Тоталитаризм (лат. totalіs – тұтастай, түгелдей) – деспотизмнің бір түрі. Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқықтары жойылады, оппозиция мен өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшыратылады. Тоталитаризмнің тарихи үлгілері КСРО-да Сталин, Қытайда Мао Цзэ-дун, Солтүстік Кореяда Ким Ир Сен режимі кезінде, фашистік Италия мен Германияда орнады. 1) қоғамның, жеке адамдардың өмірін деспоттық, авторитарлық — бюрократиялык мемлекеттің күшімен басқаратын қоғамдық-саяси құрылыс. Тоталитарлы саяси жүйе ең сорақы түрі — фашистік тәртіп; 2) саяси ой-жүйедегі тоталитарлық тәртіпті атқарушы бағыт.[1]
Тоталитарлы саясаттық жүйе - мемлекеттің қоғамға және жеке адамға толықтай, тұтас бақылау орнатуымен сипатталатын саяси жүйенің бір түрі. Оған тән ерекше белгілер: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының барынша бұзылуы; барлық деңгейдегі биліктің жоғарыдан тағайындалуы; билік бөлінісі принципінің жойылуы, яғни, биліктің барлық - атқарушы, заңшығарушы, сот тармақтарының тұтасып кетуі; басында көсемі бар бір ғана билеуші партияның болуы және оның мемлекетпен тұтасып кетуі; басқа партиялардың және ұйымдардың қызметінің ресми "қозғалыс" қызметімен алмастырылуы; қоғамның барлық мүшелеріне бір ресми идеологиялық доктринаның таңылуы; тек қана мемлекеттік нысандағы бұқаралық ақпарат құралдарының болуы, қандай да болмасын ақпараттың қатаң "сүзгіден" өткізілуі; үздіксіз әрі тұтастай зорлыққа негізделген мемлекеттік ұйымдасқан лаңкестік.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тəуелсіздік күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқақ білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Ғұмар Қарашев, Ғабдұлғазиз Мұсағалиев, тағы басқалар, бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Шын мəнінде олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен, əрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айырықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан- жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман болды.Бірақ жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орын толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап, дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға «байшыл», «кертартпа», «діншілдер» деп ойдан шығарылған, цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тəуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке «қажетсіз» санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.
Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл — бір адамның ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті Кеңес өкіметі кезінде сан қырлы құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін «демократтар» санаған Уақытша үкімет өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ ғұламасы Ә. Бөкейханов революция жасала сала «Жаңарған Ресейдің ерікті азаматтары — қазақтарға» деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттық мәдениетін XX ғасыр талаптарына сәйкес қайта құруда «Алаш» партиясының рөлі ерекше болды. Революцияның бастапқы кезіндегі маңызды мәселенің бірі ұлттық-мәдени автономияға қатысты еді. Ресей революциялық қозғалысының кадеттік, социалистік және коммунистік бағыттарының көсемдері бұл идеяға қарсы шықты. В.И. Ленин болсын, Ф. Керенский болсын территориялық федерацияны желеу етіп, бірорталыққа бағынған Ресейдің империялық мәнін сақтап қалуға тырысты. Большевиктер оған қоса өздерінің атышулы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұранын басшылыққа алып, ұлттық мүддені шетке шығарып тастады. 1917 жылғы маусым айындағы басылымында «Қазақ» газеті осы мәселені тікелей қойды. Автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның үш негізі бар екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет және ұлттық ерекшеліктер). 1917 жылдың 21—26 шілдесінде Орынбор қаласында Бірінші бүкіл-қазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша «Алаш» партиясының бағдарламасы жарияланды. Бағдарламаның кейбір бөліктерінен үзінді келтірейік:
1. Ресей демократиялық Федеративтік Республика болуы керек, оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз әрекет етеді.
2. Қазақтар тұратын аймақтардан құралған автономия Ресей Федеративтік Республикасының құрамды бөлігі болып табылады...
3. Ресей Республикасында тең праволылық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар еріктілігі болады.
4. Дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең праволы... қазақтардың өзіндік муфтийлігі болуы керек...
5. Билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажетті, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі міндетті...
6. Білім алу — барлығының ортақ игілігі. Бүкіл оқу орындарында білім алу — тегін. Қазақтардың өз тіліндегі орта және жоғары оқу орындары, университеттері де болуы керек.
Бұл бағдарлама 5—12 желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде құпталынып, осы құрылтайда ұйымдастырылған Алашорда үкіметінің негізгі заңына айналды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде «Алаш» қайраткерлері алдыңғы қатарда тұрды. Кейін тоталитарлық жүйе оларға әдейі «контрреволюцияшыл-ұлтшылдар» деп жала жапқан. Алайда большевиктер орнатқан тоталитарлық жүйе қазақ халқының (Ресейдің басқа халықтарының да) азаттық алу, мәдени өркендеу мүмкіндіктерін құлдыратып жіберді. XX ғасырдағы ең сұмдық қылмыстардың бірі Кеңес Одағында жасалды. Тоталитарлық жүйе өз халқына қырғын салып (геноцид), оның этномәдени тұтастануына орасан зиян келтірді. Адамзаттың бүкіл тарихында ешбір саяси өзгеріс нақ осындай сүргінге әкелген жоқ. XX ғасырдағы екі социалистік эксперимент (фашистік ұлттық-социализм және коммунизм) 100 миллионнан астам адамды қырды. Этнобірігу және мәдени эволюцияны бекерге шығаратын большевиктік идеология мен практика бұрынғы Ресей империясы топырағындағы халықтардың ғасырлар бойы жинақталған мәдени құндылықтарын талан-таражға салды.