Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бір бөлігі
болып табылады, тоқсан барысында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіліп
отырады. Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім
мен білім алушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі.
Қалыптастырушы бағалау кезінде білім алушылардың қателесуіне, оны
түзетуіне құқығы бар. Бұл білім алушылардың мүмкіндігін анықтауға,
қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер
кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді.
Жиынтық бағалаумұғалімдерге, білім алушылар мен ата-
аналарға ұсыну үшін оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптар
бойынша балл, баға қою арқылы белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда өткізіледі. Бұл белгілі бір кезеңде оқу бағдарламасы мазмұнын меңгеру деңгейін анықтауға, тіркеуге жағдай жасайды. Тиімді қалыптастырушы және жиынтық бағалау білім алушы
жетістігінің қойылған оқу мақсаттарына қаншалықты сәйкестігін көруге
мүмкіндік береді.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау үдерісі білім
алушының белгілі бір бөлімді/ортақ тақырыпты аяқтауы бойынша
жинақтаған білімі мен дағды деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған бағалау түрінің мақсаты бөлім тақырыбы/ортақ тақырыптар
бойынша жіберілген кемшіліктердің дер кезінде алдын алу болып
табылады.
Тоқсандық жиынтық бағалау мен білім берудің белгілі бір
деңгейіндегі жиынтық бағалау оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін
анықтау үшін жүргізіледі. Мұндай жиынтық бағалаудың мазмұнына
оқудағы күтілетін нәтижелердің ішіндегі репрезентативті таңдау жатады.