Чикаго мектебі 1920 жылдары өркендеу шыңына жеткенімен, Парктың кетуі, Мидтің қайтыс болуына орай, 1930 жылдардың басына таман америкалық әлеуметтану ілімінің орталығы ретінде маңызын жоғалта бастады. Чикаго мектебінің құлдырауына бірнеше фактор себеп болған, оның ішінде екеуі аса маңызды.
Біріншіден, әлеуметтану басты назарды ғылыми-зерттеуге аударды, яғни күрделі әдістер мен статистикалық талдауды қолдану міндеті қойылды. Алайда Чикаго мектебі жеке субъектілердің көзқарасына негізделген сипаттамалық, этнографиялық зерттеулерге мән берді. Парк статистиканы ұнатпайтын, себебі ол субъективті, ерекшені және өзгешені талдауға жол бермейтіндей көрінетін. Сандық әдістермен байланысты маңызды жұмыстар Чикагода жүргізілгені жайлы факт оның сапалық әдістермен басым байланысы алдында елене бермейді.
Екіншіден, Чикагоға басқа жақтан келген адамдар тарапынан бұл мектептің Америкалық әлеуметтану қоғамына, American Journal of Sociology журналына жүргізген үстемдігіне деген наразылық күн санап күшейе түсті. 1935 жылы Чикаго мектебіне қарсылық өршіп бара жатқан соң, ассоциацияның жетекшісі болып чикаголық емес өкіл тағайындалды және жаңадан ресми American Sociological Review журналы ашылды. Уайлидің пікірінше, «Чикаго мектебі құлаған кәрі емен секілді». Бұл Гарвард пен Шырмауық лигасы сияқты қуатты орталықтардың пайда болуына әсер етті. Символикалық интеракционизм елеулі деңгейде анықталмаған, ауызша дәстүр болды және соңында құрылымдық функционализм сияқты анағұрлым анық және дәйектелген теориялық жүйелерге орын берді.
Чикаго мектебі ешқашан америкалық әлеуметтанудың орталығы бола алмайтынына қарамастан, 1950 жылдары қайтадан аяққа тұрды. Герберт Блумер 1952 жылы Берклиге кеткенінше Чикагодағы бөлімнің маңызды тұлғасы болды. Ол Мид, Кули, Зиммель, Парк, Томас және басқа да ғалымдар негізін қалаған, Чикаго мектебінде қалыптасқан теориялық көзқарастың насихатшысы еді. 1937 жылы символикалық интеракционизм фразасын ойлап тапқан Блумер болатын. Ол бұл дәстүрді дамытуда маңызды рөл атқарды, Чикагода оқытушылықпен айналысып жүргенде көптеген мақалалар жазып, 1950 жылдары символикалық интеракционизмнің сақталып қалуына үлкен ықпал жасады. Осылайша, Чикаго мектебінің мүшкіл халіне қарамастан, бұл дәстүр елдің әр тарабына, сондай-ақ бүкіл әлемге таралды.