Веблен сияқты, Джозеф Шумпетер де әлеуметтанушы емес, экономист еді, алайда әлеуметтануда ол маңызды тұлғалар қатарында болды, әсіресе экономикалық әлеуметтану саласында маңызды тұлға болып саналды. Капитализм теориясын, яғни капиталистік жүйенің негізінде жатқан «шығармашылық бұзылу» процесін тұжырымдаған еңбегі оны ғылыми ортаға кеңінен танытты. Капитализм үшін жаңашылдық немесе инновация маңызды болды. Алайда оны капиталистік жүйеге кедергі келтіретін ескі және ескірген элементтер жойылмайынша жүзеге асыру мүмкін емес болды. Бұл – капитализмнің динамикалық теориясы және Шумпетердің жоғары динамикалық экономикалық теориясының бір бөлігі. Ол өз әдісін экономикалық салаларда басымдыққа ие және оның сынына көбірек ұшырайтын статикалық теорияларға қарсы қояды.
Чикаго мектебі
Чикаго университетінің әлеуметтану бөлімін 1892 жылы Альбион Смолл құрды. Ол осы елдегі көптеген жылдар бойы әлеуметтану пәнінің орталығына айналған Чикагодағы бөлімді құрды. 1894 жылы Смолл әлеуметтану бойынша алғашқы оқулық авторларының бірі болды.
1895 жылы ол қазіргі күнге дейін әлеуметтану саласындағы ең беделді басылымдардың бірі болып саналатын American Journal of Sociology журналының негізін қалады. 1905 жылы Смолл әлі күнге дейін маңызы зор америкалық әлеуметтанушылардың кәсіби қауымдастығы – Америкалық әлеуметтанушылар қоғамының негізін қалаушылардың бірі болды.
Чикагодағы жаңадан құрылған әлеуметтану бөлімі өзіне тән бірнеше сипатпен ерекшеленді.Бір жағынан, ол дінмен тікелей байланыста болды. Кей оқытушылардың өздері – шіркеу қызметкерлері, ал басқалары шіркеу қызметкерлерінің балалары болды.
Мысалы, Смолл «әлеуметтанудың басты мақсаты христиандық болуы тиіс деп санады. Осы пікір әлеуметтік реформаларда қызығушылық туғызу керек деген көзқарасты ұстанады және осы көзқарас әлеуметтану ғылыми болуы шарт деген сеніммен ұштасады. Ұлғайып келе жатқан және урбанизация мен индустрияланудың позитивті әрі негативті ықпалын бастан кешірген Чикаго қаласында ғалымдарға әлеуметтік амелиоризацияға арналған ғылыми әлеуметтанумен айналысуға тура келді.