Көру диктанты. Ол диктант балаларды көрген сөздерін есте сақтап қалуға, қатесіз жазуға дағдыландырады. Мәтін тақтаға жазылады, орфографиялық ереже бойынша көңіл бөлінетін сөздердің асты сызылады. Ол сөздердің жазылу ережесі еске түсіріледі, орфографиялық талдау жүргізіледі. Осыдан кейін талданып болған сөйлемдерді тақтадан өшіріп тастау керек. Егер үлкен қағазға жазылып, тақтаға ілініп қойылса, оны басқа қағазбен жауып қою керек. Айналып тұратын тақта болса, оны екінші жағына айналдырып қойған жөн. Бұл диктантты кітап бойынша да, оқушылардың жаттап алған мәтіндері бойынша да жүргізуге болады. Бұл диктант әр түрлі жолмен өтіледі.
Мұғалім диктант мәтінін тақтаға жазады, оқушылар оны іштерінен оқиды, әр сөйлем жеке талданады. Оқушылар тақтадағы мәтінді көшірместен бұрын, ондағы жазылуы қиын сөздерге көңіл бөледі. Ол сөздердің жазылу ережелерін айтады. Осыдан кейін мұғалім сол сөздерді өшіріп тастап, тақтадағы мәтінді оқушыларға жаздырады.
Мәтінді жаздырып болған соң, мұғалім сол сөздерді қайтадан орын-орнына жазып қояды. Оқушылар сол қиын сөздерді қалай жазғандығын тексеріп, егер ол сөздерден қате жіберген болса, оларды түзетіп жазады. Ал мәтінді тақтаға жазбай-ақ, кітаптан оқып, талдау жасап, содан соң мұғалім оқып тұрып та жаздыруына болады. Мұнда мәтін әуелі түгел оқылады. Содан соң жеке сөйлемдер оқылып, әр сөйлемді оқушылар жазар алдында қайталап отырулары керек.
Көру диктанты мынадай да болуы мүмкін: мұғалім оқушыларға бірнеше сөздерді жаздыртады да, ол сөздерді топқа бөліп, әр тоқа ат қою тапсырылады. Сол тақырыпқа байланысты сөздер мәтін арасынан теріп жазылады. Егер тастап кеткен сөздері болса, оны өздері тауып, қателерін түзетеді.
Сөздік және терме диктанты. Түсіндірме диктанттың ерекшелігіне қарай талдайтын болсақ, сөздік және терме диктанты төмендегі түсіндіруден анықталады.
Түсіндірме диктантын сөздік диктантпен ұштасырып жүргізуге болады. Өтілген тақырыпқа сай жеке- жеке сөздерді хабарлап жазғызып, оның грамматикалық ережемен байланысты жерлері түсіндіріледі. Мысалы, жазылуы қиын сөздерді біріккен және қысқарған сөздердің жазылуы, жасалу жолдары, т.б. белгілеріне қарай түсіндіріп өтсе, екі диктант түрінің де біріктіріле жүргізілетіндігі байқалады. Мұндай жағдайдан ережені есте сақтауға, дұрыс, сауатты жазуға дағдыланады.
Сол сияқты терме диктанты да оқушыларды жұмылдырыла жүргізіледі. Бұл екінші жағынан сөздік диктантқа да жақындығы бар. Себебі, бірінде бірден жеке-жеке сөздерді түсіндіріп жазып әрі түсіндіріп өтсе, екінші жағдайда сөйлем ішінен немесе мәтін ішінен қажетті сөздерді теріп жаздырады. Мысалы, жаңа өтіліп отырған тақырып зат есімнің жалқы есімі мен жалпы есімі болса, оны теріп жазып, өзіндік белгілерін түсіндіруге болады. Теріп жазу терме диктант болады да, оның өзіндік белгілерін атап беру түсіндіру диктантына жатқызылады. Мысалы, көрсетілген тақырыптың өзіндік белгілерінің бірі – жалқы есімдер бас әріппен жазылады. Оларға кісі, жер-су атаулары жатады немесе зат есімнің жасалуы оның туынды зат есімдер деп аталуы, т.б. белгілері түсіндіріле беріледі. Мұндай жағдай тақырыптың көлемі мен мұғалімнің қойған мақсатына байланысты таңдалып алынады.
Сөздік және терме диктантты жүргізгенде ол бірден тексеріледі. Диктанттың әр сөзін әр балаға оқытады немесе бір оқушыға барлық сөзді оқытып, қалған балаларға қол көтертіп, мақұлдатып отырады. Қол көтермесе, басқаша жазылғаны болса, сол баланы тұрғызып, дұрыс-бұрысын талдатады немесе тақтаға, плакатқа берілген сөздердің дұрысын да жазып қойып, онымен де тексеруге болады. Диктанттың бұл түрлерін тексеруі бар, түсіндіріп жазуы бар – бәрін қосқанда өте жылдам орындалуы тиіс. Себебі, әрі қарай сабақ процесінің басқа да жұмыс түрлерінің орындалуы қажет. Диктанттың бұл түрінде мәтіндегі барлық сөздер мен сөйлемдер көшірілмейді. Тек өткен орфограммаға байланысты жеке сөздер, сөз тіркестері ғана теріліп алынып жазылады. Терме диктантының ұтымды жері – осы диктант арқылы оқушыларды бірнеше сөздің мазмұнын түсінуге үйретуінде. Терме диктантты, жаңа тақырып түсіндіріліп болған соң, сабақ аяғында жүргізген тиімді.