспарлау кезінде ғана мәнге ие болады. Осылайша, сабақ көп жақты және көп жоспарлы.
Оқу үрдісіндегі әртүрлі жеке уақытта алынған нақты міндеттерді шеше отырып, сабақ тақырыптың, оқу пәнінің бөлігі болады және оқу пәні жүйесінде, бағдарлама тақырыптарында,өзіне сай орынға ие болады, нақ осы уақыттағы дидактикалық мақсаттарды шешеді. Бірақ ол үшін сабақтың өзінің дидактикалық мақсаттарымен, құралдарымен, әдістерімен және оқыту тәсілдерімен анықталатын, бір ішкі логикасы болуы керек.
Сабақ – бұл педагогикалық шығарма, сондықтан да ол өзінің біртұтастылығымен, бөліктерінің ішкі өзара байланысымен, оқытушы мен оқушылардың бірыңғай әрекетін өрістету логикасымен ерекшеленеді. Бұл оқушылардың танымдық әрекетін басқаруды қамтамасыз етеді.Әрбір сабақтың басталуы- мұғалімнің сабақ нәтижесінде не алуды мақсат ететіндігін айқын анықтаудан, оны түсінуден басталады. Сосын мұғалімге мақсатына жетуге көмек беретін құралдардың, одан кейін әдісін анықтау, яғни мұғалім қалай істесе, оның мақсаты орындалатынын нақтылаудын басталады
Оқытудың негізгі түрі – сабақ. Өйткені, сабақ жастары қатарлас топтағы оқушыларға бірыңғай бағдарламамен тиянақты күнтізбе бойынша білім берудің негізі болып табылады. Сабақтың типі жөнінде ғылыми тәжірибелік зерттеулерде, жүйелеулерде жетерлік. Дидактиканың мақсаттағы әр түрлі ойларды сараптай келгенде оны мына тұрғыда топтастырған орынды:
Жаңа білімді меңгеру сабағы.
Іскерлік пен дағдыны қалыптастырып дамыту сабағы.
Алған білімді жүйеге келтіріп тұжырымдау сабағы.
Қайталау, пысықтау сабағы.
Тексеріп алған білім сапасын айқындау.
Аралас сабақ.
Жинақтап қорыту сабағы.
Сабақтың құрылымын, түрін жіктеп топтастыру шартты мәнде, өйткені бұлардың мазмұны мен әдісі бір-біріне ұқсастығымен қатар, іштей араласып бір арнада тоғысып жатады. Сол себепті бір типті сабақ болмайды. Сабақтың қойылған дидактикалық мүддеге жетуі оның құрылысына, оқылатын тақырыптың мақсатына, мазмұнына, оның әдіс-тәсіліне және оқушының дайындық деңгейіне байланысты.
Сабақ – педагогикалық үрдіс. Дидактикалық кезеңдердің өзара ішкі байланысы ғана емес, осы компонентттердің бірізділігі, яғни, оның өзіне тән ішкі байланысы мен құрылымы болатындығы. Сабаққа қойылатын талаптардың орындалуы үшін мұғалімнің теориялық білімі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жаңашылдығы негізгі роль атқарады. Ол шығармашылықты, шеберлікті талап етеді.
Сабаққа қойылатын жалпы талаптар: тәрбиелік, дидақтикалық, психологиялық. Бұлар өзара тығыз байланысты.
1.Тәрбиелік талаптар. Ұлттық ұстанымдарға, қазақстандық патриотизмге, жоғары азаматтық адамгершілік моральға, қоғам дамуының талабына және сол сабаққа берілетін материалдар мазмұнының тәрбие көзіне негізделеді.
2.Дидактикалық талаптар. Тақырыптық-күнтізбелік және күнделікті сабақ жоспарын дұрыс құру. Сабақтың мақсатын мен міндетін нақтылау. Сабақ кезеңдерінің, әртүрлі дидактикалық әдіс-тәсілдерінің бірізділігі, уақытты ұтымды пайдалану және мұғалімнің педагогикалық жетекшілігі.Жаңа ақпараттық-инновациялық технологияларды, электронды оқулықтарды, интерактивті тақтаны тиімді қолдану.
3.Психологиялық талап. Оқушының психологиялық ерекшелігін білуі, онымен санасуы. Ойлауы, есте сақтауы, еске түсіруі, жаттауы, игеруі, байқампаздығы, көңіл аударушылығы, шығармашылық елес-қиялы, еркі, эмоциясы. Мұғалімнің көңіл-күйі, жинақылығы, байқампаздығы, ашушаңдығы белгілі бір дәрежеде оқу еңбегінің қорытындысына әсер етеді. Мұғалім өзін-өзі ұстай алуы, өзін өзі басқара алуы, өзіне сенімсіздігі немесе артық сенімділігі сияқты психологиялық жағдаймен де ерекшеленеді. Сабақтың нәтижелілігіне салыстырмалы түрде оқушылардың білімге деген ынтасы, білімін кеңейтуге деген ықыласы да әсер етеді. Сонымен қатар мұғалім мен оқушының арасындағы сыйласымдылық, түсіністік, психологиялық ырғақ та өз нәтижесін береді.