1.Экономиканы мемлекеттік реттеу теориясының негіздері
Экономиканы мемлекеттік реттеу - мемлекет әлеуметтік-экономикалық жүйеге ықпал ету мақсатымен өзінің түрлі деңгейдегі институттары арқылы жүзеге асыратын заңнамалық, әкімшілік және экономикалық сипаттағы шаралар жүйесі. Ол ұлттық экономикадағы жағдайға және әлемдік шаруашылықтың даму үрдісіне талдау жасау жолымен әзірленетін белгілі бір мемлекеттік саясатқа негізделеді. Түпкі мақсаттар және оларға жету жолдары айқындалады. Бұл үшін жанама және аралық мақсаттар тұжырымдалады, сонан соң олардың баспалдақтары, мақсаттар "шежіресі" жасалады. Мемлекеттік саясаттың дәстүрлі мақсаттары: тұрақты экономикалық өрлеу, бағаның тұрақтылығы (инфляцияны бақылау), жұмыспен қамтылудың жоғары деңгейде болуы (жұмыссыздықтың төмендігі), сыртқы экономикалық тепе-теңцік (төлем теңгерімінің актив сальдосы, валюта бағамының тұрақтылығы). Мақсаттар тұжырымдалғаннан кейін экономиканы мемлекеттік реттеудің оларға қол жеткізуі үшін қажет тетіктер мен құралдар айқындалады. Экономиканы мемлекеттік реттеу экономикалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады, олар: ақша-несие саясаты, салық-бюджет тетіктері, экономиканың мемлекеттік секторын, мемлекеттік жоспарлау мен бағдарламалауды пайдалану. Экономиканы мемлекеттік реттеудің ажырағысыз бөлігі — әкімшілік құралдар (тыйым салу, рұқсат беру, мәжбүрлеу), сондай-ақ ерікті келісімдер (мысалы: үкімет, кәсіподақтар, кәсіпкерлер одақтары арасындағы келісімдер).
Мемлекеттік реттеу теориясының қалыптасуы
Мемлекеттік реттеу теориясы бірнеше кезеңдерде дамып, әртүрлі ғалымдардың көзқарастары арқылы қалыптасты. Экономикалық теорияның алғашқы кезеңдерінде классикалық экономистер, мысалы, Адам Смит пен Дэвид Рикардо, нарықтың өзін-өзі реттеу қабілетіне ерекше мән берді. Олар экономикалық субъектілердің жеке мүдделері мен еркін бәсекелестік негізінде нарықтың табиғи тепе-теңдікке келетінін айтты. Смиттің әйгілі «Көрінбейтін қол» концепциясы нарықтың мемлекеттік араласусыз өздігінен жұмыс істей алатынын көрсетеді. Оның пікірінше, әрбір жеке тұлға өз мүддесі үшін жұмыс істеп, нәтижесінде бүкіл қоғамға пайда әкеледі. Бұл көзқарас нарықтық экономикадағы мемлекеттің рөлін шектеуді қолдайды және минималды мемлекеттік араласуды насихаттайды.
Алайда уақыт өте келе бұл теорияның шектеулері анықталды. Нарықтағы дағдарыстар, жұмыссыздық және әлеуметтік теңсіздіктер сияқты мәселелер классикалық теорияның кейбір аспектілерінің қайта қаралуына себеп болды. Осыған байланысты жаңа теориялар пайда болды, оның ішінде Джон Мейнард Кейнстің кейнсиандық теориясы ерекше орын алады. Ол нарықтық механизмдер өздігінен барлық экономикалық мәселелерді шеше алмайтынын дәлелдеп, мемлекеттің экономикаға белсенді араласуы қажеттігін алға тартты
Достарыңызбен бөлісу: |