3. Шығармашылықтың мұғалімдердің дамуына септігі тие ме? Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамытудағы әрекеттік ұстаным қағидасы туралы түсіндіріңіз.
Шығармашылық әрекетте мұғалімнің өз еңбегіне сыни тұрғыдан қайта қаруы, қанағат табуы, оны орындаудағы дербестігі, жағымды мотивацияның қалыптасуы т.б.орын алады. Сонымен қатар шығармашылықта мұғалімнің төмендегідей психологиялық сапалары дамиды: жалпы білімнің тереңдігі, сараланған арнайы білімдер, дамыған ақыл-ой қабілеттері мен икемділігі, өнертапқыштыққа және еңбектегі жаңалыққа қуана білу, мәселені терең түсіне білу және оны шешудің ең тиімді жолын таңдай алу, эмоциядағы қалыптылық, шыдамдылық, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алу, тәуекелге бел байлай білу, саналылық, белсенді өмірлік позиция. Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамыту теориясы үшін әдіснамалық қағидалардың негізгілерінің бірі әрекеттік ұстаным болып табылады. Әрекет теориясының психологиялық негізін жасаған ғалымдар Б.Г.Ананьев, А.И.Леонтьев, А.Р:Лурья, С.Л.Рубинштейн, Л.С.Выготский оны төмендегідей сипаттайды. Әрекет – іс-қимыл бірлігі, саналы түрдегі, мақсатқа жетуге бағытталған тікелей жасалатын, еркін ниеттілік, белсенділік. Әрекетте адам субъект ретінде танылып, оның жасампаздығы, іскерлігі, қайраткерлігі қалыптасады. Осы авторлар әрекеттің төмендегідей ішкі құрылымдардан тұратынын белгілейді: қажеттілік және мотив, мақсат, құрал, амал-тәсіл, нәтиже, рефлексия.
Шығармашылықты әрекет ретінде қарастыру адам дамуының мүмкіндігінің шексіздігін танытады. Білім алушының үздіксіз білім алу жолындағы белсенділігі туралы Ю.Н.Кулюткин, А.В.Даринский, т.б. атап өткен. Шығармашылық сөзсіз мұғалімнің өзінің даралығын, жасампаздығын қалыптастырады.
Педагогикалық шығармашылыққа байланысты зерттеулер аз емес, бірақ жаңа субъект-субъектілік парадигма жағдайында шығармашылық адамның өзін-өзі өзгерте алуы ретінде қарастырылады. Себебі - шығармашылық жағдайында жұмыс жасайтын мұғалімнің әрекеті ең алдымен өзіне бағытталады. Ол өзінің “кәсіби дамуының жақын аймағын” ұйымдастыру арқылы ең алдымен өзін дамытады, соның нәтижесінде педагогикалық еңбекті жаңа деңгейге көтереді.
Ғалымдар шығармашылықты әлемді жаңартудың формасы ретінде қарастырады (А.Бергсон, В.И.Вернадский, т.б.). Оны жасаушы адам өзіне табиғаттан берілген қабілеттері мен қажеттіліктеріне орай жасампаздықсыз өмір сүре алмайтындығына, ал кейбір адамдарда шығармашылыққа деген қажеттілік болмай жатса, ол оның деградацияға ұшырауы деп түсіндіреді. Ғылыми-теориялық еңбектерге талдау жасау: тек шығармашылықта, шығармашылық арқылы ғана адам өз табиғи қалпының шыңына шығады, шығармашылыққа қабілетті адам-қайталанбас, біртуар адам (В.А.Караковский), жеке тұлға деңгейіндегі шығармашылық “ішкі” өзін-өзі жсау және сыртқы қоршаған әлемді өзгерту жағдайындағы диалектикалық бірлікте жүреді деген қорытынды жасауға негіз болды.
Прогрессивті даму моделі шеңберінде мұғалімнің шығармашылық әлеуеті: бейімделу, өзін-өзі айқындау және өзін-өзі іске қосу кезеңдерінен тұрады. Бейімделу кезеңіне шығармашылықтың әлеуеттің құндылықтары туралы бастапқы білімдерді жинақтау жатады. Бұл кезеңде ойлау стилін және дүниетанымды қайта құру орын алады. Мұғалім әрекетінде болашақ шығармашылыққа негіз болатын репродуктивті элементтер молаяды.
Шығармашылыққа бейімделу кезеңі оған белсенді араласумен алмасады. Бұл кезеңде мұғалім өз тәжірибесіне жаңа талаптар мен өзінің ішкі қажеттіліктері тұрғысынан баға беріп, оның шеңберінен шығып, жаңа, нақты өмір сұраныстарына сәйкес қызмет етуге бет бұрады.
Өзін-өзі іске қосу кезеңінде мұғалім шығармашыл әрекеттің мәнін түсіну, сол жолда өзін сынап көру, өзінің ашылмаған мүмкіндіктерін, шығармашылық қабілеттерін іске қосады.
Мұғалімнің шығармашылық әлеуетінің дамуының нәтижесінде болатын өзгерістер терістеуді терістеу және сабақтастық қағидаларына сәйкес жүріп отырады. Жаңа құндылықтар жүйесі, ойлау тәсілдері, тұлғаның шығармашылық тәжірибесі бұрынғыны мүлдем жоққа шығармай, соның негізінде жаңалықты тудырады. Бұл – мұғалімнің өзінің педагогикалық әрекетіне өзіндік сыни баға беру, оның бағытын айқындау, қайта құруды нәтижелі ететін рефлексивтік қабілеттерін дамытудың ең тиімді жолы.
Шығармашылық әрекетті жүзеге асыратын субъект – тұлға. Қандай типтегі тұлға шығармашылықта мұратына жетеді десек, ойы ұшқыр, ақылы алғыр болуы керек екендігі ғылымда дәлелденген. Ең бастысы, шығармашыл тұлғада шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілік, тұрақты сұраныс болып, өз ісінен қанағат табу сезімі болуы қажет.
Осыған байланысты “адам идея, жаңалық аштым деп ойлайды, ал шын мәнінде олар адамды ашады” – деген К.Г:Юнгнің сөзін келтіре кеткіміз келеді.
Бұл шығармашылық – адамды дамытады, шебер етіп шыңға көтеретін факторлардың бірі екеніне – дәлел бола алады. Білімнің гуманистік пардигмасы тұрғысынан қарасақ, тұлғадағы шығармашылық басқа адамдарда жоқ немесе аз мөлшердегі жекеліктерді дамытады. Таза жаңалықта жаңа “адам” туады, оның келбеті кескінделеді.
Біліктілікті арттыру ісінің әлемдік тәжірибесі мазмұндық, процессуалдық, жеке адамның сұранысын қанағттандыруға бағытталған тәсілдеріне негізделген.
Достарыңызбен бөлісу: |