11-дәріс. Сөзжасамдық негізгі ұғымдар. Сөзжасамдық ұя – бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы. Сөзжасамдық тізбек – бір түбірден тараған, бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы. Сөзжасамдық жұп – «негіз сөз – негізді сөз» қатынасы. Сөзжасамдық тип – әр сөз табының туынды сөздерінің жасалу үлгісі. Сөзжасамдық типті белгілеуде негізгі үш белгісіне сүйенген жөн: 1) негіз сөздері бір сөз табынан болуы; 2) негіз сөздер мен туындылардың мағыналық қатысы ұқсас болуы; 3) сөзжасам тәсілінің бірлігі, синтетикалық тәсілде бір аффикс арқылы жасалуы. Сөзжасамдық үлгі – туынды сөздердің нақтылы жасалу үлгісі, сөзжасамдық типтен гөрі тар ұғымда қолданылады. Сөзжасамдық тарам – бір түбірден сөзжасамдық бір сатыда жасалатын туынды түбірлердің тобы.Сөзжасамдық саты – бір түбірден тараған, құрамындағы жұрнақтардың жалғану ретіне қарай сатылай орналасқан туынды сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық саты жұрнақтардың жалғану ретіне қарай, өз ішінде тік қатардағы сатылар және көлденең қатардағы сатылар болып екіге бөлінеді. Сондай-ақ, бір сөзжасамдық ұяда бір негізгі түбір және одан тараған туынды түбірлер болатындығы және олардың қатаң тәртіппен орналасатындығы туралы, негіз сөз бен туынды түбір сөздің жиынтығының сөзжасамдық жұп құрайтындығы туралы, сөзжасамдық тізбектің түп негіз сөз бен негізді сөздерден тұратындығы, бір сөзжасамдық тарамда бір жұрнақтың қайталанбайтындығы жайында, сөзжасамдық саты – сөзжасамдық ұядағы туынды сөздің нақты жасалатын орны екендігі, ғылымда сөзжасамдық сатының екі қатарда, яғни көлденең қатардағы және тік қатардағы сатылар деп қарастырылатындығы турасында баяндалады. Сөзжасам тәсілдері арқылы өмірге келген аталымдардың жаңа мағынаға ие болатындығы, негіз сөздің мағынасының жасалатын туынды сөздің лексикалық мағынасына өзек болатындығы, негіз сөз бен туынды сөз арасындағы қарым-қатынасты салыстырғанда, туынды сөздің лексикалық мағынасында негіз сөздің лексикалық мағынасы толық сақталып, оған тек үстеме мағына қосылып, түрленетіндігі, сондай-ақ туынды сөздің мағынасы негіз сөздің мағынасын басқа сөз табына көшіру арқылы жасалатындығы, сөзжасамның қысқарту арқылы жасалған түрінде туынды сөздің лексикалық мағынасы негіз сөздің не сөз тіркесінің мағынасымен тең түседі.